///

Шыңғыс Ергөбек, саясаттанушы: Украина соғысы маңындағы геосаяси ойын: жасырын мүдделер* (соңы)

1839 рет қаралды

ҚЫТАЙДЫҢ ӨЗ УКРАИНАСЫ БАР. ОЛ – ТАЙВАНЬ

Қытай үшін бұл соғыстың маңызы негізгі әлемдік бәсекелестік тұрғысынан маңызды. Тарихи тұрғыдан Қытай өзін үшінші әлем, яғни дамушы мемлекеттердің басшысы, олардың империалистік саясатқа қарсы құқықтарын қорғаушы ретінде елестетіп келді. Бұл қақтығыс Қытай үшін өмірлік маңызы бар бірнеше сауалдың  жауабын табуға көмектеседі.

1. Қытай бұл қақтығыста бейтарап қалуға тырысатын мемлекет. Қай жақа бұрылса да Қытай екі үлкен мәселемен жүдеседі: АҚШ пен Еуропалық одаққа қарай бетбұрыс жасаса өз дамуы үшін маңызды шикізат қорынан айрылады, Ресейге бет бұрса ірі инвестициялардан айрылады. Бұл диллема Қытай үкіметін қатты толғандырып отырған мәселелердің бірі.

2. Қытай үшін дәл бүгінгі күні маңызды сауалдардың бірі құндылықтар қақтығысына байланысты туындап отыр. Қанша демократиялық болып көрінгісі келгенімен тоталитарлық Қытайда коммунистік партияның жетекші рөлі айқын сезіледі. Бұл үлкен мемлекетке тән құбылыс секілді. Десе де, Дэн Сяо Пиннің кезінен бастап саяси жүйені біртіндеп либерализациялау қолға алынған еді.

Дегенмен өзге Қытай лидерлеріне қарағанда Си Цзинь Пинь бөлек тұлға. “Ұлы” Маодан кейінгі кезеңде Қытай басшыларының барлығы мемлекет басшылығында екі кезеңнен артық отырып көрген емес. Бұл Қытай экономикасы мен әлеуметтік дамуына он жылда бір рет серпін беруге, өзге көзқарастағы адамдардың билікке келуіне, экономиканы реттеудегі жаңа тетіктерді қалыптастыруға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болатын. Сол себепті Қытай өткен бес жылды алып тастағанда өте жоғары экономикалық қарқын көрсетті деуге болады. Ал мемлекет басшысы Си бұл ережені бұзып Конституцияға өзгеріс енгізді. Өзгерістің негізгі мақсаты билікте ұзағырақ қалу. Демек мемлекеттік билік өзгеріссіз қалады деген сөз. Соңғы бес жылдағы экономикалық өсімнің төмендеуі тек Қытай экономикасының шарықтау шегіне жетуімен ғана байланысты емес, Си Цзинь Пиннің тиімсіз басшылығында деп ойлайтын сарапшылар саны өсуде. Мәселе Конституцияға жасалған кішкентай өзгеріс Қытай қоғамының дамуын бұрынғыдан әлде қайда автократиялық жолға түсуіне, тиісінше Мао дәуірінің қайтып келуіне ықпал етуі мүмкін. Бұл Қытайдың оңтайлы жолдан ауытқу мәселесін Украинадағы соғыс контекстіне пайдаланар болсақ екі қорытындыға келеміз.

А) Қытай басшысы автократиялық тұлға ретінде билігін мүмкіндігінше ұзақ сақтап қалуға мүдделі. Ал бұл тек демократиялық үдерістерді тежеу арқылы қол жеткізуге болатын мақсат. Сондықтан да болар Қытай дәл бүгін рухани және құндылықтар тұрғысынан Ресейге әлде қайда жақын мемлекет.

Б) Кез келген автократ секілді Си Цзинь Пинь өзге ыдырауы мүмкін автократиялық мемлекет басшысы. Яғни Ресейге байланысты жарияланған экономикалық соғыс Қытайға байланысты жариялануы мүмкін. Егер Ресей жеңілер болса онда АҚШ келесі кезекте «Қытай мәселесімен» айналысары сөзсіз. Ал бұл проблеманы оқшаулап алу үшін АҚШ-та ресурс та, себеп те жеткілікті. Алысқа барудың қажеті жоқ Шыңжаң мен Тибеттегі адам құқықтары мәселесінің өзі санкциялар үшін жетіп артылады.

3) Қытайдың өз Украинасы бар. Ол Тайвань. Қытай халық республикасы өзге територриялық мәселелерді ысырып қойғанда Тайвань мәселесін шешуге ынталы. Сондықтан Қытай үшін Украина тек өз тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан жоқ, Украина Тайвань тәуелсіздігі үшін күресуде. Украинаға қарсы агрессияның нәтижесі бойынша Қытай Тайваньға қатысты белгілі ұстанымға келеді.

ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ РЕСЕЙ РЕСУРСТАРЫНА ТӘУЕЛДІ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫН ТЕК РЕСЕЙМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТА ЖҮЗЕГЕ АСЫРА АЛАДЫ

Келесі маңызды геостратегиялық ойыншы Еуропалық одақ. Еуропалық одақ үшін маңызды шешімі табылуы тиіс мәселе аймақтық қауіпсіздік. Еуропалық одақ өзінің өркениеттік шекарасын сызып үлгерген құрылым. Ол аймақ Түркиямен Ресеймен шектесетін аймақ. Бұл тұрғыдан алғанда осы екі мемлекеттің саясатының ең болмаған жағдайда «болжанбалы» болуы Еуропа қауіпсіздігі үшін маңызды. Еуропалық одақтың негізгі мақсаты аймақтық тұрақтылық пен өзара серіктестік орнату. Сондықтан осы екі мемлекеттің кез-келгенінің тарапынан жасалған біржақты әрекеттер Еуропалық тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Дегенмен Еуропалық одақ Ресей ресурстарына тәуелді және тұрақты дамуын тек Ресеймен ынтымақтастықта жүзеге асыра алатындығы айқын. Бүгінгі күні Ресейге салынған санкциялардың бір бөлігі Еуропа экономикасына да зиян келтіруде, себебі Ресей Еуропа тауарларын тұтынушы үлкен нарық. Мұнымен қоса соғыс нәтижесінде газ құны, мұнай құнын былай қойғанда бидай құны қымбаттайды. Бұл Еуропаның алдында тұрған келелі мәселелердің бірі.

ТҮРКИЯ РЕСЕЙДІҢ ЫДЫРАУЫН ҚАЛАЙДЫ

Түркия Еуропалық одақ пен АҚШ-тың одақтасы болып көрінгенмен, бұл соғыста өз мүддесі бар мемлекеттердің бірі. Түркияның мемлекет басшысын либералды демократ, не болмаса жалпы демократ деп бағалау қиын. Осы уақытқа дейін Украинаға әскери техника жеткізген Түркия Ресеймен де қатынасын бұзбауға тырысуда. Аймақтық амбицияларын жасырмайтын Түркия үшін маңыздысы Ресейдің Орталық Азия мен Кавказ аймағына қауіп төндірмеуі. Түркияның негізгі мақсаты өзін осы аймақтарда Ресейге тең дәрежелі мүддесі бар әріптес екендігін мойындату. Сондай-ақ, Түркия, Ресей және Украина туристеріне мүдделі. Дегенмен ұзақ мерзімді басымдықта Түркия Ресей ықпалының шектелуін қалайды. Ресей Түркия үшін бәсекелес мемлекет. Түркияда кең қанат жайып келе жатқан неоосманизм мен панисламизм қағидалары біртіндеп түркі елдерінің басын, сосын ислам елдерінің басын қосу арманына жетелейді. Бұл жерде Ресейдің тіпті ыдырап ол жердегі түрік үлыстарының тәуелсіздік алуы Түркия жоспарларының жүзеге асуына жол ашады.

РЕСЕЙДІҢ ӨНДІРЕТІН МҰНАЙ КӨЛЕМІНІҢ ОРНЫН ТОЛТЫРУ МҮМКІН ЕМЕС

ОПЕК бұл соғыстан табыс табар тұсы да ұтылар тұсы да мол ұйымдардың бірі. Мәселе ұтымды тұс мұнай бағасының қымбаттауы деп қарастырсақ, онда дамыған елдердің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында энергия үнемдеуші технологиялардың дамуына жағдай жасауында. Бұл бағытта жасалып жатқан зерттеулер көп. Мұнай бағасының қымбаттауы бұл елдердің алдында негізгі ресурс мұнайдың нарықтағы бағасының құлдырауына тіпті бұл ресурстың маңызының жойылуына алып келуі мүмкін. Оның үстіне Ресейдің өндіретін мұнай көлемінің орнын толтыру мүмкін емес. Иран мен Батыстың қатынасы әлі де күрделі, Венесуэлла АҚШ үшін әріптес болғанымен Еуропадан алшақта. Демек ОПЕК алдындағы мұнай бағасының өсуінен туындаған мүмкіндіктің өзінің ескерілмеген салдары болуы мүмкін.

ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ДЕ ТАҢДАУ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ

Еуразиялық одақ үшін аймақтағы тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастық идеясы басым. Бұл елдердің негізгі дені белгілі бір дәрежеде экономикалық тұрғыдан Ресейге тәуелді. Ресей экономикасындағы күрделі өзгерістер бұл елдердің барлығына кесірін тигізбей қоймасы анық. Еуразиялық одақтың келесі бір үлкен мәселесі не одақты реформалау, не оның орнына жаңа балама іздеу. Себебі бүгінгі Ресейдің одаққа деген көзқарасы одақтың «Ресейдің артқы қорасындай» сезім ұялатады. Экономикалық дамудағы диспаритет, Ресейдің саяси өктемдігі, Ресей үшін бұл одақтың Кеңестер одағының жеңілдетілген нысанына деген қадамы екендігін көрсетіп отыр. Дәл бүгінгі күні Ресей посткеңестік кеңістікте екі үлкен саяси құралды кеңінен қолданып келеді. Біріншісі, көрші елдерді одақтасқа айналдыру, ол болмаған жағдайда екіншісі, қадағаланбайтын мемлекеттерге «қадағаланатын соғыс» тұжырымдамасын пайдалану арқылы ұлттық қақтығыстарды қолдап отыру. Демек, Ресеймен кез-келген одақтық қатынас таза экономикалық сипатқа ие болуы мүмкін емес. Экономикалық сипатты жамыла отырып саяси одақ құру Ресей сыртқы саясатының негізгі бағыттарының біріне айналуда. О баста табиғаты экономикалық болып айқындалған одақтардың өзі саяси одақ сипатына айналып кетуі ғажап емес. Сондықтан аймақ елдерінің интеграциялануға деген ниеті де төмен. Бірақ Украинаның артында Еуропалық одақ бар да, қалған елдердің артында кім бар? Мәселе сонда. Түркия алыста, өзге Орта Азия елдері интеграцияға ынталы емес. Оңтүстік Азия интеграциясына тұрақсыз Ауғанстан кедергі келтіреді. Демек мұндағы таңдау мүмкіндігі де шектеулі. Қазақстанның таңдау мүмкіндігі үлкен стратегиялық сауал тудырады. Ресей болмаса кім? Қытай ма? Өзге ел түгілі өзінің Шыңжаңдағы халқына репрессия қолданатын Қытаймен одақтас болу Ел болашағына қатысты үлкен сауалдар қояды. Еуразиялық одақтан шығу туралы емес, бейтараптық ұстанымымыз үшін Каспий мұнай құбырын жауып тастау арқылы қысым көрсетіп отырған Ресей тіпті мұнайды экспорттау мүмкіндігін шектеп тастап отыр. Атом өнеркәсібінде, уран өндіруші жетекші мемелекет бола тұра Қазақстан ураны тек Ресейде тиісті өңдеуден өткеннен кейін ғана пайдалануға жарамды. Демек бұл салада да «ұлы» көршіге тәуелдіміз. Темір экспорты, болат экспортының барлығы Ресей арқылы жүзеге асырылады. Демек алдымызда тұрған таңдау не Қытай, не Ресей. Қай таңдау болса да оңып тұрғаны шамалы. Теңізге шығар жолы жоқ Қазақстан үшін Ресеймен немесе Қытаймен байланыс, өнімді нарыққа шығарудың жалғыз жолы. Ресей Каспий құбырын бітеп тастаса, жалғыз шығар жол Қытай, одан қалды Ақтау порты арқылы қымбат жолмен тасымал. Қытай бұл жағдайды пайдаланып Ресейге де, Қазақстанға да энергетикалық ресурстар бағасын төмендетуге ұсыныс жасайтындығы сөзсіз. Демек мұнай бағасының шарықтау шегінде оның пайдасын көру мүмкіндігіміз тағы да шектеулі.

Өзге мәселелерді ысырып қойғанда Ресейдің бауырлас мемлекетіне осындай агрессивті саясат ұстануы, бауырлас емес өзге мемлекеттерге кем дегенде күдік ұялатары сөзсіз. Мұндай көрші ертең қалай әрекет етері белгісіз. Ресей президентінің Украинадағы әскери операция алдындағы негіздемесі көршілес мемлекеттердің қауіпсіздігіне қауіп төніп тұрғандығының көрсеткіші. Лениндік Украина мен өзге көршілес елдердің территориялық мәселелері бар екендігі және бұл дәйектің кез-келген көрші елге қолданылуы мүмкін екендігін былай қойғанда әскери риториканың әрі қарай жалғасуының өзі үлкен сауалдар тудырып отыр. Сиырға туған күн, бір күні бұзауға да туады деген мақалды бабамыз бекер айтпаса керек.

P.S. Соғыс ықпалы туралы сұрақ та, күмән да көп. Болжамдар қаншалықты дәрежеде ақталады? Оны анықтау уақыт еншісінде. Бірақ бір нәрсе анық, ХХІ ғасырда саяси мәселелерді әскери күшпен шешу, өзге елдің територриялық тұтастығына қол сұғу жақсылық нышаны емес. Адамзат тарихы енді екі кезеңге Украина соғысына дейінгі және кейінгі дәуірге бөлінері айқын. Не болса да соғыстан кейінгі кезең адамзатқа ұнай қоймасы анық.

[*] Бұл мақаладағы пікірлер автордың субъективті пікірі. Бұл мақала Украинадағы соғысты саралауда соңғы нүкте емес.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі