/

 Қазақ журналистері депутат болуға неге әуес?

3262 рет қаралды
1

Санаулы күннен кейін сайлау. Парламент Мәжілісінің сайлауына 5 партия бақ сынамақ.  Партиядан үкіленген үміткерлерге зер салсақ елге белгілі журналистердің есімін көзіміз шалды. Біз осы партиялардан кандидат журналистеріміз арасында сауалнама жүргізіп, олардың депутат болуға неге әуес болып жүргенін сұрап білуді жөн көрген едік. Сауалнама жолданған бес партияның тек “Нұр Отан”, “Ақ жол”, “Ауыл” партияларынан қатысып жатқан  журналистеріміз ғана жауап берді.  Назарларыңызға ұсынамыз.

Сұлтанхан АҚҚҰЛҰЛЫ, «Ақжол» партиясының мүшесі, әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист:

ЖУРНАЛИСТЕР ДЕПУТАТТЫҚҚА АМАЛСЫЗДАН ТҮСІП ЖАТЫР

журналист Сұлтанхан Аққұлы

– Ақ жол партиясына қашан мүше болдыңыз? Және неге дәл осы партияны таңдадыңыз?                                                                       

 – Ақ жол партиясына биыл ғана яғни 2020 жылы мүше болдым. Алайда партиядағылармен қоян-қолтық араласып жүргеніме 8-9 жылдың көлемі болды. Ал неге осы партияға мүше болдыңыз десеңіз мына 20 ғасырдың басындағы тарихымызды зерттеп, “Алаш” партиясын насихаттап жүрген жалғыз партия осы “Ақ жол” партиясы. “Ақ жолдың” ұстанғаны “Алаштың” ұраны, ұстағаны Алаштың туы. Байқасаңыздар пандемия кезінде дәрігерлерге, халыққа жанашыр болып көмектесіп, шағын бизнес өкілдеріне көмек қолын созған партия. Баяғыда бір данаға халқы жиналып: елдегі ахуал қашан түзеледі, тағы ұзақ күтеміз бе?,- депті. Сонда дана қарт: күтсеңдер әрине ұзақ,- деген жауап беріпті. Сол сияқты мен де саяси өзгерістерді ұзақ күттім. Өзгермеді. Сол себепті менде қолдан келгенше елдегі жағдайды жақсартуға ат салысқым келеді.                                                           

 – Партияға мүше болу журналист ретіндегі бейтарап ұстанымды ұстануға кедергі болмай ма?                                                                    

Мен қазір журналистикамен біржола қош айтысқанмын. Азаттық радиосынан кеткеннен кейін БАҚ өкілдерімен журналист ретінде байланыспаймын. Елдегі сөз бостандығының жай-жапсарын журналист ретінде өздеріңіз де білесіздер ғой. Қазір Еуразия ұлттық университетіндегі “Алаш” ғылыми зерттеу институтының директорымын. Бірыңғай ғылыммен айналысамын.   Кезінде журналистика үшін ғылымнан кеткен едім. Енді сол ғылымға қайтып оралдым.

– “Ақ жол” партиясының сайлаудан бұрынғы ісіне қалай баға бересіз?        

– Халықаралық журналист ретінде әр партияның  тарихын бес саусағымдай білемін деп айтпасам да олардың қалай құрылғаны маған қызық емес. Маған қай партия алдына қандай мақсат қояды, қандай нәрсені мүддесіне айналдырады сол маңыздырақ. Осы тұрғыда Ақ жол патиясының мақсаты менің мүдделеріме толықтай жауап береді.

– Қазақ журналистері депутат болуға неге әуес?

– Сұрақ кішкене қолайсыздау екен. Журналистердің ешқайсысы: мен депутат болғым келеді, мен сайлауға түсуім керек,-  деп алдына мақсат қойып жатқан жоқ. Депутаттыққа амалсыздан түсіп жатыр. Қоғамның дамуына, жақсаруына, керек емес құбылыстарды жоюға атсалысқысы келеді. Және мен сайлауға журналист ретінде емес, Алаштанушы-ғалым ретінде түсіп жатырмын.

Мақпал МЫСА, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:

ҚАЛАМҒА СЕРТ БЕРГЕНДЕР ЕЛ АМАНАТЫНА ҚИЯНАТ ЖАСАМАЙДЫ

Мақпал Мыса

–  “Нұр Отан” партиясына қашан мүше болдыңыз? Және неге дәл осы партияны таңдадыңыз?                                                                    – Әр нәрсенің өзінің уақыты болады. Шығармашылық адамы болған соң, саясатқа қызықпағаным рас. “Nur Otan” партиясы – еліміздегі діңгегі берік көшбасшы партия. Оған сөз жоқ. Праймеризге қатысу жөнінде шешім қабылдағанда партияға мүше болдым. Праймеризді жастарды жаңашылдық пен жасампаздыққа үндеу деп түсінгендіктен, осынау тарихи үдеріске атсалысу және дамудың жаңа кезеңінде өзімнің үлесімді қоссам деген мұратпен келдім. Жүз жаңа есімнен кейін де, ақын ретінде өзіме жүктелген жауапкершілік екенін сезініп қатыстым. Көбі қолдап сәттілік тіледі. Ең бастысы елдің сенімі.         

 – Партияға мүше болу журналист ретіндегі бейтарап ұстанымды ұстануға кедергі болмай ма?                                                             

– Мамандықтан гөрі шығармашылық жолым осы бағытқа алып келді десем қателеспеймін. Арман мен биік мақсаттарға жеткен мемлекеттің іргетасы мықты болу үшін, әрбір азаматтың бойында үлкен сезімдер болуы тиіс. Кешегі Әлихан мен Мұстафалар қасиетті қаламмен елдік мақсатта еңбек етті.  Өлеңім арқылы қызмет етіп жүрген руханиятқа мәжілістің мінбері арқылы да пайдамды тигізер мүмкіндігім болса, сол саясат жолын неге таңдамасқа?       

   – Жалпы партияның сайлаудан бұрынғы ісіне қалай баға бересіз?         

– Партияның бұған дейін жасаған жұмысын бір сөйлемге сыйғызып жеткізу мүмкін емес. Бір ғана мысал, руханият үшін көптеген жобалар жүзеге асты. Әдебиет, айтыс өнері, тарихи жәдігерлерді жаңғырту, мәдени ошақтарды қалпына келтіру сияқты жұмыстар атқарылып келеді.                          

  – Қазақ журналистері депутат болуға неге әуес?                                       

 – Астар іздеп қажеті жоқ. Бақ сынап жатқан үміткер үзеңгілес әріптестерім көп емес. Қаламға серт бергендер ел аманатына қиянат жасамайды.

Дәурен ҚУАТ, «Ауыл» партиясының мүшесі, Қазақ әдебиеті газетінің бас редакторы:

МЕН БҰНЫ ӘУЕСТІК ЕМЕС, ҚАЖЕТТІЛІК ДЕЙМІН

–  Жақында “Ауыл” партиясының тізімінен мәжіліске кандидат екеніңізді көрдік. Неге дәл осы “Ауыл” партиясын таңдадыңыз?             

  – Мен – табан аудармай баспасөз саласында қызмет етіп келе жатқан адаммын. Журналистикадағы еңбек жолымды аудандық «Қапал еңбеккері» газетінде бастадым. «Қапал еңбеккері» – бұрынғы Талдықорған облысы Қапал ауданының газеті еді. Сол газетке 17 жасымда, мектепті бітіре салысымен қызметке тұрған екенмін, содан бері 30 жыл болыпты – газеттемін. Газеттегі мансабым сатылап өсті. Аудандық газеттен кейін облыстық «Жерұйық» газетіне ауыстым. Одан кейін Республикалық «Халық Кеңесі» газетінде Талдықорған облысы бойынша меншікті тілші, одан соң еларалық «Қазақ елі» газетінде тілші, «Қазақ Елінен» соң «Жас Алаш» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, Республикалық саяси-тәуелсіз «Алтын Орда» газетінде бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде де бас редактордың орынбасары, «Алтын Орда» газетінде бас редактор, «Жас Қазақ» газетінде бас редактор болып кете береді.  «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып тағайындалғанға дейін «Abai.kz» ақпараттық порталын ашып, қазақ ойының ғаламторда дамуына азды кем үлес қосыппын.

Маған әу бастан әдебиет-мәдениет тақырыбы жақын. Әйтсе де, тоқсаныншы жылдардағы буырқанған оқиғалар, ұлттың жаңа дәуір алдындағы қам-қарекеті әлеуметтік-ұлттық бағытта мақалалар жазуыма жетеледі. «Жас Алашта» саясат тақырыбын бір белге көтердім-ау деп ойлаймын. Оны сол кездегі «Жас Алаштың» жанкүйер оқырмандары жақсы біледі. Жалпы журналист саясат тақырыбынан айналып өте алмайды. Журналисті, соның ішінде ұлттық мәселелер толық шешімін таппай тұрған елде өмір сүріп жатқан журналисті, қоғамның саяси өмірі күнде толғандырса керек. Бірақ, журналист – қоғамдағы проблемаларды шешуші емес, көрсетіп жазушы, жария етуші тұлға. Ал журналист көрсеткен мәселелер іске аспайды екен, биліктің құлқы жоқ екен, ендеше журналистің саясатқа араласуға қақы бар. Бұрынғы алашордашылар мен сол кездегі коммунистердің қатарында болған ағаларымызға қарашы – бәрі ұлтшыл. Және солардың бәрі – ақын, жазушы, журналист, ғалым. Мамандығы инженер, орманшы, заңгер дейтін Мұхамеджан Тынышбаев, Әлихан Бөкейхан, Барлыбек Сырттанов, Жақып Ақпаевтардың қайсысы болмасын сөзді пір тұтқан жандар. Бірі қазақтың тарихын жазды, бірі көркем аудармалар жасады дегендей. Сол ағаларымыз өз замандарында саяси күрес жолын таңдаған болатын. Біз де сондай таңдау жасадық. Таңдау жасаған партиям – «Ауыл» партиясы болды. Ал «Ауыл» партиясының артында үлкен күш тұр. Ұраншыл, сауықшыл күш емес, шынайы пәрменді күш. Ол күш – ауыл халқы. Ол күш – еліміздегі ең үлкен сала аграрлық сектордың қордаланып қалған мәселелерін шешуді талап етіп, бел алып келе жатқан күш. Қала берді, ауылға қатысты жайттардың жақсаруын бәріміз қалаймыз. Ауылға бүйрегіміз бұрады, оған жанымыз ашиды. Айналайын, күндердің бір күні бәріміз «Ауыл» партиясының қатарына өтуге талап қылуымыз мүмкін. Сол кезде мен сияқты таңдау жасаған азамат өз таңдауының дұрыстығын оп-оңай дәлелдеп беретін болады.

– Партияға мүше болу жазушылығыңызға әсер етпегенімен, журналист ретінде бейтарап болуыңызға кедергі емес пе?                                                  

 – Жоқ, әсер етпейді деп ойлаймын. Ауыл тақырыбында қазақ журналистерінің бәрі жазады. Блогерлер де жазады. Сонда мен жазсам болмай қала ма? Ауылдан шыққан қазақтың қара баласы бола тұрып мен ауылдың ахуалына бейтараптылық танытсам жөн бе? Әрине, өзім басқаратын газетке не порталға «Ауыл» партиясының саяси жарнамасын қоймай тықпалап отырсам, оным журналистік этикаға жатпайды. Бірақ «Ауыл» партиясы ауыл үшін батыл қадамдар жасап, партияның ол қадамын халық тұтас қолдап кетсе, «мен партияның мүшесі едім», – деп текке қарап және отыра алмаймын. Мынаны түсінуіміз керек: біз қалайық, қаламайық бүгінгі жүйеде өмір сүріп отырмыз. Сондықтан бүгінгі жүйедегі саяси партиялардың қам-қаракеті турасында барлық баспасөз жазуы керек. Онсыз қоғамның саяси келбетін тану мүмкін емес.

– Ауылға соңғы рет қашан бардыңыз. Ауылдағы қазіргі ең өзекті проблема қандай?                                                                                        – Осыдан ай жарым ғана бұрын барып келдім. Ал былайынша күнде ауылдамын десем болады. Ұялы телефон деген ауылдағы ағайынмен сағат сайын байланысқа шығуға мүмкіндік тудырып тұр ғой. Соны пайдаланамыз. Қалалықтардың бәрі қазір ауылының жағдайын осы төте байланыс арқылы біліп отыр. Қаланың жаңалығы да ауылға лезде жетеді. Соның нәтижесі шығар: ауыл халқы осы күні жер-жаһанның барлық жаңалығынан хабардар. Ауыл ұйқысынан оянды. Ендігі ауылды алдап сулап, арқаға қағып қойып қайтадан қалғытып жібіре алмайсыз. Ол енді ешкімнің қолынан келмейді. Ауылда проблема шаш етектен. Соның біреуін ғана айтайын. Ол – жол. Жолдан ауыл халқы қатты азап шегіп отыр. Ауылға жақсы жол жетсе, барлық игілік те жетеді. Жол дегеніміз – экономиканың күре тамыры. Жол дегеніміз – мәдениет, өркениет. Жол – өмір.

– Қазақ журналистері депутат болуға неге әуес?                                    

 – Сен өзің журналистсің, сөйте тұра осындай сұрақ қоясың-ә? (күліп жіберді). Қазақ журналистерінің депутаттыққа әуестігі биыл ғана байқалады. Бірақ, мен бұны әуестік демеймін, қажеттілік деймін. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жанталасып жүрген журналистердің мемлекетшілдігін бүгінгі қоғам терең түсіне бастады. Журналистердің үміткер болып жатқанының сыры осында, әйтпесе, осыған дейін Қазыбек Исадан басқа Мәжіліске қол созған журналист болды ма?  Сонда Қазкеңнен басқа кім бар? Мен егер әріптестерімнің депутат болуға әуестігін білмеген болсам, түзетіп жіберерсің. Журналистің саясатпен кәсіби түрде шұғылдануға толық қақысы бар. Журналистер Парламентте болса, қоғамдық сананы жаңартуға, сілкінтуге әсер етеді деп ойлаймын. Журналисттерсіз Парламентті көріп келеміз ғой, қалғып-мүлгіп отыр. Бізге әлде әлі де сондай Парламент керек пе? Ойланайық.

 

 

 

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

1 Comment

  1. Мен сіздің пікіріңізге толықтай қосыламын жоғарыда отырғандар халықтың жағдайын жасаудан қалғаны қашан

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар