//

Таңғажайып құрақ құрау әлемі

67769 рет қаралды
4

Таңғажайып талантымен талайларды тамсандырған, қазақ қолөнерінің қарапайым да, қайталанбас түрі – қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйымдар жасау. Оның қымбат құндылығының бір айғағы, құрақтан жасалған заттардың ұзатылатын қыз жасауына еніп, бұл дүние-мүліктің ажарын арайландырып жіберетіні, үй ішіне ұлттық рең беріп, адамның рухын асқақтатады.    

Қазақтың ісмер, шебер әйелдері, құрақ көрпеден құрақ кеудешеге дейін, құрақ бөстектен, құрақ ойыншыққа дейін жасап, керемет нәрселердің де қарапайым тәсілмен-ақ өмірге келетінін ежелден-ақ қалың жұртқа пәш етіп келеді. Зердесінде зейіні бар адамдардың, қай-қайсы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғара алады. Осы арқылы халқымыздың құнарлы дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ танисың. Қазіргі таңда ине ұстап қазақтың ұлтық  киімін тігіп, ою-өрнектерін ойып,  жоғалып бара жатқан  мәдени  мұрасын  қайта жаңғыртып жатқан, саусақтарынан бал тамған  шеберлеріміз саусақпен санарлық қана.  Сол   қазақтың иісі сезілген, мәдениетімізді қастерлеп жүрген шебердiң бiрi – Тараз қаласының тұрғыны Тұрсыпбаева Гүлхан Несіпбайқызы.

Гүлхан Несіпбайқызының қол өнер бұйымдарын жасап келе жатқанына  22 жылдың жүзі болған екен. Осы жылдар ішінде қазақтың ою-өрнегін ойып, қыздардың жасауларын жасап, көптеген адамдардың алғысына бөленген. Қазақ киіз үйіннің шиін, бау-басқұрын, киізіне дейін өзі тоықып және биші қыз жігіттерге киім тігу жағынан да тәжірбиесі мол. Ол кісінің жасаған қолөнер бұйымдары жайында біраз әңгіме өрбітіп  төмендегiдей жауап алып қайтқан  едiк.  

Ең бірінші  сауалымызды осы қол өнерге сізді баураған кім екендігінен бастасақ?

Мен қол өнерге баулаған анам болатын. Жастайымыздан сырмақ тігіп ою оюды үйреткен. Жазғы үш ай демалысқа келгенімізде киіз үйге бау-шу құрып қоятын, соны үш ай бойы тоқыйтынбыз. Кейін медициналық  колледжде оқып жүргенде шерулер болатын, сонда шеруге киіп шығатын киімдерді маған тігіуге беретін еді, соны тігіп көптеген тәжірбие жинадым.

 

Қолыңыздан шыққан қандай керемет дүниелер бар?

Бірінші Алла, екінші анамның үйреткенінің арқасында  қазақтың оюларын салып құрақ құраймын, қазіргі заманға сай етіп әр түрлі перделер тігемін, тапсырыс болып жатса биші-әнші қыздардың ұлттық нақышқа сай  көйлектерін тігемін. Киіз үйдің ішкі жабдықтарын сәндеп тоқыймын. Қыздардың  жасауын жасаймын.

Бүгінгі күнге дейін қанша қыздың жасауын жасадыңыз?

Шынымды айтсам есімде жоқ. Шамамен 23-24 қыздын жасауын жасадым.

Ою өрнектердің қандай түрлерін салып құрақ құрайсыз?

Оюдың  түрі көп ғой. Мен көбнесе қырғыз құрағын құраймын. Тағы қошқар мүйіз, ши құрақ және сарғалтақ(тюльпан) құрақтарды құраймын, тапсырыс та осыларға көп келеді.

Қазақта  «құрақ құрау – қалдық қалдырмау» деп жатады бұған не дейсіз?

Ертеде қазақ даласында қымбат маталар тапшы болғандықтан, киім-кешек тігушілер қалған маталардың қиықтарын бір кәдеге жаратуға тырысып, олардан әртүрлі бұйымдар жасаған. Сөйтіп, құрақ құрау өнері дүниеге келген. Ысырапқорлық – қазақтарға жат қылық. Ежелден-ақ ата-бабаларымыз үнемшіл болып, қолдағы темір, сүйек, ағаш, тері тәрізді заттардың да кесінділерін қажетіне ұқсатып, аяқ асты тастамаған. Ал қолдағыны осылай ұқсатуда қиыстырып құрақ құраушылардан асқан шебер жоқ. Құрақ құрау қыз-келіншектерді ысырапқорлықтан тыйып, үнемділікке үйретеді. Қазір ұлттық салт-дәстүріміз қайтадан жаңғырып, өмірімізге тереңдеп енгендіктен, қазақтың құрақ құрау өнері де қайтадан дамып келеді.

Құрақ негізі қандай маталардан құралады? 

Қамқа – алтындатқан немесе күмістеткен зерделі жіптен тоқылған жібек мата. Қатипа – жол-жолы бар, жұқа жібек мата. Барқыт – шыт. Торқа – ең қымбат жібек мата. Батсайы, Торғын – қымбат бағалы жібек матаның бір түрі. Мақпал, Қыжым, Пай – жібек мата. Парша, Қазине – жібектен қалыңды – жұқалы етіп тоқитын мата. Шағи, Ләңке – сырткиімдік матаның бір түрі.  Насар, Ұштап – ақ түсті тығыз мата. Шыт, Сәрпөңке,  Бояқ – кездеменің боялған түрі. Борлат – қызыл түсті жұқа мата. Тібен – түрлі-түсті қалың мата. Бұл маталардың кейбіреуінен киімде тігуге болады.

Ос уақытқа дейін қандай киімдер тіктіңіз? 

Негідзі ұлттық нақыштағы, өзіміздің қазақша киімдерді және дүнген, орыс, татар,  башқұрт, қытай, өзбек, қырғыз киімдерін, әр түрлі маталардан қалған  қиюлармен  алуан  үлгідегі тақиялар тігем. Ал   қазіргі заманға сай  киімдерге тапсырыс беріп жатса оныда өз үлгісі бойынша жасап тігем.

Матаның қиюларынан қандай тақия тігуге болады?

Қазақ шеберлері ежелден-ақ құрақтарды қиюластырып тақия тігіп келген. Құрақ тақиялар – өте сәнді баскиім болып саналады. – жасыл, сары-көк тақиялар бойжеткендердің көркін құлпыртып, қос бұрымды шашына керемет жарасып тұрады. Шеберлер құрақ тақияларды негізінен, пүліш маталардың жарқын, ашық бояулы қиықтарынан тігеді. Бүйірін шаршы ішіндегі қиықшалардан құрастырады. Мұндай тақияның бүйіріне кемінде төрт түрлі түстегі құрақ пайдаланылады. Сонда құрақ тақия көрікті болып шығады. Тақияның төбесіне шашақ тағылады. Осылай тақиялардың түр-түрін жасаймын.

 Осы киімдердің үлгісін өзіңіз жасайсыз ба, әлде дизайнерлердің көмегіне жүгінесіз бе?

Жоқ, ешкім үлгісін жасап бермейді, өзімнің ойыммен орысша айтқанда өзімнің фонтазияммен жасаймын. Соған қарап адамдар тапсырыс беріп жатады. Кейбір адамдарға ұнамаған кездер де болады, ондай кезде тапсырыс беруші адамның қалауымен «өзгерт» деген жерлерін өзгертіп, сол адамның берген үлгісі бойынша тігіп беремін. Көбінде биші қыздар тапсырыс көп береді.

Қандай биші топтарға киім тіктіңіз?  

Қазірге кезде жаңадан тамыр жайып, көктеп келе жатқан «Қызғалтақ», «Балдәурен»,  «Науырз» т.б топтарға киім тіккем.  

 Шеберлігінізді  кімге үйретіп жатырсыз,  тәрбиелеп жатқан шәкіртіңіз бар ма?  

Бүгінгі таңда бұндай қол өнерге қызығыушылық танытатын жастар жоқ деп айтсақ та болады. Мен өзімнің тәрбиелеп отырған екі қызым бар. Осы екуіне үйреткем. Тапсырыс боп жатқан кезде маған қыздарым көмектеседі және өздеріде үйреніп жатыр. Шынында бұл біздің үйдің табыс кіргізгізетін пайда көзі деп айтуға да болады.  Негізінде құрақ құрау  адамды төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке, бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесімділік табуын түсініп, тануға шыңдайды, тазалыққа, әсемдікке үндей-ді, жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді, дейді шебер.

 Дегенмен, көгілдір аспан астындағы жасыл жайлауда ақ шаңқан киіз үйлерді тігіп, қызыл, сары, ақ қызғалдақтар жайқалған, жусанының иісі мұрын жарған дархан далада мал жайып, күміс көлдерде шомылып, құстардың үнін естіген қазақ халқы соның бәрін ою-өрнектер, құрақтар арқылы-ақ қандай шебер жеткізе білген десеңші. Шебердің жасаған құрақтарының, мың құбылған сәні мен сұлулығына қарап тұрғаныңда, «Шіркін-ай, қазақтың бұл құрақтары мен ою-өрнегіне тіл бітсе, олар мәңгілік ғұмыр, асыл махаббат, өшпес сұлулық туралы бізге таусылмас сыр мен жыр толғар еді-ау!», – деп те ойға қалатыныңды қайтерсің.  Яғни, құрақ құрау, киім тігу, қызыға жасау-жасау, оны тамашалау қыз-келіншектерді сұлулықпен сырласуға, оны өн-бойына сіңіруге, бояулар әлемін танып, түсінуге үйретеді. Ал жаны сұлу адамның ісі де, мінез-қылығы да, сөзі де, отбасы да сұлу. Әр үйде құрақтан жасалған бұйымдардың болуы – отбасының ұлтжандылығын ғана танытып қоймайды. Бұл қазақ қолөнерінің ежелгі түрінің қайтадан жаңғырып, қазіргі заманмен жарасым тауып отырғанын көрсетеді

Назым Қыдырбайқызы

 

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Сәлеметсізбе, маған қолөнер бұйымдары жаныма жақын болғандықтан ба, сіздің жасаған дүниелеріңіз маған қатты ұнады, сіз қай қаладан боласыз?
    Мүмкін болса сізбен жүздесіп, жасаған бұйымдарыңызды ғаламтор арқылы емес, жақыннан көрсем ба деймін.

  2. Салеметсиздерме, окырмандарга ою орнектердин турлери мен оларды калай кию керек, калай тигу керек екени туралы видио немесе улги керек

  3. Сіздің құрақтарыңыз маған қатты ұнады. Құрақ құрау өте күрделі өнер екен, мен қарапайым құрақты құрай алмай отырмын. Сіздің өнеріңіз өшпесін теп тілеймін!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері