////

Алаш арысын ұлықтай алдық па?

1956 рет қаралды

Биыл, яғни 2016 жылдың 5 наурызында – қазақтың көрнекті ғалымы, ұлы тұлғасы, қазақ ұлтына қызмет етудің керемет үлгісін көрсетіп кеткен, «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясының саяси көшбасшысы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толды. Оны ЮНЕСКО көлемінде атап өту туралы шешім жайдан-жай шыққан жоқ. Әлихан Бөкейханның ғылыми еңбектері осыдан бір ғасыр бұрын Оксфорд университеті ғалымдары тарапынан жоғары бағаланып, ағылшын тілінде жарияланған тұңғыш қазақ ғалымы. Қазаққа қызмет етудің, ұлтын сүюдің ерекше үлгісін қалдырған ғалымның 150 жылдығы биыл ел көлемінде қалай аталып өтті? Осыған орай алаштанушы ғалымдардың пікіріне жүгінгенді жөн көрдік.

Айгүл Ісімақова, профессор, алаштанушы ғалым:

ӘЛИХАНДАЙ ЕР ҚАЙДА? 

– Әлихан Бөкейхан – мемлекет қайраткері, ХХ ғасыр басындағы қазақ саяси элитасының көсемі, тарихшы, географ, мәдениеттанушы, саясаттанушы ғалым ретінде әлемде аса жоғары беделге ие, болғандықтан ЮНЕСКО 150 жылдығын атауды биыл іске асырып отыр. Әлихан Бөкейхан – ХХ ғасыр басындағы Ресей саяси элитасы: Ленин, Сталин, Троцкий, Керенский амалсыз мойындаған, бұратана елдер арасынан шыққан тұңғыш саяси тұлға.

Шыңғыс хан ұрпағы Әлихан Бөкейханның Ресей патшасы тарапынан да, Совет Одағы тарапынан да қудаланып, қысымға ұшырауының басты себебі – қазақ елінің тәуелсіздігі үшінгі күресі еді. Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлімхан Ермеков бастаған Қазақ автономиясының ресми өкілдерін Ленин қабылдауға, Қазақ­станның қазіргі шекарасын осы қалпында бекітіп беруге мәжбүр болған істің басында Әлихан Бөкейхан тұрғаны тарихи дәлелденген дерек.

Ресей географиялық қоғамының – Швецов пен Щербина экспедициясының тұрақты мүшесі Әлихан Бөкейхан жоғарыдағы кездесуге қатысты дайындап берген қазақтың жерасты, жерүсті, саяси, тарихи мағлұматтардың бұлтартпайтыны соншалық, жоғары билік амалсыздан бекітіп беруге мәжбүр болған. Ол Мәскеуде мырза қамақта отырып, елдегі ғалымдарға жазбаша нұсқау беріп, қазақ ғылымының қалыптасуына ықпал етті. Қазақтың атақты романисі Жүсіпбек Аймауытұлы «Психология», атақты ақын Мағжан Жұмабай «Педагогика», Халел Досмұхамедұлы «Гигиена» кітабын, М. Міржақыпұлы «Есеп-құрал», 19 жасар Қаныш Сәтбаев «Алгебра» оқулығын жазып шыққан. Бұл басылымдар қазақ тіліндегі осы саладағы ғылыми тұңғыш еңбектер болып табылады.

Академик Қ.Сәтбаев Қазақ КССР-і Ғылым академиясының президенті болса да, көзі тірісінде өзі жазған «Алгебра» оқулығын айта алмай, шығара алмай кетті. Осы ретте айта кету керек, Әлихан Бөкейханның жалғыз ұлы Өгедей мен Қаныш Сәтбаев Мәскеудегі геологиялық институтты бірге бітіріп, қазіргі Балқаш, Қоңырат, Жезқазған, Сәтбаев, Қарсақпай кеніштерін жаяу жүріп аралап, тұңғыш рет жез, мыс, вольфрам, уран, алтын бар екенін анықтап берген ғалымдар. «Халық жауының» ұрпағы ретінде жас ғалым Өгедей бұл жұмыстан шеттетіліп, Сібірге жер аударылған. 1950 жылдары Өгедей құсадан қайтыс болған деген дерек бар, бірақ қай жерде, қашан, қалай өлгені белгісіз. Осы ретте академик Қаныш Сәтбаев қолында билік болса да, жан жолдасы Өгедей Әлиханұлының есімін атай алмай өтті.

Совет Одағы он жыл бойы оны үй қамағында ұстай отырып, оның барлық саяси, ғылыми білімін Қазақ даласында Совет үкіметін құру мақсатына пайдаланды. Осындай қазақ үшін орны өзгеше жанның мерейтойын біз биыл қалай атап өттік?

Алғашқы ғылыми-тәжірибелік конференцияны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты өткізді. Әлихан Бөкейханның туған күнінде – 5 наурыз күні «Әлихан Бөкейхан – ұлттың ұлы көсемі» деп аталатын шараны өткіздік. Кейін, сәуірдің 15-інде әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен «Әлихан Бөкейханов және Алаш мұрасы» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Үшінші конференция – қараша айында Астана қаласында «Алаш мұраты және тәуелсіздік құндылығы» деген атпен өтті. Осы конференцияға ресми билік атынан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты. Әрі оның материалдары кітап болып, басылып шықты. 8 желтоқсанда Қарағандыда Әлихан жылының қорытындысын Қарағанды облысының әкімшілігі өткізді деп жоспарланды. Бізге шақырулар келді. Сонымен үкіметтің қатысуымен ұйымдастырылған шаралар легі тәмам болмақ. Меніңше, ұлы Әлиханның орасан зор еңбегін осы төрт конференциямен ғана шектеу тым аздық ететін сияқты. Ұлттың ұлы көсемін ұлықтайтын шаралар тым сараң. Мәселен, елордадан Әлекең (Әлихан Бөкейхан) атына көше беріледі деген. Қаулысы шықты деп естідім, осы 1 желтоқсанда ашылуы болады деп күткен ем. Ашылмады.

Бұл Үкімет тарапынан жасалып жатқан шаралар. Ал, сондай-ақ, өз басым бас-аяғына дейін қатысқан тағы бір шараға тоқтала кеткенді жөн санап отырмын. Ол «Қазақ география» қоғамы ұйымдастырған – «Әлихан жолымен» атты ғылыми экспедиция. Экспедиция әуелі ұлт көсемі дүниеге келген Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Желтау етегіндегі Әлихан Бөкейхан бастап салған, 1901 жылы әкесіне тұрғызған «Талдыбейіттен» басталды. Әлихан Бөкейхан өз қолымен көтерген, лайдан шөп араластырып салған зират қоршауының күні бүгін сол қалпында тұрғандығы бізді таңқалдырды. Осы жерде Әлиханның бауырлары және анасы Бегімхан жерленген. Бұл зираттың «Талдыбейіт» аталуының себебі, інісі қайтыс болуына байланысты Әлихан Мәскеуден Бразилия ағашының тұқымын әкеліп отырғызады. Ол кезде шыбық болған екен. Сол ағаш күні бүгінге дейін өсіп, бүкіл зираттың жартысын жауып тұр. Біз көрген зираттағы тақталардың бәрінде Шыңғысхан мен Жошыдан тарайтын ата-баба генеологиясы төте жазумен жазылған. Жергілікті өлкетанушы Тұңғышбай ағаның айтуы бойынша, 1966 жылы Мәскеуден «Правда» газетінен араб әрпімен жазылған төрелер тарихы жойылғанын тексеруге арнайы комиссия келіпті. Ол комиссия келер алдында Бегедай деген ақсақал бір түнде тақталарды лаймен, цементпен сылап тастаған. Кейін ол жазу қалпына келтірілген. Ауылдағы осындай азаматтық істердің арқасында «Талдыбейіттегі» тақталардағы төрелердің ғылыми шежіресі өз ғылыми құндылығын сақтап тұр. Осы жерде арнайы тоқтап, Әлиханның ата-бабаларына Құран бағыштап, Айсәуле әженің рұқсатымен бір уыс топырақ алып, аттанып кеттік.

Одан кейін Қарағанды университетінде Тарих факультетінің ұйымдастыруымен пресс-конференция өткіздік. Біз анықтағандай Қарағанды қаласында Әлихан Бөкейханның есіміне қатысты ештеңе таппадық. Қарқаралы ауданына жол тарттық. Әлекең бұл жерде 7-14 жас аралығында болған. Қарқаралыдағы 4 кластық мектепте оқып жүргенінде, атақты генерал Колпаковский шәкірттердің білім деңгейін тексеруге арнайы келеді. Аулада тұрған оқушыларға Омбыдан шыққан пәуескесінің дөңгелегінің Қарқаралыға дейін неше рет айналғанын санап беруді талап етеді. Ортадан суырылып шыққан 12 жасар Әлихан белдігін шешіп, пәуеске дөңгелегінің диаметрін өлшеп, қолындағы шыбықпен есепті жерге сызып, есептеп, шығарып береді. Осыдан кейін Әлиханға Омбыдағы Жоғары техникалық училищеге жолдау беріледі. Осы Қарқаралыда да, Омбыда да, Қарағандыда да қазақтың ұлы қайраткері Әлихан Бөкейханның оқығандығы туралы не өмір сүргендігі туралы бірде-бір белгі таппадық.

– Осыдан бір-екі ай бұрын «Қарағандыдағы Октябрь ауданы осыдан былай Әлихан Бөкейхан атымен аталатын болды» деген сүйінші хабар оқыған едім.

– Ол әңгіме де тек сөз жүзінде қалып отыр. Әзірге іске асқан жоқ. Әлиханның саяси еңбек жолы басталған, «Алаш» қозғалысы дүниеге келген Семей қаласына Қарқаралыдан 16 сағатта әзер жеттік. Жолдың осындай тоз-тозы шығып кеткенін білмейді екем. ХХІ ғасырда, дамыған 50 елдің қатарына енген елдің жолының сиқын сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. Осы қалада «Алаш» музейі бар. Онда Алаш қайраткерлерінің әрбіріне арналған мүйіс бар. Бірақ ұлт қайраткеріне арналған жеке музей әлі дүниеге келмеген. Семейде Екатерина ІІ жобасымен салынған «Е» пішіндес түрме әлі жұмыс істеп тұр. Бұл түрмеде Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» арыстары отырып шыққан. Осы түрмеге бас сұққан едік, Әлихан Бөкейхан отырған түрмеде Желтоқсан қайраткері Қайрат Рысқұлбеков соңғы күндерін өткізген екен. Оның ақтық сағаты осы жерде қиылыпты. Кездейсоқтық па, жоқ совет жандайшаптарының әлдебір ішкі есебі болды ма? «Алаш» ардақтысы мен «Желтоқсан» қаһарманын бір түрмеге отырғызуында қандай да бір гәп бар болғаны айқын.

Ұлттың ұлы тұлғасы Омбыдағы Жоғары техникалық училищеден кейін Санкт-Петербордағы Орман шаруашылығы университетін үздік бітірген. 1880 жылы салынған ғимарат сол қалпында тұр екен. Онда да Әлекең оқыды деген белгі жоқ. Санкт-Петербургтегі атақты Таврия сарайында Ресейдің Мемлекеттік Думасы отырған ғимаратта әзірбайжан, балқар ұлтынан сайланған өкілдердің кеуде мүсіндері бар. Біздің Әлихан туралы бір ауыз сөз жоқ. Біз осы мәселенің бәрін экспедициядан қайтып келген соң, фейсбук әлеуметтік желісі арқылы шулатқан едік. Осы үніміз жоғарыға жеткен сынды, жақында Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған үкіметтік комиссия Санкт-Петербордағы Таврия сарайында Әлихан Бөкейханның бюстін ашып келді.

Әлихан Бөкейхан 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының кезінде еңбек майданына жұмысқа алынған қазақ солдаттарының жай-күйімен арнайы танысып, олардың құқықтарын қорғау үшін Минскіге ат басын бұрған екен. «Минские ведомости» газетінде Әлиханның Батыстық майдан жайы, ондағы қазақтың тыл жұмысында жүрген азаматтарының жан-жақты жазылып, олардың аты-жөндері анықталған мақалалары тұрақты шығып тұрған. Әлихан Бөкейхан бастаған «Алашорда» үкіметінің өкілдері «Лъеж» қонақүйінде тұрған. 1941 жылы бомбаланып, жермен-жексен болған қонақүйдің орнында қазір Белоруссияның Ұлттық банкі тұрғандығы айқындалды.

Қазақ жеріне келуге тыйым салынған Әлихан сол кездегі Орынборға ең жақын Ресей қаласы Самараны таңдап, 1922 жылы сонда жер аударылды. Орынбор мен Самараның арасы пойызбен 8 сағаттық жол екен. Орынборда 1913-1918 жылға дейін шығып тұрған «Қазақ» газетінің әр саны Әлиханның мақаласынсыз шықпаған. Біз 8 сағаттық пойыз жолына шаршап зорға жеттік. Ол пәуескемен күнбе-күн Самараға Орынбордан қатынап тұрыпты. Осы істің бәрі Қазақ тәуелсіздігіне қызмет етудің әрекеттері.

Экспедицияның тағы бір жаңалығы – Мәскеудегі ресейлік атақты ғалымдар мен саяси тұлғалар жерленетін «Новодевичьи» зиратында Елизавета Әлиханқызы Смағұлованың жерленген жерін анықтадық. Бұл іс Нұрым Бөкейханның көмегімен іске асты. 1930 жылы у беріп, Мәскеуде өлтірілген Смағұл Сәдуақасовтың жары Елизавета Әлиханқызы ІІ дүниежүзілік соғысқа әскери дәрігер ретінде қатысып, аман-есен оралған. Экспедицияға қатысушы қазақ жігіттері көзіне жас алды. 1950 жылдардың соңында қайтыс болған асыл жары Смағұл Сәдуақасовтың тегін Елизавета сақтап қалған, Әлиханқызы деген есімді жаздыруды өсиет еткен. Совет кезінде Смағұл Сәдуақасов пен Әлихан Бөкейханның есімін атау – үлкен қауіп болған кездің өзінде бұл Елизаветаның тектілігінің көрінісі. Елизавета мен Смағұл Сәдуақасұлының жалғыз ұлы Ескендір Смағұлұлы 16 жасында, 1941 жылы туған жылын үлкейтіп көрсетіп, ІІ дүниежүзілік соғысқа аттанып, соғыстың алғашқы күндерінде қаза тапқан. Әлихан Бөкейханның немересі Ескендір «халық жауының» ұрпағы деген Совет үкіметінің қарғысынан құтылудың жолын осылай тапқан. Ескендір Смағұлұлының қайда жерленгенін анықтау – қазіргі Әлихантанушылардың алдында тұрған парыз.

Сапарымыздың соңы Мәскеудегі «Дон зиратымен» аяқталды. Онда 1,5 метр жерде 30-40 адам жерленді деген белгі тұр. Сол белгідегі тізімде – Әлихан Бөкейхан мен Айқын Нұрмақов екеуіне бір тақта бұйырған екен. Ол белгіні қойғызған адам қазір Мәжіліс депутаты, қарағандылық Н.Дулатбеков деген азамат. Маршал Тухачевскийдің есімі бастаған тақталардың қатарында алашқа қырғын салған Мирзоянның да тақтасы тұр. Осында Бөкейханның ұрпағы, химия ғылымдарының докторы, профессор Нұрым Бөкейханға «Талдыбейіттен» әкелген бір уыс топырақты зиратына салдырдық.

Мен осының бәрін неге айтып отырмын? Әлихан Бөкейхан тұлғасы күн өткен сайын зорайып, биіктей түседі. Өйткені ол Ресей империясына қарсы он жыл аттан түспеген Хан Кененің ұлт-азаттық қозғалысынан кейін қолына қару емес, қалам алып, ғылыммен, ақылмен елді азаттыққа, дербестікке үндеген, интеллектуалдық ұлт-азаттық күресінің көшбасшысы. Қазақ автономиясын құрған, еліміздің қазіргі шекарасының нақтылануына еңбек сіңірген, қазақ тіліндегі ғылымның бар саласының қалыптасуына тікелей ықпал еткен, Ресей География қоғамына Шоқан Уәлихановтан кейін екінші мүше болған, қазақ жерінің асты-үсті байлығы туралы тұңғыш сараптама жасаған, Щербина және Швецовтың экспедициясына қатысқан бірден-бір қазақ ғалымы. Ресей ғалымдары: «Әлиханның кім екенін мұндағылар қайдан біледі? Оның ұлы тұлғасын ұлықтауға Қазақ үкіметі өзі құлықсыз болса, біз не істейміз?» дегенде қатты ұялдық. Сол себептен, Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойының жалғасы ретінде келер жылы болатын «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығын абыроймен атқару – біздің азаматтығымызға сын.

 – Рахмет!

www.turkystan.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар