//

“Тәңір жарылқасын” – Қазақ тарихынан сыр шертеді

1867 рет қаралды

Жақында Алматыда режиссер Рүстем Әбдiраштың бес бөлiмнен тұратын жаңа деректi фильмiнiң тұсаукесерi өттi. «Тәңiр жарылқасын» деп аталатын деректi фильмдi Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның қолдауымен «CentauRus» студиясы түсiрген. Қазір деректі фильм “СТВ” телеарнасынан сенбі және жексені күндері көрермен назарына ұсыныла бастады. Біз деректі фильм режиссері Рүстем Әбдірашпен әңгімені назарларыңызға ұсынамыз. 

Рүстем Жарасқанұлы, жақында «Тәңір жарылқасын» атты жаңа туындыңыздың тұсауы кесілді. Бұл деректі фильмді түсірудегі алға қойған мақсатыңыз қандай?

– Біз совет үкіметі кезінде мектеп бітірген соңғы түлектер едік. Ол кездегі мектеп оқулықтарында тарихты бұрмалау көп болған. Біз кезінде өз тарихымызды іздеп оқыдық, ал қазіргі жастар, менің байқауымша, емтихан тапсыру үшін ғана оқиды. Күнделікті оқитын оқулық болғаннан кейін жастарға да онша қызықты емес сияқты. Сондықтан болар тарихымызды зерттеп, бір туындыны дүниеге әкелсем бе деп бала кезімнен армандап жүрген едім. Біздің ата-бабаларымыз бүкіл Еуразия құрлығын мекендеген. Кейбіреулер «Монғолияда не бар? Қазақстанның тарихы осы жерде емес пе? деп жатты. Біз мекендеп отырған ұланғайыр жер – ата бабаларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қызғыштай қорғаған бір бөлшегі ғана. Сондықтан да бұл фильм бүгінгі күннің жемісі емес, жылдар бойы іште қайнап, пісіп, жетіліп шыққан туынды.

– Фильм атауының өзі ерекше неліктен «Тәңір жарылқасын» деп атадыңыз?

– Біз осы жол бойында жүріп тәңірліктің шыққан тегін біраз зерттегендей болдық. V-VII  ғасырда ата-бабаларымыз тәңірге табынған. Құранды арабша оқи отырып, соңында Тәңір жарылқасын деп айтатын.  Мысалға, қазіргі қазақтың көптеген салт-дәстүрінде  әулие жерлерден өткенде  ақтық байлап жатады. Шындап келгенде, мұның түп тамыры сонау ата-бабамыздың тәңірге сенуден келе жатқан салттары. Сондықтан біздің ұлттық нышандарымыз арқылы шыққан тегімізді зерттей келе «Тәңір жарылқасын» деп атадық.

– Түсірілім экспедициясы Қазақстанның біраз тарихи жерлерін аралаған көрінеді. Дәлірек қай өлкеде болдыңыздар?

– Негізгі бағытымыз Алматыдан басталып, Моңғолия өлкесіне дейін жалғасты. Ондағы Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштері, Түрік қағанатының астанасы Орда-Балық қаласы, Шыңғысхан империясының астанасы болған Қарақорым қаласындағы көшпенділердің тарихи ескерткіштерін, сондай-ақ, Жетісу және Шығыс Қазақстан, Тамғалы тас, Есік қаласынан табылған Алтын адам қорғаны, Талғар және Қойлық қалашығы сияқты тарихи орындарды аралап қайттық. Сапарымыз Алматыдан басталды

–  Қазіргі таңда кино түсіру ісі жеңіл кәсіптің бір түріне айналып бара жатқандай, бас аяғы бір-екі айда  түсірілген фильмдерді тамашалап, нәтижесін көріп те жүрміз. Жалпы сіз бұл туындыңызға қанша уақытыңызды жұмсадыңыз?

– Шынын айту керек, бұл туындыға біраз уақыт жұмсадық. Бірден жолға шығып кеткенге біресе қаражат жетпеді, біресе демеуші табылмай, ысырылып келе жатқан дүние болатын. Бұл сапарға шығуға бір жарым жылдай дайындалдық. Одан кейін жарты жылдай түсірілген материалды іріктеп, қарап, монтажын жасадық. Бес серия жасауға екі жылдай уақыт кетті. Жақсы нәрсе бір күнде жасалмайды ғой,сонда да көңіл толмайды,  қаншама қызықты материалдар сыймай қалды, барлығын бес серияның ішіне сыйдыру мүмкін емес. Бұл кино өнерінің заңдылығы. Енді жаңағы жеңіл кәсіп туралы айтатын болсам, қолында ақшасы барлар қолына камера ала салып өзін киногер санап жатады. Менің ойымша, әр салада кәсіби деңгей деген болады. Бір кәсіпті меңгеру, соған өміріңді арнап, бір жобадан кейін бір жобаға қадам басып, өсіп-өрлеу –  бұл өз еңбегіңнің жемісі. Дегенмен, қазір ақша арқылы  барлығына жеңіл  қол жеткізетін заман болып барады.

– Ақша демекші, құпия болмаса қанша қаражат жұмсадыңыз?

– Құпия емес. Ақша мәселесін менен гөрі фильмнің продюсері әрі жарым Бақытгүл жақсы біледі. Барып қайтқанымыз, жолымыз, тамағымызды есептегенде  бас-аяғына екі жүз мың ақша жұмсадық. Киноның есебімен алғанда кереметтей көп қаржы деп айта алмаймын.

– “Сталинге сыйлық” атты фильміңіз Францияда өткен Халықаралық ХҮ Азия кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алғанын білеміз, бұл туындыны да байқауларда бақ сынатып көрмек ойыңыз бар ма?

– Кино өнерінің өз заңдылықтары бар. Фильм шыққаннан кейін 1–2  жылдың көлемінде фестивальдерді аралайды. «Сталинге сыйлық» Фильмнің фестивальдық тағдыры бұдан да жақсы болар ма еді деген ойдамын. Өйткені, киноның ішкі потенциалы жақсы. Көзге көрінбейтін судың астындағы тастар сияқты біреудің жолын біреу кеседі. Қазақстанның атынан «Оскарға» жіберуге болатын еді, бірақ өзіміздің қазақтар жібермей қойды.

– Төл туындыңыз «Балалық шағымның аспаны» биылғы жылдың үздік фильмі атанды. Құтты болсын! Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

– Рахмет! Бұл фильмді биылғы жылы абыроймен бітіріп, жалғасын түсіруге дайындалып жатырмыз. Жақында, қақаған аязда Қарағанды, Теміртау қалаларын аралап қайттық. Металлургия саласының заңдылықтарын меңгеріп, біліп жатырмыз. Шешіне салып суға түспейсің ғой, сол себепті ақырындап, түсірілім болатын орындарды бақылап, ескі зауыттың орнын көріп қайттық. Түсірілімнің басын бастадық. Енді 1–2 жылдан кейін тағы бір осындай жорыққа аттансам ба деп отырмын. Мысалы, болашақта Венгрия арқылы мадияр даласынан Римді шапқан «Аттиланың ізімен» деп жорық жасасақ па деген ой бар. Бірақ, бұл қиындау жұмыс болайын деп тұр. Себебі бұл жерлерді аралау үшін он екі мемлекеттің шекарасынан өту керек. Оған кем дегенде 2–3 жылдай  дайындық қажет. Бұл циклдық бағдарлама болуға дайын идея.

Сұхбаттасқандар:  Назерке Ахметова

                                 Әсел Бұлғымбаева


Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар