//

Өзін-өзі тану пәні қажет пе әлде жоқ па? Біз балалардың пікірін сұрадық па?

3020 рет қаралды
1
фото: Ұстаз тілегі

Кеше Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов “Өзін өзі тану” пәнінің келесі оқу жылынан бастап міндетті пәннен таңдау пәніне ауыстырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы арнайы брифингте “Азаттық радиосы” тілшісінің қойған сауалына берген жауабында белгілі болды. 

Жыл басталғалы бері осы пәннің қажеттілігі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл тақырып бойынша майын ішіп, жілігін жаққан сарапшы да көбейді, әрі қаңтар қырғыны, елдегі саяси өзгерістер де өз салқынын тигізді. Бірақ, осы дүрбелеңнің ішінде біз бір маңызды дүниені естен шығарғандаймыз. Бұл пәннің қажет не қажетсіз, пайдалы не пайдасыздығы туралы айта алатын басты тұтынушы – балалар, яғни мектеп оқушылары. “Мінбер” Батыс Қазақстан облысы мектептерінің оқушыларымен осы тақырыпқа сұхбаттасып көрген еді.

Бұл балалар “Өзін-өзі тану” пәнін 1-ші сыныптан бастап оқыған 10, 11 сынып оқушылары. Қазіргі уақытта аудандық, қалалық, облыстық олимпиаданың жеңімпаздары болып, олимпиаданың келесі кезеңі республикалық деңгейіне дайындық үстінде. Қандай пәннен білім сынастырмақ десеңіз, өзін-өзі тану пәнінен.

Сұхбат басында балаларға өзін-өзі тану пәнін қай сыныптан бастап оқығаны, ол пәннің олардың өмірінде қандай маңызы бары, мұғалімдердің пәнді берудегі рөлі қандай екені және өзін-өзі тану пәні мектеп бағдарламасында болуы қажет пе, әлде жоқ па деген сұрақтар қойылды. Балалардың жауабына зер салыңыз:

Асан, 10 сынып оқушысы, қала мектебі: 

– Мен 1-ші сыныпта “Өзін-өзі тану” пәніне бей-жай қарадым.  Шыны керек пәнге 9-шы сыныпта ғана зейін қоя бастадым. Негізі маған мұғалімдерім ұнады. Себебі мен осы пәнге дейінгі басқа сабақтардан шаршап келемін. Ал, өзін-өзі тану пәні соңғы сабақ. Біз өлең айтамыз, апай түрлі шаралар өткізеді. Маған бәрі ұнады, бірақ құндылықтарға байланысты түсінік, өзімді мазалаған сұрақтарға жауаптарымды дамыту 9-шы сыныптан басталды.

Бастысы мұғалім өз пәнін шын махаббатпен таңдау керек. Кез-келген адам өзін-өзі тану пәнін балаларға жақсы жеткізе алмайды. Менің өзін-өзі тану пәнін жүргізетін ұстазым Нұргүл апай өз балаларынан көрі, мектептегі балаларға көп көңіл бөледі. Балалардың мәселесін шешу, білім беру, пәнді жеткізу үшін жанын салып, қанша тер төкті. Маған ол кісінің әр сөзі қымбат және жадымда сақталып қалады. Өзім де мысалы, ішкі тыныштығымды іздеген кезде ұстазымның сабақтағы тәжірибелерін пайдаланамын, маған көп көмектеседі. Мысалы, көлік пен жүргізуші, жүргізуші болмаса, көлік жүрмейді. Ал, егер жүргізуші нашар болса, ол көлік дұрыс жүрмейді. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан, мен үшін өзін-өзі тану пәні мұғалімінің рөлі өте маңызды.

Талшын, 10 сынып оқушысы, қала мектебі: 

–  Бірінші сыныпта бәріміз баламыз ғой, шыны керек өзін-өзі тану пәнін түсінбедік. Жеке өзім үшін тек қызықты сабақ болып көрінді. Себебі, әртүрлі тренинг, мультфильм, ертегілер, аңыздар туралы оқып білдік. Содан кейін “Өзін-өзі тану” пәнін 7-ші сыныпта жасы үлкен апай жүргізе бастады. Ол кісі өзін-өзі тану пәнінің жай ғана пән емес, адамды үйрете білетін, тәрбиелейтін пән екенін түсіндірді. Шынында 6-7-ші сабақтан шығып, өзін-өзі тану пәніне келесің, осы жерде шаршағаның басылады. Қалай болғанын өзің де түсінбей қаласың. Себебі сабақ барысында мұғаліміңмен сөйлесесің, психолог ретінде жүгіне аласың. Одан бөлек, әртүрлі өмірге қажетті басқа да жақтары бар, мысалы қанатты сөздер, оларды қай уақытта не қандай жағдайда қолдануға болады және оларды өмірде шын мәнінде қолданасың.

9-шы сыныпта мен осы пәннен олимпиадаға қатыса бастадым. Бірінші мектепішілік, кейін қалалық. Негізі менің тіл байлығым, сөйлеу мәнерім, жазу қабілетіме қарап маған ұстазым ұсыныс жасап, бағыңды сынап көр деген болатын. Мен де басқа пәннен олимпиадаға қатыспайтын болғасын, келістім. Мектепішілікке қатысып, қалалық кезеңге өттім. Кейін тест, ситуация, эссе туралы оқып, біле бастаған соң қызығушылығым арта бастады. Әртүрлі ситуациялар болады, оларды шешу керек. Одан кейін анам да (анам өзін-өзі тану пәнін жақсы көреді) – мүмкін болашақта “Өзін-өзі тану” пәнін таңдарсың, психология, педагогиканы көрерсің, – деді. Ал, 10-шы сыныпта өзім осы пәннен олимпиадаға қатысуды таңдадым. Тағы да бағымды сынап көрмекші болдым. Қазір екі кезеңнен өтіп, республикалық кезеңге дайындалып жүрмін. Шыны керек мен үшін анамның сөзінің ықпалы көбірек болды. Негізі медицина саласына дайындалып жүргенмін,  болашақта бағытымды өзгертетін шығармын.

“Өзін-өзі тану” пәні пән ретінде мектепте оқытылмаған кезде, тіпті қанша уақыт бұрын Шәкәрім Құдайбердіұлы «адамға ар-ожданды үйрететін пән болса екен» деп армандаған екен. Одан кейін Сара Алпысқызы осы өзін-өзі тану пәнін енгізгенін бәріміз білеміз. Адамға ар-ождан туралы, адамға өзінің ұятын, арын сақтау туралы үйрететін пәнді алып тастаса, балаларға берген білімнің маңызы қандай? Мысалы, адам жаратылыстану, география, тарих пәндерінде әлем, жаратылыс, тұлғалар, оқиғалар және тағы басқасы туралы оқиды. Ал, адамға ар-ождан, ұяттан аттамау туралы, ең бірінші ар екенін үйрететін пән ол өзін-өзі тану пәні. Сол себептен өз басым өзін-өзі тану пәні факультатив емес, негізгі пән болып қалуы керек деп есептеймін.

Мария, 11-ші сынып оқушысы, аудан мектебі:

– Өзін-өзі тану пәні маған әркез ұнайтын. Өйткені, біздер барлық сабақтан шыққан соң, дәл осы пәнде демалатынбыз. Сурет саламыз, ән саламыз, маған сол үшін ұнайтын. Бұл пәннің маңызын толық түсінген уақыт мен үшін 11-ші сынып десем болады. Себебі мен тереңдетіп оқи бастадым, олимпиадаға дайындалу кезінде құндылықтардың ашылып, балаларға тәрбие беретінін түсіндім. Мұғалімім келіп, сынып оқушыларына өзін-өзі тану пәнінен олимпиадаға кім қатысқысы келетінін сұрады. Мен еш пәннен қатыспаймын, неге қатыспасқа деп шештім, сөйтіп өзімді ұсындым. Бірақ, мен орын аламын деп күтпеп едім. Нәтижесінде, мектепішілік, аудандық, облыстық кезеңдерден 1-ші орын алдым. Мен үшін күтпеген жағдай болды, өзім таң қалдым. Бұрын басқа пәндерден қатысып жүрсем де жүлделі орындарды алмаған едім.

Неге бұл пән оқушылар үшін маңызды? Біз мектепте басқа пәндерді оқи жүріп болашақ мамандығымызға дайындаламыз, өмірлік қажетті азық аламыз, қажетті нәрселерді үйренеміз. Ал, адам болуды, адами құндылықтарды білуді, қалыптастыруды ешбір пән үйретпейді, рухани азықты еш жерде бермейді. Әрине ата-аналар отбасында тәрбие береді, бірақ өзін-өзі тану пәнінде мұғалімдер қосымша түсіндіреді. Сол үшін бұл пән маңызды.

Мен өзін-өзі тану пәнін 1-ші сыныптан бастап оқыту қажет деп ойлаймын. Өйткені, бала бірінші сыныпқа келген кезден бастап осы тәрбие қалыптасуы керек. Оның үстіне біздің уақытта, мысалы мен кішкентай балаларды сыртынан бақылап жүремін, сол кезде көретінім бастауыш сынып оқушыларының тәртібі нашарлау, боқтық сөздер айтып жүреді. Біздер бастауыш сыныпта ұяңдау болған сияқтымыз, ал қазір балалар мүлдем бөлек. Оларға осы пәннің көмегі, пайдасы болар еді деп ойлаймын. Және 11-ші сыныпқа дейін жүргізілуі керек деп есептеймін. Мұғалімдер тек пәнді оқытып қана қоймайды, болашақ өмірге бағыт береді, мамандық таңдауда да бағдар береді. Ең бастысы балаларға үлкен өмір алдында таңдау жасаған кезде өзіңді, өз жүрегіңді тыңдап таңдау жасау қажет екенін жеткізеді.

Айнамкөз, 11-ші сынып оқушысы, қала мектебі: 

– Мен де бұл пәнге аса бір мән бермедім. Тыныштық сәттері, эссе жазу, осының барлығы әдебиет сабақтарына ұқсас болды мен үшін. Бірақ, мұғалімім 11-ші сыныпта маған пән бойынша олимпиадаға қатысу үшін ұсыныс білдірді. Сол уақыттан бастап мен шынымен “Өзін-өзі тану” пәнінің адамға қалай әсер ететінін, осы пәнді мектеп бағдарламасына не үшін қосып, не үшін балаларға оқытылуы қажет екенін түсіндім. Олимпиадаға бұрын мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қатысып жүрдім. Қалалық кезеңде орын алып, облыстық кезеңде орын алмадым. 11-ші сыныпта уақытым болмайтын шығар деп ойлап, олимпиадаға қатыспадым. Бірақ, “Өзін-өзі тану” пәнінен мұғалімім олимпиадаға қатысуға ұсыныс жасаған соң, келістім. Сөйтіп дайындықтар басталды, эссе жазу, ситуацияларды талқылау. Негізі мақсатым орын алу емес еді, апайдың көңілін қалдырғым келмеді. Ал, қалалық кезеңнен бірінші орын алғаным мен үшін әрі қарай жылжуға, дамуға стимул болды. Апайым да қатты қуанды. Енді облыстық кезеңде орын алуым керек деп шештім. Әрі қарай ізденіп, дайындалдым, құндылықтардың барлығын бір-бірден зерттеп шықтым. Осы арқылы өзімнің бойымда да, өзгелерге де осы құндылықтарды тәрбиелей бастадым. Өзім үшін өзін-өзі тану пәні ең керек пән, ол барлық баланың ішкі жан-дүниесіндегі барлық қасиеттерін аша білетін пән деп ойлаймын.

Балаға негізінен тәрбиені ең алдымен ата-ана береді, содан кейін мұғалім береді. Бірақ, басқа мұғалімдер өз пәнінде тәрбиені тереңдетіп беріп отырмайды, өйткені пән бойынша міндеті бар. Ал, ата-ана мен мұғалімдер берген тәрбиені одан әрі шыңдай түсу және тереңдету үшін балаға өзін-өзі тану пәні көмектеседі деп ойлаймын. Өзін-өзі тану пәні адам бойындағы қандай қасиетті болмасын, адамгершілік болсын, сүйіспеншілік болсын, барлығын тармақтарға бөліп, тереңдетіп түсіндіреді, жетілдіреді.

Біз барлығымыз 1-ші сыныптан бастап түсінбедік, мән бермедік деп отырмыз. Сондықтан, өзін-өзі тану пәнін 3-ші не 4-ші сыныптардан бастап арнайы пән болып қалмаса да, аптасына бір не екі рет факультатив ретінде қалдыру керек деп ойлаймын. Жеке өзім, өз бойымдағы қасиеттерді енді түсіне бастадым. Өйткені, мен мектеп бітіремін, тест тапсырамын, үлкен өмірге қадам аттаймын, сол себептен бе алдағы өмір жолы қызықтырады, сұрақтар тудырады, мазалайды. Сол кезде өз өмір жолыңды анықтауда, адам болып қалыптасуда, өмірлік таңдау жасауда өзін-өзі тану пәнінің көмегі көп. Сондықтан, 11-ші сыныпқа дейін жүргізілгені дұрыс, өйткені мен сияқты тек соңғы сыныпта ғана мән беріп, түсініп, ден қойып оқып жүргендер бар. Яғни, пән болмаса да, факультатив ретінде қалдырған дұрыс. Айтып өткендей өзін-өзі тану пәні адами қасиеттерді ашуға, өзін тануға үйретеді, сол себептен де бұл пәннің маңызы зор.

P.S. Біз әзірге осы пәннен олимпиадаға қатысып жатқан балалардың ғана пікірін білдік. Балалар пәннің маңызын жоғары сыныпқа барғаннан кейін ғана түсіндік дейді. Келесі жолы жалпы мектеп оқушыларының да пікірлерін ұсынбақпыз. 

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар