///

«-ов, -ев, -вичтерден» қалай құтыламыз?

1257 рет қаралды
2

1924 жылы Орынбор қаласында тұңғыш қазақ съезі болады. Сол съезде қазақ азаматтарының аты-жөнін қазақша рәсімдеу мәселесін Алаш көсемі Әлихан Бөкей­ханов үлкен мәселе етіп кө­теріп, «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» деген ұлағатты ұсыныс жасайды.

Алаш заманы

Ұлт көсемінің осы ұсынысы бірауыздан қабылданып, съезд «бүгіннен бастап қазақтар аты-жөнін «-ұлы, -қызы» үлгісімен жазатын болсын!» деген қаулы қа­былдаған болатын. Сөзге тоқтап, ұлығына бағынған қазақ сол күннен бастап әлгі бұйрықты бұлжытпай орындауға көшкенін, ал одан бұрын сол бұйрықты шығарған басшының өзі жүзеге асырып, үлгі көрсеткеніне біз сол тұстағы, яғни ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Алаш арыстарының баспасөздегі мақалалары, шы­ғарған кітап­тары арқылы көз жеткіземіз.

Кеңес заманы 

Алайда қазақ өз аты-жөнін қазақша жазбақ былай тұрсын, тіпті тегін айтудан қорқатын алмағайып заманға ұшырағанын қария тарих сақалынан тарамыс жасын ағыза отырып айтып береді. Құжатқа аты орысша жа­зылған тұтас ұлт солайша Тәуелсіздік алғанша іштен тынып, өзінің заты қазақ екенін айта да алмай келді. Осы тұста бір таңғаларлық жайт, сол КСРО-ның құ­рамына енген 15 республиканың ішінде саны аз болса да гру­зиндер «-дзе, -швили» деген өздерінің ұлттық үлгісінен айырылмапты. Сол сияқты армяндар да өздерінің «-ян» деген төл тегін сақтап қалды. Сонда қалай, «15 респуб­ликаның құқығы тең сақталмай, қазаққа – басқа заң, армян, грузинге басқа заң болған ба?» деген көкей­де күдікті сұрақ туады. Әлде, бізде де ерік болып, өзіміз ерікті түрде «-ов, -евті» таңдап алдық па? Себебі қаһары­нан қан тамған сол кеңестік дәуірде де ешкімнен қай­мықпай, өз тегін таза қазақша жаз­дырған Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы және Балғабек Қыдыр­бекұлындай тұлғалар болды ғой?

Тәуелсіздік таңы

1996 жылы Елбасымыздың ұлты қазақ азаматтарының аты-жөнін ұлттық үлгімен жазуға үндейтін арнайы Жарлығы шықты. Онда Елбасымыз әр азаматтың өзіне таңдау құқығын бере отырып, көп үлгіні қолдана беруге кеңшілік берген еді. Енді бүгінде етек-жеңімізді жиған ел ретінде өз еркіміз­бен аты-жөнімізді бірізге келтіретін кез кел­ген­дей. Осы мәселемен бірнеше жылдан бері ҚР Мәдениет министрлігі Тіл коми­тетінің, сондай-ақ А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институты айналысып, осы күнге дейін біршама істер атқарғанын біле­міз. Ендігіде Тәуелсіз елдің азаматтары, оның ішінде қазақтардың тегін бірізге түсіру керектігін айтып, түбегейлі қолға алу­ды ұйғарған осы екі мекеме Алматыдағы «Достық үйінде» «Ұлты қазақ азаматтары­ның аты-жөнін рәсімдеуді реттеу мәселе­лері» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы:

– Біз қазақ Тәуелсіз ел бола тұра, әлі күнге өз аты-жөнін жаза алмайтын ұлт болғымыз келмейді. Әрине, бүгінде оған шектеу жоқ, тыйым жоқ, дегенмен біз, бір атаның балалары аты-жөнімізді ала-құла жазып жүрміз. Осы орайда бір арнаға тоғысатын, бір ізге түсетін уақыт жеткенін ел-жұртқа түсіндіргіміз келеді. Біз мұны күні бүгін ғана анықтап, «жерден жеті қоян тапқандай» жар салып жатқанымыз жоқ, бірнеше жыл осы салада ізденіп, зерттеп, қазақтың өз аты-жөнін 15 шақты үлгіде толтырып жүргенін анықтадық. Оның ішінде «-ов, -ев» пен «-ин, -инамен» әлі қоштаспай жүргендер де бар, «-ұлы,-қызы» боп жүр­­гендер де, «-тегі», т.т. бар. Біздіңше, бұл да болса – шикі, әлі пісіруді қажет ететін мәселе.Сондықтан да біз осы іске қа­ты­сы бар министрліктерден бастап, түрлі құзырлы мекемелердің басын қосуды дұрыс деп таптық. Алқалы жұрт ақылда­сып, ереже жасап, бір шешім қабыл­дағаннан кейін біз оны БАҚ-та, сайты­мызда, әдістемелік құралдар жасау арқылы жария етеміз.

Телқожа ЖАНҰЗАҚ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор: 

– Қазақ азаматтарының аты-жөнін дұрыс рәсімдеу мәселесі бүгін ғана қолға алынып отырған жоқ, тамыры тереңде. 1954 жылдардан бастап Аман­жолов, Балақаев, Сауранбаев сынды ірі-ірі қазақ ғалымдары осы мәселені қолға алды. Менің осы кісі аттарына көңіл бөліп, осы салаға келуі­ме бағыт берген академик Бейсенбай Кенжебаев еді. «Қазақ тілінде жер-су аттарына қатысты ережелер бар, ал енді адам аттарына байланысты бізде ереже жоқ екен, осыны қалайда қолға алу керек, өз диссертацияңа бір тарау етіп қос», – деді. Мен соған құлақ асып, қазақ есімдерінің жазылу ережесін жа­сауға кірістім. Бірнеше кітап та жаздым. Бірақ әлі сол жарты ғасырдай уақыт ішінде аты-жөнді рәсімдеу бір қалыпқа түскен жоқ. Осы жолда сөздіктер жетіс­пейді бізде әлі. Есімдерді қалыпқа кел­тіру ережесін жасауымыз шарт. Осы­ларды жасасақ, бұл мәселе бір жағына шығуы мүмкін. Бұл – бір, екін­шіден, елдің ал­дында жүрген азамат­тардың өзі, баспасөзге мақалалары, пікірлері жарияланып тұратын зиялыларымыз­дың өзі аты-жөндерін дұрыс жазбайды. Ала-құлалықты тудырып жүрген ал­дымен солар дер едім. 

Бүгінде қазақтың аты-жөні мынадай бір­неше нұсқада жазылып жүрсе керек:

1. -ов, -ев – 70-80 пайыз қазақ осы текте;

2. -ин, -ина – Мұхтар Мағауин, Ерлан Бекхожин;

3. -ұлы, -қызы – Әбіш Кекілбайұлы, Бағыбек Құндақбайұлы;

4. атын қосымшасыз қатар жазу – Шер­хан Мұртаза, Телқожа Жанұзақ;

5. -тегі – Айтбай Сәулебектегі, Аманқос Мектеп тегі;

6. ілік септігі + тәуелдік жалғауы – Әб­ді­­раш­тың Жарасқаны, Әуесбайдың Қанаты;

7. шығыс септігі + аты – Мырзабектен Сапархан;

8. туған жері – Әкім Тарази;

9. – әл жұрнағы – Әл Мәжени;

10. ру атына – Майра Керей, Ахмет Төре, Нұрлан Албан;

11. ата сөзі арқылы – Кәрішал Асан ата;

12. баба сөзі – Әбіл Дихан баба;

13. келіні сөзі – Бағдат Шаймерден келіні, Дариға Тіленді келіні;

14. ұрпағы сөзі – Бейбіт Қойшыбай ұрпағы;

15. Хан, Бек сөздерін бөліп жазу – Совет Хан Ғаббасов, Көпен Әмір-Бек.

Есім ешкімнің меншігі емес 

Мінеки, бұл – қазіргі қазақ есімі мен тегінің баспасөзде, қоғамда жүрген нұсқалары. Осыдан ой қорытар болсақ, бізде өз есімін меншігі деп қарап, қалай құбылтса да өз еркі деп санау құбылысын аңғару қиын емес. Әрине, есім әркімнің еншісі шығар, бірақ оны түбегейлі мен­шіктеп, жалпы жұртша жазудан жұлып әке­тудің де қате екенін ескермеске болмай­тындай. Мұның бірінші себебі: өз атын ұлықтаймын деп қазақ орфогра­фиялық ережені белден бір-ақ басатын да жағдай ұшырасып жүр. Мәселен, жоғарыда айт­қан­дай, «есіміндегі -хан немесе -бек, -бай жалғауларын бөлектеуі былай тұрсын, оны үлкен әріптермен жазуы ешбір емле мен ережеге сәйкес келмейтін жағдай» дейді мамандар. Ал одан бұрын күллі қазақтың аты-жөнін бірдей, бір үлгіде жазуы ұлттық тұтастықтың дәлелі болар еді. Ұлттық бет-бейнемізді қалыптастыру да осы мәселеге тікелей байланысты. Ал мұны тек Тіл коми­теті, Тіл білімі институты­ның еншісіндегі шаруа деп қарасақ, әбден қателесеміз. Себебі есім адамға алғаш шыр етіп дүниеге келгенде, перзентханада беріледі, 16-ға толған азаматтарға төлқұжатты Әділет министрлігі береді, АХАЖ бөлімдері некелесу рәсімдерін реттейді, сондықтан осы секілді көптеген құзырлы орындардың да жанашырлықпен қарауы қажет. Дөңгелек үстел басында жиналғандар арасында жоғарыда аталған құзырлы орындар өкілдері мен филолог ғалымдар, ҚазҰУ секілді республикалық жоғары о
қу орындарының оқытушы, пофессорлары, тіпті Парламент депутаттары да болды. Сондықтан бұл жолғы отырыстың салмағы, ықпалы сонау 1924 жылғы қазақ съезінен кем болмауға тиіс секілді…

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. жылты барлар мен құлдық санадан құтылғандар баяғыда орыстық жалғаулардан құтылған еді. Бұған да намыс, қайрат, өзін-өзі құрметтеу түйсігі керек екен.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар