////

Мұнайдың отаны Атырауда балаларға арналған футбол алаңдары неге жоқ?

1688 рет қаралды

 Атырау қаласында «Атырау футбол лигасы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Бірлестіктің жалпы мақсаты: балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жарыстар, біріншіліктер ұйымдастыру, спорттық-әдістемелік семинарлар өткізу, жаңа спорттық инфрақұрылымдар салдырту, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктіліктерін арттыру, мемлекеттік органдар мен футбол федерацияларымен меморандум жасасу арқылы ынтымақтастық орнату және т.б.

Мұнайдың oтаны саналатын Атырауда балалар спортын дамытуға көңіл бөлінбейді. Балаларды жаттықтыратын футбол алаңдары жоқ. Ал басқа өңірлерде қалай? Олардың тәжірибесімен танысу мақсатында  Қостанай, Павлодар, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына іссапар болып қайттық.

Іссапар жоспарының бірінші орыны Қостанай қаласы. Қостанай футбол одағының басшысы Болат Искаков күтіп алып, бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Алдымен, одақтың кеңсесіне бас тарттық, «Тобыл» футбол клубының тарихына шолу жасап, орталық стадионды таныстырды, содан кейін «Тобыл Арена» жабық манежіне келдік. Бұл 3000 адамды орналастыра алатын алпауыт арена. Жалпы футболдан балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің 900-ге жуық балаларын 20-дан астам бапкер жаттықтырса, «Тобыл» футбол орталығының 400-ге жуық балаларын 20-ға жуық бапкер жаттықтырады екен. Барлығы 1300-ге жуық бала қыстың салқын мезгілінде жылы манежде жаттығады. Сонымен қоса, «Тобыл» футбол клубының жастары мен негізгі құрамы да осы манежде өз оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Әр жексенбі сайын манежде «Қостанай футбол лигасы» аясында ауданаралық балалар біріншілігі өткізіледі. Содан кейін «Тобыл» футбол клубының базасына бағыт алдық. Мұнда ойыншыларға барлық жағдай жасалған, атап айтсақ: 2 толыққанды алаң, біреуі жасанды, біреуі табиғи шөп, жатақхана, асхана, тренажерлық зал, кіші футзал залы бар.

«Тобыл» командасы 2021 жылдың футболдан Қазақстан чемпионы екенін де атап өту керек, ал биыл Чемпиондар лигасының іріктеу турниріне қатысады. Қостанай облысының балаларына футболмен еркін айналысуы үшін жақсы жағдай жасалған, осы үшін Болат Шеркешұлына алғысым шексіз.

Екінші табан тіреген жер, Павлодар қаласы. Мұнда «Ақсу» футбол орталығының жасөспірімдер футболын дамыту үйлестірушісі Сағындық Бауыржанмен таныстық. «Ақсу» футбол орталығының базасы мен жұмысын көрдік. Одан кейін Павлодар облыстық федерациясының бас хатшысы Сейтбек Жақсылықұлымен таныстық. «Болашақ Арена» ауамен қамтамасыз етілетін (воздухоопорное сооружение) жекеменшік манежге бардық. Қыс мезгілінде таптырмайтын манеж. Содан кейін «Спорт сити» жабық манежіне бет бұрдық. Мұнда «Ақсу» футбол орталығының басшысы Ойрат Садуовпен таныстық. «Ақсу» футбол орталығында 500-ге жуық баланы 28 бапкер жаттықтырады және футболдан балалар жасөспірімдер спорт мектебінде 700-ге жуық баланы 20-дан астам бапкер жаттықтырады. Барлығы 1200-ге жуық бала қысқы уақытта жылы манежде жаттығады екен. Қостанай қаласындағыдай мұнда да «Ақсу» жастары мен негізгі құрам да жаттығады. Наурыз айында «Ақсу» – 2005 жылғы жасөспірімдері Алматылық «Қайрат» – 2005 командасын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, «Арман» Республикалық турнирінің жеңімпазы атанды. Яғни, Қостанай мен Павлодар қалаларында толыққанды жабық манеждердің болуы, командалардың қысты күні де жаттығуды үзбей жалғастыруы жақсы нәтижелерге жетуге болатынын көрсетті.

Үшінші кезекте Нұр-Сұлтан қаласы. Мұнда «Астана» футбол орталығының басшысы Арсен Инкарбековпен таныстық. Осы орталықта 2 жылдан бері жұмыс істейді екен. Жалпы орталық Бельгия жүйесі бойынша жұмыс істейді. Футбол орталығында 368 бала және оларды жаттықтыратын 26 бапкер бар. Қосымша бапкерлердің біліктілігін арттыру курстарынан сабақ бере алатынын жеткізді, қазіргі таңда бұл мәселе Атырауда өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сосын Қазақстан футбол федерациясы үйінде бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер футболы департаментінің басшысы Сергей Кенетаевпен кездестік.

Атырауда бұқаралық футболды дамытуға мүмкіндік жоқ екенін жеткіздім. Яғни, толыққанды балалар пайдасына жарата алатын алаңдар жоқ, жабық манеждер жоқ, біріншіліктер өтпейтіні туралы айттым. Федерация  ондай алаң, манеждер салып беруге қауқарсыз екен. Бірақ, балалардың біріншіліктерін жүргізуге JKFL лигасы өткізілетіні туралы айтты. Негізі ҚФФ – ның жұмысына көптеген сұрақтар бар, әсіресе қаражаттың бөлінуі турасында, алайда уақыттың тығыздығына байланысты көп ақпарат ала алмадым.

Үшінші, ол әрине «Астана арена» жабық стадионы. Оның сыйымдылығы 30 000 адам, Қазақстанда теңдесі жоқ алаң деуге болады. Мұнда Астана орталығының балалары, жастары және бас команда да жаттығады. Далада ауа температурасы -20, -30 суық болып тұрғанда, төбесі жабылатын стадионда еш уайымдамай жаттығуларын жасай береді. Оған жақында өткен Қазақстан мен Молдова құрамалары арасындағы ойын дәлел бола алады. Далада боран, төтенше жағдай жарияланғанымен жабық стадионда еш кедергісіз ойнады. Нұр-Сұлтанның суығынан басқасы, әрине ұнады. Балалардың өсуі мен дамуы үшін мүмкіндіктер жасалынып жатыр.

Ең соңғы нүкте Алматы қаласы. Ең бірінші жеке меншік «Жас-Қыран» балалар және жасөспірімдер футбол орталығы басшысы, ҚР U17 құрамасының бапкері Александр Кузнецовпен таныстық. «Жас Қыран» стадионымен және инфрақұрылымымен таныстырды. Меценат Берік Каниевтің Алматы әкімшілігімен Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен (ГЧП) 15 жылға келісіммен алған жерді гүлдендіріп берген деп айтуға келеді. Орталықта 400-ге жуық бала және 20-ға жуық бапкер бар. Алматының ауа-райы басқа облыстарға қарағанда далада ойнауға қолайлы. Алматы қаласында жеке клубтар, ашық  алаңдар өте көп. Мұнда балаларға жарыстар, әр түрлі деңгейдегі біріншіліктер ұйымдастырылады. Солардың бірі О.Жарылғапов атындағы спорт орталығына қарасты «Зенит» атты стадионда, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы В.В.Малыгиннің атына ұйымдастырылып жатқан 2010 жылғы балалар арасындағы  турнир. Сол турнирдің жеңімпаз командасы «Джайран» футбол клубының жетекшілері Асхат, Асыланмен танысудың сәті түсті. Бұл жеке клуб 2016 жылдан бері жұмыс істейді. 2021 жылдан бастап облыстық  спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыруда (artsport.edu.kz платформасы). Алматыда 21 филиалы, 30-дан астам бапкерлері және 1000-нан астам шәкірттері бар жеке клуб. Бұл жігіттер балаларға салауатты өмір салтын насихаттау, оларды түрлі заманауи гаджеттерден айырып, таза ауада жаттығу жасауға баулуда. Мінекей, ТЖ бөлімінде жастарға мүмкіндік беру керек. Өздерінің тұрақты базалары болмаса да, тұрақты менеджмент пен маркетингтің арқасында қаншама балалардың қуанышына демеу болып жүрген азамат жігіттер деп осыларды айт.

Сонымен … Қостанай, Павлодар, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары артта қалды. 13 күн жол, клуб аралық қарым-қатынастар, мол тәжірибе. Атыраумен салыстырғанда жер мен көктей деп айтуға болады. Өсу бағыты айқын, сапалы инфрақұрылым көбейту, жүйелі жұмыс, өз мамандығын сүйетін білікті бапкер, меценаттар мен әкімшілікпен тығыз байланыс қажет. Осы іс-сапарымды қорытындылай келе, алдағы уақытта өзімнің AFL junior лигасы жобасының тұсауын кеспекпін.   Күтініздер …

Ақылбек Мұқанов, Атырау облысы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі