Наурыздың 14-інде ресейлік мемлекеттік “Первый канал” телеарнасының қызметкері, редакторы Марина Овсянникова тікелей эфир кезінде қолына Украинадағы соғысқа қарсы плакат ұстап, кадрға еніп кеткен. Оның қолындағы плакатта “No war.Остановите войну. Не верьте пропаганде. Здесь вам врут. Russians against war” деген жазулар болған. Дәл осы сәтте “Время” бағдарламасының жүргізушісі Екатерина Андреева батыстың Ресейге қарсы санкцияларына орай Ресей қандай жауап бергені жайында мәтінді оқи бастаған болатын.
Овсянникова бұл әрекетінің алдында видеоүндеу жариялап: “Украинада болып жатқан оқиға – қылмыс. Ресей – агрессор ел, ал бұл агрессияның жауапкершілігі бір адамға ғана жүктеледі. Бұл адам – Владимир Путин” деген болатын.
Овсянникованың әкесі украин, шешесі орыс. Оның айтуынша екі елдің арасында ешқандай жаулық жоқ. “Ресей өз бауырларын өлтіруді дереу доғару керек” деген ол. Сондай-ақ, ол ресейліктерді соғысқа қарсы шеруге шығуға шақырған.
Марина Овсянниковаға 30 мың рубль (£213) айыппұл салынды
Ресейлік ақпарат құралдары журналист 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деген болжамдар жасаған. Алайда, неміс басылымы DW Марина Овсянникованың адвокаты Даниил Берманға сілтеме жасай отырып, оған әкімшілік жаза қолдануы мүмкін екендігін жазған еді. Ал ағылшындық ВВС корпорациясы оған 30 мың рубль көлемінде айыппұл салынғандығын жазды. Ал журналист бұл әрекетін өзінің соғысқа қарсы шешімі екендігін және Ресейдің бұл басқыншы соғысты бастағанына наразы екендігін айтқан.
Парақшамызға жазылыңыз