/

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА,  әлеуметтанушы: Қазір Қазақстанда көп балалы болу экономикалық тұрғыдан тиімсіз

2647 рет қаралды
фото: Радио Азаттық

Өткен аптада Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы бес баланың өртке орануы қоғамда біраз резонанс тудырды. Дәл осындай жағдай осыдан екі жыл бұрын еліміздің астанасы Нұр-Сұлтанда да орын алды. Қазақ халқының ұғымында баланың орны ерекше. Соңынан ерген ұрпағын өмірдің жалғасы деп есептейтін ұғым мен пейіл қанша ғасыр берік сақталып келгенімен бүгінгі әлеуметтік жағдай екеуі бір арнаға тоғыспай барады. 

22 ақпан күні 50-60 шақты көпбалалы ана баспана мәселесін көтеріп, «Нұр Отан» партиясының бас кеңсесіне жиналды. Наразы әйелдер баспанадан бөлек, әрбір балаға 42 500 теңгеден жәрдемақы төлеуді және өткір мәселе көтерген әйелдерді қудаламауды талап етті.

Азаттық Радиосы таратқан сюжетте  8 баланың анасы Жұмағыз Көкешова – Кеше ғана қайғылы оқиға қайталанды. Біз Жамбыл жақта биліктің балаларын үйде қалдырып кеткен әйелді кінәлап жатқанын естідік. Бұл дұрыс емес. Бала өлімі көбейіп жатыр. Бұл үкіметке берілген ескерту. Билік түсінер емес. Әрбір балаға 10 мың теңгеден береді. Ол ешнәрсеге жетпейді… Әр балаға 42 500 теңгеден берсін. Сонда ана көшеге шықпайды. Мен де балаларымды сыртынан жауып, тастап кеттім. Міне, табанымызды тоздырып жүріп, балаларымыздан айырылып қалып жатырмыз, – десе, наразылардың бірі Асыл Ошақбаева«Жаңа жылдан кейін “жәрдемақыны көтердік” дейді. Сондағы қосқаны – 1,5-2 мың теңге ғана. Сол ақшаға 1,5-2 литр су май аламыз. Ол бірнеше күнге ғана жетеді. Қант, ұн, макарон қымбаттап кетті. Ұнның 25 килосы – 7 мың теңге. 23 теңге “артық алғаны” үшін атаулы әлеуметтік көмектен қағылып жүргендер бар», – деді.

Еліміздегі инфляцияны қарапайым түрде түсіндірген аналардың сөзін жоққа шығару қиын. Елдің демографиялық саясаты жайлы жақсы сөздерден биік мінберлерде ауық-ауық айтылғанымен сол жақсы сөздің үдесінен шыққан көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайы мәз емес. Негізінде елдің демографиялық саясаты әлеуметтік саясатқа ал әлеуметтік саясат экономикаға тікелей байланысты. Сонда «Алдымен эконмика…» деп жүзеге асырылған көп шараның нәтижесі қайда? Еліміздегі әлеуметтік саясат қай жерде мүлт кетті. Бұл туралы Мінбер.кз тілшісінің сауалдарына жауап берген әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова «Қазір Қазақстанда көп балалы болу экономикалық тұрғыдан тиімсіз» дейді.

 

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА,  әлеуметтанушы:

 Әлеуметтік саясат әлеуметтік төлемдерге байланып қалды

Еліміздегі әлеуметтік саясат мықты экономикалық саясат болмаған соң әлеуметтік төлемдерге байланып қалды. Конституция бойынша еліміздің азаматтары әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы тиіс. Ал ол бізде әлеуметтік төлемдермен шектелген, әлеуметтік қорғаудың кешенді жобасы жасалмаған. Әлеуметтік тұрғыдан ең алдымен қоғамның осал топтары қорғалады. Оларға табысы төмен, айырықша күтімді қажет ететін т.б. азаматтар жатады. Негізінен қоғамда барлық азамат оның ішінде бірінші кезекте осал топтар қорғалуы керек.   Әлеуметтік төлем осал топтарға берілетін негізгі көмек емес, оларды қолдайтын қосымша ретінде берілуі керек еді. Одан бөлек азаматтарды тұрғын үймен қамту, жан-басына шаққандағы отбасылық табысын молайту бағытындағы жұмыстар жасалуы тиіс еді. Сондай-ақ бос жұмыс орындары болуы керек. Көп балалы отбасыларын алатын болсақ олардың балабақшасы, мектебі, бос уақыты ұйымдастырылуы тиіс. Қазір біздің қоғамда ұлттық құндылық, демография тұрғысынан қарамай, экономикалық тұрғыдан алып қарасақ көп балалы болу тиімсіз. Неге? Себебі біздің қоғамда көп балалы отбасының 60%-дан астамының отбасылық табысы жан-басына шаққанда тым аз, тіпті олардың кейбірі кедей тапқа жатады. Сол себепті оларға тек материалдық тұрғыда ғана емес, басқа да қолдау көрсету керек. Мәселен, үй алуда мүмкіндігі болуы шарт, кез-келген банктен үй алуды рәсімдеген кезде, балабақшаға орналасуына, жоғары оқу орнына түскенде жеңілдік жасалуы керек.

Ресми құжат тұрғысынан қарастырсақ Қазақстан әлеуметтік саясаттың белсенді моделін жасап қойған. 2000-2002 жылдардан бастап Америка, Скандинавия, Еуропа елдердің әлеуметтік саясатының озық үлгілерін енгізіп белсенді саясат жүргіземіз деп айтады. Белсенді модель дегеніміз – халықты төлемдермен қамту, қайта оқыту, «Жұмыспен қамту 2020» секілді жобалар.  Бізде бұл жобалар бар. Алайда, ол мықты экономикалық саясат болмаған соң еш нәтиже бермей отыр. Мәселен, мамандарды қайта оқыту бар да, оларға беретін жұмыс жоқ. Адамдар қанша оқыса да, білімін арттырса да жұмыс табуы қиын. Сол себепті қайта оқығаны мемлекеттен субсидия алған секілді әсер береді. Тіпті экономикалық саясаттағы бос жұмыс орындарын ашуға бағытталған шағын кредиттің өзі инфраструктура болмағандықтан ойдағыдай болмады. Елімізде жаңа жұмыс орындары ашылмай отыр. Соның салдарынан азаматтардың жұмыс табуы, отбасылық табысын арттыру мәселесі әлі күнге ашық күйінде қалып келеді.

ӘЛЕУМЕТТІК КАРТА ЖАСАЛУЫ ТИІС 

 Соңғы жағдайларға байланысты ұсынысым: Елімізде өздеріңіз білесіздер 2009 жылы санақ өтті. Биыл тағы санақ болады. Сол санақта адамдардың тұрғын үйінің құрылысы туралы, балалар санына қатысты нақты сұрақ бар. Осы екі мәліметтің негізінде облыс, аудан, ауыл, облыстағы шағын қалалар тұрғындарының тұрғын үй жағдайы мен бала санына қатысты әлеуметтік картасын-портретін жасаумыз керек. Бұл карта яғни мәлімет базасы визуалды түрде жергілікті басқару орындары, орталық министрліктер одан қалды БАҚ өкілдерінің қолында болуы тиіс. Статистиканы тиімді пайдаланып соның негізінде мемлекеттік әлеуметтік саясат жүргізілгені жөн. Елімізде жүргізілген бұған дейінгі, ендігі санақ нәтижелері әлеуметтік саясаттың бағыттарын анықтауға негіз болады.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі