//

Жолдауға қатысты түйгендерім

129 рет қаралды

Жолдау неге дәстүрге сай жыл басында емес, күзде жасалды? Бұл – елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тым күрделенгенін білдіреді. Халықтың сұрағы көбейіп, билікке деген наразылық күшейгені сондай, өкімет жолдауды 5-6 айға созудың өте қауіпті екенін болжаған. Инфляцияның артуы, теңгенің құнсыздануы, жұмыссыздықтың артуы халық пен үкімет арасын барған сайын алшақтатып барады. Оның үстіне, халық мемлекеттік мекемелер тарататын макроэкономикалық көрсеткіштер туралы ақпаратқа сенуден қалған. Сондықтан, халықты дәл қазір сабасына түсіру қажет болды.

Жолдаудың форматы да өзгеше болғаны көп айтылды. Президенттің кеңесшілері қазіргі жағдайда дәстүр бойынша парламент залында жолдау арнаудың тиімділігі төмен екенін түсінген. Оның орнына жауапты ведомство басшыларын отырғызып-тұрғызып, тапсырма беріп, жол нұсқап отыру қарапайым қоғамның қабылдауы тұрғысынан да, психологиялық, визуалдық тұрғыдан да тиімді. Бұл Елбасының басты шешім қабылдаушы тұлға екенін, оның барлық жағдайды бақылап отырғанын, билік тізгінінің мығым қолда екенін дәлелдейді. Жолдауда руханияттан бастап макроэкономикаға дейінгі тактикалық, стратегиялық мәселелер толық қамтылды. Президент тек ресми мәтінмен шектеліп қалмай, жан-жақты мысал келтіріп, сөзін дәйектеп отырды. Яғни, жолдау деген жай ғана мәтін емес, нақты іс-әрекет, тапсырмалар мен нұсқаулар екенін ұғындырды.

Және бұл формат президентті халықтың өз адамы етіп көрсетуге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы екінің бірінің аузында жүрген ең өзекті мәселелер – жемқорлық пен парақорлықты, қағазбастылықты, медицина, білім беру, құқық саласындағы кемшіліктерді жауапты тұлғаларға нұқып көрсетті. “Судья болу қанша тұрады?”, “Еден жуушы болып тұру үшін такса беру керек” деген сияқты пікірлер – ел аузындағы сөз, тіпті қарабайыр стиль мен жаргонға дейін сақталған. Екі сағат бойы бүкіл лауазымды тұлғаларды “сілкілеу” арқылы халықтың ішіндегі қыжылы шығып, ертеңге деген үміті оянып қалды. Әсіресе педагогтар мен медицина қызметкерлерінің мәселелері – екінің бірінің басындағы проблема.

Осылардың өзі “билік транзиті” сценариінің не соған дайындықтың бір бөлігі сияқты көрінеді. Бұл әрі қарай сайлау немесе басқа бір саяси науқан не іс-шара формасында әрі қарай іске асатын сияқты.

Өкініштісі, бұл жолдау Қазақстанда авторитарлық басқару жүйесінің түбегейлі орныққанын айғақтап берді. Бұрындары президент парламент ғимаратына барып, халықтың тікелей сайлаған өкілдері саналатын депутаттардың алдында сөз сөйлесе, бұл жолы биліктің барлық тармақтарының өкілдері президенттің алдына келді. Н.Назарбаев Жоғарғы сот төрағасына тапсырма беріп, міндеттер жүктеді. Сенат төрағасы Қ.Тоқаевтан бастап парламент депутаттарына дейін президенттің тапсырмаларын жазып алып жатты. Бұл билік тармақтарының арасындағы тежеу, теңгеру механизмдерінің де конституция бойынша “мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз ететін” президентке тәуелді екенін білдіреді.

Саяси партиялардың, идеялар мен ұсыныстардың еркін бәсекесі болмағандықтан, құжаттарға, соның ішінде президенттің жолдауына да қатысты жан-жақты сараптама мен талдау болмағандықтан, елдегі саяси өмір сұрықсызданып, халық биліктен алшақтап барады. Жолдау туралы хабар берген телеарналар да ескі советтік стильде “жаппай жиналып, жолдауды ұйып тыңдап отырған еңбеккерлер” туралы репортаждар беруде жарысып жатты. Советтік стильдегі пропаганданың бұл жолғы ерекшелігі – дәстүрлі ақпарат құралдарының қатарына блогшылар да қосылды. Басты телеарналарда әр мәселені сыни тұрғыда терең талдап, баға беретін нағыз сараптамалық хабар жоқ. Мұның өзі әсіресе ақпарат жүйесінде тың көзқарас пен жаңа реформа керек екенін білдіреді.

Өкінішке қарай, Қазақстанда классикалық авторитаризмнің бір белгісі – “мемлекет басшысы ғана сынай алады” деген қағида орнығып келеді. Егер жолдауда айтылған пікірлерді президенттікі емес, басқа бір кісінің пікірі деп қарастырсақ, ол адам нағыз оппозиционер болып шығар еді. Бұл жүйені елдегі мекемелердің көбі көшіріп алған. Ал мұның қайда апаратынын болжау қиын.

Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы 

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мыңжылқы БЕРДІҚОЖАЕВ: Вирустық пневмониямен ауырғандардың көбінен коронавирустың анықталмауы тестінің сапасына байланысты болуы мүмкін

  Covid-19 бен пневмония статистикасы қосылып есептелетіні белгілі болғанда, еліміздегі пневмониямен ауырғандардың барлығы вирустық пневмония болмауы

Карантин кімге қалай әсер етті?

Коронавирус инфекциясы, төтенше жағдай, карантин барлық қызмет түріне өзгеріс әкелді.Нақты кімге қалай әсер етті? Коронавирус жайлы