////////

Жас қаламгер Назерке Серікқызы: Кейде бір секундтық сәттің қадірін білу үшін де күнә мен қателікке баруға тиіспіз

2656 рет қаралды
1

«Ақынды прозамен тексеріп алса – теріс емес»,- дейді Асқар Сүлейменов. Бүгінгі қазақ әдебиетінде поэзиямен қоса прозаны қатар алып жүрген жастар бар. Жазған өлеңі де, әңгімесі де халықтың ықыласына бөленіп, айрықша пікірлерге ие болып жүрген жас қаламгердің бірі де бірегейі  прозаик, балалар жазушысы Назерке Серікқызы. Жас қаламгер проза жанрына елде карантин жарияланғаннан бастап бет бұрған. Бір жылға жуық уақытта Назерке ханым әлеуметтік тақырыптарда әңгімелер жазумен қатар  балалар әдебиетіне де үлес қосып келеді. Ендеше жас қаламгердің сұқбаты мен әңгімесін ұсынамыз.

– Балалар әдебиеті дегенде біздің көз алдымызға Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Мұзафар Әлімбаев сынды қаламгерлердің шығармалары елестейді. Себебі, біз «Менің атым – Қожа», «Жусан иісі» т.б. әңгімелермен сусындап өскен баламыз. Алайда биылғы жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жарияланғанымен аты аталған шоқтығы биік қаламгерлерді өкшелеп келе жатқан жазушылар қатары өте сирек. Сонда балалардың талғамы өзгергені ме әлде біздің жазушылар жалқау болғаны ма?

– Екеуі де десем дұрысырақ болар. Қазіргі балалардың талғамы жоғары екені рас. Оларды біз естіп өскен Алдар көсе, Тазша бала, Дию перілермен қызықтыра алмайсыз. Өз басым «ORDAGEN»  жобасына автор ретінде қабылданғанда бізге басшылық жаңа заман талабына сай ертегі жазу керектігін түсіндірді. Яғни, смарт сағаттар, гаджеттер, роботтар, ғарыш кеңістігіндегі тың жаңалықтар т.б. Мен осы талаптарға барынша сай болуға, балалардың көңілінен шығатын жақсы ертегілер жазып шығуға барынша тырыстым, әрине. Біздікі балалар әдебиетіне қосып жатқан тарыдай үлес қана, ал бағасын кішкентай оқырмандарым бере жатар. Жазушылар жалқау ма деген сұраққа келер болсақ, иә, мүмкін. Бірақ жазушыларды да сөге беруге болмайды. Себебі сол, біздің елде балалар жазушыларына тиісті қолдау көрсетілмейді. Бұл ең алдымен мемлекетке сын. Иә, поэзия мен прозаға көңіл бөлінбесін деуден аулақпын. Дегенмен одақ басшылары әдебиеттің бастауы – балалар әдебиеті екенін ұмытпауға тиіс деп есептеймін. Сондықтан, жазушыларға қолдау көрсетілмей, жағдай жасалмай жатып оларға ауыр сын айту қисынсыз әңгіме.

Бір сұхбатыңызда «Былтырғы карантин менің прозаға келуіме себепші болды» ,- деген екенсіз. Сонда оған дейін өзіңіздің әңгіме жазуға деген икеміңіздің бар екенін байқамаған болдыңыз ғой?

– Солай десек те болады. Былтырғы карантиндегі қатаң шараларда ел болып үйде отыруға мәжбүр болғанымызды жақсы білесіз. Шамамен сәуір айының басында болуы керек төрт қабырғаға телміріп отырудан жалыға бастадым. Өлең жазуға шабытым оянбады, кітап оқуға зауқым соқпады. Осылай шығармашылық тоқырауда жүрген шағым еді. Бір күні әлеуметтік желіден прозаның оқырманы көп екенін көзім шалды. Алғашында, «жо-жоқ маған әңгіме жазу қайда?» – деп ойлағаным рас. Десе де, бағымды сынамаққа бекініп көптен ойымда жүрген бір сюжетті қағаз бетіне түсірдім де әңгімені «Автобус» деген атпен фб желісіне салдым. Алғашында егер алғашқы бөлімі аз оқылым жинаса үн-түнсіз өшіріп, тып-тыныш жүре беремін деп ойлаған едім. Алайда, артқан үмітім аяқ-асты ақталып оқырмандар лек-легімен әңгіменің жалғасын сұрай бастады. Алғашқы әңгімем бес бөліммен аяқталып көптің ықыласы менің жаңа шығармашылық тынысымды ашты. Осылайша, біртіндеп проза жанрын да меңгере бастадым. Десе де, өз әңгімелеріме ешқашан көңілім толған емес. Себебі, әдеби ортада «болдым, толдым деген қаламгердің өлгені» деген сөз бар. Сондықтан, әзірге тоқтау ойымда жоқ.

– Сіздің лирикалық өлеңдеріңіздің оқырманы көп екені белгілі. Дегенмен, соңғы уақытта философиялық жырларыңызда сұранысқа ие болып келеді. Философия – адам жанының тылсым әлемі іспетті ғой. Оған мысал «Ақталу» атты өлеңіңіздегі:

Талдар да үнсіз тербеледі күйді ұғып,

Жапырағын жадау желге сүйдіріп.

Мен отырмын ел отырмас шақта анық

Өз қолымды өз отыма күйдіріп,- деген жолдар. Өз қолыңызды өз отыңызға күйдірудегі себеп қандай?

– Бұл пәлсапаға көбірек жақын өлең болған соң ондағы сөздерді тура мағынасында түсінуге әсте болмайды. Бұл өлеңнің түпкі мақсаты төбеңде бір Құдайдың бар екенін ұмытпауды еске салу. Жоғарыда айтқанымдай қателік жасау қалыпты жағдай. Діни сауатым болмаса да Пайғамбар (с.ғ.с) ның «Сендердің ең жақсыларың өз қателіктеріңді дер кезінде түсініп, Алла Тағаладан кешірім сұрағандарың» деген сөзі бар. Демек, өз қолымды өз отыма күйдіру – ол менің қателігімді түсінгенімді, Тәңірден медет сұрағанымды білдіреді. Және өлеңнің соңында:

Ақшам туар шашылғанда шамшырақ,

Әуре қылар түннің жайын таң сұрап.

Ал мен болсам, тағы ақталдым Тәңірге

Көздерімнен күнәларым тамшылап,- деген жолдар бар. Міне, осы бір түйінді шумақ тұтас өлеңнің мағынасын ашып тұр деп ойлаймын.

Сіздің шығармаларыңыздағы әйел кейіпкерлер мысалы «Сүйеніштегі» Дина, «Көз ішіндегі үміттегі» Айзада, «Ғайшадағы» Гүлім мен Ғайша, маған осы кейіпкерлердің барлығы да бүгінгі қазақ әйелдерінің жиынтығы сияқты болып көрінеді. Шын мәнісінде солай ма? Кейіпкерлердің образын қалай жасайсыз?

– Маған негізінен жас қыздарға қарағанда тұрмыстағы әйелдердің образын жасаған көбірек ұнайды. Өйткені, олар туралы таңды-таңға жалғап әңгіме жазуға болады. Біздің қоғамда Динаның басындағы жағдай яғни, жатып ішер «жалқау күйеу» қазір екінің бірінде бар. Айзада да уылжыған жастық бал шағында алып қашудың құрбаны болған бақытсыз әйел. Бұл да біздің қоғамда бар қасірет. Ал Ғайшаны жазар алдында ішкілікке салынып кеткен әйелдер туралы көп зерттедім. Себебі неде деп ойладым. Кеше ғана бар өмірім алда деп ойлаған бойжеткен күні ертең қаңғыбастар үйінен бірақ шығамын деп ойлады ма? Жоқ, әрине. Ғайша қалың тұманда жалғыз өзі адасып қалған елік сияқты. Бірақ оны сол қара түнектен бір кездегі жан құрбысы алып шықты. Ғайша өмірге қайта келді. Десек те, артында сұраушысы жоқ болып көшеде қаңғып қалған бейбақтар қаншама… Бар болғаны Ғайшаның жолы болды. Қазіргі уақытта менің ойымда жүрген образдар да сюжеттер де баршылық. Шүкір, әңгімелеріме сұраныс та артып жатыр. Алайда, асығыстық танытудан аулақпын. Шамам жеткенше проза жанрындағы көркемдік құралдар мен эстетикалық талаптарға сай болуға тырысудамын. Және де бір қайнауы ішінде қалып қойған әңгімелерімді түзету үстіндемін. Егер қалам мені тастап кетпесе, мен оны ешқашан тастамаймын!

Соңы не боларын біліп тұрып адамдар неліктен қателікке бой алдырады?

– Фариза апамыздың:

Кінәм жоқ деп ақиқат қорғанбасым,

сыздатып тұр жүректі ар – қорғасын.

… Қателесу керек те шығар мүмкін,

кешіре алар бір жандар бар болғасын, – деген өлең жолдары есіме түсіп отыр. Менің түсінігімде әр адам қателік жасауға құқылы тіпті кейде тиіс те. Біз жақындарымыздың, уақыттың, кейде бір секундтық сәттің қадірін білу үшін де күнә мен қателікке баруға тиіспіз.

– Өмірде ең бірінші кімге алғыс айтасыз?

– Әуелі Аллаға сансыз шүкіршіліктер мен мадақтар болсын деймін! Өмір берді, өнер берді, өлең берді! Содан соң мені өсіріп осы күнге жеткізген, бәйгеге қосып алған әр жүлдеме балаша қуанатын ауылдағы атам мен апатайыма мың алғыс деймін! Және де өмірімнің бар мәні, тіршілігімнің тынысы, бір әулеттің бар жүгін бір өзі көтерген асыл да ардақты анама басым жерге тигенше алғыс айтудан жалықпаймын!

-Сізге шығармашылық табыс тілейміз Назерке ханым!

ҒАЙША

Бүгін тұңғышымды мектепке, екінші ұлымды балабақшасына апарып тастап, көлігіме енді жақындай бергенде қарсы алдымдағы үлкен сауда үйінің артындағы бұрыштан темекіні бұрқырата тартып тұрған жас қызды көзім шалды. Мен одан сәл алшақтау жерде тұрған едім. Сол қыздың қимыл-қозғалысын бақылап тұрып, ойланып кетіппін. Ары кетсе он тоғыз-жиырмадағы бойжеткен екені көрініп тұр. Шашын түрлі химиялық құрылғылармен талай рет күйдіріп, талай рет бояғаны да анық байқалады. Бірақ өзіне сондай жарасымды. Қасын да қарлығаштың қанатындай түп-түзу етіп сызып алыпты. Таң атпай сауда үйінің маңында тұрғанына қарағанда сол жерде жұмыс істейтін сияқты. Оң қолындағы телефонына бір үңіліп, шоғы қызарып тұрған темекісін ерніне қыстырып демін ішке тартады да, одан шыққан түтінді аспанға қарап ұлыған қасқырдай ауаға ұшырады. Оны көргенде ойыма анық Ғайша оралды. Әсіресе, бет жүзі өкпесінен шыққан көк түтінмен тұмшаланып тұрса да міз бақпайтын тұрысы мені еріксіз шаттыққа бөледі. Иә…Кейде өзге адамның жөнсіз, тұрпайы қылығынан да ләззат алады екенсің. Әсіресе, қарсы алдыңдағы адамның іс-қимылы жастық шағыңның тәтті естеліктерін қайта есіңе салғанда өзіңнен-өзің ессіз адамша жымиярың анық. Мен де солай жымия қарап тұрғанмын. Жаңағы қыз менің өзіне кірпік қақпай күліп тұрғанымды байқап қалды да, шылымын соңғы рет құмарлана тартып қоқыс жәшігіне тастай берді, мен де оның қасына тақап келдім. Тым жақын келерімді күтпеген болуы керек көздерін ретсіз жыпылықтатып қояды. Бірақ өңі суық екен.

– Сіз де маған мораль оқу үшін келдіңіз бе?

Бұдан бұрын да талай адамнан сөз естігені байқалды. Бірақ мен оның өмірлік ұстанымына мүлде бей-жай қарайтын адамша салқынқандылық таныттым.

– Жоқ. Сенің ше менің олай істеуге хақым бар ма?

– Ендеше неге мені бақылап тұрдыңыз?

– Сенен бір нәрсе сұрағым келді.

– Айтыңыз?

– Шылымың бар ма?

– Бар. А вам зачем?

-Қалай ойлайсың адамдар шылымды не істейді?

Жас қыз саусақтарын мойнына апарып бетіме қарады.

– Сонымен? Бір тал темекі сыйлайсың ба, әлде бөліскің келмей тұр ма?

-Да нет. Міне, алыңыз.

Жүзіндегі әлдебір ұяңдықтан ол қыздың жасы мен ойлағаннан да кіші болуы мүмкін деген ой келді.

– Рахмет.

– Оттығыңыз бар ма?

Бұл сұрақты күтпегенім анық еді…

– Иә, бар-бар.

-А-а, бар болса жарайды. Менің жұмыс уақытым басталды. Сау болыңыз.

– Сау бол. Тағы да рахмет.

Мен сол қызды жанарыммен сауда үйінің ішіне дейін шығарып салдым да қолыма ұстаған бір тал темекіге үңіле қарадым. Ғайша да осы шылымды жақсы көретін… Жо-жоқ. Тоқта. Менің Ғайшаны тек темекіні көрген кезде ғана есіме алғаным қалай? Жүрегім зырқ ете қалды. Балғын шақтарымның куәсі, жан құрбым, алғашында жатақхананың, одан кейін ай сайын табанымызды тоздырып көшіп-қонған үйлердің бір бөлмесінде егіз қозыдай бірге тұрған аяулы Ғайшам…

***

Ғайшаны соңғы рет алты жыл бұрын ескі Арбаттағы бір топ жігіттің арасынан кездестірдім. Ол кезде менің тұңғышыма аяғым ауыр болатын. Дәрігер таза ауада көп жүру керек деген соң Азат екеуміз күнде кешке қаланы жаяу аралап серуендеп қайтатын едік. Дегенмен, дәл сол кеште кіл жігіттің арасынан аққұба жүзді өз құрбымды алыстан танып, қасына жетіп бардым. «Ғайша? Бұл, шынымен сен бе?» дедім. Бірақ ол мені көргеніне қуанбады. Маған ерегескендей денелілеу келген жігіттің алдында оның аймалауына көніп отыра берді. Еңгезердей жігіттің ебедейсіз қолдары Ғайшаның қысқа белдемшемен жартылай жалаңаштанған санын ұстап, қасындағы өзге жігіттердің орысша шүлдірлеген сөздеріне адыраңдап күліп жатты. Олардың ешқайсысы мені көзге ілуге асықпағандай. Әсіресе, Ғайшаның мені елемегені жаныма қатты батты. Шыдамадым. Сөйттім де,қайырымсыз құрбымды әлгі дәу қолдардың шырмауынан босатып алмақ болып, Ғайшаның білегінен тас қып ұстап орнынан жұлқып тұрғыздым.

– Ғайша, жүр. Кетеміз!

– Жібер. Сені жын ұрған ба? Менде нең бар?

– Жоқ, жын мені емес, мына сені ұрған! Мына жүрісің не? Не боп кеткенсің?

– Менде шаруаң қанша а-а? Аяқ асты жетіп келіп жұлқитындай сен кім едің?

– Ғайша, сен ауылыңа қайтып кеткен едің ғой? Неге бұл жерде жүрсің?

– Қашан келіп-кететінімді сенен сұрайын ба? Бәрің жан-жағымнан талап бәле болдыңдар ғой өзі. Басымды қатырмай кетші әрі!

Ғайша осылай деп мені иығымнан итеріп кеп қалғанда біздің жанымызға Азат та ентігіп жеткен еді. Күйеуімнен именді ме, әйтеуір әлгіндегі өктем дауысын бәсеңдетіп маған қадала қараған. Аяғымның ауыр екенін содан кейін барып байқады. Әрі Азаттың да менің күйеуім екенін түсінген соң иығымнан қағып жібергеніне кәдімгідей ұялып қалды. Бұл олардың алғашқы кездесуі еді. Алайда мен Азатқа Ғайша туралы көп айтқанмын. Яғни тек жақсы жақтарын ғана айттым. Содан болар Ғайша оның көзіне ибалы, тәрбиелі, маған бар білгенін үйреткен мейірбан қыз ретінде қалыптасқан болатын. Бірақ дәл қазір Азаттың алдында тұрған Ғайша менің сөздеріме қарама-қайшы қызға айналғандай…

Азат әуелден-ақ ырду-дырду жерлерді ұнатпайды. Сондықтан да күйеуім бізді қоршаған бір топ жігіттің гитарамен әндетіп, ауыздарын ақсита күлген қылықтарын аса жақтыра қоймады. Жақтырмағанын «жүр» деп мойнын созып, үй жақты нұсқаған қимылынан бірден байқадым. Сосын мен де «түсіндім» дегендей басымды изеп үнсіз қалдым. Сол сәт екі оттың арасында қалғандай күй кешкенімді ұмытпаспын. Бір жағымда абайсызда хат-хабарымыз үзіліп қалған жан құрбым, екінші жағымда бір жастықта басымыз жаңа қосылған жан жарым. Ғайшаны ол жерден алып кетуге көндірмек болғаныммен онымнан түк шықпады. Содан соң сөмкемнен дәрігердің нұсқаулығы жазылған қағаздың бір шетін жыртып алдым да, телефон нөмірімді жазып Ғайшаның қолына қысып ұстаттым. Сөйттім де, «маған міндетті түрде хабарлас…» – деп Азаттың соңынан ілесіп жүріп кеттім.

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі