//

Ұлттық арнада ұлттық кино бар ма?

1983 рет қаралды
2

16.00 «Менің ұлдарым», 20.00 «Дениз», 23.00 «Келіңіз билейік» осылай жалғаса беретін шетел кинолары мен сериалдарын көруге болады теледидар алдына отырып «Қазақстан» Ұлттық арнасын қоссаңыз. Бұл тек қана қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз арнамыздың жағдайы. Аталған мәліметке қарап отырып басқа телеарналардың кейпін сөз етудің қажеті де жоқ сияқты. Сонда, Ұлттық арнамызда неге ұлттық кино жоқ?

Біріншіден, қазір Қазақ елінде жаңа заманға лайықты(қазақ тілінде) түсіріліп жатқан фильмдер жоқ. Оны түсіретін режиссерлер де, білікті, сауатты актерлер де саусақпен санарлық. Бар режиссерлеріміміз қазақ екенін кейде айтуға арланып, Голливудтың қазанында қайнап, блогбастерлер түсіріп жүр. Осы орайда театр сыншысы Әшірбек Сығайдың мына сөздері еріксіз ойға оралады: «Қазақ режиссерлері киноны Африка, Америка, Еуропаға арнап түсіретін болды. Бізді менсінбей қалыпты. 10 миллион қазақтың махаббаты аздық етіпті. Өзгелерді таңқалдырғысы келеді. Мен ондай киноға бармаймын, көрмеймін де. Себебі өз халқын сүйіндірмеген суреткер  ұлтының  патриоты бола алмайды. Оны былай қойып, «бұ қазаққа ештеңе жақпайды» деп кекетіп-мұқатып қояды кейбір режиссерсымақтар. Акира Куросава деген жапонның керемет режиссері бар. Сол режиссер әр фильмін түсірген сайын «жапон халқы қалай қабылдар екен?» деп дірілдеп тұр. Көрдіңіз бе, ол Қытайды, Кореяны, Малайзияны, Америкаңды керек қылып тұрған жоқ. Жапон жұртын ойлап тұр. Міне, туған халқына деген құрметтің көрінісі». Меніңше, өте орынды пікір. Біздің режиссерлер ешқашан мынау фильм көрерменнің көңілінен шыға ма деп ойламайды. Олар ең алдымен, сайыстағы әділқазылар алқасының көңілінен шығуға тырысады. Әйтеуір, барлығы бір керемет кино түсіріп жатырмын деп әлемге жар салады.

 Кино түсіріліп, бір абыройлы сайыстан орын алып келеді.  Ал, жай ғана көрермен үшін түсірілген кино болса ондағы әртістер жанды қуыршақ сияқты немесе кино орыс тілінде. Оған мысал ретінде, Баян Есентаеваның «Ғашық жүрек», Рақышевтің «Жаралы сезім», «Жетімдер» сияқты фильмдері. Қанша жерден мағынасы, идеясы, композициясы керемет болып тұрғанмен, фильмнің бар айнасы ол әртістері. Сондықтан, ел арасында жүрген таланттарды көтереміз дегеннен гөрі, кәсібилердің қызметіне бағынған да жөн шығар. Олардан өзге атын атауға жүрегің ауыратын, біреулер үшін өнердің керемет туындысына айналған фильмдер бар. «Келін» (кей режиссерлердің пікірінше кей көріністері плагиат), «Борат», «Қайрат чемпион».

Екіншіден, көрерменнің өз де ұлттық түсі қанық, қазақы қалпы кереметтей сақталған киноға сұраныс білдірмейді. Қазақ киносынан гөрі мағынасы көп ойлантуды талап етпейтін  жеңіл желпі фильмдерді қарап, миына ауыртпалық түсіргісі келмейтін көрермендер саны артып барады. Болашақ ұрпақ тәрбие алатын, үлгі тұтатын ата мен әженің өзі телеарнаға қоңырау шалып кәріс сериялдарын сұратып жатады. Ендігі ақ самайлы әжеме сәлиқалы шалдың кейпі осы болса басқасынан не күтеміз…

Үшіншіден, осы күнге дейінгі түсірілген қазақ киносының жауһарларын біздің телеарналар көрсетпейді. Оның орнына жалаң шетел сериялдарының тілдерін шүлдірлетіп қазақша сөйлетуге құмар. Мейлі қайсы телеарнаны алып қарасақ та, кем дегенде үш кәрістің бір түріктің сериалы бар. Оны  кәрі де жас демей бар бар шаруаны қайырып қойып көреді. Дубляж дұрыс жасалмағандықтан кей сөздерге не күлеріңді не жыларыңды білмей қаласың.

Атай кететін тағы бір жайт, еліміздегі киноның нағыз ордасы болып саналатын атақты Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы соңғы жылдары біраз жемісті еңбек етіп келеді. Отандық кинопрокатта айына немесе тоқсанына жаңа фильм айналымға түсіп жатыр. Киносыншылар да көрермендер де жоғары бағалаған «Ликвидатор», «Сіз кімсіз Ка мырза?», «Рывок», «Прыжок афалины», «Заблудившейся», «Сказ о розовом Зайце» осылай кете береді. Бас аяғы есептеп отырсақ, жиырмадан асады. Сауатты да, сапалы фильмдер. Бірақ, барлығы орысша. Сонымен қатар «Жаным», «Асель друзья и подруги»(соңғысы жуырда көрсетіледі) жас сияқты әскерилер өмірін қамтыған «Жас Ұлан» сериалдары арналарымыздың киноқоржынын толтырып жатыр. Айтпаса болмас мәселе олар да қазақтікі емес, «қазақстандікі». Яғни, орысша. Ақыры тіл мәселесіне оралған екенбіз, жоғарыда аты аталған қазақтың маңдайына біткен киностудияның ресми сайтындағы көргенімізді айта кетейік. Көрген көзде жазық жоқ, орыс тіліне қойып қарайтын болсаң онда әдемі дизайнды, керемет суреттермен әсерленген бет ашылады да, қазақшаға қойсаң «Әй, қойш, осылар не байқап жатыр дейсің »дегендей жасай салынған, қаракөк түсті сайттың басқаша беті ашылады. Бұған не деуге болады? Әйтеуір, бір мәселені бір мәселе түртіп, қайсысын шешуге болады, бұл қалай шешілмек, бұған кім кінәлі деген ойға қайтадан оралуға мәжбүрсің.

А.Қарсақбаев "Балалық шаққа саяхат" фильмін түсіру алаңында
А.Қарсақбаев "Балалық шаққа саяхат" фильмін түсіру алаңында

21.00 «Менің атым Қожа» 15.00 «Қош бол Күлсары» Міне, соңғы аптадағы ұлттық арнаның киношолуы. Бұл Абдолла Қарсақбаевтай талантты режиссердің мерейтойын жасалып жатқан  науқандық шаруа . Ертең бұл апталық біткен соң, қайтадан қысықкөздер мен қара нәсілділердің фильмдерін көрсете бастайды. Қазақтың біртуар ұлдарының бірі Қонаев атамыз «Қазақта ең кенже қалған екі өнер түрі бар, бірі – футбол, екіншісі – кино» деген екен. Қонаев бұл пікірді отыз жыл бұрын айтты деген күннің өзінде, аталған мәселе әлі күнге өз шешімін тапқыны жоқ. Десе де әр нәрседен жақсысын іздеп, өмірге оптимистік көзқараспен қарауғы тырысамыз ғой қашанда. «Көш жүре түзеледі», «үмітсіз шайтан» деген. Енді соларды қазақ киносына, қазақтың ұлттық киносына қатысты әңгімелерде пайдалана тұрамыз. Мүмкін жаңа буыннан, Шәкендей талантты режиссерлар, Асанәлідей әртістер өсіп келе жатқан болар. Ұлт киносын ұлықтайтын ұрпақ келе жатыр деп сенейік.

Толғанай Байысбекова

Суреттер: wikipedia.org сайтынан

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Айтарға дәтім жоқ. Күш қазандай қайнайды, белдесерге дәрмен жоқ.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар