Студент күнімізде шәкірттерімен әрқашан тең дәрежеде сөйлесетін, қалжыңдары аңызға айналып кететін Абдул-Хамид Мархабаев ағайға біз тобымызбен үйір болатынбыз. «Қарындарың ашты ма?», – деп, жасыл жейдесінің төс қалтасынан ақша шығарып, асханаға жіберетін әкелік қамқорлығының өзі арамызды туыстардай жақындатты ма екен? Бірақ ол кез бұл кісінің қазақ әдебиетінде кейін қалған фантастика жанрының алғашқы және көрнекті авторы екенін аса түйсіне қоймаған шағымыз. Филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, әлемдік фантастика үлгілерін қазақша сөйлетіп жүрген аудармашы ұстазымыздың өмір жолы ешкімдікіне ұқсамайтын, өзгешелеу екенін кейін білдік. Сөйтіп, балалық шағының бір жылын кептер қууға арнаған, оқуға түспей жатып фантаст-жазушыларды ащы сынымен түйреген қиялгермен әңгіме өткізуге ниет таныттық. Тұңғыш ғылыми-фантастикалық “Ғарыштағы қымыз” жинағынан бастап, “Арал әуендері” , “Сен кінәлісің, Шолпан планетасы”, “Жұлдыздар жарығы Жерге жетеді”, т.б. жиырма шақты кітабын тасқа басқан қарымды қаламгермен арадағы әңгіме төмендегiдей өрбіді.

329083_289207578_14


– Балалық шағыңыз соғыс жылдарына тура келіпті. Бала күніңізде кім болуды армандадыңыз? Қиялыңызға ерік беріп, фантастика жанрына түрен салуыңызға не әсер етті? 
– Арал теңізі, Көкаралдың батыс ше­ке­сіндегі Ауан ауылында дүниеге келіппін. Өзі шала сауатты, өмірінде қару ұстап көрмеген әкем Файзулла майданға кетіп, оралмады. Анамыз Сәби Сұлтанқызы шаңырақ иесінің жоқтығын білдірмей, төрт ұлы мен құрсақта қалған жалғыз қы­зын асырап-бағып жеткізді. Әкеміздің ор­нын басып, нанбайшы болып қалған анамды тамақтан тарыққан жұртшылық­тың жасы кішісі – «Сәби апа», үлкені «Сары кемпір» атайтын. 1946–1947 жылдары Көкаралды оба індеті жайлаған. Соған орай Аралда тура Мәскеуге бағынатын обаға қарсы станция құрылып, Ауанда оның филиалы ашылған болатын. Екі ағам – Садулла мен Әбдіқалық соған жұмысқа тұрды. Жұрт «чума» деп кеткен сол кеңсеге жалаңаяқ қатынап жүрген сол ағаларымды «қызмет» бабында жоғарылатты ма, әй­теуір 1948 жылдың күзінде Аралға қоныс аудардық. Сөйтіп, Арал қалалық Т.Г. Шевченко атындағы №13 мектептің бастауыш класында оқи бастадым. Біреуден артық, біреуден кем дегендей, оқып жүрдім. Бір­де орыс тілі пәнінің мұғалімі (бәріміз Фимин Афанасьевич атайтынбыз) үйге бе­ріл­ген тапсырманы тексерді. Дәптерді әр баланың қасында тұрып, парақтап жүрген. Менің дәптерімде бір сөйлем де жоқ еді. Мұндайда ағайдың әдеті оқушыны (ол кезде ұлдар мен қыздар бөлек оқитын) жауырын астынан шымшып, бұрап алатын. Маған да сөйтті. Жаным көзімнің ұшына бір-ақ келді. Ағай көк еттен бүрген күйі, орнымнан тұрғызды да: «Кластан шық! Ертең ата-анаңсыз келме!» – деді. Бұл мұғалімдердің үйреншікті сөзі болған­дықтан менің де етім өліп кеткен-тін. Жақ ашпадым. Кітап, дәптерімді жинап, кенептен тіккен ала дорбама салдым да жүре бердім. Ағаларым қарсылығыма қарамай, айқай-шумен киіндіріп, ала дорбамды ұстатып, мектепке қарай сүйрейтін. Мен болсам төңіректі басыма көтеріп, бажылдап жылайтын едім. Кейде шешем араша түсіп, мені аяп, үйге қайтадан кір­гізетін еді. Ағаларым жұмысқа кеткесін, сарай­дағы төрт-бес кептерді қуалаумен ұзақ күнді өткіздім. Мен кептер қуып жүргенде екінші тоқсан да аяқталып қал­ған еді. Бір күні соғыстан жалғыз аяқпен оралған класс жетекшім Сатаев ағай үйге іздеп келді. Үй-ішіме оқу үлгерімін көр­сет­ті. Ол кісіге салса, өткен екі тоқсан бойы бірде-бір үштік алмаппын және са­бақ­тан қал­маған екенмін. Бұдан артық не қуаныш керек?! Біз де риза, класс жетек­шім де риза. Салып ұрып көшеде ойнап жүрген балаларға келдім де демалыстан соң мек­тепке оралатынымды жайып салдым. Сонда біреуі: «Енді оқуға қайтып барғанда, не абырой табасың?», – демесі бар ма? Сол сөз санама сақ ете түсті. «Абы­ройымды сақтап», мектепке бармай қой­дым. Келесі оқу жылында төменгі клас­тың партасына бір-ақ отырдым. Қыс­қаша айтқанда он бір жылдық мектепті екі түрлі «стильмен» тәмамдадым десем де болады.
– Оны қалай түсінуге болады?
– Оны ғалымдар тарихи формацияларды жіктегендей жіктесек, «Рахат Бисенбинге дейінгі» және «Рахат Бисенбиннен кейінгі» дәуірлер деп бөлудің қисыны келіп тұр.
– Қызық екен. 
– Иә, қызық! Басынан баяндап бе­рейін. Бір күні өмірімдегі елеулі оқиға бол­ды. Қандай дейсіз ғой?! Есеп сабағынан өткен бақылау жұмысынан ғұмырымда тұңғыш рет бестік алдым. Пән мұғалімі Рахат Бисенбин атымды ерекше атап, өмірімде естімеген мақтауларын жаудырсын келіп. Ендігі жерде сол мақтауларды ақтау үшін Бисенбин ағайдың сабағынан әлгі бағадан төмен түспеу керектігін түсін­дім. Осылайша аспандағы кептер қуу мен жердегі асық атуға жұмсалатын «уақыт бюджетін» қысқартуға тура келді. Олардың орнын алгебра, геометрияның «ізін ала» физика, химия, тіпті оншама суқаным сүйе бермейтін тіл мен әдебиет, қысқасы, сабақ кестесіндегі барлық сабақтар басты. Ара-арасында қазақшаға аударылған шетелдік қызық-қызық хикаяларды, соғыс туралы кітаптарды оқу үшін теңіз жиегін­дегі «Ба­лық­шылар» клубы жанындағы жапырай­ған кітапхананы да жа­ғалауды шығардым. Ол кездерде, «со­ғыс­тан аман қалған өмірім – олжа» деп жүр­ген ересектер жағы «шайтан суға» үйірсектеу еді. Әрине, мұндай ортада газет-журнал оқу оншама үрдіс болмаған. Төрт пен беске етім үйрене бастады. Тіпті, мектеп біті­рерде үздік аттестатқа үміткер үш баланың бірі болып шыға келдім. Ұстаздарымның көбі мектепті «келешек ұлы математик» біті­ріп жатқанына сенімді еді. Бірақ мен өзі­ме сенгендерді «тақыр мұзға отырғызып кеттім». Себебі, үш күн бойы математика жолына түсу үшін Алматыға баратын жалғыз поезға іліге алмай қалдым. Өмір­дің өзі көбіне кездейсоқтықтан тұрады-ау дейім. Айт жоқ, той жоқ, бір күні тапа-тал түсте көшенің қарсы бетіндегі көрші – кез келген адам ат шаптырып, шақырып келтіре алмайтын аудандық оқу бөлімінің бастығы Мүбарак Рысқұлов анама сәлем бере келді. Шәй үстінде елге үміт күттірген жас түлектің бұлай жүргені жарамайды деп, биыл қалада жаңадан ашылып жатқан сегіз жылдық мектепке аға шопер вожатый ғып жіберетінін айтты. Сегіз жылдықта өткен үш жылда, математиканы былай ысырып қойып, әдебиетке «қырын­дай» бастадым. Аудандық «Социалистік Арал» газетіне жиі шығып тұратын болдым.
– Демек, журналистикаға алғашқы баспалдақ сол аудандық газет болды ғой. Ал фантастикаға қалай келдіңіз?
– Ол былай басталды. Қазақтың С.М. Киров атындағы университетінің филология факультеті, журналистика бөліміне абитуриент бола жүріп, Медеу Сәрсе­кеев­тің «Ғажайып сәуле» повесіне сын мақала жаздым. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Фантастика жанрын­дағы 55 жылға жуық соқпақ жолдың басы – осы. Осылайша әдебиеттің небір жазушы, не зерттеушісі де жүрегі дауалап бара бер­мейтін фантастика жанрын «төңіректедім». Нақ осы кезде менің бағыма орай, қазақ тілін­де тұңғыш та жал­ғыз ғылыми-таным­дық «Білім және ең­бек» журналы жарық көре бастаған. Ханыңа да, қараңа да «пі­шту» демейтін өркөкірек көңілмен ре­дак­цияға бардым. Редактор мені бірден әңгімеге баурап алды да журналдың жала­қыдағы қызметкері секілді тапсырма бере бастады. Әсіресе, фантастика жаза беруім керектігін басып айтты. Осылайша бөлме­лес курстастарым әлі де қалың ұйқыда жатқанда, азанмен етпеттен жатып жазу жазуға жаттыға бастадым. Сабақтан кейін­гі кездерде оқу залында отырып жазу­ды да әдетке айналдырдым. Тәлейіміз бар екен, бізге кура­торлыққа Шериаздан Елеукенұлы бұйыр­ды. Студенттік жылдарымда қолжетімсіз көрінетін «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», әсіресе, енді-енді қанаттанып келе жатқан «Білім және ең­бек» журналына жазған­дарым арқылы көп­шілікке таныла бастадым. Ол жарияла­нымдарым өзіме Сергей Павлович Королев ай сайын, тоқсан сайын Байқоңыр­дан ұшырып жатқан ғарыш ап­парат­тарының зымыран жеткізгіштері тәрізді көрінетін. Бірде «Қазақ әдебиетіне» «Орбита – Адам жаны» атты теориялық зерттеу мақалам шықты. Онда албырт көңілмен жас қиял­гер­лерді өзімше «сойып салғам». Бір таң­ғаларлығы, басылым қызметкерлері ма­қалама қалам тигізбей жіберіпті. Сол «сойылғандардың» ішінде өзім жиі жазып тұратын «Білім және еңбек» журналының жауапты хатшысы Талап Сұлтанбеков те бар еді.
– Яғни ол басылымның есігі сіз үшін жабылды ғой? Бірақ сіздің сол журналда бас редакторлық қызметте болға­ныңыз­ды білеміз. 
– Заманның түзу кезі екен ғой. Бір жылдан кейін, әлгі журналдың бас редак­торлығына тағайындалған соң жауапты хатшымен көшеде ұшырасып қалдым. Ең қызығы ол кісі мені журналға қызметке шақырды. Қазіргі күн болса, түп-тұқия­ныңмен ізіңе ит қосып түсетін жағдай ғой. Гоголь мен Коммунист даңғылындағы үш қабатты үйді паналаған «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттерінде жур­налис­тиканың «қамытын киіп жүрген», сол кездің өзінде-ақ елдің сырттай қошеметіне бөленіп жүрген Шерхан Мұртазаев, Тельман Жанұзақов, Сейдахмет Бердіқұлов, Қалдарбек Найманбаев, Әбіш Кекілбаев, Әбіқұл Ибрагимов… барлығының атын түгендеп шығу қиын… Міне, солармен «творчестволық табақтас» болдым.
– Қарап отырсақ, ғылыми фантас­ти­каға көбіне әдебиетшілер емес, өзге нақты ғылым иелері қалам тербейтін секілді. 
– Иә, оның рас. 1957 жылдан бастап қазақ әдебиетінде «ғылыми-фантас­тика­лық» деген айдармен әңгіме, повестер баспасөз бетін көре бастаған. Бір ерек­ше­лік – олардың авторлары негізінен «нақтылы» дейміз бе, «іргелі», болмаса «табиғаттану» дейміз бе, әйтеуір, гумани­тар­лық емес ғылым салаларының мамандарынан болып келген. Ақжан Машанов бастаған геологтар Медеу Сәрсекеев, Шәмшиден Әбдіраманов, физиктер Айсұл­тан Қалығұлов, Рысбек Баймаханов, Қазақ университетінің ұстаздары – математика тарихшысы Ауданбек Көбесов, химиктер Немеребай Нұрахметов пен Сандыбай Жайлауов, дәрігер Советхан Ғаб­ба­сов, инженер Раушанбек Бектібаев, өнертапқыш Сейілбек Қышқашевтер – бір төбе. «Мына қапталдан» журналистер Шоқан Әлімбаев, Төлеш Сүлейменов, Төлеу Шаханов, Жүніс Сахиев, Нәрбін Кенжеғұлова қосылды. Өткен ғасыр­дың үшінші ширегінде өз заманының талабына сай келе алатын қазақ ғылыми-көпшілік, ғылыми-танымдық әдебиеттің тұғырын қалай алды деген кітаптарды дүниеге әкелген – солар. Демек, қазақтың ғылыми-танымдық публицистикасы солар­дың арқасында туа бастағанын мойын­дағанымыз абзал. Мен де «болмасам да ұқсап бағу үшін» осы жүгі кереметтей ауыр арбаға – фантастикаға жегілгендердің қатарына қосылғым келді.
– Біздегі фантастика жанры шетел­мен салыстырғанда кеш дамыған деген пікір көп айтылып қалады. Бұған не айтасыз? 
– Рас, біздің аталмыш авторларды өздерінен талай жыл бұрын өмір кешкен классик әріптестерінің шығармашылық жолдарымен салыстыруға келмес. Олар­дың фантастикаға келу тарихы да әр-
қа­лай. Мысалы, Жюль Верн. Әуелі туған Нант қаласынан Парижге барып, адвокат дипломы болғанмен, мамандығымен жұ­мыс істеуге зауқы соқпай, күнкөріс қамы­мен пьесалар жазады. Жазғанын еш театр қабылдамаған соң ондай кәсіптен баз кешіп, үлкен дүниеге отырады. Жаратқан иенің жебегені ме, ол сол Париждегі әйгілі баспагер Пьер-Жюль Этцельмен танысады. Автор мен баспа 20 жыл бойы жыл сайын 3 романнан жазып беріп, оның әрқайсысына 1900 франктен қаламақы төлеп тұрмаққа келісім-шарт жасасады. Соның алғашқы нәтижесі – «Ауа шарын­дағы бес апта» романы еді. 35 жасар Жюль Верн тек француз ғана емес, әлем­дік фантастика әдебиетіне осылай, метеор тәрізді енгенін қазіргі қазақ әріптестерінің бірі біліп, бірі білмес.
– Ұзақ ғұмырыңызда жазу-сызудан бөлек ұстаздықтың ұлы жолынан айнымай келе жатқаныңызды да білеміз. Енді осы іске қалай келгеніңізден хабардар етсеңіз. 
– «Білім және еңбек» журналында жүрген кезім. Бір күні үйге Зейнолла Қаб­до­лов пен Тауман Амандосов қоңырау шалып, журфактың деканына барып кез­десуім керектігін айтты. «Әй, Тәкеңде оқыту­шылық бір бос орын бар. Соған бар», – деді Қабдолов. Тұтқаны қойдым да әрі-сәрі күйге түстім. Екі баламды асырау үшін жалақы жағын ойлауым керек қой, журналдан алатыным оқытушыныкінен жоғары. Бір жағынан әзірше әдебиеттану ғылымының айналымына ене қоймаған, «ғылыми-көпшілік публицистика» деген саланың бастауын жасау «арам ойым» болған-ды. Оны да тастап кетуге көзім қимады.
Сөйтіп, өзімнің ақылшым Әбеге (Нұр­пейі­совке) телефондап, жағдайды мәлімдедім. Әрине, журналда, өз орнымда жүре бергім келетінін байқаттым. Ол кісі де ҚазМУ-ды жатып кеп мақтасын. Сөй­т­сем, Зекең мен Төкең ең алдымен Әбем­нің «батасын» алған екен ғой. «Жасырын үштіктің» шешіміне әлсіз қарсылық жасап көріп едім, Әбең: «Иди к черту!» – деп телефон тұтқасын сарт еткізді.
Осылайша араға үш жылдан аса уа­қыт­ты салып, университетке қайта оралдым. Декан мені бірден лекцияға салды. Және кімге дерсіз. Бесінші курсқа. Шә­кірттік өткелектің бәрінен өткен, кілең «сен тұр – мен атайын» қасқалар. Алды «талант­ты талапкерлер ұстаханасы» «Ленин­шіл жасқа» жұмысқа қабылданып үлгіргендер. Баспасөзде аттары жиі көріне бастағандар. Десе де олармен тез тіл табысып кеттік. Ашық әңгімелесіп, пікір алмасып отыратынбыз. 1981–1985 жж. “Қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасы” деген тақырыпта докторлық диссертациямды қорғадым. Қалай айтсақ та, бүгінгі ересек ұл-қыздардың елу минут бойы «ауыздарын аңқайтып қойып», сөздің майын тамызып, асыл ойларды құлақ­та­рына құю әй-қайдам, бұрынғымен салыс­тыруға келмейтіні жасырын емес.
– Осы уақытқа дейін алған атақ-дәре­жеңіз де аз емес, биіктерді бағын­дырған шәкірттеріңіз де жеткілікті. Кө­ңіліңізге медеу тұтар сәттер де аз емес шығар. 
– Пайғамбар жасынан да тұтас бір мүшел асыппын. Шүкір, әзірге бойымнан пәлендей әкетіп бара жатқан не физиоло­гиялық, не психологиялық қиғаштықты сезіп жүрген жоқпын. Осы уақытқа дейінгі алған түрлі грамоталарым мен туындыларым, ғылыми-теориялық тұжырымда­ма­ларым жайлы жазылған мақалалардан гөрі әріптесімнің «аузынан шығып кеткен»: «Бұның кітаптарыңның тиражынан шәкірт­теріңнің тиражы көп», – деген жалғыз ауыз пікірін қатты қадірлеймін.

Сұхбаттарды жүргізген Айнара АШАН

Дереккөз: “Қазақ әдебиеті”

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. маган маркабаевтын “гарыштагы кымыз” деген повесинен азгантай гана узинди керек болып тур!отиниш сиздерге Минбер.kz сайты тауып бериниздерши.егер керемет сайт болсаныздар маган осы шыгарманы тауып б

  2. өтінемін ДОСТАР,ОКУШЫЛАР УСТАЗДАР АТА АЖЕ МАМА ПАПА АГА ИНИ АПА Т.Б КОМЕКТЕСИНИЗДЕРШИ!!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Махаббат, тізгін және Отан

Нұртай Нұрсапаұлы алдыңғы күні 60-қа толған. Кіндік қаны Алтайдың сонау өрінде, Ертіс бойында тамғанымен, ес біліп,