//

Бадахшанда бүлік шығарған исмайлиттердің елімізде ылаң салмасына кім кепіл?

920 рет қаралды
3

 Өткен айда Тәжікстанның Бадахшан автономиясында содырлар өкіметтің лауазымды тұлғаларын өлтіріп, артынан қарулы қақтығыс жасап, тәжік билігінің дегбірін ұшырған болатын. Бүлікті бейбіт түрде шешкісі келген Душанбе соңынан қарулы қақтығыстың артында Исмайлия ағымы тұрғанын ресми түрде хабарлады. Бүлікті ұйымдастырған дала командирі Бадахшанды бөліп әкету әрекетін Исмайлия жетекшісі Ага Ханның пәрменімен жүзеге асырғандығын нақты мойындады. Аталмыш Исмайлия ұйымының Алматы облысының Текелі қаласынан Университет ашып отырғанын ескерсек, Бадахшандағы сепаратистік бүліктің еретң елімізде қайталанбасына ешкім кепіл бола алмайды. Сонымен, Исмайлиттер деген ағым несімен қауіпті?

 Әдепкіде, хз.Али (р.а) және оның таңдаулы ұрпақтары ғана халиф болуға лайықты деген саяси ұстанымға орай, сунниттерден бөлініп шықққан шииттер, кейін келе өз ішінен шыққан ғулат (жаманшылықта асыра сілтеуші, жақсылықта кертартпа) топтардың негізсіз көзқарастарына байланысты, хақ жолынан (дини-уасит) ауытқып, ақиқаттан ажырай бастады. Шииттік топтардың Пайғамбарымыз с.ғ.а-ның кіндігінен тараған (аһли вайт) ерекше тұлғаларды ұлы имам санауы, олардың өз ішінен сан тарауға бөлінуіне әкеп соқты. Қызылбастардың қатарындағы Исмайлия қауымдастығы да ғулат топтардың бірі болып саналады.

 Задында, Исмайлия ағымын «Жафар ас-Садық қайтыс болғаннан кейін (өл. 765 ж) «имам» оның ұлы Исмайл болуға тиісті, сондай-ақ, Исмайл өлген жоқ, ол Аббаситтерден жасырынғандықтан, ғайып болды», – деп білетін топ өкілдері қалыптастырды. Сол кездегі Мансұр халифтің Мәдинаға тағайындаған әкімі Исмайлдың тірі екеніне куә болғанын алға тартып, базбір жақтаушылары Исмайлды «ғайып имам» дәрежесіне көтерсе, осы топтың келесі бір өкілдері «Исмайлды өлді» деп қабылдап, оның орнына баласы Мұхаммедтің имам болғанын жақтады. Мұхаммедтің имамдығын жақтаушылар кейін Исмайлиядан еншісін алып, Мубаракия ағымын құрды. Ал, «Имам алғашқыда жасырынып, соңынан сәті туған кезде пайда болып, дұшпандарымен күрес жүргізеді» деген пікірді ұстанушылар Исмайлиядан бөлініп Батыния ағымын қалыптастырды (Мұхаммед б. Абдулкерим аш-Шахристани. «ал-Милел вен-Нихал» (діндер және мазхаптар тарихы) 152-153 б.).

 Исмайл Жафар ас-Садықтан кейінгі жетінші имам саналғандықтан, ислам тарихында бұл ағым «жетіншілер» (сәбина) деп те аталады. Әсілі, Исмайлия ағымын Исмайлдың ең жақын досы Әбул Хаттаб құрды. Исмайл қайтыс болғаннан кейін (өл. 774 ж) оның ұлы Мұхаммедтің төңірегіне топтанған Исмайлия ағымының өкілдері өздеріне жетекші ретінде Әбул Хаттабты сайлады. Одан кейін бұл ағымға Мәймүн әл-Каддах пен баласы Абдуллаһ (784 ж) жетекшілік жасады. Осы кезден бастап Исмайлия ағымы көне діндер мен грек философиясының ықпалына ұшырай бастады (Мұхаммед б. Абдулкерим аш-Шахристани. «ал-Милел вен-Нихал» (діндер және мазхаптар тарихы) 152-153 б.).

 Исмайлия ағымының өкілдері Ұлы Жаратушыны бір, Мұхаммедтің (с.а.у)-ды Алланың Елшісі, сондай-ақ, хз. Алиді Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның мұрагері деп біледі. Өздерінің Исламмен ұйыспайтын пікірлерін халыққа қабылдату үшін хз. Али мен «ахли вайттың» (Мұхаммед с.ғ.а-ның кіндігінен тараған ұрпақ) беделін пайдаланады. Осы түсінік олардың сенім негіздерінің бірі саналады (пр. др. Сабри Хизметли, Мазхаптар тарихы. 15 б.).

 Тіпті, имамның авторитарлық билігінің жоғары болғаны соншалықты, имамның әрбір айтқаны шариғат үкімдері ретінде қарастырылып, әсіресе, Мұхаммедтің имамдығы кезінде имамға мойынсұну уәжіп саналды. Исмайлиттердегі «мактум» және «мастур» (сақтану) салты, яғни, жасырыну (тақия: қашан сәтті кезең туғанша позицияны ашып көрсетпеу) дәстүрі де Мұхаммедтің имамдығы кезінде пайда болды. Олар: «жасырынушылық имамның билігіне кедергі келтірмейді», – деп білді. Мұхаммед әл-Мактумнан кейін оның ұлы Жафар әл-Муссадық Исмайлия ағымына имамдық жасады. Бұдан кейін Мұхаммед әл-Хабиб, одан кейін Солтүстік Африканы билеген Мұхаммед әл-Махди имам болды

 Исмайлия ағымы ескі мәдениеттер мен діндердің ықпалына ұшырағаны соншалықты, Ислам негіздеріне мүлде қарама-қайшы қағидаларды ұстанушы бір-біріне ұқсамайтын Исмайлияның атын жамылған түрлі топтар пайда болды. Әсіресе, Исмайлия ағымына Үнді Брахманизмі, Ишрак философиясы, Будда діні, ескі Иран сенімдері қатты әсер етті.

 Өзге шииттік мазхаптардан Исмайлияның бір ерекшелігі жасырынушылыққа (такие) тым қатал көңіл бөлуі еді. Олардың жасырынушылығы үдеген сайын, исламнан ауытқушылығы да арта түсті. Тіпті, олар жазған хаттары мен шығармаларына да аттарын жазбайтын. Мысалы, Исмайлия ағымының ең негізгі оқулықтарының бірі «Ихван-и Сафа Рисаласының» авторы белгісіз.

 Ағымның ішінен бөлініп Мубаракия, Батыния, Хашшасыния, Низария, Мустамия деген топтар да бар. Бұл топтардың пайда болуына негізінен Исмайлия өкілдерінің өзге шииттік ағымдар секілді әрбір көрінген нәрсенің бір құпия сыры болады деп, түрлі пікірлерді ұстануы себеп болды.

 Мысырлық зерттеуші Мұхаммед Әбу Захра Исмайлия ағымының пікірлерін былайша жіктейді:

 1. Илаһи нұр, яғни, Аллаһ-Тағала қалауы түскен имамдарға өзінен бір бөлік нұр берген. Имамдарды осы илаһи нұрмен халықтан үстем етеді. Ол үстемдік олардың білімімен өлшенеді, яғни, шариғат үкімдерін дәл беруімен ерекшеленеді.

 2. Имамның танымал адам болуы шарт емес. Тұлғасын жасырған адам да имам бола алады. Имамға мойынсұну уәжіп. Имам дегеніміз адамдарға ақиқат жолды нұсқаған – махди. Ол әйтеуір бір уақытта жер бетіне оралып зұлымдықпен күресіп, әділет орнатады.

 3. Имам ешбір адамның алдында жауапты емес. Ешқандай адамның да имамның іс-әрекетінен қате табуға құқылы емес, қайта, имамның әрбір ісінде жақсылықтың болатындығына сенуі керек. Өйткені, имам адамдардың ақиқатпен қауышуына дәнекер бола алатын тұлға. Осыған байланысты, Исмайлияның кейбір өкілдері имамның исмат (күнәсіз) сипатында ғұмыр кешетініне кепілдік берді (Мұхаммед Әбу Захра. Исламда саяси, итикади, фыкһи мазхаптар тарихы. 60-61 б.).

 Алғашқы жүз елу жылдық тарихында имамдарының жасыруына байланысты, Исмайлия ағымын белсенді үгіт жүргізушілері басқарды. Үгіт жүргізушілер Куфа, Иемен, Ирак және Солтүстік Африка өңірлерінде өз пікірлерін таратуды қолға алды. Бахрейндегі Исмайлия өкілдері осы өлкенің саяси билігін қолына алып, Кармати мемлекетін (ІХ-Х ғасыр) құрды. Олар зұлымдық пен әлімжеттік орын алған бұл дүниеге әділет орнатушы «махди» (Хадис бойынша махди дегеніміз Алла Елшісі (с.а.у)-мен аттас және Оның кіндігінен тараған ұрпақтан шығушы күрескер ұлы имам. Бірақ, махди жөніндегі ғұламалардың көзқарасы бірдей емес. Шииттік топтар көбіне махдиді саяси жетекші деп білсе, сунниттер ақиқат жолды нұсқаушы рухани тұлға деп таниды. Ал, ибн Халдун махди жөніндегі деректі әлсіз жеткізілген хадистердің қатарына жатқызады) келеді деп халықты сендіріп, өз сенімінің аясын ұлғайтуға күш салды. Иемен мен Солтүстік Африкада да Исмайля пікірлері қанат жайып, осында Фатимиттер мемлекетінің құрылуына түрткі болды. Исмайлиттер Мысырда әл-Асқар университетінің негізін қалап, Кайрды өздеріне астана етті. Бүлікші бұл ағым 1171 жылы Аюбилер тарапынан жойылғанмен, Фатимиттер мемлекеті ұзақ уақыт Иемен, Мысыр, Сирия, Хизаж, Солтүстік Африканың маңызды бөлігін өзіне бағындырды.

 Әл-Мутансырдың халифалығы кезінде Исмайлиттер (1036-1094) Низари және Мустами тобы болып бөлінді. Осы ағымның белсенді өкілі саналған Хасан Саббах Низарлардың имамдығына қолдау көрсетіп, Иеменде Низарлардың үстемдік етуіне күш салып, көп ұзамай Низар көтерілісшілері Иеменде тәуелсіз өз иеліктерін құра алды. Алайда, кейін Иеменде шииттік Зайдия мазхабы үстемдік орнатты.

 Дегенмен, Низария өкілдері өз пікірлерін әлемнің көптеген аймақтарына тарата алды. Үндістандағы Бахра деп алатын топ осы Низарлардан тарайды. Низария басшысы Хасан Саббах Иранда өз пікірлерін насихаттап, 1090 жылы Казвин өлкесіндегі Аламут қаласын басып алып, Иранназари Исмайлия мемлекетін құрды. Сондай-ақ, Низария пікірлері Анадолы, Сирия, Ирак өлкелеріне де кеңінен таралған (пр. др. Сабри Хизметли, Мазхаптар тарихы.15 б.).

 Исмайлия тарихында алғаш рет «Агахан» деген атақты Иран билеушісі Фатх-Али шах (1797-1834) өзінің күйеу баласы Хасан-Алиге тарту етті. Хасан-Алидің бұл атақты алуына оның тікелей Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның ұрпағы болуы септігін тигізді. Алайда, Мұхаммед шахтың тұсында Агахан І-шінің Иран билігін күшпен тартып аламын деген әрекеті әшкереленіп, ол 1840 жылы Бомбейге қашты. Үндістандағы ағылшын билеушілері Агахан І-шіні құрметпен қарсы алып, оған «Ұлы дәрежелі» деген атақ берді. Хасан-Али Агахан І-ші 1881 жылы қайтыс болып, оның орнына ұлы Али-Шах Агахан ІІ отырды. Агахан ІІ ағылшын үкіметімен тату болумен қатар, Иранның соңғы билеушісі Насреддин шахтың қарындасына үйленіп, сол дәуірдегі саяси билеушілермен бейбіт қатынас жасады. Али-Шах Агахан ІІ 1885 жылы қайтыс болып, Исмайлия тағын оның ұлы Сұлтан сэр Мұхаммед шах иемденді. Сұлтан сэр Мұхаммед шахтың Агахандығы кезінде Исмайлиттер саяси істерге белсене араласты. Агахан ІІІ Үндістандағы «Мұсылман лигасының» президенті болып сайланып, ол Үндістанның оқу-ағарту ісіне белсене араласуымен бірге, Пәкістанның ұлттық тәуелсіздігіне де қызу қолдау білдірді. Агахан ІІІ батыс алпауыттарымен де тығыз қарым-қатынаста болды. Ол Англия ханшайымы Викториямен етене жақын араласты. Агахан ІІІ-тің әйелдері итальян және француз ұлтынан еді. Ал, Сұлтан сэр Мұхаммед шахтың ұлы Исмайлиттердің қазіргі басшысы Кәрим әл-Хусейн Агахан IV 1936 жылы дүниеге келген. Ол Исмайлиттердің 49-ші имамы саналады. Ол Исмайлиттер имаматын 40 жылдан бері басқарып келеді. Қазір, Агахан IV Францияда тұрады.

 Исмайлия қауымдастығы бүгінгі таңда Азия мен Европа және Африканың көптеген мемлекеттеріндегі сүйекті діни ағымдардың бірі саналады. Агахан IV-тің белсенділігінің арқасында Исмайлиттердің саны бүгінгі таңда әлем бойынша 13 млн адамға дейін жетіп отыр.

 Қызылбастарға тән «имамның» (халиф) тек «аһли вайттан» болуын үндейтін Исмайлиттердің шариғатқа қайшы көптеген түсініктері бар. Сабри Хизметлидің пікірінше Исмайлиттер Рамазан айында ауыз бекітіп, зекет пен хажылықты атқарғанмен, күніне үш рет намаз оқиды және жұма намазын оқымайды. Исмайлия өкілдерінің көзқарасынша кез-келген адам олардың имамдарына мойынсұнса ғана мұсылман бола алады. Ал, Исмайлияның имамын қабылдамаса, онда ол адамның әрбір адал ісі харам деп табылып, керісінше, имамды қабыл еткендерге әрбір нәрсе адал саналады. Сондай-ақ, Исмайлия өкілдері діни үкімдерде құпия ұғымдар бар деп, одан әртүрлі философиялық мағыналар шығаруға құштар. Жалпы, адасқан бұл ағымның өкілдері теориялық тұрғыдан ислам үкімдерін қабылдағанмен, іс жүзінде орындауға аса мән бермейді. Рухани және саяси жетекшілері намаз ғибадатын қылмайды. Ислам әлемінде хурафалар (дінде жоқ нәрселерді ойдан шығару) мен исрайлият (ескі діндердің, әсіресе, иуда дінінің құндылықтары) ұғымдарын мұсылман мәдениетіне кіргізіп, өздерінің көзқарастарын кейде анархия және террорлық іс-әрекеттермен жүзеге асырады. Тіпті, есірткі мен мафия және әйелдерді өз мақсаттарына пайдаланады (пр. др. Сабри Хизметли, Мазхаптар тарихы. 14-15 б.).

 Зерттеушілердің Исмайлиттер хақындағы пікірі теріс болғанымен, Кәрім Ага Хан ІҮ-ші қауымдастықтың миссиясын заманауй технологиямен жұмыс жасауға бейімдеп, халықаралық қауымдастықтардың ағымға деген сыни көзқарасын өзгертуге күш салып келеді. Әсіресе, Исмайлиттер есірткіге қарсы күрес, жұмыссыздықты азайту, әйел теңдігі, оқу-ағарту саласына басымдық беруімен ерекшеленіп, әлемдік түрлі саяси күштердің қолдауына ие болуда.

 Біздің елімізде Исмайлиттер алғаш рет 1998 жылы Алматы қаласында есірткіге қарсы халықаралық конференция өткізуге демеушілік жасап, БҰҰ-ның Семей аймағы бойынша жүргізілген оңалту бағдарламасын жүзеге асыруға да қаржылық көмек көрсетумен көзге түсті. Іле-шала Кәрім Ага Хан ІҮ-ші Орта Азиядағы таулы аймақ тұрғындары көптеген әлеуметтік және экономикалық қиындықтарға тап болғандықтан, халықтың таулы өңірлерден жаппай көшуін болдырмау мақсатында осы аймақтардың мәселелерін зерттеумен және осы сала бойынша мамандар оқытумен тікелей шұғылданатын университет ашуды ұсынды. Сөйтіп, Ага Хан ІҮ-ші 2000 жылы Астанаға келіп, сол жолы Исмайлиттер имаматы мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері басшылары Орталық Азия университетін құру туралы келісімге қол қойды. Бүгінгі күні осы келісімшарттың негізінде Тәжікстанның Хорог, Қырғызстанның Нарын, Қазақстанның Текелі кентінен Исмайлиттер имаматының оқу ордасының қалашығы тұрғызылып жатыр. Текелі кентіндегі Орта Азия Университетінің қалашығы 3400 студент және 400 адамдық профессор-оқыту¬шыға лайықталып салынуда. Ақпарат көздеріндегі деректерге қарағанда Кәрім Ага Хан ІҮ-ші Текелідегі оқу орнының қалашығын тұрғызуға 250 млн доллар қаржы құйған көрінеді.

 Исмайлиттер осылайша қайырымдылық бағытта жұмыс істейтін қауымдастық болып көрінегенмен, әсілі, Қазақстан мүддесі үшін кез-келген шииттік ағым қауіпті саналады. Себебі, сунниттер мен шииттердің бір арнада басы тоғысып, бейбіт ғұмыр кешетінін көзге елестету мүмкін емес. Бұл пікірімізге толғауы тоқсан тарихтан ондап емес, жүздеп мысалдар келтіруге болады. Әрі-беріден соң Исмайлиттердің қайырымдылық іс-шаралары, қауымдастықтың ескіден келе жатқан «такие» (шынайы пиғылын жасыру) әдісі болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, Исмайлиттердің «махди» түсінігінің тек діни емес, саяси сипаты басым. Аға Хандар болса, «махди» мен қауымдастықты байланыстырушы дәнекер тұлға саналады. Жалпы, ислам әлемінде Исмайлиттер төңкерісшілдік сипаты басым (махдилик төңкерістердің нәтижесінде Фатимиттер, Кармати, Иранназари мемлекеттері пайда болды) шииттік ағым деп саналады. Ал, батыс мемлекеттерінің Исмайлиттерді қаржылық тұрғыдан қолдауының себебі, исламның тұтастығына жарықшақ түсіру үшін реакциялық сипатқа ие мұндай ағымдарды өз мүддесіне тиісінше пайдаланғысы келеді. Сондықтан, кешегі қосақ арасында миллиондаған мұсылманның жазықсыз көз жұмуына себеп болған Иран-Ирак қасіреті басымызға келмесін деп тілесек, елімізде шииттік топтардың қоюлана түсуінің алдын алып, әрбір дін мәселесінде Ханафия мазхабының шешуші рөлге ие болуын қамтамасыз етуге тиістіміз.

 Мұхан Исахан

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. “Шииттік топтардың Пайғамбарымыз с.ғ.а-ның кіндігінен тараған (аһли вайт) ерекше тұлғаларды ұлы имам санауы, олардың өз ішінен сан тарауға бөлінуіне әкеп соқты”.
    кепілдікті құұдай бермесе біздің үкіметтен қайран жоқ болып тұр ғой.

    • Бұның астында үлкен саясат жатыр. Еліміздегі бұл ұйымдарды бірден шығару қиын. Сондықтан өзіміздің ханафилік мазхапты күшейтіу керек. Ол үшін қараңғыда мүлгіп жатқан атеизммен уланған халықтың көзін ашу керек. Ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін, тілімізді құрметтейтін заңдар шығару керек.
      Исмаилктердің универ. Текелі қалаасында ашылып қойылған. Осындай жер тағы болмауына халық қарсы шығу керек.Қысқасы халықтың рухани дүниесін тазалау керек.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі