//

Тұйыққа тірелген қазақ көші

1502 рет қаралды
6

Бұған 2011 жылы тамызда қабылданған «Азаматтық туралы» заң тосқауыл болуда

2011 жылдың тамыз айында «Азаматтық туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен бері, бірде-бір шетелдік қазақ Қазақстан Республикасының азаматтығын алу туралы өтініш тапсыра алмаған. Бұл жайында бізді Алматы облыстық Ішкі істер басқармасында қызмет істейтін лауазымды тұлға хабардар етті. Ол аты-жөнін айтудан бас тарта отырып, жақын арада ресми түрде биыл, 2012 жылға арналған көші-қон квотасы да тоқтатылғанын айтты.

 

 

«Нопост» дегеніміз не?

Қытайдан оралған Сәрсен Нұрбақыт 2005 жылдан бері Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай жүр.

– Ол кезде мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып жүрдім. Сол жылдары құжаттарымды ҚР азаматтығын қабылдау үшін өткізбек болдым. Алайда, біздің тіркеуіміз оқып жатқан оқу орнының жатақханасында болғандықтан, уақытша тіркеу еді, ондай тіркеумен Азаматтыққа өтініш бере алмайды екенбіз. Тұрақты тіркелетін жер таппадым. Келесі жылы тұрақты тіркеу тауып, университеттегі тіркеуімнен шықпақ болып едім, ондағылар заңның өзгеріп кеткенін, оқу және туристік визамен жүрген шетел азаматтарына тұрақты тіркеу берілмейтіндігін, оқу бітіргеннен кейін шығу визасын ашып беретінін айтты. Біраз жерге әрекеттеніп көріп ек, әрекетімізден ештеңе шықпады. Амал жоқ, Қытайға қайтуға тура келді. Ол кезде Үрімжідегі Қазақстанның паспорттық-визалық қызметінде он мыңдаған адам кезекте тұрған еді. Соның салдарынан 2010 жылы барып, сегіз айдан кейін 2011 жылы ғана визам қолыма тиді. Сөйтіп Ақмола облысының Ерейментау ауданына келдім, сол жерден туысқанымның үй кітапшасына тіркелмек болдым. Сөйтіп 2011 жылдың шілде айында құжаттарымды өткіздім. Олар тұрақты тіркеуімнің екі айдан кейін шығатынын айтты. Бірақ олардан жауапты алты ай күтуге тура келді. Алты айдан кейін маған тұрақты тіркеу берілмейтіндігін мәлім етті. Себебі мен шекарадан өткенде, бір күн кешігіп тіркелген едім. «Сіз әкімшілік құқық бұзған екенсіз. Қазақстан заңы бойынша сізге тұрақты тіркеу бір жылға дейін берілмейді. Бір жылды күтіңіз» деді. Содан біраз мекеменің есігін тоздырдым. Ішкі істер министрлігінің Көші-қон комитетіне барып ем, «Қайда құжат өткіздіңіз, сонда барыңыз» деп шығарып салды. Енді күтіп жүрмін. Осы айдың 19-ында бір жыл толады. Визамның уақыты әлдеқашан бітіп кеткен. Енді не дейді екен? – дейді ол телефон арқылы.

Алматылық кәсіпкер, «PolorS Tour» туристік компаниясының директоры Базаралы Әріпұлы Қытайдан келген туыстарына көмектесу мақсатында туристік компания ашқанын айтады. Қазір қазақстандықтардың Қытайға баруына көмек қолын созады.

– Маған сол шілде айынан бастап, азаматтыққа құжаттарын тапсыра алмай жүргендер келе бастады. Егер сол кезден олардың тізімін жасағанда, жүзге жуықтайтын еді. Тек былтыр желтоқсан айынан өтініш айтып келгендердің әрқайсысының қолын қойдырып, мәліметтерін жазып алып отырдым. Қазір мендегілердің тізімі – 29-ға жетті. Олардың арасында визасының уақыты бітіп қайтып кеткендер де жетеді. Себебі былтыр тамыз айында «Азаматтық туралы» заңға енгізілген өзгерістер бойынша, ҚР қабылдауға ниетті жандардың барлығы (бұрын бұл ұлты қазақ шетел азаматтары үшін талап етілмейтін) келген елінің азаматтығынан шыққаны жайлы анықтама алып келуге тиіс. Қытай ешқашан ондай анықтама бермейді, – дейді ол.

Бұдан кейін Алматы қалалық Көші-қон полициясына жол тарттым. Ондағы оралмандар жұмыс жасайтын бөлімнің қызметкері егер редакциядан ресми хат болмаса, ресми жауап та болмайтындығын айта отырып, шілде айынан бастап ешқандай құжаттың азаматтыққа қабылданбай жатқанын растады. Оның айтуынша, «Азаматтық туралы» заң қайта қаралуы тиіс.

– Егер ондағы оралмандарға қатысты бап өзгертілмесе, Өзбекстан мен Түркіменстан, Тәжікстан азаматтықтан шығару үшін үш-төрт жыл күттіреді екен. Қытай мүлдем ондай анықтама бермейді. Тек жоғарыдан нұсқау күтіп отырмыз, – дейді атын жөнін айтудан бас тартқан ол.

Базаралы Әріпұлы бұл анықтаманы «Нопостан» шыққаны туралы және Қытайда бұрын сотталмағаны туралы анықтамалармен ауыстыруды ұсынады.

 – Ондай анықтамаларды Қытай сыртқа шығып бара жатқан азаматтарына береді. «Нопос» дегеніміз «үй кітапшасы», – дейді ол.

 

«Оралман куәлігінің» ойсыраған тұсы

 

Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1992 жылы дүниеге келген №791 «Қазақ куәлігі» жайлы Қаулы Сергей Терещенко үкіметін тарихта қалдыратын құжат. Бұл құжат 2000 жылдың басына дейін өмір сүрді де, оның орнын 2004 жылы №524 «оралман куәлігі» жайлы Қаулы басты. Дәл осындай мазмұндағы «Орыс картасы» 2008 жылы Ресейде дүниеге келді. Бұл құжат шетелден келген қазақтардың атамекенінде емін-еркін жүріп тұруын қамтамасыз ететін. 2004 жылы қабылданған №524 Қаулы бойынша, «оралман куәлігімен» мемлекеттік қызметке орналасуға ғана мүмкіндік жоқ болатын. Азаматтық алғанша, осы куәлік арқылы РНН (салық төлеушінің тіркеу нөмірі), СИК (жеке әлеуметтік код) рәсімдеп, қызметке орналасып, зейнетақы, түрлі жәрдемақыларын алуына мүмкіндік беретін. Әзірге бұл құжаттың күші жойылған жоқ. Бірақ Үкіметтің басқа Қаулылары арқылы «Оралман куәлігінің» құны қалмады. Біріншіден, бұрынғы Қаулылар негізінде оралмандарды тіркеу тәртібі жеңілдетілген еді. олардың Қазақстанда тұру уақыты аяқталғанымен, олардың тіркеу мерзімін созуға тыйым жоқ еді. Соңғы екі жылда әуелі Қытайдан келетін қазақтардың виза мерзімін қысқартты. Сосын олардың Қазақстанда қалу уақытын шектеді. Ал Үкімет тарапынан көші-қон шақыртуын тоқтатты. Бұның соңы Үрімжіде қазақ визасын алу үшін кезекте тұрғандардың санын арттырды. Алды 10 мыңға дейін жеткен бұл кезек мәселесі Қазақстанның бүкіл ақпарат құралдарында шу болды. Қазақ Үкіметі бұл ненің салдары екенін білмеді ме, әлде білгісі келмеді ме, бар болғаны Үрімжідегі «Қазақстанның паспорттық визалық» қызметінің басшысын ауыстырып, адамдарының санын арттырып, жұмысын жеделдетуден өзге алдын алу шараларын қолға алмады. Бұның ең басты себебі – Қытайдан Қазақстанға келетін қазақтардың виза уақытын 1 жылдан 3 айға дейін қысқаруты екеніне ешкім назар аудармады. Сарапшылар бұның қазақ көші-қонына кері ықпалын тигізетінін осыдан екі жарым жыл бұрын дабылдатқан болатын. Алматылық кәсіпкер, «PolorS Tour» туристік компаниясының директоры Базаралы Әріпұлы осы проблемаларды сол кездегі депутат Бекболат Тілеуханға жеткізгенін ол Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдағанын, оған жауап алғанын да айтады. Ол менің қолыма 2010 жылғы 12 қарашадағы № 12-31/6565 хатын ұсынды. Хат Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің сол кездегі Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханға 2010 жылғы 14 қазандағы № 7-9-1211 депутаттық сауалына жауабы екен. Онда «аталған визаның негізінде Қазақстан аумағына келген ұлты қазақ шетелдік азамат ҚР Ішкі істер органдары арқылы тұрақты тұру визасын немесе ықтияр хатын алуға өтініш білдіре алады. Бір немесе екі мәртелі тұрақты тұру визасы 90 күндік ресімделеді және де бұл визаны 60 күнге дейін ұзартуға болады. Осы «тұрақты тұру» немесе «жеке сапар» санаттарындағы визаларының қолданыс мерзімі ішінде оралмандар ықтиярхат ресімдеуге өтініш білдіре алады. Ал ықтиярхатты ресімдеу мерзімі 2-3 ай мерзімді құрайды және ол 10 жылдық мерзімге беріледі. Бұл құжат оралмандарға Қазақстан аумағына визасыз кіріп-шығу құқығын береді. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігімен ҚР визаларын беру ережелеріне өзгеріс енгізу туралы бірлескен бұйрық дайындалуда. Осы өзгеріске сәйкес, қазақ ұлтына қатыстылығын растайтын құжаттар болған жағдайда, оралмандарға жазбаша өтініштер негізінде «жеке сапар» санатындағы визасы 180 күндік мерзімге дейін берілетін болады» делінген. Демек, ұлты қазақ Қытай азаматтары үшін Қазақстанға кіру визасын 6 айға созу жайында бұйрық дайындалып жатқандығы осыдан бір жарым жыл бұрынғы Үкімет басшысының хатында айтылған.

– Алайда, – дейді Базаралы Әріпұлы, – содан бері бұндай бұйрық немесе Қаулы өмірге келген жоқ. Ал, Қазақстанға келген ұлты қазақ Қытай азаматтары үш айдан кейін қайта кетуі керек. Бұл уақытта олар тұрақты тіркеу түгілі, уақытша тіркеуге де тұра алмайды. Өйткені оның оңайлатылған механизмдері жасалмаған. Ал олар тіркелу үшін жақын туыстарының үйін сағалайды. Бәрінің жақын туыстары бола бермейді. Оның үстіне бір адамға тиесілі аумақ – 15 шаршы метр деген жаңа ереже қабылданды. Демек, 70 шаршы метрге 4-тен артық адам тіркеле алмайды. Мен бұндай мысалдармен күнде кездесемін. Жоғарыда көрсеткен хатта «Депутаттық сауалда көтерілген елге келген қандастарымызды уақытша және тұрақты тіркеу мәселесі бойынша, бүгінгі таңда республика аумағындағы 13 уақытша орналастыру және бейімдеу орталықтары қызмет атқаруда» делінген. Алайда оралмандарды бұл орталықтарда тіркеу көзделмеген. Тіпті бұл орталықтардың жұмыс істеп тұрғаны да күмән туғызады.

Сонымен тұрақты тіркеуге қол жеткізе алмаған оралмандар не ықтиярхатқа, не азаматтыққа құжат тапсыра алмай сенделуде. Жоғары жақтағылар бұл мәселеден хабардар. Тек мәселені қарастырудамыз дегеннен арыға бара алмай отыр.

Есенгүл Кәпқызы, “Түркістан” газеті

Сурет: thenews.kz

Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. мен елге оралған адаммын. азаматтық ала алмай қойдым. енді келген еліме кері қайтудан басқа амал қалмады. күнде төлеген штраф жүйкемді жұқартып бітті. қабылдамаса кет дейді. кет дегенде ит те кетеді. қайтеміз кетеміз. кетпейік десек тіршілік етер мүмкіндік қалмады. соттайтын.

  2. түрмеде шірігенше кетіп қалғаның жөн бауырым. қайда жүрсеңде аман жүр, ел деген ниетіңнен айналдым. сыйдыра аомай отырған халқың емес, оны сендей азамат түсінеді.

  3. Үкімет ауыспай қазақ көшінің күні тумайды. Дұрыс жолдан бұрғандар халықтың қаһарына ұшырайды.

  4. Жының келеді осы. Ұлтқа жасалған ашық шабулдың бір түрі осы ғой еді. Бұның бәрін жасырын істетіп отырған сол еурейлер.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар