//

Тауман Амандосов. Публицистика жанрлары

43654 рет қаралды
1

Публицистика жанрлары туралы сөз қозғағанда публицистика әдебиеттен бөлек, дербес пән екендігін анықтай кетуіміз керек. Публицистика – ақиқат  өмірдің сырлы суреті, оның арқауы –шындық. Бірақ публицист өмірдің фактілері мен құбылыстарын жүйесіз жинақтай бермейді. Өзінің көздеген мақсатына орай керектілерін ғана іріктеп, шығармасына пайдаланады. Публицистика дербес пән болғандықтан, оның  мазмұны, формасы мен әдісі және функциясы бар. Публицистика жанрларының ішкі сырлары мен сипаттарын тереңірек түсінуі үшін біз публицист творчествосының бірқатар ерекшеліктеріне тоқталғанымыз жөн болады.

Публицистика жанрларының ерекшеліктері, ең алдымен, публицист лабораториясының ерекшеліктеріне байланысты. Публицист өз жұмысын бүкіл жұрт алдында жария жүргізеді,  қалың бұқарамен ақылдасып отырады. ОЛ белгілі бір мәселе жөнінде ой қорытып, пікір айту үшін көп ізденіп, талай бұралаң жолдардан өтеді, бұл жолда оның күмәндануы немесе қателесуі ықтимал, сөйтіп, ол талай сезім толқынына түседі. Демек, публицистің «лабораториясы» ғалым сияқты жабық бөлмеде емес, жұртпен  қоян-қолтық араласу арқылы ашық жұргізіледі. Осы лабораториялық жұмысы үстінде публицист шындық құбылыстың қоғамдық-саяси мәнін байқайды.

Публицист жазу әдістері мен тәсілдерін жетілдіре түсіп, өз шығармасы арқылы оқырмандарға идеялық ықпал жасаумен қатар олардың сезіміне де әсерін тигізеді. Оқырман эстетикалық тұшым аларлықтай, оның сана-сезіміне жақсы әсер қалдырарлықтай шығарманың тууы журналистке оңайға түспейді. Өйткенә, журналист бүгінгі, дәл осы сағаттағы оқиғалар мен  құбылыстарға жедел ілесуге міндетті, көпшілік жағдайда ұшқырлықпен, көрегендікпен алда болып, уақыттан озып отыруға да міндетті. Заман тынысы, бүгінгі оқырмандардың талабы одан осыны қажет етеді.

Міне, осы жерде публицистің шығарма жазу ерекшелігі мен жазушының шығарма жазу ерекшеліктерін аз ғана салыстырып көруге болады. Публицист өмір фактілері мен құбылыстарына, нақты көрсеткіштерге, мысалдарға, айтылған сөздерге сүйенеді. Мұның өзі іскерлікті, шапшаңдықты, ұшқырлықты талап етеді. Мұнда ой мен пікір анық та айқын, тұжырымды болуға тиіс. Публицист көбіне-көп белгілі фактіні хабарлауға, белгілі бір объектіде бола қалған құбылысты, оқиғаны лезде жазуға мәжбүр болады.

Мысалы, космонавтар келіп қонды. Міне, бұл оқиға туралы журналистер сол сағатта радио арқылы репортаж беріп, телевизия арқылы оны дәл минутында көрсетеді, баспасөз арқылы оқиғаның ізін суытпай-ақ бұқараға жариялайды. Немесе күнделікті өмірімізде бүкіл жер жұзінің, қоғам өмірінің назарын аударатын оқиғалар мен құбылыстар болып жатады. Журналист осы оқиғаларды ұшқырлықпен хабарлауға міндетті.

Бұқаралық үгіт пен насихат құралдары –телевизия мен радиохабар және баспасөз өздерінің күнделікті жұмыстарында публицистиканың хабар және талдамалы жанрларын минут, сағат және күнбе-күн қолданып отыратындығын айтсақ, бұл жанрдың өзіне ғана тән ерекшеліктері айқындала түседі. Сондықтан публицистика өмірдің күнделікті(тіпті сағат сайын) болып жатқан оқиғалары, құбылыстары арқылы үгіт және насихат жүргізіп, қоғамдық пікірдің қалыптасуына әсер етсе, көркем әдебиет әлеуметтік типтер мен образдарды мүсіндеп, қоғам мүшелерін көркемдік жағынан тәрбиелеу арқылы олардың ой-санасына, сезіміне, дүние танымына ықпал жасап отырады.Сондықтан жазушы көбіне-көп әлеуметтік типтер, образдар жасау арқылы бүкіл бір дәуірді қамтиды. Осыған байланысты ол жылдар бойы тебірене жүріп, ойлана жазады. Бұған жазушылар М.Шолоховтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ә.Нұрпейісовтің, тағы басқа толып жатқан жазушылар творчествосынан көптеген мысалдар келтіруге болады.

Мысалы, М.Әуезов Абай эпопеясын жиырма жылдан астам мерзім ішінде жазды. Бұл шығармасында ұлы жазушы қазақ халқының жарты ғасырлық әлеуметтік өмірін жан-жақты қамтыды. Қоғамдық-әлеуметтік өмірдің ірі өкілі Абайдың тұлғасын жасады. Бүкіл бір халықтың мақтанышы мен абыройы болып көрінетін Абайдың әдеби-көркем образын мүсіндеп берді. Бұл шығарманы жазуға кірісерде де, оған кіріскенде де жазушы туған халқының өткен-кеткеніне, әр уақытта да көрегенділікпен көз жібере жүрді. Үнемі ойлану үстінде болды. Шындығына келгенде, публицистің ондай уақыты бола бермейді, ол заман үнін бес жолдық заметкадан бастап, жалынды да жарқын публицистикалық мақалаға дейін белгілі бір мерзімде жариялап отыруға тиіс.

Журналист еңбегінің осындай ерекшеліктеріне тоқтала келіп, біз оны айқындай түсу үшін көркем шығарма жазудың әдістерімен сәл салыстырып көрелік.Журналист публицистикалық шығарма жазу үстінде хабар жанрларынан бастап, көркем публицистикалық жанрларға дейін өмірдің нақты фактілеріне сүйенеді. Публицистикалық шығармаларда ойдан қосу, ойдан шығару деген тек көркем публицистиканың жанрларында ғана, оның өзінде де тар көлемде келеді. Сондықтан да  публицистикалық шығармалар нақтылы орынға, уақытқа, жағдайға байланысты жазылады және ондағы адамдардың аты-жөні нақтылы болып отырады.

Публицистикалық шығармаларда фактілер, деректер сол қалпында пайдаланылса, көркем әдеби шығармаларда бұл жайлар шартты түрде пайдаланылады. Публицистикаға нақтылық тән болса, көркем әдебиетке шарттылық тән келеді.

Публицистикалық шығармалардың барлығы бірдей сюжетке (мазмұнға) құрыла бермейді және ондағы портреттер ойдан шығарылмайды.

Көркем әдеби шығармалар (әңгіме, хикая, роман) міндетті түрде сюжетке құрылады, портреттер ойдан шығарылады. Типтендіру, образ жасау, публицистиканың көркем жанрларына ғана тән келеді. Оның өзінде де очерк пен фельетон авторлары өздерінің кейіпкерлерімен міндетті түрде кездесіп, олардың портреті, мінез-құлықтары туралы біраз мағлұмат алады. Сөйтіп, әдеби шығарма көркем шындыққа негнізделіп жазылса, публицистік шығармалар өмірдің нақтылы шындығына сүйеніліп жазылады.

Қорыта келгенде, журналист лабораториясының, оның еңбегінің ерекшелігі  бүгінгі күннің міндеттерін белгілі бір мақсатпен орындай білуінде. Және күн тәртібіне қойылып отырылған әлеуметтік істер мен оқиғалардан іле-шала, сол минутында әсер ала отырып, нақты саяси программаны іске асыруға әсерлі үгіт жүргізу, сөйтіп, маркстік-лениндік идеологияны тиімді насихаттау болып саналады.

Қалың бұқараға саяси басшылықты оперативті жүргізе білу деген сөз –ол партияның қаулы-қарарлары мен мемлекет белгілеген шаралардың мән-маңызын жан-жақты түсіндірумен ғана шектелмейді. Керісінше, журналист еңбегінің жемісі партия мен мемлекет қойып отырған нақтылы саяси міндеттерді орындауға бұқараның қалай қатысып отырғанынан байқалады. Ал мұныңғ өзі журналист еңбегінің тағы да мынадай ерекшеліктерін анықтай түседі: журналист еңбегі әлеуметтік мәні бар табысқа жету үшін ол үнемі жаңалықты, іздемпаздықты талап етеді. Совет журналисі творчествосының сипаты совет халқының алдында тұрған тарихи міндеттерін орындау жолындағы қызметімен айқындала түседі. Сондықтан журналист өмір ағымына ұшқырлықпен ілесіп қана қоймай, өмірдің алдыңғы сапынан көрінуі керек. Сөйтіп, маңызды мәселені көтеру тұрғысынан да, шындықты халықтың мақсаты мен мүддесіне сай жеткізе білу тұрғысынан да журналистен оперативтілік талап етіледі.

Журналист еңбегінің осы ерекшеліктері публицистикалық жанрлардың сипатын да айқындай түседі. Өйткені жанрлардың сипаты өмір құбылысының сипатымен байланысты болуымен қатар, оған деген автордың көзқарасынан да байқалады. Автордың көзқарасы оның түние танымынан, таптық позициясынан көрінеді. Демек, публицистикалық жанрлардың пайда болуы, қалыптасуы журналист еңбегінің ерекшеліктеріне байланысты болумен қатар, қоғам дамуының тарихымен де байланысты.

Публицистика жанрыныңда пайда болу, қалыптасу, даму тарихы бар. Осы ұзақ жолда жанрлардың сипаты, өз ерекшеліктері пайда болып отырған. Дамудың осы барысында «жанрлар туады, өседі, өзгереді, жолығады, жаңадан пайда болады» [1]

Баспасөз арқашанда идеялық-саяси күрестің алаңы екені мәлім.Жанрлардың мазмұны мен формасы да осы идеялық-саяси күрестерге байланысты өзгеріп, дамып отырған. Осы дамудың барысында, журналистиканың шағын жанры заметка, одан кейін барып публицистиканың талдамалы жанрларының бірі –корреспонденция пайда болғаны белгілі.

Бірақ қандай жанрлардың да даму тарихын, қалыптасуын алып қарағанда да оларды пайдаланудың өзі баспасөз органының идеялық*саяси позициясына байланысты. Мұның бәрін де өмір тәжірибесі анықтап отрады. Газет бетінде жарияланған материалдардың әр түрлі сипатта болғандығын өмірдің өзі іс жүзінде дәлелдеді. Бір материалдарда оперативтік тақырып көтеріледі, екінші біреулерінде проблемалық  мәселе анағұрлым кең қойылады. Осы тұрғыдан келгенде газет бетінде жарияланған материалдар әр түрлі сипатта болатындығын анықтай түскен жөн болады. «…Газет тілшісі жан-жақты организмнің белгілі функциясын еркін атқаратын бір бөлшегі болып қана саналады. …Оның бірі болған жағдайдың тарихын егжей-тегжейлі жазуы мүмкін. Экономист болса бір жайды болдырмаудың жай-жапсарын қарастырады. Алайда осы бір мәселенің өзін ол жан-жағынан қарастыруы мүмкін, оның жергілікті көлемде де немесе мемлекеттік кең көлемде қаралуы мүмкін… Сөйтіп, баспасөз өмірге тікелей араласу үстінде ғана шындық түгелашыла түсетін болады».

Қорыта айтқанда, К.Маркс баспасөз бетінде жарияланатын материалдардың бірнеше белгілері болатынын ескертеді. Өйткені өмір құбылысының қамтылуының бәрі бірдей бола бермейді. Автордың өмірді бақылауының нәтижесінде ол тар көлемде, нақты объектіні қамтуы немесе аумақты, мемлекеттік маңызы  бар кең көлемді мәселені қамтуы мүмкін. Публицистика әр түрлі жағдайда  әр түрлі мәселе көтеріп, әр түрлі міндеттер шешіп отырады. Бір жағдайда, нақты бір фактіні хабарласа, екінші бір жағдайда, үздік тәжірибе туралы баяндайды, үшінші бір жағдайда теориялық жайларды түсіндіріп, оның өмірлік мәнін  ашып беру керек немесе нақты бір адам туралы жазуға да тура келеді. Міне, осыған байланысты өздерінің тұрақты бір белгілері бар материалдар тобы пайда болады. Осы материалдар тобының белгілері мен сипаттарының  тұрақты және ұқсас болуы нақты жанрларды туғызады. Осыған байланысты қойылып отырған мақсат пен міндетке қарай, факті мен құбылыстың аумағына қарай журналист те шығарма жазу үстінде әр түрлі жанрларды пайдаланатын болды.

Бірақ жанрлар өзара ешбір ұқсастығы жоқ қатып қалған нәрсе емес, олардың ұқсас жақтары жиі кездеседі. Бұл жағынан келгенде, ең алдымен, публицистиканың жалпы ұқсастықтарынан бастаған жөн. Өмір құбылыстары мен өмір шындығы туралы жазылатын барлық жанрларға идеялық-саяси позиция жалпы ортақ болып отырады. Барлық жанрлар да партияның әр кезеңде қойып отырған нақты міндеттерді орындай жолында, коммунизмнің идеялы жолында жұмыс істейді. Совет публицистикасының үлкенді-кішілі барлық жанрлары тек өмір шындығына, өмірдің нақтылы фактілеріне сүйенеді, әлеуметтік өмірдің көріністері мен құбылыстарын объективті баяндайды. Барлық жанрлар да коммунистік құрылыстың, коммунистік тәрбиенің мүддесі үшін қызмет етеді. Сөйтіп, партиялықты сақтау –барлық жанрларға қойылатын ортақ талап. Коммунистік идеялылық, саяси мақсаткерлік әрбір материалдың жарасымды желісі болуға тиіс.                                               Әрбір жанрдың өз ерекшеліктері, өз сипаттары, өздерінің тұрақты белгілері бар. Жанрлар өздерінің  жазайын деп отырған объектілерінің  сипаттарына қарап ерекшелене түседі. Публицистиканың барлық жанрларының объектісі, негізі, желісі өмір фактілері, өмір құбылыстары болып отырғандығында сөз жоқ. Мысалы, заметканың негізінде белгілі бір объектіні зерттеудің, фактілер тобын талдаудың негізінде жазылады. Ал очеркке көбіне-көп адам, сол адамның асыл еңбегі желі болады.

Жанрдың тағы басқа ерекшелігі оның алдына қойылып отырған мақсат пен міндетке байланысты.Егер журналистке корреспонденция жазуға тапсырма берілсе, ол газет қандай мақсат көздеп отырғанын айқындап алуы керек. Газет нақты объектіден проблема көтеруді көздеп отырса, журналист проблемалық корреспонденция жазады. Егер, партиямыздың өткен съезіне байланысты еңбекшілер алдына аумақты міндет қойылатын  болса, журналист  жалпы саясаттық бас мақала жазатын болады.

Жанрлар әдеби-стильдік құралдарды пайдалану, өмір шындығын көрсету әдістеріне қарай да өзара ерекшеленеді. Мысалы, корреспонденция нақты фактілерді  талдау негізінде жазылса, очеркте образ жасалады, ал сатиралық жанрларда сықақ пен ажуа, кекесін мен келеке, өткір мәнерлі теңеулер шебер қолданылады.

Публицистика жанрларының жалпы даму жолдарын, дамудың жалпы заңдылығын зерттеу, сонымен қатар жеке жанрлардың даму ерекшеліктері мен ішкі заңдылығын зерттеу – қазіргі кезең қойып отырған зор міндет. Зерттеулердің барлығы да публицистиканың жалпы  даму заңдылығына  негізделе жүргізілуі керек. Публицистикалық шығармаларды жүйеге, жанрларға бөлудің өзі функциялық және пәндік бірлікті салыстырмалы түрде дербес мүшелеуден барып шыққан. Егер бұлай болмаса жеке жанрлар қалыптаспаған болар еді.

Бір жанр жайын байыптауға қарапайым түр тұрғысынан емес, мазмұн тұрғысынан қараймыз да, оның сыртқы белгілері мен ерекшеліктерін тізе  бермей-ақ, даму заңдылығы тұрғысынан келеміз. Өйткені дүниеге маркстік көзқарас журналистерге жаңа идеал, жаңа міндет жүктеді. Публицистиканың мазмұн жаңалығы журналистердің алдына тың әдіс, соны түр табуды талап етті. Мұның өзі публицистика жанрларын жақсарта, байыта түсу мақсатынан  туатыны айқын. Газеттер мен журналдарда жарияланатын, радио арқылы хабарланып, телевизия арқылы берілетін материалдардың түрлерін  құбылтып, мазмұнын байытып, сөйтіп, шеберліктің шаңына жетіле беру негізгі міндеттердің бірі болып отыр.

Публицистика жанрларының барлығы да өздерінің түрі жағынан оқушы үшін тартымды болғаны абзал. Сұхбат, есеп, репортаж барған сайын проблемалық дәрежеге көтеріле түсуде. Өмірдің негізгі күрделі мәселелеріне назар аударуды көздейді. Публицистиканың негізгі жанрлары – мақала  мен корреспонденция әлеуметтік жағдайларға тереңірек, жан-жақты үңіле түсіп, өмір құбылыстарын нақты зерттей отырып, салыстыру мен байыптау әдістерін шебер қолданады.

Жанрлар өзара бөлінгенде, олар ерекшелене, екшеле түскенде, біз олардың сыртқы формасын ғана қарап қоймаймыз. Атқаратын қызметін негізге аламыз, өйткені оларға атқаратын  қызметіне қарай сипаттама беруге болады. Жанрлардың түрлерге бөлінуі, ол түрлердің іштей ерекшеленуі жалпы даму заңдылығымен байланысты болуға тиіс. Публицист өз шығармасы арқылы заманымыздың оқиғалары туралы жалпы бағыт беруді мақсат етеді немесе күрделі фактілері арқылы оқырманға әлеуметтік өмірдің заңдылығы мен тенденциясын түсіндіруді көздейді. Болмаса, оқырманға қазіргі өміріміздің әлеуметтік сипаттары туралы баяндап беру мәселесі қойылады. Публицистің алдына қойған осы мақсаттарына байланысты публицистика хабар, талдамалы және көркем публицистика болып жүйеленеді де, олар өзара іштей жанрларға бөлінеді. Әрбір жанрдың өзіне тән заңдылығы, өз ерекшеліктері, өмір шындығын көрсетуде өз әдістері бар.

Жанрлар туралы пікірлерімізді тағы да дәлелдей түсу үшін көркем әдебиет жанрларын, олардың түрлерге қалай бөлінетіндігін қарастырып өтейік. Әдебиеттің жанрлары – драма мен лириканы алайық. Драма жанрының трагедия және комедия атты екі түрі бар. Немесе лирика жанры: сонет, арнау. романс, эллегия, тағы басқа осы сияқты бірнеше түрге бөлінеді. Олай болса, публицистиканың да осындай үлкенді-кішілі жанрлары, оның түрлері бар. Сөйтіп, публицистикалық шығармалар мынадай үш түрлі жүйеге бөлінеді: публицистикалық хабар, талдамалы және көркем публицистикалық жанрлар.

Публицистиканың хабар жанрлары мерзімді баспасөз арқылы жарияланғанда да, радио мен телевизия арқылы хабер берілгенде де сол мәселе негізсіз, қалай болса солай, үстірт хабарлана салынбайды. Әлеуметтік маңызы бар деген фактілердің өзі өңделіп, бүкіл қоғам назар аударарлықтай мазмұн мен формада беріледі. Өздерінің ойлары мен сезімдерін екінші бір адамдарға белгілі бір пікірде  жеткізіп, сол айтылғандарға олардың да назарын аудару мақсатында берілген жайлар қоғамдық хабар болып табылады. Бірақ бұл хабарлардың да әлеуметтік маңызы, таптық мәні мен сарыны болады және белгілі бір идеологиялық бағытта беріліеді.

Публицистиканың хабар жанрларының негізінде қоғамдық ой-пікірлер, әлеуметтік фактілер жатады. Өмірдің күнделікті оқиғаларына қоғам мүшелері ілесіп, олардың толық хабардар болу үшін хабар жанрлары «Көрер көзіміз, есітер құлағымыз, қимылдар қолымыз»[2]  сияқты публицистиканың бірден –бір ебдейлі жанрлары болып табылады. Қандай формада берілсе де біз оны жинақтап айтсақ, бүкіл дүние жүзілік оқиғалардың көріністері деген сөз. Бұл тұрғыдан  келгенде, суретті де, карикатураны да, очерк пен әңгімені де, тіпті газетке қысқартылып жарияланған немесе қысқартылып радио арқылы берілген романды да хабарлама  ретінде қабылдауға болады. Міне, сондықтан да «Газет»  деген сөз болғаны жұртқа  мәлім. Сонымен фактіні елестету, көрсету, суреттеу, оқиғалар мен ақпар туралы білдіру – осының бәрі хабар болып саналады. Мерзімді баспасөзде, радио мен кинода, телевизия арқылы үгіттеу, насихаттау материалдарының барлығында да хабарлау  сарыны болады немесе оны хабар деп те айта береді.

Міне, сондықтан да публицистиканың хабар жанрлары қоғамдық пікірге ықпал жасауға және қоғамдық сананы қалыптастыруға белсенді түрде  қатысып отырады. Хабар журналистік жұмыстың  негізі болып саналады. Қалың бұқара өмірде болып жатқан жайлармен хабардар болу мақсатымен газет оқиды, радиохабарды тыңдайды, кино мен телевизияны көреді. Мұның өзі қалың бұқараның күнделікті өмір талабына сай, әлеуметтік өімрде болып жатқан жайларды, оқиғаларды, құбылыстарды оқығысы, естігісі, көргісі келетін ынтызарлықтан  туады. Міне, хабарға деген бұқараның осы ынтызарлығы публицистиканың хабар жанрларын кең де өткір қолдануды талап етеді. Бұл талаптарды орындау үшін журналист қоғам дамуының объективтік жағдайынан, сондай-ақ субъективтік факторларынан да хабарлар беріп тұруға міндетті. Бұл хабарлар қалың бұқараның санасына әсер ететін болғандықтан, көркем әдебиет пен ғылым саласын да, саяси өмірді де түгел, жан-жақты қамтып отыруға тиіс. Бұл міндеттерді орындау жөнінде хабар жанрлары публицистиканың  «барлаушылары» -заметка,  репортаж, есеп, сұхбат елеулі роль атқарады. Олар –газет қызметкерлерінің жеңіл де ыңғайлы жаза қоятын жанрлары, бұлар болған оқиғаның ізін суытпайды. Публицистиканың хабар жанрлары бүгінгі өмір тынысын, шетелдердегі өмір шындығын жан-жақты көрсетеді, егер хабар жанрларын баспасөзде орынды пайдалана білсе, оның мүмкіндігі шексіз. Біздің өміріміз қандай ұлан-ғайыр болса, хабар жанрларының мүмкіндігі  де сондай болуға тиіс.

Хабар жанрлары – заманымыздың  елеулі істері мен сипатын көрсететін уақыт шежіресі: ол кеше мен бүгін не болғаны, ертең не болатыны туралы баяндай алады. Хабарлар біздің ілгері басқанымызды, экономикалық жағынан  сапалы өзгерістерге қолымыз жеткенін білдіреді. Ал мұндай жаңа құбылыстарды көрсететін оқиғалар күн сайын болып жатады. Мұны газеттеріміз  жедел  де  тартымды  жазып келеді.

Хабар жанрларының функцияларына  түсіне білудің өзі – совет  баспасөзінде фактіні творчестволықпен  меңгеру және шебер пайдалана білу. Советтік баспасөздегі хабар жанрлары газет материалдарының басқа жанрларымен жарасымды үйлесе отырып, коммунизм құрылысшыларын тәрбиелеу міндетін алға қояды. Сондықтан да хабар жанрлары газет ісінің жалпы жоспарының қомақты бөлшегі болуға тиіс.

Хабар жанрлары оперативтілікпен, ұшқұрлықпен беріледі. Оперативтілік дегеніміз – елеулі фактіге газеттің іле-шала үн қосуы. Хабар материалдарының ұшқырлығы деп болған оқиғаның газет бетінде дер кезінде уақытылы орын алуын айтады.

Бүгінгі өскелең өміріміздің  жаңалық жаршысы –хабар жанрларының мерзімді баспасөзімізден кең орын алуы қуанарлық та, құптарлық та іс. Мерзімді баспасөздегі хабар жанрлары халық шаруашылығының барлық салаларын түгел қамтиды. В.И.Ленин: «Коммунистік құрылыстың ең қарапайым, бірақ өмірден алынған, өмірмен тексерілген жанды фактілеріне көбірек көңіл бөлінсін»[3], деген болатын. В.И.Лениннің  қағидаларына сүйенген партияның Орталық Коммитеті 1921 жылы «Жергілікті газеттердің программасы туралы»  деген нұсқау хатында: «Өмірден қол үзген дерексіз, ұзақ сонарлы, жалпылама насихаттан гөрі фактімен насихаттау әдісі басым болу керектігін» баспасөз қызметкерлерінің алдына зор міндет  етіп қойды.

Партияның Орталық Коммитеті  одан кейінгі  жылдары да баспасөз  туралы талай рет қаулы қабылдады. Бұл қаулыларда да хабар жанрларының қалың бұқараны коммунистік рухта тәрбиелеудегі әсерлі құрал  екендігі ерекше аталып көрсетіледі. «Жергілікті газеттердің жоспары туралы»  1922 жылғы 7 июньдегі партияның Орталық Комитетінің хатында советтік өміріміздің ақиқат шындығынан алынған нақты фактілерді, әлеуметтік маңызы бар істерді газеттің хабар жанрларының әр түрімен оқушыны қызықтыра алатындай тартымды беріп тұруын талап еткен болатын. Міне, Партиялық бұл документтер Совет Өкіметінің алғашқы жылдарының өзінде-ақ газеттің хабар жанрларына, олардың баспасөздегі орнына үлкен мән берілгендігін көрсетеді. Бұдан кейінгі кезеңдердегі баспасөз туралы нұсқаулардың барлығында да баспасөздің, баспасөз қызметкерлерінің өмірге тікелей араласуы, оның жарқын фактілерін қысқа да айқын, «телеграфтық» стильмен бере білу жөнінде әлденеше рет атап көрсетілген болатын. Орталық партия Комитетінің «Еңбекшілерге коммунистік тәрбие беруде аудандық газеттердің ролін арттыру туралы»  1968 жылғы қаулысында да газет беттерінде алуан түрлі хабарлар жариялап отыру керектігі атап көрсетілді.

Публицистиканың хабар жанрларын көркем тілмен тартымды етіп жаза білуге де үнемі назар аударып отырған жөн. Хабар жанры туралы В.в. Куйбышев 1931 жылы 25 февральда ТАСС-тың қызметкерлерімен өткізген мәжілісте айтқандай, ең алдымен, бұл үгіт болып саналады,  яғни бұл тек фактілер жиынтығын жасық, жансыз хабарлау емес, фактілердің өзін, сондай бір ретте бергенде олардың өздері біз үшін, біздің ісіміз үшін өзінен-өзі жар салып тұруы керек. Екінші жағынан, мұның өзі –үгіттің ерекше түрі, өйткені бұл жерде фактіле, оқиғалар логикасы сахнаға шығады.

Публицистиканың бұл жанрлары көпшіліктің назарын аударарлықтай, қоғамдық пікір туғызатын, әлеуметтік тұрғыдан алғанда, аса құнды мәні бар  құбылыстар мен оқиғаларды уағыздайтын ұтымды фактілер негізінде құрылуға тиіс. Публицистиканың хабар жанрларына коммунистік құрылыстың, халық шаруашылығы  салалары мен саяси және мәдени өміріміздің фактілері мен құбылыстары арқау болып отырады. Міне,  сондықтан да хабар жанрларына керекті фактілерді  терең зерттеп, өмірдің сан алуан сырларын мейлінше жете талдап, бүгінгі өмір талабына, Коммунистік партияның жүргізіп  отырған саясатына сай, електен өткізіп, сұрыптап алған абзал.



[1]З.Қабдолов.Әдебиет теориясының негіздері. «Мектеп», А., 1970. 311-бет.

[2] В.И.Ленин. Шығармалар, 42-том, 326-бет.

[3] В.И.Ленин. Шығармалар, 29 том, 415-бет.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Дұрыс айтасыздар, публицистикалық стиль жұртқа үндеу, үгіт айтуда пайданылады.Публицистика журналистика мен әдебиеттен бөлек пән екенін журналистер мен қалың оқырман ұмытпауы тиіс. Публицистикалық стиль қоғамдық талапқа сай жазылған шығармалардың негізінде қалыптасады.Белгілі бір тілде публицистиканың өз алдына бөлек стиль болып қалыптасуы қоғамдық сананың өскенін, артқанын көрсетеді.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері