///

Қазақстандағы шетел студенттері: Біз ата-анамызбен тезірек қауышқымыз келеді

8118 рет қаралды
фото: www.noomarketing.net

Әлемге жайылған коронавирус індетінің өршуіне байланысты барлық мемлекет шекараларын жапты. Қатаң режим орнатылып, карантин енгізілді. Соның салдарынан Қазақстанда білім алып, жұмыс істеп жүрген миллион халық өз еліне қайта алмады. Бірінің ата-анасы, бірінің бала-шағасы өзінен бөлек басқа мемлекетте тұрып жатыр.

Оқуды, университетті сағындық

Соның бірі Түрікменстан азаматы Амир. (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертіліп берілді) Амир Сулейман Демирел Университетінің 2-курсын тәмамдады. Карантинге байланысты Қазақстанда қалып қойған.

“Мен пандемияның салдарынан өз еліме қайта алмадым. Дәл осы пандемия менің өміріме өте көп өзгерістер алып келді. Ең біріншісі отбасымнан бөлек өзге елде қалып қалуым. Біз қазір 4 жігіт пәтер жалдап тұрамыз. Барлығымыз шекараның, жолдың ашылғанын күтіп жүрміз. Карантиннің өте жаман дүние екеніне көзім жетті. Бұрын ең кереметі мен жаттығу залына баратынмын. Қазір болса барлық жер жабық. Сыртқа шығудың өзі қорқынышты. Жаңа оқу жылының онлайн боларын естіп көңіліміз түсті. Шыны керек, университетті, оқуды, студенттерді қатты сағындық.

Менің отбасым да жолдың ашылғанын тағатсыздана күтіп жүр. Мен үйдің үлкенімін. Біз қазір Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жоқпыз. Себебі біз студентпіз, біз қалаған жұмыстар бізді алмайды. Сонымен қатар, қазір біз істей алатын жерлер жабық. Бізге қазіргі таңда отбасымыз ақша жібереді. Бір айға тұрмыс-тіршілік үшін 300$ қажет. Бұл қаражатты отбасымнан алып жүрмін. Менде басқа амал жоқ”..

Келесі ұшақтан да бізге орын бұйырмайын деп тұр

Амир ай сайын отбасынан қаржы алып тұрады екен. Алайда бұл Қазақстандағы шетел студенттерінің бәріне мүмкін болмай тұр. Бұл туралы Моңғолия Республикасының азаматы, Астана Медицина Университетінің студенті Cерік Нұрқанат баяндап береді.

“Наурыздың 13-і күні Қазақстанда карантин режимі орнатылды. Жұма күні болатын. Бізге карантин ұзақ уақытқа созылатынын және жатақхананы босату қажет екенін хабарлады. Сол сәтте біз деканатқа барып, онлайн оқуды өз елімізде жалғастыруды өтіндік. Деканат бізге әрең рұқсат етті. Ол кезге дейін Алматы, Қарағандыдағы медицина университеттері онлайн оқуға көшкенін естігенбіз. Енді Моңғолияға қайтайық деп халықаралық автобусқа хабарластық. Орын жоқ деді, қосымша автобус шыға ма деген сұрағымызға жауап ала алмадық. Таксимен қайтуды ойлап іздестірсек, сенесіз бе, такси бағасы 15 мыңнан  30 мың теңгеге дейін өсіп кеткен.   Ол бағасына да келісеміз десек орын жоқ дейді. Осылайша Моңғолияға қайта алмай қалдық. Бізді жатақханадан шығарып жіберді. Қазақстандағы туысқандарыма келіп жағдайды түсіндірдім. Қазір Қазақстанда жүруге берілген оқу визасының уақыты өтіп кеткен. Бұл біз үшін өте күрделі мәселе болды. Себебі Қазақстанда туысқаны жоқ Еуразия Университетіндегі достарым тамаққа ақша таба алмай қиналып жүр. Ата-аналары ұшақ жіберіп балаларын алдырайын десе ақша жоқ. Бір үйдің 2, 3 баласы бірдей Қазақстанда қалып қойды. Сөздің шыны керек, күнделікті ішерге ас таппай жүр. Моңғолия Республикасынан Қазақстанға келіп білім алып, осы жақта қалып қойған 1100-ден астам жанның тілегі бір. Ол – Қазақстан, Моңғолия, Ресей өзара келісімшарт жасасып, шекарадан транзит арқылы студенттерді елге қайтару. Біз ата-анамызбен тезірек қауышқымыз келеді.

Медицина Университетінде Моңғолиядан келген 60 шақты студент бармыз. Жатақханада 30-40 студент тұратын. Барлығы өз туыстарына кетті. Туысқаны жоқтар 5-6 адам болып пәтер жалдауға көшті. Бұл студенттерге алғашқы кезде үйден ақша жіберіп тұрды. Алайда өз отбасыларының жағдайы нашарлауына байланысты бұл жақтағы балаларына қаражат жібере алмады. Кейбірі пәтерінен қуылып қалды. Қазір достарының туысқандарына барып күн көріп жүр.

Бетпердені өзіміз тігіп, кидік

Еуразия Университетінің студенттеріне жатақханада тұруға рұқсат берді. Біраздан  кейін азық-түлік тапшылығы сезіле бастады. Осы сәтте Моңғолиядан келген Қазақстандағы қалталы азаматтар жәрдемдесті. Айта кетерлігі, студенттер бір-біріне көмектесіп бетперде тіге бастады. Дайын бетперделерді сатып күн көрді. Тапқан табыстарының барлығы пәтердің ақшасынан аспайды. Жағдайлары өте қиын. Тіпті қара нан тауып жей алмаған күндер болды. Моңғолияға қайту үшін бір рейсте 250 ғана адам алады. Оған біз сыймадық. Еуразия Университетінен тек 6 студент қайтты. Жақында тамыздың 1-і тағы ұшақ келеді. Бірақ оған тағы да студенттер емес, ауру-сырқаулар, жасы егде кісілер және қалталы азаматтар мінеді. Өкінішке қарай біз тағы қалып қоямыз. Студенттерге Моңғолиядан да, Қазақстаннан да айтарлықтай көмек беріліп жатқан жоқ. Бізге әлеуметтік көмек 42 500 теңге берілмеді. Біз тезірек бұл кезеңнің біткенін қалаймыз”

 

Карантинге байланысты Қазақстаннан өз еліне қайта алмаған жандарға “Құндақ” қоғамдық қоры жәрдемдесіп жүр. Қор басшысы Ербол Бейілханның айтуынша бұл өте үлкен проблема. Елге қайта алмаған кейбір адамдардың хәлі мүшкіл көрінеді.

Ербол Бейілхан

“Қазақстанға оқуға келген Моңғолия мемлекетінің студенттерінен хат келген еді. Олар карантинге байланысты осында қалып қойған. Ата-аналары Моңғолияда. Олар қаңтардан бері бір бірімен қауыша алмай отыр. Бұл өте үлкен мәселе. Себебі бір студенттің ата-анасы бар, бірінің әкесі не шешесі ғана бар. Қазақстанда бірдей үш баласы қалып қойған ата-аналар да бар. Қазақстан ол студенттерге көмектесіп жатыр. Шәкіртақы бөліп, жатақханамен тегін қамтамасыз етеді. Мемлекет, университет ол студенттерге жәрдем еткенімен азық-түлікке мұқтаж болатын жағдай кездеседі. Осы мәселелерді шешу мақсатында қайырымдылықты қолға алдық. Бұл іс-шара нәтижесінде студенттерді 700 мың теңгелік 1 айдың азық-түлігімен қамтамасыз еттік”.

“Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 80-нен астам студентке көмек көрсеттік. Оның ішінде 70-і жатақханада, оншақтысы жатақханадан шығып кеткен. Әртүрлі жұмыс істеп пәтер жалдап, соның ақшасын төлеп жүрген. Алайда карантин болуына байланысты жұмыссыз қалған. Сәйкесінше пәтердің ақысын да төлеу қиындаған. Бұл мәселені қордың адамдары, жеке тұлғалар қаражат жинап, азық-түлікпен және ақшалай шешуге көмектесті”.

“Моңғолия Республикасының Баян-Өлгий аймағында Қазақстанда қалған балалардың мәселесін шешетін ата-аналар комитеті бар. Осы комитеттің төрағасы, Моңғолиядағы қазақ радиосының директоры Оспан Нәби және Өлгийдегі әкімшілікпен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Біз бұл қызмет иелерінен Қазақстандағы шын мұқтаж Моңғолия елінің азаматтарын сұрастырдық. Бұл тізімге ең бірінші жетім, жартылай жетім, бір үйдің бірнеше баласы, туысы жоқ жандар кіреді”.

Қазақстаннан өзге Африканың бір елінде карантинге байланысты елге қайта алмаған қандасымыз бар. Жұмыс барысымен барған Қазақстандық азамат карантин, жол жабылып отбасының қасына келе алмаған. Біз бұл ақпаратты әлеуметтік желіден алдық, алайда кейіпкеріміз сұхбат беруден бас тартты.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері