//

ЭКҰ балалы болудың кепілі ме? «Аңсаған сәби» жобасы кімдерге үміт сыйлайды? Жасанды ұрықтандырудың сәтсіз және сәтті оқиғалары жайында хикая

3965 рет қаралды

2020 жылдың 1 қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» жобасын жүзеге асыруды Үкіметке жүктеп, ЭКҰ бағдарламасына бөлінетін квота санын жеті мыңға дейін көбейту керектігін тапсырған болатын. Елімізде ең алғаш ЭКҰ (экстракорпоралді ұрықтандыру) арқылы перзент сүю 1995 жылдан бастап мүмкін болды. 25 жыл ішінде талай жанның үміті ақталып, сәбилі болды. Әйтсе де, ЭКҰ арқылы балалы болу әрдайым сәтті бола бермейді. ЭКҰ арқылы балалы бола алмаған және балалы болған біздің кейіпкерлеріміз өз тарихымен бөліседі.

 

 Бар арманым сәби сүю болды

46 жасар Гүлмира (Аты-жөні кейіпкердің өтінішімен өзгертілді – А.Қ.) Түркістан облысының тумасы. Ол мүлде бала көтермеген жан емес. Алып қашудың құрбаны болған ол отбасылық өмірдің алғашқы айында-ақ бала көтерген.  Бірақ бала жатырда өмір сүруін тоқтатқандықтан, гинеколог маманға жүгініп алдырған. Жатырына біткен тұңғышынан кейін 3-4 жылға дейін емделіп, бала табу жайлы ойламадым, дейді. «Ауылды жерде тұратынбыз. Өзімнен кейін келгендер бір-екеуден туып, етектеріне жармасып жүргені мені де қызықтыратын. Мен де барлық әйелдер секілді ана болғым келетін. Бастапқыда іштей тынып жүре бердім.  Тек уақыт өткен сайын айналамдағылардың мен жайлы әңгімесі менің де, жолдасымның да құлағына жете бастады. Содан емделе бастадық. Бірінші өзіміз тұратын аймақтың білікті деген дәрігерлеріне қаралдық. Бәрі жақсы екенін айтқан. Нәтиже болмаған соң, облыс орталығына барып та емделдім. Әйтеуір, жылдар бойы қай жерде жақсы дәрігер, не емші бар деп естимін, бәрінің табалдырығын тоздырдым. Үмітім үзілмеді. Жылдар өте берді. Мен де емделуімді тоқтатпадым. Өзбекстанның білікті деген мамандарына да барып тексеріліп, емделдім. Ол жақтағылар жатыр түтіктері бітеліп қалған, аналық бездерің орнында, көтересің деп үміттендірген. Бұл сәтте жолдасымның жақындары оған басқа әйел алу керектігі жайлы әңгіме де шығарды. Жолдасым да олардың дегенін істемек болатын, арасында сылқия тойып, мазамды әбден алатын. Бірнеше рет, ажырасу жайлы да айттым. Бірақ кете алмайтын. Кейін Шымкентке көштік, табысымыз артып, ЭКҰ жасатуға шешім қабылдадым. Айналамнан сұрастырып, қажетті соманы жинай бастадым. Содан ақшамды буып-түйіп, көрші облыстағы жеке ЭКҰ орталыққа бардым (ЭКҰ орталықтың атауы кейіпкердің өтінішімен аталмады – А.Қ.). Ең бірінші анализдерімді тапсырдым, – деген Гүлмираның даусы осы сәтте өзгере бастады. – Олар маған балалы бола алмайсың, – деп шығарып салды. Менің бар үмітім ЭКҰ-да болды ғой. Жасым да 36-ға кеп қалған еді. Бір тырнақты дүниеге әкеле алмайтыным жаныма қатты батты. Сәбиімді қолыма алып, оның жұпар аңқыған исін сезінгім келді. Оны емізіп, әлдилеп, мейірімімді төккім келді. Өзім кішкентай сәби көрсем, қатты еміреніп кетемін. Табиғи инстинкт болар. Сонымды айналамдағылар түсінбей ме, балаларына назар аударып, еркелетіп, құшақтасам, жақтыра бермейді. Өзім өмірге сәби әкелгенде, бәлкім дәл солай қорланбас па едім? – деп қысылып жылап алды.

– Үмітіңіз ақталмаған соң ары қарай бала асырап алуды ойламадыңыз ба? – деген сауалға Гүлмира: «Қайнымның (күйеуінің бауыры) келіншегінің етегі балаға толы. Солар төртінші баласын біздің бауырымызға салып берді. Өз әке-шешесінен айырғаныма іштей қынжылдым да. Біз қалада, қайным мен келінім ауылда тұратын. Баланы қолыма алсам, басқаға емес балаға ауыр болатынын көп ойландым. Содан жолдасыммен ақылдасып, кішкентайынан құлағына құйып өсіре берейік, өскен соң өзі келгісі келер деген шешімге келдік. Қайным мен келінімнің де бізге жаны ашығаны шығар ол баласына атаң мен апаңның баласысың деп өсірді. Сөйткен бала 6-7 жасынан бастап, өзі бізді үйірсектей бастады. Бізбен бірге тұрғысы келетінін айтты. Біз де қуана кеттік. Сол балам көз қуанышым болып жүр.

Елімізде ЭКҰ жасатуға квота 2010 жылдан бастап бөліне бастады:

 

ЭКҰ-ны екі рет жасаттым. Екеуі де сәтсіз болды

ЭКҰ жасатпайды деген соң, мен бұл жайында ұмыта бастап ем. Сол жердегі басынан бастап қаралған дәрігерім өзі хабарласып кейде гормондық өзгерістер болатынын, егер әлі де балалы болуды қаласам, келіп қайта жасата алатынымды айтты. Мұны естіген мен қуанып, тағы да қаражатымды қамдап қайта бардым. Дәрігерім тағы 350 мың теңге ғана кетеді деп шақырған болатын. Ал бұл сома тағы да тек анализдеріме ғана жетті. Дәрігер ұзақ тексеруден кейін фаллопиялық түтіктерімде (труба) су бар, алып тастау керек деді. Менің медициналық сауатым жоқ, дәрігердің дегеніне көндім. Дәрігер басқа органдарымның бәрі де дұрыс екенін айтты. Ал кейін басқа жандарға осы жайында айтқанымда, ол жай ғана қатып қалуы мүмкін екенін, оны икемге келтіруге болатынын естідім. Мен сол алғашқы ЭКҰ-ны жасатқанда 39-да едім, – дейді Гүлмира. Ол өзінің бастапқыда көп нәрсені білмегендіктен, шығынға да көп батқанын да айтып қалды. – Біздің елімізде бұл үлкен бизнеске айналып барады. Мәселен, сол кезде менің жасымды олар ескермеді. Ал әйел затының 39 жасында бала табуының мүмкіндігі азая береді емес пе? Бірақ мен сәби сүю үшін өз жасымды ойлап басымды ауыртпадым. Жүктілік сәтті болды. Бірақ екі айдан кейін балам түсіп қалды.  Бұл маған тағы да стресс болды. Үш айдан кейін репродуктолог дәрігерім мені тағы да шақырды. Менің алғаш ЭКҰ-мен көтерген балам 30 желтоқсан күні түсіп қалып еді. Дәрігерім 18 наурыз күні, үш ай да өтпей тұрып, тағы да болашақ баламды жатырыма салып берді. Мен ол кезде де ешнәрсе ойламадым, санама кіріп те шықпапты. Бар аңсағаным сәби болды ғой, қайтейін. Негізі қалыпты, жас, дені сау әйелдің өзі де бала тастап қойған соң 6 айға дейін күтім көруі керек. Ал мен  небәрі үш айда қайтадан ЭКҰ жасаттым. Кейін сол жерде жүріп, жетінші рет ЭКҰ жасатып жатқан әйелді көргенде ғана ЭКҰ орталықтардың ақшаға құнығып кеткенін, мұның әрқашан сәтті бола бермейтінін түсіндім», – деп Гүлмира бала жолында әйелдердің қандай тәуекелдерге баратынын түсіндіргендей болды.

Гүлмираның айтуынша, әрбір әйелдің организмінің өзіндік ерекшеліктері бар. Ал мамандар оны ескере бермейді, жаттанды бір теорияны бәріне бірдей қолданатын көрінеді. Гүлмираның жасатқан екінші ЭКҰ-сы да сәтсіз болып түсіп қалған. Ол сол сәтте барлық әйел бірдей ана атана бермейтініне көзім жетті дейді. Екінші рет жасату барысында біраз тәжірибе жинап алған ол айналасындағыларға кеңесін беріп, ақшаларының желге шашылмауына әсер етіпті. – Өзім екінші рет жасатқандықтан, біраз мән-жайға қанық болдым да, айналамдағы бірінші рет келгендерге бар білгендерімді үйретіп отырдым. Әйтпесе, ЭКҰ орталықтар қалтаңдағы ақшаңды сығып алады. Солай қасымдағы екі келіншекке де көмектестім. Екеуі де бірінші реттен-ақ балалы болып кетті. Ал менікі тағы да сәтсіз болды, – деп үмітінің ақталмағанын жеткізді.

Гүлмира ұзақ жылдар бойы емделіп, екі рет ЭКҰ жасатқан: “сол орталықтардағы 7-8 рет жасатқан әйелдерді көріп өзімді сабырға шақырып, басқа дүниелерге көңіл бөлуге тырыстым”, – дейді. Бүгінде Гүлмира ұзақ жылдар бойғы емделу мен жүйкеге түскен салмақ пен стрестің салдарынан өзінің соңғы кездері тым аурушаң боп кеткенін, тіпті, соңғы кездері онкологиялық аурудың белгілері шығып жатқанын, дәрігерге баруға жүрексеніп жүргенін де сөз соңында айтып қалды.

Мемлекеттік бюджеттен 1 ЭКҰ үшін 854 мың теңге бөлінеді. Елімізде барлығы 26 ЭКҰ орталығы бар. Оның басым бөлігі жекеменшік. Жекеменшік ЭКҰ орталықтарының орташа бағасы – 1 миллион-1 миллион 200 мың теңгені құрайды.

 Егіздерімізді ЭКҰ арқылы дүниеге әкелгенімізді туыстарымыз бен жақындарымыз білмейді

Біз келесі кейіпкерімізді Гүлмираның айтуымен таптық. Бұл Гүлмираның қасында бірге болған Айша (Кейіпкердің өтінішіме есімі өзгертілді – А.Қ.) есімді келіншек. Тұрмыс құрғанына он жыл болса да балалы бола алмапты. Ол әңгімесін: «Отау құрғаннан кейін алты жылдан кейін баламыз болмай, балалар үйінен сүп-сүйкімді қыз асырап алдық», – деп бастады. Кейін уақыт өте келе жолдасым екеуміз ЭКҰ туралы көп ақпарат ақтарып, бір жүгініп көрейік деп шешім қабылдадық. Бірақ біз ЭКҰ жасататынымызды ешкімге, тіпті, ет жақынымызға да айтпаймыз деп келісіп алдық. Өйткені, біздің қоғамда ЭКҰ арқылы дүниеге келген балаларға көзқарас басқаша. Меніңше, шеттететіндей, сөзбен мүсіркейтіндей көрінеді. Өзім көзбен де көріп жүрмін. Туыс бір жеңгемнің баласын айналасындағылар: «Ой, ол әлжуаз, ЭКҰ-мен туылған бала ғой», – деп, екінші біреуі «Мұзға қатырылған бала, оның миы да қатып қалмасын», – деген секілді әңгімелерін естіген болатынмын. Ал біз баламыздың адресіне мұндай ауыр сөздердің айтылғанын қаламадық. ЭКҰ арқылы дүниеге келген сәби де адам. Ол да бір қоғамның бөлшегі. Оларды алаламауымыз керек. Сондай шешіммен барып ЭКҰ жасаттық, бірінші реттен-ақ сәтті болып, дүниеге егіз алып келдім. Қазір екеуінің де жағдайы өте жақсы. Өсіп келеді.

ЭКҰ арқылы дүниеге үшем әкелдім

Ал келесі кейіпкеріміз Жанар Қайырқызының оқиғасы біздің алдыңғы кейіпкерімізден мүлде бөлек. Ол бүгінде үшемнің анасы. ЭКҰ арқылы балалы болу жоспары сәтімен болған және оны ешкімнен жасырмайды.

Екібастұз қаласының тұрғыны Жанар Қайырқызы Бисенова 1974 жылы дүниеге келген. 1993 жылы тұрмыс құрған оған 2011 жылға шейін, яғни 18 жыл бойы сәби сүю бақыты бұйырмаған. 2011 жылдың басында Астана қаласына «Ана мен бала клиникасының» ЭКҰ бөлімшесіне жүгінген. Сол жылдың 1 желтоқсанында үшемді дүниеге әкелген.

«Жолдасым екеуміз көп ойланған жоқпыз. Туған жездемнің жол көрсетуімен, оның сөзіне құлақ асып, Астанаға бардық. Сонда кеңес алып, анализ тапсырып емделіп кеттік. 3 айдың ішінде құрсағыма бала бітті… Жастай тұрмысқа шыққан себебінен болар, бала керек екен деп ойламаппын. Осылайша, көп уақытымды өткізіп алдым деп ойлаймын. Өйткені, жолдастарымның балалары үйленіп, тұрмыс құрып жатса, менің балаларым 3 сынып оқушылары. Осыған да тәуба деймін. ЭКҰ жасату үшін көп дайындалған жоқпыз»,  – дейді Жанар Қайырқызы.

 Жанардың айтуы бойынша, квотаға өтініш берген, кезегі келмеген, көп күткен. 2011 жылы ЭКҰ жасатуға, оның ішінде қымбат уколдарына жалпы 1,5 млн. теңге жұмсаған. Ал, құрсағыма бала бітіп, босану үшін Астанаға квотамен бардық.

«Бір қызық жері балаларды дүниеге әкелген кезде, 3-айлық кезінде үйге телефон соғылды. Онда маған квота берілгенін айтты. Басында сәл түсінбедім, сосын күлдім. Сосын квотаның керек емес және үшемімнің бар екенін айтып, ризашылығымды білдірдім. Квотаны күтпей барып ем қабылдағаным дұрыс болды, бәлкім квотамен барсам жолым болмас па еді ойлаймын кейде. Бір барғанда құрсағыма бала бітіп, үшеуі де аман-есен дүниеге келді. Бірінші Алладан, екінші ЭКҰ бөлімінің репродуктолог маманы, акушер-гинеколог Үміт Әбдібекқызының себепкерлігімен балалы болып, қуанып жүрген жайымыз бар» дейді Ж. Қайырқызы.

– Балаларым жайлы айтатын болсам, біреуі қыз болса екен деп тілеген – Айару қызым, тұңғышым. Әлі күнге есімде, ол таңғы 9:18-де дүниеге келді. Сол сәтте операция жасалынып жатып, дәрігер «қыз бала» дегенде көзіме жас келген болатын. Екінші нәрестем ұл бала Тәңірберген. Салмағы 2950 гр. болған. Операция барысында, дәрігер «үшіншісі жоқ» деп жатқанын естідім. Сәлден кейін, оның кеудемнің астына қарай кіріп кеткендігін айтты. Құрсағымдағы екі нәрестем еркін жайғасып алып, үшіншісін итеріп тастаған екен. Содан балаға оттегі жетпеген көрінеді.  Негізі 6 немесе 7 желтоқсанда босануым жоспарланған екен. Операцияда баланың жағдайын тексергеннен кейін, кеш қалдырмай 1 желтоқсан күні жасады. Ал, үшінші бөпемнің салмағы 1600 гр., салмағы аз болды. Есімі Аллаберген. 8 күн перзентханада жатып, сосын үйге шығарды. Өзім еміздім, сүтім жетпегендіктен балаларымды қосымша тағаммен де қоректендірдік.

ЭКҰ жасатқысы келгендерге қандай кеңес берер едіңіз деген сұрағымызға, Жанар Қайырқызы былай деп жауап берді: «Мен біраз уақытымды созып алдым. Қыз- келіншектерге айтарым, уақытты көп созбау керек. 2-3 жылда бала болмай жатса, ЭКҰ-ға жүгінген дұрыс деп ойлаймын. Қазір медицина өте дамыған. Қорықпаңыздар, барыңыздар. Балаларым кішкентай кезінде ауырғанда маған қиын болатын. Қазір өсті, жеңіл болуда. Тек сабағына ғана көмектесемін. Естуімше, көктемде ағаштар бүршік атып жатқанда, ЭКҰ жасатқан дұрыс екен. Солай әрекет еткенім дұрыс болар, балаларымның жақсы жетіліп кетуіне себеп болды деп ойлаймын. Мен олай жоспарламасам да, маған сол уақыт тура келді. Үш бірдей кішкентайымның аман-есен дүниеге келгеніне мен өте қуаныштымын. Ризашылығымды  әрдайым білдіремін Жаратқан Иеме. Балаларым еліміздің үлкен азаматтары боп, ата-анасы мен елімізге пайдасы тиіп, қызығын көре берсек…».

ЭКҰ қандай жағдайда сәтсіз болуы мүмкін?

Мамандар не дейді?

 Кейіпкерлеріміздің басындағы жағдай әрқалай. Бірі ЭКҰ арқылы балалы болып, қуанышқа кенелсе, екіншісі денсаулығынан айрылып, сенімінен шықпағанын айтады. ЭКҰ-ның сәтсіз болу себептері неде? Осы жайлы мамандардың пікірін білсек.

  Аяулым БЕРІКБОЛҚЫЗЫ, Алматы қаласы Репродуктивтік  медицина институтының репродуктолог дәрігері: 

 Аяулым БЕРІКБОЛҚЫЗЫ еліміздегі ірі ЭКҰ орталықтардың бірі Репродуктивтік медицина институтының репродуктолог дәрігері. Ол өз тәжірибесіне сүйене отырып, ЭКҰ-ның қандай жағдайда сәтсіз болатындығы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сондай-ақ Аяулым Берікболқызы қоғамда бедеулікке тек қана әйел затын кінәлайтыны жайлы айтып, бедеулік ерлердің тарапынан да көп болатыны туралы айтып берді. Дәрігердің айтуынша, ерлер бедеулігінің ЭКҰ-ның сәтті шығуына тигізетін кері әсері көп.

ЭКҰ жасатудың денсаулыққа зияны жоқ па?

Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығының акушер-гинекологы Үміт Өтеген

Әйел ағзасы мен жүйкесі үшін балалы бола алмаудың салдары өте ауыр екендігі белгілі. Ал бедеуліктің бір шешімі – ЭКҰ-ның әйел денсаулығына қандай да бір зияны бар ма деген сауалмен акушер-гинеколог Үміт ӨТЕГЕНГЕ жүгініп көрдік. Дәрігер: «Жасанды ұрықтандыру кезінде бірнеше аналық клетканы алуға тырысамыз. Сол үшін де көптеген дозада сырттан гормоналдық дәрілер беріледі.

Ең бірінші осал тұсы, осы көп мөлшерде гормоналдық дәрілерді қолдану және оны ұзақ уақыт қолдану. Бұл медициналық көмек ретінде өте жақсы нәтиже береді. Бірақ оның өзіндік басқа органдарға, мәселен қан айналым жүйесіне, бауырға жағымсыз әсері қазір болмағанмен келешекте болуы мүмкін, – дейді.

 

ЭКҰ арқылы дүниеге келген сәбидің денсаулығы қалай болады?

 

Кейіпкеріміз Айша айтқандай, қоғамда ЭКҰ арқылы дүниеге келген сәбилерге көзқарас, расымен, ерекше. Көпшілігінде оның сау адам болып туатынына және ұзақ өмір сүретініне, ұрпақ жалғастыра алатынына күмәнмен қарайтындар да бар.

ЭКҰ арқылы дүниеге келген сәбидің ары қарайғы өмірі әрдайым мамандардың назарынан тыс қалған емес.

– ЭКҰ арқылы дүниеге келген балалардың жалпы денсаулықтары жақсы. Енді, қалыпты жағдайда, өздігінен дүниеге келген балалар да әртүрлі туа біткен ақаулармен дүниеге келуі мүмкін. Орташа алғанда олардың жалпы көрсеткіш 3-4 %-ға тең әрі бұл жөнінде әлем бойынша ғылыми жұмыстар жақсы жүргізілген. Соның нәтижесінде бұл жасанды ұрықтандырумен туған балаларда кездесетін туа біткен ақаулар, қалыпты жағдайда дүниеге келген балалардағы ақаулармен бірдей деген сөз. Яғни, бұл – жасанды ұрықтандыру болғаны үшін балада ақау болды деп айта алмаймыз.

Қазір өзім ЭКО арқылы өмірге келуіне әсер еткен баланың ең үлкенінің жасы 10-нан асты, 12 жастағылары да бар.  ЭКҰ арқылы дүниеге келген сәбилердің көпшілігі егіз немесе үшем болады. Олардың барлығыменен байланыста боламыз. Жалпы денсаулықтары жақсы, сабақ үлгерімдері де жақсы, – дейді Ү. Өтеген.

 Айта кететін бір жайт, Қазақстанда ең алғаш ЭКҰ әдісімен дүниеге келген 22 жастағы Шин Алеся сәбиін табиғи жолмен көтеріп, 2019 жылдың 15 қазанында Алматыдағы №1 перзентханада аман-есен босанған.

Бедеуліктің қандай себептері бар?

 Кейіпкеріміз Гүлмираның ЭКҰ жасатудағы тарихы мен репродуктолог маман Аяулым Берікболқызының сәтсіз ЭКҰ себептері жайлы пікірінен кейін ЭКҰ жасату балалы болуға кепілдік бермейтіндігіне көз жеткізіп, ер мен әйел бедеуліктің алдын алуы үшін не істеуі керек және неден сақ болуы керектігін акушер-гинекологтен сұрап білдік.

Акушер-гинеколог Қалсара КҮМІСБЕКҚЫЗЫ бедеулікті болдырмай, ЭКҰ-ға жүгінбеу үшін мынадай қағидалар мен себеп-салдарларды әрдайым қаперде ұстаған жөн дейді: «Бедеулік мәселесі ­–  бүгінде өте кең тараған құбылыс болып отыр. Оның себебін анықтау үшін екі жұпты да толықтай медициналық тұрғыда зерттеп қарау керек. Ал біздің көптеген қазақы отбасыларда тек әйелді ғана кінәлау ғана болады да, ерлер шет қалып қоятын тұстар болады

Бедеуліктің ең басты себебі адам өз денсаулығына немқұрайлы қарауынан, өз тәнін жақсы білмеуінен туындайды. Күніне бір қораптан көп темекі шегетін құмарпаздар, кофе, спирттік ішімдікті молынан ішетіндер болашақта өздерінің ана болу мүмкіншілігіне қауіп тудырады.

Дәрігер маман ер-азаматтардың бедеулігіне қатысты бүгінгі таңда күрделі мәселе туындағанын айта келіп, оның әлеуметтік маңызын да баса айтты. Қалсара Күмісбекқызы: «Еркек бедеулігі оның мамандығына тікелей байланысты. Ол түрлі қорғасын, сынап, фосфор секілді өнеркәсіптік улардың салдарынан болуы мүмкін. Ер адамдар бедеуліктің алдын алу үшін жыныстық өмірдің басталуына, поллюцияның жиілігіне, онанизмге мән беруі тиіс. Және де балалық шақта бастан өткен инфекциялық ауруларға (бруцеллез, эпидемиялық паротит, токсоплазмоз) назар аударған жөн. Сонымен қатар жыныс мүшелерінің дамуында туа біткен кемістіктердің (гипоспадия, фимоз, ен шемені — водянка, варикоцеле) бар-жоқтығын анықтау да маңызды», – деп ерлердің жыныстық сауатының болуы да балалы болуының бір алғышарты екеніне тоқталды.

Балалы бола алмаудың психосоматикасы қандай?

Психолог Сая Сембі балалы болмаудың психосоматикасы түбінде әйелдің өзінде жатады, әйел өзін әйел ретінде мойындап, өзін болашақ ана ретінде түбегейлі жүрегімен қабылдаған кезде оның өміріне әлбетте бала келеді, – дейді. Оның себебі, әйелдің жүрегі ана болуға дайын болады. Ал ана болу деген не? Ана болу деген тек әйелдің қолынан келеді. Ол еркектің, не жануардың қолынан келмейді. Ол тек қана әйелдің қолынан келеді. Әйел адам өзін түбегейлі әйел ретінде қабылдағанда, оның жатыры да баланы қабылдап, оны 9 айға дейін жатырында өсіріп, дамытып уақыт-сәті келгенде дүниеге әкелуге дайын болатынын айтады.

Психолог маманның айтуынша әйел затының өз жаратылысын қабылдай алмау себебі оның бала күнінен басталады. – Адамның кішкентай күнінде көп процесстер болады да, оның келешегіне сол кішкентай күніндегі оқиғалар әсер етеді. Мәселен, біз қызға тым нәзік жаратылыс ретінде қараймыз. Ұлдарға: қызға орын бер, ол қыз ғой ол бірінші өтсін, ол қыз ғой ойыншығыңды бере сал, – деп айтамыз. Бірақ өсе келе қыз айналасын тани бастайды. Кішкентай күнінде анализ жасай алмайтын ол, қоршаған ортасын тек анасы арқылы біледі.  Әкесі арқылы тани алмайды.

Қыз анасында болып жатқан дүниені жүрегімен, энергиямен, эмоциямен қабылдайды. Анасының басынан өткеннің бәрін шын дүние деп көреді. Егер үйде ұрыс болғанда, анасы мұңайса, жыласа, қыз өзіндегі қалыптасып келе жатқан ішкі әйелді жоққа шығарып, ер адамның энергетикасымен теңеледі. Егер әйел болсаң, сенің жүрегіңді жаралауға болады, әйел адамды ренжітуге болады деп ұғынады. Қыздың жастайынан «әйел адам – әлсіз» деген пікір қалыптасып қалады да, ол өзін-өзі қабылдамай бастайды. Ол еркек болған оңай деп түсіне бастайды. Санадағы осындай ойлар организмді де өз ырқына жегіп алады.

Осыны көп әйел заты түсінбейді. Гормоннан көріп, дәрілерді қабылдап, емшілер мен дәрігерлерді аралап кетеді. Мен бұны өте сенімді түрде айта аламын, – деген психолог Сая өзінің де балалы болу тарихымен бөлісті: Өзім төрт жыл бойы бала көтере алмадым. Үлкен қызымды Салтанат Байқошқарованың қарауында емделіп, ЭКҰ арқылы таптым. Біраз жылдар өткен соң мен өзімнің бала таба алмаған себебімнің әйел екенімді мойындамағанымнан болғанын түсіндім. Кейін мұндай мәселе менде болмады. Қызымнан кейінгі балаларымды өзім таптым. Солай, әйел заты ең бірінші өз жаратылысын қабылдай алуы керек.

ЭКҰ жайлы дін не дейді?

 

Көпшілік ЭКҰ арқылы балалы болудың діндегі үкімі қалай екендігі жайлы да ойлауы да мүмкін.

Исламтанушы Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ мұсылман дініндегі колдан ұрықтандырудың артықшылығы жайында: «Перзент сүйе алмай жүрген адамдарға ұрпақ сүю мүмкіндігі ашылады. Ал, кемшілігі – шариғат талаптары бұзылуы мүмкін. Қазіргі кездегі пәтуаны көп адамдар елемей кетуі мүмкін. Яғни, басқа әкеден бала сүю деген мәселе бар. ҚМДБ берген пәтуасы бойынша дұрыс емес деп саналатын дүниелер жүзеге асып кетуі мүмкін. Көптеген кісілер оның шариғи жағынан мән бермейді, – дей келіп, Қасиетті Құран Кәрімнің «Мүжәдала» сүресінің 2-аятында: «Олардың аналары өздерін туғандары ғана…» деп айтылғандай, осыған баланысты басқа кісілердің ұрығын бөтен әйелдің ішіне салған кезде шариғатқа қайшы дүниелер шығады. Өйткені, Құранда айтылғандай туған ана (суррогат) соның баласы болып есептеледі. Ал, ЭКҰ-да тудырып алады да (басқа анадан) басқалары иемденіп кетеді ғой, осындайда әділдік бұзылатымен сөзін түйіндеді.

     Православиелік дін өкілі Дмитрий Байдек діннің ғылымның ілгері дамуына ешқандай қарсылығы жоқтығы жайлы былай дейді:

 Дайындағандар: Руслан БЕГЕН

Айжан ҚҰРМАНБАЙ

*Материал “Интерньюс-Қазақстан” қоғамы ұйымдастырған “Сторителлинг мектебі” аясында жазылды
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі