///

Сағыныш Намазшамова: Үнемі өзгелерден күдіктену, ол дағы – жүрегіңе іріккен у

2178 рет қаралды

Жетісу өлкесінің Ақсу ауданында өмірге келген Сағыныш НАМАЗШАМОВА «Мегаөлең мен микроөлең» атты мақаласында «Өлеңге объект ретінде қарамай, өлең қайсысы, өзің қайсысы екенін айыра алмайтын күйде, бірігіп, жымдасып, тұтасып кеткенде ғана шығармашылық шынайы болады», – дей келе, өзінің шығармашылық күйге түскен сәтінің бірін «Мен ширыққан шақтарда алапат қуатымды бір нүктеге сығымдап сыйғызып, өз әлеміме кіріп кетемін.

Ештеңе де қинамайды мені енді,

Көкшіл түске бояп алдым төбемді,

Төрт қабырғам сан түске еніп құбылса,

Шексіз мына әлем сынды көлемді, –  деймін өзімнің аядай бөлмемнен тұтас бір ғалам жасап алған күйімде. Төбемді көкке боясам – Аспан, төменді жасылға боясам – Жер, маңайымды құбылтып сан түспен сапырыстырсам – әлем-жәлем тіршілік болып шыға келмей ме?»,  – дейді. Шындығында, Сағыныш ақынның өлеңдерін оқыған оқырман кішкентай бір әлемге еніп кеткендей болғанымен ерекше алапат күйге бөленеді. Оның әр өлеңі өзі айтқандай аядай бөлме секілді, бірақ аядай бөлмеде шексіз кеңістік бар.

«Мінбер кітапханасы» айдарының алғашқы кейіпкері ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, «Бақыттың бағасы»  (2007 жылы), «Сағыныш» (2009 жылы) жыр жинақтарының авторы Сағыныш Намазшамова.

Сағыныш ақынның өлеңдерін оқып оның шығармашылық кеңістігіне үңіліңіздер!

***

Көктен түнде төгіліп түскен моншақтар

Су түбіне батпайды.

Өйткені олар үлпілдек.

Бірақ олар қайта айналып жұлдызға

Су бетінен ұшып жатыр біртіндеп.

Ұшып жатыр,  ұшады олар бу сынды,

Ал су үнсіз күрсінді.

Иә, иә,  жұлдыздарда қанат бар,

Біз көре алмас көлемде.

Кетерінде ол жалт қарайды жалқы сәт

Жанардағы өлеңге.

Бірақ бәрібір қала алмайды төменде.

Айтшы, алыс па Жер мен көктегі аралық?

Қанша жырақ болса дағы баралық.

Ризамын жүдеп қайтып келсем де

Қайыршыдай қарақшыға тоналып.

Айтшы, жолдың жүгі сонша ауыр ма?

Бәлкім жолда оранармыз жалынға,

Бәлкім жолда ұшырармыз дауылға,

Шыдар едім!

Сап-сап көңілім, дамылда.

Бөгеме оны, биігіне жөнелсін!

Өнсін сонда, көктесін де көгерсін.

Бұл өмір ғой!

Өмірге енді не дерсің?!

Мендік көңіл – бейбітсүйгіш көгершін.

***

Ештеңе де қинамайды мені енді,

Көкшіл түске бояп алдым төбемді,

Төрт қабырғам сан түске еніп құбылса,

Шексіз мына әлем сынды көлемді.

Ести алсаң бояулардың дауысын,

Сезіне алсаң жүрегінің қағысын,

Көре де алсаң сусып жатқан ағысын –

Соның бәрі ем тілеген жан үшін.

Жанарымның жарқылы да қосылған,

Көңілімнің салқыны да қосылған

бояуларды мидай араластырып,

Қабырғаға сурет салып отырған,

Мені көрсең, таң қалма.

***

Қызыл іңір. Шегірткенің шырылы.

Ауа жылжып көшеді,

Шөп басының дірілі

Өз тілінде үн қатқаны деседі.

Көзге ілінбес кіп-кішкентай шіркейлер,

Шіркейлердің маңызы да үлкейген

түн іші.

Ымырттағы көлеңкелер тынысы

жан жүйкемді әлдилеп,

Көк шалғында көкке қарап тербелемін

жатқандайын бесікте,

тәнім тыншып, жан билеп.

Жұлдыздар да жанымның музыкасымен ырғалып,

Олардың да көкірегі менікіндей тыңдауық,

Қарасаңшы, бірден сезе қойғанын,

Бүркіп-бүркіп жіберді сәуле шашқан ойларын.

Жұлдыз ойдың отын жұтып, алаулап,

Жатам сосын бозамықтан таң аулап.

Ақтарылсам ағынан –

Мен үнемі Көлеңкені сағынам.

***

Оңайы – өзгелерді күстәналау,

Алдымен ішіңе емес, тысқа қарау.

Ол дағы – жазды күнгі қурап тұрған

бір мая шөпке қарай ұшқан алау.

Үнемі өзгелерден күдіктену,

Ол дағы – жүрегіңе іріккен у.

Күдігің үсті-үстіне жамалған соң

Жүрегіңде басталар мүліктену.

Өзіңді биік көріп, масаттану,

Ол дағы – ібілісің асатқан у.

Сол удың уытына мас болып қап,

Өзге емес өз-өзіңе тас атқаның.

«Сен», «Ол», «Мен» бөлінбейді –

Санада «Біз».

Көз көрген алдамшыға қарамаңыз.

Біз жайлы айтады ертең Уақыт пен

Кеңістік түйісетін ауадағы із.

***

Жел сияқты жеп-жеңілмін

Желіп жүрген кең далада.

Білсең, айтшы, мені мұнда

Ұстап тұрған Жер ғана ма?!

Әлде сенің мен сезінген

Бір тартылыс күшің бе екен?!

Түпсанамнан түн ішінде

Қалқып шықтың түсімде сен.

Баққа бардық қол ұстасып,

«Өмір» дедік, «Кітап» дедік.

Менің жаным бара жатты

Кеудесі жоқ құшақта еріп.

Жанарыңнан от ұшқындап

Тілдестің де ақтарыла,

Таң бозынан қайта кірдің

Мендік мидың қатпарына.

Еркім егер менде болса,

Сол әлемнен келмес едім,

Ал әзірге әз жаныңды

Жел секілді тербетемін.

***

Ай қандай жарық бүгін,

Толықсып-ақ тұр екен Жарықтығым.

Абыр-сабыр, дедектеп, дамыл тапқан

алмастырып көрейік жан ұшқынын.

Кемеліңе келіпсің, Дөңгелегім,

Келбетімді көрсем деп сен де менің

Төрт бұрышқа таратып ақ сәулеңді,

Ай аңқытып жібердің бөлме демін.

Бөлме демі аңқыды, жарық әні,

Аула шамы, бағана – бәрі-бәрі

Бар әлемнің назары бір-ақ сәтте,

Менің титтей бөлмеме ағылады.

Толтырғанда қалдырмай қалтарысын,

Қанаттанып кеткендей арқа тұсым,

Мен бе деймін сол сәтте анау Айдың

бетінде бейнеленген қалқа-мүсін.

Қалқа-мүсін, толарсың, кертілерсің,

Кертілерсің, қайтадан сен түлерсің.

Бір толысып, бір солу – дүниенің

екеумізге ғана тән дерті дерсің.

***

О, Түп Анам!

Осынау тіршілікке өзіңнің сарқытың боп келгеніме қуанам.

Сендегі мелдектеген мөлдір бастау тұмадан

қанып ішкен кіл Адам.

Пейілің ақ шәйі перде сынды

Перзентіңді қорып тұрар күнәдан.

Құр қалмасам екен деймін мен де енді

Сен таратқан қасиетті мұрадан.

О, От Анам!

Бар жылуды саған берген Жасаған.

Мүсініңді төзім-тастан қашаған,

Жүрегіңді жарық нұрдан жасаған.

Тілеуімді тілеп тұрады үнемі

Сен маздатқан ошақ пен

Сенің алтын босағаң.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі