//

Төлқұжатқа әр ұлттың атын жазу бір мемлекеттің ішіндегі ұлттарды, этностарды бір-бірінен алыстатып, ерекшелеп тұрады

3760 рет қаралды
1

Саясаттағы шешімдер ешқашан аяқ асты қабылданбайтыны белгілі. Ел тізгінін ұстаған мемлекет басындағы саясаткерлер қоғамға енгізгісі келген өзгеріске алдымен жұрттың құлағын үйрету үшін сол өзгеріс жайлы ауық-ауық айтып отырады. Ол кімнің аузымен, қашан айтылатыны маңызды емес. Сондай бір тәсіл бұл жолы ҚХА-ы басшысының жаңа орынбасары, журналист Мая Бекбаеваның аузынан шықты. М.Бекбаева өзінің инста парақшасында «Бүгін ассамблея отырысында өзіме қызық көрінген бір мәселені сіздермен талқылағым келеді. Тараздағы бір мектептің директоры, өз ұлты дүнген, әкесі дүнген, шешесі ұйғыр екен, кез келген басқа ұлт өкілі егер қаласа төлқұжатына қазақ, я қазақстандық деп жазса деген ұсыныс айтты. Ол кісінің аргументі Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері қазақ жерінде тұрғандықтан өздерін қазақ сезінеді екен. Ондай мүмкіндікті неге бермеске? Американы алайықшы. Үлкен ел, әртүрлі ұлттар тұрады. Бірақ бәрі ұлтын жазатын жерге «америкалық» деп жазады. Бұл ұсыныс туралы не айтасыздар?», – деп жазды.

Бұл ұсыныс қоғамда сондай қатты талқыланып кетпесе да біраз БАҚ өкілдерінің назарын аударғаны рас. Әлеуметтің әлеуеті мен тамыр соғысын анық көрсетіп беретін әлеуметтік желіде эмоцияға толы пікірлердің айтыла берері хақ. Ал біз Қазақстан азаматтарының төлқұжатына «қазақстандық ұлт» немесе «қазақ» деп жазу туралы мамандардың ойын білу үшін әлеуметтанушы Серік Бейсембаев пен саясаттанушы Думан Қабдығалиевке хабарластық.

 

Әлеуметтанушы Серік БЕЙСЕМБАЕВ:

 МАЯ БЕКБАЕВАНЫҢ ҰСЫНЫСЫ ТАЛҚЫЛАУҒА ЖАҚСЫ БОЛҒАНМЕН САЯСИ ШЕШІМ РЕТІНДЕ ОҢАЙ НӘРСЕ ЕМЕС

Менің ойымша Ассамблеяның бұл ұсынысына қоғам бей-жай қарамай, талқылауы керек. Өйткені, біздегі этника мәселесі, оның ішінде жеке тұлғаны қандай да бір ұлт өкілі ретінде анықтау қалыптасқан тәжірибеге, қанға оның ішінде әке-шешенің ұлтына қатысты анықталады. Ал қазақ деген түсінікті кең, инклюзивті тұрғыдан, азаматтық тұрғыдан анықтау идеясы біздің тұрғындар үшін әлі де бұлыңғыр, сол үшін оны көпшілік қолдай қоймайды…

Мүмкін Мая Бекбаеваның ұсынысы біздегі ұлттық саясат пен ұлт жөніндегі ойды жаңа қырынан талқылауға мүмкіндік беретін шығар.

Дегенмен де, бұл оңай жүзеге аса қоятын шешім емес. Біздегі заң талаптары бойынша сіздің ұлтыңыз әке-шешеңіздің ұлтына қарай анықталады. Яғни, сіздің әке-шешеңіз басқа ұлт болса сіз өз қалауыңызбен өзіңізді қазақ деп жаза алмайсыз. Оған нақты негіздеме керек. Ол біздегі Кеңес өкіметінен сақталып қалған тәжірибе, оны өзгерту үшін бірнеше заңнамалық актілерді қайта қарастыру керек. Ал заңды өзгерту дегеніміз бір күндік жұмыс емес…

Бұған қоса біздің қоғамда «өзге ұлттар өзін қазақ деп жаздырса ол қазаққа қауіп төндіреді» деген қатып қалған стереотип бар. Бұл мәселе, әсіресе, қазақ тілді медиада өте көп көтеріледі. Сол себепті оны ескермеуге болмайды яғни ертеңгі күні мемлекет өзге ұлттар өзін қазақ деп жаздыруға болады деп шешім шығарып, соны жүзеге асыра бастаса қазақ тілді аудитория тарапынан өте үлкен қарсылық тууы мүмкін. Сол себепті бұл ұсыныс тек ұсыныс ретінде ғана жақсы,  бірақ саяси шешім ретінде жүзеге асуы оңай емес.

 

Думан ҚАБДЫҒАЛИЕВ, саясаттанушы:

 «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ» ДЕГЕН ЖАСАНДЫ АТАУ УАҚЫТ ӨТЕ КЕЛЕ БІЗДІҢ ТІЛІМІЗГЕ, ҰЛТЫМЫЗҒА ЗИЯНЫН ТИГІЗУІ МҮМКІН

       

Біріншіден, Қазақстандық ұлт деген – кейін пайда болған жасанды термин.  Ол Америкалық дегеннен алынған үлгі. Өз басым жеке тұлға ретінде Қазақстандық ұлт дегенді қолдамаймын, себебі Америкада қалыптасқан Америкалық ұлт деген ұғымды сол жерге жан-жақтан барған өзге ұлттар қалыптастырды. Ол жаққа немістер, ирландықтар, ағылшындар, француздар, италияндықтар барды және бір-біріне басымдық бергісі келмеді. Кезінде Конгресте ағылшын тілі мен қатар неміс тіліне мемлекеттік тіл статусын беру туралы ұсыныс айтылған. Бірақ, ол қолдау таппады, Америкалық ұлт деген әр жақтан жиылған ұлттың бәріне ортақ жаңа құндылық болған соң, барлығы соны қолдап, демократияны қолдап, ортақ тіл ретінде ағылшын тілін белгіледі. Оған ешкім қарсы болған жоқ, себебі италияндықтардың, француздардың өз тілінде сөйлейтін мемлекеті бар, сол мемлекетте тілін сақтап отырған ұлты бар. Осылайша бұлар Америкада жаңа Америкалық ұлт қалыптастырды.  Ал жергілікті үндістер білесіздер ондағы халықтың 1 пайызы ғана.

Ал Қазақстанға келетін болсақ, «Қазақстандық ұлт» деген жасанды атау уақыт өте келе біздің тілімізге, ұлтымызға зиянын тигізуі мүмкін. Себебі Ресейдің орыс тілінде сөйлейтін өз мемлекеті бар, өзбек тілінде сөйлейтін Өзбекстан Республикасы бар. Ал қазақ тілінде сөйлейтін әлемде тек Қазақстан ғана. Ал біз мұны қазақ емес «Қазақстандық ұлт» деп алатын болсақ, Америкалық ұлт деген секілді қазақ құндылығынан бөлек, салт-дәстүрімізден бөлек жаңа құндылық қалыптаса бастайды.

Ал Қазақстан азаматтарының төлқұжатына қазақ деп жазуды қолдаймын. Бұл ұлтшылдық көзқарас емес. Сіз Қазақстан азаматы болған соң, қай елге барсаңыз да қазақ деп таныласыз. Мысалы Түркияда тұратын күрд болса да, грек болса да біз оларды сыртқа шыққанда түрік деп білеміз. Батыс пен бұрынғы КСРО-ның сөздігінде біраз айырмашылық бар. Мысалы Батыста қазақ десе ол Қазақстан азаматы болып саналады, ал КСРО да этникалық топтарды бөліп қарастырғандықтан ерекшеліктер бар. Мәселен, Англияда сіз қара нәсілді адамды көріп ұлтыңыз кім деп сұрасаңыз, ол  «ағылшынмын» дейді. Әрине, біз ағылшындардың ақ нәсілді екенін білеміз, демек ол бұл жерде ұлт ретінде мемлекеттілікті айқындап тұр. Яғни, мен орыспын десе Ресей азаматы, қазақпын десе Қазақстан азаматы деген сөз. Сол себепті төлқұжатқа қазақ деп беру сондай үлкен қате емес. Ол тек сол адамның Қазақстан азаматы екенін білдіреді.

Мұның мемлекет үшін тиімді жағы – халықты біріктіреді. Яғни адамдар визуалды түрде күнделікті көріп жүргеннен кейін өздері болмаса да кейінгі ұрпағы қазақ екенін біртіндеп мойындай бастайды.  Бір тілді мемлекет қалыптастыру үшін яғни қазақ тіліне басымдық беру үшін осындай біртекті саясат ұстанған дұрыс. Әйтпесе, бізің елде әр тілде білім беретін мектептер бар, әртүрлі қоғамдық қорлар бар, біз оларды мемлекет есебінен қаржыландырамыз. Соған қарамастан Қордай ауданында дүнгендермен, Ұйғыр ауданында ұйғырлармен түрлі қақтығыстар болып жатыр. Бұл мәселені шешудің бір жолы – қазақ ұлты деген тұжырымдардың маңайында халықты біріктіру.

Егер КСРО ның тәжірибесімен төлқұжатқа әр ұлттың атын жаза беретін болсақ, ол бір мемлекеттің ішіндегі ұлттарды, этностарды бір-бірінен алыстатып, ерекшелеп тұрады.

Жалпы саяси тәжірибеде бұл үрдіс Түркияда Ататүріктің кезінен басталған. Ататүрік мемлекет басына келген соң азаматтардың төлқұжатына түрік деп жазыла бастады. Содан бері қаншама күрдтер, қаншама гректер өзін Түрік қоғамының азаматы ретінде өзін жақсы сезінеді.

P.S. Мінбер.кз мінберінде пікір айтқан мамандарың ойы осындай. Ал біз «Қазақстандық ұлт» ұғымының қашан айтыла бастағанын білмекке материал іздеп жүріп, baribar.kzс айтындағы 2008 жылдың 24 маусымында «Жас Алаш» газетінде жарияланған дөңгелек үстелдің үзіндісіне тап болдық.  Онда ақын Мұхтар Шахановтың пікірінен үзінді берілген. Материалда жазылғандай «Қазақстандық ұлт» ұғымы ең алғаш 1994 жылы көтеріле бастаған екен.

Дөңгелек үстел  «Қазақстандық ұлт» бұл не? Бұл – құбыжық эксперимент!”,  «Жас Алаш» газеті, №50(15300), 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Сондағы Мұхтар Шахановтың сөзінен үзінді [егер толық нұсқаын оқимын десеңіз  мына сілтемеге өтіңіз] Мұхтар Шаханов: – «Қазақстандық ұлт» идеясы алғаш рет 1994 жылы көтерiлдi. Оған Қазақстанның 150-ге жуық iрi компанияларының басшылары қолдау бiлдiрдi. Бұлардың арасында «Қазкоммерцбанктiң» басшысы Н.Сұхбанбердин, «Астана Моторстың» президентi Н.Смағұловтар бар. «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбiлев те кезiнде қолдау бiлдiрген-дi. Болат екеумiздiң арамызда дәл осыған қатысты әңгiме де болды. Сонда Болат өзiне Қозы-Көрпеш Есенберлиннiң екi күн қатарынан телефон соғып, жоғары жақтың арнайы тапсырмасы екенiн айтып қоймаған соң, «қазақстандық ұлтты» қолдап қол қоюға мәжбүр болғанын айтты. Қазiр Б.Әбiлев «қазақстандық ұлтқа» түбегейлi қарсы. Ол жөнiнде жазды да. Сөйтiп, Болат бұл мәселеде бiздiң жағымызға өттi. Жалпы, «қазақстандық ұлт» идеясы өзiнiң бастауын американдық ұлттан алады. Кезiнде Американың жерiн әртүрлi тiлде сөйлейтiн, әртүрлi сенiм-нанымдарға табынатын үндiстер мекендедi. Америка олардың ата қоныстары, отаны болды. Олардың шұрайлы жерлерiне еуропалықтар көз сала бастады. Кейiннен Франциядан, Германиядан, Португалиядан, Испаниядан, Ұлыбританиядан барған басқыншылар үндiстердiң жерiн басыбүтiн тартып алу үшiн оларды қынадай қырды. «Үндiстi кiм көп өлтiрсе, соған бәйге беремiз» деген кездерi де болды. Үндiстердi көп өлтiрген адамдар құрмет биiгiне көтерiлдi. Осындай жолмен еуропалық басқыншылар 150 миллионға жуық үндiстi жер бетiнен жойып жiбердi. Сөйтiп, «американдық ұлт» дүниеге келдi. Бiздiң басшылар да сол американдық ұлтты негiзге алып, «қазақстандық ұлт» жасамақшы. Бiз бұған әуел бастан-ақ қарсылық бiлдiрдiк. Осыдан бiр жыл бұрын «Халық рухы» партиясы құрылып жатқанда «қазақстандық ұлтқа» қарсы екенiмiздi оның бағдарламасына да ендiрдiк. Бiрақ билiк ешкiммен ақылдаспай, кеңеспей, «қазақстандық ұлтты» «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасына ендiрiп жiбердi. Әртүрлi тiлде сөйлейтiн ұлт өкiлдерiнен бiр ғана «американдық ұлт» жасаған басқыншылар тәрiздi бiздiң басшылар да «қазақстандық ұлт» моделiн жүзеге асырмақшы. Президенттiң сөздерi де соны дәлелдеп тұр. Бiрақ, бiр қазақ жұмған аузын ашпады. Ешкiм үндеген жоқ. Барлығы өз көлеңкесiнен қорқады. Сонда қалай, бiз өзiмiздiң қай ұлт өкiлi екенiмiздi тек үйде, бала-шағамыздың алдында ғана айтуға қақымыз бар да, былайғы кезде «қазақстандық ұлт» болып шыға келемiз бе?
Бұл не деген сұмдық?…

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

1 Comment

  1. Бұл жерде ел атауын өзгерту керек . Қазақ елі деп .

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар