///

Демократиялық қоғамның негізгі элементі. Қоғамдық қатысу деген не?

4591 рет қаралды

Қоғамдық белсенділік деген ұғым ше?

Бұл қарапайым тілмен айтқанда, халықтың оның мүддесіне қатысты мәселелерді шешуге қатысуы.

Әлемдік тәжірибеде қоғамдық қатысу – бұл демократиялық мемлекеттің ажырамас, негізгі элементі деп танылады.

Біздің елімізде  кез келген азамат, я бастамашыл топ әлеуметтік сұрақты, мейлі экономикалық, қаржы, құқықтық саладағы мәселелерді шешуге ат салысқысы келсе, мұны жүзеге асыру үшін не істей алады?

Осы және басқа да сұрақтар көп азаматтарымызды алаңдатып жүргеніне бір жағынан қуанып, енді бір жағынан бұл сұрақтардың тууы ақпараттың жетіспеушілігі салдарынан ба деп, қоғамдық қатысу, жалпы азаматтық қоғам саласына шолу жасау дұрыс деп шештік.

Ең алдымен қоғамдық қатысу ҚР заңнамалық актілерінде қалай анықталынатынын қарайық.

Конституцияның 89-бабында «Қазақстан Республикасында жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғын халықтың өзі шешуін қамтамасыз ететін жергілікті өзін-өзі басқару танылады.» делінген. Ал жергілікті өзін-өзі басқару – бұл қоғам мен билік органдарының мүдделерді келістіру механизмі деп есептеледі.

«Қоғамдық қатысу – бұл халық пен мемлекет арасындағы өзара әрекеттестік. Және ол әр түрлі жолдармен жүзеге асырылады. Ең бастысы – бұл мемлекеттік органдар қызметінің транспаренттілігі, яғни ашықтығын қамтамасыз етуі. Барлық шешімдер азаматтар үшін маңызды, пайдалы, теңдей болуы керек», – деп Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті Төрағасының орынбасары Гүлбара Бекетқызы қоғамдық қатысуды классикалық тұрғысынан түсіндірді.

Гүлбара Бекетқызы баяндағандай, Қазақстанда қоғамдық қатысу әр түрлі механизмдер арқылы жүзеге асырылады:

Біріншіден, әр азамат  мемлекеттік органға сұрау салу арқылы ақпаратты алады. Яғни жеке адам  өзі осылай қатыса алады. Бұл «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңымен қамтамасыз етіледі. Әрі әр азамат өтінім жаза алады. Сонымен қатар диалогтық алаңдар бар. Тағы бір механизм – бұл қоғамдық кеңестер. Олар республикалық және жергілікті деңгейге бөлінеді. Республикалық деңгейде министрліктер, агенттіктер қарамағындағы кеңестер. Қазір квазимемлекеттік секторда да кеңестер құрылып жатыр екен. Ал жергілікті қоғамдық кеңестерге аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегілер жатқызылады.

Гүлбара Бекетқызы бөліскен мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша Қазақстанда 237 қоғамдық кеңес қызмет етеді. Соның ішінде республикалық деңгейде – 21, жергілікті деңгейде 216 қоғамдық кеңес бар. Квазимемлекеттік секторда 13 қоғамдық кеңес құрылуы жоспарлануда.

 ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕР ҚҰРАМЫНЫҢ КЕМІНДЕ ҮШТЕН ЕКІ БӨЛІГІ ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІНЕН ҚҰРАЛУЫ ТИІС

Қоғамдық кеңестер жұртшылықтың қатысуымен мыңнан астам қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша мониторинг жүргізген (соның ішінде: жолдардың, мемлекеттік қызметтердің, тұрғын үй құрылысының, қоғамдық көліктің сапасы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағаларының қалыптасуы). Ал қоғамдық кеңестердің бастамасымен ұйымдастырылған тыңдауларда 1500-ден астам маңызды мәселелер қарастырылды (медициналық қызмет, сумен қамсыздандыру сапасы,  санитарлық эпидемиологиялық қолайлылықты жақсарту, білім беру сұрақтары және т.б.).

«Integrity Astana» ЖММ басшысы, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрғалиев Жанат мырза кеңестегі өзінің қызметінің кейбір жайттары жайында әңгімеледі.

Оның әңгімелеуінше, қоғамдық кеңестердің басты міндеттері – бұл халықтың мүдделерін,  үміттерін мемлекеттік органдарға жеткізу, қоғамдық мониторинг жүргізу және нормативтік құқықтық актілерді қарастыру. Алайда, кеңес мүшелері осы міндеттерді іске асыру барысында кейбір кедергілерге де кезігеді екен. Мысалы, әкімдік материалдарды қоғамдық кеңестің отырысына 1-2 күн қалғанда жіберсе, әсіресе, бюджетті нақтылау болса, оны жөнді қарастыруға уақыт болмайды, сәйкесінше жұмыс сапасы төмен болатын көрінеді. Сонымен бірге Жанат мырза өзі зерделеп жүрген жоба туралы ақпаратпен, өткен оң аяқталған кейстермен бөлісті. Қазір қарастырып жүрген жоба – бұл Нұр-Сұлтан қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту үшін ат спорты кешенін салу жобасы. Оның пікірінше, осыншама қаражат жұмсамай-ақ, арнайы ғимаратты жалға алуға болатын да еді. Жанат мырзаның айтуынша, қажеттіліктерді бағалау жұмысы шынайы болуы керек. Өйткені бюджет нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс.

Қоғамдық кеңес құрамы үкіметтік емес ұйым өкілдерінен, саяси партиялар, кәсіподақтар, БАҚ, жергілікті қауымдастық өкілдерінен, қоғамдық пікір көшбасшыларынан, қоғамдық қайраткерлерден тұрады екен.

«Қоғамдық кеңестер туралы» заңға сәйкес кеңестер құрамының кемінде үштен екі бөлігі қоғам өкілдерінен құралуы тиіс.

«Келешек – жергілікті қоғамдастықтарда» деп Гүлбара Бекетқызы ерекше атап өтті. Қазақстан Президенті де өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында осы қоғамдастық жиындары мен жиналыстардың мəртебесін арттыру қажет екенін атап көрсеткен. Дәл сол Жолдауда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу керектігі туралы атап өткен еді. Тұжырымдаманың әзірленген жаңа жобасында, inbusiness.kz порталының мәліметіне сенсек, биылғы жылдың ІІ жартыжылдығынан бастап, 2025 жылға дейін 2 045 әкім қайта сайланатыны, ал ауылдық округтерде «Кеңес» атты жаңа өкілетті орган іске қосылатыны айтылған (Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиев мырзаның хабарлауынша).

Сондай-ақ, әр азамат қоғамдық мәселелерді шешуге өз өкілеттігін үкіметтік емес ұйымға, саяси партияға беру немесе бастамашыл топқа қосылу арқылы да жүзеге асыра алады. Я болмаса, өзі жеке қоғамдық белсенді ретінде де өз идеяларын іске асыру мүмкіндігі бар. Екі жағдайда да іске асыру механизмдерін білмесе, жергілікті азаматтық орталыққа бару, өз пікірін айуына болады. Ол жерлерде қандай мүмкіндіктер мен қызметтер ұсынылатынын анықтау үшін елордадағы азаматтық бастамалар орталығына барып қайттық.

Орталық басшысы, «КАМЕДА» қоғамдық қорының директоры Еспенова Махаббат Махсұтқызы азаматтық орталық ұғымымен, оның функцияларымен таныстырып өтті.

Оның сөзінше, бұл орталыққа жеке тұлғалар және заңды тұлғалар (әсіресе азаматтық қоғам институттары) кеңес алуға келе алады. Қандай ұйымдар? Мысалы, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін ұйымдар, АИТВ жұқтырған адамдар одағы, туберкулезді  алдын алу бойынша жұмыс істейтін ұйымдар, жануарларға көмек көрсететін ұйымдар және тағы басқалары. Ал жеке тұлғаларға келсек, орталыққа белсенді, әлеуметтік сұрақтарға жанашыр адамдар да жолығады. Оларды алаңдататын мәселелер, мысалы, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі, тұрғын үй мәселелері, қаланы тазарту және т.с.с.

«Мемлекет міндетті, мемлекет істеу керек дейді адамдар. Әрине, сөзсіз, мемлекет салық жинайды, ол салық бізге мемлекеттік қызметтер түрінде қайтарылады. Алайда кез келген мемлекет негізі – адамдардың өзі. Біздің мінез-құлқымызға біздің мәдени кодымыз тұтастай тәуелді. Әуел бастан қазақ халқының барлық дәстүрлері бастамаға негізделген. Мысал ретінде өзіміздің асар бастамасын да айта кетуге болады. Азаматтық орталықтар осы бастамаларды жүзеге асыруға жәрдемдеседі. Жеке және заңды тұлғалар біздің орталықта кеңес, әр түрлі оқыту қызметтерін ала алады, өздерінің іс-шараларын өткізу үшін үй-жайды тегін қолданыла алады», – деп бөлісті Махаббат Махсұтқызы.

Бюджет саласындағы зерттеуші, маман Ғалымжан Оразымбет қоғамның бюджетке қалай қатыса алатынын айтып берді. Оның сөзінше, бірнеше механизм бар, соның ішінде: жергілікті бюджетке қатысу, бюджет  мәселелері бойынша сұрау салу, бюджет шығындарын сатып алу порталындағы лоттарды зерделеу арқылы бақылау, publicbudget.kz сайтында орналасқан бюджеттерге пікір қалдыру. Сонымен қатар бюджеттің төртінші деңгейі туралы тақырыпты да қозғадық. Ғалымжан мырзаның пікірінше, ауылдың дербес бюджетінің болуы өте жақсы жайт. Алайда заңнамалық негізін жетілдіру қажет.

Қатысу бюджетінің егжей-тегжейін Жанат Нұрғалиев түсіндірді. Оның айтуынша, бюджетке қатысу – бұл бір үйдің тұрғындары өз ауласын абаттандыруды мақсат етіп, аудан әкімдігінің жариялаған конкурсына өтінім беріп, сайтта дауыс беру кезеңінде көпшілік дауысын жинап, жобаларының аудан әкімдігінен қаржылануы.

Қатысу бюджеті жыл сайын белгілі бір мерзімде өтеді. Нақты шарттары елорданың аудан әкімдерінің сайттарында жазылған. Жоба барлық аудандарда іске қосылған. Алайда, Жанат мырзаның айтуынша, тек Сарыарқа мен Есіл аудандары анағұрлым белсенді көрінеді. Айта кету керек, Қаржы министрінің өткен жылғы бұйрығында халық қатысатын бюджет республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда және астанада іске асырылатыны жөнінде жазылған.

ҚАТЫСУ БЮДЖЕТІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ? ОҒАН ҚАЛАЙ ҚАТЫСУҒА БОЛАДЫ?

Қатысу бюджеті алғаш рет 2019 жылы пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданында эксперименттен өтті:

«Көбінесе қойылатын сауалдардың бірі – бұның маған не керегі бар? Мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігі әр уақытта азаматтардың бір проблемасын шешуге бағытталған. Азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтің бір түрі. Ол, мысалы, Сіздің, балаңыздың денсаулығына, білім алуына немесе аулаңызды абаттандыруға жұмсалатын қаржы болсын, Сіз оны қадағаламасаңыз, оның салдары – сапасыз аула, сапасыз медициналық қызмет, сапасыз білім болады. Мұның барлығы бір-бірімен тікелей байланысты», – деп Ғалымжан мырза сөзін қорытындылады.

Сонымен бірге, Гүлбара Бекетқызы атап өткендей, Үкiмет жанындағы комиссиялар, кеңестер мен консультативтiк-кеңесшi органдар да бар. Олар Үкiмет құзыретiне жататын мәселелер бойынша ұсыныстарды талдап жасау үшiн құрылады. Бұл консультативтiк-кеңесшi органдардың шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады.

Тағы ескере кететін механизм – бұл кез келген азаматтың Ашық НҚА (нормативтік құқықтық актілер) порталындағы заң жобаларын талқылауға өз пікірін қалдыру арқылы қатысу. Портал қызметкерлерінің («Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ) бөліскен мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын порталдағы заң жобаларының санымен қатар халықтың пікір қалдыру арқылы белсенділік танытуы өсіп келе жатыр (суретте).

Негізі, қоғамдық қатысу әркімнің өз үйінен басталады. Үйіңізде құбыр жарылып, аулаңыздың халі нашар, есік алдында қарапайым жарық жүргізілмесе, Сіз ондай мәселені дереу шешуге тырысасыз. «Бұрын мәселені шешу ауыр болатын. Өйткені ол кезде тек ПИК немесе ЖШС болды», – дейді Гульвира ханым.

Респонденттеріміздің бірі Гульвира Абетова, қазір қызу талқыланып жатқан тақырып – ПИБ, яғни пәтер иелерінің бірлестігі жаңа ұғымы туралы біраз ақпарат берді. Гульвира ханым – “IQAMAL” дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қауымдастығының президенті. Оның айтуынша, қазір ПИБ-ке көшуді қалалық сервис – ПИБ орталығы жеңілдетеді. Бұл орталықта «бір терезе» принципі бойынша бірнеше қызметті алуға болады. Орталықта кез келген ПИБ-ке көшеміз деген шешім қабылдаған бастамашы тұрғындарға басынан аяғына дейін тегін көмек көрсетіледі. Әзірше орталықтың осындай түрде көмегін алған 65 ПИБ бар екен. Сонымен қатар орталық жұмысындағы тағы бір құрал – WhatsApp қосымшасында арнайы чат жұмыс істейді.

Сұхбаттардың соңында сарапшылардың басым бөлігіне «Соңғы 10-жылдықта қоғамдық қатысу, белсенділіктің динамикасы байқала ма?» деген сұрақ қойылды. Респонденттер жыл сайынғы азаматтардың белсенділігінің өсуін бірдей белгілеп өтті.  Гүлбара Бекетқызы атап өткендей, қоғамдық қатысу – бұл екіжақты процесс, мемлекет үшін де, халыққа да – екі жаққа бірдей жауапкершілік. Мемлекеттік органдар халыққа көрсетіп жатқан қызметтері туралы ақпаратты тарату каналдарын жетілдіру қажет. Ал азаматтар тарапынан процесстерге, бастамаларға қатысты қоғамдық белсенділік таныту керек.  Ал Гүлбаршын ханымның санауынша, алайда азаматтардың қоғамға қатысуының, жалпы белсенділіктің жеткілікті деңгейде болмауы – әркімнің өз қамын ғана ойлауы. Касиманова Гүлбаршын Жошыханқызы – қоғамдық белсенді, U3A kz басшысы.

Гүлбаршын ханым бөліскен мәліметтерге сенсек, U3A – бұл «үшінші буын университеті» деп аталатын дүниежүзілік аға буын қозғалысы. Бұл қозғалыстың мақсаты аға буынды, негізінен, зейнеткерлерді оқыту және ынталандыру. Қазақстанда Үздіксіз білім беру қоғамдық қоры бастауымен дамуда. Оның қатарында 100-ден астам зейнеткерлер бар.

«Президентіміздің «Еститін үкімет» ұраны маған өте ұнайды. Бірақ азаматтарды айта алуға үйрету керек. Мүмкін мектеп табалдырыған бастап үйреткен де дұрыс шығар», – деп Гүлбаршын ханым пікірін білдірді.

Жанар Байтілес

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері