//

Алаңда шырқалған Ақтанберді толғауы

1199 рет қаралды
4

Тамырының бір тармағы желтоқсанға байланған тағдырдың бірі – ұлт жанашыры, күміс көмей әнші Бекболат Тілеухан. Желтоқсан дүмпуі бұрқ ете түскен жылы ол Қазақ Политехникалық институтында инженер-механик мамандығы бойынша оқып жатқан студент болатын. Жастайынан жүрегі ұлтым деп соққан Бекболат та алаң көңілін арқалап, алаңға барған. Сол жылдары әншілігімен теледидардан танылып, айтысқа қатысып жүрген Бекболаттың алаңда жүргендігін «байқамай қалу» мүмкін емес еді. Сондықтан алаңға барған өзге студенттер секілді Бекболат та «көзге түсті», оқудан шығарылды. Мұны бүгін Бекең ерлік санамайды. Моральдық шығын мен пәтер сынды өзіне желтоқсандық ретінде тиесілі дүниелерді сұрамақ тұрмақ: «Біз де желтоқсан көтерілісіне қатысқан едік, сүргінін бастан кешірген болатынбыз» – дегеннен аулақ. Тіпті сол желтоқсан көтерілісіне қатысқанын осы уақытқа дейін ешкімге тіс жармапты.

Көз көргендер оның алаңда салған әні жастардың жігерін жаныды, намысын қайрады дейді. Куә болғандар бұл жайтты тамсанып айтады, нандырып суреттейді. Сол жылдары Бекболат Ақтамбердінің толғауын нақышына келтіріп, жеріне жеткізіп орындап жүрген. Жыраулық поэзияда жеке бастың қамынан Отанды сүю мен елдік мүдде бірінші кезекте тұратыны белгілі. Осы тұрғыда еркіндік үшін жасалған 300-ден астам көтерілістің соңғы нүктесі – Желтоқсан көтерілісінің тұсында жыраулар поэзиясын халыққа қайта қауыштырудың өзі бөлек қаһармандық екенін аңғармау мүмкін емес. Көз көргендер демекші, Бекболат Тілеуханның Желтоқсан көтерілісіне қатысқандығы жайында білетіндердің бірі – Желтоқсан күрескері Бақытбек Иманғожаев былай дейді:
– Бекболат Тілеуханның желтоқсан оқиғасына қатысып, жастар толқуының бел ортасында жүргендігін досы ретінде жақсы білемін. Соның салдарынан желтоқсан оқиғасының белсенді қатысушысы ретінде ол Қазақ Политехникалық институтындағы оқуынан шығарылды.
Ал біздің қоян-қолтық таныстығымыз Бекболаттың Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып жүрген кезінен бас­талды. Оның сексен алтының ызғарлы желтоқсанындағы алаңда салған әндері мен жырлары жүректен шығып, жүректерге жетті. Тоңған жастарды жылытты, тоңазыған көңілдерді оятты. Әлі де солай. Себебі ол халқын жүрегімен сүйетін азамат. Халықтың жүрегі қандай сөзге тебіреніп, қай сөзді жылы қабылдайтынын ол жақсы біледі, сондықтан да ол ел ықыласына бөленіп жүр.
Ал Желтоқсанның және бір қатысушысы Қошан Мұстафаұлы есімді азамат жалпы Бекболат Тілеухан сынды зиялы қауым өкілінің кешегі желтоқсан дүмпуі тұсындағы ұлтының жағынан табылып, ұстамдылық танытқандығын бүгінде жұртшылық білуі тиіс дегенді алға тартады: – Алаңға жақын маңда К.Байсейітова көшесі бойындағы қымызханада үш-төрт жігіт шәй ішіп отығанбыз. Төменгі жақтан ҚазПИ-дiң студенттері көтеріліп келе жатыр екен. Соларға біз де қосылдық. Жан-жақтан қаптаған студенттерден алаң лық толды. Қыздар белсенділік танытып жүр. Екінші күні халық одан да көп болды. Бекболат Ақтамберді жыраудың толғауын орындап көзге түсті.
«Күлдір де күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екенбіз?
Күдеріден бау тағып,
Ақ кiреуке киер ме екенбіз»
– деп тұрып айтылған толғауды естіген жанның толқымауы мүмкін емес, ал ертеңіне тағы алаңға келмеуі мүмкін емес-ау! Бекболаттың бұл жыры алаңды сілтідей тындырды, жиналған жұртшылықты рухтандырды. Одан кейінгі жылдары елдің барлығы Бекболат ән айтқан жерде Ақтамбердінің әлгі толғауын орындауын қалады. Желтоқсан оқиғасына дейін де жыраулар поэзиясынан толғау айтып жүрген Бекболаттың көтеріліс кезінде дәл солай етуі өте орынды және не мақсатпен алаңға келгендігін айқындап тұрғандай еді.
Иә, бұл – кейіпкеріміздің біз білмейтін бір қыры. Білуімізше, Бекболат Тілеухан алты жасынан бастап домбыра ұстаған. Әкесі Қанай ақсақал қазақтың жыр-дастандарын жетік білген, діни сауатты адам еді деседі білетіндер. Баласының Кәкімбек Салықов секілді тұлға болып қалыптасқанын қалаған әке ұлын металлург оқуына бағыттаған. Әке қалауын мақұл көрген Бекболат Желтоқсан көтерілісіне дейін жоғарыда айтып кеткендей Қазақ Политехникалық институтында оқып жүреді. Бірақ оның желтоқсанда алаңға барып ән салғанын, дүйім жұрт ол әнге тамсанғанын білген құрығы ұзын билік Бекболатты оқудан шығаруға ұйғарым жасайды. Алайда бұл жайтқа тауы шағылып, тауаны қайтпаған Бекболат Құрманғазы атындағы консерваторияның дайындық курсына түседі. Одан кейінгі өмірін өнермен ұштастырып, ұлт жанашырына айналған Бекболат Тілеухан ел ықыласына бөленіп келеді. Айталық, саясат пен өнер сахнасында да ұлттық мүддені жадынан шығармаған азамат екендігін айғақтайтын оның биылғы мына бір Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалына назар салсақ.
«Биылғы жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен қатарлас келген, әрі осы тәуелсіздігімізді алуға бірден-бір себепші – 1986 жылғы Алматы қаласындағы желтоқсан көтерілісіне 25 жыл толып отыр. Алайда қазақтың осынау асқақ та азалы тарихынан ойып орын алар айтулы оқиғаны республикалық деңгейде атап өту, өкінішке орай, назардан тыс қалып барады. Ел идеологиясына жауапты органдардың биылғы жоспарларында аталған мәселе мүлдем жоқ десе де болады. Сондықтан да нақты бағдарлама түзіліп, оның республикалық деңгейде жүзеге асуына өз тарапыңыздан пәрмен беруіңізді сұраймын».
Ұлтжанды азамат әрі ақтаңдақ тари­хы­­мыздың осындай жанашыры ретінде әлгіндей бастамаларымен ұлт ісіне ұдайы қолдау білдіріп келе жатқан Бекболат Тілеуханның да желтоқсандық екенін ғазиз жұрты біле жүрсе, артық емес.  

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
АЙНҰР ТӨЛЕУ,

“Түркістан” газетінен

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын Бекболат аға, ұлтты сақтау, рух, санадағы шірені бұзу үшін сіздің әніңіз, сөзіңіз, өзіңіз керексіз!

  2. Алланын нуры жаусын Бекболат агамызга. Нагыз азамат. Гумыр жасы узак болсын. Алаштын елим жерим деген улы. ИншАлла сол сиякты кисилер, улт жанды азаматтар молынан болсын.

  3. Мына біз, жастар сіз секілді ұлт жанашырларына қарап өсеміз!!! Сіз секілді шынайы жанашырлар көп болса біздің қоғам әлдеқашан асқақтап кетер еді…

Серік Кемал жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері