////

Бюджеттік мекемеде қосымша жұмыс істеуге бола ма? Олардың айлығы неге аз?

2663 рет қаралды

Соңғы жылдары Қазақстанда ұстаздардың, дәрігерлердің жалақысы туралы жиі айтылды. Тиісінше, бюджеттің осы саласындағы қызметкерлердің еңбекақысын өсіру үшін әжептәуір қаржы да бөлінді. Ендігі кезек мемлекеттік қызметкерлерге келген сияқты. “Мінбер” тілшісі мемлекеттік қызметкерлердің халін біліп көрген еді. 

Жалпы бюджеттік қызметкерлердің өздері де атқарып отырған қызметіне, биліктегі лауазымына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Олар саяси мемлекеттік қызметкерлер және әкімшілік қызметкерлер. Сонымен қатар бұл аталған мемлекеттік қызметкерлердің қарамағында жұмыс істейтін азаматтық қызметкерлер деген үлкен топ тағы бар. Оларға ауылдық, аудандық, қалалық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ауыл, су, орман шаруашылықтары және жануарлар дүниесі саласында қызметін жүзеге асыратын азаматтық қызметкерлер жатады.

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашада қабылданған Еңбек кодексінде азаматтық қызметкерлерге мынадай анықтама берілген: азаматтық қызметші – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақы төленетін штаттық лауазымды атқаратын және олардың міндеттері мен функцияларын іске асыру, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адам.

Яғни азаматтық қызметші дегеніміз – халық үшін қызмет етіп жүрген адам. Олар осы жолда өздерінің негізгі еңбек туралы келісіміндегі міндеттеріне кері әсер етсе де қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені тапқан табысы айдан айға жетпейді. Ал заңгерлер еңбек келісім-шартында анық жолға қойылмаған бұл көлеңкелі жұмыстың заңға қайшы екенін айтады.

Атырау облысындағы ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет еткен (кейіпкеріміз мекеме атын атамауды сұрады-авт.) Артықбаев Қалибек жақында жұмыстан шығуға мәжбүр болған. Өзі бұл шешіміне бірнеше жайт себеп болғанын айтады:

Жалақы аз, маман тапшы, әлеуметтік қорғалмаған

– Өзім қызмет еткен жылдары айлығым аз болды, аудандық деңгейдегі ауыл шаруашылық саласында басшылық қызметті 2008 жылы 25-30 мың теңгеден бастап 2019 жылғы 1 маусымнан бастап тек 100 мыңнан сәл жоғары жалақы ала бастадым. Осы екі аралықта  аз-мұз көтергені болмаса, айта қаларлықтай ештеңе  өзгермеді. Әрі былтырғы пандемиядан кейін қолымызға ескерту қағаз ұстатып, жалақымыздың 30 пайызын қысқартатынын, оған келіспеген жағдайда жұмыстан өз еркіммен кету жөнінде өтініш жазуды ұсынды. Бірақ жағдайдың қиындығын ескерсе керек, жалақы сол күйінде қалды. Дегенмен жеке өзіме де, отбасыма да бұның мардымсыз екенін түсіндім. Сондықтан жеке кәсіпкер болуға бет бұрсам, одан көбірек табыс табатынымды білдім. Содан кейін күнделікті сағат 9.00-ден кешкі 18.30-ға дейін бір жерде тапжылмай отыратын жұмыстан да жалықтым. Оның үстіне ешқандай қызметтік стимул деген де жоқ, – дейді Артықбаев Қалибек

Оның айтуынша, бюджеттік мекемеде қызмет етеіндер аз болса да “тұрақты айлығы” үшін жұмыс істейді, кейін аз жалақыны қосымша табыспен көбейтемін деп ойлап, қосымша жұмыс жасауға тырысатындар аз емес.

– Көбі «желілік бизнеспен» айналысады, бұл «бизнестері» негізгі жұмыстарына қатты әсер етпейтіндіктен, қосымша ақша табамын деп ойлайды. Біреуі косметика, біреуі киім-кешек әкеледі, кейбірі бірқалыпты өміріңді аяқ астынан өзгертемін деп мотивациялық курстар жүргізеді. Бұл тек бізде ғана емес, барлық бюджеттік мекемелердің “жазылмаған заңы” – осы. Сөйтіп өздері жұмыс істейтін жерді кішігірім базарға айналдырады. Ал былай қарап тұрсаңыз көбісінің жоғары білімі бар, кейбірінің тіпті екі, үш бірдей жоғары білімі бар. Бірақ, өкінішке қарай, жетіспеушілік, жоқшылықтан осындайға барады. Бір-бірінен азық-түлік, басқадай қажеттіліктер үшін қарыз алып, кейін беріп күнелтеді.  Осыдан кейін олардан  сапалы жұмыс күтудің өзі ақылға сыймайды дейді, – бұрынғы бюджеттік мекеме қызметкері

Оның сөзінше, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің қосымша табыс табу мүмкіндігі еңбек келісім-шартында көрсетілмеген. Кейбір басшылық рұқсат берсе, басқалары ондайға қатаң тыйым салады.

ЗАҢГЕРЛЕР НЕ АЙТАДЫ?

Жеке заңгер Ерік Қоныспаев бюджеттік қызметкерлердің, оған қоса осы саладағы өзге кәсіп иелерінің – мұғалімдер мен дәрігерлердің де “сетевой бизнес, сауда-саттықпен айналысуы заңсыз” екенін айтады.

– Оларға қандай жағдайда жұмыс істеуге болады, педагогикалық, яғни мектепте сабақ беруге болады, ал коммерциялық жұмыстармен айналысуға болмайды, егер күндердің күнінде коммерциялық іс-әрекеттері білініп қалса жауапқа тартылуы мүмкін. Себебі бұл ғылыми я педагогикалық жұмыс емес қой. Сондықтан ол (қосымша жұмыс істеу – ред.) – заңсыз. Егер жұмыс беруші біліп қойса, жұмыстан шығарып жіберуге құқылы.

– Әрине, жалақысы аз мұғалім қосымша сабақ беріп, табыс таба алады. Бірақ оның өзі басшылықтың келісімі бойынша болса жөн. Ал егер іс сотқа жетіп жатса, мұғалім жеңілуі мүмкін. Сондықтан жұмыс беруші мен жұмыскер алдын ала келісім-шартта осы мәселенің ара-жігін ашып алғаны жөн. Егер келісім-шартта тыйым салынбаса, “рұқсат” деп қабылдауға да негіз бар, – дейді заңгер.

Тағы бір өзінің аты-жөнін атамауды өтінген мемлекеттік мекеменің заңгері бюджеттік мекеме қызметкерлернрің жалақсының аздығын былайша түсіндіреді,  олар мемлекет берген белгілі -бір тапсырманы орындайды, заттай, материалдық ештеңе өндірмейді, сондықтан табыс та төмен деңгейде болуы заңды дейді. Өйткені ол мұнай-газ немесе кен өндіру компаниясы емес, табыс тауып отырған, сондықтан олар мемлекеттің асыранды балалары іспеттес.

Мамандар қосымша табыс табудың заңсыз екенін айтқанымен бюджет қызметкерлері жалақының аздығын алға тартады. Қазақстанда бюджет қызметкерлерінің жалақысы жыл сайынғы президент жолдауларында елдің ішкі экономикалық жағдайлары ескеріле отырып, көбейіп отырады. Яғни олардың жалақысының өсуі, қанша пайызға өсетіндігін тек бір адам ғана – елдің президенті шешеді.

Соңғы рет бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылғы 1 маусымда өскен болатын. Онда президент Қ. Тоқаев 1 миллионнан астам төмен жалақы алатын ауылдық, аудандық, облыстық дәрежеде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын көтеруді тапсырған еді.

Сондай -ақ президент 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында 2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап мүғалімдердің жалақысын 25 пайызға арттыруды тапсырды. Оған тиісінше алдағы үш жылда 1,2 трлн. қаржы қарастырылған. Олардың арасында балабақша, колледж, қосымша білім беру жүйесінің мұғалімдері де бар.

Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің айлығы да кезең-кезеңмен арттырылады. Президент 2023 жылға қарай дәрігердің орташа жалақысының экономикадағы орташа еңбекақыға арақатынасын 2,5 есеге жеткізу міндетін қойды. Денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай ақ халаттылардың жалақысы шамамен 550 мың теңгеге жетпек.

Сонымен қатар, қаңтардан бастап әлеуметтік қызметкерлердің де айлығы кезең-кезеңмен өседі.

Қазақстанда былтырдан бастап короновирус індеті тіркелгелі бері азық-түліктің, күнделікті тұтыну тауарларының бағасы күрт қымбаттап кетті. Бағаның шарықтап өсуі күні бүгінге дейін жалғасуда. Оған тіпті құзырлы орынның бағаны бақылауда ұстауға құзыреті жетпей қалды. Осылайша азғантай жалақыға жан бағып отырған бюджет қызметкерлерін кенеттен келген пандемия бір қинаса, күн сайын азық-түлік пен жанармайға негізсіз көтерілген баға екі қинап отыр.

Ескендір ӘКЕЖАН

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері