///

Батырлықтың өлшемі адам өлтіру болды. Күмбез тұрғызу дұрыс па?

2417 рет қаралды

Көңіл көкейінен көшпеген, тарихи тас  жазбалардан өшпеген, халық жадында аңызға айналған деректерінің алаң-елең сұлбасы  қалған, қан кешіп жүріп мына жер, мына ел үшін бар ғұмырын арнаған батыр бабаларымызды, өз заманында ұлт жолында ұланғайыр іс тындырған аталарымызды түгендеп, олардың жатқан жерін түрлі тәсіл-әдіс, жан-жақты зерттеулер арқылы анықтап, «өлі разы болмай, тірі байымайды» тәмсілін ту етіп, қабыр, зират, бейіттерінің бар-жоғы білінбей жермен тұтасып кеткен жерге  белгі қою, күмбез орнату, қорған тұрғызып, ат-атағын әйгілеу қатарлы  жұмыстардың әр жерде, әр өңірде атқарылып жатқаны жақсы-ақ.

Кейінгі ұрпақ сол қасиетті орындарға барып бабалар басына тәу етіп, тағзым жасап жүреді дейміз. Жөн-ақ! Алайда сол киелі алқапты біз қалай құрметтеп жүрміз, сол жерде қазіргі жасап жатқан іс-әрекеттеріміз дұрыс па, бұрыс па  деген сұрақ туындайды. Мүмкін ойлайтын шығарсыздар, неге бұндай ерсі сұрақ қойылып отыр?  Қазір ғана сіз бұл іс-әрекеттерді «жақсы» деп атап өттіңіз ғой деп. Иә, атақты, әйгілі санаулы адамдардың жатқан орынын анықтау, табу құптарлық іс екенінде дау бар ма? Жоқ, әрине.  Қазіргі заманда жүргізіліп жатқан «Ата-бабамыздың» жер бетінен өшіп бара жатқан бейітін не күмбезін т.б. жаңалап жаңғырту ісі қалай жүргізіліп жатыр? Осыған көңіл қойып, ықылас танытып бұл ісіміздің жөн-жосықты екеніне мән беріп жүрек сүзгісінен өткізіп көрелік. Немесе ел қалай көшедінің кебімен келе жатырмыз ба?

Иә, біздің мыңдаған жылдық тарихымызда не бір аты да, заты да кейінгі ұрпағына үлгі, өнеге болатын, ұмытуға болмайтын қаншама аруақты адамдар жер қойнауында жатыр. Ал біздің білетініміз мұндағы заманның кейіпкерлері, ұзаса екі-үш ғасыр алдындағы аты айқын бабалар ғой. Ал оның алдында қаншама ғасырлар бұрын өр серпіп өткен Мөде текті бабалар бар ғой. Қазақтың Ұлы даласы үшін қаншама Ұлы майдандар, қанды соғыс, қаһарлы шайқастар болды.  Сол соғыстарда қаншама жаужүрек батырлар туды. Қара халқын қарық қылған хандар өтті. Олардың басының қайда қалғанын білеміз бе?

Қазақстандағы ең көне ескерткіш-мазарлардың бүгінгі күнге жеткенінің ең жасы үлкені Жезқазғанның солтүстігіндегі Кенгір өзенінің бойында тұрған Домбауыл дыңы дейді Ақселеу Сейдімбеков. Бұл дыңның лайы бие сүтіне иленген дейді. Бұл мазар кімге, қай атамызға, қандай ерлік ісі үшін орнатылғаны нақты белгісіз болғанымен ел ішіне тараған аңыз-әпсаналарда оны Шыңғысханның түп атасы Домбауыл мерген деген жорамалдар көп аталады. Домбауыл әрі мерген, әрі керемет күйші болған кісі дейді ескі аңыз. Көне көз қарттар әңгімесінде айтылатын Домбауылдың шаңырағынан үнемі қобыз сарыны естіліп тұратыны жайлы әңгімелерден оның көсемсөзші, философ, ақыл-ойдың адамы болғаны деп жорамал жасауға болады.   Одан қалды Алаша хан мазары мен  Ахмет Иасауи кешенін атаймыз.   Содан бері қаншама ғасырлар өтті, қанша адамның басын түгендедік. Білсек атар едік, бәрін айтпағанның өзінде мұндағы Әз Жәнібек, Хан Керейлердің мазары жоқ, Хан Кененің қайда қалғанын білеміз бе?  Түп тамырымыз, оларды біз ес тұтып, ескеруге, естелік-ескерткіштер жасауға қақылымыз. Мына байтақ солардың арқасында ұрпағына аманатқа тапсырылғанын ұқтық! Сондықтан да жерленген жерін, жамылған киелі топырағын таппасақ та, атына сай ескерткіштер мен сынтас-стелалар тұрғызуға қақылымыз.

Солай болса да  қайда қалғаны белгісіз батырлар қабірін іздеп табушылар өрескел көбейді. Олардың көбісі зерделі көне көз қариялардың бірден-бірге жалғастырған ауыз екі айтулары және отарлаушы елдердің әскери құпия карталары бойынша анықталады екен. Жарайды, ата-бабамыздың жатқан жерін зор еңбек, күш-қайраттың нәтижесінде қайдан болса да тауып жатқаны құптарлық. Ата-бабамыз мықты болыпты, рас,  алайда олардың бәр-бәріне бір-бір мазар тұрғызу қаншалықты заманға сай, өркениетпен үйлесімді болады. Жарайды үлкен мазарлар мен күмбезді қорғандарды екінің бірі тұрғызып жатқан жоқ.  Дәулеті жеткілікті, әлеуеті көтеретін, жағдайы бар байлар салып жатыр. Әр бір қалталы байлар өз ауылының, ары барса өз руының аты да, заты да аңыз-әңгімелерде естілмеген бір-бір батырын тауып алып көк тіреген күмбезді мазарлар тұрғызса, ақын-жазушылары  тоқсан толғанып жыр, дастандарды былай қойғанда томдап-томдап романдар жазып айды аспанға бірақ шығарды. Мұнымен біз батырларымыздың даңқын, рухын асқақтатқаннан гөрі рухани жағынан құнын түсіріп алғамыз жоқ па деймін. Шет елден келген біреу айтты дейді ғой, «Қазақстанның шөбін көріп жегің келеді, қабырын көріп өлгің келеді» деп. Бұл сөз бекер айтылмаса керек. Демек біздің шөбіміз шүйгін, қабырларымыз сәулетті деген сөз. Небір әсем мешіт, салтанат сарайларға бергісіз көркем күмбезді мазарларды көргенде шынымен де сырт көз тұрмақ өзіміз таң қаламыз.

Сондай-ақ, батыр сөзінің түпкі төркіні, әуелгі мағынасы, бұрынғы мәні де өзгерді. Өзгерудің басы екінші дүние жүзілік соғыс жылдарында қалыптасты-ау деп ойлаймын. Осы соғыста көп жауды өлтірген адамды «Кеңестер Одағының (СССР – КСРО) батыры» деген атағымен марапаттады. Батырлықтың өлшемі адам өлтіру болды. Жүздеген, мыңдаған жау әскерін қынадай қырған немесе жаудың сан түрлі жойқын әскери техникасын әр түрлі айла-тәсілмен  жойған жауынгер қолбасшыларының  анықтамасы бойынша орден, медалдармен сыйланып, лайықты дегендері кеуделеріне бес бұрышты «жұлдыз» тағып, «батыр» деген ең жоғарғы наградаға ие болды.  Нәтижесінде жүздеген, мыңдаған батырлар, геройлар  туды. Сөйтіп, санамызда  «батыр» атауының тек қана қанқұйлы соғысқа қатысып ерекше ерлік көрсетуші деген  түсінігі,  жалаң, жаңғыз, бір мағынасы ғана қалыптасып, сегіз  қырлы, бір сырлы, кемел адамға берілетін толымды, салмақты сипаты төмендеп кетті. Бұл советтік батырлар мен кешегі Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ер Жәнібектерді салыстыруға бола ма?

Батыр сөзінің этимологиясы қос компонентті бағатұр деген сөз еді. Яғни ел мен жерінің бақташысы, бағушы иесі. Одан баһадүр, багатыр, баатар, батыр болып туындайды. Көшпенділер әулетінің тарихи-экономикалық жағдайына орай әр заманның қолбасшы, жолбасшы, көшбасшыларына тағайындалатын құрметті атақ. Ілуде біреуге берілетіні де олардың мың жылдық бұ пәнидегі мазарлары, жатқан орны  белгілі, көзден де, көңілден де өшпей халықпен бірге жасасатыны да сондықтан. Сол абыройлы атақтың құны кеткендігі сондай қазақтың екі долы қатынының бірі батыр туар дегенге дейін жеткіздік. Ол батыр мен бұл батыр тең бе? Отыз ғасырда тұрғызбаған мазарларды отыз жылда тұрғызып тастадық. Тұрғыздық та, тұрғызып та жатырмыз.  Мұнымен толас таппаспыз тұрғызатын да болатын шығармыз. Батыры көп елге айналдық. Қазақтың байтақ даласының әр төбесінің басында бір-бір мазар мен мұндалайды. Жапандағы жалғыз үй сияқты. Сонда бұлардың барлығы бақсы болғаны ма? Қазақ бақсы адамды айдалаға, басқа қорымдарға қоспай жеке дара жерлеген екен. Сол  бақсылар бейіті иен түзде құлазып, жападан жалғыз аңырап, сарнап тұрады екен. Ұлы Абай «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным»  дегенде өмірден баз кешіп, жалғыздық тартқан көңіл күйін айдалада аңырап қалған бақсы моласымен шенестіріп суреттесе керек.

Қазақтың батыры ортақ болса оның жатқан жері де ортақ емес пе? Батыр бабалар айдалада жападан жалғыз жатпауы керек. Олар қашан да қалың жұртымен бірге. Бұл  күнде олардың жатқан орны түсіп кеткен қорым, қабыр, бейіті бары-жоғы белгіз төбелерден, қойнау, қырат, жоталардан табылып жатыр. Ол жерлерді сыртынан қарап, жердің беткі бедерінен мұнда бұрын-соңды адам жерленген деп айтудың өзі қиындық тудыратын жағдайда басқа аруақтарды зар илетіп, бас-аяғынан аттап басып, ақ сүйегін ақтарып үстіне мазар салуымыз қаншалықты адамгершілікке сай дұрыс іс болады?! Керісінше сол орынға күн сөнгенше өшпейтін, жер қозғалса да қозғалмайтын аз көлемді аумақ алатын жетінші ғасырдан бері жалғасып келе жатқан Көк түркінің  Күлтегінінің  құлпытасы мен Тоныкөктің  көк тасындай биік стела, сындарлы сынтастарды орнату әлде қайда адами қасиетке сай болса керек.

Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі