///

Егеухан Мұхамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе) жалғасы

2103 рет қаралды

УВС – ұлы дала

 

Мына шофер бір жылы жүзді адам екен. Кабинасына бізді отырғызған соң УВС аймағына қарай зырлай жөнелдік. УВС аймағы жота-жонды кең алқапты көзді тартып өзіне баурап барады. Көңілімді көтеріп, ерекше күйге бөледі.

УВС аймағы тарихы мол, аумағы кең,

Көзге көркем көкпеңбек көліменен,

 «Хархэрээ» қамал берік қорғанындай

Шыңдары шырқау биік көк тіреген.

Жота жон, белегірлі, ойпат жазық,

Алқабында алтын дән жанға азық.

Қызыл тұз, қара тұзды алып таулар

Сан ғасыр тауыспаған кенін қазып.

 

Бәрі де төрт-түлік мал малданады,

Түйесі сандал-сандал таңдамалы.

Кей үйде жүздеп іңген боталайды,

Бота үні  күйге бөлеп маң даланы.

 

Он мың қой біткен кейбір атақты бай,

Азамат асқан пысық ығай-сығай.

Ортасы шұп-шұқыр боп қой түнейді,

Асықпай түнемеден өреді жай.

 

Қарабас ақ қой мәліш қысқа берік,

Қар үстінде төлдері жүреді өріп.

Түйе, жылқы, қой, сиыр қаптағанда

Мыңғырылып маңайға берген көрік.

 

Бұл жерден әнші, биші өсті шешен,

Айтайын аты-жөнін ұғам десең.

Қырық жыл моңғол елін бастады ұлы

Юмжагийн Цэдэнбол дана көсем.

 

Ат қосу, садақ ату, балуан күрес,

Күресте жол бермейді теке-тірес.

Ерекше құт дарыған құйқалы өлке,

Ұраны ұлттың ойын игеріп өс.

 

Ел даңқын көтереді ер өрге сүйрей,

Балуан тудырған ел күші пілдей.

Ағалап он жыл елін таныды әлем,

Баянмөнх жауырыны жерге тимей.

 

Таңдантты талай күрес айқасқан шақ,

Танымас күш атасын құрыш құрсап.

Ұлы мен күйеу бала жолын қуды

Көрсетті күресте үлгі текті ұрпақ.

 

***

 

Дәл талма түсте қалаға кіріп келдік. Шоферіміз:

– Бір асхана болса үшеуміз тамақтанайық,– деп еді ашық жұмыс істеп тұрған асхана кезікпеді. Біз асхана іздеп жүргенде, бір арықтау ақсары жүзді жігіт Кәпке қол көтеріп, машинаны тоқтатқысы келіп жүгірді. Шофер тоқтап біздің жұқа жадаулау жайымызды аңғарды ма…біріміздің төлейтін жол ақымызды алды да, біріңнің жол ақың қалсын – деді. Қоштастық. Біз машинадан түсе әлгі жігіт жүгіре келіп, Кәп екеуі құшақтаса амандасып, мені де таныстырып мәре-сәре болып жырғап қалды. Ол да оның жоғарғы оқу орынында бірге оқыған жолдасы екен. Екеуі кеңесіп Кәптің іздеп келе жатқан Шүйлібайұлы Әшім досының үйін біледі екен. Бізді өзі білетін асханаға апарып, УВС аймағының дәмін татыңдар деп тамақтандырды.

ТОЙДАН ТОЙ

Көрнекі сурет

 Келсек УВС аймағы қаласының батыс жағында әжептеуір кең тынысты алаңқайда алты-жеті киіз үй тігулі тұр. Құдды жеке бір ауыл. Әшімнің үйіне кіріп барсақ, олар да түскі асының дастарханы жиылмаған, бес-алты кісі шәй ішіп отыр екен. Әшім бізді көре сала орнынан ұшып тұрып келіп, Кәпті құшақтай алды. Әйелі Жадырақызы Дәмен де:

– Әлгі айта беретін Кәп досың осы ма? Қәне, сен, келіншегісің бе? – деп құшақтасып амандастық. 

Бәріміз аман-саулық сұрасқан соң беті-қолымызды жуып, қайта жаңартып жасаған дастарханға жайғастық. Көңілді отырыс. Арқа-жарқа әңгіме. Досым, досым, – деп аңсап келген Әшім досы, дос десе дос екен. Аузын ашса жүрегі көрінетін қазақтың қарапайым, ер көңіл азаматы екен. Ол заманда қалта телефоны атымен жоқ. Қолы жеткен тәп-тәуір ауқатты жұмыс орны үкіметті елеулі, лауазымы жоғары үйде ғана ауыл-үйлік телефон бар шақ. Сол отырған жеке бір ауылдың арасында УВС аймағының ауылшаруашылығы бөлімінің аға есепшісі Әшімнің үлкен ағасы Қасымның үйінде ғана бар екен. Әшім:

–  Бүгін дайындық жасап, ертең той жасаймыз. Оғызымыздағы ағайындарға да сол ауылдың байланыс бөлімшесіне телефонға Байтіл замандасымды шақырып сөйлесейін, барлық ағайындарды тойға шақырсын. Мен қазір қонақтарыма қой сояйын, ертерек. Олар неше күн жол жүріп, шаршап келді ғой, – деп жалма-жан қой өрмей, түскі жусаудағы қойдан мал ұстап қалуға ұмтылды.

Қой сойылды, ет асылды. Ауыл үйдің адамдары түгел жиылды. Шеруші сүйекті Әбілқайыр інісі Шәкер (атақты суретші Солтанның әкесі), Найман сүйекті Сағидолла ақсақал інілері Қадыр, Қабдырахман, Қабдыл Әшімнің ағасы Қасым, інілері Бөжен, Есен барлығы жиналып кең жайылған дастарханды айнала қоршап отырған соң, кімнің кімісі екенімізді, қайдан қашан шыққанымызды сұрастырып танысты. Мұнда жиналған адамдардың барлығы да баяғы өзіміздің ауыл «Баяннуур» сұмынынан тіршілік тауқыметімен көшіп мұнда келген, арғы тегі ағайын-ауылдас болып шықты. Кейбіреулері «Хотынқара» кейінтінде  Ақарал ауылы 1-бақтан келгендер екен. Біздің әкелерімізді таниды. Бәрін өздері тәптіштеп айтып берді. Ет желінді. Ауыл үй адамдары тарады. Біз де демалдық.

Ертеңінде асықпай ұйқы қанып тұрған соң, абыр-сабыр тойға дайындық басталып кетті. Әшімнің алты қанат ақ орда үйінің төсек, кебеже, сандық сияқты елеулі орын алып тұрған жүктерін шығарып далаға жауын жауа ма деп жауып қойдық. Ойыстырған қарала, сарыала сырмақтардың  ұсталмаған ине-жіптен жаңа шыққан су жаңасын төр алдынан бастап үйлестіріп салдық. Үйдің екі босағасынан бәшікемен оралған кілемшемен шым оралған шилер ұсталған. Одан өрлей біз кестемен шым тігілген түскиіз, қара пұлға қызылдан ою басып айшықтап, ойылған оюды шырайландыра түрлі-түсті жіппен шырыштаған түскиіз бәрі-бәрі үйдің шырайын ашып, хан сарайындай жайнатып жіберді. Кешке тойға УВС аймағының ойда-қырда, онда-мұнда шашырап отырған қазақтары түгелдей шақырылыпты. «Ел құлағы елу» дегендей кімнің аузына қақпақ боларсың.

– Олар қашып келген жандар, – дейді ғой. Құр шыбын жандары ғана бар, аңсап келген досының үйіне бір шақпақ тәтті, екі елі суыртпалық та жоқ. Киген киімдері де жұтаң, – дейді деп еріндерін сылп еткізіпті.

– Әшім өте ақкөңіл, ақ ниет қолда барын аямайтын жомарт жан. Сол қашып келген қашқындарға той жасайды екен. Барды жоқ бірдемелерімізді тойға шашуды көрім ғып апарайық, бала-шағаның садақасы ғой. Жүріңіздер, тойға түгел барайық. «Қашқын» дегенді елден естуші едік, енді көзбен көретін болдық. Олар қандай жан, қайдан қашты екен, қашқындар Әшімге қалайша дос болады, бәрін-бәрін барып көзбен көріп білейік,– десіп Оғызымдағы бір қауым ауылдың адамдары тайлы-тұяғы қалмай бірақ қопарылды. Ондағы іргелі ауыл Жәнтекейден тараған Базарқұл әулеті: Ғұндын ұлы Кәтелхан, Бәйтіл, Уәкіл, Шапай, Есағасы, Құдайбердіұлы Оспан, Көксеген, Құдайбердінің інісі үлкен қария Дөненбай, Қарақас сүйекті Қалидолда бәрі-бәрі әйелдері, бала-шаға, келін-кепшіктерімен, қыз-қырқыны түгел шұбырыса, мұндағы ауылдастары қосылып, бір қауым ел жиналды. «Ерді кебенек ішінен танысын» дегендей барымызбен базар кеше түнде жуып қойған киімімізді киіп, от жағып, ет асысып, бауырсақ пісірісіп тызақтап жүріп, кең жайылған мол дастархан дайын болды. Келген тойшылар бізге таңдана тамашалап, сырымызды білгісі келіп тамашалап, тесіле қарап, әр қимылымызды бағып жапырлай амандасып:  

–  Я, қонақтар қадамдарың құтты болсын! «Қашқын» деген дүбірлерің жер жарады. Өз кейіптеріңе қарасақ кәдімгі өз балаларымыз сияқты бала көрінесіңдер, қай жерлерің «қашқын» деп күдіктерін күлкімен жеткізгендері де болды. Жас-жасымен төрге қарт аталар, одан соң қазан жақтың жоғарғы төрге жақын орынға апалар, оң жақтың жоғарғы шеніне ағалар, жалғас жеңгелер, төмен таман қыз келіншектер, жастар орналасты. Көпшілікке шай құю үй иесі Дәмен, Көксегеннің әйелі Нұрсипа, Бәйтілдің әйелі Зейнептерге жүктелді. Бізді жастардың ортасына отырғызды. Шай қымыз ішіліп, құрт-ірімшік, жұмсақ ақ ірімшік, ыстық бауырсаққа майды жағып жеп, гу-гу әңгімемен той қызығы қыза бастады. Әшім асаба той бастап, Кәп екеуінің бала күннен бірге өскенін, Ұланбатыр қаласында жоғарғы оқу орнында бірге оқығанын, екеуі бірігіп талай той думанды бірге өткізіп, бозбалалық қызық күндердің естен кетпес қызық-шыжығының куәсі болғанын, әсірелеп соқты. Сол күндердің айтулы оқиғасы: әрбір тойда Әшім күресіп, күрескенін жығып, балуан атанып, Кәп университет қабырғасында да өлең шығарып ақын атанып екеуінің де жақсы аттары шығып тастары өрге  домалағанын жырдай ғып айтты. Әсіресе «жігітті ел мақтаған қыз жақтайды» дейді ғой дана халқымыз. Өзгеге дес бермейтін екі ақын қыз бар еді. Олар да біздің ат-атағымызға қарап кезігіп қалған бір тойда бізді қағытып айтысқа шақырды. Біз тартынамыз ба? Сен тілесең, біз сұраған деп айтыса кеттік. Көп ешкімді бетқаратпай еркінсіп алған қыздар да ет жүректі пенде емес пе қобалжыңқырап біріне-бірі қарап өлеңді бастады:

Мінгенім дәйім менің қарагері,

Шығады қиналғанда ащы тері.

Бізбенен айтысатын жігіт болса,

Кәнеки айтысуға шықсын бері, – дегені. Біз де тартынамыз ба, Кәп те өлеңді бастай жөнелді:

Өлеңді айт деген де ағытайын,

Әзіл айтып қыздарды қағытайын.

Әптігіңді басайын бойжеткендер,

Ақынмын деп алқындың думан сайын,

Әни алуан,

Сөзің жалған.

Айтысқаның ақын Кәп

Әшім балуан-ау, – дегенде еркінсіген қыздар қысылып дабырлап қалған деп өздерінің өмір жолдарын баяндады. Бұл ауылдар Моңғол ішіне келіп 15-20 жыл мекендеп қалған, айтысатын адам аздау екен. Маған да өлең айт деп қысады, мен де қарап қалмай:

 

Өлеңді айт дегенде ағылайын,

Ел жұртым алыс қалған сағынайын.

Ағайын ортаңызға жаңа келдім,

Өлеңді мұнда айтпаған не қылайын?

 

Ата-анам ағайыным қалды алыс,

Сөкпеңіздер аяқты бассам шалыс.

Өмір өлім белдескен белден астым,

Жер түбіне жеткізген жігер, намыс.

 

Арман алыс ұмтылдым құлаш сермей,

Талантың талықтырмас өрге өрлей.

Қиямет қиын-қыстау қинар жанды,

Қыздың жолы жіңішке қыл көпірдей.

 

Баяннұр жерім-ай!

Сағындым елім-ай!

 

Арықарай айтуға сыздап тұрған жараның аузы ашылып кетердей даусым да барлығып, кірпігіме күміс шық келіп кетті. Тойға жиналған халық «қашқын» қайтер екен дегендей бақылап отыр еді. Мына өлеңді естіген соң, олар да ет жүректі пенде ғой, кейбіреулері көңілі босап кірпіктеріне тамшы ілді. Өйткені біреуінің ата-анасы, біреуінің баласы алыста жүр ғой.

Табақ-табақ ет тартылды. Бата айтылып, ет желінді. Бәйтіл, Шапайлар да бірер ауыз өлең айтып тойды тұжырымдады. Той тарады. Тойшылар бізді ауылына шақырып кетті. Саяси сауатты, ел тынысынан хабардар Қасым ағай тойдың соңында қалып Әшім, Кәп үшеуі біздің өмір жолымызды, келешегімізді кеңесіп біраз отырды.

(жалғасы бар) 

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар