///

Әкімнің уәдесі Іргелі ауылының тұрғындарына үміт сыйлады. Уәдесінде тұрар ма екен?

2070 рет қаралды

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес өңір әкімдерінің тұрғындармен тоқсан сайын кездесуі тапсырылған. Осы мақсатта Қарасай ауданының әкімі Естенов Жасұлан Тоққожаұлы 2023 жылдың 15 ақпанында Қарасай ауданы, Іргелі  ауылы, Қонаев көшесі №82 мекен-жайында орналасқан ауылдың мәдениет үйінде Іргелі ауылдық округының  тұрғындарымен есепті кездесу өткізді.

Кездесу жаңаша форматта өтті деп айтуға болады, аудан әкімі баяндамасын ұзақ жасамады, нақтыланған бірқанша мәліметтерді атап өтті де, халықтың сұрағына жауап беруге көшті.

Іргелі ауылдық округының құрамына Іргелі, Кемертоған, Көксай ауылдарымен қатар Асыл арман ықшам ауданы да кіреді. Округ тұрғындарының саны 35 мыңға жуық, оған уақытша тұрып жатқандарды қоссақ жалпы саны 50 мыңнан асады. 4 мемлекеттік білім беру ордасы және 1 жеке білім ошағы жұмыс істейді. Медициналық мекемелердің саны – 3, онда 66 қызметкер жұмыс атқарады.

Ауылда қордаланған мәселе өте көп. Ірі мегаполистің іргесінде тұратын ауылда мектеп,  жол, жарық, су, емхана секілді әлеуметтік инфрақұрылымдардың барлығы тапшы немесе ескі. Мәселен, 1 200 орындық мектепте 5 000-ға жуық оқушы білім алады. Сапалы ауыз суға қол жеткізу орындалмас армандардың біріне айналған. 1978 жылы салынған медициналық пункт ескі. Осы мәселенің бәрін ауыл тұрғындары Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлына қоя алды, әрі әкімнің бәріне жауабы дайын болып шықты. Сонымен әкім қандай уәделер берді?

АСЫЛ АРМАНДА 2 000  БАЛАҒА АРНАЛҒАН БІЛІМ ОРДАСЫ БОЙ КӨТЕРЕДІ

Халықты мазалаған ең негізгі сұрақ 1 200 орындық мектепте 5 000-ға жуық оқушының білім алуы болды. Әкімнің жауабына сенсек, Асыл арман ықшам ауданында 2 000 орындық білім ордасының құрылысы жүріп жатыр екен  және Кемертоған ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша мектеп салуға жер телімдері бөлініпті, мектеп құрылысы 2024-2025 жылдарда аяқталады дейді.

Ең маңызды проблемалардың бірі болған ауыз су мәселесі де қолға алыныпты. Ауылдың ауыз суын жақсарту үшін бюджеттен сметалық жұмыстарға 12 миллион теңге бөлініп, есептеу-нақтылау жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Ауыл ақсақалдарының көтерген тақырыптарының бірі зейнет жасында зейнет көру үшін сапалы медицинаның керек екені болды. Ауылдағы 1978 жылы салынған медициналық бөлімнің құрылысы ескіргенін, қайта жаңғыртуға жарамсыз болғандықтан жаңа медициналық мекеменің сметасы дайындалып, облыстық бюджеттен қаржы сұралып жатыр екен.

Сондай-ақ, ауылда балалардың бос уақытын өткізетін ойын-сауық, спорт алаңдары да жоқ. Кемертоған ауылындағы өзен бойын абаттандырып, жарықтар қойылып кешкі серуен алаңына айналдыру туралы ауыл тұрғынының ұсынысына аудан әкімі қолдау білдіріп, алдағы уақытта өзен жағалауын өзі қарап шығып, мүмкіндік болса серуендеуге қолайлы орын жасап беруге болатынын айтты.

Тұрғындарды алаңдататын тағы бір мәселе – көгілдір отынның құны. Өңірге жаңа қоныстанушылар қыстың көзі қыраудан аман шығу үшін, үйге газ қостыру құны жоғары екенін ескерткен еді, газ қосу құны бұрыңғы бағадан 60-70 мың теңгеге арзандатылып, 350 мың теңгеге тұрақтағанын, егерде әлеуметтік осал топтарға жататын болса, әлі де төмендейді деп әкім жиналған жұртқа тағы да бір уәде берді.

ТАЛАЙ ЖЫЛДАН БЕРІ СӨЗ БОЛҒАН ЭКОЛОГИЯ БИЫЛ ЖАҚСАРЫП КЕТЕДІ ДЕГЕНГЕ ДЕ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ СЕНДІ

Алматы қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған «Алтын Орда» базары маңында тұратын тұрғындар жаз мезгілінде жиналған қоқыстан таза ауа жұтудың мүмкін еместігіне шағымданған еді,  аудан әкімі базар территориясын таза ұстауға және осы күнге дейін жиналған қоқыстарды тазартуға базар әкімшілігіне нақты тапсырмалар беретінін, биыл жазда таза ауамен демалуға мүмкіндік болатынын айтты. Жылдар бойғы қордаланған қоқыстан базар маңының бір жылдың ішінде тазаланып, биыл жазда таза ауамен тыныстайтынына ауыл тұрғындары сенді. Сенбей қайтсін, аудан әкімінің өзі уәде беріп отырса.

Асыл арман ықшам ауданында тұратын тұрғындарда «Қазақстан қағазы» қағаз зауытының қалдықтарынан шыққан күлімсі иіс қолқаны қауып, адам өміріне зиян келтіріп жатқанын айтты. Әкім бұл істен хабардар екенін, компания басшылығымен сөйлескенін, зауыт Алматы қаласының кәріз жүйесіне қосылуға  әрекет етіп жатқанын, алдағы уақытта ол сасық иістің де жоғаларына сендірді.

Алып мегаполистың жанында отырған ауыл тұрғындары өркениеттен қалғандарын, интернет атымен жоғын, ұялы байланыстың нашарлығына наразы екендіктері туралы сөз қозғады, алдағы уақытта осы мәселелер үшін әкімдік тарапынан жеке провайдерлерге ұсыныс жасалып, мәселе өз шешімін табатын болды.

Ең соңында тұрғындар жол мәселесіне назар аударған еді, әкім де атқарылып жатқан іс-шаралардың тізбегін баяндап берді, жолдардың ескіргені әкімді де алаңдататынын, биылғы жылға осы мақсатта бюжеттен 55 миллион теңге бөлінгенін, орталық көшелердің барлығы қайта жөндеуден өтетінін айтты.

Екі жарым сағатқа созылған кездесуде халық әкімнің үйіп төгіп берген уәдесіне тойып аттанды. Оның қалай орындалатынын алда уақыт көрсетер. Ал біз әкім уәдесінде қаншалықты тұрғандығын бақылайтын боламыз.

Ерзат Мұсират, 

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі ауылы

Суреттерді түсірген автор

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар