///

Кемінде 2000-нан астам мал қырылды. Ауылшаруашылығы министрін ауыстырғаннан өнген не бар?

3785 рет қаралды

Қазақстанда былтырғы жаз мезгілі короновирус індетінің қатты өршуімен есте қалса, биыл республиканың басым аумақтарында ауа температурасы шамадан тыс ысып кетіп, табиғи және жерасты су көздерінің деңгейі төмендеп, елде жаппай қуаңшылық белең алды. Бұл қиындықтардың тек бастауы ғана болуы мүмкін.

РЕСМИ МӘЛІМЕТ БОЙЫНША 2000-ҒА ЖУЫҚ ЖЫЛҚЫ, ҚОЙ, ТҮЙЕ ҚЫРЫЛҒАН. ОНЫҢ ІШНДЕ 1000-НАН АСТАМЫ ЖЫЛҚЫ 

Қазақстан жер шарында табиғи-климаттық орналасуы шөлді және шөлейтті аймаққа тән болғандықтан маусым, шілде айларында күннің ыстық болатыны қалыпты жағдай. Бірақ биыл көптеген облыстарда ауа температурасы ондаған, тіпті жүздеген жылдың рекордын жаңартып жатыр. Оған қоса жауын-шашынның түсуі де азайып, құрғақшылық  күшейіп, зардабы зор болып тұр.

Биылғы жылы қуаңшылықтың әсері шын байқалып, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында маусым айының басынан бастап қатты ыстық болып, жұрттың қолындағы  мал қырыла бастады. Себеп күн шамадан тыс ысып кетіп, көктем кезінде мардымды жауын-шашын түспей, нәтижесінде шөп шықпай қалған. Бұл аталған облыстарда табиғи су көздері тапшы болғандықтан көбінесе мал шаруашылығына жер асты суы пайдаланылады. Яғни малды суару үшін қазылған құдықтардың да суы азайып, тартыла бастаған. Сөзімізге дәлел ретінде айта кетсек қуаңшылық басталғалы бері Маңғыстау, Қызылорда облыстарында ресми мәлімет бойынша 2000-ға жуық жылқы, қой, түйе қырылған. Оның ішнде 1000-нан астамы жылқы. Шын мәнінде қырылған мал басының саны бұдан көп болуы мүмкін. Өйткені ешкім нақты қырылған мал басы туралы санақ жүргізбеген. Ал жергілікті шаруалардың малына жем-шөп табуы уайымға айналған. Барының өзі қымбат. Аталған екі облыстың жері негізінен шөл-шөлейтті аймаққа жататындықтан жерлерінің басым көпшілігі – жайылымдық алқапқа жатады. Шабындық мүлде жоқ десе де болады. Сондықтан жергілікті шаруалар қысқы жем-шөпті көрші облыстардан қымбат бағаға тасып әкелуге мәжбүр. Айталық ең құнарсыз, малға тек талғажу үшін беретін 1 қапшық (50 кг) кебектің құны 2000-2500 теңге тұрса, нағыз құнарлы арпа, сұлы, бидайдың қапшығының бағасы 3000-4000 теңгенің аралығында. Ал бір бау шөптің құны – 16 000-23000 теңге. Мұны алуға қарапайым шаруалардың қолы жетпейді. Сондықтан бұл екі облыс мемлекеттің көмегіне аса зәру болып отыр.

Ал түйелері мен жылқылары картон қағазын жеуге мәжбүр болған Маңғыстау облысында билік су мен шөпті өзге облыстардан әкелетінін, көбірек құдық қазатынын айтқан болатын.

ШӨЛДІ-ШӨЛЕЙТТІ ЖАЙЫЛЫМДАРДЫҢ ҮЛЕСІ 122,0 МЛН-НАН АСТАМ ГЕКТАР

Біз сөйлескен бұрынғы ауыл шаруашылығы саласының ардагері, ғылым кандидаты Қосыбек Ырзағалиевтің айтуынша ыстық пен қуаңшылық Қазақстан үшін жиі қайталанып тұратын құбылыс екендігін айтады. Алайда мұның алдын алып, мемлекет өзінің шаруаларына жағдайды алдын – ала болжап, ауа райының қолайсыз құбылыстарын ескертіп отыру керек деп есептейді.

-Табиғи жайылым – Қазақстанның ұлттық байлығы. Біздің республикамызда шөлді-шөлейтті жайылымдардың үлесі 122,0 млн-нан астам гектарды құрайды. Ал бұл дегеніңіз орасан зор байлық. Енді қуаңшылық, малға азық жетпеушілік қайдан шығады деп ойлайсыз? Әрине бар жер мен оның қойнауындағы суды ұқсатып пайдалана алмай отырғанымызда. Себебі мал өрістеріне жарамды жайылымдық жерлер оңтайлы, жүйелі түрде пайдаланбағандықтан оның шөбі азып, жер тақыршаққа айналуда.  Соның салдарынан республика бойынша 20 млн-нан астам гектар жер толығымен тозуы салдарынан шаруашылыққа пайдаланудан қалып, миллиондаған гектар жерді мал жемейтін улы және арамшөп  өсімдіктер басып кеткен. Оның үстіне жыл сайын өзгеріп жатқан климат пен ғаламдық жылынуды қоссаңыз жағдайдың осыншалық деңгейге жетуі түсінікті дейді, – ғалым.

Біз сөйлескен тағы бір ауылшаруашылығы саласының бұрынғы қызметкері Бораш Уәлиев жағдайдың бұлайша ушығуына себеп болып отырған бірінші кезекте ауыл шаруашылығының, оның ішінде мал шаруашылығы саласының жүйелі ұйымдастырылмауында дейді.

– Егер шындыққа келіп, әділеттілікке жүгінетін болсақ, осы аталған екі облыста да бұрынғы совет заманындағыдай мыңғырған мал өріп жүр деп айта алмас едім. Өйткені колхоз-совхоздың барлығы ыдырағаннан кейін, малдың барлығын енді өз күндеріңді өздерің көріңдер деп жеке шаруаларға бөліп берді. Ал олар өз кезегінде жер алып, сол жерге азын-аулақ мал ұстай бастады. Бірақ бұл шаруалардың барлығы ол малды ұстауға жем-шөбін, суын тауып бере алмауы мүмкін. Себебі жаңағыдай көлденең келетін табиғи құбылыстар келе қалғанда шаруа әбден сасып, қолындағы бар малынан айырылады. Өйткені оған дереу келе қоятын көмек қолы немесе қырылып қалған жағдайда кері қайтарып, орнын толтырамын дейтіндей үміт жоқ. Кім бар айтыңызшы маған? Үкімет пе, министрлік пе, әлде жергілікті билік пе?

ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТТЕН ЕМЕС, АШТАН ҚЫРЫЛҒАН МАЛ ҮШІН ШАРУАҒА ӨТЕМ ТӨЛЕНБЕЙДІ

Марат Оразаев

Ауыл шаруашлығы саласының бұрынғы қызметкерінің сөзінде шынында жан бар. Өйткені шілде айының 9-да Нұр-Cұлтан қаласындағы баспасөз жиынында Ауыл шаруашылығы министрлігі аппаратының жетекшісі Марат Оразаев қырылған мал жайлы мәлімет бере келе, жекелеген аймақта төтенше жағдай жариялау мәселесін жергілікті әкімдіктер сондағы төтенше жағдайлар жөніндегі өкілетті органдармен келісіп шешетінін айтты. Ол өз сөзінде мал  жұқпалы дерттен емес, аштан қырылған мал үшін шаруаға өтем төленбейді деді министрлік өкілі.

Маусым, шілде айларында болған қатты қуаңшылық зардабынан малы қырылған шаруалар үкіметтен қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялап, зардап шеккендерге нақты жәрдем көрсетуін сұраған болатын. Бірақ бұған селт еткен үкімет те, министрлік те, жергілікті билік те болмады. Олардың тек бар айтқандары билік шаруаларды қиын кезде далаға тастамайды деді. Тек ай жарым уақыт өткеннен кейін ғана Қызылорда облысының Арал ауданында 14-ші шілде күні төтенше жағдай жарияланды. Бірақ нақты көмек кешігіп жетті немесе әлі күнге дейін баяу орындалуда.

Айта кетейік,  10-шы шілде күні үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы қуаңшылықтан ауыл шаруашылығы қатты зардап шегіп жатқанын айтқан болатын. Оның сөзінше, “ауа-райының қолайсыздығына қоса күні бұрын болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен ахуал ушығып кеткен”. Яғни президенттің айтуынша салалық министрлік пен облыс әкімдері бірлесіп жұмыс жасамауының кесірінен шаруалар қиын жағдайда қалған. Президент Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровтың жұмысын қатты сынап, соңында «жұмысты тиімді әрі уақытында ұйымдастыра алмағаны үшін» отставкаға жіберді.  Бұл Қазақстанның жаңа тарихындағы табиғи апаттардан, жер мәселесінің ушығуына байланысты жұмысынан қуылған үшінші министр деп айтуға болады. 1999-2000 жылдары сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Жәнібек Кәрібжанов шегірткенің республика аумағында күрт көбейіп кетуіне байланысты жұмыстан қуылса, 2011-2016 жылдары ауыл шаруашылығы министрі болған Асылжан Мамытбеков 2016 жылғы жер митингісіне байланысты отставкаға кеткен болатын.

Ескендір ӘКЕЖАН,

Атырау облысы

                                                                               

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі