//

Келеңсіз көше аттары

2526 рет қаралды
1

«Көшесінен Гогольдің сені іздедім-айлап»  Гоголь көшесін бойлап келемін. Неге ақын жігіт  аруды Абайдың, Ахметтің, Мағжанның көшелерінен іздемеді деген ой келді бір сәт. Сонда мұндай  ән тумас еді ғой. Күнделікті тілімізге ғана емес, әнімізге еніп үлгерген  орыстанған көше аттары тіл мәселесінің үлкен бір тармағы болып тұр бүгінде.
Алматыда әлі күнге дейін бірнеше көшелер кеңестік кезеңде берілген аттарымен аталып жүр.Осы қынжылтады. Мысалы Медеу ауданында «П.Морозов», «А.Чекалин», «Глубокая», «Южная», «Бригадная», «Верный», «Горно-восточная» деген атаулар үйлердің қақпасында тайға таңба басқандай жазылып тұр. Сонымен қатар, қаланың басқа аудандарында «Черепанов», «Котельников», «Попов», «Терехин», «Качалов», «Дежнев», «Тропинин» сияқты көшелерді де кездестіреміз. Тіпті, көше қиылысындағы бір үйде үш бірдей көше аттарының ілулі тұрғанын да кездестіруге болады. Алматының көрнекті көшелерің иемденген Фурманов, Гоголь, Шевченко, Тимирязев, Марков, Гагарин, Брусиловский, Масанчилер тағы бар. Бұл арада олар қазақ үшін не істеді деген заңды сұрақ туындайды. Әлиханымыз базар бойлаған лас көшені алып, Мағжанымыз шеткі көшеден орын теуіп, Мұстафа Өзтүрік елеусіз қалған, бар-жоғы бір-екі километр ғана болатын кішкентай көшені алса да біздің әу деп үн шығарар қауқарымыз жоқ па еді?! Көшенің атын көкесіне сақтап отыр ма басшылық? Қонаев көшесімен қатар жатқан «Фурмановтың» сары майдай кімге сақталып келе жатқаны әу бастан-ақ белгілі. Ал,қалғандары ше?


Қалалық тіл басқармасы ономастика бөлімінің хабарлауынша, Алматыда көше атауларын өзгерту туралы қаулы жобасы үстіміздегі жылдың екінші жартысында қалалық мәслихаттың қарауына беріледі. Мақұлдап жатса, жыл аяғына дейін қаладағы аты қайталанып кеткен 50 көшеге жаңа атау беріліп, тек нөмірленіп қана жүрген 200 көше есім еншілеуі мүмкін.
Қаланың орталығындағы даңғылдармен аттас көшелер, негізінен Алатау және Әуезов аудандарында көп. Бұл бүгінде Әуезов ауданына қарасты Қалқаман ықшамауданындағы біраз жер аумағының бұрын облыс қарамағында болуымен байланысты. Бүгінде қалада Абай, Әуезов, Гагарин, Аманжолов, Шарипов секілді 50 көше қос-қостан бар. Бұлайша көше атауларын өзгертусіз қалдыру тұрғындар құжаттарын рәсімдеуде үлкен кедергілер тудырып отыр. Айталық, жедел қызмет көрсету органдары қай көшенің тұрғындарына қызмет көрсетерін білмей дал болады. Бұдан бөлек, бүкіл жұмыстарын электрондық жүйеге көшірген зейнетақы қорлары, салық инспекциялары, тіпті банктер де компьютердің мәлімет қорында көше аттары шатасып кететінін айтады. Ономастика бөлімінің айтуынша, бір көшенің атын өзгерту үшін 60 мың теңге шығын кетеді екен. Бірақ оны өзгертусіз қалдырудан тиетін зардап шығыны алпыс мыңнан әлдеқайда асып кетуі әбден мүмкін.
Болашақты болжап, қазақтың  «Настрадамусы» атанған, ел бірлігін аңсаған Мөңке бидің атында көше жоқ бізде. Әлі күнге дейін өзгермей тұрған орысша атаулы көшелерге кешегі ауыз әдебиетінінің дүлдүлі Ақтамберді, Шалкиіз жыраулардың есімі неге берілмеген? Ананың ақ сүтін сыйлаған халықпыз деп мақтанып жүргенде, қазақ тарихында өшпес орыны бар аналарға берілген көше жоқ екен елімізде. Бұл іс атқарылып жатар болса онда қазақ әйелдеріне деген  зор құрмет болар еді.


Алматының қай көшесі болсын, қатеге тұнып тұр десек, артық айтқандық емес. «Байтурсынов к-cі», «к-сі Байтурсынұлы», «Сатпаев көшесі», «Жібек жолы проспекті» «Жубанов көшесі», «Утеген батыр», «Сайын көшесі», «Казыбек би», «Айтеке би».Барлығында «ұ» у – ға, «ә» – а –ға, «қ» к-ға, «ө» о-ға айналған. Көше бойлап жүре берсеңіз «Толе би», «Ауэзов», «Утеповалар» қос-қостап шығады алдыңыздан. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР заңының 19-бабында елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың, сондай-ақ басқа да физика-географиялық объектілердің қазақша атаулары басқа тілдерде транслитерация ережелеріне сәйкес берілуі тиіс деп көрсетілген. Сондықтан осы заңға сәйкес көше атаулары екі тілде жазылады. Сондай-ақ аталған заңның 21-бабына сәйкес бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады» деп көрсетілген екен. Осылайша ол қателердің барлығы заң бойынша сауатты жазылған болып  шыға келеді. Мүйізі қарағайдай қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың, атақ-абыройы әлемге жайылған академиктердің көрген күні, ұрпағынан алған құрметі осы осы болғаны ма?

«Біреуден Дзержинский деген кім десе, ол Наурызбай батыр ғой» деген екен. Ескерусіз қалғандары есепсіз, ал  аты бар көшелерімізді қос тілде атаймыз деп жүріп, ұлыларымызды ұмытып қалмасақ болғаны…

Альмира ОСПАН

Сурет: kerekinfo.kz
tarazkyzy.wordpress.com

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар