///

Сәкен моральдық залал талап етпейді. Бірақ, аруақтан да қорқа жүрейік

16358 рет қаралды

Кешеден бері интернетте қызу талқыланып жатқан қаламгер Сая Қасымбектің (шынымды айтсам, аты-жөнімен онша таныс емеспін) қазақтың арыстарының бірі, ақын, сері, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен сері, Сәкен Сейфуллин туралы «Қыз қасіреті. Сәкен туралы 44 жыл сақталған сыр» атты мақаласы маған да маза бермеді. Интернеттегі жаргон бойынша «жаға ұстатты». Бұл мәселеге қарсы болып, атой салғандар да, Сая Қасымбек пен «Әдебиет порталын» ақтаушылар да жетеді. Мен біреуді даттап, біреуді мақтаудан аулақпын. Тек аталған мақаланы журналиске қойылатын талаптар, мақала жазудың қарапайым ережелеріне сай талдап шыққанды жөн көрдім. Біріншіден, мақала (егер бұл жазбаны мақала дейтін болсақ) неге негізделіп жазылады? Әрине, дерек пен дәйекке. Онсыз мақаланың құны бес тиын. Ендеше, мақалада келтірілетін деректерді санамалап шығайық.

Сая Қасымбек аузына сөз салып отырған атасының бүгінде көзі тірі ме? Ол айтқандарына куәлік ете ала ма? Егер көзі тірі болмаса, жазып қалдырған естелігі бар ма? Айталық, оның көзі тірі делік, бірақ, оның сөзін растайтын қанша тірі куәгер бар? Мақаладағы, деректердің шынайылығын тексеру үшін, ол кемінде үш дерек көз арқылы расталуы тиіс. Мен кейін жазылған пікірлерді, айтылған ойлар мен келтірілген деректерді қазір есепке алмаймын. Ал, мақаланың әу баста ұсынылғандағы дерек көздерін іздеп отырмын. Әзірге, Сая Қасымбекте біреу, осыдан пәлен жыл бұрын о дүниелік болып кеткен атасы. Ол оны 44 жыл бұрын Сая Қасымбекке айтыпты-мыс. Сая оны естіп отырғанда жазып та алмаған, атасы жазбаша мәлімет те қалдырмаған. Және Саямен бірге, мен де естідім дейтін куәгерлер жоқ (бар болса, бар шығар, бірақ мұнда көрсетілмеген).

Екіншіден, Сәкен қыздың намысын жыртқан ағасына өктемдік танытып, қоқан-лоқы көрсетеді. «Отызыншы жылдардың қасіреті күшіне еніп, елді қынадай қырып жатқан науқан болатын. Сәкеннің түкірігі жерге түспей, қылышынан қаны тамып тұрған кез. Қыздың рулас ағасы дауыс көтеріп еді, Сәкен: «Үрім-бұтағыңмен айдалып кеткің келе ме?!» – деп еді, үні өшті. Қиын заман еді ғой» деп күңіреніпті атасы-мыс. Енді, дәл осы оқиғаны Сая Қасымбек қандай дерекпен растайды немесе бекітеді?

Үшіншіден, Сәкеннің «кесірінен» асылып қалған қызға Сәкен кері бұрылып қарамапты-да мыс. Бұл да атасының аузымен айтылады. Басқа дерек келтірілмейді. Демек, келтірілген үш фактінің үшеуі де расталып отырған жоқ. Тек жала және жала жабу, оның артында қылтиып қорлау фактісі әрі жалған мәлімет тарату тұр.

Ұзынқұлақ айта береді. Мен де бір оқиғаны ойлап тауып, мың құбылтып айтып отыруыма болады. Бірақ, оқырманды сендіру үшін нақты дерек пен дәйек керек. Оны үш куәгердің сыртында ол жайында зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдардың тұжырымдары, зерттеу еңбектері, т.б. ресми жазбалармен дәлелдеу керек. Ондай дәлел таппаса, мақаланың берер ләззатынан гөрі, оқырманды адастыратын азабы мол болады.

Жалпы он жастағы баланың есінде қалғандарын 44 жылдан кейін жариялау қаншалықты әдеби, қала берді медиа этикасына сай?  Сая Қасымбектің бала күнінде естіген «жалған» сандырағынан гөрі бұл туралы тұщымды пікір айтқан, Төреғали Тәшеновтің фейсбук парақшасындағы «Кешелі бері «Әдебиет порталы» жариялаған Сая Қасымбектің Сәкен Сейфуллин туралы атасынан он жасында естіген әңгімесі әлеуметтік желіні дүрліктіріп жіберді. Бүгін де оның желі басылмапты. Бұл орынды да. Алаштың асыл азаматы, аяулы ақыны, сері сұңқар Сәкенді кім жамандыққа қисын. Сая ханым естігенін сарапқа салмай жатып, асығыстық жасап, ағаттық жіберген. Ал негізінде ел ішінде бұрыннан айтылып келе жатқан бұл оқиғаның анық-қанығы былай болған.
Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол тайғақ кешу» романында баяндағанындай, Анненковтың азап вагонынан қашып құтылған соң Арқадан Бетпақдала арқылы Қаратауға бет алады. Жолда Тама руының атақты биі Торжанның Жәнібек деген баласынан туған Төленбектің тоқалы Меруертті оқытамын, теңдік әперемін деп алып қашады. Жәнібек келінін қайтаруға көмектесуін сұрап, атақты Жанәділ болысқа хат жазып, қуғыншы жібереді. Жанәділ болыс ара түсіп, алдымен Сәкенге өлең жазып беріп жібереді. Сәкен оған өлеңмен жауап қайтарады. Олардың өзара өлеңмен жауаптасуы ел ішінде сақталған, баспа бетінде жарияланған да. Өкінішке қарай, дәл қазір қолымда сақталмапты. Соңында Жанәділ болыс астындағы ақ боз атын Сәкенге сыйлап, Меруертті еліне қайтарады.
Бұл туралы кезінде Сарағаш аудандық газетінде бұдан отыз бес жыл бұрын, 1982 жылы 2-қыркүйекте төмендегідей мақала жарияланыпты. Мақаладағы әңгіме айтушы Асекенұлы Қалдарбек – Жанәділ болыстың ұрпағы» жазбасында біршама дәлел мен дәйек бар. Жалпы, Сәкеннің серілігі, оның ел арасындағы пендеуи әңгімелері бұған дейін де ғалымдардың зерттеу нысанына айналғаны ақиқат. Сәкентанудың басында тұрған профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен аялаған арулар» кітабында да біршама дерекке қанығасыз.

Сол себепті де, бұл естелік-сымақты жазған адамды ақтап, оны жариялаған «Әдебиет порталына» араша түсіп, Сәкенді идеал жасамаңдар деп жатқандарды онша түсіне алмай отырмын. Мәселен, ФБ қолданушысы, журналист Қанат Тілеухан «Фб-да екі күн бойы Сәкен жайлы мақалаға қатысты шу болды. Сая Қасымбек пен Әдебиет порталы ғасыр қылмысын жасағандай әсерде болдым. С. Қасымбек жазған оқиғаға ұксас дүние бұрында жазылғанын Төреғали Тәшенов ағамыз осы ФБ бетіне жариялады. Менімше, біз қандай да бір тұлғаны мінсіз етіп қоюды, сосын жекешелендіріп алуға құмармыз. Нарком болған Сәкен саяси қызметте таза, мінсіз қызмет еткеніне кепілдік бере аламыз ба? Ертең ол жайлы КГБ архивінен күтпеген дерек шықса ақынан теріс айналамыз ба? Әлде, ақиқатқа тура қарай алмай екіге бөлініп айтысамыз ба? Тұлғатануда белгі қайраткерлеріміздің барлық қырын ашуымыз керек. Орыстар ұлы жазушылары Достоевскийдың ауру әйелінің көзіне шөп салғанын, М. Дмитревна өлім үстінде жатқанда нақ сүйері А. Сусловаға европаға кеткенін жасырып қалмады. Ашық айта да береді. Одан ұлы суреткер аласарып кеткен жоқ. Бұндай мысалдар әлем әдебиетінде жетіп артылады. Сәкен басқа да тұлғаларымызды қашаңғы бір шеңберге тығамыз?! Сая Қасымбек мақаласында үйлеспейтін бір тұс бар. С. Сейфулин әйелімен оңтүстікке барып, жас қызбен сауық құрады. Әділдікті, махаббатын ұлықтайтын ақын-жазушылардың сол адал сезімдерді былғап алатын көргенбіз. Енді неге пендеден періште жасауға әуеспіз. Рас, Сәкен қыздың өліміне кінәлі болмаған шығар. Бірақ оны тіпті идеалдандыру керек пе?! Сондықтан мұндай мақалаға әсіресе әдебиетшілер қауымы салқынқанды қарағаны дұрыс деп ойлаймын. Әдебиет порталы үкіметтен ақша алатын сайттар ішінде қаламақы төлейтін жалғыз сайт. Мен білетін. Бүгінгі заманға лайықталған әдеби жаңа заманның басылымы. Сол сайттың сапалы болуына бүгінгі жас буын әдебиетшілер мүделі болуы тиіс деп ойлаймын. 2000 басында Қазақ әдебиеті газеті маған барлық қаламгерлерге ортақ басылым болып көрінетін. Қызыға оқитынбыз. Бауыржан Қарағызұлы өмірімде көрмеген адамым. ӘП кейбір жұмыстарына сыни көзқарасым да бар. Бірақ та дәл осы мәселеде оған және ұжымына бейәдептілік таныту жөнсіздік деп білем. С. Қасымбектің мақаласын басқаны үшін өз басым порталды кінәлай алмаймын!». Егер, «Әдебиет порталы» бұл әңгімені ешқандай бұлтартпас дәлелсіз, бекітілген фактілері арқылы берсе құба-құп, ешкім кінәлай алмайды. Қанат мырза, әуелі КГБ-ның архивінен сондай «күтпеген» дерек табыңыз! Сосын жариялаңыз. Оған ешкім ренжімейді. Өйткені, фактіге жұрт басқаша қарайды. Ондай дерек таппай тұрып, бықсыған әңгімені тұлғаның басқаша қыры деп ұсыну – журналистің деңгейінің өсектен аса алмай тұрғандығын білдіреді.

«Әдебиет порталының» редакторы Бауыржан Қарағызұлы: «Құрметті “Əдебиет порталының” оқырмандары!
Порталда қазақтың ардагер тұлғасы, əн мен сəннің символы болған Сəкен Сейфуллинның өмірлік бір кезеңіне қатысты, драматург Сая Қасымбектің шағын материалы жарияланған болатын. Ал, портал – еліміздегі барша қалам иелерінің де пікір таластыратын, ой бөлісетін заңды, ортақ кеңістігі болғандықтан да, біздің аталмыш автор мақаласына тыйым салуға, еңбегін жарияламауымызға еш қақымыз жоқ. Сондай-ақ, портал ондай авторлардың жазған дүниелеріне жауапты да болмақ емес.
Сонсоң, аталған мақалаға қатысты көптеген оқырмандардың өзіндік көзқарас-пікірлері мен өтініштерін де ескере отырып, материалды портал бетінен ала тұрғанды жөн көрдік.
Портал ешкімнің де ар-намысына, атақ-абыройына дақ түсіретіндей мақсат ұстанбайтындығын түсінсеңіздер дейміз» деп ақталады. Бірақ, өзін журналист әрі бір ақпарат құралына жауапты редактор санайтын адамның жазатын сөзі осы ма? Ол онда несіне редактор болып отыр. Жазба ешқандай журналистиканың, медиа этиканың және медиа құқықтың талаптарына жауап бермейді. Оның танымалдау қаламгер болғаны еш ақтауға тұрмайды. Кім сөйлесе де, әуелі дерекпен сөйлесін. Дерекпен сөйлей алмаса, жалған сөзбен жұртты шатастырмасын.

Әрине, әлгі жазбаны алып тастадыңыздар, бірақ, өкінішке қарай, ол жазба-сымақты өсек аңдып отырған бірнеше сайт көшіріп басып, «масқараласып» жатыр.

Жоғары оқу орындарында «Медиа құқық» пәні не үшін оқытылады? Осындай журналистік қызметтерді реттейтін заңдарды білуі үшін, кейін дәл осылай қателеспес үшін оқытылады. Естеріңізге сала кетейік, «Қылмыстық кодекстің» №129 бабы бойынша «Жала жабу», №130 бабы бойынша «Қорлау» және №274 бабы «Біле тұра жалған ақпарат таратқаны» үшін қылмыстық жауапқа тартыласыз.

Сәкеннің моральдық залал талап етер шамасы жоқ. Өйткені ол сіздің бұл ісіңізден бейхабар. Бірақ, аруақтан да қорқа жүрген жөн болар.

Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі