/////

Шыңғыс Ергөбек, саясаттанушы: Тәуелсіз сот жүйесі неге маңызды?

3153 рет қаралды

Мемлекет басшысының соңғы жолдауын мазмұны жағынан да, бастамалар жағынан да Қазақстан ішкі саясатындағы құбылыс деп айқындауға болады. Мұнда Қазақстанның бүгінгі жағдайын саралау, өткенге баға беру, болашаққа жоспар да бар. Қоғам өмірінің маңызды элементтері деп есептелінетін саяси реформалар, ертеңіміздің кепілі болып табылатын экономиканың дамуы, қоғамды қоғам ететін азаматтық қоғам мен адам құқықтары мәселелері де қарастырылды. Бұл бастамалардың барлығы қолдауға тұрарлық.

Неге екендігі белгісіз осынау күрделі мәселелер кешенінде қоғам тарапынан аз талқыланып, ат төбеліндей ғана сарапшылардың бағасына ие болғаны СОТ РЕФОРМАСЫ. Мемлекет басшысы сот билігінің тәуелсіздігі мен дербестігін қамтамасыз ету мәселесін Президент болып сайланғалы бері назарынан тыс қалдырған емес. Бірақ бұл бастаманың өзегінде не жатыр? Мемлекет неге тәуелсіз сот билігін қалыптастыру мен дамытуда мүдделі болуы керек? Осы мәселенің төңірегінде ой өрбітіп көрелік.

Кезінде құқықтық мемлекет тұжырымдамасының негізін қалаушы Шарль Луи Монтескъе, Жан Жак Руссо және өзге де ойшылдар биліктің үш тармаққа бөліну идеясын басымдық ретінде қарастырды. Олар атқарушы, заң шығарушы және сот. Мемлекеттік егемендіктің қайнар көзі халық. Демек, бұл билік тармақтары өзара тежеу механизмдерін қолдана отырып, өзге тармақтардың «артық билік» алып қоймауына ықпал етуі керек. Бұл түсінікті қағида. Дегенмен, сайланбалы атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің өзара теңдігі айқын болғанымен, сот билігінің билік тармақтарындағы орны әлі айқын емес. Шынында «халықтық егемендік» тұжырымдамасына сәйкес тек билікті халықтың өзінен алған, яғни сайланудың нәтижесінде билікке қол жеткізген билік тармақтары ғана маңызды секілді болып көрінеді де, сайланбайтын, күрделі тағайындау рәсімінің нәтижесінде билікке келетін сот жетім қозыдай оқшауланып тұрады. Демек, логика бойынша бұл тармақ өзге билік тармақтарына қарағанда кенже қалып қояды емес пе? Соңғы жылдары Қазақстан билік жүйесіндегі реформалар осындай ойға жетелейді. Дегенмен бұл ой шындыққа жанаспайды. Неліктен?

Біріншіден, тәуелсіз сот билігі заңды түсіндіру мен пайдаланудың дербес жүйесін қалыптастырады. Қазақстан континенталды құқықтық мемлекет. Өзге тілмен айтқанда Қазақстанда құқықтың қайнар көзі нормативті құқықтық акт, яғни заңның өзі. Осы уақытқа дейін Қазақстанда кенже қалып қойып жатқан мәселелердің бірі осы құқықты пайдалану немесе түсіндіру (интерпретациялау) институты жеткілікті дәрежеде дамымауы. Мұның дәлелі көп жағдайда сот шешімдерінде бірізділіктің болмауында.

Бірдей фактілердің жиынтығынан тұратын екі істің нәтижелері екі түрлі. Осы уақытқа дейін неге екендігі белгісіз бұл мәселе кешенді түрде жүзеге асырылмай келе жатыр. Еліміздегі сот билігінің тәуелділігі және көп жағдайда бейтараптық қағидасын сақтай алмауы сот тәжірибесіндегі бірізділіктің болмауына алып келді. Тіпті континенталды жүйенің негізін қалаушы мемлекеттер болып табылатын Франция мен Германияның өзінде сот прецеденттерін саралау маңызды орынға ие. Неліктен? Себебі сот шешімдерінде бірізділік болуы керек. Бұл болашақ сот шешімдерінде кетуі мүмкін қателіктердің алдын алуға септігін тигізеді.

Екіншіден, биліктің орталықтанған жағдайында сот билігінің шынайы тәуелсіздігі қамтамасыз етіледі деп айту қиын. Неліктен? Сот жүйесіндегі қабылданған тәжірибеге сәйкес, сот бірнеше деңгейге бөлініп, оларды тиісінше сол деңгейдегі сот төрағасы басқарды, арнайы соттарды арнайы сот төрағалары басқарды. Ал жоғарғы сот тұтас сот жүйесінің төрағасы болып саналады. Логикалық тұрғыдан атқарушы және заң шығарушы мемлекеттік биліктің жолын қайталады. Шын мәнінде бұл үлкен қателікке ұрындырды. Себебі логика бойынша әр судья өз шешімінде тәуелсіз болуы тиіс. Демек, бір деңгейлі соттың үстінен өз төрағаларынан басқа, жоғары тұрған сот инстанцияларының қадағалауы заңсыз және негізсіз. Сот қызметінің спецификасы оның шешім шығарудағы тәуелсіздігіне арқа сүйейді. Яғни шын мәнінде әр судья логика бойынша өзіне өзі төраға болуы тиіс. Сот шешімінің қадағалауын қайта қарау сатысында жоғары тұрған соттар жүзеге асыра алады. Бұл да тәуелсіз шешім. Демек сот шешімі логика бойынша әр денгейде дербес қабылдануы тиіс. Осы мәселе елімізде жеткілікті дәрежеде зерделенді деп айту қиын.

Үшіншіден, мемлекет басшысының ұсынысымен Конституциялық сот қайта қалпына келетін болды. Бұл өте жақсы жаңалық. Мәселе сөз тіркесінің өзгеруінде емес, мәселе сот билігінің рөлінің өзгеруінде. Жалпы заңды түсіндіру мен заң пайдалану тәжірибесі бөлек те, Конституциялық сараптама жазу бөлек мәселелер көтереді. Шын мәнінде бұл сот билігінің өзге билік тармақтарымен тең дәрежелі диалог құруына жаңа мүмкіндіктер ашатындығы сөзсіз. Сот билігі өзге билік тармақтарының көлеңкесінен шығып, дербес билік тармағына айналары айқын. Мемлекет басшысы сот реформасының маңызына тоқтала келіп, бұл институттың адам құқықтарын қорғау тұрғысынан маңызды тетік болып алатындығына тоқталды.

ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін мемлекеттің конституциялық-құқықтық келбетін айқындауда сот билігінің орны ерекше. Бұл демократияландыру тенденцияларымен де тығыз байланысты. Сот билігінің күшеюі оны адам құқықтарын қорғаудағы маңызды тетікке айналдырды. АҚШ тарихында сот билігінің негізгі функциясы конституциялық тәртіпті сақтаумен байланысты үлкен маңызға ие. ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданған АҚШ жоғарғы сотының шешімдеріне назар аударар болсаңыз, адам құқықтарының тұтастай жаңа доктринасының қалыптасқандығының куәгері боласыз. Бұл сауалдар нәсілдік сегрегация мен азаматтық құқықтардан бастап, гендерлік теңдік қағидаларын орнатуға дейінгі кең ауқымды сұрақтарды қамтып жатты. Осы тұста сот өзінің батыл шешімдерімен конституция рухына жат барлық нормативті актілерді құқықтық күшінен айыру арқылы қоғамның жаңаруына жол ашты.

Алайда, бұл қалай мүмкін болды? Бір жағынан ойланып қарасақ, заң шығару қызметі өзге билік тармағы, ең жоғары өкілетті орган Парламентпен байланысты емес пе? Егер ондай болса, заңдарды конституцияға қайшы деп жариялау арқылы сот заң шығарушы органның өкілеттігіне қол сұғып отырған жоқ па? Бұл маңызды сауалға толыққанды, біржақты жауап беру күрделі болар. Дегенмен, әлемнің ең көне Конституциясы АҚШ Конституциясын заман талабына сәйкес қайта саралау осы Жоғарғы сот арқылы жүзеге асырылады. Демек Конституцияның тұрақтылығы үшін Жоғарғы соттың «сараптамасының» орны ерекше. Мәселе Конституцияны талдау мүмкіндігі қоғамда туындап жатқан мәселелерге уақытылы, ал ең маңыздысы заманауи жауап қайтаруға мүмкіндік береді. ХХ ғасырдағы екінші жартысы заң шығарушы органнан қолдау таба алмаған топтардың, соттық қорғауға ие болған кезеңі. Конгресте жеңіліске жеткен топтар соттан оңтайлы шешім тауып, қабылданған заңның конституциялығына күмән келтіру арқылы заң шығарушы билікті қадағалау мүмкіндігіне ие болды. Бұл азшылық топтардың құқықтарын заң шығарушылық өзге де процестерде ескеруге жол ашты. Шын мәнінде, соттар тек АҚШ-та ғана емес, өзге де елдерде дәл осы кезеңде азшылықтың дауысы естілетін органға айналды. Мұндағы «азшылық» термині саяси тұрғыдан жеңіліске жеткен тұлғалардың тобы болды. Демек, демократияның жаңа қағидасы тек көпшіліктің дауысының басымдығымен ғана емес, азшылық пікірінің ескерілуімен де ерекшеленді. Яғни, сот демократияның келесі сатысы «либералды демократияға» аяқ басудың себепкеріне айналды.

Мұның тысында сот билік тармақтарының арасындағы туындаған күрделі мәселелерді қарастырып, оның құқықтық шешімін қалыптастырды. Бұл әсіресе атқарушы билік белгілі жағдайды пайдаланып заң шығарушыларға қысым көрсете бастағанда айқын сезілді. Орталық биліктің өкілеттігін құқықтық сараптамадан өткізу арқылы саяси билік тармақтарының арасында белгілі теңдікті сақтап қалуға ықпал етті. Бұл да соттың институт ретінде нығаюына септігін тигізді. Өзге тілмен айтқанда, сот билігі Конституциялық тәртіптің мызғымастығының кепіліне айналды.

Қазақстан өзге елдер секілді құқықтық мемлекетке айналуды мақсат етеді. Ал құқықтық мемлекет күшті сот билігінсіз құрылуы мүмкін емес. Еліміздегі сот реформасы да осы жолмен жүреді деген үміт оты қайта жанды. Соттың үні құқықтың үніне айналуы тиіс.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі