//

Оқырманның обалы кімге, ағалар?! немесе Тәжиев пен Ботабековтың дауы қашан бітер екен…

672 рет қаралды

Біз бүгіндері қанша жерден шындықты айтып шырылдағанымызбен сол айтқанымыздан түзеліп жатқан қоғам жоқ. Біз деп отырғаным, журналистер қауымы. Олай болмай қайтсін, кезіндегі Алаш тұтастығын ту етіп көтерген қазақ газеттерінің деңгейіне жетпек былай тұрсын, әлі күнге бірін-бірі қаралаудан, әупірімдеп жүріп тендерге ілігіп, мемелекеттің берген титтей қаржысын малданудан, ру-руға, топ-топқа бөлініп, өзара қырықпышақ боп майдан ашып, бірінің тендерден алған ақшасын бірі қызғанып сотқа беріп, соның кесірінен ауруға душар болатындай бейшара деңгейге түсіп кеткенімізді байқамай да жүрміз. Басқа жерде қайдам, бірлігі мен татулығы жарасқан дейтін, ұлтымыздың ұйытқысы атанып отырған Оңтүстікте, қазағының көптігімен мақтанатын Шымкентіңізде осы көрініс.

Сонау егемен ел атанып, қолымыз ауызымызға енді жете бастаған 90-шы жылдары Шымкентте газет ашу ісі бірден өріс ала бастаған еді. Жетпіс жыл бойы ауызы бұғандалып келген журналистиканың бойына қан жүріп, тілі шықты. Оңтүстікте аты дүрдей «Айғақ», «Замана», «Барыс» деген газеттер дүниеге келді. Олармен қабаттаса етек пен төсектің төңірегінде ғана ой өрбітуге, шығарма тудыруға шамалары жететін, эротикаға «шөліркеп» жүргендердің шөлін қандыратын, нағыз өсек пен қияли шығармалар ғана шығаратын сап сары сасық басылымдар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады кеп. Сол сабалақ басылымдарды шығарып келген жігіттердің біразы бүгіндері мемлекеттік газеттерде білдей жауапты қызметтерде жүр. Кейбірі бастық боп кеткен. Ол туралы кейінірек айтармыз. Қазіргі айтпағымыз әлгі жігіттердің топ-топқа, ру-руға бөлініп, қазақы түсініктегі «қатындар» сияқты қырқысуы туралы.

Не керек, жаңа ғасырға аяқ басып, заман түзелді-ау деген кезде газеттің қып-қызыл ақша екенін білген көзі қырағы шымкенттік жігіттер газет ашудың жан алысып жан беріскен жарысына түсті де кетті. Дүниеңізге «Діл», «Ардақ», «Төртінші билік», «Ақиқат-Истина», «Қазақстан жолы», «Әділет» деген сияқты т.с.с. сыңаржақ басылымдар келе бастады. Жата кеп әкім-қараларды жамандап, бара-бара «бәлеқор» деген лақап аттың иесіне айналды. Сол газеттердің егелері, редакторлары бүгіндері халыққа, оқырманына ақпарат емес, бірін-бірі жамандайтын, есекке теріс мінгізіп тұрып қаралайтын «қара пиар»мақалаларды жүйелі түрде арнайы айдарлар таңып, беріп келеді.

Жарыққа шыққанына 2 жыл болған «Әділет», «Қазақстан жолы» атты шымкенттік қос газет әр нөмірі сайын бірін-бірі қаралайтын, адамгершілік шектен асып кететін, ұятты сөздерді оқырманынан қымсынбастан жариялай беретін деңгейге жетіп отыр. «Әділеттің» редакторы Қ.Ботабеков пен «Қазақстан жолының» редакторы О.Тәжиев екеуінің арасы дәл қазір «неміс» пен «совет» сияқты. Әрбірінің сөзіне сенсек, өзі «совет». Шаң жуытпайды өзіне. «Қазақ үшін, Қазақстаны үшін отқа түсуге дайын отыр екен-ау» деген жалаң ойға берілесің. Алайда, оқырманға екі редактордың арасындағы «қатынөсек» айтыстың бір тиынға да керек емес екенін неге ой сарабынан өткізбейді екен деп тағы ойлайсың. Ақыры ойлай келе өресі биік азамат болса екеуі де ондай төмен деңгейге түспес еді ғой деп өзіңді-өзің жұбатасың. Осылайша екеуінен де көңілің қалады. Есті адам бұлай жасамаса керек еді ғой деп күйінесің. Одан түзеліп жатқан Қуанышбек те, ақсақал жастағы Оңғар Тәжиев те жоқ. Әлі күнге тартысып жүр. Оқырманын өкпелетіп аламыз-ау деместен. Сондағы айтатындары бір-бірінің сауатының деңгейі, үкіметтен алған тендерінің көлемі, бәз баяғы бір араларындағы түсініспеушіліктер туралы. «Анау пәленше нөмірінде пәленбай қате жіберіпті, сауатсыз болған соң сөйтет та, анау пәленбай тендер жеңіп апты, сонша көп ақша алатындай тиражы да жоқ қой» деген сияқты байдың ақшасын байғұсша қызғану, қызыл кеңірдек боп айтысу. Шындап келгенде тендерді де қандай жолмен жеңіп алғаны алақандағыдай аян, газетін сауатты етіп шығарып отырғаны шамалы. Әр қайсысында орфографиялық қателер былай тұрсын, саяси қате деген өріп жүреді. Өздерін қайраткер етіп көрсетуге құмар осы кісілер қолдарындағы туындыларына анда-санда байыппен қарап алса ғой дегің келеді.

Әрісі алыстағы ағайындардың, берісі оңтүстіктегі оқырмандардың, әріптес журналистердің айтуынша бүгіндері Шымкентте салиқалы ой айтатын, көпке үлгі болатын, жұрт іздеп жүріп оқитын басылым жоққа тән. Өздерін 90 жылға жуық тарихымыз бар деп мақатанатын Оңтүстік Қазақстан газетіне де халықтың көңілі онша тоқ емес. Үкіметтің, биліктің берген қатып, семіп қалған ресми ақпарлары оқырманның жүрегіне жол таба алмасы белгілі. Жергілікті биліктің күш көрсеткендей етіп халыққа жаздыртып беруінің арқасында ғана тираждары тұрақты. Әйтпесе қалың халық «ОҚ»-ны тіпті іздемейді де. ОҚО-да бізден «күшті» басылым жоқ деп бір жылдары сол «ОҚ» газетінің редакторы Б.Тәжібаев газетті киоскілер арқылы сатылымға да шығарып көрген болатын. Одан да қайыр аз болды.

Ақиқатын айту керек, Шымкентте сауатты һәм салиқалы бір ғана газет бар-тын. Сонау 2004 жылы Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ ректоры Серік Пірәлиевтің бастамасымен, белгілі журналист Абай Балажанның редакторлық етуімен «Евразия.кз» атты газет дүниеге келген-ді. Аз ғана уақыттың ішінде облысқа ғана емес бүкіл елге танылды. Небір өткір тақырыптарды көтеріп, қаншама салиқалы сұхбаттар жарыққа шығып тұратын. Ұстанымы да өзгеше еді. Майда-шүйде өсек аяңды жиыстырып қойып, тек қазақтың, ұлттың қамын күйттейтін, халықтың жоғын жоқтайтын. Ол жерде Шымкенттің басқа газеттеріне тән руға бөлінушілік те болмаған. Үш жүздің де балалары тату-тәтті қызмет еткен. Оны мына көзіміз талай көрген. Оңтүстіктің маңдайына біткен сол салиқалы газеттің ғұмыры ұзақ болмады. Алдымен дарынды редакторын билік Оңтүстік Қазақстан газетінің редакторлығына дейін өсіріп, артынан өшірді.

Десек те, орнында бар оңалар деген, салы суға кетпеген Абай ағамыз бүгіндері сол «Евразия кз-тің» баламасы іспетті «Орда.кз» деген газет шығарды. Ұстанымы да сол баяғы ұлттың қамы. Қазақтың қамы. Айтпақшы, жоғарыда тілге тиек еткен О.Тәжиев мырза Абай Балажанды да жерден алып, жерге салып жүр. «Сен бұрын да қазір де сопылардың сөзін сөйлеп жүрсің» деп. Ешқандай дәлелсіз. Құр өсек сөздермен. Мардымды дәлелі де, сенімді ақпары да жоқ. Әйтеуір тиісу, ауруы қалса да әдеттен арыла алмаушылық. Бұл жерде А.Балажанды ақтап алайын деп отырған дәнеңеміз де жоқ. Біздікі сол ортаның «ауа-райын», жағдайын көріп біліп, мән жәйді естігеннен соң, қайсыныкі ақ, қайсыныкі қаралау екенін білгенен кейінгі жеке пікір білдіру. Ар-ұяттан алыстап кетпейікші ағалар деген інілік пейіл.

Шыны керек, қазіргі ОҚО-ның баспасөзі оқырманға, қазағына қажеттіні толық бере алмай келеді. Тың идеяларға шорқақтаумыз. Кейбір басылымдар билікті, қоғамдағы әртүрлі оқиғаларды сауатты сынаудың әдісін таба білгені болмаса бір шетінен шешілмей жатқаннан да болар, әлі сол қазақтың ұлттық мәселелері төңірегінен шыға алмай жүр. Тендерден ақша жеңіп алу үшін ғана ашылатын газеттер көбейіп кеткен. Сапасын айтпай-ақ түсінуге болады. Ары кетсе екі-үш штаты бар, оның үстіне олары мұрнына журналистиканың иісі де бармайтын басқа саладан келген мамандар. Сосын қайбір жетіссін. Шымкенттің әлгі басылымдарының көпшілігінде осы жағдай. Осыдан оншақты жыл бұрын білгіштер «ондай басылымдар ертең-ақ жағаға шығып қалады» дейтін сөздер айтушы еді. Дегенмен олар көбейіп жатыр. Көбейіп қана қоймай, біріне-бірі өш. Қолындағы газеті өш алудың құралы. Осының бәрін көріп біле тұра ауыз ашып, әрекет етпейтін биліктің де сиқы белгілі.

Кейбіреулер бұның барлығын неге терімшілеп, жыламсырап отырсың деуі мүмкін. Әңгіме мемлекеттің онсызда көрінгеннің қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан есіл ақшасын біреуден қызғану, не болмаса біреулерге деген жеке өкпе-назды білдіруде емес, барлығы айналып келіп сол – оқырманның обалына қалмайықшы деген ниетке ғана тіреліп отыр. Жеп отырған асыңызды адалдап жеп, оқырманға оқылымды дүние беруді көбірек ойласаңызшы деген өтініш қана. Соңғы кездері ер азаматтар ұсақталып, еркектік ар-ұяттан алшақтап бара жатыр дегенді көп естиміз. Нарықтық заманның қатал заңы қалайда ақша тап, таппасаң аштан өлесің дегені сол екен, асқар таудай ағалармыз баюдың, даңғаза өмір сүрудің түбіне түсіп, жағымпаздық пен жарамсақытықтың неше түрін көрсетіп, бетімізді басып, жүзімізді төмен қарататындай әрекеттерді шімірікпей жасайтынды шығарды. Жоғарыда тілге тиек еткен бір-бірін «атудың» аз-ақ алдында жүрген, ел ағалары дейтін жастағы азаматтардың тірлігі де сол «ұсақтыққа» ұрынуының, «еркектік» мінездерінің жоғалғандығынан шығар бәлкім.

 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

Шымкент.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі