2020 – Қазақ Республикасының 100 жылдығы

3017 рет қаралды

2020 жыл Ұлы ойшыл-ақын Абайдың 175-жылдығы, Алтын Орданың 750-жылдығы, Ата Заңымыздың 25-жылдығына қоса басқа да маңызды оқиғаға толы болмақ. Бұл орайда Қазақ Республикасының құрылуына 100 жыл толуы – алғаш автономия түрінде дүниеге келіп, ақыр аяғында бүгін әлемге Қазақстан Республикасы деген атаумен танылған тәуелсіз мемлекетке айналған орны бөлек мерейтой. 

Бұл оқиғаның алдында Алаш Ұлттық Жерлі Автономиясының қысқа да болса, жарқын ғұмыр кешкенін, сондай-ақ Кеңес өкіметін мойындаған Алаш Орда басшыларының Қазақ АКСР-ын құрып, оның құқықтық мәртебесі мен жер аумағын (территориясын) анықтауға қызу да тікелей атсалысқан тарихын ескерсек, Қазақ Республикасының Алаш Автономиясымен арада эволюциялық байланысы болды деп айтуға толық негіз бар.

Бұл таңғаларлық жайт. Әйтсе де тоталитарлық идеологияның күйреуінен 30-жылдай өтуіне қарамастан, Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің ресми тарихнамасында Қазақ Кеңестік Республикасын құрушы ретінде бірыңғай Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлұлы және т.б. қазақ бәлшебектері аталады.

Дегенмен Кеңес өкіметіне дейінгі тұста Алаш автономиясынан басқа Финляндия, Украина, Гүржістан, Әзірбайжан, Башқұртстан сынды басқа да ұлттық мемлекеттер мен автономиялар құрылды.Бұл – ұлттық республикаларды құруда тоталитарлық идеология емес, әрбір халықтың өзін өзі басқаруға деген ұмтылысы шешуші факторы болғанын дәлелдейді.

Сондықтан да ұлттық автономиялардың құрылуын Кеңес билігінің өз бастамасы емес, Ресейдегі патшалық билік құлаған сәтте оның отары болған ірі-ірі халықтардың ұлттық сана-сезімінің оянуы нәтижесі деп қарастыру керек. Оның ішінде Алаштың Қазақ Кеңестік Автономиясы болып қайта құрылуына Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ә.Ермекұлы, Н.Төреқұлұлы, С.Қожанұлы, С.Сәдуақасұлы және т.б. «Алаш» қайраткерлері қомақты үлес қосты.

Тарихымыздың кеңестік нұсқасын қорғаушылар: «Алаш» жетекшілері мен өкілдері тәуелсіздікті аңсайтындарын мәлімдеген жоқ», немесе «олар Ресей құрамында автономия болумен шектелді», – деп, тарихтың өшпес бетін жоққа шығарғысы келеді [1]. Өзгелері Алашты «жарияланбаған автономия» есептеп, «Автономияны жариялау кейінге қалдырылды» да, тек «Алаш Орда үкіметі болды» деп мәлімдейді. Бұл пікірге салсақ, мемлекеттің мемлекеттік басқару тетігі бар (Алаш Орда Халық Кеңесі), бірақ оны жасақтаған мемлекеттің өзі (Алаш Автономиясы) атымен болмады-мыс (!) [2].

Ал ІІ Жалпы қазақ-қырғыз съезінің хаттамасы 1917 ж. 12 желтоқсанда, Ә.Ермекұлының «Сарыарқа» газетінде жазғанындай, алдымен Ұлттық Жерлі Аутономиясы құрылып, азан шақырып оны «Алаш» деп атағанын бұлтартпай растайды. Содан соң ғана съезд Автономияның мемлекеттік билік тетігі – Алаш Орда уақытша халық кеңесін (үкіметін) жасақтады. Сонымен қатар съезд Алаш Ордаға таяу арада Ұлттық құрылтай шақырып, оның бекітуіне Алаш Конституциясының жобасын ұсынуды тапсырды [3, ХІ т., 252 б.]. Құрылтай сонымен қатар мемлекеттік биліктің үш тетігі – заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерін жасақтап, жалпыұлттық сайлау уақытын белгілеуге тиіс еді. Міне сол себепті Алаш Орда «Уақытша (Ұлттық құрылтай шақырылғанша) Бүкіл қазақ-қырғыз халық кеңесі» деп аталды. Алаштың құрылғанын Алаш Ордан мүшесі (комиссары) болып сайланған Ә.Ермекұлы ең алғаш «Сарыарқа» газетінде паш етті. Автономияның құрылғаны 1918 ж. наурыз-сәуірінде ресми түрде Кеңес өкіметіне де хабарланды (кеңірек төменде айтылады).

Ұлттық Автономияны халықтың өкілетті өкілдері, оның ішінде делегаттардың көпшілігін (81-дің 43-і) қазақтан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайланған депутаттар, қалған 38-ін – қазақ басым тұратын 10 облыс, 1 гүберне және 3 болыс, атап айтқанда – Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспи облысының Маңғыстау оязы, Самарқант облысының Жизақ оязы, Амудария әтделі (бөлімі), Алтай гүбернесіне қараған Биискі, Барнаул, Змеиногор ояздары қазақтарының атқамінерлері құрады [3, Х т., 438 б.]. Кейінірек «Ресейдің жоғарғы билеушісі» А.Колчактың «Алаш Орданы кім сайлады? Ресейдің қандай мемлекеттік билігі қашан оны өз құзырында бекітті?” деген сұрағына, Алаш Орда төрағасы Ә.Бөкейхан: «Алаш Орданы өкілетті жалпықазақ сиезі сайлады, сол себепті ешкімнің бекітуін қажет етпейді», – деп кесіп айтты [5, ІІ т., 84 б.].

Айта кететін мәселе, Алаш Орда төрағасының өзі шынайы демократиялық негізде үш балама үміткердің ішінен көпшілік дауыспен сайланды.

Жалпы Алаш Орданың қазақтан сайланған 15 мүшесінің ішінен 8-і С.-Петербор, Мәскеу және Қазанда оқып заңгер дипломын алған, судья, прокурор, адвокат қызметін атқарған айтарлықтай тәжірибесі болса, төртеуі – 1906-1907 жж. шақырылған І және ІІ Мемлекеттік думаның депутаттары еді.

1918 ж. қыркүйегінде Уфада Бүкілресейлік құрылтай мүшелерінің Комитеті (1917.25.10 ж. Уақытша үкімет құлап, 1918.06.01 ж. Құрылтай қуылған соң, Самарда құрылған Ресейдің алғашқы заңды үкіметі) Алашты Автономия деп мойындады [3, т. 11, 237]. Оның ізінше Уфадағы Мемлекеттік мәжіліс те Алашты Автономия, Алаш Орданы – оның үкіметі деп мойындады [3, ХІ т., 239 б.].

Міне осындай тарихи дерек-айғақтар тұрғанда, Алашты «жарияланбаған автономия» деу – ұлттық тарихты өрескел бұрмалаумен пара-пар.

Расында да, тәжірибесі мол, прагматик «Алаш» жетекшілері өздерін «Бүкілресейлік билік» деп жариялаған үкіметтердің бәрі де Ресейдің «тұтастығын» сақтауды аңсайтынын жақсы білді. Сондықтан жаңа билікпен арадағы қарама-қайшылықты ушықтырмай, «Самар үкіметін» де, Уфа директориясын да, Колчакты да «ойда автономиядан басқа мақсат жоқ» деп сендіріп бақты. Бірақ олар «тұтастықты» өзгешелеу қабылдады. Мысалға, І Сібір облыстық сиезінде Ә.Бөкейхан былай деді: «Я біздің Ресей республикасын тек қана штаттардың федерациясы түрінде елестетемін… Егер біздің Ресей республикасы жекелеген штаттарға бөлінсе, одан халықтар тек бақытты болады…» [3, Х т., 129 б.].

Әлиханның съезд ізінше жарық көрген «Жалпы Сібір сиезі» мақаласы бірқатар тарихшының «Алаш» жетекшілері «тәуелсіздікке ұмтылатындарын мәлімдеген жоқ» деген тезисін түпкілікті жоққа шығарады. Әлихан былай деп жазады:

«Сібір автономия болсын, біздің қазақ ұлты уақытша Сібірге қосылады. Біздің бұл фікірімізге аз бұратаналар да – бұрят,яқұт қосылды.

Сонымен, Сібір автономиясының негізгі законыне өз алды бір баб жазылмақ; қазақ ұлты һәм өзге Сібірді қоныс қылған жерлі жұрт Сібір автономиясына уақытша қосылады. Өздері,біз енді бөлініп, өз алдымызға автономия боламыз деген күні босанып, автономия болады деп.

…Біз ойладық, – әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып, көшіп кетелік; жіпжалғап, зор мемлекет көрнеуінен құтылып-ап, отау болып соңынан бөлінелік деп» [3, Х т., 189 б.].

«Қазақ депутаттары» атты келесі мақаласында Ә.Бөкейхан одан бетер ашық жазды: «Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек МЕМЛЕКЕТ болар»(!) [3, Х т, 88 б.].

«Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеу мақсат» деп санайтын Алаш қайраткерлері мемлекетшіл саясаткерлер еді. Олардың осы ұстанымы бұрынғы империя ыдырап, азамат соғысы мен террор жайлаған аласапыранда ұлттың мұң-мүддесін жоғары қойып, өз өмірлерін құрбан етіп, туған халқы үшін ұлттық мемлекеттіктің іргетасын қалап берді. Алға қойған мақсатына жету үшін Алаш жетекшілерінің қандай ымырашылдыққа бара алатынын, кіммен болса да тіл таба алатынын Кеңес өкіметіне жіберген жауабынан көруге болады:

«1918 жыл, марттың 21-інде біз, Алаш Орданың мүшелері, ұлт жұмысын басқарушы халық комиссары Сталиннің Алаш Аутономиясы туралы айтқан сөзін тексергеннен кейін, Сәбет хүкіметін Росиядағы барлық аутономиялы халықтардың кіндік хүкіметі деуге қаулы қылып, мынаны білдірдік:1 Декәбірдің 5-нен 13-іне дейін Орынборда болған Жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш Аутономиясын жариялаймыз» [3, Х т., 438 б.].

Ізінше Мәскеуге кеңестерді мойындаудың 14 бап шарты көрсетілген тағы екі жеделхат кетті. Алайда келіссөзді Кеңес өкіметінің өзі үзді. Соның және азамат соғысының басталуы салдарынан Алаш Орда қантөгіске араласуға мәжбүр болып, үкімет құрамында қорғаныс министрлігінің құзыры мен міндеттері жүктелген Әскери кеңес құрып [3, Х т., 464 б.], ұлттық армиясын жасақтап, ақтар қозғалысымен бірге Сібір мен бірқатар қазақ облысында қызылдарға қарсы шайқасты. Айта кететіні, Алаш Орданың бірнеше мың жауынгерлік армиясы (Б.Абдығалиұлының мәліметіне сәйкес, Алаш Орданың Батыс бөлімінің 2 мыңдық, Торғай, Ақмола, Жетісу және т.б. атты әскерлерін айтпағанда, бір Сібір армиясының құрамында 5 полктен тұратын атты қазақ 2 бригадасы мен 1 дербес  атты полкты)[14, 72 б.] жаттықтырып, қаруландырып, қамтуы – Ұлттық Аутономияның алдынғы басқару жүйесі қираған аласапыран жағдайда ұлттық дербес басқару қабылетінің болғанын айқын аңғартады.

Саяси ахуалдың қаншалықты шиеленісті болғанын Мұстафа Шоқай былай сипаттады: «Егер қазақтар алғашында орталық кеңес өкіметін мойындауға қуана келіссе…, оның себебі, бәлшебектер өздерінің… уәдесін… адал орындағанда… қазақ даласында … автономиялық басқару толық жүзеге асқан болар еді. Бірақ бәлшебектер «буржуазиялық» адалдықты елемеді де, қазақтар алданып қалды. Қазақтар алған бетінен-ақ өздеріне «бұратана» деп қырын қараған Сібір диктаторына да (А. Колчак. – Авт. ескертуі.) еш үміт артпады. Қазақтар… ақыр аяғында Сібір реакциясы мен ресейлік кеңес өкіметінің бірін таңдауға мәжбүр болды» [5, ІІ т., 84 б.].

(№ 1 фото. Алаш автономиясы мен Кеңес өкіметінің бір-бірін мойындайтыны туралы Алаш Орданың өзінің облыстық және ояздық комитеттеріне 1918 жылдың 16 сәуірінде жолдаған жеделхаттарының бірі)

(№ 2 фото. Алаш Автономиясы мен Кеңес өкіметі арасындағы бір-бірін мойындау туралы екіжақты келіссөзі барысында Алаш Орда үкіметінің РКФСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В.Ленинге 1918 жылдың 21 сәуірінде жолдаған жеделхаттарының бірі)

1918 ж. Алаш Орда атынан Кеңес өкіметімен келіссөз жүргізген Х.Ғаббасұлы, былай деп еске алады:  «1918 ж. басында [1919 ж.] Бөкейхан Семейге келіп, мәжіліс шақырды… Бөкейхан ахуалды баяндап берді де, саяси оқиғалар патшалық [монархиялық] жүйені қалпына келтіру бағытында дамып келе жатқан жағдайда не істеу керек деген мәселе қойды. Мұндай жағдайда ұлттардың өзін өзі билеу құқына үміт артуы мүмкін емес. Сондықтан Кеңес өкіметімен байланысу қажет… Міне соған байланысты біз Мәскеуге Байтұрсынұлын жібердік» [12, ІІ т., 9-10 бб.].

Архивтерден табылған (ҚР ПА, РФ МА, РМӘСТА) тарихи деректерге қарағанда, Алаш Автономиясын Қырғыз (Қазақ) АКСР етіп қайта құру ісі Алаш Орда мен Кеңестер арасындағы ұзақ созылған (1919 ж. желтоқсаны – 1920 ж. тамызы) келіссөздің нәтижесінде жүзеге асқан. Келіссөз барысында болашақ қазақ автономиясының құқықтық мәртебесі мен шекарасы талқыланған. Мәскеулік тарихшы, проф. Д.Аманжолова өзінің «На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана» атты еңбегінде жазғанындай, «Алашордашылар өздері автономизмді құрып рәсімдеген уақыттан – 1917 жылдан бері қорғап келген шекара аумағында республика құруға орталықтың (Кремльдің) келісімін алу үшін, өзінің бүкіл ұйымдастырушылық және интеллектуалдық күш-қуатын жұмылдырды»[13, 412 б.]. Мысалға, РКФСР Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде келешек қазақ республикасының жер аумағы (территориясы) туралы баяндама жасаған Алаш Орда мүшесі Ә.Ермекұлы Қырғыз АКСР туралы Декретке қоюдың қарсаңында болған мынадай сәтті есіне алады:

«В.И.Ленин өзі төрағалық еткен алғашқы мәжілістің аяғында, Автономияны құру жөнінде қазір Сталинге барып пікірлесіңдер, онда дайындаған жобасы бар, сонымен танысып, бар ойларыңды түйістіріңдер, – деп кеңес берді. 

Мәжіліске қатысушылар тегіс үзіліске дәлізге шықтық. Қазақстандық делегация 15-тей адамбыз. Әлихан Бөкейханды тостық. Әлекең Ленинмен бірге оңаша пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. Бір 15-20 минуттан кейін ол кісі де шықты. Біздер Сізді Сталинге кіруге тосып тұрмыз, – делінді.

Әлихан бәрімізге салқындау қарап: «Сталин не шешер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, қанша бір жетіскен жоба бар дейсің. Онан да өзіміз жеке шешкен дұрыс», – деп жүріп кетті.

Біз бәріміз де аңтарылып қалып, Әлекеңе ілесіп Кремльден шығып кеттік»[6, 12 б.].

(№ 3-4 фото. Қазақтың тарихи төл атауын қалпына келтіру және оны орыс тілінде «Казах» деп жазу туралы Қазақ АКСР үкіметінің қаулылары)

Ә.Ермекұлының айтуынша, Ә.Бөкейхан мен В.Ленин студенттік шағынан таныс болған [6, 25 б.], 1893 ж. С.-Петербор университетінің заң факультеті курсын экстерн түрде бірге тапсырған. Араға 27 жыл салып екеуі жеке қалғанда не туралы әңгімелескені беймәлім. Бірақ «осы мәжілістен кейін бір жеті өткен соң В.И.Ленин Қазақ АССР-ін құру жөніндегі декретке қол қояды», – дейді Ә.Ермекұлы. Көп ұзамай «Қазақ» деген тарихи атауын қалпына келтірген дәл осы республика араға 70 жыл салып Тәуелсіздігін жариялаған заманауи мемлекеттің құқықтық, территориялық және экономикалық негізіне айналды.

Міне осылайша Қырғыз (Қазақ) АКСР жоқ жерде құрылмағанын кесіп айту керек. Бәрінен бұрын ол қазақ халқының дербес ұлттық мемлекеттілікке деген ұмтылысы мен құлқының жемісі. Оған Алаш Орда төрағасының орынбасары Х. Ғаббасұлының 1918 ж. 21 сәуірде В.Ленин мен И.Сталинге жолдаған жеделхаты айғақтайды: «Қазақ облыстарының автономиясы мәселесі қазақ халқының не өмір, не өлім мәселесі… Алайда жергілікті депутаттар кеңесі (кеңестік. – авторлық ескертуі) тарапынан тарапынан халықтың өзін өзі билеу құқын ескермеу тиылмады, қазақ ұйымдарын қудалау, олардың мүшелерін тұтқындау қалың қазақ бұқарасын өзіне қарсы қояды, ұлттық жікшілдікті тереңдете түсуде… Қазақ халық кеңесі (Алаш Орда. – авт. ескерту), қазақ халқының мызғымас талап-тілегін орындай отырып, автономия идеясын мейлінше ертерек жүзеге асыруды өзінің міндеті деп санайды».

Алаш қайраткерлері туған халқының мақсат-мұратын арқалап, оны табанды түрде қорғау мен жүзеге асыруға өздерінің бүкіл білім-парасаты мен күш-қайратын және тіпті өмірін да аямай сарп етуі – олардың өшпес тарихи қызметі. Кеңес өкіметінің Декреті халықтың осы мақсат-мұратын мойындауы және Алаш Автономиясының іргетасын көтерген ұлт зиялыларының қиян-ескі күресінің заңды жемісі, тарихи актысы еді. Оның айқын айғағы ретінде автономияның жер аумағы мен шекарасын бекіту сынды жанды мәселені талдау барысында қазақ (Алаш) өкілдері бұлтартпас дәлелі мен уәжі есебінде 1897-1901 жж. Ф.Щербина мен 1902-1903 жж. С.Швецов экспедицияларының ғылыми мәліметтерін алға тартты. Қазақтың жер-суын, егін, мал шаруашылықтарын зерттеген экспедицияларға Ә.Бөкейхан бастан-аяқ қатысты. В.Лениннің төрағалығымен өткен Халком кеңесінде Ә.Ермекұлы тізіп келтірген осы айғақ-деректер жерлердің тарихи тұрғыда қазақ халқына жататыны мүлтіксіз дәлелдеді. Нәтижесінде 1917 ж. 12 желтоқсанда ІІ Жалпы қазақ-қырғыз сиезі Алаш жері деп жариялаған территорияны түгел сақтап, ол қайта құрылған Қазақ АКСР-ның жер аумағымен бірдей болып шықты [13, с. 361].

(5 фото. 1920 ж. Алаш қайраткерлері қорғап қалған Қазақ АКСР-нің 1920-1929 жж. жер аумағының картасы)

Осы және өзге де архив құжаттарын ескере отырып, бір мәселені ашық мойындау керек. Қазақ АКСР-ын құру ісінде қазақ бәлшебектерінің қосқан үлесін (әсіресе ұйымдық жағынан) түбегейлі жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ол игі іске сонау бастан зор серпін беріп, шешуші роль атқарған басқа тұлғалар екеніне көз жеткіземіз. Оған қоса 1920-1940 жж. «буржуазиялық ұлтшылдықпен күресті» желеу еткен қазақ бәлшебектері «Алаш» қайраткерлерін жаппай қудалауды өзі бастап беріп, оларды түгел атуға, олардың орнына ел басына Ұлы дала халқының үштен екісін қасақана ұйымдастырылған аштық арқылы қырған қанішер, зұлым саяси биліктің келуіне себепші болды (Ф. Голощёкин). Құрдымға тақаған халқын аштық-азаптан құтқарамын деп істеген бар амалы тағы да сол Сталинге хат жазудан аса алмаған олар «қолын мезгілінен кеш сермеді». Ия, олар өз алдына дарынды, батыл қайраткерлер-тін. Алайда халқын «тар жол-тайғақтан» аман алып шығуға жол табатын, өздеріне жөн сілтейтін тәжірибесі мол аға буынды «таптық күрес» пен мансап үшін талас-тартысының құрбаны етті.

Алаштың Кеңес республикасы болып қайта құрылуы, эволюциясы бейресми болса да Ә.Н.Бөкейхан бастаған алашордашылардың  (А. Байтұрсынұлы, А. Ермекұлы, Ғ. Әлібекұлы және б.) шешуші роль атқарған іс-әрекетінің нәтижесі. А. Байтұрсынұлының «Билік ақ болсын, мейлі қызыл болсын, бізге бәрібір, тек қазақтың өзін өзі билеуге деген құқын мойындаса болды» деген пікірі Алаш жетекшілерінің мызғымас ұстанымы болатын. Олардың тарихи  қызметі мен қосқан үлесі – «Уфа директориясы» да, «Ресейдің жоғарғы билеушісі» А. Колчак та, одан қалды – Кеңес өкіметінің де тәй-тәй басқан қазақ мемлекетін жоймақ болған бар әрекетіне қарамастан, Алаш қайраткерлері халқының маңдайына жазылған тарихи мүмкіндіктен айырылмауға бар күш-қайратын аямады. Ә.Н. Бөкейханның «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих (тарқы) жолында артта қалады»[3, т.Х, с.84], «кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!» [3, т.Х, с.88] деген үндеуі соған дәлел. Олар өздеріне жалпыұлттық сиез жүктеген міндетті аласапыран кезеңде табандылықпен атқара берді. Тығырыққа тірелген сәтте олар Кеңес өкіметімен ымыраласуға дейін барып, ақыр соңында ұлттық мемлекеттің іргесін сақтап қалды.  Өз кезегінде, Қазақ және басқа республикалардың құрылуы Кеңес үкіметінің кенеттен «сыйы» емес, оның прагматизмнің көрінісі, ұлттық қозғалыстар мен олардың жетекшілерінің ықпалын мойындау болды. Сондықтан, Қазақ республикасының құрылуын, сонымен бірге оның кейінгі тәуелсіздігін, тек Совет өкіметінің шешімдерімен байланыстыруға тырысу, тарихи фактілерді бұрмалау, халықтың еркі мен оның басшыларының батылдығын төмендету.

Сонымен 1917 ж. 12 желтоқсанында халықтың талап-тілегімен дүниеге келген Алаш Автономиясы 1920 ж. тамызында эволюциялық жолмен Қазақ (алғашында Қырғыз) Республикасы болып өзгерді. Өз кезегінде ол 1936 ж. желтоқсанында КСРО-ның толыққанды мүшесі мәртебесін алып – Қазақ КСР-ына айналып, 1991 жылдың 16 желтоқсанында өзінің мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялады.

Міне сондықтан да 2020 жыл – Қазақ Республикасына 100 жыл толатын тарихи да саяси маңызы зор мерейтой жылы. Біз, Алаш ұрпақтары, бүгінгі еліміздің негізін қалауға бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен ата-бабаларымыздың ерлігі мен тарихи қызметін лайықты бағалап, олардың аруақтарына тағзым етуге міндеттіміз.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың көктемінде «Ақ жол» партиясы Үкіметке осындай ұсыныс жолдаған болатын. Оған бұл мәселе зерттеуі керек деген жауап алынды. Біздің білуімізше, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының пікірін сұрады. Ғылыми мекеме 2019.24.04-де берген жауабы, тарихи оқиғаның кеңестік желісін ұстанса да, аяғында «Қазақ Республикасының 100-жылдығын… атап өту аса маңызды. А.Перуашевтың «Қазақ Республикасының 100-жылдығы» атауын… ресми қолдану туралы ұсынысын толық қолдаймыз» – деп мойындады.

Тоқетерін айтқанда, ресми тарихшылардың өздері де дұрыс деп шықты. Ал мемлекеттік органдар әлі де үнсіз отыр.

Азат Перуашев,

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Сұлтан Хан Аққұлы,

Л.Н. Гумилев атын. ЕҰУ «Алаш» ҒЗИ директоры.

Дереккөздерінің тізбегі:

  • Были ли лидеры «Алаш-Орды» борцами за независимость Казахстана? Интервью исследователя этой темы, доктора исторических наук, профессора Дина Аманжолова. Читать здесь: https://camonitor.kz/32814-byli-li-lidery-alash-ordy-borcami-za-nezavisimost-kazahstana.html
  • «Айқын», 15.02.2019.
  • Бөкейхан Ә. Шығармалары – Сочинения. – Астана: «Алашорда» Қоғамдық қоры, 2018. – 15 том.
  • Бисембиев К. Б. Идейно-политические течения в Казахстане в конце ХІХ – начале ХХ вв. – Алматы, 1961. – С. 363.
  • Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. – Алматы: Дайк-Пресс, 2012.
  • Макенбаев Қ., Садуакасов Қ. Алты Алаштың ардағы – Әлімхан Ермеков. – Жезказган, 1992. – 44 б.
  • Томскі обл. мемлекеттік архиві: 3 қор, Р. 552, 1 тізбек, 774 іс, 56, 71, 73-74 пп.
  • Заки Валиди Тоган. Борьба народов Туркестана и других восточных мусульман-тюрков за национальное бытие и сохранение культур. Книга І. – Уфа: «Китап», 1994. – 400 с.
  • РФ МА: Р-667 Қор, 1 тізбек, 16 іс, 1-22 пп.
  • ҚР ПА: 811 қ., 23 тізбек, 193 іс, 52-54 пп.
  • «Қазақ». №№ 91, 98-99, 24 желтоқсан, 1914, 23, 26 қаңтар, 1915.
  • Движение Алаш: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. Трехтомник. – Алматы: ФФ «Ел-шежіре», 2011. – Т. ІІ. – 377 с.
  • Аманжолова Д. На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана. – Алматы: Издательский дом «Таймс», 2009. – 412 с.
  • Абдыгалиулы Б. Войско Алаш. Казахские части в составе Белой армии (1918-1920 г.г.) – Астана: Фолиант, 2017. – 416 б.

Abai.kz

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мыңжылқы БЕРДІҚОЖАЕВ: Вирустық пневмониямен ауырғандардың көбінен коронавирустың анықталмауы тестінің сапасына байланысты болуы мүмкін

  Covid-19 бен пневмония статистикасы қосылып есептелетіні белгілі болғанда, еліміздегі пневмониямен ауырғандардың барлығы вирустық пневмония болмауы

Карантин кімге қалай әсер етті?

Коронавирус инфекциясы, төтенше жағдай, карантин барлық қызмет түріне өзгеріс әкелді.Нақты кімге қалай әсер етті? Коронавирус жайлы