///

Жарна төлеп тұрса да 499 мың  адам «сақтандырылмаған» азаматтар қатарына еніп кеткен

3385 рет қаралды
фото: www.zerkalo-gazeta.com

Жүйеде өздері туралы мәлімет жоқ болған соң 146,4 мың шағын және орта бизнестің 499 мың қызметкері «сақтандырылмаған» азаматтар қатарына еніп кеткен.

Бұл туралы https://inbusiness.kz/ сайты хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік емханалар мен ауруханалар, сондай-ақ жеке клиникалар сақтандырылған азаматтарға қызмет көрсетуден бас тартуда. Себебі, қазақстандықтар өз бетінше немесе жұмыс берушісі арқылы жарнасын уақытылы аударып тұрса да, оларға медсақтандыру қоры базасында «сақтандырылмаған» деген мәртебе беріп қойыпты.  Себебі медсақтандыру қорының базасындағы жүйе бойынша ұзақ уақыт жарна төлеп келіп, ең құрығанда бір ай төлнбей қалса, базадағы мәртебеңіз автоматты түрде «сақтандырылмағанға» ауысатын көрінеді. Берешегіңізді өтемейінше, барлық емхана-клиника емдеуден бас тартады. Ондай жағдайға тап болған азаматтардың бірі кәсіпкер Юлия Юсупова «Қаңтардан, яғни елде медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері тұрақты түрде әрі толық көлемде жарна аударып жүрмін. Алайда төтенше жағдай жарияланған наурыз-сәуірде кәсіпкерлердің табысы болмағасын жарна аудара алмай қалдым. Оның үстіне Үкіметтің №224 қаулысына сәйкес, шағын бизнес сәуірден бастап салық пен жарналарды төлеуден босатылды. Енді статусым «сақтандырылмаған» болып тұр. Қазіргі кезде медициналық көмекке қатты мұқтажбын. Қаншама қаржымды алған қордан еш көмек болмады. Мәртебемнің өзгеріп кетуі кесірінен салалық дәрігерлердің қызметін пайдалана алмадым», – дейді. Жеке кәсіпорын қызметкері Сандуғаш Ізболатова да бұған дейін медициналық сақтандыру аударымын уақытылы жасап келіпті. «Лор дәрігерге жолдама алайын деп терапевтіме келсем,  медсақтандыру жарнасын төлемепсіз деді. 2020 жылғы наурыздан бастап бірер айға жалақы сақталмаған демалысқа жіберілдім. Тиісінше, ешқандай жарна аударылмапты. Ондай демалыста отырған адам жарнаны өзі төлеп тұруы керек екен, мен оны білген жоқпын. Қор да ешқандай хабарлама жасаған жоқ, еш жерде ескерту жазылмаған. Бүгінде шұғыл операция қажет, ал мен тіпті лор дәрігерге кіре алмай жүрмін. Ауруханадағылар: «егер тіпті сіз ТЖ кезеңі үшін бүкіл жарнаны қазір төлесеңіз де, жүйе бәрібір тез жаңармайды және жолдаманы шұғыл ала алмайсыз» деді. Қордың 1406 байланыс орталығы жауап бермеді. Енді не істейміз?..» дейді шарасыз азаматша.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Үкімет қаулысын білмей ме?

Үкiметтің биылғы 20 сәуірдегі №224 қаулысына сәйкес, пандемия кезеңінде қолдау мақсатында біраз сектор жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден босатылды. Бұл жеңілдік негізінен 1 сәуірден 1 қазанға дейінгі кезеңге берілді.   Бұқаралық ақпарат құралдарының штаттағы қызметкерлері, авиакомпаниялар, жүк тасымалы, кинотеатрлар, қонақ үйлер мен мейрамхана-дәмханалар, алаңы 2000 шаршы метрден кем сауда орындары, СТО-лар, нотариустер, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және басқалары соның игілігін көруде. Нәтижесінде, кәсіпкерлік те қыруар қаржысын үнемдеді. Алайда осыны пайдаланып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) елімізде сақтандырылмаған азаматтар қатарын күрт өсіріп жіберді: ресми тіркелмеу және БЖТ төлемеу кесірінен сақтандыру жүйесінен тыс қалған миллионнан аса азамат құлаған «құрдымға» жарна аударуды заңды түрде тоқтатқандар тоғытылуда.

 Үкімет бұл шиеленісті қалай шешпек?

№224 қаулы бойынша салықтар мен жарналарға қатысты «0» түзету коэффициенті белгіленгенде, оны қолданатын кәсіпорындар қызметкерлерінің сақтандыру жүйесінен сырт қалмауы қарастырылыпты. Бірақ бәрі тек қағаз жүзінде ғана керемет болып шықты. ДСМ-ның Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаментінің дерегінше, «ел Президенті мен Үкімет келісімге келіп, жұмыс берушісі жарна аударудан босатылған тұлғалардың МӘМС жүйесінде медкөмек алу құқығын 2020 жылғы 1 қазанға дейін ұзарту ұйғарылған».   Проблемасы сол, қаулыдағы жеңілдікті нақты қанша және қандай кәсіпорындар пайдаланып отырғанын билік білмейді. Салдарынан база жарна аударуды тоқтатқан барлық азаматты заңды-заңсыз деп ажыратып жатпай, бәрінің мәртебесін нашарлатқан. «Қызметкерлер мен жеке практикамен айналысатындар туралы мәліметтер болмағандықтан енді олардың бәрі МӘМС жүйесінде медициналық көмекке қол жеткізе алмайды. Бұған қоса, МӘМС жүйесінде олардың атында жарналар бойынша берешек қалыптасуда. Осылайша, олардың құқықтары бұзылып жатыр. Бұл елдегі күрделі экономикалық және эпидемиологиялық жағдай кезінде әлеуметтік шиеленіске соқтыруы мүмкін», – деді МӘМС үйлестіру департаменті. Енді қайтпек керек? Денсаулық сақтау ведомствосы медсақтандыру қорына «0» коэффициентін қолданатын барлық жұмыс берушілерден және жеке практикамен айналысатын адамдардан (нотариус, адвокат, ЖСО-лардан) мәліметтер жинау міндетін жүктейтін болды. Нәтижесінде, жарна төлеуден заңды түрде босатылған қазақстандықтар анықталып, олардың мәртебесі нақтылануытиіс. Дегенмен, ӘМСҚ бұл қадамға барудан бас тартуы мүмкін екен. Себебі, қолданыстағы заңнамада ондай көзделмеген. Бұрынғы басшылығы жасаған жөнсіздіктер кесірінен қырағы бақылауға алынған қордағылар тіпті әділетті болса да, заңда жоқ нәрсені жасаудан қаймығады. Сондықтан ДСМ «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» 2015 жылғы заңға өзгеріс енгізіп, жұмыс берушілерді МӘМС-ке жарналарды төлеуден босатылған қызметкерлері туралы мәліметтерді ұсынуға міндеттемек. Нақты сандарға тоқтала кетсек, елімізде жалпы саны 356 ірі кәсіпкерлік субъектісі ресми тіркеліпті. Министрліктің хабарлауынша, 2020 жылдың І-тоқсанында соның 270-і 194,4 мың қызметкері үшін жарна аударыпты. Енді қараңыз: 2020 жылғы шілде айының соңындағы жағдай бойынша небары 38 ірі кәсіпкерліктің 17,3 мың жұмыскеріне ғана «сақтандырылған» мәртебесі берілген. «Осылайша, 232 ірі кәсіпорынның шамамен 177,1 мың қызметкері базада өздері туралы жаңартылған мәліметтің болмауынан МӘМС жүйесінде медициналық көмекке қол жеткізе алмай қалды», – дейді министрліктің МӘМС үйлестіру департаменті. Бұдан бөлек, 2020 жылдың І тоқсанында елде тіркелген 382,4 мың шағын және орта бизнес нысаны ішінде 153,8 мыңы өзінің 599,7 мың жұмыскері үшін жарна аударып отырды. Алайда қазіргі уақытта 7,4 мың ШОБ нысанының тек 100,7 мың қызметкері бойынша ғана мәлімет жаңартылыпты.

Пандемия елдегі жағдайдың көбін қайта қарау керек екенін айқындап берді. Сақтандыру жарнасындағы мәселе де соның бірі. Кезінде пісіп жетілмеген заңның зардабын бүгін қарапайым халық тартып отыр.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар