///

Түгелбек Қасымұлы: Қазақстаннан артық ел жоқ

915 рет қаралды
4

Әлемнің қырыққа жуық елін велосипедпен жүріп өткен веломарафоншымен сұхбатымыз әртүрлі бағытта өрбіді: салты басқа өзге ел, мәдениеті бөлек жұрт, адам бойындағы түрлі сезімдер мен сенімдер…
Ел елді жақындастырудың ең негізгі жолы – бейбітшілікті насихаттау деп білетін веломарафоншы қазақтың жасын тағдырлы ғалымы Шоқан Уәлиханов пен халық комиссары Әліби Жангелдиннің жолын жалғастырып, осы бір кең ауқымды саяхатымен қазақтың атын әлемге әйгілегісі келетінін жасырмады.

Әлемнің бірнеше мемлекетін араладыңыз, түрлі мәдениеттерді көрдіңіз. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Біз бармаған елдің бәрі қызық секілді көрінетіні бар ғой. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деген де сөз бар. Халықтың тұрмысы жағынан Қазақстаннан артық ел жоқ екен, шынын айту керек. Бізде жол бойында кафе, асханалар жиі орналасқан. Еуропаңызда ол жоқ. Германия мен Францияда жүздеген шақырым жолдан асхана, кафе, қонақүй кездестірмеген кездерім болды. Түгел орман, жолдарын екі жағынан ағаш басып тұр, көлеңкеде келе жатасыз да, ештемені көрмейсіз. Бірде Парижден Мадридке кетуім керек болған. Таңертең Елшілік шығарып салды. Автотрассамен, жолдың шетінде келе жатырмын. Немісше «Достық» деген сөзді білемін, соны айтып, бәріне сәлем жолдап келемін. Бірақ жол шетіндегілер қолды көтеріп, «Шық, жүрме» деп ымдайды. «Достықтан өзге сөз айтпадым ғой, бұлары несі» деп мен келе жатырмын. Сөйтсем, ол елдерде велосипед пен мотоцикл автобанмен жүруге болмайтын көрінеді. Оны кейін білдім ғой. Сөйтіп, Парижден бірнеше шақырым ұзап кеттім. Орман ішінде бір кафе тұр екен. Екі-үш «КамАЗ» жүргізушілері кешкі асын ішіп отыр екен. Французша «Бонжур мисье, бонжур мадам»-нан басқа түк білмеймін. Бәліш алып жедім. Біраздан соң, шопырлар жолға аттанды, кафе де есігін жауып, иелері қалаға кетіп қалды. Мен қалдым жападан-жалғыз. Шопырларға арналған ұзынша орындығына түнеп шығуға тура келді. Орманның түнгі ауа-райына төзуге болады ғой. Мұнда жарты жолда қалсаң, тауда көз ілуге болмайды. Оны да Иранда көрдім…

Қай елде жүрмейін, Қазақстанның сағаты бойынша қозғаламын. Париж бен Алматының уақыт айырмашылығы алты сағаттай. Алматы уақыты бойынша сағат таңғы бестерде, жергілікті уақытпен түске қарай жолға шықтым. Оразаны ашар асхана жоқ. Қанжығадағы су да таусылған. Бұл жақтың бір ерекшелігі – жол бойында ертедегі тас қамалдар сіресіп тұрады екен де, ешкімнің ешкіммен шаруасы жоқ, өмірлері сол қамалдардың ішінен көрінбейді. Түс ауған кезде егінді суару үшін шашырай аққан суға көзім түсті. Соған жақындап, шашырап жатқан суға қолымды тосып, шөлімді қандырып алдым. Мадридке барам деген сапарымның жолы кесіл­гендей. Себебі, Франция мен Испания арасындағы ормандар өртеніп жатыр екен. Елшілікпен хабарлассам, олар Парижге қайтыңыз деді. Сонымен, кері қайтуға тура келді. Тағы күре жолға шықтым. Бір кезде жергілікті жердің полицейлері соңымнан қуып келді де, тоқтатты. Мен білетінімді айтамын ғой: «Қазақстан, веломарафоншы, немісше «Достық» деген сөздерді қайталап айтып жатырмын. Олар бірдеме дейді. Бір уақытта, велосипедімді ақырын көтеріп, мәшинесіне салды да, өзіме «Отыр» деп ымдады. Сөйтті де Парижге қарай зымырады. Жолда бір-екі мотоцикл мінгендерді де ұстады. «Осылармен бірге қамап қояр ма екен» деп мен келемін. Әлгілер орталыққа хабарлап жатыр, «Қазақстан, веломарафоншы» деп жат­қандарын түсіндім. Байқаймын, сөздері жұмсақ. Сена өзенінің қасына тоқтады да, маған жүре беріңіз деп ымдады. Ары қарай Париж тиіп тұр…
– Иранда тау ішінде қалып қойдым дедіңіз…
– Меккеге бару үшін екі рет Иранға жол тарттым. Алматыдан шығып, Қырғызстан жерімен жүріп өтіп, қайта Шымкентке өтесіз, Шымкенттен бұрылып, Өзбекстанды түгел аралайсыз да, Мақтааралға қайта келесіз. Көрдіңіз бе – біздің жер қандай кең? Одан әрі Өзбекстан шекарасына кіріп, Түркіменстанға жетесіз. Күн 50-60 градус ыстық. Копетдаг деген тау Иранмен араны бөліп жатыр. Сол таумен көтеріліп келемін. Иранның ең шеткі қаласы – Мешхед. Ол Ашхабаттан 250 шақырым қашықтықта. Мен осы қашықтықты екі күнде басып өтуім керек еді. Жаңадан алған кросовкамның екеуінің де табаны аптап ыстыққа шыдамай ашылып кетті. Үйден қырық адым шыққан жан мүсәпір дейді ғой. Нағыз сол мүсәпірдің күйіне түстім. Мына түрімді көрген ирандықтар маған күлетін болды-ау деп келем. Алайда, түн жарымына дейін жүрсем де алдымнан бір елдімекен кездессеші?! Айдың жарығымен тауға көтеріле түсем. Тіршілік жоқ екен ғой, ертеде осы жолмен жаяу-жалпы Меккеге қалай жеткен деп, таңданамын. Мен ғой, жаяуды бірнеше есе орап алатын велосипедіммен бір таудан аса алмай келемін. Түн. Жылт еткен тіршілік байқалмайды. Бір кезде биіктен бір сәуле өлімсіреп жылтырағандай болды. Асханасы, қонақүйі биікте орналасқан-ау деп, мен жылдамырақ жүре бастадым. Велосипедімді жетекке алғанмын. Екі адым алдыға жүрсем, бір адым кері сырғанаймын. Ұсақ тастар жолыма кедергі келтіріп, аяғыма оратылады. Бұл не болды, неге аяғым алға баспайды деп келе жатқанда кенет бір суық ой бойымды қарып өтті, кілт тоқтай қалдым: «Ау, таудың ұшар басында есі дұрыс пенде отыра ма? Мен осы қай туысыма ентелеп, асығып келемін? Онда мені құшақ жайып кім күтіп отыр еді?». Таудың орта тұсына дейін көтеріліппін. Алай-бұлай болып жатсаң, хабарласа қоятын Елшілікке де таудың басынан телефон шала алмайсың, желі жоқ. Сонымен қойшы, әрі-сәрі болып тұрдым да, түн жарымында кері қайтпай, осы жерде таңды күтуді ұйғардым. Жалпақ-жалпақ тастар бар екен, сол тастардың қуысына кірдім. Тауда түнде ұйықтауға болмайды, суық қой, қатып қалуың мүмкін. Әй, бірақ, ұйқының да көзді байлап тұрғаны шамалы. Бақырған ешкі дауысы алыстан естіледі. «Демек, тау басында отырған қойшы болды ғой», – деп қоямын елегізген көңілімді басып: – «Бұл жақта сиыр, қой баласын өсірмейді, тау-таста баққанға ешкі жақсы. Тау басындағы үй қойшынікі екен…».

«Сен үйден шыққалы он бес күн болды. Жеті қат түнде Иранның тауында жападан-жалғыз отырғаныңды ешкім білмейді. Ақыл жоқ сенде, алты баланың әкесі, жоғары білімді ұстазбын деп қоясың. Бірдемеге ұшырасаң, сүйегіңді де ешкім таппайды ғой», – деймін өзімді-өзім жерлеп. Содан соң өзімді қайраймын: «Шоқан бабаң басын бәйгеге тігіп ешбір саяхатшының аяғы баспаған жерлерді шарлаған. Әліби Жангелдин түу Жапонияға барып келген. Солардан жаның аяулы ма еді? Ел көр, жер шарла: таныт өзгеге қазақтың қайратын, қажырын!».

Ұйқы жоқ. Ұйқы жоқтық қана адамды әлсіретеді. Таң ата велосипедімді сүйреп, төмен түстім де күре жолға шықтым. Біраздан кейін жол төменге қарай құлдилайды екен. Мешхедке сол күні-ақ жетіп бардым. Ал енді бір ауыз орысша білетін адамды тапсам, қане? Ел мені, мен елді түсінбеймін. Елшіліктің мекен-жайын қалайда табуым керек. Сонымен адамдардың түріне бажайлап қарай бастадым. Сөйтіп тұрғанда бір жігіттің түріне қарасам, қалай болғанда да орысшаны түсінетін сыңайлы. Жанына жетіп бардым да: «Орысша білемісің?», – деймін. «Білемін», – дейді басын шұлғып. Жабыса кеттім де, Қазақстанның Елшілігінің мекен-жайын қағазға жаздырып алдым. Әупірімдеп, бір адасып, бір жаңылысып жүріп Елшілікті де таптым… Осылайша Мешхедке екі рет бардым, алайда, ары қарай жібермейді. Рұқсат жоқ.
– Түн қатқан сапарларыңызда дала аңдары шабуыл жасап, қауіп төндірмеді ме?
– Велосипедпен жаттығуды бастаған алғашқы жылдар еді. Өзіміздің Жамбыл ауылынан Ақсуатқа қарай жүрмекші болдым. Күн еңкейіп барады. Бір уақытта сүйектері ағараңдаған молалардан өттім. Күн мүлдем ұясына кіріп, жоқ болды. Не Ай шықпады. Бір уақытта жол екіге бөлінді. Осы жол болар деп көңілім шамалаған бағытқа бұрылдым. Киімнің бәрі малмандай су. Мұндай сапарда суық тигізуге болмайды, сондықтан қараңғыда тұрып, киімімді ауыстырдым да қайта жолға шықтым. Қараңғылықтың қоюланғаны сонша, рульдің өзі әрең ағараңдайды. Елу метр жерден жалт-жұлт еткен жарықтар біресе алдымды орайды, біресе кейін қалып қояды, кейде қатарласқандай болады. «Бұл не деген мәшине, қай жолмен келеді, жақын арада қатар жол жоқ сияқты еді ғой» деп мен келемін. Дыбыс жоқ, өз дыбысымды ғана естимін. Бір уақытта бойымды бір суық леп қарыды. «Е-е-е, қасқыр-дос екен ғой», – деп ойладым. Өйткені, ол кезде адамға суық энергия келеді, бірақ оны ішкі жаққа жібермеу керек. Қасқыр велосипедтен қорқады, өйткені, олар велосипедті көрмеген. Қасқыр – қорыққан адамға немесе малға шабуыл жасап үйренген ғой. Сондықтан қорқынышқа бой алдырмай, анда-санда велосипедімнің қоңырауын шылдырлатып қойып, ілгері жылжи бердім. Қасқырлар да қалысар емес. Бір уақытта машиненің дыбысы естілді. Өтіп барып тоқтады: «Сіз кімсіз, адамсыз ба?», – дейді. «Ие, адаммын», – дедім. Сөйтсем, олар жеті қат түнде келе жатқан жалғыз жүргіншіден сескеніп қалыпты. Жөнімді айттым. «Ойбай-ау, қасқыр жесе қайтер едіңіз?», – дейді. «Неге қасқыр жеуі керек, міне, сіздер келіп көмектескен жоқсыздар ма», – деймін күліп. Сөйтіп, қасқыр-достың жетелеуімен жеті қат түнде де сапарлағаным бар.

– Қауіпті жағдайларда өз-өзіңізді ұстаудың арнайы дайындығынан өттіңіз бе?
– Арнайы дайындықтан өтпедім. Бірақ бір-екі кеңес айта кетейін. Адамның бойына қорқыныш ене бастағанында тілдің астына шақпақ қант сала салуы керек. Сонда үрейден сейілесіз.

– «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дейді ғой. Өзге елдің өзгешелігін байқадыңыз ба?
– Түркіменстанда біздің телеарнаны көрсетпейді, орыс тілін оқытпайды. Түркіменстан – тек түркімендерге ғана дейді екен. Жарық тегін, газ тегін, бірақ зейнеткерлік ақы өте аз. Жарық пен газ, жер тегін болған соң, халқының көңілінде алаң жоқ болып көрінді.
Жолда небір адамдар кезікті. Мәскеуден басталған сапарымда Украина, Румыния, Болғария, Грециядан өтіп, келесі шекараға жету үшін, поезбен ғана бару керек екен, соны күтіп, бекетте тұрғанмын. Велосипедімде орысша Қазақстан туралы, бейбітшілік марафоны екені жазылған ғой. Бір грузин мен грек жақындап: «Сіз қайдансыз?» деп қайталап сұрады. Жөнімді айттым. Жерлес деп құшақтай алды. Жүр, әңгімелесейік, не керек деп сұрап жатыр. Көп ештеме қажет емес, тек поезға аман-сау салып жіберсеңдер болды дедім. Румынияда бір рет Әулие Мария деген ғибадатханаға қонып шықтым. Келесі күні жолшыбай қонатын жер таппай, бір асхананың жанына келіп тоқтадым. Бір жігіт арзан жамбаспұлға қондырамын деп келісіп еді, ол да жоқ болып кетті. Жақын маңда бір қыр бар екен. Ар жағы орман, одан бері жоғарғы вольтті ток сымдары тартылған бағаналар. Содан елу метр алшақтап, қоналқалық жер таңдадым. Қойнымнан қанжарымды алдым да, ұйықтайын деп межелеген жерімді дөңгелектеп сызып алдым. Осындай дөңгелектің ішіне жылан да, бүйі де, анау-мынау мақұлықтар келмейді. Қазақ ондайда табылып жатса ала арқанды шыр айналдырып қояды. Сонымен, ашық аспан астында, дөңгелектің ішінде, қолдорбамды жастанып, жатып қалдым. Бір уақытта аяқ жағым­нан бірдемелер жыбырлап кеудеме шықты. Атып тұрсам, баданадай қызыл құмырсқаның илеуіне жатып алыппын. Аяқ астынан жауын құйып берсін, сонымен жақын маңдағы асхананың жауын жаумайтын жерінде таң атқанша бүрісіп отырдым. Келесі күні қайта жолға шықтым. Екі аяғым күнге күйіп кеткен, жанымды көзіме көрсетіп, ашып барады. Бір әйел балалары аяғыма ақ мата байлап берді. Күн ыстық. Түнімен көз ілмегем, оның алдындағы күні бойғы жүріс қажытқан, көзім еріксіз іліне береді. Бір уақытта каналдың шетіне қарай ұшып кетіппін. Есімді жинағанда бірден көлігіме қарадым – дін аман екен. Жақын маңда бір асхана көрінеді, ішінде сақалды ер кісілер шәй ішіп отыр. Менің құлағанымды анық көрді. Велосипедімді сүйретіп жүріп келемін. Ұйқыны ашу үшін шәй ішу керек, тапсырыс бердім. Аңтарыла қарағандарға ыммен ұйықтаған жоқ едім, содан құладым деймін ақталып. Біреуі біздің үйге жүр, ұйықта дейді ымдап. Оған екінші біреуі таласады. Қой, танымайтын біреудің үйінде не бар дедім де, жолға қайта түсіп зымырадым.
Бірде Өзбекстанда рекет дейтіндер тоқтатты. Еңгезердей-еңгезердей төрт жігіт. Ішінен біреуі шығады екен де, қалған үшеуі сырттай бақылап тұрып сөйлеседі екен. Жапан түз. «Кімсің, қайда барасың, неге жалғыз келесің», – дейді. «Осылай да, осылай, Президенттеріміз келіскен. Жалғыз болғаныммен, Елшілік күтіп отыр, сіздердің мені тоқтатқандарыңызды да спутник арқылы бақылап отыр», – деп қоямын, осылай ақыл тауып кетесің. Ақылсыз адам жолда өледі.

– Ұзақ сапарларда велосипедіңіз сынып, қиналған кездеріңіз болмады ма?
– Велосипедпен ұзақ жолға шығудың тәртібі сол – міндетті түрде жаңасын сатып аласыз. Оны теуіп көресіз – Шымбұлаққа аман-сау көтеріліп-түсесіз. Ақшаңа қарай ұялы байланыстың мықтысын аласыз. Сонымен, «Жолымды оңғар» деп жүріп кетесіз.
– Жолға не алып шығасыз?
– Қолдорбаңыздың ішінде спорт киімдері болады. Ұзағанда бір жарым литр су, бір кг. қант пен өзіміздің елдің бір кг. конфетін аламын. Су жетпегенде ауызды құрғатпайтын конфет жақсы.

– Қай елдің шекарасына өту қиындық тудырды?
– Германияда өте қатал екен. Польшадан өткенде саяхатшы деген соң, қызығып, менімен сөйлесіп, суретке түсіп тұрып мөрін сәл қисайтып жіберген екен. Шекарада соны байқап, ұстап алсын. Елшілікке хабарлассам, қобалжымай тұра беріңіз, өзіміз реттейміз дейді. Сөйтіп, олар Польшадағы біздің Елшілікке, олар Польшаның Кеденіне, ол Кеден Германияның Кеденіне хабарласып, жағдайды реттегенше кідіріп қалдым. Оған дейін бір бөлмеге кіргізіп қойды. Қаракөлеңке. Тағы бір шопырды әкеліп, түсініктеме жазғызып жатыр. Мен келдім де, жарықты жақтым. Полицей өшіріп тастады. Мені демалсын деп тұрған шығар деп, біраздан соң тұрып, жарықты қайта жағып қоямын. Ол тағы өшіріп тастады. Сөйтсем, жарықты үнемдейді екен ғой…
Тәжікстанның шекарасында да көп кідірдім. Нашақорлықтың өтетін белдеуі болғандықтан, мұндағы тексеріс тым қатал болды. Велосипедімнің камерасына дейін тексеріп, тергеп, «Президенттің сенімді өкілі» деген құжатыммен әрең өткізді.

– Саяхатқа шығатын жеріңізді алдын ала жоспарлап аласыз ба?
– Әрине. Бірақ жолда көлікке отырсаңыз бітті, маршрутыңыздың быт-шыты шығады. Велосипедке қайта отырғыңыз келмей қалады. Мен Шоқан мен Әлібиге еліктеп, саяхаттап жүрмін ғой. Солардың кітабын қайта-қайта оқимын. Әліби Жапонияға барып, біраз уақыт тұрған. Ол жапон тілін білмейді ғой, адамдармен қалай тілдесті деп таңқаламын.

– Сіз де тіл білмейсіз ғой.
– Иә, мен білетін шет елдің сөзі онға да жетпейді.
– Жат жұрттық адамдармен қалай тілдесесіз?
– Ыммен сөйлесе беремін. Польшаның астанасы Варшавада қоналқалық жер іздедім. Күн батып кетті, қонақүйді таба алатын түрім жоқ. Бір кезде біреумен әңгімелесіп тұрған, велосипед мінген жігітті байқадым. Қасына барып «Хоутель, хоутель?» деп қоямын. Ол да өз тілінде жөн сілтеп қояды. Орысшаға жақындау. «Е, жарайды» деп кетіп қолымен ымдаған бағытты бетке алып жөнеп бердім. Әлгі жігітім келесі бағдаршамда мені қуып жетті. Ыммен трассадан тротуарға шығарып алды да, соңымнан ілес деді. Екі шақырымдай жүрдік. Түн қараңғы болып кетті. Өзі жоян жігіт. Бұл мені қайда жетелеп келеді деп бойыма күдік ұялады. Бірақ жаман жігіт емес сияқты ғой деп келемін. Жігітім бір жерге тоқтап, дүкенге кіріп сусын алып шықты. Біреуін маған берді. Әй, мынау жақсы жігіт екен ғой, соңынан ілесе берейін дедім. Сөйтіп, қонақүйге жеткізіп салды. Тағы бірде Румынияда бір мейрамханаға тоқтадым, түстігі 300 мың ли екен. Ақшаны санап берейін деп жатсам, екі жігіт шақырды. Орысша біледі екен, «Қайдан келесің?», – дейді. Жөнімді айтсам, даяшыны шақырды да: «Бұл жақсы кісі екен, бейбітшілікті насихаттап, ел аралап жүр екен», – деп түстігімді төлей салды. Мен естелікке «Невада-Семейдің» белгісін бердім.
Ел аралағанда байқағаным, алыстаған сайын өзге елдің көбінің Ресеймен шаруасы жоқ. Әркім өзімен-өзі.

– Әңгімеңізде көлікке отырсаң, қайта велосипед тепкің келмейді деп қалдыңыз. Шетелдерде адасып кеткенде, шаршағанда «Мен осы не бітіріп жүрмін» деген ойға беріліп, жаныңыз құлазымай ма?
– Шетелде жүрмін демеу керек. Мынау өз Қазақстаным, мына тау – Тарбағатай, мына өзен – Іле, мына орман – Көкшенің ағаштары деп, өзге елдің табиғатын өз еліңіздің табиғатына ауыстырып аласыз. Ағаштың, таудың, өзеннің бәрі бірдей. Оларда шекара жоқ. Адамның психологиясында ғана бөтен деген нәрсе бар. Кезінде Кавказдың алты елін басып өттім, қорқуға болатын еді. Бірақ қорықпадым, өзім деп бардым. Шешеннің Мұса деген баласы, өзінің темір лашығында орын болмай, есігінің алдындағы сынған «Жигулидің» ішіне қондырып шығарды. Жолай быт-шыты шыққан Грозныйды басып өттім. Бейбіт, тату халық едік, жағдайымыз осы болды дейді жол шетінде анау-мынау сатып тұрған әйелдер көздерін жасқа шылап. Біреуі бір дорба алмасын ұсынады. Тағы бірі мұңын шағады. Жол шеті түгел мола, топырағы кеуіп үлгермеген жүздеген, мыңдаған қабір. Кімді кім қырып тастағанын білмейсіз. Төрт рет тас қараңғы тоннельден өттім. Лермонтовтың «Асау Терек» деп жазатын өлеңіндегі Терек өзенін көрдім, арқырап ағып жатыр. Елі қандай, жері қандай болмасын, халықтың бәрі өзіміз секілді екен. Менің ұққаным былай, әлемде екі-ақ түрлі халық болады екен: олар ерлер мен әйелдер. Әйелдер мейірімді екен, қамқорлықты көбірек көрсетеді. Басқасының бәрі бірдей. Өзің жақсы адам болсаң, жолшыбай жақсы адам кезігеді, өзің бұзақы оймен келе жатсаң, жамандыққа жолығасың. Оған қоса, ішкі дүниең сергек болсын. Адамды бірден тани білу керек.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы, «Қазақ әдебиеті»

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Жарайсыз ағасы!!!
    Ер жігіт туған жеріне ит тойған жеріне!
    Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол!

  2. Тугелбек ағамыздың айтқанына риза болып отырмын.Әркімдікі өзіне ай көрінер көзіне демекші,әр қазақтың жүрегі осындай сөздермен лапылдаса екен шіркін.
    Өз туған жерінде тұрып өз елінің қадірін білмейтіндерге құлақтарына алтын сырға дегім келіп отырмын. Рахмет

  3. Түгелбек аға жарайсыз, бәрекелді! – дегіміз келеді. Сіз жүрегінің түгі бар, қайсар, сирек кездесетін таңғажайып адамдардың бірі екеніңізді осы ерен ерлігіңізбен, қажымас қайратыңызбен ақ дәлелдеп отырған жоқсыз ба? Бұл сапарыңыз өте қызықты, адамға ой саларлықтай екен, бұндай үлкен қадамға екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді. Сізге басымды игім келеді!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі