/////

Елімізде 400 мыңнан астам әйел, 700 мыңнан астам баланы, 60 мыңнан астам ер адам 300 мыңнан астам бала тәрбиелеп отыр

2913 рет қаралды
фото әлеуметтік желіден алынды

«Minber KZ» сайты Президент жанындағы әйелдер істері, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның миссиясы туралы тікелей эфир өткізді. Эфир қонағы Сенат депутаты, комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Жаңылысқызы Сүлеймен. Назарларыңызға сол эфирдің мәтінін ұсынамыз.

АУЫЛДАҒЫ ОТБАСЫЛАРДЫҢ 50%-ЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ПРОБЛЕМАСЫ БАР

Minber.kz: Президент жанындағы әйелдер істері, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның негізгі миссиясы қандай

Ләззат СүлейменКомиссияның құрылғанына алдағы жылы 25 жыл болады. Бұл жалпы Президент жанынан құрылған қоғамдық негізде жұмыс істейтін кеңесшіақылшы комиссия. Аналарды қорғау, балаларды қорғау, әйелдерді саяси және экономикалық ілгерілетуге байланысты мәселелермен айналысады.

Бұл комиссия 1999 жылы әйелдердің жағдайын жақсарту бойынша іс-қимылдардың ұлттық жоспарынан бастау алған. 2003-2005 жылдары мемлекетте гендерлік саясат тұжырымдамасы, ал 2006-2016 жылдары гендерлік теңдік стратегиясы қабылданып жүйелі түрде жүзеге асты. Ол үшін осы біздің Ұлттық комиссия біршама жұмыс атқарды. Әйелдердің билікке  араласып, депутат болуына, бизнеспен айналысуына көп көмектесті. Бұл бағыт мемлекеттік саясаттың бір бағыты ретінде әрдайым Президент Қ.К. Тоқаевтың назарында.

Қазіргі кезде 2016-2030 жылдар аралығында отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілген. Комиссия қазір сол шеңберде жұмыс істеп жатыр. Негізгі миссиясы отбасын қорғау, әйел мен баланың денсаулығы, әйелдерге, балаларға байланысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдерді саясатта ілгерілету және әйелдердің әлеуетін ашу, экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту ауқымы жылдан жылға  кеңеюде. Осы және отбасы институтын қорғауға байланысты кез келген мәселелер бойынша комиссия Президентке, мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға ұсыным бере алады.

Комиссия төрайымы Аида Ғалымқызы Балаева, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары. Комиссия құрамы жақында жаңартылды, барлығы 35 адам мүше, белсенді әйел адамдар. Жаңа Қазақстанның форматына сәйкес белсенді жастардан құралған.

Minber.kz: Дәл қазір комиссия қандай мәселелерді президентке жеткізуге немесе үкімет назарын аудартуға жұмыс істеп жатыр?

Ләззат Сүлеймен: Біздің қазіргі жұмысымыздың негізгі мақсаты – халықпен, әйелдермен нақты жұмыс жасау. Формализм, қағазбастылық, жиналысты формальді өткізу, халықпен кездесіп, мәселені шешуге селқостық сияқты кемшіліктерді еңсеру. Атқарған көптеген жұмыстың нәтижесін көре тұра әйелдер мен балаларға қатысты кемшіліктерді еңсеру, жағдайды жақсарту, нақты жұмыс жасау.

Жергілікті жерлерге барғанда ауызша берілген нұсқаулықтардың көбі орындалмағанын байқаймыз. Яғни, нақты ауқым анықталып, нәтиже көрінетіндей қадамдар жасауға тиіспіз.

Комиссия төрайымы облыстарда Ұлттық комиссия күндерін өткізуді қолға алу туралы тапсырма берді. Енді облыстарды аралап, әкімдікпен, белсенді азаматтармен, әйелдермен кездесіп, нақты шаралар қарау керекпіз. Өйткені отбасылық саясат институты трансформациялануда, жалпы отбасы институты біраз дағдарысқа ұшырады. Егер де осыдан он бес жыл бұрынғы әлеуметтік сауалнамаға қатысушылардың 93%-ы  басты құндылығы ретінде өзінің отбасын атайтын болса, қазір ол көрсеткіш он пайызға азайып отыр. Қазір күнделікті әйелдер, балаларға қатысты жағдайды, қиындықтарды қоғам бақылап, қарап отыр. Шын мәнінде халқымыздың 80-85% өзінің отбасын ұйытып, сақтап, бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Қиындықтарға тап болған отбасылық жағдайлар туралы айтқанда,  бәрін бір бояумен бояп тұрақты отбасыларға көлеңке түспеуі керек. Президент тапсырып отырған отбасының әлеуметтік картасы осы жұмысты нақты атқаруға көмек береді, деп ойлаймын.

Негізгі қазақ отбасы өз қасиетін жоғалтқан жоқ. Осы құндылықтарды күшейту, нығайтуымыз қажет. Ұлттық құндылықтарға негізделе отырып, отбасымызға, баламызға, халқымызға ие болу. Қазақ әйелі отбасының діңгегі. Аналарымыз мәселені, парасатпен, ақылмен шешетін, сол қасиетті жоғалтпауымыз керек.

Minber.kz: Қазір ауылдан қалаға көшу басым. Ауыл қаңырап қалғандай, бұрынғы құндылықтар азайып бара жатқандай көрінеді. Қалай ойлайсыз, осыны науқаншылықтан гөрі, қандай да бір заң тұрғысынан ба, жасауға бола ма?

Ләззат Сүлеймен: Бұл мәселені науқаншылдықпен, заңмен шешу қиын деп ойлаймын. Өйткені ол адамның құқығы, қай жерде тұрса да өз еркі. Бірақ мемлекет тарапынан қалаға келген адамның әлеуметтенуіне, өзінің орнын табу механизмдері қажет.

Ауылдың адамдарының жағдайы қиын екені туралы айтпайтын адам жоқ шығар. Әлеуметтік сұрауларға сәйкес, ауылдағы отбасылардың 50%-ын толғандырып отырған материалдық проблемалары, 31% үй-тұрмыстық жағдайына алаңдаса, 14%-ы жұмысқа орналасу проблемаларын айтады. Содан кейін медициналық қызметтің қол жетімсіздігі. Осы төрт мәселені айтып отыр. Ауылдағы халықтың мәселесі негізінен ұтымды шешіліп отырған жоқ.

«Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен ауылды қолдау үшін жолдар, аурухана, мектептер салынуда, дегенмен бұл бағдарлама жеткіліксіз, деп ойлаймын.

Ауылға халық баруы үшін, қайтадан қалпына келтіру үшін, ауылды қаңыратпау үшін мемлекет осы мәселелерді шешетіндей кешенді дүниені жүзеге асыруы керек. Өткен жолы Үкімет Сенатқа халықтың әл ауқатын арттыру мәселесі бойынша үлкен бағдарламамен шықты. Оны біз қолдадық. Менің өзімнің сол жерде айтқаным біз жаңа Қазақстан құрамыз десек формализмнен бас тартуымыз керек. Бізде басы бар, аяғы жоқ, қай ақшаның қайда жұмсалғаны белгісіз бағдарламалар көп болды. Соның нәтижесінде ақыры Қаңтар қасіреті болды, осындай жағдайға жетіп отырмыз. Тиісті мемлекеттік органдар әр адаммен жұмыс істеуі керек. Бір адам болса да жұмысқа тұрғанын, он адам ба, жүз адам ба нақты жасалған істі білуіміз керек. Ол үшін мемлекеттің қауқары да, мүмкіндігі де, қаражаты да, ресурсы да, жағдайы да бар. Осы арқылы ғана ауылды күшейте аламыз. Егер осындай мүмкіндіктер беретін болсақ, халықтың өзі де қалада жұмыссыз жүргенше ауылға оралып, өз орнын табар еді. Біз осыған жұмыс жасауымыз, бағытталуымыз, бақылауға алуымыз керек. Президенттің қазіргі қойып отырған талабы да осылай.

Әрине сөз көп, іс жоқ деген сынды біз естіп отырмыз, бірақ жүйені қажетті заман талабына сай бұруға да уақыт керек. Референдум алдында ауылдарға барып халықпен кездестік, біраз мәселелерді шешуге талпындық, көп мәселелерді шеше алмадық. Енді қайтадан сол жерлерге барып, есептік кездесу өткізу үшін кездесуім қажет. Депутаттардың да қосатын үлесі халықтың мәселесін тұрақты, белсенді, кәсіби деңгейде қойып отыру және шешілуін талап ету. Тек қана Парламенттің емес, әрбір маслихаттың депутатына дейін. Ол үшін қазір конституцияға бір мандатты округтерден сайланатындай өзгерістер енгіздік. Оның мақсаты да халықтан алыстап кеткен депутаттарды, билікті халықтың алдына қайтару, билік халыққа есепті болуын қамтамасыз ету керек. Сайлау туралы заңға да өзгеріс енгіземіз, осы арқылы жаңару процесі келеді.

АНА МЕН БАЛА ӨЛІМІНІҢ КОЭФФИЦИЕНТІ ӨТЕ ЖОҒАРЫ

Minber.kz: Осы орайда біздің оқырманымыз “Қаңтар оқиғасы кезінде көшеге шыққандардың көбі қала маңындағы жұмыссыз жастар болды. Қаңтардан билік сабақ алды ма? Қайталанбауы үшін не істеу керек?” деген сұрақ қойған. Менің ойымша отбасы институтының шатқаяқтауы әр адамның өзінің бір орнын таба алмауы, оның түбі айналып барып әлеуметтік жағдайға, саясатқа, басқа да қоғамдық, одан әрі саяси мәселеге ұласып кеткен секілді.

Ләззат Сүлеймен: Билік сабақ алды деп ойлаймын. Сабақ алғандықтан конституциялық өзгерістер енгізілді. Егер өзгерістерге терең үңілетін болсақ, бұл қоғамдық қатынастарды түбегейлі өзгерістерге алып келетін заңнамалық негіз болады. Қаңтар қасіреті бар қазақтың қабырғасын қайыстырған, әлі де шешімі шықпаған, әлі де халықтың алдында жауап берілуі керек мәселе ғой. Сабақ алу биліктің, парламенттің, халыққа қызмет етіп отырған әрбір азаматтың міндеті, сол арқылы жаңа Қазақстанға кіруге, жұмыс жасауға құқығы болады. Бұл жағдайдан сабақ алмағандар жаңа Қазақстанды құруға қабілетті болмайды деп есептеймін. Бұл процесс кезең-кезеңмен жүйелі іске асу керек.

Саяси институттар өзгергеннен кейін жаңару процесі болады. Біздің мақсат, мемлекеттің, Президенттің мақсаты сайлау арқылы халық билігін орнату деп түсінемін. Императивтік мандат енгізілді, яғни депутат өзінің міндетін атқара алмаса, мандатын қайтарып алу. демократиялық елдерде жоқ. Бізде бұл институттың енгізілгенін мен қолдадым. Өйткені, ол қазіргі жағдайда бізге керек. Депутат болу қызметке отыру, бастық болу емес, халыққа қызмет ету. Биліктегі әрбір азамат, барлық деңгейдегі депутаттар, халыққа шынайы қызмет ету керек. Депутаттықтың да жаңа Қазақстандық форматы қалыптасу керек. Жалпы депутаттар халыққа бір табан жақындады деген пікірді естіп қуандым. Әрине, бұл мәселе шешілді деген сөз емес, бірақ халықтың талқылап отырған проблемаларын кіріп, шешуге үлкен қадамдар жасалып жатыр.

Екінші мәселе ажырасуға байланысты. Ажырасу көбейіп кетті. Екі отбасының бірі ажырасатын жағдайға жеттік. Әрине, әлеуметтік жағы да бар. Екіншіден, мінездері келіспей, түсінісе алмай, жастықпен ажырасып жатқандар бар. Бұрын апаларымыз бұған жеткізбейтін. Осы институтты да қалпына келтіруіміз керек. Қазір медиация институты қалыптасуда, 800-900 жас семьяны ажырасуға жібермеген апаларымызды білеміз. Ассамблеяның жанындағы әйелдер кеңесі, «Қазақ аналары», тағы басқа қоғамдық ұйымдар мыңдаған жас семьяны ажырасудан сақтап қалды. Осыны әр ауылда, әр ауданда, әр облыста, нақты жолға қойып, көңіл бөлуіміз керек.

Толық емес отбасылардың саны артып отыр. Елімізде 400 мыңнан астам әйел, 700 мыңнан астам баланы тәрбиелеп отыр. Жалғыз басты 60 мыңнан астам ер адам 300 мыңнан астам бала тәрбиелеп отыр. Бұрын баласы жоқ отбасылар ажырасатын еді, қазір екіүш баласы бар отбасылар арасында ажырасу көбейді. Осы мәселелердің тоқтамаса да, азаятындай жолын іздеп отыр комиссия. Ол үшін адамдармен сөйлесу керек, әлеуметтік жағдайын жасау керек, психологтар жұмыс жасау керек, ол үшін қоғамда жанашырлық болуы керек. Қоғам немқұрайлы болмауы керек, ажырассаң ажыраса бер, күл болмасаң бүл бол деп отырмау керек. Қоғамның, қоғамдық ұйымдардың, аналардың, ұлттық комиссияның қатысуы, көмек беруі керек.

Осы мақсатта аудандарда «Отбасын қолдау орталықтарын» құру мәселесі шешіліп жатыр. Отбасын қолдау орталықтарын формализмге айналдырмай, шын мәнінде отбасын құрамын деген адамдар баратын, отбасында қиналған кезде көмек алатындай орталықтарды құруды ойластырып жатыр комиссия. Оны жергілікті жерлердегі әкімдіктер құрады.

Тағы бір мәселе ана мен бала денсаулығына байланысты, ана мен бала өлімі мәселесіне біздің комиссия жауап береді деп айттым. Қазір бұл жағдай қиын болып тұр. Ана мен бала өлімінің коэффициенті өте жоғары. Былтыр, алдыңғы жылдары коронавирусқа байланысты ұлғайды. Комиссия осы мәселені тамыз айында қарайтын болады. Қандай мәселелерді мемлекеттік деңгейде, қандай мәселе министрлік деңгейде, қандай мәселе аурухана деңгейінде шешілу керек? Протоколдар қалай орындалуы керек? Әйелдер тіркеуге тұрмаған, диагнозы дұрыс қойылмаған немесе аурулары алдын ала анықтамай, кейін бала туған соң анықталып, әйелдер өліп кеткен жағдайлар бар. Комиссия мүшелерін, сарапшыларды өңірлерге жіберіп, тексеру жүргіземіз.

Кәсиби дәрігерлердің біршамасы арыздарын жазып жұмыстан кетіп қалған. Оның себебі, барлық жағдайға дәрігерді кінәлі деп табу, әлеуметтік қорғалмау, жалақы, үй мәселелері. Осыған байланысты, кей жерлерде әйел босандыратын дәрігерлер табылмай жатқан жағдайлар бар. Маман дайындауға көңіл бөлу керек.

Minber.kz: Бізде бір үрдіс қалыптасқан себебімен емес, салдарымен күресіп келеміз. Ажырасу болсын, бала өлімі болсын, неге болмай тұрып жасамаймыз. Осының бәрі билік тарапынан жауапкершіліктің дұрыс болмауының әсерінен емес пе? Неге бізде салдарымен күресу басым? Отбасы институтының да, айтып жатқан жұмыстарыңыздың барлығы да, себебінен гөрі салдарына жақын сияқты.

Ләззат Сүлеймен: Дұрыс, келісемін. Мына жерде оқырман да жазыпты. Ескі Қазақстанның адамдарымен жаңа Қазақстанды құра ала ма деген сұрақтар қойылып жатыр. Бұл сөздерден мен ешқайда құтыла алмаймын. Бірақ қазір бәрін ысырып тастап, тек жаңа адамдар алып келіп, олар жаңа Қазақстан құрады дегеннің де, мүмкіндігін қарау керек. Бұл жаңа адамдар жоқ деген сөзім емес, әрине.

Өзім туралы айтсам, өз еңбегіммен қарапайым ауылдан бастап, мемлекеттік қызмет атқардым, асыра қадам жасаған жоқпын. Осы өтпелі тұста, Президент бастаған реформаларды нақты іске асыруға көмектесіп, жаңа Қазақстанның ашық саясатына үлес қосуға әлеуетім бар деп есептегеннен осы сөздерді айтып отырмын. Жаңару процессі басталды, ол тоқтамайды. Билікте де, қоғамда да. Осы реформалардың бірінші нәтижесінен ақ, биліктің жаңа бет бейнесі көрінеді, халықшыл, білімді жастар келеді. Оған күмән жоқ. Ол үшін конституцияда қабылданған өзгерістер кепілдік береді.

Қазір комиссия құрамында жастар қаулап өсіп келеді. Қазақта сөз бар «біреудің бойлап өскенінше, көптің қаулап өскені жақсы» деген. Қазір сын көп, ол дұрыс. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Мені қуантатыны қоғамда жас сыншылар, эксперттер нақты негіздерге сүйене отырып, мемлекеттік позициядан дәлелді сынға бет бұрғаны.

Minber.kz: Отбасы және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия кеңес беруші орган ретінде ел аралап, көпшілік пікірін тыңдап жүрсіздер. Сол арада көпшілік арасынан сіздерге «Ұлттық дәстүрімізді былай жасайық, отбасы институтын қалыптастырудың мынадай бір жолы бар» деген секілді кеңес, ұсыныс айтып жатса, сол ұсыныстарды мемлекеттік деңгейде көтеріп, орындалуы мүмкін бе?

Ләззат Сүлеймен: Ол бүгінгі Қазақстан қоғамының талабы.

Minber.kz: Бұл сұрақты қойғаным, өйткені біздің отбасы институтын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, ол жекелеген комиссиялардың, жекелеген биліктегі адамдардың ғана емес, ол бір әрбір адамның, отбасына, халқына, ұлтына жаны ашитын әрбір адамның ұлттық мүддесі, ойы болуы керек секілді. Сол жағынан сіздермен байланысып, сіздермен тікелей жұмыстану мүмкіндігі бар ма, соны білгім келген.

Ләззат Сүлеймен:Біздің ұлттық дәстүрлеріміз мықты. Ал патриархалдық болмауы үшін, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп халқымыз айтып кеткен. Бүгінгі заманның лебінен бас тарта алмаймыз. Заман ағынын түсіне отырып, ұлтымызды сақтаудың жолдарын қарастыруымыз керек. Біздің жұмысқа әйелдер мәселесімен айналысатын қоғамдық ұйымдар, түрлі мамандар, айтары бар кез келген адам қатыса алады.

ОСЫДАН ОН БЕС ЖЫЛ БҰРЫН ӘЙЕЛ ДЕПУТАТТАР 10% ҒАНА БОЛСА, ҚАЗІР АУДАНДЫҚ, ОБЛЫСТЫҚ МАСЛИХАТТАРДА 30%-ҒА  ДЕЙІН ЖЕТТІ

Minber.kz:Жалпы отбасы институты дейміз және басқа да тұрғыда өмірде біз әйелдерге көбірек салмақ салып жатқан жоқпыз ба? Сіз айтқан отбасын қолдау орталықтарына да ерлерден көрі әйелдер көбірек барып, сол мәселелерден ерлер тыс қалып қоятын секілді.

Ләззат Сүлеймен: Ойыңыз дұрыс, әйелдерге салмақ өте көп. Қазір әкелердің балаларына, отбасына жауапкершілігін көтеру туралы мәселені де ұлттық комиссия 5-6 жыл болды жүргізіп отыр. Әкелер одағы бар. Бұл одақтағы белсенді әкелер тек өз баласы емес, мектептердегі ерлер тәрбиесі жетіспей жүрген барық балалармен жұмыс істеп жүр.

Бала тәрбиесін тек әйелге  артып қоймай, әкелер де балаларына көңіл бөлуі керек. Қазір заман өзгерді, бала ананың да,әкенің де мейіріміне қанып өсуі керек. Қазір әке балаға көңіл бөлмесе, кейін қиындық тууы мүмкін. Тағы да сол әлеуметтік сауаланамаларға келсек, әлі де, балаларымен аналар көбірек болады. Ал әкелер мүмкіндігіне қарай, уақыты болса ғана бірге болады. Қазір жастардың арасында әке мен ана балаларымен бірге жүру нормаға айналып келеді, сол мені қуантады. Жас отбасылар балаларымен ойын сауық орталықтарында, қоғамдық орындарды бірге жүру үрдіске айналды. Әкелердің баласына деген жауапкершілігін арттыру қажет, ер азаматтар да оны түсіну керек.

Minber.kz: Бүгінгі эфирімізді қорытындылай келе жалпы отбасы және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамалары болашақта жүзеге асады, заң тұрғысында іске асуы мүмкін деп айта аламыз ба? Яғни, сіздер қоғамды өзгертуге ықпал ете алады деп сенім арта аламыз ба?

Ләззат Сүлеймен: Сенімді ақтау үшін, қызмет атқарамыз. Атқарылған үлкен жұмыстар да бар, оны жоққа шығаруға болмайды. Мысалға, әйелдердің әлеуетін ашу мәселесі. Бұл жұмыспен Әйелдер комиссиясы соңғы 10-15 жылда айналысты. Аудандық, облыстық мәслихатта, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін ол жерде депутаттар әйелдер болуы қажет. Әлеуметтік мәселе, бала мәселесі, әйел мәселесі, мектеп, балабақша және басқа мәселелердің барлығын белсенді күн тәртібіне қою үшін өкілді органдарда әйелдер болуы қажет. Бұл үрдісті ер азаматтардың әйелдердің билікке таласуы, емес жауапкершілікті бөлісуі деп түсінуі маңызды.

Осыдан он бес жыл бұрын әйел депутаттар 10% ғана болса, қазір аудандық, облыстық маслихаттарда 30%-ға  дейін жетті. Көпшілігін білемін, олар отбасына да қарап, халықпен де дұрыс қарым-қатынас жасап, депутаттық жұмыстарын да дұрыс атқарып жүрген әйелдер, қыздар, жастар.

Екіншіден, біздің елімізде кіші және орта бизнестің қалыптасуы, оңай шаруа емес еді. Қазір кіші және орта бизнесте 50% -ға тарта әйелдер. Ұлттық комиссия неше жыл бойы осы мәселемен айналысты, шетелдік тәжірибелерді де көрдік. Қазір әрбір үш жұмыс орнының біреуін әйелдер ашқан кәсіпорындар беріп отыр. Олар аспаннан түскен жоқ. Қанша жыл бойы белсенді кәсіпкер әйелдерді қолдау үшін мемлекет тарапынан қызмет атқарылды. Бизнесменде ретінде де әйелдер өте жауапты. Олар алған несиелер барлығы қайтады. Әйелдер бизнесінде тек бизнес ретінде қарамайды, қызмет жасайтын адамдарға әйел позициясынан қарап, көмегін көрсетіп, отбасына қолдау көрсетіп жататыны туралы білеміз. Нақты осындай жұмыстар бар, олардың игілігін қоғам қазір көріп отыр. Дегенмен, ауыл әйелдеріне байланысты мәселе күн тәртібіне қойылуы өте  қажет болып отыр.

Ал қазіргі жаңа Қазақстанның комиссиясы, жастарды тәрбиелеуге, жол көрсетуге, қолымыздан келгенше ықпал етуге, көмектесуге керекпіз. Бүгінгі құндылықтар мен бүгінгі  қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін барлығымыз үлес қосуымыз керек, мүмкіндігінше белсенді азаматтар болуы керек. Оны ескі – жаңа деп бөлмей халыққа жанашырлығымен, тәжірибесімен, белсенділік позициясымен бағалау керек деп есептеймін. Біздің комиссияның алдыға қойған мақсаты осы жұмыстағы нақтылық және нәтижелілік.

Тікелей эфирді жүргізген Риза Исаева

Мәтінді түсірген Әлия Тұрсынбаева

  

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі