/

Әжемнің әңгімелері

13936 рет қаралды
5

 Жәния   Ералиева                

Әжемнің әңгімелері

Әжем сөз қадірін жақсы білетін, әрбір айтқан сөзін әбден ойланып айтатын кісі еді. Ол кезде мен бала болдым. Әжемнің әңгімелерін зейін қойып тыңдағаныммен, тереңіне бойламаппын, сондағы айтылған сөздердің түбінде қажетіме жарайтынын ойламаппын. «Әже, бір айтқан әңгімені бірнеше күннен кейін қайталап айта бересің ғой» десем, «Сен ұғып алсын деп айтамын. Бар білгенімді, өмірде көріп, түйгенімді өзіммен бірге алып кеткім келмейді. Бір үйде қаншаусың, бір-біріңе қонақсың. Саған айтпағанда кімге айтамын?» дейтін. Енді өзім әже болғанда менің де естіген-білгенімді, көрген-түйгенімді өзіммен бірге алып кеткім келмейді. Сол себепті Алла разылығы үшін жазуға ниет еттім. Бисмиллаһір рахманір рахим. Іске сәт. Адам баласы жай ғана жолаушы, мына жалған дүниеде үш күндік, ары кетсе бес күндік қонақ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан екен: «Дүниенің маған қандай қатысы бар, менің дүниеге қандай қатысым бар?  Мен жай ғана бір жолаушымын. Бір ағаштың көлеңкесінде аз ғана уақыт отырып, демалып, тынығып, ары қарай жүріп кететін» деп.

Әжем айтқан, мен тыңдаған әңгімелердің ұшы үш сөйлеммен түйінделетін. «Қарабай Сарыбаймен мерген екен, Аралап талай жерді көрген екен». «Тауға да бердің баланы, Тасқа да бердің баланы». «Әуеде ұшқан алты қаз, Атайын десем оғым аз». (Суретте: әңгіме кейіпкері Сәлима әже мен немересі Талғат) Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Мұңлық Зарлық, Қыз Жібек. Үш жыр. Үш жырдан алынған үш сөйлем. Үш өкініш. Үш арман. Үш үміт. Сарыбай өлді, Қарабай тірі қалды. Сарыбай Қарабайдың өтірік сөздеріне сенді, алданды. «Біреуміздің әйеліміз ұл туса, біреуміздің әйеліміз қыз туса, екеуміз құда боламыз. Анау көрінген маралды ат. Әйелдерімізге алып барайық, жерігі қансын» деген Қарабайдың бір ауыз сөзіне сеніп, буаз маралды атқан Сарыбай аңның киесі соғып, көп ұзамай өзі де жан  тапсыратынын неге ойламады?  Қарабайдың арам ниетін неге білмеді? Патшаның құдайдан сұрап алған ұлы Зарлық пен қызы Мұңлықтың көздерін құртуға уәде беріп, патшаның бала тумаған алпыс әйелінен алпыс табақ алтын алған мыстан кемпір жас босанып жатқан патшаның әйелі Қаншайымның бауырына жаңа туған екі күшікті салып, жаңа туған екі баланы анасына білдірмей ұрлап алып, жанып жатқан отқа тастайды. Өртеніп өлген шығар деп пешті ашып қараса, сүп-сүйкімді ұл мен қыз қып-қызыл  шоқты ұстап, ойнап отырады. Мыстан кемпір оларды оттан алып, терең құдыққа, суға тастайын дегенде құдайдың құдіретімен жаңа туған нәрестелерге тіл бітіп: «Мыстан кемпір анамыз, біз де сіздің балаңыз. Тумай жатып біздің не кінәміз бар? Өлтірмеші» деп жылайды. Құдыққа құлап бара жатқан екі баланы Ғайып Ерен қырық шілтен қағып алып, елсіз тау-тасқа алып барып, өз қолдары өз аузына жеткенше пәле-жаладан қорғап, Алланың қалауымен киік емізіп, аналық қамқорлық жасап, өсіреді. «Қаншайым бала орнына күшік тапты» деген сөзге сенген патша әйелін екі күшігімен қосып, елсіз далаға алып барғызып тастайды. Күндердің күнінде аң аулап жүрген  патша тастан тасқа секіріп, аң қуалап жүрген алтын айдарлы бозбаланың өзінің ұлы Зарлық екенін, өзеннің жағасында шашын тарап тұрған алтын шашты бойжеткеннің өзінің қызы Мұңлық екенін қалай білді, білмесе қалай сезді? «Жағалбайлы, Жылқысын көптігінен баға алмайды, Өлгені Төлегеннің рас болса, Жесірін іздеп келіп неге алмайды?» деп қыз Жібек жылағанда «Түбінде Қособаның жатып алдым, Өзім мерген болған соң кімді аяйын, Өлтіріп Төлегеннің атын алдым» деп, өз ісіне өзі риза болған Бекежанның атқан оғы  ажалына тура келіп, жапанда жалғыз қалып, ел-жұртымен, аяулы анасымен, сүйікті жарымен қоштасуға дәрмені қалмаған Төлегенге өлер алдында  әуеде ұшқан алты қазға арманын айтқызған қандай күш, қандай құдірет? 

Атам мен әжемнің жалғыз ұлы, менің әкем жазылмайтын  аурумен ауырды. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген, көзінің қарашығындай жалғыз  баласы. «Ит қорығанға өш». «Кім бар, кім жоқ ендігі келер жазға, ауру жолдас болады өмірі азға».       

Текесте бір татар әйел тамақты өте дәмді жасайды екен. Ал менің әжем одан да дәмді жасайтын. Тезек қалап, от жағып, қойдың көңінің шоғын кос көмбенің асты-үстіне салып, он екі-он үш нанды бір күнде пісіретін. Қалған қамырдан бізге күлше пісіріп беретін. Сол нандар бір апта бойы жаңа ғана пісірілгендей болып тұра беретін. Қазір екі нан екі күнде желінбей қалса, бүлінеді, неге екенін? Неге екенін есіме түсірдім. Марқұм әжем нанды қазіргідей дрожжи қоспай, қол ашытқы қосып илейтін.  Ашыған наннан бір үзім алып қалып, келесі нан ашытқанға дейін жабық ыдыста сақтайтын. Ашытқы болмай қалған күнде ана үй-мына үйден сұрап келеміз, нанның ашытқысы әр үйден табылатын. Нанды илегенде, жайғанда арнайы сыпыра пайдаланатын. «Сыпыра тұрған үйде береке болады» деп, нан жаятын оқтауды бойына өлшеп тігілген қапқа кигізіп, биігірек жерге іліп қоятын. «Өйткені, нанды оқтау ғана басады. Оқтаудан өзге нәрсе нанды баспайды» дейтін. «Қайнай берсе қара судан да май шығады.  Қазан бір қайнаған соң отын азайтып, ұзағырақ уақыт қайнату керек. Нанды илегенде иін қандырып, қолыңа қамыр жабыспайтын болғанға дейін иле. Қандай тағам әзірлесең де көңіліңді салып, шын ниетпен әзірле, өйткені, бір үйлі жан, қыдырып келген көрші, қонақ сенің қолыңнан дәм татады. Оңқай болсаң да, солақай болсаң да кісіге ыдысты оң қолыңмен ұсын. Көрпе төсегенде тұйығын бас жағына, ашығын төмен жағына қаратып, төсе. Жолың ашық болады. Босағаға сүйенбе, табалдырықта тұрма. Есікті керме. Көк шөпті жұлма. Айға қарап дәрет сындыруға болмайды.  Сыпырғышты бұрышқа қақшитып тұрғызба, жатқызып қой. Дұшпаның қақшиып босағаңда тұрып алмасын. Үйге жақындағанда жүгірме. Түн ішінде далаға жалғыз шықпа, бас киімсіз, жалаңбас шықпа.  Бүйіріңді таянба. Аяғыңды аспанға көтерме. Қолыңды көзіңе тигізбе. Көзі ауырған қолын тияр, іші ауырған аузын тияр» деп  айтып отыратын еді марқұм әжем. Төртінші класта оқып жүргенімде маған нан илеудің қыр-сырын үйретті. Сол күннен бастап, нан илеу – менің ең жақсы көретін ісіме айналды. Жалпы, тамақ әзірлеудің құпиясын біліп алып, дереу қолға алғанды, іске асырғанды  жаным қалап тұрады. Ас дайындағанда бар ықыласыммен, жанымды салып дайындайтыным әжемнен ауысқан болса керек. Қой сойған күні кәрі жілік «ием аман болсын» деп тілеу тілейді деп, бір қолын тұтас асып,  «желдерің күшейіп кетпесін» деп бізді жас сорпамен сорпалайтын. Бір санын тұздамай бөлек қойып, манты пісіріп беретін.  Қаншама кастрюль болған, соның біреуінде тоң май (малдың майы), біреуінде сары май, біреуінде маңыз (кілегей),  біреуінде жент, дорбада талқан, құрт, бақанда қазы, қарта, ұн сақталатын жәшікте сүр ет. Екі сиыр, оншақты қой, қаз, тауық – біздің үйдің берекесі еді. Жылқыларымызды малшы туыстарымызға қосып қоятынбыз.  Қыстың күні қар қалың жауғанда қаздар семіретін. Қаздың етінен әжем пісірген мантының дәмі біздің аузымыздан әлі кеткен жоқ. Мамығынан жастық жасаушы  еді. Қойдың жүнін жуып, түтіп, шүйкелеп, иіріп, иірілген жүн жіпті екі қабаттап ширатып, немерелеріне жаз бойы шұлық тоқитын. Оны аппақ қып жуып, жазда еттен босаған бақанға жұп-жұбымен іліп қоятын. «Алтысында жиса асады, жетісінде жиса жетеді»деп, менің болашақтағы жасауымды дайындап, өрмек құрып, алаша тоқып, жүн жуып, жуылып, кептірілген жүнді сабаумен сабап, көрпелер жасайтын. Тойбастар, теберіктен жиналатын қызыл-жасыл пүліш, барқыт шүберектерді қиыстырып, құрақ көрпе құрап, бізге барқытты астарлап, ортасына жұқалап жүн салып, жеңсіз пенжек тігіп беретін іскер еді әжеміз. Қағазға салып, әртүрлі ою оятын. «Ғұмырлардың қысқасы, Дүниенің жалғаны. Есімде ою нұсқасы, Есімде жоқ қалғаны» деп жазған өлеңімде айтқанымдай әжемнен ою оюды үйреніп алмаппын. Өз қолымен өрнек салып тіккен тұскиізі төсегінің тұсында ілулі тұратын. Соғыс кезінде ауылдағы қолынан іс келетін әйелдер үйде отырып, ақысыз-пұлсыз майданға қажетті киімдер тіккендерін, содан да көзі жақсы көрмей қалғанын айтатын. Көзілдірік кимесе де, қолы бір уақыт тыным таппайтын. «Қолым біледі не істеу керек екенін» дейтін. Қазір ойласам, әжемнің көкірек көзі көріп, кеуде тілі сайрап тұрады екен ғой. Қартайып, іс тігуден қалғанда біресе матаны өлшегендей, біресе  қайшымен қиғандай қимылдатып,  дамыл көрсетпейтін қолдарымен бір уақ тасбиық тартатын. Мен ою оймаймын, кесте тікпеймін. Тоқимын. Көрген-білгенімді, естіген-тыңдағанымды көңіліме тоқуға деген ынта-ықыласым қандай болса, түрлі-түсті жіптерді түрлендіріп тоқуға деген қызығушылығым сондай.  Оқуды қалай жақсы көрсем, тоқуды солай жақсы көремін. Әжемнің айтқан сөздері құлағымда, істеген істері көз алдымда. Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің. Қасқа айғырдың баласы қасқа болмаса да төбел болар.        

Мен өз атымды шкафқа, үйдің қабырғасына, қарға, топыраққа темірмен, ағашпен сызып, жаза беруші едім. Буланған әйнекке, тіпті болмаса, ауаға «Жәния» деп жазғым келіп тұратын. Кегенге бара жатқан жолдың бойындағы, Ақшоқыдағы әкемнің күмбезінің ішкі қабырғасына да «Жәния. 1978 жыл» деп жазып қойыппын. Сол жылы Кеген орта мектебін бітірген едім. Бөлексазда мектеп сегізжылдық болғаны үшін аудан орталығы Кегенде тұратын мамамның сіңлісі Күләш тәтенің үйінде жүріп оқыдық. Кей түндері өз атымды түсімде еститінмін. Біздің төртеуміздің атымызды да марқұм әкем өзі қойыпты. Есімімізді өзі таңдап, талғап қойып, сосын Жүніс атаға азан шақыртып, құлағымызға айтқызады екен.  Жәния, Талғат, Болат, Ғания. Қыздарының атын кітапқа қарап, қойыпты. 1963 жылы, маусымның он бесінде Талғат дүниеге келгенде сол жылы, сол күні  Валерий Быковскийдің аспанға ұшу құрметіне баламның атын «Валержан» қоямын деп, сосын қазақтың ұшқышы Талғат Бигелдиновтың атын  қойыпты. 1965 жылы, бірінші мамырда Болат туғанда Алматыда ауруханада бірге жатқан  маңқыстаулық инженер «Темірболат» деген ат жақсы деген екен, анам Темірін алып тастап, Болатын қалапты. Кейін Болаттың тағдыры қилы-қилы өзгерістерге ұшырағанда мамам «Темірдей мықты болмады, болаттай берік болмады, болаттай балқыды. Темірін бекер алғызып тастаған екенмін» деп өкінді. 1967 жылы он жетінші қыркүйекте Ғания туғанда әкем ауырып жүріпті. Қырқынан жаңа шыққан нәрестені бет-аузына жақындатпай, қара тонының ішіне салып, кеудесіне қысып, бетін өзіне қаратпай, бері қаратып көтеріп, «менің қызым сұлу болады, менің қызым бақытты болады» дейді екен. Ал 1961 жылдың қазан айының жиырмасында,  әжем алпысқа, атам жетпіске келгенде көрген, «құдайдан сұрап алған» тұңғыш немересі – мені қыс бойы қойдың майымен сылап, жылы үйден шығармай, жылы ұстап, жеті айдан кейін мамырда күн жылынып, жерге көк шыққанда бірінші рет дала бетін, күн көзін көруге көтеріп алып шығып, мен таза ауаға тұншығып, талып қалыппын. Әкем  «Зоркий» фотоаппаратымен бізді жиі суретке түсіріп, ол тартқан суреттерін бөлмені қараңғылап, арнайы ыдыстарға су құйып, қағазға көшіріп шығарады екен. Барған жерінен әкелетін базарлығы – бізге арнап сатылып алынатын киімдер мен ойыншықтар болыпты. Бір жолы Мәскеуден екі шабаданмен келіпті. Біреуінде өзінің киімдері, қажетті заттары, біреуінде бізге әкелінген ойыншықтар. Сонау Мәскеуден маған арнап дөңгелектері үлкен, үш аяқты велосипед алып келіпті. Сол ойыншықтардың арасында резеңкесін басса, өзі бауырымен жылжып, қозғалатын ойыншық жылан  болыпты, әжем оны жанып жатқан пешке лақтырып жіберіпті. Әжем қуыршақ көрсе де отқа лақтыра салып, қарап отыратын. Мен де өзімнің қызым Әйгерімге қуыршақ сатып алып берген жан емеспін. Біреулер сыйға берсе, әжемнен көргенімді істеп, ешкімге көрсетпей, отқа жағатынмын. Талғаттың он жасқа келгенін көре алмайтынына көзі жеткен әкем «Талғат он жасқа келсе, өзім-ақ шатырдан ұшып өлер едім» деп армандайды екен. Шешеме «Өкен, сен көп ұйықтайсың. Мәңгілік ұйқы – өлімнен қашып құтыла алмаймыз. Мың күнгі қараңғыдан бір күнгі жарық артық» деп, өзі де санаулы сағаттарын санаған қайран әкем 1968 жылы, он алтыншы ақпанда мәңгілікке көз жұмды.  Қайтыс болатын күні Алматыдағы ауруханадан қолхат жазып беріп, шығып, үйіне, әке-шешесін, балаларын бір рет, соңғы рет көріп қалуға асыққан әкем сол кезде Қарасазда колхоз бастық болып тұрған жездесі Кәкен мен жақын әпкесі Асылқанның  уазик машинасында бес-алты сағаттық ұзақ жол бойы мамамның ауыстырып беріп отырған беторамалының бірнешеуін суық терге малшындырып, ең соңғы күшін жинап, Бөлексазға, есіктің алдына келіп көлік тоқтағанда ең соңғы айтқан сөзі «Талғат» болып, мамам  Талғатты үйден алып шыққанша тура келген ажалмен  одан әрі күресуге шамасы келмей, жан тапсырыпты. Сол күні әкемнің қарындасы Дина тәтем екеуміз моншаға барып келіп, әжем плитаның алдында, арқасын есікке сүйеп, менің шашымды тарап отырған. Сырттан асығып-аптығып кіріп келген шешеме «Е, Өкендер келіпті ғой» деп орнынан үш ұмтылып әрең тұрған әжеме мамам «Өкенді қоя тұршы, апа, Талғат қайда? Талғат!» деп төрт жасар Талғатты қолтығына қысып алып, далаға жүгіріп шықты.  Кешкі сағат тоғыздың кезі. Әкемді екі-үш кісі көтеріп, үйге алып кіріп, төсекке жатқызды. Сол жылы сатып алып, өзі толық бір жыл да жатпаған шетелдік гарнитурдың төсегіне. (Кейін, Талғарға көшіп келіп, үй салынғанға дейін пәтерде тұрғанда біздің отыз жыл шешемізбен бірге ұйықтаған, әкеміздің сүйегі жатқан қимасымыз, қос төсегімізді пәтердің иесі Кауар деген әйел зорлықпен өз үйіне кіргізіп алып, дүние көріп, бермей қойды. «»Бастан құлақ садаға» дедік шарасыздықтан).  Үйдің іші-сырты толы адам. Бір әйелдер шешемнің шашын тарқатты. Әжем дауыс салып жылады. Атамның  сақалынан көзінің жасы сорғалады. Бізді, балаларды көрші Таубалды ағаның үйіне алып кетті. Ертесінде Талғат, Болат үшеуміз жетектесіп, көршінің қорасының артында, үй жаққа қарап тұрып көрген алты жастағы менің көз алдымдағы  көрініс, ақ қардағы қызыл қан, сойылып жатқан қой мен жылқының қаны  санамда сурет болып сақталып қалды. Әкемнің сүйегін шығарған  жерге барып тұрып алады екенмін. Байқап қалған біреу үйге ертіп келсе, елдің көзін ала бере тағы сол жерге барып, тұрып алады екенмін. Талғат пен Болатты бейіт басына алып барған. Екі жастағы Болат бәтеңкесін теріс киіп алып, көшеде өтіп бара жатқан трактор көрсе, «паштой, паштой, тиакти, менің папамды көміп таштады. Байып, қажып келіп бейші» деп, трактордың соңынан жүгіріп, жылайды екен.  Болаттың тіліне қызығып, сөйлетуге құмар едік. «Пәте кием, тмақ кием, зытам» деп айтатын далаға шығып, ойнағысы келгенде. Мектепте оқып жүрген кезінде үнемі ысқырып жүретін. Әжем Болаттың үйге жақындағанын ысқырығынан танып, «Әне, Ысқырық келе жатыр» деп, тамақ ысытып, шай қойып, шала бүлініп, шарқ ұратын.   Түпкі бөлмеде үлкендігі орындықтай, мрамордан жасалған әкеміздін мүсіні тұрушы еді. Бірінен бірі айнымайтын екі бюст, қайсысы анығы, қайсысы көшірмесі екенін Алматыға барып, арнайы тапсырыс беріп, жасатқан мамам да білмейтін. Біреуі Ақшоқыдағы папамның күмбезінің ішінде осы күнге дейін тұр. Үйде тұрғанын жиырма сегіз жылдан кейін тау жаққа алып барып, молдаға құран оқытып, кісі баспайтын таза жерге көмдірдік. Мен сол тас мүсіннің жанында, қос төсектің шет жағында ұйықтайтынмын. Төсектің екінші шетінде мамам, ортада Болат пен Ғания жататын. Талғат басқа бөлмеде, әжесінің іргесінде, кіре беріс бөлмедегі  темір төсекте атам жатушы еді. Атам жатқан  бөлмедегі жарық өшірілмейтін, түнімен свет жанып тұратын. Ғания туғанда әкеміз қатты ауырды. «Бөлексаздың тізеден қары қалың, туа салып, емшекке жарымадың» деп, мамам жылап-еңіреп жүріп, Ғанияны уағымен емізе алмады. Әкесінің аузынан түсіп қалғандай,  дүниеге келгеннен әкесінің түрін көрмеген Ғания тілі жаңа шыққанда жансыз тас бейненің жанына жақын келіп, «Менің папам таш, көжі, мұйны, аужы, бәйі таш» деп, тас мүсінді кішкентай арық саусақтарымен сипайтын.   Ондайда шешеміз «Ақымақ қызым-ау, сенің әкең тас емес, адам. Жақсы болғаны үшін жердің үстінде жүрмей, жердің астында жатыр. Тумай жатып, мұңға оранып, шерге шомылған байқұсым-ай» деп, күні-түні жылайтын еді. Атам Ғанияны жетелеп, сыртқа алып шығып, мойнына мінгізіп, үйді айналып, үндемей жүріп алатын.  Кішкентайынан өмірдің ащы дәмін татқан Ғания шаруаға епті, мейірімді, әдемі қыз болып өсті. Адамның ойына келмейтін сөздерді айтатын тапқыр,  аяулы, артымнан ерген сіңілім, Ғаниям  Бөлексазда тұрады. Біз Ғанияны сағынғанда Бөлексазға барамыз, Бөлексазды сағынғанда Ғанияға барамыз.   
Әжемнің іс істеуге деген құмарлығы менің кітап оқуға деген, жазу жазуға деген құмарлығыммен бірдей еді. Кейін Бальзактың  «Беатрисасын” оқығанда Фелисите де Туш деген жазушы әйелден шаруаның әйелі «Сіз қалай жазасыз?» деп сұрағанда «Түк те қиындығы жоқ, сіз қалай іс тігесіз, қалай тоқисыз, сол сияқты мен жазамын» деп жауап береді. «Әркім әрнәрсеге құмар болады. Балықшы балық аулауға қызығып, құмартқанда аты судың жағасында байлаулы тұрып, суғарылмай, шөлден  өледі. Қаратаудың басында қу қарағай, балықшы атын өлтірер суғара алмай» деп айтып отыратын  марқұм әжем құмарлық туралы. Балалық шағы Іле өзенінің жағасында өтіп, балық жеп өскен әжеміз балыққа қатысты әңгіме, ертегі, мақал-мәтелдерді жиі айтқанды жаны сүйетін. «Балықшының қызы алыстағы қойлы ауылға келін болып түсіпті. Өз ауылының суын, дәмін аңсаған келіншек «Бал татыған балық етін жемеген басым қолаңса сасыған қой етін қалай жеймін-ай» деп оңашада жылайды екен. Мұсылман баласы жылына бір рет болса да балық етін бүйірі шығып, тойып жегені дұрыс, өйткені, балық – алла тағаланың жаратқан жәндіктерінің ішіндегі ең тазасы. Суда туып, суда өледі. Балықшының бақыты суда. Өзен жағалағанның өзегі талмайды. Өлмегенге өлі балық жолығады. Судағы балыққа қуанба, ол әлі сенікі емес. Суда да балық балалар, оны да құдай шолалар. Алланың рақымы шексіз. Судағы  жәндікті де несібесіз қалдырмайды» дейтін. «Жерден мықты нәрсе жоқ, бәрін шыдап, көтерген. Судан таза нәрсе жоқ, бәрін жуып, кетірген. Су таза, от таза. Тозған киімді аяқ астына тастамай, отқа жағып жіберген дұрыс» дейтін.        

Атамның аты Ералы, әжемнің аты Сәлиман. Әжемізді біз «апа» дейтінбіз. Әжем найман, матайдың қызы. Төркіні Талдықорған облысының Қоғалы, Тастөзек деген ауылдарында тұрады. Ол кезде қазіргідей қырық ру араласып, кімнің кім екенін де білмей, қосыла бермейтін. Албанның  жеті атаға толған рулары өз ішінде бірімен-бірі ғана қыз алысатын. Қызық көріп, «Елде жоқ найманның қызын қайдан тауып алғансыз?» деп сұраушыларға атам қуақыланып, «Қиын-қыстау жылдары ауып келген қырық үй матайдың ішінен таңдап алғанмын бұл апаларыңды» деп жауап беретін. Сөз өнерін үйреткен, әңгіме, жырға үйір еткен менің алғашқы ұстазым – осы найман, матай кемпір. «Кемпір, кемпір, кемпірді өлтір, өлтірмесең кемпірді жөнге келтір» деп айтып отыратын, қысы-жазы басынан кимешегі, аяғынан пимасы, белінен белбеуі, алдынан шалғышы түспейтін, жанары тайған көздерімен кісіге мейірленіп  қарайтын, барға қанағат етіп, жоққа сабыр сақтай білетін,  белі еңкіш тартса да ширақ қимылдайтын Сәлиман әжем от жағу, тамақ әзірлеу, сиыр сауу сияқты үй ішілік, отбасылық жұмыстарға келінін ортақтастырмай, өзі жалғыз атқарғанды жақсы көретін. Конторда есепші болып жұмыс істейтін келінін келіннен көрі баласының орнындағы баласына балайтын еді олар. «Ол екеуі мені көргенде Әшен тірі жүргендей, тіпті министр болып жүргендей қуанушы еді. Қыздарына да көп бармай, жиендеріне де көп көңіл бөлмей, «өлсек Өкен көмеді, Талғат пен Болат топырақ салады, Жәния мен Ғания жылайды» деп, тілеулерін тілеп, баталарын беруден жалықпаған қайран атам мен апам. Аласа жозыны айналып, дастарқан басында ас ішуге отырғанда атам мен апама қарап, «Мына екі байқұстың баласы жоқ» деп, төрт қарғама көзім түскенде, «Мына байқұс балалардың  әкесі жоқ»  деп ойлағанда іші-бауырым елжіреп, жан-жүрегім жылайтын. Сонда өзім жайлы неге ойламағанмын? Жиырма бес жаста сол екі қарт, төрт жас, алты жетімді жылатпай, пана болуға, қамқор болуға белімді бекем байлаған мен де ер екенмін» деп шешем есіне алып отырады осы күні.

                          …Қос бұрым сонда тарқаған,

                             Санаулы болған әр қадам.

                             Қалған тек маған серік боп,

                             Екі қарт, төрт жас, алты адам.

«Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деп, өздері айтатын сөздің растығын дәлелдегендей, атам  үйде ер адам істейтін шаруаны, әжем әйел адам істейтін істі қабақтарын шытпай, бар ынта-ықыластарымен атқаратын. Тіпті аулада істейтін жұмыс қалмағанда атам жарылған отынның орнынан жаңқа теретін. Үлкен-үлкен қарағайларды екі кісілік арамен кесуші едік. Атам бұтағы көп шөлкеге сына қағып, сынаны соққымен ұрып, шөлкені төртке бөліп, шой балтамен отын жаратын. Жарылған отынды ақ балтамен ұсақтайтын.  Ат арбамен шөп таситын. Қой төлдегенде түн ішінде қолына аспа шамды алып, қораға бірнеше рет барып, жаңа туған қозыны үйге алып келетін. Қол жуғыштың артында, шөп төселген шайдың жәшігінде қозы маңырап, өрістен қайтатын енесін күткен бұзау мөңіреп, оған қосылып,  ит үріп, тауық шақырып, таң атып,  қыбырлап-жыбырлап, кеш батып, барды-жоқты, ашты-тоқты, жатып-тұрып, жылап-күліп өтіп жататын күндерде атам мен әжем ешқашан ешқайда бізді тастап кетпейтіндей, өмір бойы бізбен бірге жүретіндей ойлаппыз.                                                                        

Атам  ашуы жоқ, ақкөңіл, бала мінезді, құс ұйқылы адам еді. Сөзге сараң, құлағы нашар еститін. Біз, немерелері ойыннан қолымыз босағанда атамыздың құлағына айқайлап, естіген-білгендерімізді айтуға таласатынбыз. Аулада атамның балғамен ұрып, қисық шегелерді түзетіп, есікке ілгек жасап, тықылдатып, тыным таптырмайтын ауыр темір төсі тұратын. Сол құт-береке дарыған, атадан балаға ауысып келе жатқан төс Бөлексаздан көшкенде ұшты-күйлі жоғалып кетті. Қолды болды. «Ауыл-үйдің моншағын күндіз ұрлап, түнде тағады» дегендей, кім біледі, біреулер ырымдап қорасына кіргізіп алды ма екен? Ырымы Қырымға кеткірлер-ай. Әжем ұйыған сүтті дорбаға құйып, қатық сүзетін, құрт жасайтын, май шайқайтын, бидайды қуырып, қол диірменмен  талқан тартатын, ошаққа от жағып, қара қазанды оттан түсірмей, бар тәтті мен дәмдіні біздің аузымызға тосатын. Піскен сүттің қаймағын бөлек қойып, оңашада екеуміз қалғанда маған беретін. Анамыз күндіз жұмыста. Түнде кір жуатын, үй тазалайтын. Суды қолмен тасып, кірді қолмен екі рет сабындап, екі рет шайқап жуатын. Кір жуған түні ұйқымыз келсе де шыдап, інім Талғат екеуміз анамыздың қасында отырушы едік. Біздің міндетіміз – әрбір жуылған киімді теріс жағына аударып, сілкіп, жайып жүрген мамамызға кірқысқыш беріп тұру. Кірқысқыш алып бергеннен бұрын қасымда қара болып, қарайып жүрсін деп ойлайтын болар. Шешеміз әкеміз сатып алып берген ағаштан салыңған төрт бөлмелі үйдің қабырғасының іші-сыртын сылап-сипап, жылына екі рет майлап, көрпе-жастықтарды күнге шығарып, көрпелерді қопсытып, жастықтарды көпсітіп, қолдан басқан киіз бен қолдан тоқылған алашаларды қаққыштай беретін. Қыстың күні үйдің маңындағы қар кірлеп кетті деп, (тіпті, ол жылдары Бөлексазда қар кірлеп үлгермей, қар үстіне қар жауатын, кірщіксіз таза қардың суына, жаңбырдың суына шашымызды жуатынбыз) төсеніштерді ат шанаға салып, иір судың жағасындағы таза қарға  алып барып, қағып-сілкіп келуші едік. Сонда олар «шаршадым»деп айтпайтын. Бар ойлары – қара шаңырақты сақтап қалу, қара шаңыраққа ие болып қалатын немерелерін ешкімнен кем қылмай өсіру, жеткізу. Шешем маған мектепке барғанға шейін түске дейін бір көйлек, түстен кейін бір көйлек кигізіп, шашыма тағатын бантиктерді ауыстырып тағып, өзі сол ісіне риза болып, қуанушы еді. Ал әжем тіл мен көз тимеу үшін қазақ баласы қандай амалдар істесе, соның бәрін біз үшін іс жүзінде қолданатын. Менің үкі тағылған тақиям және бір  жеңсіз қызыл пенжегім болған. Екі омыраудан етегіне дейін сөлкебай, тана, моншақ тігілген. Үкі, күміспен күптелген қамшы, меруерт, маржан, янтарь моншақтар, домбыра, ағаш тостаған, насыбай шақша, күміс қасықтар, қытай кеселер – біздің ес білгеннен күнде көріп, көзіміз үйренген бұйымдар еді. Менің ұзын, қалың шашым ұйысып, тарақ батпай шатасып қалғанда әжемнің жұп-жұмсақ қолдары тисе болды,  қараса қөз тоймайтын қос бұрымға айналатын. «Жас ағашқа кәрі ағаш сүйеу болған» дегендей, атам мен әжем келініне, біздің анамызға бірде  сүйенсе, бірде сүйеу бола білетін. Совхозға келген жолдаманың алдын алатын келінін шал мен кемпір  сиыр сатса да, бие сатса да ақша тауып беріп, Қырым, Кавказ, Қапалға курортқа жіберетін. Жазғы каникулда анамызбен бірге Алматыға қыдырып барып-келу – дүниенің қызығы еді. Ол кездегі Алматы біз үшін ертегідегі қаладай еді. Көркем қаланы армансыз аралататын анамыз бізді рестораннан тамақтандыратын. Бір аптадай уақыт Алматыда жүргенде ақшамыз бар болса да дүкен бетін көрмеген біз Кегенге келгенде Кегеннің дүкенінен үйді қарап қалған әжеме орамал, атама бәкі, базарлық сатып алып, «сендерге арнайы Алматыдан  әкелдік» десек, олар мәз болып, қуанатын. Кегеннің дүкенінде Алматыдан таптырмайтын қат бұйымдар өтпей тұратын. Он мың сом ол кезде көп ақша. Марқұм әкеміз елге сыйлы, ақылды азамат болған. Текестің жинақ кассасында әжемнің атына әкем салған он мың сом он жыл  бойы біздің қажетімізге жарады. Соңғы бес жүз сомды мені оқуға түсіру үшін әжем Текеске барып, алып келді. Мамам ақша жимады. Тоқсаныншы жылдары ақша ауысып, құнсызданып, ақшасы бар жұрт сенделіп, сеңдей соқтығысқанда мамамның атындағы жинақ кітапшада совхозға сүт өткізгенде түскен он жеті сом ғана бар екен. Әжем зейнетақы алмайтын. Атам алатын қырық бес сом зейнетақыны орын-орнына жұмсайтын. Ақша қолға тиген күні алдымен ұн, май, қант-кәмпит сатып алады. Бірде дүкеннен шығып, мектепке келіпті. Мұғалім маған «Дәлізде әжең күтіп тұр, сыртқа шығып кел» деді. Әжем менің қолыма қағазға оралған вафлиді ұстатып, «Сабағыңды жақсы оқы» деп, тез бұрылып кетіп қалды. Мектептегі ата-аналар жиналысына, мереке күндеріне арнап дайындайтын іс-шараларға әжем қатысатын. Үйге келген соң «Жәния тақпақ айтқанда қысылмасын деп бетімді қолыммен көлегейлеп, әдейі көрмеген кісі сияқты отырдым. Бар баланың ішінде Жәнияны мұғалім жақсы оқиды деп айтты» деп, менің жақсы атанғаныма өзінің де үлес қосып жатқанын іштей ойлап, риза болушы еді. Шешем бізге жазда шыт, сәтеннен тігілген, қыста таза жүннен тоқылған киімдер кигізетін. Ауа өткізетін киімдер. «Сұлуынан жылуы» деп, қыс мезгілінде біздің аяғымыздан пима, басымыздан тұмақ, түбіт тақия, түбіт орамал шешпей жүруімізді қатты қадағалайтын. Мамам суық тимесін деп, әжем шариғатта қыз бала, әйел адам жалаңбас жүруге болмайды деп, екі шешем мені жасымнан басыма орамал салып  жүруге үйретті. Ақ орамал, көк орамал, гүлді орамал, сәнді орамал  әйел затына жарасып тұрады ғой. Анамыз мейрамда, қонаққа барғанда киетін бір киер киімдерімізді де жиі жаңалап отыратын. Біз шешеміз сатып алып берген жаңа киімді киіп, атам мен әжеме көрсетуге асығатынбыз. Ол екеуі бізден ары қуанып, «Жастарың ұзақ болсын, киімдерің тозғақ болсын. Бала жеңіне қарап өседі» дейтін. Қолымызға тиын ұстатып, байғазы беретін. Мен, Талғат, Болат үшеуміздің әкеміз сатып алып берген таза қойдың жүнінен тігілген қара тондарымыз бар еді. Шешем шашымызды жуғанда сусабын пайдаланбай, «Детское», «Семейное», «Хвойное», «Кармен» деген иіс сабындармен жуғызатын. Шаш жуатын кіршіні кір жуатын кіршіден бөлек, таза жерге қоятын. Мамам өзіне сырт киім, аяқ киімді артығымен сатып алып, ауыстырып кигенді жақсы көретін. Мен бойым өсіп, қызға ұқсай бастағанда елде жоқ киімдерді менің үстіме жапсырушы еді. «Сендердің әкелерің «әйелдің сырт киімі мен аяқ киімі көп болғаны дұрыс»деп айтатын» деген шешеме мен «Ол  кісі оның бәрін қайдан білген?» десем, «Бальзактан оқыған, Бальзак әйелдер жайлы көп әңгіме жазыпты» дейтін. Шешем Бальзакты оқымаса да әкемнің айтуымен әйел затына байланысты кейбір тәрбиелік мәні жоғары нәрселерді Бальзактан үйренген ғой. Мамамның елде жоқ қара тон, қоңыр тондары, ақ қаракуль жағалы, қара қаракуль жағалы бастон пальтолары, шетелдік плащтары, доқабадан тігілген көйлектері, қос-қостан аяқ киімдері болатын кезінде күйеуі сатып алып берген. Кітап жинайтын шкафта  Бальзактың жиырма төрт томдық жасыл мұқабалы кітаптары мамамның сөзін растағандай, тізіліп тұратын. Маяковскийдің, Гогольдің, Тургеневтің, Бальзактың көп томдықтарын әкем Москвадан почта арқылы алғызғанда осы кітаптарды балаларымның бірі болмаса бірі оқиды деп ниет етті ме екен? «Амалдардың барлығы ниетке байланысты, әркімге ниет еткені тиесілі» деген хадис рас-ау. Осынша уақыт бойы шешем «Күйеуімнен қалған кітаптар» деп қастерлеп, шаңын сүрту үшін қолына алғаны болмаса, бір бетін де ашып қарамаған әкеміздің аманат кітаптарын қолымен ұстап, бірін алып, бірін салып, әріден ойлап, тереңіне бойлап оқу бақыты маған қырық бес жасқа келгенде бұйырды. Қырық екі жасымда алғаш рет Абайдың шығармаларымен танысып, Абай туралы жазылған дүниелерді оқыдым. Абайдың жұмбақ әлемі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп, жүректі жуып, тазалап, иман мен ұятты ұштастырып, құдайға қазақы қалыппен құлшылық етудің жолын көрсетті. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез. Не қызық бар өмірде одан басқа» деген Абай сөзінен кейін Бальзактың адамдарына,  бет перде киген және бет перде кимеген кейіпкерлеріне кезіктім. Мұның барлығы әрине, бір Алланың қалауымен болған іс. Алла қаламаса бір жапырақ жерге түспейді. Бальзактың кітаптарын оқығанда өзімді әкемнің аманатын орындағандай сезінемін, адам баласының жұмбақ мінез-қылықтарының шешуін тапқандай қуанамын, адамды өліп-талып жақсы көруге де, көрместей болып жек көруге де болмайды екен ғой деп ойлаймын. Таңдану – ғибадат. Алла тағала жаратқан адамға таңдана, қызыға қараған Бальзакты айта берсем, біреулер «Қойшы, сол французды айта бермей» дейді. Бальзак «Адам комедиясын» жазды ғой, «Француз комедиясын» емес! Шіркін, Бальзак туралы көсіліп отырып, әңгіме айтатын, Бальзакты жеріне жеткізіп, түсініп оқыған төрт қазақ  болса, олар – Мұқағали Мақатаев, Сағат Әшімбаев, Жұматай Жақыпбаев және менің әкем Әшен Ералиев. Бірақ ол төртеуі де Бальзак кеткен барса келмеске аттанып кеткендер.  Амал бар ма, жауған қарға!

 «Қазір орыс келеді, сол келетін орыс құлағыңды кесіп алады» деп себепсіз жылаған баланың аузын жабатын таза қазақ ауылда орыс дегеннің өзі сары, көзі көк болатынын естігеніміз болмаса, көрмей өскен бізге орыс тілінде жазылған кітаптарды оқуды армандаудың өзі ұят сияқты көрінетін еді ол кезде.  Жан алқымға тақалғанда әркім әрнені қимай қиналады дейді. Біреулер өмір бойы тірнектеп жиған дүниесін, суретші салынып бітпеген картинасын, жазушы жазған шығармаларын бір рет қарап шығуға жетпейтін минуттарды, ана артында қалып бара жатқан бауыр еті  балаларын ойласа, ер адам әйелін ойлайды екен. Жас күнінде көрер қызығы таусылып, үміті үзіліп, ажалдың жақындағанын жан-тәнімен сезінген менің әкем  жас қалып бара жатқан жарын қимай қиналғанын мен Бальзактың «Шагреннің терісі» деп аталатын шығармасын түн ішінде жұрт ұйықтап жатқанда жалғыз өзім диванда оқып отырып, түсіндім. «Шагреннің терісіндегі» Бальзактың кейіпкері Рафаэл де Валентеннің жиырма жеті жасында ауырып қайтыс боларында әйелі Полинаның құшағында жаны шығатыны туралы оқып отырып, марқұм әкем сол сөйлемнің астын қара қарындашпен сызып қойыпты. Жалпы ер адам дүниеден өтерінде  Алла тағала сөйлеуге мүмкіндік берсе, әйеліне ризашылығын білдіріп, басқа ерге шығуына рұқсатын беріп,  қайтпас сапарға жаны жай тауып аттанғаны жақсы болмас па екен деп ойладым. Шариғатта екінші рет ерге шыққысы келмеген әйелдің  некесін құманмен қияды екен. «Әйел иесіз болмасын, әлденелер иектемесін» деген наным-сенім болар. Шариғатта әйел алысқа, тоқсан шақырымнан асатын сапарға шыққанда оның қасында не ері, не баласы, не бауыры, әйтеуір, жақын ер адам болуы шарт. Соның бәрін білген қазақ «әйел жолы жіңішке» деген сөзді бекер айтпаған ғой. Жиырма бес жасында  жесір қалған анамыздың екінші рет ерге шықпағанының бір себебі әкем ең соңғы рет Алматыға ауруханаға жатуға кетерінде жылап қалған анасына «Апа, мен жазылып келемін. Әлдеқандай күн туса, мен болмасам, сендерге мені жоқтатпайтын Өкен бар ғой» деп айтқанын бес айлық кішкентай Ғанияның жөргектерін жинап, құшағындағы баламен ауруханаға бірге барғалы жүрген мамам  естіп, сол бір ауыз сөзді көңіліне түйіп, көкірегіне жазып қоймаса да әлдеқандай өмір болар ма еді. Бірақ әлдеқандай өмір болмас еді, өйткені, біз жетеуміз бірімізге біріміз жіпсіз байланған, маңдайымызға жазылған тағдырға мойын ұсынған  жандар едік. Марқұм әкем «Сыр сұлуы» деген әннің «Өзіңнен туған ұлың айналсын» деген сөзін қайталап айтып жүреді екен. Әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне. Әр жылдың тоғыз айын үйде, үш айын аурухана мен курортта өткізген құдай қосқан қосағымен жеті жыл ғана бірге өмір сүріп, қара шаңырақты қастерлеп, босағаны берік ұстаған біздің шешемізді ел құрметтеп, қадірлеп, еркелетіп, жұбатушы еді.  Ол уақыттағы халықтың көңілі таза, пейілі кең еді ғой. «Көрінген таудың алыстығы жоқ. Құрт, майың аралас. Ұлың бар, ырысың бар, қызың бар, өрісің бар. Қыз тұрмақ қызыл жүнге зар боп отырған ел қанша. Ат тұяғын тай басар. Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ. Тәуба де, сабыр ет. Әлі-ақ жетесің, жетілесің. Жасыңда бейнет көрсең, қартайғанда зейнет көресің. Орнында бар оңалар» деп, «жақсы сөз – жарым ырыстарын» айтып жүретін жақсы адамдар «көзден бұлбұл ұшты» бұл күнде. Балапан басында, тұрымтай тұсында.

                       …Үйімізге көп қыдырып қонақ келуші еді,

                          Көмбенің нанын, ошақтың асын жеуші еді.

                          Бізді көрсетіп, жұбату айтып шешеме,

                          Көрінген таудың алыстығы жоқ деуші еді.

 Біздің туған жеріміз Текес болғанымен, өскен ауылымыз Бөлексаз, сол кезде «Нарынқол мал бордақылау совхозы» деп аталатын. Сол уақыттағы совхоз директоры Әзімжанов Әбдімүтәліп деген кісімен көрші тұрдық.  Ол кісіні жұрт есімімен емес, фамилиясымен атаушы еді. Мұқағали Мақатаевтың туған қайнағасы.  Әзімжановтың шешесі, Мұқағалидың қайын енесінің есімі Мәшине болатын. Мәшине десе, мәшине, қимылы ширақ, жалғыз баласының тілеуін тілеп жүретін көрші әже барған жерде қалтасына құрт, қант-кәмпитті салып, «балама алып барып беремін» деп, немерелерінен бұрын өз баласын айтып жүреді екен. Мұқағали ағаны әжеме ілесіп барғанда Әзімжановтың үйінде көргенмін. Әкем бас есепші  болып жұмыс жасады. Жеті кластық қана білімі бар шешемді әкем кешкі мектепте оқытып, орта мектеп бітірді деген қағаз алып беріп, Әзімжановтың хатшысы етіп, конторға жұмысқа кіргізіп қойған ғой. Кейінірек, әкем қайтыс болған соң Алматыдағы  есепшілер дайындайтын бір жылдық курсты оқып алды. Пілдей бір совхоздың директоры таңертең жұмысқа кетіп бара жатып, жолай біздің үйге кіріп, шал-кемпірмен амандасып, «Жеңгемнің қолы дәмді, шайы тәтті» деп, бір-екі кесе шай ішіп, шешемді оятып, «Өкен, қарағым, тұр, жұмысқа бар» деп, отбасымызға қамқорлық көрсетіп жүретін еді. Әзімжанов әжеме «Келініңнің негізі жақсы, негізі жуас» деп айтады екен. Шешемнің анасы Сұлуқан әкпе шынында қой аузынан шөп алмас, момын адам еді. Негіз деп шеше жақты, тұқым деп әке жақты айтады. «Негізі жарыған, негізі жарымаған, тұқымында бар, тұқымында жоқ, негізі жақсы, негізі жаман, тұқымы жақсы, тұқымы оңбаған» деген сөздерді үлкендер айтып отыратын. Ұлдың қандай болмағы нағашыдан, үйдің қандай болмағы ағашынан. Жас, жесір келіншекті көлденең көк аттыдан қорғап, сондай бір жүгенсіз, көргенсізді кабинетіне шақырып алып, «Әшен қандай еді, сен қандайсың. Әшен тірі жұргенде сен оның қолына су құюға батпаушы едің. Ит жоқта шошқа үреді қорада, би жоқта құл жүреді жораға» деп, әлгі біреудің екі аяғын бір етікке тығып, жерден алып, жерге салып, ұрсып, жөнге келтіріпті. Сол жылдары Текестен Бөлексазға бірнеше жанұя көшіп келді. Өзара тату-тәтті араласып, өздерін «загатскотпыз» дейтін. Әкемнің «загатскот» досы бар еді, Әлім деген кісі. Әкемнен кейін екі жылдан соң аяқ астынан ауырып, қайтыс болды. Әйелі Клара апай мектепте бізге тарих пәнінен сабақ берді. Алты баламен жесір қалған Клара апай мен менің шешем «айлас әйел мұңдас» еді. Жастары жетпістен асқанша әкемді ұмытпай, шешемді көздерінен таса қылмай, араласып-құраласып жүрген  Ғаббас аға, Зура тәте, Ақатай тәте, Күлзипа тәте, Клара тәтелер – нағыз адал достың көзден кетсе де көңілден кетпейтіндігін, көзкөргендер жасы ұлғайған сайын бірін-бірі іздейтіндігін дәлелдегендей. «Әкең өлсе, өлсін, әкеңді көрген бар болсын» дегендей, Ғаббас аға менің әкеммен күні кеше бірге жүргендей, «загатскоттың» әңгімелерін айтады. «Текесте тұрғанда Асаубай деген күзетші шал бар еді. Досан зоотехник, Марат төрт кластық мектептің директоры болып жұмыс істейтін. Әшен Досан мен Мараттың істеген істеріне көңілі толмағанда «Екеуіңнің миыңды қосса, Асаубайдың миындай ми шықпайды» деп бізді күлдіретін» деп досын есіне түсіріп, көзіне жас алады. Бөлексаз – елі  де бай, жері де бай,  құт-береке дарыған ауыл еді.  Сырттан келген жас мамандар екі шабаданмен көшіп келіп, тіркеу тіркелген камаз машинасымен көшіп кететін. Көшкісі келмегені малды-жанды, үйлі-баранды болып, өсіп-өніп, Бөлексаздың тұрғылықты тұрғынына айналатын. Көк майса шөбі әрі малға азық, әрі көзге көрік, көңілге тоқ, қалың өскен шөптің арасында отырған кісі көрінбейтін. Ауылдан біраз жер ұзап жүргенде Ақбұлақта мамыр айының аяғында қызыл гүлдер өсетін. Мектепте «соңғы қоңырау» соғылатын күні ересек балалар құшақ-құшақ гүл теріп, біздің үйдің тұсынан өтуші еді. Жазда жайлауда мал бағып отыратын Ахметалы атамыз бен Ақан апамыздың  киіз үйіне қыдырып барып, қарағайдың сағызын сіріңкенің қорабына толтырып жинап, шайнаушы едік, жабайы жуа, иісі аңқыған дала гүлдерін теруші едік. Біз барғанда олар қуанып, бала демей, қой сойып, ет асып, құрт-майды  жегізіп, аққа тойғызатын. Киіз үйдің маңында үлкен төбет иттер жататын. Олар да бізге мейіріммен қарайтын сияқты болып көрінетін. «Бөлексаз – жердің жайлауы, өмірдің бар ма байлауы» деп шешем әнге қосатын ауылдың қазіргі жағдайы айтпаса да түсінікті. Шешемнің сөзімен  айтқанда «Өлгені өлді, көшкені көшті». Мен үшін Бөлексазда бұрынғыдан өзгермеген –аспан ғана. Тап-таза,  ап-ашық, көкпеңбек аспан. Бұлттары сөйлеп, әңгіме айтатын. Түнгі аспан тіпті керемет! Бүкіл жұлдыз атаулы Бөлексаздың аспанында анық көрінеді. Бала кезімде аулада, қарағайдың үстінде кітап оқып отырып, төбемде тыраулап ұшқан тырналардың дауысына құлақ түретінмін. Тырналар өз тілдерінде «Біз анау кітап оқып отырған көзілдірікті қызды танимыз. Ол қыздың арманы да көп, мұңы да көп. Ол қыз бізді ешқашан жадынан шығармайды, ұмытпай, есіне алып жүреді» деп айтатын болар деп ойлайтынмын. Біз – ойын баласы, ойыннан өзге ойымызда ештеңе жоқ. Жасырынбақ  ойнау үшін санамақ  білу керек. «Шал мен кемпір келе жатып, арбасының дөңгелегі түсіп қапты, оған неше шеге керек? Алма домалап барады, шөлки ілініп қалады, алыстағы баланы, қатарға қосып алады. Бірім-екім, алма-текім, сабыр-айым, сары шымшық, мұнда тұрмай, тез шық». «Ақ терек, көк терек», «Бұғынбақ», «Ана айдың әйбәті-ой», «Үйшік-үйшік», «Орта доп», «Қашпа доп». Аты бар, заты бар ойындар. Ойнап жүріп, сөйлейміз, сөйлеп жүріп ойнаймыз. «Бап-бап, барабан, Советский қара нан. Қара нанда жемеймін, Қарным ашты демеймін. Нан қоқымын шашпаңдар, Жерде жатса, баспаңдар. Теріп алып, қастерлеп, Торғайларға тастаңдар. Пеш түбінде мысық отыр, Аздап көзін қысып отыр. Тышқан етін жегісі кеп, тісі оның қышып отыр. Тау басында трактор, Бұрандасын бұрап тұр. Бөлексаздың қыздары, Маған жете алмай жылап тұр. Серік, Серік, серкебай, Машинасы гурзабай. Тауға барса, отын жоқ, Үйге келсе, қатын жоқ. Алматыда бір қыз бар, Шекесінде жұлдыз бар. Алайын десем ақшам жоқ, Салайын десем қалтам жоқ. Алыс па екен Жалаңаш, Жақын ба екен Жалаңаш. Жалаңаштың қыздарын, Ат арбамен ала қаш. Алыс па екен Москва, Жақын ба екен Москва. Москваның қыздары, Айтады екен раз, два». Қазіргі балаға тақпақ айтшы десеңіз «Аю отыр партада, Екі қолы қалтада. Апай сабақ тұраса, Ұйықтап қапты масқара» дейді. Бақ- бақ шөптің жерден жұлынып алынған жағын тарамдап, аузымызға салып, «Бақа, бақа, бақ-бақ, Басың неге жалпақ. Темір қалпақ көп киіп, Басым содан жалпақ. Бақа, бақа, бақ-бақ, Көзің неге тостақ. Көрінгенге көп қарап, Көзім содан тостақ. Бақа, бақа, бақ-бақ, Бұтың неге талтақ. Шалшық суды көп кешіп, Бұтым содан талтақ»  деп, қайталап айта берсек, бақ-бақтың аузымызға салған ұшы бұйраланып қалатын.

                              Бақа дегенім бақ-бағым еді,

                              Бала күндегі тақпағым еді.

                              Бақаның басы жалпақ болатын,

                              Басында темір қалпақ болатын.

                              Дөңгелек көздер тостақ болатын,

                              Көзіне жастың тостақ толатын.

Иә, бақаның көзі шынымен  тостақ болатын болса, біздің отбасы мүшелерінің көрнеу-көмес жылаған көз жастарына күніне бір тостақ толатын. Сәуір айында сары кілем төсеп қойғандай жер-әлемге  бақ-бақ қаптап шығады. Бірақ, біздің бала күніміздегідей қазіргі балалар ауыздарына бақ-бақ салып, «Бақа, бақа, бақ-бақты» айтпайды. Шешелері «уланып өлесің»деп жердегіні де, жерге түскенді де жегізбейді. Кейде әжем мені үй шаруасына қолғабыс тигізсін деп, жұмсайды. «Елдің осындай қызы бар тірлікті істейді» деп кейісе, шешем «Ой, апа, ойнай берсін. Үйдің жұмысын Жәния өмір бойы істейді. Ойынды өмір бойы ойнамайды ғой. Балалық шақ қайтып келмейді. Әр нәрсе өз уақытында» деп мені көңілім қаламаған жұмыстан құтқарып жіберетін. «Қарабай Сарыбаймен мерген екен, аралап талай жерді көрген екен» дегенде өмірде жақсы мен жаман қатар жүретінін, түбінде жақсылық жеңетінін, жақсы әкенің аты балаларына қырық жыл азық болатынын айтқан екен ғой әжем жарықтық. Баласына бар мейірімін арнаған ана, былайғы дүниені былай ысырып қойып, Текесте тамақ пісірумен аты шыққан татар әйелге айтып, баласы сүйсініп ішсін деп, нанын қылдай жіңішке етіп кескізген   кеспе көже пісіртіп, бөтен үйден тамақ ішкізеді екен. Өмір жасы ұзақ болып, татар дәмі таусылмаса екен деп, татар әйелдің қолынан ырымдап, тамақ ішкізген жалғыз баласы жиырма жеті жасқа келгенше әйел алмай, (біреудің обалына қаламын, ауруымның түрі жаман деп ойлаған болар) жиырма жеті жасында Партсъезден (қазіргі Жамбыл ауылы, Сағат Әшімбаевтың туған ауылы) Текеске концерт қою үшін келген қыздардың ішіндегі ең көріктісі, ең ақылдысы, өзінен он жас кіші, он жеті жастағы  менің шешем Өкенді бір көргеннен ұнатып, әке-шешесі қуанып, құда түсіп, жеті жыл ғана бірге өмір сүріп, отыз бес жасында ауырып, қайтыс болғанда жиырма бес жастағы жесір келіні, алты жастағы мен – Жәния, төрт жастағы інім Талғат, екі жастағы  інім Болат және бес айлық сіңілім Ғания, төрт немересі, «құдай салды, біз көндік» деген шалы көз алдында түкке түсінбей, жаутаңдағанда, «Берген он балаңнан қалған жалғыз Әшенді де қимағаның-ай, құдай,  тауға да бердің баланы, тасқа да бердің баланы» деп армандаған екен. «Кім көнбейді тағдырдың салғанына» деп, әкем қайтыс болған жылдың күзінде көршінің үйінен гүл сұрап алып, мені қолымнан жетелеп, Бөлексаздың сегіз жылдық мектебіне бірінші класқа оқытуға алып барып, қуанып, екі ұлды сүндетке отырғызып, қуанып, кішкентай қыз бала, нәрестені қолына алып, иіскеп, қуанып, шалын медеу, келінін медет тұтып, қуанып, «Әуеде ұшқан алты қаз, атайын десем оғым аз» деп, армандаған екен ғой.                                                                                                                    

Шешеміздің  азан шақырып қойған аты Руслана, атасы мен әжесіне Руслана деп атау қиынға соқса керек, Өкен деп атағанды жөн көріпті. Құжатқа Руслана деп жазылғанымен, Өкен деген атымен танымал  анамыз осы күні Өкен апа. Өзі айтқандай, «жас еді, кәрі болды, келіншек еді, кемпір болды». Бар өмірін балаға арнаған, бар көңілі балаға ауған, «бала, бала, бала деп балапан басы қор болған» қайран шешеміз ақ жаулықты апа болды. Балаларының, немерелерінің, шөберелерінің, бар мұсылман баласының тілеуін тілеп, біздің әрбір қалт еткен қимылымызды барлап, бақылап, дұрыс бағыт көрсетеді, ақ батасын береді. Сүйегі асыл, рухы биік.  

 «Адамға өз өмірін әңгіме қылудан ауыр қайғы жоқ. Бұдан көңілді де нәрсе жоқ» деген Мағжан Жұмабаев. Біреулер мына өмірде «тіршілік етеді», біреулер «өмір сүреді». Алла тағала бақыт беретін құлын сынайды екен. Мен елден ерекше сынаққа алынған, «өмір сүрген» отбасында өстім. Атам да, әжем де  тоқсан жас жасады. Уақыт емдеп жаза алмаған жараны сөз емдеп жаза алатынына көздері жетіп кетті. Біз, немерелері, оларға көз алданыш болсақ, бітпейтін, таусылмайтын үй тіршілігінен бос уақыттарында бізге қайталап айта беретін санамақ, жұмбақ, ертегі, мақал-мәтел, өлең-жыр, шариғат әңгімелері сөз алданыш болды.    

  

                            ххх

                   Сан, сан, сан екі,

                   Санай берсең – он екі.

                   Он екі деп кім айтты?

                   Орыстағы жеңге айтты.

                  Жеңге айтты деп кім айтты?

                  Жеңі салы кісі айтты.

                   Кісі айтты деп кім айтты?

                   Кісінеген тай айтты.

                   Тай айтты деп кім айтты?

                   Тай енесі бие айтты.

                   Бие айтты деп кім айтты,

                 Бие сауған құл айтты.

                   Құл айтты деп кім айтты?

                   Құдықтағы бақа айтты.

                   Бақа айтты деп кім айтты?

                   Бақылдаған теке айтты.

                   Теке айтты деп кім айтты?

                   Те-е-еңкиіп жатқан шал айтты.

 

                                    ххх

                   Қойным толды жеміске,

                   Қоншым толды жеміске,

                   Жемісімді жерге бердім,

                   Жер жусанын берді.

                 Жусанын тоқтыма бердім,

                   Тоқтымды қонаққа сойып бердім,

                    Қонақ қамшысын берді.

                    Қамшысымен қаз ұрып алдым,

                    Қаз жұмыртқасын берді.

                    Жұмыртқасын көлге тастадым,

                    Көл көбігін берді.

                    Көбігін терекке жақтым,

                    Терек қабығын берді.

                    Қабығын сиырыма бердім,

                    Сиырым сүтін берді.

                    Сиырымның сүтін пісіріп отыр едім,

                    Көбелек келіп көлп етті,

                    Көбігін ішіп ол кетті.

                    Жапалақ келіп жалп етті,

                    Жартысын ішіп ол кетті.

                    Сауысқан келіп сарқ етті,

                    Сарқып-сұрқып ішіп ол кетті.

                    Қарға келіп қарқ етті,

                    Қалғанын ішііп ол кетті.

 

                                ххх

                   Бір дегенім – білеу,

                   Екі дегенім – егеу,

                   Үш дегенім – үскі,

                   Төрт дегенім – төсек,

                   Бес дегені – бесік,

                   Алты дегенім – асық,

                   Жеті дегенім – желке,

                   Сегіз дегенім – серке,

                   Тоғыз дегенім – торқа,

                   Он дегенім – оймақ,

                   Он бір қара жұмбақ.

      Санамақтар. Қызық. Бірдей әріптер бірін-бірі қуалайды. Тіл ұстарту, тіл дамыту, тіл жаттықтыру жаттығулары. Жатар алдында ертегі тыңдау ол уақыттағы балалардың ең сүйікті ісі еді ғой. Ойды ұшқырлап, қиялды қияларға жетелейтін ертегілерді. Әжеміз үнемі өзі ғана айта бермей, бір күн өзі айтса, бір күн бізге айтқызатын немесе дауыстатып кітап оқытатын. «Ана тілі» оқулығындағы «Күлпаш», «Көркемтай», «Арыстан мен иттің достығы», «Бай баласы мен жарлы баласы» деген  әңгімелерді күн ара қайталап оқып беріп, дағдыланып алған соң «Пионер», «Жалын», «Жұлдыз» журналдарынан, «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті» газетінен кешке әжеме оқуға болады-ау деген өлең, әңгімелерді  күндізден дайындап, реттеп қоятын болдым. Оқитын әңгіме болмай қалса, көршінің жоғарғы класта оқитын балаларының әдебиет оқулығын сұрап келетінмін. Махаббатқа қатысы бар жерлерін қалдырып, оқымай қойсам, төсекте, көзін жұмып, «е-е-е» деп жатқан әжем «Сен сөз тастап оқыдың. Сөз тастамай оқы» деп біліп қоятын. Осы уақытқа дейін не оқысам да бір сөз тастамай оқимын. Менің қалай оқитынымды осы күнге дейін әжем бақылап отырғандай-ақ.

Шешуі сурет болатын бір шумақ жұмбақ өлеңді ұмытып қалыппын. Одан өзге айтқан сөздерінің барлығы есімде сақтаулы. Мүмкін марқұм әжем «айтқан сөздерімді Жәния ешқашан ұмытпаса екен» деп ішінен дұға жасаған болар. Әжем бір уақыт бізге жұмбақ жасыратын.

      Қатар-қатар тас қойдым,

      Жирен атты бос қойдым.

                             (тіс пен тіл)

     Қара сиырым қарап тұр,

     Қызыл сиырым жалап тұр.

                           (қазан мен от)

     Асты тас, үсті тас,

     Ортасында піскен ас.

                     (көмбеге пісірілген нан)

     Көк көйлекті жеңешем,

     Көлбең-көлбең етеді.

                            (түтін)

     Айдалада ақ отау,

     Аузы-мұрны жоқ отау.

                       (жұмыртқа)

     Белі бүкір,

     Алысқатүкір.

                (мылтық)

     Ти десем тимейді,

     Тиме десем тиеді.

                         (ерін)

     Көрегендер көрші отырып,

     Бірін-бірі көре алмайды.

                                      (көз)

      Жер астында жездекемнің аты кісінейді.

                                                           (тышқан)

 

      Ерте, ерте, ерте екен,

      Ешкі жүні бөрте екен,

      Қырғауыл жүні қызыл екен,

      Құйрық жүні ұзын екен,

      Мұзға барып қоныпты,

      Құйрығы жабысып өліпті

деп ертегі басталғанда сондай әдемі қырғауылдың өліп қалғанына мен кәдімгідей өкінетінмін. Бірақ ол қырғауыл басқа ертегі басталарда қайтадан тіріліп, әдемі, ұзын құйрық жүндері мұзға жабысып, қайтадан өлетінін білетінмін.

 

                                     Балықшының қызы

Баяғыда бір кемпір мен шал болыпты. Олардың жалғыз қызы болыпты.

Олар судың жағасындағы жаман лашықта тұрады екен. Шал күн сайын ау құрады. Ол ауға күн сайын үш балық түседі. Осылайша күн артынан күн өтеді. Бір күні шал кемпіріне көптен бері мазалап жүрген ойын айтады. «Ішер асқа, киер киімге жарымай өміріміз өтіп барады. Құдай үш балықтан артық несібе бермеді. Осы қыздан құтылсақ, өлер шағымызда үш балықты үшеуміз жегенше екеуміз бөліп жеп, бүйіріміз шығып, қарнымыз тоятын еді». Кемпір қызын қимайды, жылайды, бірақ сол бір «не десе де көн, күйеуіңдікі жөн» деген ескі уақытта көнбеске шарасы қалмайды. «Тоқтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді» деп, нәпсісіне қарсы тұра алмайды. Ондайда тұрмыс билейді адамды. Шал ойындағысын іске асыру үшін, отын шабуға тоғайға барады, қызды «жидек теріп ойнайсың» деп қызықтырып, ертіп барып, адастырып, өзі кетіп қалады. Әкесінен көз жазып қалған бес-алты жасар қыз бала тоғайда жылап жүргенде нөкерлерімен  аң аулап келе жатқан патшаның баласына кездесіп, патшаның баласы қызды сарайға алып кетеді. Жуындыртып, киіндіртіп, тамақтандыртып, оқытып, қызды жақсылап баққызады. Қыз да ақылды, әдепті, көрікті, ең бастысы өте қайырымды болып өседі. Бойжеткен соң патшаның баласына тұрмысқа шығады. Патшаның сұлу, жас әйелі кедей-кепшік, жоқ-жұтаңдарға қарайласады екен деген хабар бүкіл патшалыққа тарайды.

Баяғы шал мен кемпір не күн көріп жатыр, олар тірі ме, жалғыз қызынан құтылып, қарындары тойып, тұрмыстары жақсарған шығар деп ойлайтын шығарсыздар. Жоқ, тіпті де олай емес. Шал үйіне келіп, аудағы балықты алса, екі-ақ балық түсіпті. Ертесінде тағы екі балық, оның ертесінде тағы екі балық. Үшінші балық, қыздың несібесі қызбен бірге жоғалып кетіпті. Кемпір жылап, байбалам салып, шал екеуі қызды іздеп бармаған жер, баспаған таулары қалмайды, ақырында «ит-құсқа жем болған болар» деп, қайғырып, жүдеп, жадап, өлместің күнін көріп, жүріп жатады. Патшаның қайырымды әйелі туралы хабарды біреуден біреу естіп, сол хабар кемпір мен шалға да жетеді. «Жүргенге жөргем ілінеді» деп, шал жолға шығып, сұрастырып жүріп, патшаның қайырымды әйелін іздеп табады. Қыз әкесін бірден таниды. Әкесі қызын қайдан танысын,  бірақ біртүрлі бүйрегі бұрғандай болып, батылданып, алғашқыда ас-су, тамақ сұрай келгенін айтады. Айтып ауыз жиғанша патшаның әйелі сарайға кіріп, бір дастарқан алып шығады. «Осы дастарқанды жерге қойып, «Ашыл, дастарқаным, ашыл! Тәтті тағамдар шашыл!» деп, тәбетіңіз тартқан астың атын айтсаңыз, елдің қарасы түгілі ханы жеп көрмеген неше түрлі дәмді тағамдар дастарқанда пайда болады. Ішіп-жеп болған соң «Жабыл, дастарқаным, жабыл!» деп айтсаңыз тағамдардың барлығы ғайып болып, дастарқан өздігінен жабылып қалады» дейді. Шал қуанышы қойнына сыймай, дастарқанды үйіне алып келеді. Біраз күн өтіп, «жұтқан жұтамайды» дегендей қарындары тойып, беттеріне қан жүгіріп, өңдері кіріп, әрленіп, ажарланған соң соң ел қатарлы күліп, жұрт қатарлы жүргілері келеді. Бұл жолы шал кемпірімен ақылдасып, патшаның қайырымды әйелінен бір киер киім сұрау үшін жолға шығады. Қыз бір шапан береді. Шапанға айтатын сиқырлы сөздерді айтып, қалаған киімдерін киіп, иықтары бүтінделген шал мен кемпірдің енді көңілдері он саулыққа ауады. Қыз бұл жолы бір таяқ береді. Таяқпен жерді ұрып, қандай мал қажет екенін айтса болды, қой қозысымен, сиыр бұзауымен, бие құлынымен, түйе ботасымен, ешкі лағымен, не керек, қалаған малдары  қораға толады. Айтпақшы, шал үшінші жолы мал сұрай барғанда қыз әкесіне болған жайдың барлығын айтып, «Мына түрімізде көріскеніміз ұят, шешем екеуің жақсы киініп, сыйлық, жасау алып, жақсы аттар жегілген арбамен, жоғалтқан қызы табылған әке мен шеше болып келіңдер, мен де адасқан ата-анасы табылған, төркіні іздеп келген қыздай болып, күйеуіме айтып, сендерді күтіп алуға дайындалайын» депті.  Сөйтіп, патшаның қайырымды әйелі ата-анасымен жылап көрісіп, ақылдылығы мен сабырлылығының арқасында барша мұратына жетіпті.

            Менің білетінім осы бір ертегіні менің әжем ғана айтатын. Еш жерде жазылмаған. «Бір кемпірдің үш ұлы болыпты. Екі ұлының дені сау, бір ұлының дені сау емес, жынды болыпты» деп басталатын ертегі және «Құйыршық» деп аталатын ертегі де еш жерде жазылмаған, тіпті, жазылған күнде де дәл менің әжемдей ешкім оны айта алмас еді, осы біздің жеке меншік үш ертегіні дәл мендей ешкім тыңдай алмас еді. Қазіргі уақытта ойлап қарасам, әжем айтатын осы үш ертегі жалған дүниенің жалған екенінің, қамшының сабындай қысқа өмірдің сынақ екенінің дәлеліндей болып, көңілімді орнықтырады, «дүниеге қызығушылық» дейтін аурудың алдын алуға себеп болып, шүкір етуге, сабыр етуге үйретеді.  Туған жерге, өскен елге, ұлттық салт-дәстүрге деген сүйіспеншілігімді арттырып, ұлттық сезімімді оятып, адамгершілік асыл қасиеттерді қаныма сіңіреді.

 

                                         Жынды туралы ертегі

Баяғыда бір жесір кемпірдің үш ұлы болыпты. Екі ұлының дені сау, кіші ұлының дені сау емес, жынды болыпты. Екі үлкен ұл жынды інісіне қосылмай, қоспай, бөлек жүріп-тұрады екен. Бір күні екеуі қақпанға не түскенін көріп келуге інісін жұмсайды. Жынды жылдам барып, тез оралады. «Е, не бопты?» дегендерге «Қақпанға қасқыр түсіпті. Түз тағысын түзінде жорта берсін деп, жаным ашып, босатып жібердім» депті. Ағалары ашуланып, «Келесі жолы шешең түссе де, босатушы болма» дейді. Бір жақтан сандалып келе жатып, жол-жөнекей қақпанды көре кетейін деп ойлап, құрылған қақпанның жанына жақындай бергенде тезек теріп жүріп, аңдаусызда қақпанға түсіп қалған кәрі шешесін көріп, ай-шайға қаратпай, дырылдатып сүйреп келіпті. Әлдеқашан өліп қалған шешелерін арулап жерлеуден басқа амал жоқ екенін түсінген жындының сау ағалары жындыны мал дегеннен қалған жалғыз түйеге мінгізіп, тоғайға отын әкелуге жіберіпті. Жынды жынды болғанмен қарулы, қара күштің иесі емес пе, отынды ары шауып, бері шауып, шаршаған-шаршамағанын кім білсін, бірақ қарны ашыпты. Аузы бір тынбай, басын жерден бір алмай, шайнаңдап тұрған түйеге «Ей, түйе, жегеніңнен маған да берші» десе, түйе жындының не сұрап тұрғанын қайдан ұқсын, өзіне ұнаған ісімен айналыса береді. Жыны ұстаған жынды түйені қолына ілінген балта ма, ағаш па, не болса сонымен ұрып-ұрып, өлтіріп, түйені де, отынды да дырылдатып сүйреп келіпті. Мысы құрыған ағалары інісінің әкелген отынын жағып, қазанға арам өлген түйенің етін асып, жындыға «ошаққа от жағып, етті пісір» деп, өздері ел шақыруға кетіпті. Қазан қатты қайнап, тасып қоймаған соң отынды азырақ жағуға миы жетпеген жынды бір-екі күрек топырақты қазанға сала  салыпты. Жиналған жұрт жаназаға қатысып, қонақасы жеудің орнына жындыға ұрса да алмай, тисе де алмай, екі ағасын ұрып, беттеріне түкіріп, тарап кетіпті. Үшеуі жер қазып, әйтеуір, шешесін жер қойнына тапсырыпты. «Елдің бетіне қайтып қараймыз? Жындыны нағашыларымызға жіберіп, өзіміз басымыз ауған жаққа кетейік. Байдың малын бағуға жалданып, күнімізді көрерміз» деп шешкен екі жігіт жындыны нағашысына табыстап, өздері бір байдың қойын бағып, бір күлше нан, бір аяқ көже ішкендеріне мәз болып, аз  күн болса да жындыдан құтылғандарына қуанып, жүріп жатыпты.

 Бір-екі күн айтқандарын істеп, жұмсағанға жүгірген жынды да болса жиеніне риза болып қалған нағашылары «Е-е, мынаған ес кірейін деген екен» деп ойлап қалыпты. Нағашысының әйелі бесіктегі ұйықтап жатқан баланы «Жыласа тербете тұр, мен бие сауып келе қояйын» деп, сыртқа шығып кеткенде бала оянып, жылап қоймай қойғанға жыны ұстаған жынды баланың еңбегін бас бармағымен басып жіберіп, баланы өлтіріп қойыпты. Жындыға сот жоқ демекші, нағашылары бұл пәледен тез арада құтылу керек екенін түсініп, бір құшақ кездеме (мата), бір қап бидай, бір қой беріп, жолға шығарып салыпты. Үлке-ен бір іс тындырғандай көңілі көтеріліп, әндетіп келе жатқан жынды соққан желге бастары қозғалып, әбден пісіп-жетілген қалың бидайдың арасымен өтіп бара жатып, «Ой, шіркін-ай, мына бидайлардың мені танып, сәлем беріп тұрғандарын-ай» деп, әкеле жатқан кездемесін бір жапырақтан жыртып-жыртып, бидайлардың басына байлап кетіпті. Жортып бара жатқан қасқырды көзі шалып қалып, қойымды қасқырмен жарыстырайын деп, қойын босатып жіберіпті. Тағы біраз жер жүрген соң тасып ағып жатқан өзенге тап болыпты. «Құдайдың қазаны құры қайнап жатыр. Бидайымды қайнатсын» деп нағашылары берген бір қап бидайды өзенге төге салыпты. Қолындағы артық жүктен құтылып, салт бас, сабау қамшы қалған жынды аз жүрді ме, көп жүрді ме, кім білсін, қой бағып жүрген ағаларын тауып, бір әке-шешеден бірге туған бауырларымен құшақтасып, көрісіп, күні бойы солармен бірге қой бағысады. Кешке қарай қойды өрістен айдап келе жатқанда өзеннен өткізу керек болады. Ағаларының айтқанына көнбей, «өз ақылым ақыл-ақ, кісі ақылы ақымақ» деп қана ойлайтын жынды қойлардың «кебістерін» шешіп, яғни, тұяқтарын кесіп, бір-бірден суға лақтырады. Бір бөлігі суға батып, бір бөлігі судың жағасында маңырап қалған қойларды байдың қорасына айдап барып, абырой таппайтынын сезген ағайындылар бастары ауған жаққа қашады. Қашып келе жатып, бір үңгірді көздері шалып қалып, үңгірге кірсе, ай десе аузы, күн десе көзі бар дегендей бір сұлу келіншек  тай қазан күріш басып, аю күйеуін күтіп отыр екен. Ерте заманда ауылдардағы өзі жас, өзі сұлу қыздардың оңаша қалған сәттерін аңдып жүріп, аю алып қашып кететін болған. Ауыл адамдары аң аулап жүріп, сондай аю алып кеткен қыздарға жолығып қалып, ел-жұртына алып кетейін десе, «аю да болса байым еді, үңгір де болса үйім еді» деп, барған жерлерінде тастай батып, судай сіңіп, қала беретін болыпты. Келіншекке бой бере қоятын жынды ма, бір қазан күрішті қомағайлана асайды. Аю келгенше қашып үлгерген екеуі сау, біреуі жынды үш ағайынды жігіт және аюдың сұлу келіншегі аман-сау ауылға жетеді. Ақырып-бақырған Аюбайдың өзін тірі қалдырмасын білген келіншек өзіне дейінгі аю әйелдерінің заңын бұзады. Ауыл адамдары келіншектің сұлулығына қызығып, тартып алуға жындыдан қорқып, жындыны өлтірудің амалдарын қарастырады. Бір аяқ көже мен майлы ішекті таудың биік жерінде ауылдың қу жігіттері қолына ұстап тұрып, «Көже ішіп, көтенішек жейтін кім бар?» деп айқайлайды. «Мен бар» деп жынды тауға шығып, көжені ішіп, көтенішекті жеп, әлденіп алғанша алдын-ала отқа қыздырып, дайындап қойған қазандай үлкен тасты таудың басынан төмен қарай домалатып, «Апамның қазаны домалап келеді» деп бір топ жігіт өтіріктен тасты құшақтамақ болып жүгіреді. Мұндайда жынды қарап тұрсын ба, елден бұрын жүгіріп барып, ыстық тасты құшақтаған күйі  таудан құлап, бырысып-тырысып, күйіп өледі. Жындыға талқан да бір, шалқан да бір. Жындыдан құтылған ауылдастары оның дені сау ағаларын ұрып-соғып, келіншекті тартып алады. Екі жігіт естері жиналған соң бастары ауған жаққа қаңғып кетеді. Кім білсін, ол екеуі осы күнге дейін әркімге жалданып, өлместің күнін көріп жүрген шығар.

 Жындыға екі дүниеде сот жоқ деген рас болар. Бірақ саудың тамағын ішіп, саудың ісін істеп, жындының сөзін сөйлейтіндерге қандай сый дайын тұрғанын кім біледі?  Алла тағала адам баласына сөйлеу өнерін үш түрлі мақсатпен берген екен. Бірі – біріне-бірі жақсылықты ғана уағыздауы үшін, бірі – тек жақсы сөздер айту үшін, бірі аллаға сыйынып, құлшылық жасап, тәуба деп, шүкір етіп, жаратушыны мадақтау үшін. Мақтау мен мадақтау тек қана жаратқан иемізге ғана лайықты. Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат (құлшылық ету) парыз.  Жақсы сөзді айтқанға не жетсін. Тыңдар құлақ болса. «Сөз сарасын табу қиын емес, сөз анасын табу қиын» дегенде Жамбыл бабамыз сөз анасы – құйма құлақты аңсаған болар. Ақпа құлаққа айтса, ағып кетеді, құйма құлаққа айтса, құйып алады. Сөйлей білу – өнер, тыңдай білу – мәдениеттілік. Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады.

«Ерте-ерте ерте еді, ешкі жүні бөрте еді» деп басталатын әжемнің ертегісінің бірі «Құйыршық» ертегісі.

 

                                      Құйыршық

 Баяғыда кемпір мен шал болыпты. Олардың балалары болмапты. Бір күні кемпір сиырының сүтін қазанға пісіріп, сүтті басқа ыдысқа аударып құйып алып, қазандағы қаспаққа қарап, «Иа Алла, егер біздің баламыз болғанда осы қаспақты қырып жер еді» деп мұңайыпты. Айтып ауыз жиғанша «Апа, апа, мен бармын ғой, мені керегеден алып жерге түсірші. Қарным ашты. Қаспақ қырып жеймін» деген кіп-кішкентай баланың дауысы шығады. Кемпір дауыс шыққан жаққа қараса, керегеде ілулі тұрған құйыршық, сойған қойдың құйыршығы кемпірдің көз алдында құдайдың құдіретімен сүп-сүйкімді, үлкендігі құйыршықтай ғана балаға айналады. Қуанышы қойнына сыймай, тосыннан келген бақыттан басы айналған кемпір алғашқыда сенерін де, сенбесін де білмей тұрып қалады. Сенейін десе, құйыршық қалай бала болады, сенбейін десе, құйыршық бала өзі қазанға секіріп түсіп алып, қаспақ қыр-ы-ып, жеп отыр. Кемпір тойған қозыдай боп қаспаққа тойған құйыршықты шалғышының етегіне сала салып, өзі көйлегінің етегіне сүріне-қабына оншақты тоқты-торым, қой-қозысын бағып жүрген шалына қарай «сүйіншілеп» жүгіреді. Шал мен кемпірдің қуанышында шек жоқ. Құдай берген құйыршық бала қолды-аяққа тұрмай, «барып кел, алып келдің» бәрін атқарып, атасы мен апасының құдайдан сұрап алған баласы болады да қалады. Пысық, елгезек, екі айтқызу дегенді тіпті де білмейді. Бір күні ауыл балаларымен бірге отынға барып келмекші болған Құйыршықты атасы мен апасының жібергісі келмейді. Ондайда бой беретін бала бар ма, Құйыршық бала да бой бермей, отынға кетеді. «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» дегендей, түйенің құлағына жармасып, түйеге артып, ел қатарлы отын алып келе жатқан Құйыршық аяқ астынан жауған жаңбыр басылғанша жерге жабысып өсіп тұрған үлкен жапырақтың астын паналап, тығылып қалыпты. Ал сол жапырақты түйе жеп қойған екен, құйыршық бала жапырақпен бірге түйенің асқазанына барып, онда көп жатпай, қатпаршақ қарынға түсіпті. Жаңбыр басылып, күн шайдай ашылып, отынға барған балалар құйыршықты ары іздеп, бері іздеп, таба алмаған соң, түйені кемпір мен шалдың үйіне жетелеп келеді. Кемпір мен шал дереу жалғыз түйені сойып, ішек-қарнын ақтарып, құйыршықты таппайды. Ішек-қарын аршысқан бір әйел қатпаршақ қарынды тазалауға ерініп, айдалаға лақтырып жібереді. Сол уақытта жортып бара жатқан аш қасқыр қатпаршақ қарынды құйыршық баламен қосып, жұтып қояды. Жұтқаны құрсын, басына бір пәлені жабыстырып алған қасқыр қойға жақындайын десе болды, ішінен бір дауыс «Қойшы, қойшы, қойыңа қасқыр шапты» деп айқай салады. Аштан өлуге айналғанда алдынан шыққан түлкіге мұңын шағып, зарын айтады. Құйыршықты жұтқанда күз еді, енді қар жауып, су бетіне мұз қатып, қыс қаһарына мінеді. Қу түлкінің ішінде пәлесі бар, пайдасы жоқ қасқырға  қайдан жаны ашысын, алты атасынан бергі өші, жеті атасынан бергі кегін алатынына іштей қуанып тұрғанын білдірмей, «Қасеке, қиын болған екен. Дегенмен, менің айтқанымды істесең, ішіңдегі пәледен құтыласың. Өзенге барып, қатқан мұзды құйрығың сиятындай етіп ойып, құйрығыңды ойыққа батырып, кеш батқанша отырсаң, ішіңдегі пәледен құтыласың» деп, түлкі жайына кетеді. Кештің батуын күтпей-ақ әлдеқашан мұз болып қатып қалған құйрығын шығара алмай мұздың үстінде тірідей тозақта отырған қасқырды сол маңнан өтіп бара жатқан екі кісі көріп, ұрып өлтіреді, сойып, терісін сыпырады. Қасқырдың ішінен аяқ-қолы аман, дені-қарны сау шыққан Құйыршық екі жолаушының біреуінің қалтасына секіріп түседі. Жолаушылар жолай бір ауылға қонбақ болады, қай үйге барса да, қондырмайды. Өйткені, амандасып, жөн сұрасқан соң үй иелері  «Қаншаусың?» деп сұрайды. Қонақтар, әрине, «Екеуміз» деп жауап береді. Сол кезде қалтадағы Құйыршық «Ой, жаның шыққыр, үшеуміз»деп айқайлайды. Үйдің иесі «Құдайы қонақ екенсіңдер, екеу болсаңдар қондырар едік. Үшеуіңді қондыра алмаймыз» дейді. Үшіншінің кім екенін, қайда екенін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ешкім білмейді. Ауылдың шетінде құдайға қараған бір шал мен кемпір «Үшеу болсаңдар да қоныңдар» деп, үйіне кіргізеді. Шал мен кемпірдің бойжеткен екі қызы бар екен. Шал мен кемпір «қыздарымызды көрген соң  қалжыңдап тұрған шығар мына екі аңшы жігіт, болмаса үшіншісі қайда жүр, тіпті үшіншісі келсе де келе берсін, жас жігіттер екен» деп ойлайды. Қой союлы, ет асулы, жылы үйіне кіргізіп, жылы қабақ танытқан үй иелеріне риза болған екеу ме, үшеу ме, оны бір құдай білсін, құдайы қонақтар жайланып отырып, алдыларына келген асқа енді қолдарын соза бергенде жалп етіп, май шам өшіп қалады. Май шам өздігінен өшпейді, оны қонақтың қалтасынан шығып, қарны ашқан Құйыршық үрлеп өшіреді. Жұрт әбігерленіп, шамды жаққанша Құйыршық бір табақ етті жалғыз өзі жеп, тауысады да тығылып қалады. Ол қайда тығылса да тығылатын жер табады ғой. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» деп таң қалған үй иелері мен құдайы қонақтар амалсыз, шарасыз ұйықтауға жатады. Түннің бір уағында Құйыршықтың іші ауырады, «ішуі жаманның тышуы жаман» деп, екі қонақтың ортасына отырып, былғайды. Одан кейін ұйықтап жатқан  бойжеткен екі қыздың ортасына жаңа сойылған қойдың бүйрек-бауыр, қан-жынын алып келіп тастап қояды. Шал мен кемпір қараңғыда тосыннан келген «жын-пәледен» қорқып, бірін бірі оятып, сыртқа шықпақ болғанда аласа есікке арнайы алдын-ала байлап қойған Құйыршықтың тоқпағына бастарын соғып алады. Жын шалғанын да, жын иектегенін де ұға алмаған шал мен кемпір тілдерін әрең деп кәлимаға келтіріп, орындарына келіп қисайып, көрер таңды көздерімен атырады. Тауық шақырып, жерге жарық түскен соң қыбырлап, жыбырлап оянған үйдегілердің қылықтарын тығылып тұрып тамашалаған Құйыршық бала күлкіге қарық болады. Екі қонақ ояна салып, «Мына сұмдықты сен істедің бе, мен істедім бе?» деп төбелеседі. Екі қыз ояна салып, «Мына баланы сен таптың ба, мен таптым ба?» деп жұлысады. Шекелері ісіп оянған шал мен кемпір «Сені мен ұрдым ба, әлде, мені сен ұрдың ба» деп, ұрсысады. Бір үйлі жанды қонағымен қосып аш қалдырып, тыныш жатқан елді төбелестіріп, жұлыстырып, ұрыстырған, алдымен түйенің, одан соң қасқырдың ішек қарнында жатып, іші пысып, бостандыққа шығып, ойына келгенді істеп, еріккен Құйыршық тез арада жылы орнына, қонақтың қалтасына түсіп, түк көрмегендей, түк білмегендей тып-тыныш жатып алады. Үй иелері өзді-өзі жұлысып, ұрсысып жатқанда елден бұрын естерін жиған екі жолаушы жүре киініп, аласа есіктен еңкейіп, тез шығып кетеді. Шал мен кемпірге алғыс айтуға да мұршалары келмей, дереу аттарын ерттеп мініп, ауылдарына аттанады. Қалтадан сығалап қарап жатқан Құйыршық   бала өзінің ауылының тұсынан өтіп бара жатқанда ешкімге білдірмей түсіп қалып, өзін асырап-баққан атасы мен апасының үйіне келіпті. Құйыршық баласының аман-сау келгеніне қуанған кемпір бір қазан сүтті пісіріп, Құйыршық сол сүттің қаспағын қырып жепті. Ал шал болса, бір семіз қойды сойып, ел шақырып, сойылған қойдың құйыршығын керегеге іліп қойыпты.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                

Кей күндері «Ата, ертегі айтып берші» деп, атамызды жағалайтынбыз. Атам айтатын қысқа ертегілер сарт туралы болатын.

 

Әкелі-балалы аңшылар

Баяғыда бір сарт баласын ертіп, мылтығын асынып, аң аулауға шығыпты. Баласы өз бетінше аң қарасын деп, оған бір мылтық ұстатып, екеуі екі бөлініп, аң іздемекші болыпты. Ауылдан алысқа ұзамай, ары-бері жүрген әкелі-балалы аңшыларға қыбыр еткен аң-ұс, жыбыр еткен жәндік кезікпепті. Бір уақытта баласының   қуанышты дауысын естіген әкесі дауыс шыққан жаққа қарай жүріпті. «Дада, дада, құлан құла болад ма?» депті баласы. «Ия, балам, құлан құла болад» депті әкесі. «Құйрығы шола болад ма?» «Ия, балам, құйрығы шола болад». «Атса, өләд ма?» «Ия, балам, атса өләд» деп, екеуі жақындап келіп қараса, баласының құлан деп атып өлтіргені сайда жайылып жүрген өздерінің мініп келген есегі екен. Сөйтіп, әкелі-балалы аңшылар сандарын соғып, бірін-бірі кінәлаудың пайдасы жоқ екенін түсініп, ауылға жаяу қайтыпты.

 

                                     Аңшының қиялы

Баяғы заманда бір сарт аң аулап жүрсе, бұтаның арасынан қоян көрініпті. Аңшы сарт ыңғайланып тасада отырып алып, мылтығын қоянға кезеп, қоянды атпай тұрып, ой ойлап, қиялға беріліпті. «Қазір бұл қоянды атсам, етін базарға алып барып сатсам, терісінен әйелімнің тонына жаға, өзіме тұмақ тіккізсем» дегенде дауысы қатты шығып кетсе керек, қоян қорқып, қашып кетіпті. «Қоянның түріне қарап, қалжасынан түңіл» деген. Сарт үйіне құрқол қайтыпты. Сарт санасымен байып, бейнетімен қартайыпты. Қожаның көңілі құртқа шабады, көжесінің қатығы жоқ.

 

Марқұм атам мен ес білгелі бір рет те ауырып көрген пенде емес. Өйткені, ешқашан ешкімге ренжімейтін. Ренжіген күнде өкпелемейтін. Өкпелеген күнде кек сақтамайтын. Бірде түсте сабақтан келсем, төсегінде жатыр екен. Қасына барып, құлағына «Ата, не ғып жатырсың» деп айқайласам, «Ауырып жатырмын. Құлағымның ұшы, шашымның түбі ауырады» дейді.  Жұрт секілді «басым, аяғым» деп, шағымданбайды, арызданбайды. Жай ғана әншейін, ерігіп ауырып жатқан сияқты. Аспирин мен бір шәшке су беріп едім, демде ауруынан құлан таза айығып, ауладағы жұмысына кетті. «Жәния бір күшті дәрі беріп еді, екінші рет ауырмайтын болдым» деп, көпке дейін айтып жүретін. Мен Алматыда оқып жүргенде «Жәниядан хат келді ме» деп, күн сайын почтаға барады екен. Совхоздың моншасына барарда мамамнан «Балам, мені моншаға Талғат алып бара ма, әлде Болат алып бара ма» деп сұрайтын. Талғатпен барса, жанына жайлы, көңілінен шығады, Талғат әр істің ебін біледі, Болатпен барса,  Болат атамның қалауы бойынша емес, өз калауы бойынша жуындырып, ойындағыдай  болмайды.  «Қартайғанда бір бала» деген.  Атам жақсы адам еді.

 

 

 

                                              ххх

 Бөлексазда жапалақ-жапалақ қар жауады. Әжем терезенің алдындағы биік орындықта ұршық иіріп отырады. «Жапалақ-жапалақ қар жауды, жаман қатын қыз тапты» десе, Бөлексазда шынымен әйтеуір біреудің әйелі қыз табады. Ұршық иіріп отырып, өлең-жыр, мақал-мәтелдер, әңгімелер айтады.

                                          ххх

                    Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

                    Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.

                    Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең,

                    Сонда да күдер үзбе бір Алладан.       

                                         ххх

                     Дүние, қудым сені жалықпай-ақ,

                        Судағы ұстатпайтын балықтай-ақ.

                        Біреуге мал мен басты тегіс беріп,

                        Қойдың ғой біз байқұсты жарытпай-ақ.

                                             ххх

                        Өлең-өлең дегенде өлеміз бе?

                        Өлгеннен соң тіріні көреміз бе?

                        Өлгеннен соң тіріні көрмек тұрмақ,

                        Найза бойы шым тұрар төбемізде.

                                            ххх

                        Жапалақ жалп етеді жар басында,

                        Немене жоқтың күні бар қасында.

                        Дос болып, қас болғаннан сақта құдай,

                        Қасқыр да қас қылмайды жолдасына.              

                                           ххх

                        Өттің-кеттің,

                        Өтіп-кетіп жүргенде не көрсеттің?

                        Өтіп-кетіп жүргенде бала едік,

                        Бала құстай талпынып біз де ер жеттік.

                                           ххх

                        Қаратаудың басында қар борайды,

                        Сылқым жігіт мойнына сәлде орайды.

                        Бір ораған сәлдесін қайта орайды,

                        Сол шіркіннің басына кім қарайды?

                                          ххх

                        Шақай менен Шағала,

                        Қойың кетті бағана.

                        Тепең-тепең етесің,

                        Қойыңа қашан жетесің?

 

 «Текесте бір атадан жалғыз бір жігіт бар еді. Жарлылығын айтып, бір күйінсе, жалғыздығын айтып, екі күйінетін. Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас. Домбыра орнына қу таяқты қолына алып, өлең айтатын.

 

                       Таудағы аман болшы қасқыр-түлкі,

                       Жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі.

                        Екеудің бірі өлсе бірі қалар,

                        Жалғыздың өзі өлсе несі қалар,

                        Мінген ат, киген киім жауда қалар.

 

 Сол жігіт елдің алдымен соғысқа аттанып еді, елдің алдымен соғыста қайтыс болды» дейтін. Әжем «Қараторғай» деген әнді ерекше сезімге беріліп, айтып отырушы еді.

                       Құс болсаң жібектен бау тағар едім,

                       Күмістен тұғырыңды жабар едім.

                       Мойныңа сары алтыннан алқа тағып,

                       Қолға алып, сылап, сипап бағар едім.

 

                       Болғанда шашың қара, қасың сүмбіл,

                       Албырап екі бетің жанар гүл-гүл.

                       Пейіштің гүл жамылған сарайында,

                       Сайраған тоты құстай сен бір бұлбұл.

 

                       Салайын мен әніме, қараторғай, қарторғай,

                       Халалайку, ләй, ли-ләй.

 Әннің өзі де күшті, сөзі де күшті. Қараторғайды тотықұс пен бұлбұл құсқа теңейді, ал ғашық болған сұлу қызды қараторғайға теңейді. Әжем бұл әуенді айтқанда жүрегі жылайды, өзі өмірге әкелген балаларын сағынады, күрсінгенде көкірегі қарс айрылғандай болады. «Бір баламыздың есімі Куән болатын. Өзі сондай сүйкімді еді, болайын деп тұрған бала еді. Балаларым ауырмай-сырқамай, бір күнде қызыл шығып немесе тіл-көз болып қайтыс болатын» деп, жастай дүниеден өткен балаларын есіне алатын. Кішкентай қыз болсам да мен әжемнің қайғысы мен зарына кәдімгі үлкен адамдай ортақтасамын. Кей күндері шешем жылайды. Шөп шабу, шөмеле салу, оны үйге жеткізу, отын дайындау, көмір әкелу сияқты жұмыстарды атқару, бір үйдің тауқіметін тарту күйеусіз жас, жесір әйелге қайдан оңай болсын?  «Түсіріп отын, шөпті үйгем, Есейіп бал кетті үйден. Төрт қарғамды ойлап төрт түрлі, Отырам кейде төрт күйде». Ол уақытта қазіргідей аузыңды ашсаң ақша сұрамайды, аузыңды ашсаң арақ дәметеді. Дүкеннен сатып алынған жаңа дүниені, біздің жақсы оқығанымыз үшін алған мақтау қағаздарымызды, кеудемізге Лениннің бала кезіндегі суреті бар бес жұлдызды значокты тағып, октябрят болғанымызды, мойнымызға алқызыл галстук тағып, пионер атанғанымызды, кеудемізге Лениннің ересек кезіндегі суреті бар значокты тағып, комсомол қатарына өткенімізді, «Қазақстан пионері» газетіне шыққан менің өлеңімді арақпен жуу үшін ауыл әйелдері біздің үйде бас қосады. Жетінші класта оқып жүргенімде «Қазақстан пионері» газетіне тұңғыш рет «Ленин ата жүз бесте, Біледі оны әр адам. Суретіне кездессе, Сүйсініп бәрі қараған» деген өлеңім жарияланды. «Ленин ата біз ұлан, Сенен туған шат көңіл. Сенің нұрлы шұғылаң, бізге әперген жақсы өмір.  Үйімізде, төрімізде, Портретте тұрған кім, Кімнің жүзі таныс бізге, Бізге жақын тұрған кім, Бұл – Ленин бабамыз, Бұл – Ленин данамыз» деп тақпақ жаттап, кеңес мектебінде оқыған балалармыз ғой. Бала кезде менің Ленин атаны жақсы көргенім соншалық, «Менің екі атам бар, біреуі Ералы атам, біреуі Ленин атам» деп мақтанатынмын. Әжем болса, «Бізді осы халге жеткізген Ленин жасасын» дейтін. Арақ мұң мен шерді ұмыттырудың орнына қайдағыны еске түсіреді. Бұрын үнсіз жылайтын шешеміз енді айтарын айтып жылайды. Айтарын келмеске кеткен күйеуіне айтады. «Одан да сотталып кетсең, ендігі жазаңды өтеп, босанып келер едің. Мені осынша азапқа жалғыз қалдырып, өзің тыныш жатырсың». Енесі, өзі  әрең жүріп, келінінің көңілін аулайды. «Әлдеқашан сүйегі қурап қалған Әшенге жылағанша, мына бір шыны ыстық шайға қойдың майын салып іш, бір тәрелке ыстық көже, кеспе іш. Желің ұстап қалмасын» дейді. Өзі оңашада «Құдай сені алғанша мені неге алмады, Әшен» деп шерін шығарады. Оны менен басқа ешкім байқамайды. «Нет душераздирающего зрелища чем горе женщины и старца» деген Бальзактың сөзін растағандай, біздің үйде әйел мен қарт адамдардың қайғысы қабаттасып, қабысып жатқанын көріп өскен біздің бала болсақ та жанымыз қиналып, жүрегіміз шаншитын. Бір-біріміздің қабағымызға қарап, бір-бірімізді түсінуге тырысушы едік. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк болғанымен, «бір кем дүниенің» кетігінің қайтып қалпына келмейтінін ойлап, тағдырға үнсіз көніп, маңдайдағы жазудан аса алмайтынбыз. Күріш қосылған тағам біздің үйде өте сирек дайындалатын. «Күріш көлкілдеген суда өседі. Күріш жесе, Өкеннің желі күшейіп кетеді. Ал сорпа ішкен, қойдың майын шайға салып ішкен кісінің желі күшеймейді» дейтін әжеміз шешем бір жаққа жолаушылап кеткенде ғана сүтке дәмділеп күріш көже пісіретін. «Жәнияның желі күшті, Талғаттың ішінің ыстығы бар» деп, ауырып қалсақ, әрқайсымызға әртүрлі қазақша ем жасайтын.  «Ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады. Жеңілінен берсін. Шикі ет ауырмаққа. Ауырып тұрдың, аунап тұрдың» деп, сөзбен аурудың бетін ары қайтаратын әжеміз тілімізге теріскен шыққанда үш адал, үш арам, «маймылдың, есектің, тышқанның, қойдың, сиырдың, түйенің к…і, қайран тілім боқ болды-ау, құйыршығы жоқ болды-ау» деп айтқызып, қолымызға жара шыққанда ай туған күні қолымызды айға көрсетіп, күбірлеп, бір сөздерді айтса, теріскен де, жара да тіпті болмағандай, ізі де қалмай, жазылып кетуші еді. Ықылықтап қалсақ «Ықылықпен тұзға бардым, ықылық қалды,  мен келдім» деп айтқызатын. «Ешкінің еті – жел». Ешкінің еті желінбейтін біздің үйде. «Тамақтың төресі – кеспе көже ғой, кеспе ішкен кісінің бүйірі шығады. Әшен бір татармен сөз таластырып қалды. Татар өзінің ұлттық тағамдарын айтып, мақтанып еді, Әшен «Біздің қазақтың басқасын айтпағанда, көжесінің саны онға жетеді. Бидай көже, арпа көже, талқан көже, тары көже, кеспе көже, мәнпар көже, сүт көже, жұлма көже, күріш көже, ашыған көже, шөп көже» деп татарды орта жолда қалдырды. Шөп көже деп орыстың борщын қазақшалап, қазақтың көжесінің  санын көбейтті. Көжемізді қанша мақтасақ та ет пен сорпаның орны бөлек қой, шіркін. «Көже, көже, бетіңе айтайын, сорпамнан садаға кет» дегендей. Әшеннің жекеменшік мақалы бар еді. «Қазақ баласын боқтата алмайды, боқтатса, тоқтата алмайды» деген. Біз тамақтан тарығып көрмедік. Үйімізге жақын жерде «бойна» (мал соятын жер) бар еді, малдың іш майын шыжғырып аламыз. Қысылып-тарыққан елді көргенде тамағымыздан ас өтпейді,  елдің көңілін қалдырмай, өле жегенше, бөле жейтінбіз. Атаң өкіметтің арнаулы нұсқау қағазымен соғысқа бармады. Тылда ет, ет өнімдерін дайындау жұмыстарын атқарды. Шал өкіметтің тапсырмасымен Қытайдан мал айдап келіп, бір топ адам сол малды  қонай-түней жүріп, Алматыға айдайтын. Жол азыққа деп  сойған қойдың қарнына пісірілген етті салып, аузын буып беруші едік. Әшен ақылды, зейінді бала болды. Нарынқолда кісінің үйінде жүріп, орыс мектебінде оқыды. Жүрген үйінің иесінің атын суғарғалы барып, қыстың күні ойылған мұзға, ойыққа түсіп кетіп, маңайда жүрген біреулер көріп, қолынан тартып, шығарып алыпты. Бір жолы көктемгі суықта жылан шағып, Текестің суын киімшең кешіп өтіпті. Оқимын деп Алматыда суық, ылғалды бөлмеде пәтер жалдап тұрды. Сондай кездойсоқ жағдайлардың кесірінен бе, әлде жазу солай болды ма, жасында өкпе ауруы жабысты. Мықты доғдырларды соғысқа алып кеткен. Кейін өзі есейген соң қаралмаған доғдыры жоқ, бармаған курорты жоқ, айналдырған ауру алып, тынды. Құдайға да жақсы адамдар керек. Жаман болыңдар, аман болыңдар. Үнемі жақсы кісі бола бермей, арасында «атың шықпаса, жер өрте» дегендей ұрылып-соғылып, жаман атқа қалып жүргеннің де пайдалы жақтары болады. Елдің алып-қашпа сөздері жамандықты «алып қашып кетеді». Сендердің өмір жастарың ұзақ болады. Кейде жел де тазалай алмайтынды сөз тазалайды, сөз көтереді» дейтін жарықтық көзіне жас алып. Күйінгенде айтқаны ғой, болмаса, біздің жаман болғанымызды қаламайтын. Жаман ісімізге күйінгеннен көрі жақсы ісімізге сүйінгенді қалайтын әжеміз  «жақсының артынан сөз ереді» дегенді айқысы келді ме екен? Марқұм әжем неліктен бізге «жаман болыңдар, аман болыңдар» деп айтты?  Астарлы сөздің төркінін енді түсіне бастағандаймын. «Көре алмаған көп дұшпан не демейді сыртыңнан» дегендей, әжем айтқандай «көзге ілініп жүргеннен де сөзге ілініп жүрген» дұрыс екен.  

    «Текесте бір жігіт әйелімен ажырасып жатыр. Әйелі татардың қызы еді. Ол заманда ауылдық кеңес ажырасатын ерлі-зайыптыларды жиналған халықтың алдына шығарып, істің мән-жайын анықтап, пысықтап, өздерінен кезек-кезек сұрап ажырастыратын. Момын, ынжық күйеуінің мұрнының астынан міңгірлеген сөзін біреу естісе, біреу естімей, ерлі-зайыпты екеуінің арасын ажырастыруға не себеп болғанын жақсы ұқпай тұрған елдің алдына жұлқынып шыққан татар әйел «Алты алаш албаннан бұйырғаны осы ма, алты құлаш сабадан құйылғаны осы ма?»деп және алдын-ала буып-түйіп қойған буыншақ-түйіншегін алып кетіп бара жатып, біреулерге қолымен беріп, аяғымен ала алмай жүрген ақша, анау-мынау, ұсақ-түйек заттарының қайтарылмағанына күйініп, «қазақ деген халық, аларға келгенде алман мен жұлман, берерге келгенде безгек пен түйнек» деп, артына бұрылып қарамай кетіп қалды ат арбамен» деп ауыл әңгімелерін майын тамызып айтатын әжемнің ер адамдар туралы пікірі өзгеше еді.  «Ешқашан еркекті ерегестірме. Еркекті ерегестірсең, ешкімді аямайды. Еркекті ерегестірсең енесін ұрады. Еркек деген қалмақ, қалмақты алдап алмақ. Еркекке сенгенше екі босағаңа сен. «Жарым жаман, жарым жаман болса да болсын аман» депті бір әйел. Қатын ашуланса, қазан қайнатады. Байтал шауып, бәйге алмас. Ер-азамат аман болсын. Атадан пұл қалғанша ұл қалсын. Дүниеге ер бала келгенде жер қуанады. «Мені қорғайтын ер келді»деп. Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық. Ер адамның жейдесінің жағасын аяқпен басуға  болмайды.  Еріңе  қадірің жоқ, етіңді көреді, ағайынға қадірің жоқ, бетіңді көреді. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Ұл таппайтын әйел жоқ, тұрарын айт, пұл таппайтын еркек жоқ, құрарын айт».

 

                                                      ххх

Бөлексазда қарлы боран соғып тұр. Есік ашылса, бір қап суық кіреді. Есікті бір ашып, бір жауып, үйді суытып, әншейінде шыққымыз келмейтін далаға шыққымыз келіп, ойнағымыз келіп, қолды-аяққа тұрмай, «тыныш отырға» мойын бұрмай қойған бізге сөзін өткізе алмаған әжеміз «Боранда ит пен бала құтырады» дейтін. Тамаққа шақырғанда жылдам келе қоймасақ, «Бірің кеттің битпенен, ала шолақ итпенен, қайда жүрсіңдер? Тамақ суып қалды» дейтін. Айтқан сөзді ұқпай, бағынбай бара жатсақ, «Бір әйелдің үш баласы болыпты. Біреуінің аты Омбай, біреуінің аты Домбай, біреуінің аты тағы бірдеңебай. Балалары тілін алмай қойғанда әлгі әйел «Омбайым күшті, Омбайымнан Домбайым күшті, пәленшем одан да күшті» дейді екен. Және бір әйелдің жалғыз баласы бар екен, баласының қылығына көңілі толмағанда ашуланған шешесі «қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым» дейді екен. Күінгеннен айтады да. Әкенің қарғысы – оқ, ананың қарғысы – боқ. Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» дейтін. Тар жерде тамаша қылып, төсектен төсекке секіріп, үйдің шаңын аспанға ұшырып, арпалысып, ұрынбайтынға ұрынып, соғылмайтынға соғылып, жанын жеп ойнаған баланы жақтырмай, «Беснайзада бір қыз бар аласұрған, ала байтал секілді танасұрған» дейтін. Аузы жеткен жерге дейін сөйлеп, аяғы жеткен жерге дейін жүргенді жақсы көретін біреулерді  ұнатпай, «Құдайға қолы жеткендей, қайтеді тіпті. Мұсылман баласы бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүрсе, жарасады. Тасыған – төгіледі» дейтін. Көргенін сұрап алса да, қалап алса да, алмай қоймайтын біреулерді «Көргенінен көз ақы алады. Алғысы келсе, алсын. Үнем болады дейсің бе» дейтін. Талғат пен Болат ойнап кетіп, қараңғы түскенге дейін келмей қалса «Е, келеді де ойыны қанғанда. Құдайы қасында, құлағы басында, жүрген шығар бір жерде. Жүрегім қорықпайды» дейтін.  «Жалғыз қайғыңнан сақта, құдай. Көппен көрген ұлы той. Әркімді құдай өзі есіркесін» дейтін. Біз абайсызда жығылып, тізе, шынтағымызды қанатып алсақ немесе қолымызды пышақпен кесіп алсақ, «Ішегің шықпайды,  қайта арам қаның кетеді. Жетіге келгенше жерден таяқ жейсің» дейтін. «Бұрынғының адамы «Бір күнім өтті, өлшеп берген өмір өтіп барады, туған ай туралған етпен тең» деп жылайды екен.  Қазіргінің адамы күні өткенге қуанады. «Айдың аяғы тезірек болса екен, айлық алатын, ақша алатын» деп, ақша өмір жастарын ұзартатындай көреді. Құдайдың күнінің жаманы болмайды,  күннің бәрі жақсы. Бұрын ер адам үйден шығарда, сапарға аттанарда «Қарыс жерде қаза бар, қатын-бала аман бол»  деп қоштасып  шығады екен, қазір «Пәлен жерге бара салып, шаруамызды бітіріп, келе саламыз» дейді. Жұтқаның бұйырған, шайнағаның неғайбыл. Құдайды ауыздарына алмайды. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейтін қайран қазақ қайда қалды» дейтін. Кеш  батарда «Далада балта қалды, қышқаш қалды. Әр зат өз орнында тұру керек. Өзіңе өзің мықты бол, көршіңді ұры тұтпа» дейтін. «Апа, біреу ренжіді» десем, «Өкпелесе, көшке берген тайын алсын» дейтін. «Апа, біреудің алдына баруға батылым бармай тұр» десем, «Қысылма, бар, айтарыңды айт. Шапаныңды шешіп алады дейсің бе?» дейтін. «Адамның істегенін адам істейді. Оқуын оқиды дейсің бе?» дейтін. Табалдырықтан аттаған адамды бала болса да нан ауыз тигізбей шығармайтын. Аяқ киімін шешкісі келмей, тартыншақтанғанға «Кіре бер. Таза қарды басып келдің ғой. Кілем былғанады ғой дейсің бе?» дейтін. Біреулердің істеген ісі көңілінен шықпай қалса, өзінің ісі ойындағыдай орындалмаса, «Қай дүние қарақаттай болып мөлдіреп тұр дейсің?» дейтін. Үй болған соң аяқ-табақ сылдырлап, ұрыс-керіс болып қалса, «Барсаң сәлем айта бар Қаламқасқа, Бүліншілік кіріпті үйдегі асқа. Ұрыста тұрыс жоқ» дейтін. Бүгінгі істейтін ісін ертеңге қалдырғанды ұнатпайтын. «Ақыры өзім илейтін терінің пұшпағы. Жазған құлда шаршау жоқ» деп, өзі істейтін істі өзі атқаратын. Бізді жұмсағанда ерініп, үлкеніміз кішімізді жұмсасақ, «Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды. Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар? Құлға да құл керек. Еңбек етпей, ас ішіп, аяқ босатқаннан не пайда?» дейтін. «Адам баладан қайтады. Баладан қайтпаған  кісінің түзелуі қиын» дейтін.  Бір жерге қыдырып барып келсе, «Адамның өз үйі – өлең төсегі.  Кісінің үйінде қазы-қарта, жал-жая жеп отырып, «екі тәрелке көже ішетін өз үйім емес» деп, ішіңнен ойлап отырасың. Ит итаяғын жаламай тоймайды»дейтін. «Тұр, тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетер. Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық. Ұйықтаған адамға және қыдырған адамға тамақ қалдырмайды. Өйткені, ұйықтап жатқан кісі қарны тоқ, қайғысы жоқ болған соң ұйықтап жатыр, қыдырмашыл қарны аш болған соң қыдырады. Қыдырып жүріп тамақ тауып ішеді» дейтін. «Өтірік айту – жаман әдет. Өтірікшінің өтірік айтқысы келіп, «қойға қасқыр шапты» деп, талтүсте ауылды басына көтеріп, айқай салып, тыныш отырған елді дүрліктіріпті. Жұрт қолдарына түскенді алып, жүгіріп барса, қасқыр тұрмақ, қасқырдың көлеңкесі де жоқ, қойлар жайбарақат жайылып жүр екен. Енді бір жолы қойға шынымен қасқыр шабады. Оны елден бұрын байқаған әлгі өтірікші ауылға аттандап, шауып келсе, оған ешкім сенбейді. Өтірікшінің шын сөзі зая» дейтін. «Қасқырдың атын тура атамай, «итқұс» деп тергейтін әжем «Итқұс қойшының аз-көбіне қарап,  «Жалғыз қойшы – жарлы қойшы, бір қойын да бермейтін арлы қойшы. Екі қойшы – ермек қойшы, екеуара бір қойын бермек қойшы. Төрт қойшы – төбе  қойшы, қойларыңды бір-бірден бере қойшы» дейді екен. Жалғыз қойшы қойды иіріп қойып, ойға шомады, құмырсқаға, қоңызға, көбелекке, гүлге, шөпке қарайды. Сонда да итқұс жақын келе алмайды, себебі, жалғыз қойшы – сауысқаннан сақ қойшы, алаңдамай, қойларыңды бақ, қойшы. Екі қойшының басы қосылса, өткен-кеткен, барды-жоқты, оны-мұны сөз етіп, ермектесіп отырып, бір қойынан айрылады. Төрт қойшы төбеге шығып, жайланып, малдас құрып отырып, қазақтың арғы-бергісінен әңгіме айтуға кіріскенде бірнеше қойын итқұсқа жем қылады. Қойшы көп болса, қой арам өледі» дейтін. «Жарлылық деген жақсы екен, жатып ішер ас болса. Кедейдің бір тойғаны, шала байығаны. Жас өспей ме, жарлы байымай ма? Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады. Жаман қой өрісін бір күнде жеп, тауысады. Тарта жесе, тай қалады, қоя жесе, қой қалады.  Қасықтап жиғанды шөміштеп төкпе. Мұсылман адам үнемшіл болып, ысырапқорлыққа жол бермеу керек. Судың да сұрауы бар» дейтін. «Ешқашан жоқ деп айтпа, «Ұн таусылып қалыпты, тұз бітіп қалыпты. Осы үйде бір қасық су қалмапты» деп айт, «ұн жоқ, тұз жоқ, су жоқ» деп айтпаған жөн, жоқты айтсаң, жоқ үйіңе кіріп алады, төріңе шығып алады. Ауруды айтсаң, ауру ауруды шақырады. Таңғы нәсіп тәңірден. Қазан аузы жоғары. Қызыл от қысыр қалмайды. Қазанға түскен қапқа түспейді. Құдай тірі еткенін құры етпейді, бір қозы туса, бір түп жусанды артық шығарады. Отын – олжа, су – нұрлық. Жақсы сөз – жарым ырыс. Құдай жақсы сөз айтқан кісіні жақсы көреді» дейтін. «Сақтағаныңды  жесең, сағынғаның келеді» деп, сақтауға шыдайтын тағамды көзден таса жерге тығып қоятын. Аяқ астынан күтпеген қонақ, құда-жекжат келіп қалса қысылып-қиналмау үшін. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» дегендей, мен де тағамды, кейде ақшаны әр жерге тыққыштағанға шебермін. Ақшаны қатты қысылғанда шығарамын, тыққан тағам  кейде пайдаға асады, кейде ит пен тауыққа жем болады. Бірақ, ауру қалса да әдет қалмайды.  Бала кезімізде әжеміз бен анамыз той-жиыннан әкелген кәмпиттерін төртеумізге теңдей етіп, бөліп беретін. Менен өзгелері сол сәтте-ақ үлестерін жеп алады. Мен төсектің бас-аяғына, ана жер-мына жерге тығып қоямын. Есіме түсіп, аңсарым ауып, кәмпит жегім келгенде  орнын сипап қаламын. Менің ондай әдетімді жақсы білетін інім Талғат өз үлесін де, менің үлесімді де жеп алып,  үндемей жүретін. «Не көмген алады, не көрген алады» дегендей, ол кәмпиттер «көмгенге» емес, «көргенге» бұйыратын. Қасқыр етті кесек жұтып, құсады екен, қарны ашқанда жеу үшін. Қасқырға қор керек. Енді ойласам, әжем қор сақтайды екен, сүр ет, құрт, талқан сақтағанда. Бірақ, «сары майды сақтауға болмайды, сары майдай сарғайып қалмау үшін» деуші еді. «Жәнияның кей қылығы маған тартқан, біреуге барды бергенше жан таппаймын, соңынан жатып кеп өкінемін, бекер бергенім-ай, өзімізге де керек дүние еді деп, аяқ астынан не болса соны дүние көріп» деуші еді марқұм әжем. Осы күнде не деген баршылық, не деген молшылық. Не көп болса, соның қадірі болмайды. Кімге не деуге болады. «Аттың боғы алтын болатын бір заман келеді» дейтін бұрынғылар. «Ақысын төлесең, боқысын шығарады» дейтін әжем. Сол заманға да жеттік, басымыз аман,  бауырымыз бүтін, құдайға шүкір. Түп қайырын берсін. «Ауру астан, дау қарындастан. Аузына келгенді сөйлеу – ақымақтың ісі, алдына келгенді жеу – айуанның ісі» дейтін. Әркімнің артынан далақтап жүгіре беретін біреулерді жақтырмай, «Айт десе, айтақ деп, ит құйрығын бұлғаса, жүгіре береді» дейтін. «Аңшының кешіккеніне сүйін. Аңшының әйелі күйеуінің кешіккеніне қуанады екен, «Олжалы болып, аңды көп әкелейін деп кешігіп жатыр» деп. Аңшы олжалы келген күні әйелі балаларына «Әкең ішсін, әкең жесін, сендерді асыраймын деп шаршап, шалдығып, табыс тауып келді ғой» деп, ал кей күндері аңшы құр қол келсе, «Балалар ішсін, балалар жесін. Балалардың несібесіне ортақтаспай, әрі отыршы» дейді екен» дейтін. «Қыз он беске келгенде ноғай жүріс. Қызға қырық үйден тыйым, қала берді, қара күңнен тыйым. Қыз әдепті, инабатты, тәрбиелі болмаса, шешені кінәләйді. Аяғына қарап асын іш, шешесіне қарап қызын ал. Шешесі тек демеген, итіне кет демеген. Шешесі аузын қыспаған, етігі аяғын қыспаған. Қызы бар үйдің бізі бар. Қызым үйде, қылығы түзде. Ойнақтаған бота от басар. Қызға кім қарамайды, қымызды кім ішпейді. Жол мұраты – жету. Қыз мұраты – кету. Қой мен қыздың бармайтын жері жоқ.  Қыз қылығымен. Өзі болған қыз төркінін танымас. Қыздың жаманы бір шәугім шайға жарайды. Есік көргенді алма, бесік көргенді ал. Көріп алған көріктіден көрмей алған текті артық. Жаңа түскен келіншекті сыннан өткізу үшін жиналып, шай ішіп, әңгіме айтып отырған әйелдердің алдында әлгі жас келін дұрыс істеймін деп, бұрыс істеп, бір нәрсені бүлдіріп қойыпты. Бір әйел «Енді қайтсын, бала ғой» дегенде жас келін «Бала болсам, байға тием бе» депті. Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан. Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап. Келін қайын енесінің топырағынан жаралады. Тас түскен жеріне ауыр. Қызым саған айтамын, келінім, сен тыңда. Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» дейтін. Біреу біреудің күйеуге тиіп кеткен қызының төркініне қашып келе беретінін сөз етсе, «Деспе, дескеннен соң боқ жеспе. Төркіні жақынның төсегі жиналмайды. Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» дейтін. «Боқтыққа тойған бір қарға «боқ жаман, боқ жаман» десе, екінші қарға «Боқ жаман емес, жоқ жаман»  деп айтыпты. Бәрінен бар жақсы» дейтін. «Жүкті әйел итке тамақ құйғанда «менің толғағымды сен ал, сен толғағыңды маған бер» деп айту керек. Ит тез туады. Толарсақ жеме, толғағың ашты болады. Туыттан қайтыс болған әйелге ақыретте сұрақ болмайды. Жаңа туған сәбидей күнәдан пәк болады. Әйел босанғанда иегінің ұшында ғана жаны ілініп тұрады.  Ішің қатып қалса да қиналасың. Оның қасында адамнан адам шығу оңай дейсің бе? Болжалы келсе, боқ тоқтамайды. Туған қатын туырлығын жейді. Құлындаған биеден құдықтағы су қалмас» дейтін әжем қыз-келіндер босанарда дұға айтып, пышақты қазанға жанып, «қара қазан бұрын қайнай ма, қара қатын бұрын туа ма?» деп, көрші әйелдерді шақырып, жарысқазан беретін. Жаңа туған нәрестені «тірі жан, тісті бақа» деп, ол нәресте қырқынан шыққан соң адамға ұқсап, қылықтар шығара бастағанда, «к… баласы көрінгенше» дейтін. «Ұлысөзде ұят жоқ» дейтін. «Қазақ баласы етті жақсы көреді, бір жапырақ ет үшін жөргегін сатады» деп, жасқа толмаған жас нәрестеге қойдың құйрық майын сорғызушы еді.  «Бала бауыр етің. Қойныңда бала ұйықтап жатса, бауырыңды ысытып, қыздырып жатқандай болады. Үш жасқа келгенге дейін бала қылығымен қызықтырады. Үш жастан асқан соң боқ сасып қалады. Сол үшін біреуі үш жасқа келгенше тағы біреуін туып алған дұрыс» дейтін. «Аю баласын тасқа бастырып қойып, тамақ жейді. Шешесінің ішкісі келсе, баласының тышқысы келеді» дейтін. «Ағайынның азары болса да, безері болмайды. Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп. Арғымақты жамандап, буданды қайдан табасың, ағайынды жамандап, туғанды қайдан табасың. Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды. Тай тулап үйірінен кетпес.  Абысындар бірін бірі ағарып алдыма шықпасын, қарайып артымда қалмасын дейді. Өгей ене бауырсақ, көрде жатып, қолын бұлғайды. Күндестің күлі де күндес. Күйеуін билеген әйел ауылды биледім деп ойлайды. Ағайын  бар болса, көре алмайды, жоқ болса, бере алмайды. Өз ағасын ағалай алмаған, кісі ағасын жағалай алмайды. Сүйем – сүйем, қарыс – қарыс. Итті иесімен қинасын. Қарағай бойы қар жауса, қажымайды сауысқан,  Ханнан қалпақ кисе де қиыспайды туысқан. Бұрынғыдай болмайды ренжіп, көңіл суысқан. Туысқан бір жақсылықта, бір жамандықта. Тіршілікте сыйласпаған, өлгенде жылаған көзінің жасы құрсын. Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дейтін. «Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады. Біздің тұқым – көбеймеген тұқым.  «Он үйден аспағыр, он үйден аспа» деп қарғаған екен бір енеміз» деп, шалының туыстарын түгендеп, «Әшен жалғыз, Әкімқан жалғыз, Рафаэль жалғыз, үш үйде үш жалғыз» деп, ауыздағы сөзді байқап сөйлеу керек екенін айтып отыратын. «Отқа келген әйелдің отыз ауыз сөзі бар. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле. Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады. Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді. Күніне мың сөз айтқан адам өледі. Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір-ақ сөз. Сөз қуған пәлеге жолығады, жол қуған қазынаға жолығады. Үндемеген үйдей пәледен құтылады. Үндемегеннен үйдей пәле шығады» дейтін. «Көп сөйлейтін адамды «Орыс сияқты көп сөйлейді. Өзі сары көзі көк, былжыраған сөзі көп» деп, жақтырмайтын. «Қара құнан, Сатып іштім орыстың арағынан. Орыстың арағы талайдың түбіне жетті ғой. Текесте орыс көп еді. Қытайдың шекарасы жақын деп Алматыға көшіп кетті. Соғыс басталды дегенде дүкенде бір күннің ішінде тұз, сіріңке, сабын қалмады. Орыс үйіне тасып алды» дейтін. «Қашқан да құдай, қуған да құдай. Қашып бара жатқан ұры «Құтқара көр, құдай» дейді, қуып бара жатқан қуғыншы «Ұстата көр, құдай» дейді. Қашқан да, қуған да құдайға жалынып, жалбарынады. Құдай деген құр қалмайды» дейтін. «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар. Өмірі судан шығып көрмеген шортан балық қарағайдың басына жыландай өрмелеп шыққанда ештеңеге таң қалмайтын заман болады. Заманақыр боларда су тартылар, тыныш тұрған еркекке қыз артылар. Заманақыр боларды жердің бетінде  қара қытай қаптайды. Тырнақтары сояудай ұзын болады. Екіқабат әйелдің ішіндегі баласын тырнағымен іліп алып, жеп, әрі қарай кете береді. Көргенімнен көп екен көрмегенім, бәрінен де жақсы екен өлмегенім» дейтін. «Өлмеген құлға жаз келді. Қара жерге қар жауар, қарды көрген бір мұрат, қара жерден қар кетер, жерді көрген бір мұрат» дейтін. «Бөдененің үйі жоқ, қайда барса, бытпылдық. Бөдене «Бытпылдық, бытпылдық, егін салмай ит болдық» деп, бытпылдайды» дейтін. «Өмірдің басы таудай, аяғы қылдай болады екен деп ойламадық қой. Қажы болмақ мың күнде, пенде болмақ бір күнде» деп мұңаятын.  «Асқанға тосқан бар, Камалға зауал бар, Сом темірге балға бар, Зорсынғанға Алла бар. Екі жеңін кимеген елге кесір, Бір жеңін кимеген өзіне кесір. Бөктергілі, Тоңқайса, әркімде де к… белгілі» дейтін. (Ұлы сөзде ұят жоқ). «Береген қолым алаған. Қызыл ет кетеді, қызыл бет қалады. Қызғанғаның қызыл итке жем болады. Ексең орасың, берсең аласың. Кең болсаң, кем болмайсың. Бермегенді беріп ұялт. Ақкөңілдің аты арып, тоны тозбайды» дейтін. «Дүние – көздің құрты. Дүние деген бір ұсқынсыз жалмауыз кемпір, үстіңгі ерні көк тіреген, астыңғы ерні жер тіреген, ақыретке барғанда алдыңнан шығады, «Жалған дүниеде қызыл-жасыл болып көрініп, сені қызықтырған мен едім» деп айтады» дейтін. «Үш ғайып бар: несіп ғайып, дидар ғайып, неке ғайып» дейтін. «Күліп кіріп, күңіреніп шыққаннан без, күн шығып тұрып, жауғаннан без. Қарсыз қыстың кәрінен сақтан, мейірімді адамның зәрінен сақтан» дейтін. «Қайтқан малдың ырысы бар. «Ырыс қайда барасың?» десе «Ынтымаққа барамын» дейді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін. «Дос басыңа, дұшпан аяғыңа қарайды. Аяқ киімді кигенде алдымен оң аяққа, сосын сол аяққа киу керек, шешкенде керісінше, алдымен сол аяқты, сосын оң аяқты шешеу керек.  Аяқ киімді тізеден жоғары биік жерге қоюға болмайды» дейтін.

«Адамның басы – Алланың  добы.  Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Құдайсыз қурайдың басы қозғалмайды. Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ. Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер? Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтып күн көрер? Тотықұс түріне қарап түрленеді, аяғына қарап қорланады. Қой көрмеген қой көрсе, қуалап жүріп өлтіреді. Қыз көрмеген қыз көрсе, дуалап жүріп өлтіреді.  Семіздікті қой ғана көтереді. Ешкі мен қой бір жатады, әркім күнәсін өзі тартады. Бір биеден ала да туады, құла да туады. Алып анадан туады, тұлпар биеден туады. Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас. Жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас. Ат арыса тулақ, ер арыса әруақ. Әруақты жерден ат үркеді.  Ат баспаймын деген жерін үш басады, ер көрмеймін деген жерін үш көреді. Ат аунаған жерде түк қалады, ер аунаған жерде жүк қалады. Ат айналып қазығын табады, ер айналып елін табады. Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады. Арық атқа қамшы ауыр. Құнан атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер. Өткелден өтерде ат ауыстырмайды. Өткелден өтерде қайықшымен ұрсыспайды. Сырын білмес аттың сыртынан жүрме. Ай мінбей атыңды мақтама. Атының сыры иесіне мәлім. Жақсы ат жанға серік, жақсы ит малға серік. Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты. Нар жолында жүк қалмас. Есекті отқа айдасаң, боққа қашады. Шөптің үстінде жатқан ит не өзі жемейді, не есекке жегізбейді. Есектің күші адал, еті арам. Көп қорқытады, терең батырады. Көпке топырақ шаша алмайсың. Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң. Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше.  Адамды алалағанды құдай алалайды. Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды. Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан. Иттің  иесі болса, бөрінің құдайы бар. Бөрі аштығын білдірмес, сыртына жүнін қампайтар.  Жарылғанды жау алады, бөлінгенді бөрі жейді. Бүлінгеннен бүлдіргі алма. Ер туған жеріне, ит тойған жеріне. Ит иесіне тартады. Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал.  Ит иттігін істейді. Иттің ішіне сары май жақпайды. Ит жемес асынан дәметеді. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді. Ит шаршаса үреді, адам шаршаса күледі. Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман. Құланның оттауы бір болғанмен жусауы басқа. Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды. Аққу құсқа оқ тисе, қанатын суға тигізбес, азаматқа оқ тисе, көршісіне сездірмес. Жапалақ басып жейді, сұңқар құс шашып жейді. Жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі, таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі. Жыланды үш кессе де кесірткелік қауқары бар. Су ішкен құдығыңа түкірме. Қайта кірер есігіңді қатты жаппа. Былай жүрсе, арба сынады, былай жүрсе, өгіз өледі. Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озыпты. Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шығыпты. Жығылған күреске тоймас. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді.  Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде. Бекіре балықтың тұмсығы тасқа тимей, қайтпайды.  Жақсы көргенін айтады, жаман жегенін айтады. Жаманнан жарты қасық ас қалады. Жаман шынын айтамын деп сырын айтады. Атасы жаман ал дегенді білмейді, енесі жаман кел дегенді білмейді. Жүрісі жаман жігітті ел ішінде жау алады.   Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді. Балта сабынан озбайды. Көсеу ұзын болса, қол күймейді. Өзі жарымағанның сарқытын ішпе. Жаңа байығаннан қарыз алма. Ұры байымайды, сұқ семірмейді. Ұрлық түбі қорлық. Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр (шоқпар) байлапты. Жаманды жаман десе, жалпаяды. Жақсыны жақсы десе, қалқаяды. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын. Жаманның жамандығын айт, құты қашсын.  Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар. Жібекті түте алмаған жүн етеді. Үлкен пышақ ұялғанынан өтеді. Өтпес пышақ қол кесер. Өтпес пышаққа өлең шөп те тастай. Шақырғанға бармасаң, шақыруға зар боларсың. Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған бұрышқа отырады. Жаман үйді қонағы билейді. Тыныш жатқан жыланның құйрығын неге басасың? Шағайын деп шапсыса, қорқып неге қашасың? Отын әкелуге жарамаған арбаның өзі отын. Ине өткен жерден жіп өтеді. Ақыл – ауыс, ырыс – жұғыс. Халық ауған жерге қызыр ауады. Қырықтың бірі – қызыр. Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады. Ымды білмеген дымды білмейді. Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді. Атым өлді деп жыламаймын, қызарып, жолда қалды деп жылаймын. Сабыр түбі сары алтын. Уайым түбі – су қайық, батасың да кетесің. Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің.  Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа. Шегірткеден қорыққан егін екпейді. Тас жұтсаң да тәуекелге бел байла. Шешінген судан тайынбас. Көресеңді көрмей, көрге кірмейсің. Өзекті жанға бір өлім. Мысыққа ойын керек,  тышқанға өлім керек. Ауруды жасырғанмен өлім әшкерелейді. Өлім айтып келмейді. Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі.  Өлінің беті ары, тірінің беті бері. Өлуіне қарай көмуі. Тірі тіршілігін істейді. Өлі арыстаннан тірі тышқан артық. Өлі разы болмай тірі байымайды. Қараша үйде сұңқар бар, ораздыға кездесер. Адам үйден қырық қадам шыққаннан кейін мүсәпір. Ауызы күйген үрлеп ішеді. Ас – адамның арқауы. Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде кесте тігіпті. Кісінікінің кілті аспанда. Қойшының қызы қой келгенде іс қылады.  Кісінің үйінің жығуын білсе де, тігуін білмейді. Еркектің көңілшегі аттың соры, әйелдің көңілшегі к… соры. Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын. Бір жылға қоянның терісі де шыдайды. Жауды аяған жаралы. Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап. Базарда жүз кісі бар, әркім сүйгеніне сәлем береді. Базар көрген ешкіден қорық. Қыс киерін жаз киіп, жарлы қайдан байысын. Байдың асын байқұс қызғаныпты. Бейшара көндім дейді, бетпақ жеңдім дейді. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Үлкен қазанда піскен ас шикі болмайды. Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді.  Күлшелі бала сүйкімді. Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады.  Жығылып жатып, сүрінгенге күліпті. Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады. Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма. Сұмырай келсе, су құриды. Басқа пәле тілден. Ащы менен тұщыны татқан білер, алыс пенен жақынды жортқан білер. Көш жүре түзеледі. Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың.   Көрмес түйені де көрмес. Астындағы атын алты ай іздепті. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала. Қазақтың осы жер дегені көш жер. Пәлен жерде алтын бар, барсаң, бақыр да жоқ. Қолда барда алтынның қадыры жоқ. Алмас пышақ қын түбінде жатпас. Баласы атқа шапса, әкесі тақымын қысыпты. Ауылдасың соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр. Соқыр тауыққа бәрі бидай. Тауықтың түсіне тары кіреді. Тазға тарақ не керек. Бояушы, бояушы десе, сақалын бояйды. Еркелеген құдаша жүкке шығар. Тазша салды кесірді, екі аяқты көсілді. Қатынды бастан, баланы жастан. Қарамаса, қатын кетеді, бақпаса, мал кетеді. Әкенің малы балаға мал болмайды. Мал баққанға бітеді.  Қойын алғызып, қорасын бекітіпті. Ханнан құлақ дәметкенше, қасқырдан лақ дәмет. Жақсы қартайса – қазы, жаман қартайса – қазымыр. Ақымақтың қожасы болғанша, ақылдының құлы болған артық. Кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар. Жаңбыр бір жауады, терек екі жауады. Торғай жаңбыр жауса, балапандарын қорғайды, бұршақ жауса, өз басын қорғайды. Боларыңда болып өт, боз жорғадай желіп өт, болмасыңды білген соң, болған ердің қосын жек. Бар барын айтады, жоқ зарын айтады, құда базын айтады, құдағи назын айтады. Өмірдің көбі өтіп, азы қалды. Көңілдің кегі кетіп, назы қалды» деп әжем айтқан, бала кезімде ауыл адамдарынан естіген, әр жерден оқыған  мақал-мәтелдер менің өмірімде таусылмас жан азық болды. «Жүздің жүзін білгенше, бірдің атын біл. Бір көрген адамның алдымен есімін сұрап ал.  Атын білген адамның затын білесің. Кісінің атын ұмытпа, есіңде сақта. Бір көрген таныс, екі көрген біліс. Бір күнгі жолдасқа қырық күн сәлем.  Түсі игіден түңілме» дейтін. Сабырсыз адамға «Үрлей салып, көзің қалай дегендей. Сәті келмей тұр ғой. Сабақты ине сәтімен» дейтін. «Кісінің сыртынан ғайбат айпау керек. Жылқының еті дүмбілез, әркімге біткен бір мінез. Адам жылқы мінезді. Жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде» дейтін. Атам мен әжем тамақ ішкен соң нанның уағын теретін. «Нанды бір қолмен үзуге болмайды, екі қолмен үзу керек» деп, бізге әркез ескертіп отыратын еді. Әжем түн мезгілінде жерге түскен тамақты, әйтеуір жеуге жарайтынды жерден алып, аузына сала салатын. «Қараңғыда түскен ханға бұйырады. Тамақ қалдықтарын жеген адамға құдай несібе береді» дейтін. Әжемнен көргенімді істеп, мен әлі күнге дейін қараңғыда жерге түскенді жеймін. Әжем хан болмады, хан болудан үмітімді үзбей мен келемін. «Біреуге жаның ашысын, бірақ оны мүсіркеп, қатты беріліп, елжіреп, есіркеп, аяма. Оның аярлығы саған ауысады. Обал бопты деме, сауап бопты де» дейтін.  Кешке, есіктің алдындағы сәкіде демалып отырып, сыртта жанып тұрған жарықты айналып ұшып жүрген үлкенді-кішілі сансыз көбелектерге қарап, «Бұлар – жынды көбелектер, жынды көбелек жарықты, жылыны сүйеді. Олар жарықты, жанып тұрған отты ханның қызы деп айналып ұшып жүріп, өзі сол отқа күйіп өледі. Ақымақтың үлкен-кішісі болмайды» дейтін. Мен «Жынды көбелек» деген екі өлең жазатынымды әжемнің қасында,  ақымақ жынды көбелектерге жаным ашып, көз алмай қарап отырғанда әрине, білген жоқпын. Бірақ естіген, көрген нәрселерден ғибрат алып, зердеме сіңіріп, көкірек-фотоаппаратыма суретке түсіріп жүріппін. Менің зеректігімді бір білетін адам болса, сол адам менің сүйікті әжем екен ғой! Әжем  көрген түстерін кім көрінгенге айта бермейтін. «Түс оңалмай, іс оңалмайды. Түс сынап сияқты, қалай жорылса, солай орындалады. Бес саусақ бірдей емес. Адамның бәрі бірдей емес. Кейбір адамдар көрген жақсы түсіңді де, терлеп отырсаң, терлеген теріңді де қызғанады. Сыртынан жақсыға жорыған болып, ішінен жаманға жориды. Жайсыз түс көрсең, ағын суға айт, сумен бірге ағып кетсін. Жас кезімде түсімде жарты ай көруші едім, бүтін ай емес, су көтеріп жүруші едім, жарым көңіл болғаным содан да болар. Түсте ай көрген, айнаға қараған, жалаңаш жүрген, ұялып жүрген, суға шомылып жүрген жақсы. Абыройың артады. Түсте күміс жақсы – тазалық, алтын – сары уайым, салса құдай адамға сары уайым, сары уайым адамды оңдыра ма?» деп күрсінуші еді. Әжем менің көрген түстерімді үнемі жақсыға жорып, «Түсіңді түс жорысын, түс пайғамбары Жақып жорысын, Жақып жорыса, жақын жорысын» деп түстің батасын беретін. Әжемнен үйренген бір жақсы әдетім – мен көрген түстерімді өзім жоримын. Түс үш түрлі болады. Таң алдындағы аян түстер, ойдағы қиялдар, «аты жаман пәленің» көрсететін «кинолары». Аян түстерді есімде сақтаймын, жазып қоямын, басқасының пайдасынан зияны көп, қажетсіз. Ондай түстерді есте сақтамай, «түс – түлкінің боғы» деп ұмытып кеткен жөн.  Көрген түсімді айтатын, жазған өлеңімді оқитын, оқып-білгенімді баяндайтын адам баласына зәрумін. Алла қаласа, болашақта мені ұйып тыңдайтын немерелер туатын шығар. Ол күн де алыс емес. Өз балаңды өскенше бағасың, немереңді өлгенше бағасың. Немере етін жеп, сүйегін береді.

                                  Өзім оқып, өзім болдым тыңдарман,

                                  Мен түсімде ұшып өтем шыңдардан.

                                  Өңімде де биіктерге жетермін,

                                  Бірақ соны армандаумен өтермін.

«Бір жиын-тойда қыз-жігіттер ойнап-күліп отырса, бір қыз жел шығарып қойыпты, іштерінде бір қу жігіт бар екен. «жел шығарған қыздың басында қоңыз кетіп барады» десе, әлгі байқұс қыз басын сипапты.

Бір жігіт базарға барып, әрнәрсеге бір қызығып, ананы да, мынаны да алғысы келгенмен, көп дүниеге ақшасы жетпей, жан-жағына қарағыштап жүріп, сату үшін қойылған айнаның алдына келсе, сатып алғысы келген заттары айнадан айнадай жарқырап көз тартады. Айнаның бағасын қалтасы көтеретініне қуанып, айнаны сатып алып келіп,  әке-шешесі мен әйеліне «Менің не нәрсе сатып әкелгенімді білесіңдер ме? Айна сатып әкелдім, ал оның ішіне базардағы бар дүние сыйып кетті. Сенбесеңдер, өздерің айнаға жақын барып қараңдаршы» депті. Келіншегі өзіне қарап тұрған жап-жас, сұлу әйелді көріп,  ата-енесіне жүгіріп келіп, «Ата, апа, балаларыңыз әп-әдемі келіншек алып келіпті» десе, шал мен кемпір айнадан өздерін көріп, «құда-құдағи да келіп қалыпты ғой, енді қайттік?» депті.                                                                                                                                                

Бір қазақтар көшіп келіп, үй тігіп жатыпты. Бойжетіп қалған қызды су әкелуге жұмсапты. Қыз мөлдір  судағы өзінің суретін көріп, ойға шомып, қиялға беріліпті. «Күйеуге тисем, балам болса. Баламның атын Күйкіш деп қойсам. Күйкішім судың түбіндегі маған қарап тұрған қызға ұқсаған  сүйкімді болса. Енді қайттім, Күйкішімді судан қалай шығарып аламын» деп жылап отырса, шешесі іздеп келіпті. Қызының әңгімесін естіп, шешесі қосылып жылапты. Бір уақытта әкесі келіпті. Үшеуі «Күйкішім-ай» деп жоқтау айтып отырғанда қыздың бауыры, «Күйкіш баланың нағашысы» келіп, әке-шешесі мен қарындасына ұрсып, екі шелек суды үйіне алып келіп, қызды тезірек ұзату қамына кірісіпті. Отырған қыз орнын табады. Дегенмен қазақ қызды оң босағада ұзақ отырғызбаған. Тезірек құтты орнына қондыруға асыққан.

Бір жаңа түскен келіншек ешкі сауып отырып, жел шығарып қойыпты. Мойнындағы моншағын, құлағындағы сырғасын, қолындағы жүзік, білезігін жіпке өткізіп, ешкінің мойнына тағып, әуре болып жатса, енесі көріп қалып, «Не істеп жатырсың?» деп сұрапты. Келіншек «Осылай да, осылай, ешкі біліп қойды, енді соны күйеуіме айтып қоймасын деп ешкіні әшекейлеп жатырмын» депті. Кемпір басындағы орамалын жұлып алып, ешкінің басына салып жатса, шал келіп қалып, істің мән-жайын естіп, келіншектің атасы белдігін шешіп, ешкінің беліне тағып қойыпты. Шал мен кемпір «Келініміздің не бүлдіргенін баламызға айтпашы» деп, ешкіге жалынып отырғанда, келіншектің күйеуі, шал-кемпірдің баласы келіп, «Бұларың не?» десе, үшеуі болған жайды ешкіден бұрын жарысып, баяндапты. Не күлерін, не жыларын білмеген жігіт жерге бір түкіріп, қолын бір сілтеп, бұрылып кетіп қалыпты. Бұрынғының адамдары момын, аңқау болған ғой» деп, әжем бізге бір уақыт осындай күлдіргі әңгімелер айтатын.                                         

Боран басылғанда көрші  Баянды апа келеді, екі кемпір жент, сары май, құрт, дастарқанға барды салып, қаймақ қатқан, иісі бұрқыраған таза үнді шайды ішеді. «Ауыл үйдің қонағы айында, жылында бір келеді» деп, келін түсірген, жас нәрестелі болған ауылдастардың үйіне құтты болсын айтып, шашу шашып, көрімдік ұстатып, барып-келіп жататындары өз алдына, көршілер бір- бірінің үйіне күніне бірнеше рет бастарын сұқпаса, бастары ауыратын жақсы бір заман еді. Оның сыртында алты ай қыс, алты ай жаз ананы-мынаны сылтауратып, бірін-бірі шақырысып, мәрә-сәре болып, «Мал-жан аман ба?» «Құдайға шүкір, аман-есен» деп, бір-бірінің тілеуін тілесіп, сұрауын сұрасып жататын. Осы күндегідей  құстың сүтінен басқаның барлығын дастарқанға тізіп, қасық, шыны қоюға жер қалдырмай, әуреге түспейтін. Дастарқанға бауырсақ, кәмпит-қант, құрт-май, жент қойып, етті мол етіп қазанға салып, қонақ шақырып, барымен базар болып жататын. Мамам  Алматыға тоқтамай барып-келіп жататын бензин таситын машиналардың жүргізушілерінен қызылша алдырып, винегрет жасайтын. Әжем плитаға үлкен кастрюльді толтырып соғымның етін асып, бауырсақ пісіріп, атам дастарқанға бата беріп, өзімізше отырып, қаншама рет жаңа жылдарды қарсы алдық. Қазіргінің дастарқаны мерекелі болса, ол кездегі дастарқан берекелі еді. «Жанымды алсаң ал, құдай, пейілімді алма» деген ол уақыттағы елдің пейілі кең, ниеті дұрыс еді. Ауылдағы той-жиынға шешемді міндетті түрде шақыратын. Ауыл адамдарының кейбіреулері бір себептермен мамамды шақырмай қалса, әжем соған кәдімгідей ренжіп қалатын. «Олары несі екен? Өкенді шақырмағандары қай сасқандары? Өкен несін ішіп-жеп кететін еді?» деп кіріп-шығып, мазасы кететін. Мамам бір жаққа жолаушылап кетсе, «Өкен жоқ болса, үйдің іші біртүрлі, үйге кіргім келмейді. Қашан келер екен?» деп, бізге жерден қырық бір тас тергізіп, құмалақ салатын. «Оңды-солды кез түсті. Келді» десе, шынымен сағынып күткен Өкені кіріп келетін. Осы күнде іргелес көршілеріміздің үйіне айт күндері де бас сұқпайтын болдық. Тіпті аман-сәлеміміздің өзі сатып алғандай. Түп қайырын берсін.  Көрші әжелер шайдан кейін Бөлексазда осы қысқа өлмей жеткен, тірі жүрген шалдар мен кемпірлерді саусақтарымен санайды. Сары шал, сақау шал, Әбілжанның кемпірі, Мейрамның кемпірі, Егізбайдың шешесі, Нұржаудың шешесі… «Алдынан ақсағанның айыбы жоқ, бала-шағамыздың алдында ал, құдай» деп тілеу тілейтін. Кемпірлердің сөздеріне құлағымды түріп жүріп, кешкі тамақты әзірлеуге көмектесемін. «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің бізге жақсы. Көз қорқақ, қол батыр. Біздің бала күнімізде шешелеріміз жүн түткізетін.  «Жүнді көп түткен қыздың мұрнынан моншақ түседі» деп, бізді алдап, жүннің арасына білдірмей моншақ тастап қояды екен. «Міне, моншақ түсті» дегенге мәз боламыз, шаршағанымызды ұмытып. Бұрынғының баласы жуас, көнбіс еді. Қазіргінің баласы өзіңді алдап, қу тақырға отырғызады. Бұрынғының баласы кеш батса болды, пештің түбінде ұйықтап қалушы еді, қазіргінің баласы кірпіктеріне тікен қадап алғандай өзіңді ұйықтатып барып, ұйықтайды» дейтін еді әжелер. Олар сол заманның баласына қарап, «сұмдық-ай» деп бастарын шайқады. Ендігінің баласын көрсе, не дер еді. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей. Марқұм әжем қолы қалт етсе болды, жүн түтетін, ұршық иіретін. Баянды апаның баласы Шүкен ағаның балаларымен бір үйдің баласындай тамақты бірге ішіп, ойынды бірге ойнап, жұбымыз ажырамай, қатар өстік. Отыз жыл көрші тұрғанда бір үйдің адамдарындай болып, бір рет те «сен қалай?» деспедік.  Көп балалы үйдің қазаны оттан түскенін аңдып жүріп, үйдегі дайын тұрған асқа қарамай, біздің үйдің балалары Шүкен ағаның үйіне  барып, жозы жағалап, отырып аламыз. Кей күндері қасық жетпей қалады. Ондай жағдайда да амал табамыз. Үйге жүгіріп барып, қасық алып келеміз. Көрші үйдегі ежеміз есігінің алдындағы ошақта бауырсақ пісіріп болғанша тегештегі ыстық бауырсақты уыстап, арғы үйдің баласы ары тасимыз, бергі үйдің баласы бері тасимыз. Сонда бәрімізге жетеді, артылғанын үйіне алып барады. Әншейінде жұмсағанға үш айтқызбай қозғалмайтын басымыз «мына үйден бірдеңе алып келші немесе қазаннан жаңа түсіріліп жатқан ет-сорпадан табаққа құйып, мына үйге алып барып келші» десе болды, галошты сүйрей салып, көршінің үйіне тұра жүгіреміз. Біз екі үйдің арасына жүгіруден жалықпаймыз, ата қаз бізді қуалаудан шаршамайды. Әсіресе, ана қаз балапан ерткенде қаздардан алыс жүруге тырысатынбыз. «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деп, «өле жегенше бөле же» деп, жақынырағын «мына үй», алысырағын «ана үй» деп,  жоқты жонып жасамайды деп, көршілермен барды бөліп жеуші едік. Ол кездері ауылда ақ сатпайды, сүт сатылмайды. Сиыр туғанша сүт болмай қалғанда үлкен шәшкені көтеріп, мына үйден, ана үйден сүт алып келеміз. Ел іші алтын бесік еді, ел іші тұнық еді. Үйде ешкім қалмай, әрқайсымыз әр жаққа кетіп қалсақ, есікке құлпы салмайтынбыз, есікке жіңішке сым темір немесе жіп байлай салатынбыз. Әжем «Үш нәрсені сатуға болмайды: ақты (сүт, сүт өнімдерін), арақты, емдікке деп сұраған дәріні» деп айтушы еді. Ақпан айының ортасынан ары қарай ауылда түтін басына наурыз көже пісіріледі. Сол жылдары ел ішінде  наурыз деген сөз қазіргідей көп айтыла бермейтін. Наурыз көжені «құдайы көже, тілеу көже» деп айтушы еді.  Біз, балалар келіге әжем өлшеп салып берген бидайды келсаппен түйіп, әжем  кеузеп, ұшырып, жуып, қара пешке қара қазанды асып, қазанға  су құйып, тұз салып, түнімен бидайды бықтырып қояды.  Таңертең ерте тұрып, иісі мұрныңды жаратын сүр ет асады. Піскен етті тегешке түсіріп алып, сорпаның бір бөлігін  көжеге қосады. Бір бөлігіне еттің нанын пісіреді. Сүр еттің сорпасы қосылғанда қара көже сары көжеге айналады, енді оған қатық-айран қосылғанда сары көже ағарған көжеге айналады. Алдын-ала келісіп алып, бір күнде төрт-бес үй қатар көже береді. Бір үйден шығып, бір үйге барамыз, әжемізге ілесіп. Ыдысқа құйылған көжені тауысып ішуің керек және онымен қоймай, көтеріп алып барған ыдысыңа әр үйден өз үйіңдегі көже ішпегендердің  несібесін құйғызып алуың керек. Әр үйден ет жеу –  ол өз алдына бір парыз. «Пышағы бар сүйгенін жейді, пышағы жоқ тигенін жейді» деп, ол уақыттағы шалдар қалталарына бәкі салып жүретін еді. Пышағымыз жоқ екен деп ойламаймыз, өйткені, құлақ, тіл, сирақ, мойын,  омыртқа, бұғана – еттің дәмдісі бізге, балаларға үлестіріледі. «Кеше сойдың бір лақ, бүгін сойдың бір лақ, маған қойдың қу сирақ» деп әжем айтқандай, сирақтың өзінен де бақайшықтың ішіндегі бас бармақтай майы қандай тәтті еді, шіркін. Бір байдың қызы ұзатылып кетіп бара жатып, көп ұзамай, аттың басын кері бұрғызып, қайтып келіп, шешесін құшақтап, жылапты. Мұны көрген жұрт «Қайтсін-ай, елін, жерін, анасын қимай тұр ғой» деп, көздеріне жас алыпты. Сөйтсе, әлгі ерке қыз шешесінің құлағына сыбырлап, «Апа деймін, бақайшықтың басында бас бармақтай май қалды. Соны жеп, сосын барайыншы баратын жеріме» депті. «Наурыз көжені бүйірі шығып, тойып ішкен адам келесі жылдың наурыз көжесіне дейін тоқ жүреді. Жастарыңа жас қосылды. Бір жасқа ілгеріледіңдер. Биыл қар қалың болды, көк жақсы шығады. Ақ мол болады» дейтін үлкен кісілер. Барған үйде кемпір-шалдардың галоштары ауысып, үйге келген соң галоштың әңгімесі басталады. Алақандай ауыл ғой, галоштар  тез табылады.  Одан әрі наурыз айы туғанда, мектепке резеңке етік киіп барамыз. Батпақ, батпақ болғанда жабысып, айрылмайтын сары батпақ емес, сілкісе түсіп қалатын қара батпақ. Құнарлы қара топырақ. Картоп суғарылмайды, жаңбырдың суымен өніп-өседі. Картошкадан өзге ештеңе салмайтынбыз жерге. Жаздай, күздей  Шонжы, Шелектен ұйғырлар келіп, көк-сөк сататын. Ақшадан көрі тауық, қаз, жұмыртқаға айырбастайды алма-өріктерін. Екі қап картошкаға бір қап пияз. Саудагердің ұпайы түгел. Картошқа қымбат па, пияз қымбат па, оның есебін ұйғырлар білмесе, ауыл адамдары білмейтін. Қарқараның арғы жағы қырғыздың жері, қырғыздан қарақат, таңқурай, абрикос сатып алып келіп, түтін басы қыста жеу үшін, кісі келгенде дастарқанға салу үшін қант қосып, тосап жасайды.  Қыстың қамын жазда ойла. Жыл он екі ай үйімізден бал үзілмейтін. Балшелекші марқұм Диқанбек аға жыл сайын он литрлік кателогты толтырып, тегін бал алып келіп беретін.   «Әркім сыйласқанның құлы» деп, біз де ол кісіні үй ішімен қонаққа шақырып, баласы Қаржау мен біздің Талғат тамыр болсын деп, Қаржауға тай мінгізіп, сыйластығымыздың тамырын кеңге жаятын едік. Алмасаң, бермесең – сарт   боласың; бармасаң, келмесең – жат боласың.                                                               

Ағаштан салынған сегізжылдық мектепке кірген жерде үлкен зал, сол залдың төрт қабырғасы толған есік. Төр жақтағысы – мұғалімдер бөлмесі, басқалары балалар оқитын бөлмелер, буфет, кітапхана. Әр есіктің қасында плита. Әр плитаға отын мен көмір жағылады. Мұғалімнің қадір-қасиеті бар кез. Мұғалім кездесіп қалса, ер балалар тақыр бастарын бір сипап,  қыздар тырнақтарын шұқылап, именіп, ұялатын уақыт. Ұлдарға шаш қоюға, қыздарға шаш қиюға рұқсат етілмейтін. Шашын алғызып келмеген баланың сәл ғана өскен шашын мұғалім қайшымен қасқалап жібереді. Сосын амалдың жоқтығынан шаш алдыруға мәжбүр болады. Ешбір көрнекілік құралдың көмегінсіз, қара тақтаға ақ бормен жазып, түсіндірген мұғалімнің айтқан сөздерін зейін қойып тыңдайтын болуым керек, үйге келгенде үй тапсырмасының жазу жұмыстарын ғана орындап, кітап бетін ашпаған күйде ертесінде сабақта өз айтқандарын өздеріне айтып беріп, жақсы бағалар алатынмын. Біреуге математика пәні, біреуге сурет-сызу пәні ұнайды. Ал менен «Жәния, сен қай пәнді ерекше жақсы көресің?» десе, мен «әдебиетті, әдебиетті, тағы да  әдебиетті» деп жауап беретінмін. Қазақ әдебиетінен шығарма жазғанда мұғалім «Егер кітаптан көшірсеңдер бағаларыңды төмендетіп қоямын» десе, басқалардың қалай жазатынын білмеймін, мен  өз сөзіммен жазуға тырысып, қиналатынмын. Және сол қиыншылықтан бір түрлі жақсы ләззат алатынмын. Жазуға деген  құштарлығымды  жасыратынмын. Кейін менің өлең жазатыным жұртқа жария болғанда шешем «тұқымда жоқ көзәйнек  тағу мен өлең жазу дегенді сен бастадың» дейтін аса жақтырмай. Көзәйнекті тағайын деп тақтым ба? Он үш жасымда ойнап жүріп, көзімді зақымдап алдым.  Кеш батқанда екі-үш үйдің баласы біздің аулаға жиналып алып, әртүрлі ойындар ойнайтынбыз. Сондай күндердің бірінде үйдегі үлкендер көршінің үйіне қонаққа кеткенде есіктің алдындағы жанып тұрған лампочка күйіп кетті. Үйден басқасын алып  шығып, солақаймын ғой, сол қолыммен  лампочканы қатты бұраған болуым керек, лампочка қолымда сынып, шалқайып қарап тұрған менің оң көзіме ұсақ әйнек түсіпті. Сол сәтте «көзім, көзім» дедім, одан кейін түк болмағандай, ойнап кеттік. Ешкімге ештеңе айтпадым. Мен кісікиік, бұйығы,  тұйық  мінезді едім бала күнімде. Қыз болып, бір қызбен дос болып көрмеппін. Адамға, әсіресе, әйел адамға үйір емеспін.  Өзіммен-өзім оңаша қалғанды жаным қалайды. Сол уақиғадан кейін бес-алты ай уақыт өткенде мамама мұғалім айтыпты «Қызыңызды алдыңғы партаға  отырғызсам да тақтадағы жазуды  көрмейді» деп.  Шешем мені Алматыдағы доғдырға қаратты. Алматыдан ауылға көзәйнек киіп қайттым. Екі жылда көзімнің көру қабілеті бұрынғыдан да нашарлап, шешем мені Кеген ауданының Алғабас деген ауылындағы көз қарайтын апаға алып барды. Құдайдың ол кісіге берген сыйы неткен керемет сый деймін, ол апаға Алла разы болсын,  ешбір құралсыз массаж жасап отырып, оң жақ көзімнен көзге көрінер-көрінбес жылтылдаған екі әйнек алып, беторамалға салды. «Шөп-шалам, жеңіл нәрсе болса, түйіліп, ауырып, мазалайтын еді. Ал мынау әйнек, асыл зат, орын тауып, орналасып алған. Ұсақ тамырды зақымдап, екінші көзге әсер еткен. Кір сабынмен ашытып, жуып тұр. Жаңа сойылған қойдың бүйрегін ортасынан жарып көзге тартқан жөн, бүкіл тамыр бүйректен тарайды, ол серті. Көзәйнекті көп киме, көз өзі жұмыс істеуін бәсеңдетіп, көзәйнекке сүйеніп алады. Бәрі жақсы болады» деді көз қарайтын апа. Көрер жарығым бар екен, сол күннен бері көзім жақсы көрмегенмен, қалыпты жағдайға түсті. Өспеді де кемімеді. Аллаға шүкір. Осы нашар көретін көз Алла тағаланың жаратқан әсемдік, әдеміліктерін көруге, қаншама қызықты кітаптарды оқуға жарады. «Ісіңді біреу істесе, қолың қышып бара ма, сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма» дегендей, қырық жылғы серігім – көзәйнекті бір сәт те көзімнің алдынан таса қылмай, сүйенудей-ақ сүйеніп алдым. Біздің бала күнімізде кітап оқымаған адам дені дұрыс адам саналмайтын. «Кітапты көп оқыған адамның ой-өрісі кеңейеді, сөздік қоры молайады. Кітап адамды жақсы менен жаманды айыруға, мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелейді, өмір сүруге үйретеді» деген сөздерді қайда жүрсек те еститінбіз. Үйдегілер ұйқыға жатқанда плитаның түбінде, аласа орындықта кітап оқып отырамын. Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Бердібек Соқпақбаев, Әзілқан Нұршайықов, Зейнолла Қабдолов, Ілияс Есенберлиннің кітаптары, қазақ тіліне аударылған Андерсеннің «Сандық самолет» деген ертегі кітабы, «Алтын прага ертегілері» «Балақай мен шатырда тұратын Карлсон», «Шығыс жұлдыздары», «Мың бір түн…» «Шығыс жұлдыздарының» жазған сөздері әлі күнге дейін есімде сақтаулы. «Ақылды құс әрқашан да ұғады, Дән бар жерде тор құрулы тұрады. Кипаристің алаңын, Қызғалдақтың балаңын, Қиялдаймын тағы мен. Бай болыпты бір адам, Бай болыпты керемет, Сараң бопты бірақ та, Байлығы оның не керек. Бастарынан шаш орнына шаң ұшқан, Таздың бәрі бола бермес данышпан. Дүние албар, біз қоймыз, Қашатын одан жол бар ма, Ұйықтар мезгіл болғанда, Жөнелген жөн ғой албарға». Түн баласының тыныштығын  бұзып, сары буфеттің астынан тышқан шығады. Мен тышқанды көргеннен ол жозының астына кіріп, көрінбей қалғанға дейін шыңғырамын. Тышқан атам мен әжем жатар алдында тергенде көрінбей, қалып қойған бірлі-жарым нанның уағын теріп жеу үшін жозының астына кіреді ғой. Ұйықтап жатқан елді оятамын. Бағанадан бері «Жат, Жәния, жат» деп жатқан шешем енді менің жатқым келсе де, келмесе де жататынымды біліп, маған көңілі бөлінбей, өзі де алаңсыз ұйқыға кетеді. Әжем тышқаннан қорқатын, мен әлі күнге дейін жыбырлаған тышқан көрсем, «өліп-тірілемін». «Жәнияның солақай болғанына кінәлімін. Сол жағыма көп көтеріп едім» дейтін  әжем бала бағудың маманы еді ғой. «Әлди, бөпем, жыламаның» неше түрін айтатын.

 

                                            ххх

                                    Әлди, әлди, ақ бөпем,

                                    Ақ бесікке жат, бөпем.

                                    Құнан қойды сой, бөпем,

                                    Құйрығына той, бөпем.

                                                    ххх

                                    Әлди, бөпем, жылама,

                                    Жілік шағып берейін.

                                    Тойға кеткен шешеңді,

                                    Қайдан тауып берейін?

                                                  ххх       

                                    Менің бөпем қайда екен?

                                    Қыздарменен тауда екен.

                                    Тауда неғып жүр екен?

                                    Алма теріп жүр екен.

                                    Алмасынан қанеки,

                                    Жаңа теріп жүр екен.

                                    Дорбасының түбі тесіліп қалып,

                                    Толтыра алмай жүр екен.      

                                                  ххх

                                     Әлди, әлди, абайым,

                                     Атқа тоқым жабайын.

                                     Ел қыдырған шешеңді,

                                     Қайдан іздеп табайын?

                                                  ххх

                                    Әлди, әлди, баладан,

                                    Тауып алған даладан.

                                    Далада бала жата ма?

                                    Түсіп қапты шанадан.

 

                                                   ххх

                                    Әлди, әлди, айпақтан,

                                    Қойдың жүні байпақтан.

                                    Сылдыр моншақ, сылаң бел,

                                    Сыбдырлайды бас жақтан.

 

                                    Көкала иттің құйрығын,

                                    Көлеңке ғып берейін.

                                    К…індегі сатпағын,

                                    Көже қылып берейін.

 

                                               

                                                 ххх           

Бөлексазда жаңбыр шелектеп құйып тұр. Атамнан басқаларымыз темір пештің түбінде, аласа жозыны жағалап, шай ішіп отырмыз. Атам бұзау менен қаздарды іздеп, сыртта жүр. Арасында бір рет келіп, су болған киімдерін шешіп, құрғақ киім киіп, қайта кеткен. Бір уақытта тағы да үсті-басы малмандай су болып келді. Үстіне кигені мамамның көк жерси пальтосы,  етегі жерге сүйретіліп жүр. Пальтоның ішіне екі ата сиятындай. Мамам «Ата, менің пальтомды неғып киіп алғансыз?» десе, «Ауызғы үйде шегеде ілулі тұрған, өзімдікі» деп бой бермейді. Далаға шығу мұң болып, ішіміз пысып отырған біз күліп, мәз болдық та қалдық. «Күлсең, кәріге күл» деген. Анда-санда атам мен әжем ұрсысып қалатын.  Әжем атама «Құдайдың да санында жоқсың, өкіметтің де санында жоқсың» деп ұрсатын. Әжемнің түсінігінше, құдайдың санында болған адам ораза ұстап, намаз оқу керек, өкіметтің санында болған адам соғысқа бару керек. Атам ораза ұстамайды, намаз оқымайды, себебі баласы, келіні коммунист болған, соғысқа барған жоқ, себебі өкіметтің арнаулы нұсқау қағазымен тылда жұмыстар атқарған. Атам әжеме «Қартайғанша желігі басылмаған» деп ренжитін. Ауылдың клубында Алматыдан, Нарынқолдан, Жалаңаштан келген әртістер концерт қоятын. Ондайда әрине, бүкіл ауыл тайлы-таяғымен, барын киіп, бақанын ұстап, кеш батқанда малдарын жайғап, кешкі астарын ішіп, клубқа қарай шұбыратын. Тойға барғанда киетін зерлі жақ тігілген кимешегін киіп, көрші әжелермен бірге біздің әжеміз де ойын көруге баратын. Үйде қалған атама екі кештің арасында кемпірінің мұндай жүрісі, әрине, ұнамайтын еді.

Ас ішудің алдында « Бісмиллаһір рахманір рахим, асқа адалдық берсін, басқа амандық берсін» деп, ас ішіп болған соң «Иа құдай, берген ырыздық-нәсібеңе шүкір. Бергеніңді алсаң да, береріңді алма» деп, атамыз бен әжеміз бата беріп, шүкір айтудан, тілеу тілеуден бір рет те жаңылып көрген емес. «Бесік баласы бес түлейді. Қарды қылау өсіреді, баланы сылау өсіреді. Баланың аяғын жылы ұстау керек. Тоғыз қабат торқадан шықты. Бала мұздауық болады»дейтін әжем менің балаларым Нұржан мен Әйгерімді бесікке бөлеп, бесік жырын айтып, сылап-сипап, жауып-қымтап, аршамен аластап, бесікте жатқан баланың дені сау, көзі қара, мінезі салмақты болып өсетінін, бесік баласының пәле-жаладан аман болатынын айтып отыратын. Мені бесікке бөлеген екен, әкем марқұм қол-аяғым таңылып, бүркеніп-шымқанып, бесікте жатқанымды ұнатпай, «Менің қызым еркін өсуі керек, қызыма  бостандық беріңдер» деп, бесікке бөлеткізбей қойыпты. Тісі жоқ, қызыл иегімен жұмсартқан нанды қолымен алып, баланың аузына салады. Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды. Тісі де, тілі де шықпаған бала не десін, әжесі мен атасының бергені құдайдың бергені деп, аузына түскен нанды жейді. «Микроб жұғады, пәлен-түген болады» деп шешем де көңіліне алмапты, бізге ата-әжеміз ауыздарынан нан жегізгенде, мен де арам ой ойламаппын, өз балаларымның аузына қарлығаш балапандарына жем бергендей ата-әжеміз нан шайнап салғанда. Бала бағулы, от жағулы, қазан майлы, көңіліміз жайлы. Содан жаман болған жоқпыз. Дорба толы асық  Талғат пен Болат ұтып жатса да, ұтылып жатса ешқашан ортаймайтын. Әжем өзі қадағалап, асықтың қорын үзбей, үйдегі сойылған қойдың асығын қосып, шақырған жерден қалтасына асық салып әкеліп, толықтырып отыратын. Кешкі астан кейін «хан талапай», «бес тас», дойбы ойнаушы едік. Қынамен  боялған қызыл асықты «хан» дейтін әжеміздің қос уысындағы асықтар шашылғанда «хан»  алшы түссе «хан талапай» деп «ханды» алуға таласатынбыз. «Хан» алшы түспесе, сақаға («ханға») тигізбей, шашылған бір топ асықтың алшы түскенімен алшы түскенін, тәйке түскенімен тәйке түскенін, бүк түскенімен бүк түскенін, шік түскенімен шік түскенін атып, тура тигізген асықты алып отыратынбыз. Егер асық сақаға («ханға») тиіп кетсе, онда «күйіп кеттім» деп, асық салып айып төлеуіміз керек. Біреуміз тигізе алмасақ, ойын кезегін басқаларымызға береміз. Асықтың алшы, тәйке, бүк, шік деген аттары бар. Күндіз балалар асық атысып, қыздар жерге терезеге ұқсайтын торкөздер сызып, торкөздерге әйнек сынығын лақтырып, сызықтан шықпай бір аяқпен секіріп барып, лақтырылған әйнекті алып, бастапқы орынға секіріп келіп, мак деген ойын ойнап, әйтеуір, бір аяқпен секіріп, екі аяқпен секіріп, жүгіріп, ойынның туын тігуші едік. Үлкен, салмақты асыққа қорғасын ерітіп құйып, қолайлы сақа дайындау маңызды жұмыс саналатын. Асықпен күндізгі ойнаған ойын мергендікке, түндегі ойнаған ойын ептілікке баулиды. Әжем бізбен дойбы ойнайтын. «Баланың айтқаны келеді, баланың тілеуін құдай тез береді. Оң аяғыңды көтер. Басыңды шайқама. Себепсіз жылама»  дейтін әжеміз біздің ауызымыздан шыққан әр сөзді бағып отыратын. «Іріктің аузынан шірік шығады» деп, қалай болса солай, не болса соны айтатын біреулерді жақтырмайтын. «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар? Болар бала боғынан, болмас бала жоғынан. Болар елдің баласы он бесінде «баспын» дейді, болмас елдің баласы отызында «жаспын» дейді. Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» дейтін еді әжем. Менің балам Жігер кішкене кезінде тақпақ айтып, елдің айтқан сөзін қайталап айтып, көп сөйлегенді жақсы көретін. Ондайда әжем «Жасыңда қалжың болсаң, өскенде мылжың боласың» деуші еді. Төрт жасында Жігер «Балдырған» журналын оқып, «Кім үйретті?» деп сұрағандарға «Әжем үйретті» деп жауап беретін.  Жігерге «Жарапазан» жаттататын.

                                   Айтамын жарапазан есігіңе,

                                   Ұл берсін қошқардайын бесігіңе.

                                   Ұл берсе қошқардайын бесігіңе,

                                   Болады өзі нәсіп есігіңе.

 

                                   Асыра мазан,

                                  Жарапазан,

                                  Оразаң құтты болсын, ұстаған жан.

 

                                   Біреуі бес намаздың екінті еді,

                                   Ет жесе, қымыз ішсе, кекіртеді.

                                   Намазды оразамен ұстап барсаң,

                                  Үстінен қыл көпірдің секіртеді.

                                   Намазды оразамен ұстамасаң,      

                                  Астында қыл көпірдің өкіртеді.

 

                                 Айтамын есігіңе жарапазан,

                                 Молдалар намаз сайын айтар азан.

                                 Айтқанда жарапазан қайыр берсең,

                                 Барғанда ахиретке болмас жазаң.

 

                                 Айтамын жарапазан есігіңе,

                                 Қошқардай бір ұл берсін бесігіңе.

                                 Ақтылы қойға толып қора-қопсың,

                                 Кемімес дәулет берсін несібіңе.

Марқұм әжем еңбегі бағаланбай, еленбей, ескерілмей қалғанда «Бикеме жүн түтсем де жақпаймын. Су әкелсем лай дейді, отын әкелсем қурай дейді. Отырсам опақ дейді, тұрсам сопақ дейді» деп аз ғана уақыт ренжитін де «Мұсылманның ашуы жібек орамал кепкенше, кәпірдің ашуы басы жерге жеткенше» деп өзі айтқандай ашуы тез тарап кететін. Плитаның түбінде аласа орындықта жүн түтіп отырып,  жасында естіген өлең жолдарын есіне түсіретін.

 

                                            ххх

                        Сууда суңқар жатпай бы?

                        Суңқарды мерген атпай бы?

                        Сулуулардың қойнунда

                        Суңқиған ғапыр жатпай бы?

 

                                                  ххх

                                   Есік алды бүлдірген,

                                   Қыз бен жігіт бір жүрген.

                                  Жақындасып келгенде,

                          Ақ бетінен бір сүйген.

                                                  ххх

                                  Есік алды топ шеңгел,

                                  Топ шеңгелге келсең кел.

                                  Топ шеңгелге келгенде,

                                  Өзіңе өзің сенсең кел.

                                                      ххх

                                  Қамысы әупілдектің мүше-мүше,

                                  Құдай-ау қыз күніме қайтсем түсем.

                                  Құдай-ау қыз күніме түсер едім,

                                 Сен болдың аяғыма болат кісен.

 «Бұл өлеңдерді еріксіз малға сатылып, кәрі шалға тоқал болған жас келіншек баласын әлдилеп отырып, айтады екен» дейтін.  

                                                           ххх     

               Қамысы әупілдектің ойдым-ойдым,

                                   Балқия, қызығыңа қашан тойдым.

                                   Қосылған он бес жаста қыз Балқия,

                                   Тойыңа алпыс түйе, атан сойдым.  

 «Ал мына өлеңді кәмпескеге ілініп,  айдалып бара жатқан бай жас тоқалына арнап айтқан» деп, әр өлеңнің шығу себебін түсіндіретін еді.                                          

«Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп. Аллаға жағам десең, азанды бол, ағайынға жағам десең қазанды бол. Құтты үйдің қонағы үзілмейді. Құтты қонақ келсе қой егіз табады. Қонақ аз отырып, көп сынайды. Қонақ қойдан жуас, май берсең де жей береді. Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады. Қонақ өз нәсібесін ала келеді.  Ас иесімен тәтті. Қонақ риза болса, құдай риза болады» деп әжем айтатындай, үйге қонақ келсе үйдегі үлкендер қой сойып, әбігерге түсіп жатқанда, біз балалар өзімізше қуанатынбыз. «Күтуші едім асыға, Қонақ келер сәтті шын.  Қонақты емес, расында, Әкелетін тәттісін» деп жазған өлеңім бар. Қонақ әкелген тәттісін сөмкесінен шығарып, «балалар жесін» дейді. Мамам дорбадағы кәмпитті дастарқанға салады. «Қонақ жесін»деп. Текестен әкемнің әпкесі, әжемнің тұңғышы Әлімқан әпкем келеді. Партсъезд (Жамбыл) ауылынан нағашы атамыз Жаңабай атам  мен нағашы апамыз Сұлуқан әпкем келеді. Мамам ата-әжесінің бауырында өскендіктен шешесін «әпке» дейтін, біз де нағашы апамызды «әпке» дейтінбіз. Екі әпкеміз де артық сөзге жоқ, жуас кісілер еді. Әлімқан әпкем «Тілеуің өскір» деп айтатын қуанса да, ренжісе де. Жылына бір рет Қаскелең ауданы, Жандосов ауылында тұратын әкемнің қарындасы Зораш тәтем күйеуімен келеді машинамен. Сонша жерден келіп, бір-ақ түнеп, ертесі қайтып кетеді. Олар келгенде апорт алманы тойып жейміз, көршілерге үлестіреміз. Көрші ауылда тұратын әкемнің кіші қарындасы Дина тәтем келгенде таныс кісілердің жүріс-тұрысын салып, бізді күлдіруші еді. Бөлексазда тұратын шешемнің сіңлісі Күпән тәтем мен күйеубаласы Байдаш аға біздің үйге жиі келетін. Қонақпен бірге әңгіме-дүкен келеді. Қонақ кетерінде бұйымтай сұрайды. Не сұраса да бұйымтайды беру керек. «Қуыс үйден құр шығармау керек» деп, жаңа туған бала мен жас келінді құры шығармайтын ырым қоса бар. Мамам шкафты кілтпен бекітпейтін, сандыққа құлпы салмайтын. Біздің үйде бекітілетін бір ғана нәрсе, ол әжемнің сандығы еді. Сандықта «өлгенде керек болады» деп ине-жіптен шыққаннан үстіне бір рет те ілмеген бірқатар көйлектері, мата, орамалдар, біздің жаңа туғанда киген ит көйлектеріміз,  әкемнің калейдоскоп ойыншыққа қарағандай кішкене көзіне қарағанда кәдімгідей үлкейтіліп, жақыннан көрсетілетін теңіздің жағасында отырған, курортқа барғанда түскен суреті және «өлгенде керек болады» деп алдын-ала сатылып алынған бірнеше метр ақ шүберек, ақырет сақталатын. Әлсін-әлсін таза, ақ шүберекке оралған папамның  суретіне қарау үшін сандықты қолдан соғылған ерекше үлкен кілтімен ашатын. Ол кілтті шүберекке орап, тығып қоятын. Әжем үшін ол сандықтағы бағалы зат баласының суреті болатын. Әжем қайтыс болған соң ол сандыққа мен ие болдым. Әжем көзі тірісінде үлкен қайшысын, шұлық тоқитын шилерін, күміс жүзігін маған берді, білегіндегі күміс білезігін шешеме берді. Шешем ол білезікті Жазира қызына берді. Кезекті дүние, кезбе дәулет.  Қырық жасқа келгенде анамыз Жазира есімді қыз туып алған. Жазира  үшін шығарда жаны басқа. Өзі аш қалуға бар, жылы-жұмсақ, тәтті-дәмдіні кенже қызына сақтап береді. Жазира мамасын ойлағанда ішкен асын жерге қояды. Екеуінің арасындағы махаббатты тілмен айтып жеткізе алмаймын. Шешем әңгімесін «Бес баламен жиырма бес жасымда жесір қалғанмын. Сонда Жәния алты жаста, Талғат төрт жаста, Болат екі жаста, Ғания бес айлық, кенже қызым Жазира «іште қалған», он бес жыл бойы ішімде сақтап, қырыққа келгенде туып алдым» деп бастайды. Жазираның ұзатылу тойында «Жат босаға алдында кідірер қыз, Тереңіне әр заттың үңілер қыз. Жақсы көрген мамасын сағынғанда, Алматыдан Талғарға жүгірер қыз» деп өлең оқыған едім…

Біз ес білгелі туған үйімізде көк бояумен сырланған ағаш рамаға салынған бұғы жетелеген, қолдарына гүл ұстаған сүйкімді бес баланың түрлі-түсті суреті қабырғада ілулі тұрады. Қытайдың суретшісі салған сол суретті сатып алып келгенде марқұм әкем «осындай бес балам болса ғой» деп армандапты. Расында, біз бесеуміз. Бальзактың кітаптарының мұқабасы жасыл, қытай балалары салынған картинаның қағазы қызыл. Және біреуі қызыл, біреуі жасыл,  қытайдың екі қалың одеялы (төсек жапқыш) бар еді. Жасыл мен қызыл көзімізге оттай басылып, бала күнімізден көз қуантып, көңіл көтеретін екі түске көзіміз үйреніп өскен біз  бәрі жақсы болады дегенге сенетін едік. Өйткені, жасыл түс жасару мен жаңарудың, мәңгіліктің белгісі болса, қызыл түс тіл-көзден сақтайды, қыздың көзі қызылда, қызыл қызықтырады. Дүние алмасады, өмір жалғасады. Ит үреді, керуен көшеді.

                                   Көз алдымда көп сұлба көлбеңдейді,

                                   Бізді тірі, оларды өлген дейді.

                                   Біз бесеуміз сүйкімді едік, есті едік,

                                   Бізді өсірген анамызға не істедік.

                                   Балаларын ұл деп, қыз деп бөлмейтін,

                                   Өкен апа, жанға айналшы «өлмейтін».

Әжем «аты жаман пәленің» атын атамайтын, атын атаса, «мені шақырып жатыр» деп жетіп келеді деп. Балалардың шашын алғанда кесіп кетсе,  «қан шығарғаны дұрыс болды» деп риза болатын. «Өйтпесе,  «аты жаман пәле» «доп жасап аламын» деп аңдып тұрады, баланың шашын алғанда кесілген жерден шыққан қанды көрсе, «добым жарылып қалды» деп, бұрылып кетіп қалады» дейтін. Тырнақ алғаннан кейін алақанына бір-екі тамшы су тамызып, сол сумен тырнақтарын жуып, сосын ол суды екінші алақанына ауыстырып, екінші қолының алынған тырнақтарын жуатын. Алынған тырнақтарды шөп қосып, жерге көметін. «Егер су жерге тамып кетсе, «аты жаман пәле» «шөлімнің қанғаны-ай» деп тырнақ жуған суды ішіп кетеді» дейтін әжем  үйді аршаның түтінімен «Алас, алас, пәлекетке қалас» деп аластап, қышқашты отқа қыздырып, бесікке бастыратын.  Ауырып қалсақ, ақшам уақытында есіктің алдында біздің бетімізге, кеудемізге аузына толтырған суды бүркіп, ұшықтайтын. Судан босаған шыныны ертесі сол уақытқа дейін үйге кіргізбей, босағаға төңкеріп қоятын. Екі кештің арасында, бейуақта ұйықтап қалмауымызды, сыртқа шықпауымызды қадағалайтын. Ауылдағы жаңа туған жас балалардың жауырынын көтеретін, жауырыны жабысқан балаларын  келіншектер біздің үйге көтеріп келіп, риза болып кететін. «Босаға, от, дастарқан, осы үшеуі киелі, осы үшеуін қадірлемегенді олардың киесі ұрса, жаман болады» дейтін. Төсекке жатқызып, үстімізге жеті киім жауып, қамшымен ақырын ұрып, «Кет! Кетсең, саған серт. Кетпесең, маған серт. Асқар-асқар таумен кет! Ағын сумен кет! Батқан күнмен кет! Оттан шыққан күлмен кет! Бұл бейшара пендеде нең бар?» деп, пәлені әжем қуса, біз ауырымыздан айығып, жүгіріп, ойнап кететін едік. Кейде суық тиіп, тұмауратып қалсақ, үйден қырық қадам ұзап шығып, бізді таныс-туыстардың үйіне қыдыртып барып-келсе, ауруымыз жазылып, жанымыз жай табатын. «Балаларым сырқаттанса, біреудің үйіне алып барып-келсем, жазылып кететін»деп айтып отыратын.  «Өмір сүру дегеніміз – өмір бойы пәлемен арпалысу» деп бір данышпан айтқан екен. Біздің ата-бабаларымыз сол «аты жаман пәлені» аластап, өздері одан алыстау үшін сары жұртта ұзақ уақыт отыра бермей, көшіп-қонып жүрген ғой. «Сақтансаң, сақтаймын» деген сөздің түп төркіні сол «аты жаман пәленің азғыруынан сақтансаң, сақтаймын» дегеннен шыққан болар деп ойлаймын. Пәледен машайық қашыпты. Мына бір өлеңімнің тууына сонау бала күннен естіген, көзге көрінбейтін, ет пен терінің арасына кіріп алып, адамды азғырғыш пәледен сақтану жайлы айтқан әже әңгімелері себеп болған шығар.

                                    Ет пен тері арасынан,

                                    Түлен түрткір, түрткілеме.

                                     Ескі дерттің жарасынан,

                                     Қан аққанын жұрт біле ме.

 

                                     Сол бір қанды қарға тамған,

                                     Таба алмадым қарап ешбір.

                                     Жауым едің арғы атамнан,

                                     Жоғалшы әрі, қараң өшкір.                                                                          

Жатса, тұрса құдайды аузынан тастамайтын әжем жатар алдында «Иа құдай, тыныштығыңды бере көр, біздің біліп, білмей істеген күнәларымызды кешіре көр. Соңғы деміміз бітерде «Лә, иллаһа ил Аллаһ, Мұхаммед расул Аллаһ» деп тілімізді кәлимаға келтіріп, жанымызды игі жақсы мұсылмандардың жанын алғандағыдай, қинамай ала көр. Аз ауру, азат өлім жібер» деп дұға жасайтын. «Адам тіршілігінде қай сөзді көп айтып жүрсе, өлер алдында сол сөз тілге оралады, мұсылманның ең көп айтатын сөзі «Лә, иллаһа ил Аллаһ, Мұхаммед расул Аллаһ» деген сөз» дейтін. «Мұсылман адам «Қиямет күні жақын» деген сөзді жиі айтып жүру керек» дейтін. Бізге  ұйықтар алдында «Бисмиллаһір рахманір рахим, жаттым тыныш, жастығым кірпіш, төсегім пейіш» деп айту керек, сумен жуынарда, ғұсыл құйынарда «Бисмиллаһір рахманір рахим, ниет еттім ғұсыл құймаққа, іші-сыртым пәк болмаққа. ішімді иман ерісін (жусын). сыртымды су ерісін (жусын)» деген сөздерді айту керек деп үйрететін. «Әйел адам ұйықтағанда бас киімсіз жатуға болмайды. Жаулықсыз бала емізуге болмайды. Түн ішінде сыртқа жалаңбас шығуға болмайды. Әйел адам түн ішінде күл төкпейді, кірдің суын  төкпейді. Ер адамның алдын кесіп өтуге болмайды» деген бұрынғылардың сөздерін қазіргі қазақ әйелдерінің бірі білсе, бірі білмейтіні өкінішті.  Әжем  «Құдайға шүкір айтып, тәуба жасап, сабыр сақтап жүру керек. Алла тағала «Тәуба десең маған, тағы берем саған» деп айтады. Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады. Құдайға сенген құстай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады. Таңғы асты ішерде міндетті түрде «Бисмиллаһір рахманір рахим» деп айтқан дұрыс. Болмаса ішкен асың бойыңа сіңбей, «аты жаман пәле» ортақтасады» дейтін. «Шөлдедім» деген сөзді көп қолданбауға тырысатын.   «Шөлдедім» деп «аты жаман пәле» айтады. «Су ішкім келді, аузым құрғап кетті, тілім таңдайыма жабысып қалды, қаным кеуіп кетті» деп, басқаша айтқан дұрыс, қазақта не көп, сөз көп қой» дейтін. «Таудай қараны тарыдай ақ кешеді. Таудай күнәні тарыдай сауап жеңеді. Жылан иір-иір жүрсе де, ініне түзу кіреді. Пенде болған соң жақсыны да, жаманды да көреді. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білген жөн. Мұсылман аттың төбеліндей аз, кәпір аттың түгіндей көп. Орыс ойына келгенін істейді. Қырғыздың тілі тәтті, діні қатты.  Қазақ  ислам дінін еш қарсылықсыз, өз еркімен қабылдаған. Қазақ әлімсақтан мұсылман» дейтін. Марқұм әжем жасынан ораза ұстап, намаз оқыған екен. Кейіннен жалғыз баласы коммунист болған соң, мұсылманшылығын әрекетсіз, ішінен тынып, жарияламай, жар салмай, атқаруға көшкен. «Мұсылман адам бетін жуғанда үш реттен асырмай, маңдайынан иегіне дейін су тигізіп жуады, мұрнына үш рет су жібереді, үш рет ауызын шайқайды» дейтін.  Өзі сол айтқанындай жуынатын. Қазір ойласам, дәрет алады екен ғой. Әжем шариғат әңгімелерін айтқанда мен аузымды ашып, көзімді жұмып отырып тыңдайтын едім. Мектепте оқып жүргенде үзіліске шықпай, партаның астына, тіземе қойып кітап оқып отырған мені балалар «балық ауыз» деп мазақтап, мен жылайтынмын. Расында мен бала кезімде кітап оқығанда, әңгіме тыңдағанда ауызымды ашып отырады екенмін. 

 

                                      Дүниенің тұтқасы

Пайғамбар күйеубаласын сыйлаған. «Күйеубаласын балам демеген адам менің үмбетімнен емес» деген екен. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  күйеубаласы, қызы Бибі Бәтиманың жары Әзірет Әлі сұлтан ақылды, мейірімді және бір ерекшелігі – өте күшті адам болса керек. Әзірет Әлі сұлтан бір күні пайғамдардың  алдына келіп, «Дүниенің тұтқасы бар болса, соны тауып, ұстасам деп ниет еттім. Рұқсат сұрай келдім. Алла қаласа, жолға шығайын. Батаңызды беріңіз» депті. Сонда пайғамбарымыз  күйеубаласына батасын беріп, « Ниетің қабыл болсын. Сапарың оң болсын. Сен алдымен дүниені атың жеткен жерге дейін бір аралап көріп қайт. Сондағы көрген-білгеніңді көңіліңе түйіп,  келген соң маған баянда. Содан соң берейін рұқсатымды» деген екен. Әзірет Әлі сұлтан ел-жұртымен қош айтысып, жол азығын алып, жақсы атты ерттеп, мініп, дүниені бетке алып, жолға шығады. Елсіз далада келе жатып, алғашқы көргені бір беті ақ, бір беті қара әйел екен. Екінші көргені екі беті бірдей қап-қара әйел. Үшінші көргені бір ит. Ит үрмейді, ал оның құрсағында әлі дүниеге келмеген күшіктері үріп жатыр. Төртінші көргені  жиырма бес жастағы атқа мінген бір жас жігіт алдынан шауып өтеді. Неше уақыт адам баласы кездеспей, зеріккен жолаушы бабамыз жаңағы жігітті қуып жетіп, жөн сұраспақ болады. Енді жақындағандай болғанда жігіт алыстап кетеді. Жігітті қуып жете алмайды. Бесінші кезекте ол кісінің алдынан есекке мінген кәрі шал кездеседі. Аттан түсіп, қартпен амандасады. Сол сәтте жерде кіп-кішкентай түйіншек пайда болады. Шал «Балам, андағы түйіншекті алып бере қойшы» дейді. Күші бойына сыймай тұрған Әзірет Әлі сұлтан түйіншекті әрі қозғайды, бері қозғайды, орнынан қозғалта алмайды. Шал есектен түспей, жердегі түйіншекті таяғының ұшымен іліп алады да көзден ғайып болады. Бұған қатты қайран қалған бабамыз сапарын аяқтап, ел шетіне жақындайды. Алдынан мөлдір бұлақ кездеседі. Бұлақ басында тынығып отырып, жан-жағына көз салады. Кішкене сандықшаға көзі түседі. Қолына алып, ары-бері аударыстырып, сандықшаны ашады. Сандықшаның ішінен құрт шығады. Құрт бір аунап, кесіртке болады, екі аунап, жылан болады, үш аунап, айдаһарға айналады. Өзін тұтқыннан босатқан адамды жемек болады. Әзірет Әлі сұлтан бұйрық осылай болған шығар деп айдаһарға «Калиманы айтып, екі рекағат намаз оқуға мұрсат бер» дейді. Отыз кісі келе жатады. Олар бұрылмай тура өтіп кетеді. Бес кісі келе жатады. Олардан да қайран болмайды. Сол сәтте бір жалғыз кісі келіп, бабамызбен амандасып, жөн сұрасады. Жағдайдың мәнісін түсінген соң айдаһарға «Сен мына кішкене сандықшаға қалай сыйып жаттың? Рас болса көрсетші қане» дейді. Айдаһар жерге бір аунап жылан, екі аунап кесіртке, үш аунап құрт болып сандықшаның ішіне кіреді. Сол сәтті күтіп отырған әлгі кісі сандықшаны тез жауып, орнына қоя қояды. Өзін ажалдан құтқарған адамға алғыс айтайын десе ол кісі тіпті болмағандай жоқ болып кетеді.

Әзірет Әлі сұлтан аман-есен ел-жұртына оралады. Көрген-білгенін, көңіліне түйгенін баяндайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұмбақтың шешуін айтады. «Бірінші көрген бір беті ақ, бір беті қара әйел, ол өсекші әйел. Екінші көрген екі беті бірдей қара әйел, ол зинақор әйел. Үшінші көрген өзі үрмей, құрсағындағы әлі дүниеге келмеген күшіктері үріп жатқан ит, ол келешектегі заман, әкесі тұрып, ұлы сөйлейді, шешесі тұрып, қызы сөйлейді. Төртінші көрген жас жігіт, жеткізбей кеткен сағым, ол сенің өтіп кеткен жастық шағың, жиырма бес жасың, ол енді қайтып оралмайды. Бесінші кезекте көрген есекке мінген көпті көрген қарт адам таяғының ұшымен іліп алып кеткен түйіншек, сол – дүниенің тұтқасы. Сен оны қара күшіңе сеніп, орнынан қозғалта алмадың. Алтыншы кезекте көрген бұлақ басындағы айдаһар – ажал. Отыз кісі – отыз  күн ұстаған ораза, бес кісі – бес   уақыт оқыған намаз. Олар сені ақыретте қорғайды.  Бір кісі болып көрінген сауыңда берген садақаң – бір күлше нан.  Садақа берген жанға сауап. Сол садақаң сені ажалдан құтқарған»  дейді.

«Садақаны сауыңда бер. Біреуге қолқайыр берсең, ішіңнен «Құдай ыраздығына» деп үш рет айт. Бергеніңді айтып мақтансаң, өзіңе қайыры болмайды, кісіге бұйырмайды. Өзіңнің босағаңа қайтып келіп алады. Оң қолыңмен бергеніңді сол қолың білмейтін болсын» дейтін еді марқұм әжем.

 

                                     Ананың сауабы                                                       

Тас – таразы, тәңірім – қазы. Жіңішкелігі қылдан да жіңішке қыл көпірдің үстінен сауабы артық, күнәсі кем адам ғана құламай өтеді екен. Тас – таразыға өлшегенде күнәсі ауыр тартқан адам жанып тұрған отқа, тозаққа құлайды дейді. Адам баласы асып-сасып, жақын туыстарынан сауап сұрап, ары-бері жүгіреді. Жүгіріп баласына барса, баласы «Сен мені мерзімінде сүндетке отырғызбадың, уақытында оқуға бермедің. Мен саған қалай сауабымнан бөліп беремін? Өзім жанған отта күйіп тұрып» дейді. (Әкенің баланың алдындағы міндеті – сүндетке отырғызу және оқыту).  Әйеліне барса, әйелі «Сен мені ұрғансың, соққансың, жәбірлегенсің. Саған бөліп берер артық сауабым жоқ» дейді. Әкесінен сауап сұраса, әкесі «Сен менің тілімді алмағансың. Бетімнен алып, айтқан сөзіме құлақ аспадың» дейді. Амалы құрыған адам анасының алдына барады.  Анасы өзі қиналып тұрғанын бір сәтке ұмытып, баласына сауабынан бөліп беріпті. Екі дүниеде баласы үшін қолындағы нанын да, қажет болса, жанын да қиналмай қиятын бір ғана адам, ол – ана. Алла тағаланың разылығы – ата-ананың разылығында. Алла тағаланың ашуы – ата-ананың ашуында. Ата-ананы ренжітуге болмайды.

«Негізінде ақырзаман деп емес, заманақыр деп айтқан дұрыс. Өйткені, алдымен заманы қағынады. Қанша уақыт екенін бір құдай біледі. Ал ақыры отпен келе ме, сумен келе ме, көзді ашып-жұмғанша не болатынын бір құдай біледі. Біреуге ажал оттан, біреуге ажал судан. Біреудің басы бір жерде, денесі бір жерде қалады. Адамды өлгеннен кейін қайта тірілтіп, денесін жинап құрастырғанға дейін адам баласы кебінге оранып, көрдің басында отырады ақыретті күтіп. Ішпек жоқ, зәр шығармақ жоқ » дейтін әжем.

 

                                       Дариға қыз                     

Дариға деген кәпірдің қызы күрескер, ешкімнен жеңіліп көрмеген палуан болыпты. Аты әйгілі палуанның бәрін жығып, бір күні Әзірет Әлі сұлтанмен күреспек болыпты. Алтын діңгектің түбінде қырық күн күресіп, Әзірет әлі сұлтаннан жеңіліп, мұсылман дінін қабылдапты. Әзірет Әлі сұлтан Дариғамен неке қиып, аз уақыт бірге тұрып, Дариғаның ризашылығымен өз еліне кетіпті. Кетерінде белдігін шешіп беріп, «Іштегі бала ұл болса, атын Мәді қой. Осы менің белдігімді балама бер» депті.

Күндердің күні болғанда Әзірет Әлі сұлтан сапардан келе жатып, бір төбенің басында арғы жақтан келгенді ары лақтырып, бергі жақтан келгенді бері лақтырып, күрескенін жеңіп, белдескенін жығып жүрген баланы көреді. Қызықтап қарап, жақындап барып, «Қане, менімен күресесің бе?» дейді. Бала «Иа Әзірет Әлі бабам» дегенде баланың белінен өз белдігін көрген бабамыз «Мен сенің бабаңмын» деп, баланы құшақтай алады. Күреспесе де, «Әкеме қолым тиді. Ұят болды» деп ойлаған бала әкесінің құшағынан босап шығып, қашады. Қашып келе жатқанда аяғының астынан жер жарылады. Мәді бала жердің астына түсіп кетеді.             

Заманақыр боларда көктен Иса түсіп, жердің астынан Мәді шығады. «Темір үйге қамап қойған Иса пайғамбарды періштелер көкке көтерерде кішкене саңылаудан шық деп белгі берсе, «Басым шығады, екі иығым қайтып шығады?» деп, басын, сосын екі иығын көрсетіпті. Орыстар басы мен екі иығын көрсетіп, шоқынатындары содан қалыпты» дейтін еді әжем әңгімесін аяқтап.

 

                             Жарты нан бермеу керек

Күн кешкірген уақытта Әзірет әлі сұлтан айға бата жасап келе жатса, бейіт жақтан жарық көрінеді. Жақынырақ келіп қараса, аққа оранған біреу көрден басын шығарып, «көрге түс» деп, ымдайды. Әзірет Әлі сұлтан көрге түседі. Түскен жерде бір есік, екі босағада екі ит күзетіп тұр екен. Екінші есікке өтеді. Онда бір есек, бір шошқа беде жеп тұрады. Үшінші есікке кірсе, онда жерде бір еркек, бір әйел жатыр. Үсті-бастарын, денелерін құрт-құмырсқа жеп жатыр. Сол арада «көрге түс» деп белгі берген кісі көрініп, Әзірет әлі сұлтанға былайша баяндайды. «Алдыңғы есіктегі екі босағадағы тұрған екі ит о дүниеде де күзетші. Екінші есіктегі есек пен шошқа тіршілігінде біреуге бүтін емес, жарты нан берген адамдар. Бүтін нан бергендерінде адам қалпында қалар еді. Жарты нан бергендері үшін біреуі есекке, біреуі шошқаға, харамға айналып, беде жеп тұр. Үшінші есіктен кіргенде көргеніңіз, тіршілігінде жан баласына қара су татырмаған, сараң адамдар болған. Сол қылықтары үшін құрт-құмырсқаның жемі болып жатыр» депті.

«Берсең бүтін нан бер, жарты нан берме. Жарты нанның сұрағы бар. Қашан өзінде бар жақсы нәрсені басқаларда да болса екен деп тілемейінше мұсылман мұсылман бола алмайды. Қарғыстың жаманы «көріңде өкіргір» деген сөз және «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген сөз дейтін әжем.

 

                                 Қарынбайдың сараңдығы

Қарынбай деген бай өте сараң болыпты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оның сараңдығын сынайын деп байдың үйіне келіпті. Пайғамбарымыздың алдына бір кішкене табақ ет әкеліпті. Пайғамбарымыз  дұға айтып, табақтағы етке қолын тигізгенде табақтағы еттің орнына тірі мысық пайда болып, жерге түсіп, жүріп кетіпті. Мысықтың қанша биіктен құласа да арқасын жерге тигізбейтіні – пайғамбар арқасын  сыйпағандықтан болса керек. Тауға, далаға сыймайтын мыңғырған малы бола тұрып, қадірлі қонаққа мысықтың етін пісіріп тартқан Қарынбайға пайғамбарымыз «Малыңнан зекет бересің бе?» деп сұрайды. Қарынбай «Жоқ, бермеймін» дегенде пайғамбарымыз Расулаллаһ «Тарт, қара жер, тарт» дейді. Қарынбайды қара жер тізесіне дейін тартады. «Енді бересің бе?» «Жоқ, бермеймін». Қарынбай беліне дейін жердің астына  тартылады. Үшінші рет сұрағанда да «Жоқ, бермеймін» деп жауап береді. Пайғамбарымыз үшінші рет «Тарт, қара жер, тарт» дегенде Қарынбай жердің астына түсіп, біржола жоғалады.

Үй жануарларының әрқайсысының жабайы түрі бар. Тауешкі, таутеке, арқар, құлжа, құлан, қодас. Алла тағаланың құдіретімен жабайы аңдарға айналып, тау-тасты, шөл-шөлейтті мекендеген Қарынбайдың малдары екен дейді.

 

                                  Пайғамбардың дұғасы

Бір күні бибі Фатима пайғамбарымыздың  (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жанына келіп, «Әке, үйге қонақ келді. Келген қонақты немен сыйларымды білмей тұрмын. Үйде жейтін тамақ қалмапты» дейді. Пайғамбарымыз (салаллаһу аләйһи уә сәлләм) қызына қазанға толтыртып картоптың үлкендігіндей тастарды салғызып, қазанның қақпағын жапқызып, дұға жасайды. Алақанымен қазанның қақпағын сыйпайды. Бибі Фатима қазанның қақпағын ашып, қазан толы тастардың картопқа айналғанын көріп, қуанады. Бибі Фатиманың қолынан дәмділеп пісірілген картопты жеген қонақ разы болады. Картоп –   екінші нан.   

                                                          

                                  Иттің ырыздығы

Бір жылдары адамдардың еккен егіндері жақсы шығып, молшылық болыпты. Егіс басында еңбек етіп жүрген бір әйел бір уыс бидайды жұлып алып, кішкентай баласының артын сүртіпті. Алла тағала ашуланып, бүкіл бидайды бір демде жоғалтып жіберіпті. Адамдар аң-таң болып, жан-жағына қарағанша, бір ит бір түйір дәнді табанымен тез басып үлгереді. Сол иттің табанының астындағы бір түйір дәннен осы күні біздің жеп жүрген нанымыз өніп-өсіпті. Иттің ырыздығы деген сөз содан қалған.

 Иттің тілеуі жақсы, ит «Ием аман болса екен, балалары көп болса екен. Солардан қалған тамақ қалдықтарын жеп, қанағат етермін» деп тілеу тілейді.   Мысық керісінше «Баласы жоқ болса екен, жылы-жұмсақты маған береді»  деп, мысық тілеу тілейді.           

                               Тәкаппарлық                                                                       

 Екі молда бастарын жерден алмай намаз оқып жатады. Екі ұры «Құтқара көр, құдай» деп, қашып келе жатады. Екі молда «өлгенде пейішке барамыз» деп, күпіршілік айтып, тәкаппарлық жасайды. Өлгенде екі молда тозаққа  түседі, екі ұры пейішке барады. Неге десе, молдалар құдай білетінді өздері білетіндей, тәкаппарланды. Ал ұрылар шын ниетімен құдайға жалынып, «құдай құтқарады» деп сенді. Дүниеде  жаман әдет екеу болса, біреуі – тәкаппарлық, біреуі – күпірлік» дейтін  әжем.

 

                                                          ххх

                                   Қапта шикі, қазанда пісі бар ма?

                                   Сөйлесердей үйіңде кісі бар ма?

Сөз қадірін білген адам өз қадірін де жақсы біледі. Жасы келген адам өзін-өзі бақылап, артық сөйлемей, артық тамақ ішпей, өзіне де, басқаларға да зиян келтірмей отыруы керек екенін менің әжем  жақсы білетін. Суық суды көп ішуші еді. Қыстың күні жылы үйде тұрған суды ішпей, ауызғы үйдегі флягтан мұздай суық су ішетін. Аяғын жылылап, тізесін қымтап, «Өлем деп қорқып отырған жоқпын. Қор болып, біреуге масыл болып қалмайын деп отырмын. Қартайғанда асқазанға салмақ түсірмейтін, ішті ауыртпайтын тамақ нан мен су, онда да аз-аздан шақтап жеп-ішсе» дейтін. «Тілеуі жақсы кемпір екен, қазған көрге жолықты» деп өзі айтқандай, құдай тілеуін беріп, ешкімге ауыртпалық түсірмей, тоқсан екі жасында дүниеден өткен әжемнің айтқан сөздерін жазып отырып, «мендей тыңдаушысы болған әжемде не арман бар?» деп ойладым. «Сөз өнері берілген адамдар сөз тыңдайтын адамды аңсайды. Тыңдаушысына кездеспегенде өзімен-өзі болып,  бұйығы күй кешеді» деген Бальзактың сөзін есіме алдым.

                                     Қараймын жұртқа қарайып қаным,

                                     Айтқым келеді бар айыптарын.

                                     Ішіме сыймай, азаптап қайғым,

                                     Әңгімелесуге қазақ таппаймын.

 

                                      Ауызекіге ыңғайлы бәрі,

                                      Ауыздарын ашып, тыңдайды бәрі.

                                      Меніің әңгімем тереңге тақау,

                                      Ондайға олар керең де мақау.

 «Адам жақсылық жасауға ниет етіп, оны жасамаса да сауап жазылады. Ниет еткені үшін. Ал ниет еткен ізгілікті жасаса, бір жақсылыққа он сауап жазылады. Бір жамандыққа – бір жаза, бір жақсылыққа – он сауап» дейді. Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла тағаланың адам баласына берер жақсылығы шексіз.

Біз бала кезімізден бес сомның радиосын тыңдап өстік. Әжем қазақ радиосын «бес сомның радиосы» деуші еді. Жаздың күні есіктің алдына іліп қоятын қолжуғышты «бес сомның қолжуғышы» дейтін. Ән тыңдадық, күй тыңдадық, Ерден атаның ертегілерін тыңдадық. Бәрінен де түскі демалыс концерті керемет еді! Кей күндері сол радиодан Бөлексаздың тұрғындарына арнап Сүмен аға сөйлейтін. «Ертеңгі сағат жетіде сиырларыңызды пәленшенің үйінің  қашасының жанына дәрі салдыруға айдап келіңіздер» немесе «Ыдыстарыңызға су толтырып алыңыздар. Пәлен сағатқа су тоқтатылады» дейтін Сүмен аға. Талғат пен Болат бірінен кейін бірі әскерге кеткенде радиодан Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқым» деген күйін Талғат тартып жатқандай, Алтынбек Қоразбаевтың «Алматым сағындырды»  деген әнін Болат айтып жатқандай құлағымызды түріп, тыңдап, қуанушы едік.  Өйткені, Бөлексазда сол жылдары құрылған «Алау» ансамбльінде Талғат күй тартатын, Болат ән айтатын. Мен Алматыда оқудамын, Талғат пен Болат әскерде, атам қайтыс болған сол екі-үш жылда Бөлексаздағы үйде апам, мамам, Ғания үшеуі ғана тұрды. Теледидарда «Служу Советскому союзу» деген хабар көрсетілгенде екі шешеміз екі жерге отырып, жылаушы еді. Талғат Германияда, Болат орыстың жерінде, Кемеровск қаласында әскери міндеттерін өтеді. Сол жылдары жұрттың бәрінің баласы әскери борышын өтеу үшін дүниенің төрт бұрышына барып-келіп жатты ғой. Бірақ, біздің отбасымызға ерекше әсер етті. Теледидар саусақпен санарлық үйлерде ғана бар еді. «Үйде отырып, кино көру үшін көршілер келгенде біздің үй кіші-гірім клубқа айналатын. «…Суда да балық балалар еді, оны да құдай шолалар еді. Талғарда бүгін танылмай жүрген, Бөлексаздағы балалар еді» деп жазған өлеңімдегідей, Бөлексаздағы балалар «таза ауамен дем алып, таза су ішкен, көңілдері де, пейілдері де таза», өнерлі балалар еді.  

Жақсыны қабылдау бар, сезіну бар. Біз жанымызбен қабылдап, жүрегімізбен сезінуші едік. Сезім елегінен өткізуші едік. Жыласақ, шын жылаушы едік. Күлсек, шын күлуші едік. Қорықсақ, құдайдан қорықпағаннан қорқушы едік. Әжем «Әр нәрсенің шегі бар. Шыдамның да шегі бар.  Күлдір, күлдір деп пе едім, сонша күлдір деп пе едім? Қорқыт, қорқыт деп пе едім, сонша қорқыт деп пе едім?» деп, бір әңгіме айтушы еді. «Қу түлкі бөденені ұстап алып, жемек болады. Бөдене «Мені жегеніңмен жұмырыңа жұқ болмаймын. Одан да айтқаныңды орындап, көңіліңді көтерейін» дейді. Түлкі бөденеге «Онда сен мені бір рет шын күлдір, бір рет шын қорқыт» дейді де, босатады. Бөдене екі кештің арасында сиыр сауып отырған  әйелдің басына барып қонады. Күйеуі бөденені ұрып алмақ болып, таяқпен  әйелінің басын ұрады. Бөдене пыр етіп ұшып кетеді. Түлкі күлкіге қарық болады. Ішегі түйілгенше күледі. Енді түлкіні қорқытуды ойлаған бөдене түлкіге «Көзіңді жұмып, менің дауысым шыққан жаққа қарай жүр. Мен көзіңді аш дегенде ашасың» дейді. Бөдененің бұйрығымен көзін ашқан түлкі өзіне жақындап қалған аңшылардың тазы иттерін көргенде қорыққаннан  зәресі ұшып, зорға дегенде қашып құтылады. Ұшып бара жатқан бөденеге қарап, «Күлдір, күлдір деп пе едім, сонша күлдір деп пе едім? Қорқыт, қорқыт деп пе едім, сонша қорқыт деп пе едім?» депті түлкі.

                              Өткен өмір – өткен күн соқпағы едің,

                              Сол күндерді сағынып, жоқтап едім.

                               Әруағың риза болсын сенің, ата,

                               Біздің үйдің сен күміс тоқпағы едің.

 

                              Өмірдің кім өлшепті азы-кемін,

                              Әжем айтқан сөздерді жазып едім.

                              Әруағың риза болсын сенің, әже,

                              Біздің үйдің сен алтын қазығы едің.

Өткен күндердің  естен кетпейтін бір сәттері болады. Сол сәттер – бастан өткен бақытты күндер. Өткенді еске алмасақ, болашаққа не бітірдік деп барамыз? Өткенге  оралып тұрмасақ, болашақтан не күтеміз? Өткен күндер – тарих, болашақ – бұлыңғыр. Заман қандай болса, сондай болсын, біздің қазақтың ақ пейілі, адал ниеті, пәк көңілі баладан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді. «Өлсең, көрің кең болсын» деп, екі дүниенің кеңдігін аңсаған қазақ кеңдігінен кемдік көрмесе екен! Жағасы жайлауда, етегі қыстауда, жалғанды жалпағынан басып, «әйтеуір бірдеңесі болар» деп, ертеңгі күннен үмітін үзбейтін қазақ баласын құдай тура жолға салса екен!

                      … Бүрсүгүні ертеңнен алысырақ,

                          Не берсе де берерін бүгін берсін.

                          Таусылғанша талқаным тағы сұрап,

                          Мен кетермін, қазаққа түбін берсін.

Әжемнің айтқан сөздерін айтып жүріп, өзім де әже болдым. Жақсы әже болғысы келген адам әже мектебінде тәрбиелену керек екен. Жастық өтті, «қош» деген жоқ, қарттық жетті, «тос» деген жоқ. Әже әлдиі, әже тәрбиесі, әже мейірімі, әже әңгімелері менің жаныма қуат берді, өміріме сабақ болды, ораза ұстап, намаз оқуыма негіз болды. Әжем сызған шеңберді кеңейттім де, ұлғайттым, әжем айтқан сөздерді қызға  айттым да, ұлға айттым. «Қарға баласын сүйеді, аппағым деп, кірпі баласын сүйеді жұмсағым деп. Жұрт сүймесе сүймесін, өзім сүйген аппағым, өзім сүйген жұмсағым» деп әжем айтқандай, мамамның, әжемнің, атамның сүйіктілері болып, жаман үйренген біз талай елдің сүйкімсізі де атанып, өмірде талай таяқты да жедік. Кім не десе, ол десін, біздің үйдің балаларының  ақкөңіл, адал, әділ, текті екенін бір білсе, құдай біледі. Өлтірем деген біреу бар, өлтірмеймін деген құдай бар. «Бір заманда бұл қауым түйені де ренжітер» деген сөз бар. Бүгін бергенше түбін берсін. Алла тағала істеріміздің соңын қайырлы етсін.

                    Тоқсан жасап, қулықты үйренбеген,

                     Күні бойы қорада күйбеңдеген,

                     Бұзау менен қаздарды күнде іздеген,

                     Әкеміздің жоқтығын білгізбеген,

                     Атам да өтті дүниеден Ералы атты,

                     Талай жерді атымен аралапты.

 

                     Өлең-жырға жасымнан үйір еткен,

                     Жалғыз ұлдан айрылып, күйі кеткен,

                      Келінінің түсінген жас күйігін,

                      Саусағымен тартатын тасбиығын,

                      Әжем де өтті дүниеден Сәлимандай,

                      Ұғушы едім сөздерін дәл имандай.

 Біздің әжелеріміз тайқазан толы  сүтті тік көтеріп, оттан түсірді. Шешелеріміз фляг толы суды тік көтеріп, шанадан түсірді. Біз екі шелекті иінағашқа іліп, иінағашты мойнымызға  қойып, су тасыдық. Біздің қыздарымыз краннан ағып тұрған дайын суды шөмішке толтырып, шәугімге құяды. Енді олардың қыздарының шамасы қасықты ауыздарына алып барып, өз тамақтарын өздері ішуге жете ме, жетпей ме?! Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербету үшін жаратылған, баласы үшін жалаңаш қолымен от көсеп, шоқ ұстайтын, жалаң аяғымен су кешіп, мұз басатын төмен етекті әйелден әл кетсе, темірдей мықтылығынан айрылса, гүлдей нәзіктігінен де айрылмай ма? Әйел адам бала емізгенде жалаңбас отырса, «аты жаман пәле» анасының басындағы қайызғақты баласының аузына салып, бала оны сүтпен бірге еміп, содан өскенде анасына да, айналасына да мейірімсіз, опасыз болады дейді қазақы наным-сенім. Мұсылман баласы туғанда шешесін жалаңбас, жаулықсыз көрсе, есі кіргенде көйлексіз, шалбармен көрсе, кейін есейіп, жігіт болғанда өзі әйеліне орамал сал, көйлек ки деп айта ала ма. Өз жүрісі дұрыс емес ана қызына олай жүрме, былай жүр деп айтпайтыны бесенеден белгілі. Марқұм әжем «Әйел қырық шырақты, бір шырағы жанбаса, бір шырағы жанады. Және ол шырақтары төңірегіне жарық пен жылу, мейірім мен шарапат таратады»  деп айтып отырушы еді.  Керісінше жағдайда «Бір әйелдің қулығы қырық қашырға жүк болыпты. Қу байтал екі айғырды аш қалдырар» деп те айтатын.                                                                                                               

«Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман, Шошимын кейінгі жас балалардан. Терін сатпай, телміріп, көзін сатып, Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман. …Тыңдамаса еш адам, Өз жүрегім толғансын. Әр сөзіне қарасын, Іштегі дертім қозғалсын. Әуелесін, қалқысын, От жалын боп шалқысын. Жылай-жырлай өлгенде, Арттағыға сөз қалсын. Мендей ғаріп кез болса, Мойын салсын, ойлансын. Қабыл көрсе сөзімді, Кім таныса, сол алсын» деген Абай атамыздың сөзі тілімнің ұшында тұр. «Өнеріңді құр шірітпе, Орнына анық жұмсамай. Өкініші кетпес оның, Өз ойыңда босқа өлер. Қай ғылымды білсеңіз де,  Қазір оны елге жай. Құр ішіңде кеткенінше, Пайдалансын өзгелер. Құры білген не керек, білгенді қылған сол керек» деген Шәкәрім атамыздың сөзі қаламымның ұшында тұр. Ақ Жайықтың өзі болмасақ та – бұлағымыз, ақылды бастың өзі болмасақ та – құлағымыз. Тілімнің ұшындағы сөзді айттым. Қаламымның ұшындағы сөзді жаздым.  Әжем айтқандай, «Қай дүние қарақаттай болып мөлдіреп тұр дейсіз? Адамның істегенін адам істейді. Оқуын оқиды ғой дейсіз бе?»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

           

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

           

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Өте ғибратты жазылған Тамаша Тура өзімнің балалық шағыма барып қайтқандай болдым Рахмет Қаламыңызға қуат берсін Жастар оқыса сабақ болар еді

  2. Жания өте тамаша жазыпсыз.Бұдан асқан құрмет бола ма ата əжеге.Қаламыңызға қуат берсін.
    Бастан аяқ бір деммен оқыдым.Рахмет

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар