//

Батыс Қазақстан облысында жол апатынан екі айда 22 адам көз жұмған

1918 рет қаралды

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес Мінбер.кз тілшісі ақпарат берді.

2021 жылдың қаңтар-ақпан айлары ішінде облыс көлемінде 38 жол-көлік оқиғасы болып 79 адам түрлі деңгейде жарақаттанса, 22 адам көз жұмған.

Ал Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметке сәйкес қаңтар-ақпан айларында 8 ірі жол апаты болған. 19 автокөлік соқтығысқан, 1 жылқы себеп болған жол-көлік оқиғасында 15 адам көз жұмып, 15 адам түрлі жарақат алған екен. 8 жол апатаның 5-еуі халық арасында «ажал трассасы» деп аталатын Орал-Атырау тасжолында болыпты.

Ал Орал қаласындағы жол-көлік оқиғаларына келетін болсақ Орал қаласының полиция басқармасының 2021 жылдың екі айына берген мәліметі бойынша (25.03.2021ж. №31-287 / 127й жауап хатта), биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында 18 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынаны 38 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған, көз жұмғандар жоқ.

      Жол апатына жол ережесін сақтамау себеп болады

Жол-көлік оқиғасына көп жағдайда маневр жасау ережесін, реттелмейтін жол қиылысынан өту ережесін, жаяу жүргіншілер ережесін бұзу және реттегіш сигналдарға мән бермеу сияқты жол қозғалысы ережелеріне немқұрайлы қарау себеп болған.

Осы екі ай ішінде Орал қаласының жол патрульдік полиция қызметкерлері көлік құралын масаң күйде жүргізген 117 фактіні анықтап, 117 жүргізушіні Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 608-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке, 38-ін Қылмыстық Кодекстің 346-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартқан.

Полиция басқармасының мәліметтері көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының басқа түрлеріне қарағанда көліктердің бүйірімен соқтығысуы, жаяу жүргіншіні басып кетуі және бағыттас соқтығысуы жиі кездеседі.

     Жол апатына үнемі жүргізуші кінәлі бола бермейді

2021 жылдың алғашқы екі айында 18 жол-көлік оқиғасы болса, оның 16-на жүргізуші, 2 жағдайға жаяу жүргінші себеп болғаны анықталған.  Пайызға шаққанда  жол-көлік оқиғасының 88%-ы жүргізушінің кінәсінен екен.

Жол-көлік оқиғаларына себеп ретінде жолдардың сапасының нашарлығы, ауа-райының қолайсыздығын және басқа да факторларды келтіруге болады. Дегенмен, осы деректердің өзі  жүргізушілерді оқыту, даярлау мен оларға біліктілік куәлігін тағайындау талаптары мен шарттарын қайта қарау керек екенін және жүргізушілердің кәсіби деңгейінің төмендігін, жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениеті мен жүргізушілер арасында ынтымақтастықтың (солидарность) төмендігін көрсетіп отыр.

Полиция басқармасының мәліметіндегі назар аудартатын тағы бір факт бейсенбі, жұма, сенбі күндері жол апатының көбейетіндігі.  Сонымен қатар, кешкі қарбаластағы 18.00-20.00 аралығында жол   ережелері жиі бұзылады екен. Полиция басқармасы жол ережесінің бұзылу жиілігін тек күнге қарай ғана емес, сағатқа қарай да жіліктеп жазып қойыпты.

Жол-көлік оқиғаларының апта күндеріне қарай жиілігі

Жол-көлік оқиғаларының тәулік уақытына қарай жиілігі

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми-дерегіне сүйенсек Қазақстан бойынша 3 864 916 жеңіл автокөлік тіркелген. https://stat.gov.kz/official/industry/18/statistic/6 . Оның ішінде, Батыс Қазақстан облысында 2010 жылдан бері 116 392 автокөлік тіркеліпті. Дегенмен, жол-көлік оқиғаларына автокөліктердің жыл санап көбеюі ықпал етіп отыр деп біржақты қарауға да болмайды. Қалай болғанда да адам факторы басты рөлді атқарып отырғаны анық. Себебі, жолдағы қауіпсіздік ең алдымен жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің өздерінің, жақындарының, басқа да жол қозалысына қатысушылардың, көпшіліктің алдындағы жауапкершілігіне байланысты.

Альфия Шамай

Орал қаласы БҚО

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі