//

Еңбекші қазақ ауданының ауылдарында дәріхана жоқ

6809 рет қаралды
1

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Үкімет 2300 әмбебап мобильді бригаданың жасақталғанын баяндады. Алайда олар, негізінен қала тұрғындарына ғана қызмет көрсетеді. Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырамын», – деген сөзінен соң Алматы мен астанадан шалғай ауылдардағы  ахуалды білу үшін Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарындағы шағын ауыл фельдшерлерінің бірқатарына хабарластық. Олар бізге мәлімет беруден бас тартты.

Дегенмен Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының маңындағы шағын ауылдардың тұрғындарымен әңгімелесудің сәті түсті.

Жанар (аты-жөнін атамауды жөн санаған кейіпкерімізге осындай шартты есім бердік)

Екі күн ауырдым, температура өте жоғары болған жоқ. Бірақ, әлсіреп, тер басып, аузым дәм сезбей, мұрным иіс сезбей қалды. Түске дейін де, түстен кейін де ұйықтай бердім. Аспирин ішіп терлеп, шәй іштім. Уатсаптан құйрық май ішкен дұрыс дегенді көріп шәйға құйрық май салып іштім. Тамағымды тұзбен, содамен, фурацилинмен қайта-қайта шайқай бердім.

– Дәрігерге неге бармадыңыз?

Дәрігерге бармай біраз байқайын деп ойладым. Оның үстіне Шелекке жіберсе онда барып әлгі ауруды жұқтырып аламын ба деп қорықтым. Ауылда көп адам өстіп ауырып жатыр. Құдай сақтасын, ондай ауру болмай-ақ қойсын, үйде үлкен кісілер бар…

 

Келесі кейіпкеріміз Әсел (шартты есім) өзінің COVID-19-дың жеңіл түрімен ауырғанын біледі. Сырқаттың жеңіл түрімен ауырғандарды ауруханаға жатқызбайтынын біліп, дәрігерге бармай әлеуметтік желілерден естіген ем-домды жасап жазылған. Ревит витаминін ауыра бастағаннан ішіпті. Қызына жұғып кетпесін деп оны оқшаулап, антигриппин таблеткасын үзбей ішкізіпті.

Әншейінде шәй ішпеуші едік, аузым кеберсіп шөлдей бергесін жиі шәй ішетін болдық. Сорпаланып, малинамен, лимонмен шәй іше бердік. Біраз уақыт бұрын алыс туысымыз қайтыс болып, шешем «ұят болады, барыңдар» деген соң қонақасына барып ек, ол кісінің пневманиядан қайтыс болғанын шыққан соң бірақ білдік. Үйге келіп дезинфекция жасап, антисептикпен сүртіп қанша сақтансақ та сол жерден жұқтырдық -ау…

Мұхтархан, ауыл тұрғыны (шартты есім):

Төтенше жағдай аяқталып, карантиннің жеңілдетілген түріне көшкен соң, ой қыдырдым-ау, біреу баласының сүндет тойына шақырды, біреу туған күніне дегендей. Тағы бір жақыным қайтыс бопты, оның жаназасынан қалам ба, ұят болады ғой. Сөйтіп жүргенде ауырып қалдым, алғашында жай суық тиген секілді болды. Бірақ, денем қалтырап, аяқ қолым қақсағанда жанымды қоярға жер таппаймын. Температура 39,5-ке жетіп жығылады. Дәріханасы жоқ ауылда қайдан дәрі болсын. Қаладағы таныстарыма хабарластым, олар да іздеп жүріп қаладағы таныс дәрігерімнің жазып берген дәрілерін табуға көмектесті. Қаланың өзінде дәріні табу қиынға соқты. Жөтел қысып, қанша қысылсам да, Шелектегі ауруханаға барғым келмеді. Ауылды білесіз, медпункт қой. Алла көмектескен болар, он күннен кейін жазылғандай болдым. Десе де жөтел әлі бар, әлсіздік сезінемін. Әлі де күш жинау керек.

 

Дәмелі (ауыл тұрғыны):

Қант диабетімен ауыратын едім. Оның үстіне пневмония жаналқымнан алды. Сонда да жедел жәрдем шақырмадым, ауруханаға бармадым. Таныс дәрігерімнің айтқандарын істеп, үйде емделдім. Тыныс жетпей, дем ала алмай қиналғаным есімнен кетпейді. Әйтеуір аман қалдым. Ауылда ауырғанның әуресі қиын екен. Дәрі, система таппадық,

Ковид туралы ақпарат көп, ауруханаларда қаптаған науқас, дәріхана алдында    адамдары қаз-қатар тізілген қала бейнесімен салыстырғанда ауыл өмірі  жайбарақат секілді. Ауыл тұрғындарының тіпті Шелек ауылының өзіндегі инфекциялық ауруханадағы жағдай туралы да хабары аз. Тек шала-шарпы мәліметтерді ғана біледі. Қайтыс болған адамдар бар ма, деп сұрасақ «Рас болса Шелектің өзінде бес адам пневманиядан қайтыс болыпты, кім біледі, рас па, өтірік пе?..», – деп екі-ұдай жауап берді. Ауыл адамдары бір-бірінің үйіне қонаққа баруды бұрынғыдан сиреткенімен, тым-тырыс жатқан жоқ. Шөп жинау науқаны басталған соң керек-жарақ алуға  орталыққа қатынайды. Әрі Шелектен солтүстікке қарай орналасқан Қаражота, Сарыбұлақ, Ақтоған ауылдарында,  шығысқа қарай жатқан Нұрлы, оңтүстігіне қарай орналасқан Асысаға, Қайрат, Дихан, Жаңашаруа ауылдарында дәріхана жоқ.  Қаражота, Сарыбұлақ, Ақтоған аулының тұрғындары дәрі алу үшін Шелекке, Асысаға, Қайрат, Дихан, Жаңашаруа аулының тұрғындары Қызылшарыққа барады. Екі араға қатынайтын такси жүргізушілер тек адам шықса ғана орталық ауылдарға барады. Мұндайда, ауыра қалған жағдайда, әсіресе, көлігі жоқ адамдардың дәрі алу үшін қанша әуреге түсетінін түсіну қиын емес.

Тұрғындарға әбден анықталған ресми ақпараттан гөрі әлеуметтік желі арқылы желдей ескен шала-пұла ақпарат тез жетеді. Сол үшін мұнда ковид туралы шын ақпараттан гөрі аңыз көп.

Рая ҚАНАТҚЫЗЫ педагог-психолог:

 Ауыл тұрғындары Covid-19 вирусына шалдықтың деген сөзді  естуден қорқады

Біз Шелек ауылындағы Коррекциялық орталықтың педагог-психолог маманы Рая Қанатқызынан ауыл тұрғындарының сырқаттанса да дәрігерге бармау  себебін сұрадық:

Біріншіден, тұрғындар Covid-19 вирусына шалдықтың деген сөзді естуден қорқады. Жұқпалы ауруға шалдықсам, ешкім араласпай қояды, қайтыс болсам, жаназама ешкім келмейді деген үрей басым. Оның үстіне, дәрігерлер қарамай жатыр екен, немен емдейтінін дәрігерлердің өздері де білмей жатыр екен деген қауесетке көбірек сенеді. Тұрғындарда дәрігерге деген сенім аз, дәріге ақшамыз жетпейді деген ой да жоқ емес.

Маманның пікірі осындай. Біз Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласынан 69 шақырым қашықтықта жатқан Шелек ауылы мен оның маңындағы бір-екі ауылдың адамдарымен ғана тілдестік. Ондағы тұрғындардың оқшауланып отыруға, өздерін өздері күтіп баптауға уақыты бола бермейді. Сырқаты қатты меңдеп, жатып қалмаса дәрігерге баруы сирек.  

 

Қазақстан халқының 43 пайызы  ауылда тұратынын ескерсек, 43 пайыз халықтың Covid-19-бен бірге өмір сүріп жатқан қазіргі сипаты шамамен осындай. Ауыл тұрғындары қала халқы секілді талапшыл емес, «Барға –ырза, жоққа сабыр» күй кеше береді. Ал құзырлы органдардың Мемлекет басшысының сөзіне қаншалықты құлақ асатынын уақыт көрсетеді.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар