///

Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл: Қаңыраған ауыл, иен қалған мекендер

4091 рет қаралды
фото: Ақжайық

Қазақстанның кең байтақ даласы – ауыл шаруашылық дақылдары мен төрт түлік малдың барлығын өсіруге таптырмайтын қолайлы мекен. Әрине жеріміздің көпшілігі шөл-шөлейтті аймақта орналасқанымен оны ғылыми тұрғыдан зерттеп оңтайлы қолданса ол сөз емес.

Бүгінгі күндері ауыл шаруашылығы еңсесін енді көтеріп, тәй-тәй басып келе жатқан баладай десек кемсіткендік емес. Қазақстан Совет одағы құрамында өз алдына дербес республика болып тұрған кездің өзінде Одақтық қорға млн-даған пұт астық,  тонналаған ет тапсырып отырғанын сол қоғамда дүниеге келіп, қатардағы қызметкер болған адам да, мансап иесі де сағынып еске алып отырғанын талай естіп, көріп жүрміз.

Әрине Одақ ыдырап колхоз-совхоздар енді өз алдына тіршлік ете алмайды деп  тоз-тоз қылып ыдыратып жіберудің қате болғандығы соңғы 20-25 жыл көлемінде толық дәлелденіп келе жатыр. Өйткені халық ас-су, тағамсыз отыра алмайды. Халықты жергілікті жерде өндірілген ауылшаруашылығы өнімімен қамту біраз мәселенің басын шешіп тастар еді. Сондықтан Қазақстан халқының хал-жағдайын, денсаулығын көтеру күн тәртібінен түспей келеді.

Өзім туып өскен Қызылқоға ауданы, Қарабау селосында сізге өтірік, маған шын ауыл шаруашылығы шын мәнінде өркендеп өскенін соңғы жағынан көре қалдық. Өзім туған ауылда Энгельс атындағы совхозда төрт түлік малдың барлығы өсіріліп, ол малдың бүкіл терісі, тұяғы, жүні, сүйегіне дейін кәдеге асып жатты. Ауыл халқы шынайы еңбек көрігінде шыңдалып, бірнеше Одақтық жүлделер мен марапаттарды иеленді.

Ауылда төрт түлік малдың жай-күйін күтіп-баптап отыратын бірнеше мамандар: зоотехних, мал дәрігері, шопандар және т.б. ауыл шаруашылық мамандары тұрақты жұмыс істеді. Сонымен қатар ауылда машина-трактор паркі, монша (саунасы бар), дәріхана, мал дәрігерлік дәріхана, ауа райын болжау орталығы (күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр),  кітапхана, спорт залы, кітапханасы бар үлкен мәдениет орталығы, кинотеатр, тіпті қалаға қатынас жасауға арналаған жеңіл авиацияға дейін жұмыс істеп тұрды.  Ауыл шаруашылық техникаларының бірнеше түрі, өртке қарсы техника, адамның күнделікті шаруашылық әрекетіне қажетті басқа да техникалар болды. Сол  Совет заманында өмірге келіп осы ауылымызды, ауданды, облысты ең ақырында бүкіл Республикамыздың өркендеп өсуіне үлес қосқан аға-апаларымыздың көпшілігі бүгінде бақилық болған. Көзі тірілері арамызда бар. Менің айтып отырған мысалымдағы бұл бір ғана ауыл,  осы шағын ауылдың өзі Республикаға қанша пайда келтіріп отырғандығын елестетіп көріңіз.  Ал мұндай ауылдар республикада мыңдап саналады, соның барлығы ортақ қорға тамшылатып үлес қосса мұхиттай болмай ма?

1991 жылы Совет одағының ыдырап, одан соң колхоз-совхоздардың тарауы осы шағын ауылға қалай әсер еткендігі де әлі есімде. Ауыл халқы пайға топырлатып мал алып, техника, ғимараттарды бөліске салып жатты.  Содан бастап ауылымыздың келбеті адам аяғандай күйге түсті. Күні бүгінге дейін туған ауылыма қатынап тұрамын. Сол Одақ кезінде ыдырамай  тұрған шаруашылық пен қазіргі кезді көрсем ішім күйіп, жаным ауырады.

Анда-санда жол түсіп ауыл жаққа бар қалсам ауыл халқының әр түрлі жағдайлармен күндерін өткізіп, әркім өз бетінше тіршілік етуде.  Әрине заманның ағымын ерте түсініп, шаруа қожалықтарын құрып кәсіппен айналысып кеткен ауылдастарымыз да бар. Бірақ олар көп емес. Олар қолындағы азды-көпті малын көбейтіп, өркендетейін десе біріншіден қаржы, екіншіден шаруаның жай-күйін білетін адам таппай жүр. Әрі мал бағудың өзі де бірнеше кешенді шаралардан тұратыны рас. Оның тұратын жерінен бастап өрісі, жайылымы, қорегі, суы, аурулары, одан кейін оны бордақылау, сою халық тұтынатын тауарға дейін жеткізу үшін бірнеше технологиялық процестерді қамтиды.  Мұның бардыңғы үлкен еңбекті, ұйымдастырушлық шеберлікті қажет етеді. Мұның барлығы еңбек. Егер осының барлығын Қазақстанның жоғарғы басшылығы қайта қарастырса, ауыл жастары жеткілікті жұмыспен қамтылып, тұрған жерінде отырып-ақ үлестерін қосар еді.

Ізбасар ҚАБИЕВ,

Атырау облысы

                        

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі