///

Мұратбек Бәміш: Қазақстанда бүйрек донорлары аз

2675 рет қаралды
1

Бүйрек адам ағзасының ең маңызды мүшесінің бірі.  Ол қанды улы заттардан тазартып тұрады. Ағзадағы суды сыртқа шығарушы. Және бүйрек қан қысымын реттейді. Егер бүйрекке зақым келсе немесе істен шықса адам өміріне қауіп төнетіні сөзсіз. Қазіргі таңда созылмалы бүйрек жетіспеушілігі  ауруына шалдыққандардың саны артып келеді. Бүйрек ауыстырудың оңай емес екендігі бесенеден белгілі. Осы мәселені тарқату үшін Мінбер сайтының тілшісі «Фрезениус Медикал Кейр Казахстан» ЖШС Алматы қаласы бойынша филиалының бас дәрігері, нефролог Бәміш Мұратбек мырзадан сұхбат алды:

   – Бүйрек ауруының басты себебі ?

– Бүйрек ауруының негізгі себептеріне келетін болсақ, балаларда бүйректің туа біткен ақаулары жиірек кездессе, ересектерде қан қысымының жоғарылығы, сусамыр ауруы, бүйректің иммундық аурулары жиі анықталып жатады.   Бүйрек қызметін бағалаған кезде  5 сатыға бөліп қараймыз. Бүйрек қызметі жетіспеушілігінің 5 сатысы анықталған жағдайда науқастарға гемодиализ, перитонеальді диализ немесе трансплантация жасату ұсынылады.

– Гемодиализ деген не?

– Гемодиализ дегеніміз –  жасанды бүйрек аппаратын қолдана отырып бүйрек жетіспеушілігі бар адамның қанын улардан тазарту әдісі. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы бойынша 8 мыңнан астам адам гемодиализ емін алуда, бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.

– Еліміз бойынша бүйрек ауыстыратын қанша клиника бар? Қаншалықты дамыған?

– Қазіргі таңда Республикамыз бойынша 7 клиника бүйрек трансплантациясымен айналысады. Елімізде трансплантация орталықтары жеткілікті, жоғары денгейдегі мамандармен және құрылғылармен қамтамасыз етілген. Ота жасау техникасы және емдеу жолдары жағынан кез келген дамыған елдермен пара пар тұр десек те болады. Негізгі кедергі болып жатқан зат донор жеткіліксіздігі. Донорлық ағза тек бас ми өлімі тіркелген мәйіттен алынады немесе науқастың туыстары өздері еркімен донор бола алады.

– Бір бүйрекпен адам қанша уақыт алаңсыз жүре алады?

– Адам бір бүйрекпен өмір бойы еш қиындықсыз өмір сүре алады. Кей адамдар туадан 1 бүйрекпен туып, өмір бойына оны білмей өтіп жатады.  Егер донор ретінде 1 бүйрегін туысына берген жағдайда алдын ала донор толық медициналық тексеруден өтеді, мұндағы негізгі көрсеткіш донор өз ағзасын бергеннен кейін денсаулығына қиындық туындамауы керек

– Бүйрек ауруына шалдыққан адамға қандай күтім керек?

– Бүйрек ауруына шалдыққан адам күтіміне келетін болсақ ол әртүрлі болады, бүйрек тек зәр шығарып қоймайды, оның көптеген қосымша қызметтері бар. Жалпы бүйрек ауруының 15-тен астам түрі кездеседі. Сондықтан күтім де соған байланысты өзгеріп тұрады, сол үшін бүйрек ауруы анықталып жатса нефролог дәрігеріне қаралып, диагнозын нақтылап, арнайы емін алып, ұсыныстарын орындап тұру керек.

– Бүйрек ауруының алдын алу үшін қандай кеңес бересіз?

– Бүйрек ауруының алдын алу жолдары – салауатты өмір салтын ұстану, артериялық қан қысымын тұрақты ұстау, сусамыры (диабет) бар науқастар болса қандағы қан денгейін бақылауда ұстау, артық салмақты болдырмау,  дәрігердің ұсынуынсыз, бақылаусыз дәрі дәрмекті пайдаланбау,  арнайы скринингке шақырған кезде барып зерттеулерді өту керек. Ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын іздеу абзал.

-Рахмет. 

Парақшамызға жазылыңыз

Арай Нұржанқызы

Арай Нұржанқызы Жетісудың тумасы, ақын, "Жетісу келіндері" орталығының төрайымы, "МедиаНет" халықаралық журналистика мектебінің, "Мінбер" ақпарат агенттігінің "Азаматтық журналистер" мектебінің түлегі.

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар