/

Құқықтық сауат – заман талабы

1476 рет қаралды
2

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң – журналист құқығын қорғайтын бірден-бір құжат. Тілшілердің ақиқат іздеп жүгінетін төрешісі. Алайда, әр кедергі сайын бұл құжатқа  үңілу үлкен сүргін, қыруар шаруамен жүретін журналист қауымының әдетінде жоқ шаруа.

Ендеше, жиі-жиі биік мінбердегі шенеуніктердің назарына ілігіп, арагідік қырналып, күзелетін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды кей әріптестеріміздің жетік білмей жататынына да осындай себептер кедергі  екені анық. Бірақ, бүкіл бір қоғамды құқықтық сауаттылыққа баулу идеясы қолға алынып жатқан тұста, сол қоғамды ілгерілетуші журналистің өз құқығын бес саусағындай білуі міндетті іс. Демек, «Сорос-Қазақстан» қорының демеушілігімен журналистерді құқықтық сауаттылыққа бау­лу идеясын қолға алған «Мінбер» интернет порталындағы «Заңгер кеңесінің» де бұл мәселедегі көтерер жүгі осал емес. Бес бағыт бойынша сауалдар қабылдай бастаған заңгер Жанерке  Жанәбіловаға қазірдің өзінде келіп жатқан сауалдар аз емес. Еңбек келісімшарттары туралы, сот процестері мен  қылмыстық жауапкершілікке тартылу мәселелері бойынша жолданған әріптестердің сауалдарына заңгердің беретін жауаптары қысқа да нұсқа, нақты әрі пайдалы.

Мәселен, жоғары лауазымды шенеуніктерге хат жолдап, жауабын ала алмай жүрген Бек есімді азамат заңгерден өзіне жауап беруден бас тартқан азаматты әкім­ші­лік жауапкершілікке тартуға бола­тынын немесе болмайтынын сұ­райды. Ал, заңгер оған: «Әкімшілік қызметкерлерінің бұл әрекеттері «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының 18-бабына қайшы келеді. Мемлекеттік органдар БАҚ- қа белгіленген мерзімде сұраған ақ­па­раттарын беруге міндетті. Әкімшілік қызметкерлерінің мұндай әрекеттері журналистiң заңды кәсiптiк қызметiне кедергi жасау болып табылады (25-
баптың 3-тармағы). Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодекс мынадай жауапкершілікті көздейді:
«352-бап. Журналистiң заңды кәсi­би қызметiне кедергi жасау»
1. Журналистiң заңды кәсiби қызметiн орындауына кедергi келтi­ретiн не оны бұл мүмкiндiктен то­лық айыратын жағдайлар туғызу –
ай­лық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салу­ға әкеп соғады. 2. Журналист сұ­ратқан ақпаратты беруден негiзсiз бас тарту не заңдарда белгiленген мерзiмде табыс етпеу – лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады», – деп жауап бе­реді. Сондай-ақ, заңгер «Журналист сот процесінен тыс уақытта сот мекемесінде аудиожазба, фото-бейне түсірімдер жасай ала ма?» деген сауалға: «ҚР «БАҚ туралы» заңы журналиске жазба жүргізуге, соның ішінде аудио-визуалдық техниканың көмегімен фото-бейне түсірімдер жасауына рұқсат береді, тек КР заңдары тыйым салғанда ғана оны істеуге болмайды. Олай болса, сот мекемесін іштен де, сырттан да және сот процесінен тыс уақытта да түсіре беруге болады. Егер сот приставы немесе басқа бір шенеунік сізге сот кеңсесін түсіртпей жатса, онда одан сол заңды, оның тыйым
салатын нақты бабын көрсетуді сұ­раңыз. Егер сізге қарсы сұрақ қо­йылса, онда ҚР «БАҚ туралы» заңы­ның «ҚР заң актілерінде тыйым са­лынған жағдайларды қоспағанда, жаз­балар, соның ішінде оларды дыбыс-бейне техникасын, кино-фото түсіру құралдарын пайдалана отырып жасауға» рұқсат беретін 20-бабының 3-тармағын көрсетіңіз. Мысалы, ҚР Қылмыстық атқару кодексінде тү­зету мекемелері мен тергеу изоляторларын тек әкімшілік рұқсатымен түсіру болатыны көрсетілген», – деп жауап қайырады. Жанерке Жанә­білова бұған дейін де қазақтілді жур­на­листерді сауаттандыруға, олар­дың білім-білігін жетілдіруге ар­нал­ған арнайы тренингтер мен семинар­ларда белсене араласып, біздің қызметіміздің құқықтық қырларын түсіндіруге атсалысатын. Ендеше, оған сауал жолдаушылардың сұраған мәселелерінің таңсық емес екені белгілі.
«Интернет журналистикадағы авторлық құқықтың сақталмауы қазір белең алып отырған ең ауқымды проблемалардың бірі. Бұл жайында біздің авторлық құқық туралы заңдарда арнайы баптар қарастырылған ба? Егер қарастырылмаса, авторлық құ­қықбұзушылықтарды қалай шешуге болады?» немесе «Журналистің сот процесіне қатысуы қалай жүзеге асады?» деген сауалдар да бүгінгі таңда аса өзекті екені кез келген журналис­ке белгілі. Сонымен, «сот процесіне қа­тысу қалай жүзеге асады?». Бұл жер­де сауал қаншалықты өзекті болса, оған берілетін жауаптың да көтерер жүгі ауыр. «Сот мәжілістері ашық және жабық болып екіге бөлінеді. Егер ол ашық өтсе, оған қатысам деушілердің бәрі қатыса алады. Ол үшін кәмелеттік жасқа толған кез келген азамат жеке куәлігін көрсетіп, рұқсат қағазын (пропуск) жаздырып алса болды. Ал, журналиске қызмет куәлігін көрсетсе де жеткілікті. Алайда, заңдарда судьядан рұқсат сұрау, баспасөз қызметімен келісу дегендер көрсетілмеген. Егер сот приставы ішке кіргізбей жатса, онда:
– сот приставының іс-әрекетін аудио немесе бейнетаспаға жазып алыңыз;
– сот приставының куәлігін сұрап, оның аты-жөнін жазып алыңыз;
– сот приставы мұндай шешімді өзі шығарды ма, әлде жоғарыдан сондай бұйрық болды ма, соны біліңіз;
– приставтың заңсыз әрекетіне арыздану үшін одан сот төрағасымен байланыстыруды сұраңыз;
– егер сот кеңсесінде прокурор болса, ауызша шағымыңызды соған айтыңыз».
«БАҚ туралы» заңда журналис­терге берілетін мұндай құқықтарды көптеген әріптестеріміздің өз есебіне пайдаланбай жататыны да күн са­йынғы тәжірибеде кездеседі. Қазақ журналистикасындағы ортақ проблема да өз қызметімізге қатысты заңдағы осындай негізгі баптарды білмеуімізден немесе білсек те, мәселені жылы жауып қоюға тырыса беретін немқұрайлығымыздан туындап жатады. Жанерке Жанәбілова да бізбен әңгімесінде мұндай келең­сіздіктерге қынжылатынын айтады. Заңгердің айтуынша, әрбір журналист өз құқығын жетік біліп тұрса, көздеген көптеген мақсаттарына қол жеткізеді. Қалай десек те, бұл тәжірибе заңгер кеңесіне мұқтаж жандардың көп екенін көрсетіп отыр.
Қазіргі қазақ журналистикасында қаламақы проблемасы да аса өзекті, журналист үшін маңызы зор мәселе екені ешкімге жасырын емес. Тиісті қаламақысын ала алмай жүрген әріптестеріміздің бірі заңгерге мынадай сауал жолдапты: «Саламатсыз ба, біздің басылым жаңадан ашылған еді. Басында жұмысқа қабылдаған кезде айлықпен бірге қаламақы төлеуге уәде берген. Қазір басшылық сол уәдесін орындауға құлықсыз, айлықтың өзі кешіктіріліп беріледі. Біз қаламақымызды өндіріп ала аламыз ба?». Заңға сүйенген заңгер жауабы да төмендегідей: «Жұмысқа алған кезде жұмыс берушінің ай са­йын қаламақы төлеймін деген уәдесі еңбек шартында көрсетілген болса, сіз оны өндіріп алу үшін сот органдарына шағымдана аласыз. Ал, егер шартта көзделмеген жағдайда және куәгерлер болмаған жағдайда оны дәлелдеу қиынға соғатыны бәрімізге мәлім. Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері ҚР Еңбек кодексінің 134-бабымен реттеледі. Жалақы Қа­зақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшалай нысанда айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделеді. Жалақы төлеу күні демалыс немесе мереке күндеріне тура келген кезде төлем олардың қар­саңында жүргізіледі. Жалақыны және қызметкермен еңбек шартын бұзуға байланысты өзге де төлемдерді тө­леу жұмыс берушінің кінәсінен кешіктірілген кезде, жұмыс беруші қызметкерге берешек пен өсімақыны төлейді. Өсімақы мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық Банкінің қайта қар­жыландыру ставкасын негізге ала отырып есептеледі және төлем жүр­гізілуге тиісті күннен кейінгі күннен бастап әрбір кешіктірілген күнтізбелік күн үшін есептеледі және төлем жасалған күнмен аяқ­талады». Зер сала кетсеңіз, мұндай қордаланған проблемалар айналамызда толып жатыр. «Қоғам қатты сауаттанып, алдыңғы қатарлы зайырлы мемлекеттердің қатарындамыз» десек те, құқығы бұзылған қорғансызға көп кезігесіз. Сондайда, осындай заңгер кеңестерінің көбейіп келе жатқанына қуанасыз. Бәлкім, бұл да қоғамның сауаттануға ұмтылуының бір көрінісі шығар.

Шолпан Қараева

«Заң» газеті.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Осыны, шеңгелді басып сауатты журналист болам деп талпынған ең алдымен өзін және қоғамын құрметтейтін азамат болам деген әр пенде жанына қазық қылып қағып алса деймін, білгеніміз бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз екені тағы рас…

  2. Журналист боламын деген адам әу бастан білуі шарт. Дегенмен, толық қанды біліп, түсініп жатқандар аз. Біздің әлі біліп, үйренеріміз көп.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі