/////

Жұмекен Нәжімеденов. Менің топырағым

2925 рет қаралды
4

Қазақ әдебиетінің классигі, ХХ ғасырдың біртуар ақыны, Қазақстан Республикасы жаңа әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің өмірінде қараша айының алар орны бөлек. Ақын 1935 жылы 28 қарашада туып, 1983 жылы 22 қарашада өмірден озған еді.
Жұмекен ақын зор дарын иесі еді. Бұған белгілі қаламгерлердің мына сөздері дәлел: «Нәжімеденов – жиырмасыншы ғасырдың соңғы қырық жылындағы өз мойынына алған суреткерлік міндеттемесін толық орындап, қазақ әдеби кеңістігіндегі поэзия сынды қозы жамыратқан ауылдай мазасыз алқапты аяқ-қолы түгел, басы-көзі бүтін, қапысыз сомдалып, мұқият мүсінделген кесек еңбек тастап кеткен адам» десе Әбіш Кекілбаев, ақын Темірхан Медетбек былайша сыр бөліседі: «…Жұмекен Нәжімеденов деген есім – өзен, көл, таулардың географиялық, тарихи атаулары секілді рухани атауға айналып кеткен есім».
Жұмекен көзі тірісінде-ақ мықты ақын ретінде мойындалды. Оның жырлары туған халқымен бірге мәңгі жасай береді.
Саған да керек топырақ,
Маған да керек топырақ,
Топырақ керек басқаға,
Тікен боп көктеу үшін де
Топырақ керек, масқара!
Салқыны ұрып «сайтанның»,
«жынның» желі қақса да,
Топырақтың киесі қақпауы үшін,
жақсы аға,
Үркітпеу жөн құстарын,
көбелегін жасқама!
Бөтен ойым жоқ, тегі,
Бөлектігім тек менің:
Мен – бала боп туғанмен,
Шыбық болып көктедім.
Бір көктемде бүр шашқам,
Күн астында көгердім,
Сарғайтқанда бір күз кеп
Жапырағымды төгермін.
Көп шайқалдым дауылда,
Зілзалалар соқты үдеп,
Көктем лебі – ептірек,
Құйын да ұрды көк тіреп –
Майысқаным болмаса,
Маған қауіп жоқ емге:
Бұтақтарым – биікте,
Тамырларым – тереңде.
Күн әкелді нұр-шуақ,
Бұлт әкелді жел күреп,
Таң алдында шық қонды
жапырағыма мөлдіреп:
Көкейдегі тазалық, мөлдірлік те көздегі
Содан шығар, өзімдей көретінім өзгені?
Шық көзімен қарасаң,
дөп-дөңгелек төңірек –
Танымың аз сондықтан,
Таңдануым көбірек.
Көрдің бе, әне,
бұтаның қалқияды құлағы,
Әлденеге шық көзі таң боп
қарап тұр, әне!
Біздің үйдің алдында
тұрды жалғыз қара ағаш,
Бір көктемде көктемей қалды
әлгі ағаш жалаңаш.
Отаушылар қаланың
көктемейтін ағашын
Өтіп жүр-ау байқамай мына
ағашты, шамасы?
Жапырақ жоқ басында,
көлеңке де жоқ онда,
Жалғыз өзі алып тұр
бір үй салар алаңды,
Не пайда, деп сөйледім,
осы ағаштан адамға.
– Інім, – деді бір аға ақ мұртының
астынан, –
Рас, бұның бұтағы
баяғыда-ақ қақсыған.
Айналаның бәрінен пайда
іздеуге тырыспа,
Шығының жоқ,
Ағашты өз тамыры тұр ұстап.

Қара ағаштың тасқа
өскен қартайғанын сын ғып-ақ
Қартаюға бола ма?!
Қайың, талдың сыбдырап
Көгергені, көкешім, осы шалдың арқасы!
Сыйлаған жөн қарттарды,
Шыбықтарды қорғаған сол
қартыңның қаңқасы,
Жас шыбықтар көп төмен
Мынау қара топырақтың
қабағынан көктеген,
Қара ағаштың осынау
балағынан көктеген.
Иілмейді сондықтан
жел-дауылға әлек боп,
Сескенеді сезімсіз балталыдан
ғана ептеп.
Құлайды ғой өзі де – сән бұзады
шал қанша,
Тұрғаны да тұқымы тамыр тартып
алғанша.
Құлай қалса, қазір бұл дауыл ұрып
шын ұлып,
Анау ағаштардың да көбі
кетер жығылып.
Құласа егер мықтылар –
құлайды ғой дұрыстап,
Ал әзірше мұны да мықтылығы
тұр ұстап!
Қара ағаш, сен де емен бе ең?
Емен – мықты дегенмен
Жапырағы болмаса,
Мықты емес-ау ол да аса.
Әйтсе де емен сынбасын,
құламасын жай тұрып,
Бітпеуі үшін мықтылық
жайлы аңыздар айтылып.
Өскен жан ем мен-дағы мақтау
жұтып, бата ішіп,
Кетті содан тамырым
емендермен шатысып.
Өзім жайдым тамырды,
өзім өстім дегенмен,
Нәр күткендей топырақтан –
сүйеу күттім еменнен.
Шуақ күткен кезімде –
шуылдаған көктемде
Көлеңкесін түсірер жапырақтылар
көп менде,
Тек күз түсіп, суық жел ұрған
кезде азынап,
Жел жағыма шығатын қара
емендер – азырақ.
«Жоқ» дегенді жек көрем!
Ей, киелі топырақ!
Сенен бөлек тынысым,
тіршілігім жоқ менің,
Маған қымбат сондықтан күз бен
жазың, көктемің:
Мен – бала боп туғанмен,
шыбық болып көктедім.
Мен де өйткені еменше ерегісіп
өскен ем,
Ымырт шақта самалға
сыбырмен-ақ сес берем,
Қорықпаймын сондықтан
қанжарлыдан қанқұйлы,
Топас қолдар ұстаған балталардан
сескенем.
Таңырқама, бұ қалай кетті екен деп
күшті өсіп –
Балшық емес, тамырым таспен
жатыр тістесіп.
Қане, шығып қал, шыбық-тал!
Тағдыр туса бұралаң –
Мен қашан да сендердің жел
жағыңа тұра алам!

Дереккөз: “Ана тілі”

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Әттең, Жұмекен жырының “халқымен мәңгі бірге жасай беру” себебін түсіндіріп бере алсақ қой. Сонда ғана Жұмекеннің ақындық тағдыры, өмір сүрген ортасы – бәрі-бәрі ашылады. Сонда ғана қайталама эпитетке айналған “жұмбақтың” шешімін табамыз. Жұмекен “жұмбақ” емес, оны жұмбақтануға мәжбүрлеген, нақты айтқанда қысым көрсеткен – заманы. Бүгінгі ұрпақ соны біліп өссе екен деймін.
    Жұмекеннің оқырманы егемен елдің, қазақтың баласы. Ұлтты ұлт ретінде жоюды көздеген империяға ол түсінік керек болды ма? Жоқ. Осыған қарамастан, Жұмекен өмірінің соңына дейін сөзінде тұрды. Мұхтар ағамыздың тілімен айтқанда, “ұлтсыздану ұранымен” қарсыласты.
    Біз айтатын әңгіменің реті осылай болу керек деп білем. Біз айтпағанда кім айтады? “Оқырманы енді туады” деп отыра беруіміз керек пе?

  2. Жұмекенді түсінудің жолы – Жұмекен сөзінің астарлы мағынасын ашу. Мәселен, “Бұтақтарым биікте, тамырларым тереңде”, – депті, деген десек, одан не түсінеміз? Бұтағы не, тамыры несі? Осы жағына мән беру керек. Яки, “қорықпаймын сондықтан қанжарлыдан қанқұйлы” дейтіні несі дегендей.

  3. ӨЛЕҢ ЖАЗЫП .
    ( Жүмекен Нажимиденовке )

    Кім келіп , не өтпеді бұл өмірден ,
    Өшпейді деналықтар шын көңілден .
    Сағым боп бұлдырайды жігерімнен
    Қалғандай мұқатылып жыр өзімнен .

    Шаншиды басым неге , бостан – босқа ,
    Мазасыз күн боларма қайран досқа .
    Арманның ақ кемесін мінгеннен соң
    Қақым жоқ , өмір жайлы ойланбасқа .

    Жолдар бар шетсі -шексіз бұраңдаған ,
    Тағдырмен есептеспей тұралмаған .
    Кейбіреу жүре берер жер бетінде
    Кімсің деп аты – жөні сұралмаған ?

    Тірісің бұл дәуірдің Жүмекені ,
    Өмірге берік қалған жыр мекені .
    Аралап қара ниет құйындатпа
    Жоқ етіп ортамыздан берекені !

    О , тағдыр ақын жырын жояамадың ,
    Әзірге табыт көміп аялдадың .
    Проза , поэзия жанырына
    Зер салып ақынды бір аямадың .

    Шабытың табыт болды әзір бірақ ,
    Ақындық жасай берер ғасыр құрап .
    Нәрлі сөз өнегеңнен қуат алып
    Келешек ән – жырыңды жатыр сұрап .

    Сезімнен қалған жоқсың әзір қалып ,
    Еңбегің сөз қорында «Темірқазық» .
    Кітабің оқырманға жетті бүгін
    Жатқандай өлеңіңді кәзір жазып .

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері