///

Бақытбек Бәмішұлы: Шыңғыс қағанның ханымдары

1568 рет қаралды

Соңғы кездерi жарық көрiп жатқан кейбiр шығармаларда Шыңғыс хан туралы шындықтың бұрмалануы, әсiресе оның отбасы төңiрегiнде өлiктiң көзiне үймелеген көкала шыбындай құжынап жатыр. Сондықтан да, Ұлы хаған Шыңғыс жайында оқығандарымыздан оның ана-әйелге көзқарасы, үй-iшi ханымдары хақында бiлгенiмiздi ұсынуды жөн көрдiк.

Шыңғыс ханның адами касиеттерiн қаралаушылардың кейбiрi асыл тектi бекзаттарды жаратқан, алтын ұрпақтың қасиетiн құрсағында сақтаған, “жаннат аналардың аяғының астында” деп пайғамбарымыз асқақтатқан ана атаулыға тiл тигiзiп, “Шыңғыс ханның түп атасы Боданшар туған шешесi Алаң сұлумен болды”– деп жерден жетi қоян тапқандай айғайлайды. Ханның болмыс-бiтiмiн зинақорлықпен шатастырып, тегiнен тексiз дегендi дәрiптеуге тырысады. Оны “Алтын шежiреде” айтылған кейбiр ағат пiкiрлердi  iлiп алып, дәлелдеп бағады. Ал, “Алтын шежiре” болса, “Моңғолдың құпия шежiресiнен” (1240 ж) кейiн  ХҮII ғасырда моңғолдарға будда дiнiн енгiзу етек алған тұста сопы Лувсанданзанның “Құпия шежiренi” көшiре отырып, моңғолдың тегiн үндi, тибеттен таратып жазған, қазiргi тiлмен айтсақ, аз да болса сол заманның саясатының салқыны тиген кiтап. Бұл туралы “Құпия шежiренi” ұзақ жылдар зерттеген, қадым тiлден қазiргi моңғол тiлiне алғаш нұсқасын түсiрген академик Ц. Дамдинсүрэн былай дейдi: “Алтын шежiреде” қате түсiнiп, жаңсақ өзгерткен, көшiргенде қате кеткен сөз-сөйлемдер көп кездеседi. (МҚШ Өлгий – 1979 ж, 12 б). Ұлы дала өзi тудырған сара мәдениетiнде әуелгi кезекте қыз балаға (күйме сайын қыз – МҚШ.), қала бердi әйел–анаға деген ешкiмге ұқсамас  құрмет үлгiсiн қалыптастырды. Бағасын арына балады. Бұл қалыпты ұлы хан да бұзып кете алмайды. Шыңғыс хан даКөк Тәңiрге алақанын жайып, тiлек тiлеп, Бұрқан халдун  тауына бас иiп, анасының алдында кiшiрейiп тұрды.

Хан бақсының шағыстыруымен iнiсi Қасарды ел бiрлiгiн бұзғаны үшiн (бiрлiк анасы Алуң сұлудың алтын сара өсиетi едi) жазаламақ болғанын естiген Өэлүн  шешей  күймесiн ақ түйеге жеккiзiп, түнi бойы жүрiп күн шығар кезде жетсе, Шыңғыс қаған Қасардың жеңiн байлап, тымағы мен бел-бауын алдырып қойып, тергеп отыр екен. Шешесi жетiп келгенде ұялып тұрып кетедi. Әбден ызаланған Өэлүн шешей  күймеден домалап түсiп, Қасардың жеңiн өзi шешiп, тымақ, белбауын алып бередi. Шыңғыс қаған шешесiнiң ашуын басу үшiн: “Шешем ашуланып келгенде мен қатты қорықтым, қатты ұялдым. Мен ендi бүйтпеймiн” дейдi. (МҚШ. 244 тармақ). Хан басымен анасының қарасын көрген жерде орнынан тұрып, құрмет көрсетiп, кешiрiм өтiнудiң  қатпарында хан бол қара бол қасиеттi анадан үлкен емессiң,   атақ даңқың асса да, анаңды сыйла деген асыл тағлымның   жатқанын жаңа ұрпаққа жаңғырта көрсету ләзiм.

Және бiрде шатағы мол, алдым-жұлдым Шағатай ағасы Жошыға меркiттен тууы мүмкiн екенiн айтып қалғанын iлiп  әкеткен Хөхөчос “асыл туған анаңның бал жүрегiн мұздаттың, маңсұқ етсең анаңды, мәңгi көңлiң қаранды, ақылы дария телегей, асыл күндей бiрегей, ханым туған анаңды қапа етiп жүрмегей” (254–255 тармақ) демеушi ме едi. Бұл, Хөхөчос ақынның аузымен айтылған алтын күндей бiрегей– ханым–ханның бәйбiшесi Бөртенiң бiтiм–болмысы мен  жан дүниесiне берiлген баға, мiнездеме екенiн аңғару қиын   емес. Мұндай мiнездеме бүгiн емес, хан қайтыс болғаннан кейiн, ары-берiсi оншақты жылдың iшiнде орданың iшкi-сыртқы құпиясын, жай-жапсарын жете бiлетiн ханның  адал да, ақылды қабылеттi қызметшiсi берiп отырса ше? Шыңғыс хан да пенде, сондықтан да, ол адами бақыттың бәрiне мүдделi. Ол өзiнiң ат үстiнде өткiзген алпыс алты жасына дейiн ұлдарына қыз айттырып, ұрын жiберiп келiн түсiрсе, қыздарын атастырып, қалың алып, ұзатып, күйеу келтiрiп, ежелден жалғасқан ата салт-дәстүр бойынша салтанат құрғаны рас.

Бiр жылдары Шыңғыс хан ұйғырдың Идүүд деген ноянына ұзатылған туған қызы Алалтұң бегiмдi аттандырып тұрып   былай дептi: “Ханым кiсiнiң үш күйеуi болады. Алғашқысы – алтын тақ (мемлекет), одан кейiнгiсi – адал ат (ары) болса керек. Ақырғысы – алған жарың екен. Алтын тақты тағатты тұтса адал келедi. Адал атты бекiтсе, алған жарың алшақ кетпес”. Хан жарлығындай жарқын өсиет. Туған қызына  осындай биiк талап қойған Шыңғыс ханның ендеше, қатындары (ханымдары) қандай болу керек едi. Хатын (ханым)   деп қандай әйелдi атаған, олар кiм болған? Ендi осы сауалдарға жауап iздеп көрелiк.

Жалпы Моңғол империясын орнатып, жаһанның жартысын иеленген ұлы хан туралы жазылған ең алғашқы құнды еңбек – “Моңғолдың құпия шежiресi”. Ал, онан кейiн Шыңғыс империясының саяси құрылымы, оның iшкi-сыртқы саясаты, мәдениетi мен ханның түп-тұқияны туралы жазылған дүниелердiң өзi ондаған томға жетсе керек. Соның барлығы Шыңғыстың отбасын, ошақ-қасын айналып өте алмапты. Әрине, жеке тұлға туралы әңгiме болған жерде оның тағдыр-талайына, атақ–даңқына, абыройына үй-iшi, бала-шағасы мен бауыр-қарындастарының да белгiлi дәрежеде ықпал етерi заңды. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда әр елдiң зерттеушiлерiнiң көптiң назарына жеткiзгенiндей Шыңғыстың 300, 500,3000 қатын, салық әйелдерi болған деймiз бе? (Б. Ян “Чингис хан” деген еңбегiнде 300, Рашид-ад-дин “Шежiре” кiтабында 500, ал И. Ясушидiң “Бөрте чоно” туындысында 3000 делiнген). Шыңғыс ханның Бөрте апамыздың қатарыннан орын берген қандай хатындары болды? Санаң сарсып, санап таусылмас қалың әйелге қалай иелiк еткен, бұл дұрыс па, бұрыс па? Үш мың әйелдiң әрқайсысына бiр соғып кету үшiн кемiнде он жыл керек емес пе?

Осындай күмәнды да күдiктi сұрақтың астында тұрып, мына бiр жайды еске түсiргенiмiз жөн. Арғы-бергi тарихтың айтуынша, мемлекеттiк мәнi бар салтанаты үлкен жиындарда ханның оң қапталында ханымдары мен балалары, аға-бауыр, туған-туысқандары, сол қанатын мемлекеттiк басқару iсiндегi, атақ-шендi лауазымды адамдары иеленiптi. Осы тәртiппен   ордалары мен орын жайларын орналастырып отырған екен.  Сонда деймiз ғой, Шыңғыс хан 3000 емес, 300 қатын алған күннiң өзiнде оның оң қанаты көш жерге созылар едi ғой? Хан қатарына соның барлығы тұра алған ба, тұрмаса неге  барлығы ханның қатыны аталған.

Бас-басына би болып бытыраған қалың ұлыстың өзара   қырқысын тиып, бiр тудың астына жиып, бүтiн мемлекет құрып, оның құқықтық заң-ережесiн, жора-жосынын жасап, тәртiпке келтiрген Ұлы ханның бар күнi қатын алумен, олардың қалауын табумен, қынжылыс-кикiлжiңiн реттеумен өткен бейшора етiп дәрiптеу, ханымдарынан ханға қарсы жау жасау ақылға қона ма?

Орта ғасырдың жылнамаларына көз жүгiртсек, “хатын” деп, яғни бiзше “ханым” деп тәңiр тектi ақсүйек әулеттен шыққан кiсiнiң ресми жары, ұрпақ тудырып, оның үрiм-бұтағын жалғастырушы, әрi тәрбиелеп өсiру мiндетiн арқалаған,  мемлекеттiк iс жүктеген  ерiне адал, ақыл-парасаттылығымен үлгi болар, өле–өлгенше ақсүйектiк ерiк-еншiлерiн иеленуге тиiстi адам екен. Егер, ерi қандай бiр соғыста жеңiлiп қалған болса, сол әулет түгелiмен – қатын, бала-шаға, жерi, мал-мүлкiмен жеңiмпаздың иелiгiне өтетiн, асыраушысынан айырылған ақсүйек әулетiн далаға қаңғытып тастамайтын бiр дәстүр берiк ұстанылған. Шыңғыс хан Найман елiнiң Таян ханын жеңген соң, (196 тармақ) оның шешесi Гүрвэсү ханымды алды дейдi.  Бiрақ, салт бойынша хан ханның  ханымын алуға тиiстi едi. Бұл жерде салт-дәстүрге сайсақ, “асырауына” алғандығын айтса керек-тi. Демек, сол заманда ақсүйек әулетiн мазақ етiп, әйелдерiн қорлау арсыздық болып саналатын болған десек ақиқатқа жақындау болмақ. Мәселен, Меркiттi иеленiп Тоқтабектiң үлкен ұлы Хұдудың зайыбы  Тухай мен Дөргөнэсiн Өгедейге бередi. (198 тармақ). Мұны да Өгедейдiң асырауына, қарамағына қалдырды деп қараса әдiл болар едi.   Олай болса, Шыңғыс ханның пәленбай мың қатын алуы – ол өзiмен үзеңгi қағысарлықтай, тең түсерлiк дәрежедегi соншама хан, ноян, т.б. ақсүйек әулетiн жеңiп, олардың ханымдарының әулетiмен Шыңғыстың иелiгiне өткендiгiн сипаттайды деп қарау негiздi болмақ. Егер, иелiгiне  енген елдiң хан не болмаса ақсүйектiң қатынын ұлы ханның әйелi деп тану керек болса, ол құрылтайда қаралып, алтын    ұрықты, тектi тұқым–жұрағатына тигiзер әсерi және хағанның қауiпсiздiгi мен мемлекет саясатына сәйкесетiндiгi жан-жақты таразыланып отырған.

Шыңғыс хағанның бәйбiшесi тоғыз жасында әкесi Есукей ертiп барып, ереуiл атын белдеуiне байлап атастырған қоңыраттың Дэй шешенiнiң қызы Бөрте–үжин (үжин – көне түркi тiлiндегi саф алтындай таза, пәк деген ұғымды беретiн “өзүк” сөзiнiң түрленуi болуы мүмкiн.  Қараңыз. М. Қашқари “Түрiк  сөздiгi” Алматы, 1997 ж, 100 б.) екенi баршаңызға аян. Бөрте анамыздан төрт ұл, бес қыз туады. Кейiн осы төрт ұл   Шыңғыстың негiзгi мұрагерлерi болған. Бөрте апамызды зерттеушiлер сұңғақ бойлы, аршын төс, аққұба жүздi болған деседi. Ал, қыз әкесi Дэй шешен де Есүкей құда түсiп келгенде:

Мәртебелi ұланның,

Мәңгi бақи қыранның

Алғыншағы етемiз… (64 тармақ), жиеннiң мысына қызымның дидары дөп келер деуi, мәпелеп отырған кiшкене қызына берген әке бағасы. Осы Бөрте Ұлы ханның өле-өлгенше айнымас жары ажырамас қосағы болады. “Ожар денең оқыс болса, отаныңды отамай ма” (145 тармақ) деп әрдайым оң жағынан табылып отырады.

Шыңғыстың  екiншi ханымы татар Чэренгiнiң қызы Есүген едi. Одан бiр ұл, екi қыз болды дейдi шежiреде. Ал, үшiншi ханымы Есүгэнге аталас туыс болып келетiн Есүй сұлу. Ханның Есүйдi қалай алғандығы, оның сұлулығы, ханымдар қатарынан қалай орын бергендiгi жайды Моңғолдың құпия шежiресiнде толық баяндалады. (155 тармақ). Есүй үш бала туады. Хан дүниеден өтерде қасында болып, ақыл өсиетiн тыңдап, басын сүйеген адам осы Есүй ханым екен.

Шыңғыс ханның төртiншi алған әйелi меркiттiң ақсүйегi Дайыр ұсұнның қызы – Құлан. Одан бiр ұл, бiр қыз туады. Жорықтарда хан қасында көп болған ханымның бiрi осы – Құлан сұлу. Құланнан туған Хөлгөннiң төрт баласының үлкенi Хүчээ ноян кейiн мұрагерлiкпен жоғары лауазым атқарған тарихы бар. Әр жердегi әртүрлi деректi топшылай келгенде жалпы Шыңғыстың төрт әйелiнен 14–16 бала болған деп  көруге болатын сияқты. Мiнеки, Моңғолдың құпия шежiресiнде Шыңғыс ханның қатындары (ханымдары) деп хатқа түскенi осы төртеуi.

Шежiренiң 248 тармағында Қытайдың билеушiсi Алтын хан өзiн жаулап келе жатқан Шыңғыс хағанның алдынан мол сый-сияпат пен туған қызын тарту етiп жолдайды. Бұны Шыңғыс хаған ұйғарып, әскерiн шегiндiредi.  Сол арадан ол Тангут елiне аттанады. Оның билеушiсi де Чага деген қызын ханға әкеп бередi. Осылардың барлығын зерттеушiлер ханның қатыны дейтiн көрiнедi. Бiрақ, оларды  ханның қатыны болғызып, таққа көтергенi еш жерде айтылмайды. Ханның төрт қатыны және балалары туралы екi жерде атап өтетiн “Алтын шежiреде” де әлгi әйелдер жөнiнде бiрде бiр мәлiмет жоқ. Керiсiнше, осы кiтапта Бөрте ханымның үлкен ордасы – Гүрүй орда, Құлан ханым ордасы – Бар (Барыс), Есүй ханым ордасы – Ширгацайн (Шырғасай),  Есүгэн ордасы – Хамтдах (Қамтыдақ) (“Алтын шежiре”,Алматы, 1998 ж) деп аталған. Ал әлгi дабыра қылып жүрген пәленбай мың әйелдiң бiреуiнiң не аты-жөнi ескерiлiп, Шыңғыс қағанның өмiрiндегi иеленген орны, ханға қарсы қиянаты жайлы жылт еткен дерек болмайды. Демек, ханның қатыны дәрежесiне көтерiлген осы төрт әйелiнен басқа әйелдiң болмағаны. Ал, ханымдардың отанына, отының басына, арына адал, ханым деген мәртебелi атқа лайық болғаны. Әрине,   олар алған жарына адал болу, алтын төрiне – мемлекетiне адалдық екенiн жақсы сезiнген деп ойлаймын. Ұлы хан Шыңғыстың тағдыр–талайын шынайылықпен көрсеткiсi келген кiмде кiм үшiн бұл өзгермейтiн қағида.

Шыңғыс қағанның жадындағы ғұмыры бiткен күнге дейiн жанын қинаған жалғыз жары – мемлекетi екенi қасы да, досы да кiналай алмас – ақиқат.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері