////////

Ділдәр Мамырбаева: Балалар әдебиетіне жақсылық жасау – болашаққа жақсылық жасау

2404 рет қаралды

2021 жыл балалар әдебиеті жылы деп жарияланғанын көбіңіз білетін боларсыздар. Ал енді бұл жыл балалар әдебиетіне қандай өзгешелік әкелді? Балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген қандай жазушылар бар? Балалар әдебиеті тақырыбындағы шығармалары жаңа заманның балаларын қызықтыра ала ма деген көкейімізде жүрген сауалдармен ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы және Жазушылар одағының мүшесі,  жазушы Ділдәр Мамырбаевамен сұқбаттасқан едік.

– Балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген жазушылар неге сирек?

– Бұл сұрағыңызбен келіспеймін. Себебі кешегі Ы.Алтынсариннен бастау алып,  балалар әдебиетіне өз үлестерін қосқан Өтебай Тұманжанов, Жақан Смақов, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Қадыр Мырза Әлі, Мұзафар Әлімбаев, Өтепберген Ақылбеков, Әбдірахман Асылбеков, Сұлтан Қалиев, Оразақын Асқар, Ескен Елубаев, Бейсебай Кірісбаевтардың бүгінгі күні жолын жалғастырып отырған жастар өте көп. Атап айтар болсам, Серікбол Хасан, Қуат Адис, Әдина Жүсіп, Олжас Қасым, Есей Жеңісұлы, Алмат Исаділ,  Мира Сембайқызы, Еділбек Дүйсенбек, Мейіржан Жылқыбай, Зәуре Төрехан сынды балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген ақын-жазушылар бар. Бізде балалар әдебиеті деген пункт бар. Сонда 100 жазушы жас бар. Солардың жазып жатқан ертегі, әңгімелерін оқысақ, қазір балалар әдебиетіне жазып жүргендер жандарды аз деп айтпаған болар едік. Және жанрда байып келе жатыр. Квест ойындары, ми шынықтыру ойындарына қатысты сценарий жазуға талпынып жатқан жастар көп.

– Елімізде балалар әдебиетінің дамуына қаншалықты көңіл бөлінген? Нақты қолдау бар ма?

– Балалар әдебиетіне жазып жатырмыз, бізге көңіл бөлінсін, сол үшін ғана жазамыз,- демейміз ғой. Өзі балалар әдебиетіне жазғысы келген адамдар, бұл тақырып қызықтыратын адамдарға қолдау көрсетесің бе жоқ па әйтеуір жазып келе жатыр. Иә, үлкен проза, поэзияға қолдау көрсеткенде балалар әдебиеті шет қалып қалатыны рас. Балалар әдебиетінің жазушылары көптеген сыйлықтан қағылатыны, еленбей қалатыны, мемлекеттік сыйлықты алмай қалатындары да рас. Мысалы бізде «Президент стипендиясы» деген сыйлық бар. Ол жерде тек қана 19 ба, 21 ма адамның тізімі бар жылда берілетін. Сонда бірде-бір балалар тақырыбына жазатын жазушылардың тізімі жоқ. Мұзафар Әлімбаев ағамыздан кейін мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған балалар жазушылары жоқ.  Әйтпесе балалар тақырыбына жазатын жазушылар көп. Оның үстіне балалар  жазушылары момын, өзінің жазуын ғана білетін, қолдау сұрап жүгіре қоймайтын, қақ-соқпен үлкен додаларға кірісе бермейтін адамдар болған соң ба, бір жағынан осындай жүлделерден шет қалып қалатындықтары да сондықтан. Олар сол балалардың ортасында, кездесулерін ұйымдастырып, балалармен әңгімелесіп сонан соң балаларымызға не керек екенін анықтап, сол тақырыптар бойынша шығарма жазып жүре береді.

– Өздеріңіз кітап шығарғанда сатылымға шығарасыздар ма? Жалпы менеджмент туралы ойыңыз қандай?

– Жаңа айтып жатырмын ғой енді балалар жазушылары деген момын халықпыз. Осы кітабымды өткізе қояйын, осы кітабымды жарыққа шығара қояйын деп ойланбаймыз. Себебі мінезіміз солай. Әрине  30 жылдан бері өмір өзгерді, нарықтың заманы келді. Нарық енді қаласақ та, қаламасақ та бізге икемделмейді. Керісінше біз соған орай қызмет етуіміз керек. Соны түсініп отырсақта көбіміз менеджмент дегенді игере алмай  жатырмыз. Баяғыда жазушылар одағында «насихат бюросы» деген болатын. Біз үшін сондай  насихат бюросы болса, әрине бұрынғы қалпындай емес, өзгертіп, заман ағымына сай әкелсе, қолдау болса жақсы болар еді. Өйткені балалар әдебиетіне жақсылық жасау деген болашаққа жақсылық жасау дейтін болсақ мемлекеттік идеология болып қолдау білдіру керек. Оның үстіне биылғы жылды балалар әдебиеті жылы деп жариялап отыр. Бұрын балалар әдебиетін мемлекеттік тапсырыспен шығаратын. Биыл оны кітап палатасына өткізіп қойдық деді. Кітап палатасына жіберетін кітаптарды «лайк» арқылы өткізесіздер деді. Олда бір әділетсіздік деп ойлаймын. Себебі электрондық нұсқа дегенді біле бермейтіндер де бар. Лайкпен ұйымдастыру дегенде өтірік сияты сезіледі. Бірақ енді осының бәрінде биыл кемшіліктер байқалатын болса келесі жылы басқаша қолдау болып, лайксыз басқа нұсқамен өткізетін шығармыз деп ойлаймын. Бәрі жақсы болады деп сенемін.

– Биылғы жылды балалар әдебиеті жылы дедік. Бұл жыл балалар әдебиетіне қандай өзгешелік әкелді?

–  Жарияланғанымен өзгешеліктерді сезініп жатқан жоқпыз. Бұл жылдың мінекей тоғыз айы өтіп кетті. Балалар әдебиеті тақырыбына жазып жүрген жазушылар да әлі ештеңе сезіне қоймадық дейді.  Бірақ біздің ұлттық  кітапхана байқау жариялады. Ол осы қыркүйек айында аяқталды. Нәтижесі осы қазан айында шығатын сияқты. Жалпы біз  ұлттық кітапхананың ұйымдастырып жатқан жұмыстарына көп рақмет айтуым керек. Себебі балалар әдебиетіне  көңіл бөліп, балалар жазушыларымен кездесу ұйымдастырып, қандай тақырыпта жазу керек деген мәселені қолға алып келе жатыр. Сонсоң  Зәуре Төреханқызы деген жас жазушы қыз бар. Ол қыз өткен жылы қазақ-мажар жобасын қолға алып, мажарлықтардың балаларға жазған әңгімелерін қазақшаға аударып, қазақ жазушыларының жазғанын мажар тіліне аударып біраз дүниені жүзеге асырды. Алайда әлі кітап болып шықпады. Себебі айналып келгенде бәрі қаражатқа кеп тіреледі. Бірақ осындай жақсы-жақсы жеке-жеке жұмыстар қолға алынып жатыр.

Сұқбаттасқаныңызға рақмет!

   ЖЕРҰЙЫҚ ҚАЙДА? (әңгіме)

–  Жапондар жұртын Айдың солтүстік аймағына көшірмекші екен, Жақсылықтың бетінің сөлін компьютер  жеп қойған астробиолог досы  олардың  осылай жасайтынын бұрыннан білетін, бірақ оған ешқандай алаңы жоқ адамдай  хабарлады.  Жақсылық таңданып үлгергенше:

–  Қытайлар Күн жүйесіндегі Жерге өте ұқсас  планета Марсты көздеп отыр, – деп сөзін жалғастырды аспайтын-саспайтын әдетімен.

–  Онда озон  қабаты жоқ, қырылады ғой, – Жақсылық олар сондай нартәуекелге не үшін баратынын түсінбегендей, таңдана қарады досына.

–  Күн радиациясы өте қауіпті екенін білгендерімен, ондағы құрғақ мұз үміттерін оятуда. Су бар жерде өмір бар деп деп ойлап  атоммен бомбалауды ойластыруда, – астробиолог досы ойын әр әр жерден үзіп-үзіп қана айтты.

–  Бұл  дүние тұтқасын ұстайық деген  ниеттен бе, әлде мына тәж-тажалдан қашу ма? – Жақсылық екіұшты ойының қай жағына шығарын білмей дағдарып тұр.

–  Адамзат жерді улап болды, оны тазарту керек деп, элита өкілдерін іріктеп, жаңа әлем қалыптастырып жатқан көрінеді,–астробиолог сондай оқиғаның ішінен келгендей сенімді сөйледі.

–  Миллиондаған адам ішінен ірік–шірікті қалай бөлектейді екен? – Жақсылық ызалана мырс етті.

–  Микрочип орнатып, қашықтан басқарып отыратын көрінеді.

–  Сонда мына тәж-тажал «қаласам он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйғызып жіберемін» деген Алладан емес, қасақана қолдан істеп отырған қиянат па? Алланың қалауынсыз қалай болды сонда? – Жақсылық ой ұшығын әлі ұстай алмай отыр.

–  Шайтан иектеп, жынға быққан пенделер ниетімен, әрекетімен планетаны былықтырып болды,  жер құнары тозды, байлық таусылды, – астробиолог досы  оны өзің де білесің ғой дегендей  ойын  созбақтамай сөзін қысқарта қойды.

Бұл сарындас сөздерден Жақсылықтың құлақ еті әбден желінген. Неге екенін қайдам, бүгін оған қолқа – жүрегін  суырып алғандай әсер етті. Көгал нуы,құнарлы топырағы, мөлдір суы, таза ауасы қалмағаны рас. Адамзат қырық қатердің үстінде тұр. Жұрттың  жақсы өмірге деген  ынтасы жойылған. Елден ес кеткен,  үзеңгісі шіренгендерді үрей билеген.

Адамды адам алдайтын дімкәс қоғамда тау, тас сатылып, дәтке қуат етер талшық қалмаған.

Арқаны кеңге салып, шалжияр заман емес. Жерұйықтың қайда екенін іздеу керек.

Шүйгін жазықтары жыртылмаған, жері гербицид, пестицидпен қоректенбеген, шөлі мен шөлейтінде өндіріс қалдықтары төгілмейтін, тіршіліктің боққа толы қабын арқаламайтын, жұрты тең, ағайын арасы тату, жұт болмайтын, құт болатын қоныс табу керек.

Армандай сала қолыңа қона қойса қане… Жұрт ұзақ дайындыққа, азапты жолға, шыдам мен төзімге сақадай сай болып тұрмайды–ау. Оңай болса Асан қайғы баба орнықтырып-ақ кетер еді ғой.

Ымыранның ұлы Мұса пайғамбар малын төлден тиып, ерін құрсаулы  мұз жастандырып 40 жыл бойы сынаған дейді. Жерұйықты тапты ма, таппады ма, оның да ақиқатын ешкім айта алмайды.

Жақсылық досының бетіне ойлана қарады.

–  Осы сендер жақында тіршілік көзі бар аспан денесін тауып едіңдер ғой. Сол зерттеулерің не болып жатыр? – деп сұрады.

–  Жерден өте жырақта орналасқан, көлемі жағынан ірі планета табылған. «Жер – 2» деп қойды атауын. Дәл жердің өзіндей. Ылғалды, жылы климат бар екені анық. Тіршілік көзі керемет болуы мүмкін деп отыр болжам айтушылар. Ғылымға қаражат жағы қолбайлау ғой қашанда. Сол сылтаумен тоқтап тұр.

Жақсылықтың санасын буалдыр тұман торлап тұрғандай еді, мына сөз оны сейілтіп, серпілтіп тастады.

Жақсылықтың робот шығаратын зауыты бар. «Робот – корперейшин», «Дженерал электрик» корпорациясындай қуатты болмағанымен әлі дүниеге келе қоймаған беймәлім ғылымның ақырындап–ақырындап негізі қалануда. «Роботтар дәуірін туғызуға неге құлшынасың?» –деп  досы бұл ісін онша құптамайды.

–  Адамдар рухани проблемасын шеше алмай, абсурдты жағдайға тап келіп отырған  жоқ па? Ендігі жерде мұнай, газ арқылы дамудың мүмкіндігі азайған. Оның себебін өзің де білесің.

–  Сонда бұл мәселе қалай шешіледі деп ойлайсың?

–  Өзге планетадағы цивилизация ордаларымен қатынас жасамайынша Жердегі мәселе Асан баба қайта тіріліп келсе де орайына келмейді, – алапат шабыт түрткілеген Жақсылық ашына, екпіндей сөйледі.

–  Сонда… – досы бетіне аңтарыла қарады.

–  «Жер  – 2»  планетасына апаруға дайындық жасау керек.

–  Азған-тозған, жер бетіндегі тартыстан, ию–қию өмірден зәр ішкен адамдарды бейтаныс планетаға апарып, тағы да тағдыр талапайына тастамақпысың? – Көп үндемейтін астробиолог досы  мұны атақ, даңқ, бақ қуып отыр ма деп бетіне ожырая  қарады.

–  Қала орнатып, егін сап, мал айдауға болады деп отырсың ғой.

–  Болатыны болады, бірақ адамдар бірден қала салып кете алмайды ғой. – астробиологқа Жақсылық орынсыз, бос қиялға  беріліп отырғандай көрінді.

–  Құм болса жасандырамыз, мұз болса ерітеміз, – Жақсылық алақанын ысқылап орнынан тұрды

*   *   *

Жақсылықтың көңілі алаңдаулы. Әкесінің тәж-тажалмен ауырып жатқанына біршама уақыт болып қалды. Аурухана: «орын жоқ, оның үстіне жасы алпыстан асып кетіпті» – деді. Кішкентай кезінде естіген бір  ертегісі бар еді ғой:

–  Кімде кімнің әкесінің  жасы алпыстан асқан болса, ол шалды айдалаға апарып тастау керек. Жасы алпыстан асқан адамның не керегі бар. Оның қолынан  іс келмейді. Үйде жатып, тапқан-таянғандарыңды ішіп-жегеннен басқа оның бітірер ісі жоқ. Шалдарды құртыңдар, ал мұны қабыл алмағандардың басын аламын, –  деп басталатын. Жасы алпысқа келгендер өз ажалынан өлсе өлді, өлмесе  оларды елсіз жерге апарып  тастайтын. Сол ертегінің қайта келген заманы туып тұр.

Жақсылық әкесінің шөкімдей болып қалған түріне қарап, аяп кетті. Құр сүлдері қаудырап тұр. Жөтел келіп қалғанда бет-жүзі көгеріп кетеді. Ондайда барып-келіп, барып-келіп қалады. Содан соң сәл тыншып, бір қалыпты дем ала бастайды. Әкесі тынышталса Жақсылық  рахат бір күй кешеді, қолына алған жобасына үңіледі. Энергия көзі ретінде сутегін пайдаланудың түйткілді жеріне келіп тоқтайды.

Сутегін судан температурасын 10000 цельсиге жеткізіп оттегінен бөліп аларсың, бірақ оларды  таза күйінде қалай, қайда сақтай аласың?

–  Балам, соңғы кезде қатты күйгелектеніп жүрсің ғой. Менің ауруыма көңіл аударма. Алладан өзіме тұп-тура бағышталып келсе, ұстап тұра алмайсың, дәрігер де арашашы бола алмайды.

–  Мұның бір емі болуы керек қой. Соңғы кезде мен-мен деген асыл азаматтар бір күнде кетіп қалып жатыр, дүние түсініксіз оқиғаларға толып кеткендей, – Жақсылықтың көңілі кәдімгідей жабырқап қалды.

–  Олардың өлімі тәж-тажалдан ба, басқадан ба, бір Алла ғана біледі, –  әкесі үнсіз күрсінді де, – жұмыстарың қалай жүріп жатыр? – деді.

–  Жақсы. Дегенмен ендігі жерде газ, мұнай, көмір өндірісі тоқырауға түседі. Олардың орнын сутегін өндірумен толықтыру керек деп ойлаймын. Жаңадан ашылған ғаламшардан сутек зауытын салғым келеді, бірақ оларды қайда, қалай сақтаудың жолын білмей отырғаным,  – үміті үзілгендей  таусыла сөйледі.

Әкесі күліп жіберді. Жақсылық бетіне таңдана қарады.

–  Әлгі ертекте айтылатын  хан жасағындағы әкесін өлтіруге қимай сандыққа салып алып жүретін жігіт бар еді ғой,  хан сусыз шөлде қалғанда «өгізді босатсаң, су табылады, суы бар жерді ол иіскелеп сүзеді, сол жерді қазса  су шығады дейтін, енді бірде арада неше күн жол жүріп, үлкен теңіздің жағасына келгенде  теңіз түбіндегі гауһарды көріп, осыны алып берген адамды өзіме уәзір етіп, сұраған нәрсесін берем дегенде, гауһар су түбінде емес,  теңіз жағасындағы бәйтеректің басындағы құстың ұясында деп ақыл айтатын қария есіме түсіп отырғаны. Қазір де соның кебін киіп отырған жоқпыз ба, осы?..

–  Алпысқа келгендерді өлтіріңдер деген жарлық жоқ қой. – Жақсылық әкесінің сөзіне түсінбеген сыңай танытты.

–  Түпкі ойлары солай секілді ғой мына дүние құйынның. Жаңа планета деп айтып отырсың ғой. Ол сыры беймәлім, ұзақ жол.  Мені сол жаққа аттандыр. Бір септігім тиіп қалар.

Әкесіне «ауырып отырып қалай барасыз?» деп айта алмады.

*   *   *

Жақсылық роботтарды ғарыштық экспедицияға  іріктей  бастады. Соңғы кезде эксперименттік модульдердің психикасында өзгерістер көп. Қандай тосын мінез көрсетерін біле алмайсың. Түбегейлі жаңарған. Электронды милары жаңаша ойлайды. Әсершіл. Сезімтал. Жақсылықтың соңғы кездері олардың бойынан байқаған бір өзгерісі – ауыздары көпіргенше сөйлейтіндері, жоқтан өзгеге дауласатындары. Тәулік бойы қолдарынан телефон түспейді. Ескі маркалардың біразының құлағы естімейді, көздері әзер көреді. Қайта қорытуға  жіберейін десе шығыны өтелмейді.

Дәнекерлеуші роботтар лазерлі құралмен жұмыс істейді. Олардың ішінде де жұмысты сапалы істейтіні, бір айтқаныңды жүз рет айтқызып, қаныңды ішетін  жалқаулары, бос сөзге әуестері жетерлік. Міне, мына «Кud»  есімді роботты талай рет парша-паршасын шығарғысы келген. Мінезі қырсық. Жұмысын өндірмейді. Ернін шошайтып,  салғыласудан шаршамайды.

Құрылыс материалдарын таситын, үйдің төбесіндегі жұмыстарды атқаратын, қабырға тегістейтін роботтардың көбі сәнқой, үсті-бастарына қарағыштап, айна алдынан шықпайды. Кез келген оқиғаға  фейсбукта пікір жазып, дін, тәңіршілдік тақырыбындағы  әңгімелерге қызылкеңірдек болып отырғандары. Бұлардың ауыздары қалай тез сөйлесе, қолдары да солай тез жұмыс істейді. Үлкен-үлкен үйлердің іргетасын екі күнде тұрғызып, сағатына 1000 кірпіш қалайды. Ауа-райының жауын-шашынына,  аңызақ-аптабына қарамайды. Тәулік бойы бел шешпей жұмыс істей береді.

Іштерінде әлем әдебиетінің өткен-кеткенін суша сапыратындары бар.

Жақсылық қырық құрау, қырық рулы, қырық құбылып тұратын  роботтардың бір тобын  Жерден  өте алыс орналасқан  «Жер – 2» планетасына аттандырды. Роботтар ол жерде алдымен экологиялық тепе-теңдікті сақтап қалу үшін  сутегі зауытын салады. Болашақтың энергиясы сол. Судан жоғары температурада электролиз арқылы сутегін алудың жаңа технологиясының сызбасын әкесінің қолына ұстатты.

Әкесі жол жүрем дегелі бері кәдімгідей қуаттанып қалған. Өткендегі үңірейген үрей үмітке айналған….

(Жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі