///

Сырттағы ағайындардың ассимиляцияға ұшырау қаупін тоқтату мүмкін бе?

1215 рет қаралды
1

Дүниежүзіндегі 15 миллионға жуық қазақтың 5 миллионы елден жырақ өмір сүруде. Олардың өзге ұлтқа сіңіп кетіп жатқаны ащы шындық. Жалпы, ассимиляцияға ұшырау үрдісін тоқтатудың қандай жолы бар?

224423q2xfljjbgijixj02
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы, драматург,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары:
– Сырттағы ағайындардың ассимиляцияға ұшырауына айқын дәлелдер жетерлік. Мысалы, Ауғанстанда «Қазақкент», т.б. қазақ ауылдары бар. Онда 1800 жылдары барған қазақтардың тек қана аты қалған. Қазақ екенін, салт-дәстүрін, қай рудан тарағандарын біледі. Алайда, тілін ұмытқан. Бұл Ресей
қазақтарының басындағы жағдай.
Ауған немесе өзбек болып кеткендер де жетерлік. Осы үрдіс Түркия, Еуропадағы қазақтардың арасынан байқалады. Қытайдағы қазақтарда да мұндай қауіп бар. Ол үшін не істеу керек десек, бір-ақ жол бар. Қазақстан тарапынан шетелдегі қазақтарға қамқорлық жасауды мемлекеттік тұрғыда қолға алған жөн. Бізде қит етсе оралмандар жайы айтылады. Олардың мәселесімен 5 министрлік, ал, шетелдердегі қазақ диаспораларымен жалғыз қауымдастық айналысады. Соған шама-шарқымыз келгенінше жұмыс жасап жатырмыз. Қаржылай, заңдық тұрғыда үкіметтің көмегі керек. Шетелдегі аға­йындарды қорғауға байланысты жаңа бағдарлама жасау қажет. Өйткені, орыстар шеттегі қандастарының барлық жағдайына қаржы бөліп, жүзеге асырып жатыр. Кейбір елдерде шетелдегі отандастарымен байланысатын министрлік бар. Бізде ол да жоқ. Бүгінгі таңда шеттегі 5 миллион қазақты көшіріп әкелу мүмкін емес. Шетелде тұратын бауырларымызға үкіметтің нақты бағдарламасы, екінші, оған қаржы бөлінуі, үшінші, заңдық жүйелеу жасалған жөн. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының атынан Елбасыға шетелдегі қазақтарды 2050 стратегиясына қатыстырудың тұжырымдамасын жасап жібердік. Осы ұсыныс қолдау тапса, онда біраз нәрсе шешіле­ді. Қазақтың салт-дәстүрі, тілі шетелде сақталды. 2000 жылға дейін Қытайдағы 1,5 жарым миллион қазақтың ішінен қазақ тілін білмейтін адам жоқ-тын. Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстандағы, тіпті, Ауған мен Ирандағы қазақтардың ішінде де өз тілін білмейтіндер мүлде болмаған. Қазақ тілін Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қостанайдың қазақтары ұмытып кетті. Шеттегілер халқымыздың барлық құндылықтарын осы күнге дейін сақтап келді. Енді қауіп бар. Сондықтан, шетелдегі ағайындарымызды қолдау керек.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі:
– Өткен жылдары Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, сонымен қатар, еліміздің 14 облысын аралаған экспедициямен жол жүріп қайттым. Сонда мынадай қорытындыға келдім. Ресей қазақтары ассимиляцияға толығымен ұшырады. Яғни, олар орыстанды.
Қарттар ғана ана тілін сақтап қалған. Салт-сананы аздап біледі. Орта жастан жаңа туылған балаға дейінгілерге келсек, оқу орысша, халал мен харамда шекара жоқ. Қазақта былай еді деген көзқарас мүлде жойылған. Қорқынышпен қайттым. Өзбекстанда да солай. Мемлекеттің, халықтың арқа-басын кең ұстауына байланысты Моңғолияда ғана қазақы иіс аңқып тұр. Ол жақтағы қазақ­тардың еркіндігі бар. Ең бір қауіпті жағдай – Қытай қазақтары. Осы уақытқа дейін ол жақтағыларды ту етіп көтердік. Тіл сақталған қаншама радио, телеарна, басылым бар қазақ тілінде деп мақтанып келдік. Енді осы мақтанышымыздың күлі көкке ұшайын деп тұр. 4-5 жылдан кейін Қытай қоғамындағы мектептер таза қытайша оқытуға көшеді. Мектеп бітіргендер университетті де қытайша оқиды. Сөйтіп, қазақ тіліндегі БАҚ-тар жұмысын тоқтатады. Өйткені, оларды тыңдайтын адам қалмайды. Мәжбүрлемегенімен, саясатты өте бір майда бипаздап жүргізгеннің арқасында ондағы қазақтар  қытайланып барады. Өзге ұлттарға сіңіп кету үрдісі шетел қазақтарының басына қара бұлт болып төнді.
Меніңше, бұл қауіптен шығу­ға Қазақстан ғана ықпал ете алады. Дипломатиялық кор­пустар арқылы, сондай-ақ, Ресей, Қытайдан үлгі алуымыз керек. Біздің еліміз әлем таныған әлеуетті мемлекетке айналып келеді. Мысалы, біздің мұнай, газда Америка, Ресей, Қытай, өзбектердің транзиттік жолдарында мүдделер тоқайласып тұр. Қазақстан осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Қытай, Ресей, Өзбекстандағы қазақтардың құқық-мүдделерін қорғайтын талаптар қойып, өтініштер жасауына болады. Тым болмағанда, асси­миляциялау үрдісін баяулатуға, ол жақтағылардың Отаны, елі бар екенін сезінетіндей жағдай жасауға ықпал ете алады. Басқа мүмкіндік жоқ. Өйткені, ұлттың өзін сақтап қалу ішкі иммунитеті күн өткен сайын әлсіреп барады. Шетелдегі қазақтардың жағдайы қиын.

Сауалнаманы дайындаған  Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Ал кошип келген казахтарга-казах деп емес оралман( киын кезде кашып кетип,ал Казахстан оркендеген кезде кайтып келгендер) деп карайтындар елимизде коп-ак, оз елинде намысын таптатканша, шетте арпалысып откен жаксы. Мен оралманмын, кошип келгениме 5-6 жыл болды,осы жылдар аралыгында адамдардын оралмандарга деген козкарасын зерттеп, 90 пайыз Казахстандыктар оралмандарга козкарасы томен деген шешимге келдим. Менин ата-бабам 1928- 32 жылдары елден бай болганы ушын, елден жер аударылып кеткен,бала-шагасынын амандыгы ушын елден жыракка кеткен-ал оны елдеги “акылдылар” жансаугалап кашып кетти дейди, ал енди мен тилимди жогалтпау ушын кошип келсем- бунда бари орысша сойлейди

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі