///

Көпбалалы отбасылар балаларын үйірмелер мен спорт секцияларына беру мәселесін қалай шешіп отыр?

2325 рет қаралды

“Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп отырған балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, үйірмелер мен спорт секцияларына беруге ата-анасының мүмкіндігі жете ме?” деген сауал төңірегінде ізденіп көрген едік.

Балаларын жан-жақты дамытуды мақсат тұтқан бес баланың анасы Феруза бұл мәселені қоғамдық бірлестіктер ұйымдастырып отырған тегін үйірмелер есебінен шешіп отыр. Ферузаның үлкен ұлы Сарман мен екінші қызы Іңкәсжан «Былғары доп» қоғамдық бірлестігі өткізетін футбол үйірмесіне қатысады. Көпбалалы отбасына екі бірдей баласының үйірмеге тегін қатысуы айтарлықтай көмек. Өйткені бұл отбасында қазір жолдасы ғана жұмыс істеп, табыс табуда.

Феруза, көпбалалы ана:

Көп балалы ана Феруза

– Бұл футбол үйірмесі туралы уатс-апптағы көпбалалы аналар ашқан чатқа жіберілген хабарландырудан білдім. Дереу көрсетілген нөмірге хабарласып, үлкен балам Сарманды жаздырып қойдым. Баламның жаттығуын көріп, екінші қызым Іңкәсжан да осы үйірмеуге қатысқысы келді. Қазір екеуі бірге жаттығып жүр. Мұнда қант диабеті диагнозы қойылған және туабітті кемістігі бар балалар да келеді. Балаларға осындай қамқорлық жасап жүрген Юрий Евгеньевичке алғысымызды білдіреміз.

Осы орайда, «Былғары доп» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, жаттықтырушы Юрий Цыпленковпен аз-кем тілдесудің сәті түскен еді.

Юрий Цыпленков, «Былғары доп» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, жаттықтырушы:

– Өзім де мүгедектігі бар баланың әкесімін. Кезінде балам спортпен айналысқысы келгенде, ешбір спорт секциясы оны қабылдай қоймады. Өзім тренер болғандықтан, бастапқыда өз балаларымды жаттықтырғым келмесе де, балам қалап тұрған соң, оны өзім жаттықтыра бастадым. Сол кезден бастап туабітті кемістігі бар балалар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларын тегін жаттықтыратын спорт секциясын ашу туралы ой келді. Ойымыз өткен жылы ғана іске асып, «Былғары доп» қоғамдық бірлестігін құрдық. Бірақ қазір мүмкіндігіміз жүз баланы ғана қамтуға жетіп отыр. Ата-аналар тарапынан баласын бізге беруге тілек білдіргендер көп болғанмен, одан артық баланы қабылдай алмадық. Біз балаларды футболдан неміс орталығы әзірлеген бағдарлама бойынша жаттықтырамыз. Сондықтан ата-аналардан баласын жаттығудан қалдырмауды, керек-жарағын түгендеп беруді талап етеміз.

Алматы қаласының тұрғыны Әйгерім Ахметова да бес баланың анасы. Он төрт жастағы үлкен ұлы айына он сегіз мың теңге төлеп, жүзуге; он үштегі екінші ұлы айына он бес мың теңге төлеп, боксқа; ал үшінші қызы айына он бес мың теңге төлеп ағылшын тілі курсына қатысады. Үш баласының үйірмесіне көпбалалы отбасы айына қырық сегіз мың теңге жұмсайды. Отағасы шағын кәсіпкер болғандықтан, бұл отбасының балаларын ақылы сабақтар мен спорт секцияларына беруге шамасы келіп отыр. Алматы қаласында үйірмелер бағасы он бес мыңнан басталатынын ескерсек, көп бала тәрбиелеп отырған көптеген отбасының барлық баласын бірдей ақылы үйірмелерге беруге шамасы келмейтіні анық.

Осы тақырып төңірегінде іздену барысында көптеген отбасының қаржы тапшылығынан балаларын үйірмелер мен спорт секцияларына беріп, жан-жақты дамытуға мүмкіндігі келмей отырғанын байқадық.

Мемлекет тарапынан бұл мәселе мүлде елеусіз қалды деп айта алмаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында спорт және балалардың шығармашылығын жетілдіру үшін үйірмелерді қайта ашу туралы айтқан еді. Осыған орай, биыл балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілген еді. Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов 2021 жылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға 2,4 млрд теңге, спорттық тапсырысты іске асыруға 3,7 млрд теңге бөлінетіндігін мәлімдеген болатын. Дегенмен, жақсы бастаманың жаппай іске асырылуы кешеуілдеп жатқаны қынжылтады.

Алматы облысы Қарасай ауданы Береке ауылында бұл жоба алғашқылардың бірі болып іс жүзінде жұмыс істей бастады. Жобаны іске асыруға алғашқылардың бірі болып білек сыбана кірісіп кеткен «Obrain» оқу орталығының жетекшісі Жанар Аманжолқызының айтуынша, қазір ауыл бойынша екі жүз бала осы жоба аясында тегін үйірмелер мен спорт секцияларына жазылыпты.

Жанар Аманжолқызы, «Obrain» оқу орталығының жетекшісі:

– Біз бұл жобаны қолға алмастан бұрын, ауылдық әкімдікпен және «Ана мен бала» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, көпбалалы отбасылардың балаларына ағылшын, орыс тілдерін, математиканы тегін оқытумен айналысып келген едік. Осылайша ауылымызға өз үлесімізді қосқымыз келді. Ауылдың барлық баласын тегін оқыта алмаймыз, қазірше отыз баланы тегін оқытып отырмыз. Осы мамыр айында тегін шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын ашуға болатындығын естіп, бірден құжат жинауға кірісіп кеттім. Оған бір ай уақытым кетті. Дегенмен бағдарлама Аружан Саинның қоры арқылы іске асырылып жатқандықтан, солардың ақыл-кеңесін алып отырдым. Қазір Алматы облысы 163-тей үйірмені тіркеп, басқа өңірлермен салыстырғанда бірінші орында тұр. Ол үйірмелердің арасында цирк өнері, қолөнер, домбыра, би, көркемсөз үйірмелері бар. Бұл жоба бойынша, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына әлеуметтік жағдайына қарамастан, кез –келген отбасының баласы қатыса алады. Дегенмен біз басымдықты көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға беріп отырмыз. Ауылды жерлерде бір отбасында кем дегенде үш баладан бар. Сондықтан да бұл бағдарлама әсіресе, ауылда тұратын отбасыларға көп көмек болады.

2628 көпбалалы ана тұратын Алматы қаласы Түрксіб ауданында бұл мәселе қалай шешіліп жатқанын білу мақсатында аудандық әкімдікке қарасты Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Лаура Ділдаханқызына хабарласқан едік.

– Ауданымызда екі Оқушылар үйі және он шақты Бос уақытты тиімді өткізу орталығы бар. Оқушылар үйінде балалар таңдауына қарай ақылы да, тегін де үйірмелерге қатыса алады. Ал Бос уақытты тиімді өткізу орталықтарында барлық дерлік үйірме тегін. Мәселен, жақында Алтай-1 ықшам ауданында «Жұлдыз» бос уақытты тиімді өткізу орталығы ашылды. Онда әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлық дерлік бала шахмат, қолөнер, таэквандо, киіз басу сияқты үйірмелерге тегін қатыса алады. Ал балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі арқылы ашылуы тиіс үйірмелерді сұрап келушілер көп болғанымен, әлі ашылған жоқ.

                                                                                                          Аида Бекжанқызы

Жоба MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі