////

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалай тоқтатамыз?..

4098 рет қаралды
фото: Жасалаш

Қоғам дамыған сайын ондағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу қиынға соғып тұр. Оған бірнеше фактор әсер ететіні белгілі. Мінбер.кз сайты осы мәселе туралы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Пархатқызымен сұхбаттасты.

Мінбер.кз: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюіне не себеп? Осындай тұрмыстық мәселенің көбею себебі талқыланды ма?

Салтанат Пархатқызы: Осы мәселені талқылау кезінде біз көбіне біржақты қараймыз, әлеуметтік желілерде, телеарналарда өзіңіз қойғандай, кім кінәлі, не себеп, қандай шара қабылдайсыздар?, деген сұрақтар қойылады. Бұл жерде үш тарап бар. Біріншісі – үкімет, екіншісі – мемлекеттік емес ұйымдар, қорлар немесе қоғам қайреткерлері, үшіншісі – зардап шеккен отбасы немесе адам. Осы үш тараптың құқықтары мен міндеттеріне тоқталсақ, мемлекет тарапынан заңдар қабылданады. Әр өңірде әкімдіктер бар, түрлі институттар құрылып жатыр, егер олардың бәрі дұрыс жұмыс істеп жатқан болса, неге зорлық-зомбылық шектелмей жатыр деген сұрақ туындайтыны заңдылық.

Кәмелеттік жасқа толмаған балалармен жұмыс істейтін комиссия бар. Зорлық-зомбылыққа байланысты ұлттық комиссия 2017 жылдан бері еліміздің оңтүстік өңірінде зорлық-зомбылыққа байланысты «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты жоба жасаған. Бұл жоба кезінде біз зорлық-зомбылықтың не үшін көп болатынын анықтау үшін  мемлекеттік орган өкілдері мен денсаулық сақтау министрлігі, білім беру, әлеуметтік қорғау, полиция өкілдерімен бірге оңтүстік өңірге бардық.

Мінбер.кз: Оңтүстік өңірді таңдауға сол өңірде зорлық-зомбылықтың көп болуы себеп болды ма?

Салтанат Пархатқызы: Жан-жақты қарастырдық. Ең бірінші халық саны ең көп өңір болғандықтан, екіншіден, қазақтың салт-дәстүрлері жақсы сақталғандықтан, болып жатқан жағдайларға салт-дәстүрдің әсері бар ма жоқ па, дегенді зерттегіміз келді. Тағы бір себеп, статистика бойынша сол жылдары өкінішке қарай суицид, педофилия, ерте жүктілік, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюі. Барған кезде арнайы әлеуметтік акциялар жүргіздік. Акция барысында әйелдер түрмесіне барып олармен сұхбаттастық. Не себепті түрмеде отырғандарын зерттеп көрейік дедік.

Отбасындағы адамдар нашақорлыққа, ішімдікке салынған үйлерге барып, сол үйдің адамдарымен сөйлестік, барлық ауылды араладық, 500 әйел істейтін тігін фабрикасында болдық. Сонымен қатар, әкімдіктің жұмысымен таныстық. Әлеуметтік қорғауға байланысты олардың міндеттері мен ережелерінде не жазылған, сол міндеттерін орындап жүр ме, жүрген жоқ па деп тексердік. Жыл сайын қандай іс-шаралар көзделген, сол шаралар қалай және қандай түрде өтеді, қандай қаржы бөлінеді, қандай стратегиялық көрсеткіштер бар, бұл іс-шаралардың тиімділігі қандай, халыққа бұл қажет пе, қажет емес пе деген секілді сұрақтарды тексердік.

Ол өңірге бармас бұрын статистиканы талдап дайындалдық. Талдаудан кейінгі тұжырымдама бойынша тексеру керек деп тапқан нысандарды, мекемелерді, атқарылған жұмыстарды тексеріп шықтық. Сол тұжырымдама бойынша арнайы отбасылық дербес басқарма ашылуы керек. Бұл идеяны мәслихат кезінде айттық, депутаттар бір ауыздан қолдап, жарты жылдан кейін отбасылық басқарма өз жұмысына көшті. Ұлттық комиссияның тағы бір ұсынысы ол халықтың сұрауы бойынша, халықтың мұқтаждығына сәйкес осындай мәселелерді алдын алып, шалғайдағы, алыс ауылдардағы отбасыларға жәрдем беретін орталықтар ашу. Бірақ, кадр мен қаржының жетіспеушілігіне байланысты, жастар ресурс орталықтарын Отбасына жәрдем беру орталығы деп ашты. Ол жерде жастардың да, қариялардың да,балалардың да, әйелдердің де мәселесі қаралатын болады.

2017 жылы Оңтүстік Қазақстанның әр ауданында осындай орталықтар ашылды. Бұл орталықтардың мақсаты әрбір ауыл-округтарды аралап, тұрғындардың жағдайын білу. Егер қандай да бір мәселе сол отбасының әлеуметтік жағдайына, психологиясына кері әсер етіп жатқан болса, соны шешуге барынша мүмкіндік жасау керек.

Жасалған жұмыстың нәтижесін көрсететін көрсеткіш жоқ

Мінбер.кз: Бұл қаншалықты тиімді болды?

Салтанат Пархатқызы: Өкілеті бар органдардың тиімділігін байқайтын өңірлерде арнайы даму жоспары, соның ішінде отбасына арналған жұмыстың тиімділігін көрсететін бірде-бір көрсеткіш жоқ екен. Негізінде көрсеткіш болуы керек, қанша қаржы бөлінді, ол қаржы қайда кетті, ол қаржы халыққа нақты жұмсалды ма, деген сұрақтарға жауап іздедік.

Біздің ұсынысымыз бойынша, алдымен арнайы зерттеу жүргізіліп, бір ауданда қанша мұқтаж отбасы бар, оларға қандай көмек керек екені анықталғаннан кейін ғана қаржы бөліну керек. Қаржы бөліну барысында да, жұмсалу барысында да, тиімділігін көру барысында да міндетті түрде, сол аймақтың белсіндісі жұмыстың басы-қасында болуы керек. Бұл жемқорлыққа жол бермеу, халыққа арналған ақшаны халыққа жұмсау мақсатында жасалған шара.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тағы бір себебі – нашақор, ойынпаз (игроман), ішімдікке салынған адамдар. Сол себепті, мәжбүрлі түрде, соттың шешімімен емдейтін орындарға барып, жұмысымен танысып, олардың тиімділігін байқап, оларға бөлінетін қаржыны есептей отыра, отбасындағы құқық бұзушылыққа барған, мінез-құлқы шектен шыққан, бойында қандай да бір ауытқулары бар адамдарға арнайы орталықтар ашу туралы ұсыныс тастадық.

Біз денсаулық сақтау министрлігімен, мамандармен ақылдасып, он екі қадамдық психокоррекциялық бағдарлама құрдық. Бұл бағдарлама әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелердің бірі. Қазірде, ұлттық комиссияның қолдауымен әр ауданда осындай орталық ашылсын деген мақсат бар.

Алайда, көмек орталығы мен дағдарыс орталықтарын шатастырмау керек. Дағдарыс орталығы дегеніміз – көбіне әйелдер қайғылы оқиғаға тап болған жағдайда жүгінетін орталықтар. Біздің ойымызша, дағдарыс орталықтары облыс орталықтарында болуы керек.

Ал, аудандардың бәрінде қайғылы жағдайға жеткізбеу үшін, алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы орталықтар ашылсын. Ол орталықтар әрбір азаматқа, әсіресе шалғай ауылдардағы тұрғындарға көп көмек болар еді. Білім беру, құқықтық сауат, тағы басқа кез-келген сұрақ бойынша әр азаматқа жәрдем беру керек.

Қоғамда зорлық-зомбылықты болдырмау үшін отбасыларға пәтер беріп, мемлекеттен көмек көрсету керек деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ,ол басқа заңның аясында шешіледі. Құзырлы мемлекеттік органдар халықтың мұң-мұқтажын уақытында нақты біліп отыруы үшін орталық аппараттар ықпал ету керек. Ондай мәселе әлеуметтік желіде құқық қорғаушылар айтқаннан кейін ғана емес, нақты сол жерде, аудан көлемінде шешілуі керек.

Қазір сол жүйе жүзеге аса бастады. Өкімет осындай орталықтарды ашу керектігін қолдап, әкімдіктерге жеткізіп жатыр. Біз де оған дайынбыз, қызметкерлерді оқытып, дайындап, тренингтер өткіземіз. Халықтың құқықтық білім деңгейін көтеру үшін, өкіметтен алатын көмектерін айтып, кеңінен таратып облыс орталығында ақпараттық жиналыс өткізу керек. Бірақ, халық оған өз бетінше келіп қатыспайды. Сондықтан, жаңағы орталықтардың қызметкерлері ауылдарға барып, әр отбасыға «сіздерге мынандай көмек беріледі, мынандай орталық ашылып жатыр» деп жеке айтып түсіндіруі керек. Керек болса сол ауданның теле-радиоарналарынан хабар таратып, халықпен тығыз жұмыс істеу керек.

Мемлекеттік қызметкерлер халықтың алдына көп шықпайды

Мінбер.кз: Соңғы 2-3 жылда зорлық-зомбылыққа қатысты сұмдық жағдайларды естіп жүрміз. Осы мәселелердің шығу себебіне үңілген зерттеу жұмыстары жүргізілді ме? Мүмкін,тұрмыстық зорлық-зомбылыққа алып келетін мәселе есірткіге немесе ішімдікке салыну емес, біз білмейтін психологиялық жарақат шығар. Жалпы, осындай зерттеу жасалып, бір жерде жарияланды ма?

Салтанат Пархатқызы: Мен мемлекеттік деңгейде қандай іс-шаралар өткізілетінін жартылай айтып өттім. Ал, енді қоғам белсенділеріне келетін болсақ, журналистер, блогерлер осы мәселені көтеріп, халықпен талқылап, онымен тығыз айналысып жүр.

Біздің бір кемшілігіміз – қай салада болсын, мемлекеттік қызметтегі өкілдердің халықтың алдына көп шықпауы. Расымен де, әлеуметтік жағдай мәселенің бір жағы, ал рухани күй – екінші жағы. Осы тұрғыда зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар бірнеше зерттеулер жүргізген.

Бірақ, олардың нәтижелері бастапқыдағы мәселелерге қайта әкеліп соғады. Сондықтан, бұл жерде заңнамаға өзгеріс енгізу керек немесе мемлекеттік органдардың іс-шараларын нақтылау керек. Мысалы, жеке бір тұлғаға немесе бір отбасына келер болсақ, өгей әке балаға тұрмыстық зорлық-зомбылық танытқан жағдайда, көп аналар балаларына емес, күйеуіне жақтасуға тырысады екен. Бұл, әрине, қорқынышты жағдай. Бұл мәселеде ананың рөлі өте үлкен, аналар балаларына көбірек көңіл бөліп, көп сөйлесуі керек. Мектепте кіммен араласады, көшеде кіммен ойнайды, әлеуметтік желіде отырады ма, осыған  назар аударғаны жөн. Біз де осы мәселелерді халықпен бірге, балалардың психикасына тиіп кетпейтіндей етіп, көбірек айтып, көбірек талқылаумыз керек.

Жүргізіліп жатқан зерттеулердің нәтижелерін қарапайым тілмен халықтың арасында қысқа-қысқа етіп көрсетуіміз керек. Мектептерде «саналы ата-ана қалыптастыру» клубтарын ашып, ата-аналарды шақыртып, психологтар сөйлескені дұрыс. Сонымен қатар, жақында Ұлттық комиссияның отырысында, соңғы кезде неліктен жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау көбейіп кеткені жайлы талқыланды. Оның бірден бір себебі, зорлық-зомбылыққа ұшыраған көп қыздар өзіне қол жұмсайды.

Осы тұста Ұлттық комиссияның төрайымы Аида Ғалымқызының тапсырмасы бойынша, бұл мәселе 2-3 рет талқыланды. Мемлекеттік органдардың жай ғана берген есебін қайтарып, түпкілікті қарап жатырмыз. «Неге көп істер жабылып қалады, неге жасөспірімдердің психикалық жағдайына қарамайсыздар?» деген сұрақтар бойынша Бас прокуратураға арнайы инструкция жасалды. Әрбір тергеуші әйел мен баланың құқығын бірінші орынға қоюы керек. Олардың психикасына зақым келмес үшін, бір рет сұхбат алғанның өзінде, барлық нәрсені тергеп алуға тырысуы керек.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңның талқыланып жатқанына екі жыл болды

Мінбер.кз: Соңғы отыз жылда, біздің елде Бұқаралық ақпараттық құралдарында халықтың психикасына әсер ететін идеологиялық контент көрсетіліп жатады. Біз демократияны анархиямен шатастырып алған сияқтымыз. Әсіресе, тәуелсіз арналар мен ақпарат құралдары жаман дүниелерді жазып, соны талқылап жатуының өзі біздің идеология мен мемлекеттің ақпараттық саясатының болуы біздің қоғамға кері әсерін тигізіп жатқандай. Сіз не ойлайсыз?

Салтанат Пархатқызы: Мен сізбен толықтай келісемін. Балаларға арналған кейбір бағдарламалар олар үшін қызықсыз. Сондықтан, балалар көбіне YouTube-тан, әлеуметтік желілерден олардың сана-сезімінің қалыптасуына теріс әсер беретін контентті көреді.

Ал, жастарға берілетін бағдарламалардың ішінде мағынасы бар, оларға пайдасын тигізіп, тәрбие беретін бағдарлама көрген жоқпын. Осы мәселені де біз Ұлттық комиссия отырысында талқылағанбыз. Бұл жағдайды да Аида Ғалымқызы көтеріп, балалармен жұмыс істейтін бағдарламаларды қайта қарап шықты, жақында өз ұсынымызды береміз деген ойдамыз. Олардың рөлі өте үлкен. Өйткені, қазіргі балалар газет-журнал оқымайды, ата-ананың көбі жұмыста.

Балалар көбінесе YouTube-та отырады. Осы YouTube-тің өзінде де әр жасқа сай, үш жастан алты жасқа дейін, алты жастан он жасқа дейін, өздерінің психикасына келетін, олардың қызығушылығын ескере отырып жасалған, Қазақстандық контент шығаруды қолдаймын.

Бірақ, әрбір мемлекеттік орган репродуктивтік денсаулықты, ерте жүктілік пен сондай жағдай болып қалғандағы жаңа туған нәрестені тастап кету немесе туа салып сатып жіберу деген сияқты жағдайларды болдырмау үшін ауылдық тұрғындармен, ондағы қыз балалармен көп жұмыс істеуі керек. Қазіргі кезде осы жағдайлардың өршіп тұрғандығы Денсаулық сақтау министрлігінің профилактикалық жұмыстарының әлсіз екендігін білдіреді.

Сонымен қатар, Білім министрлігінің білім басқармаларының қызметкерлері де жұмыс барысында осы мәселеге үлкен көңіл бөлуі керек. Өйткені, зорлық-зомбылық фактілері болған жағдайда, көпшіліктің ойынша, тек полиция органдарына ғана жүгіну керек. Полиция қызметкерлері нақты бір қайғылы жағдай болған кезде ғана қосылады. Ал, енді профилактикалық жұмыстар барысында учаскелік полиция қызметкерлері оқиға орнына келген күннің өзінде, олардың сөздері өтпей жатады.

Себебі, көбінесе учаскелік полиция қызметкерлері де отыз жасқа дейінгі  жас жігіттер. Сол себепті, бұл жағдайда барша қоғам қосылып, жұмыла жұмыс істеуі керек. Мысалы, Өзбекстанда арнайы бір жерде тұратын тұрғындардың осындай мәселелерді талқылайтын мәслихаты бар. Ол Кеңес дәуірі кезінде қоғаммен ақылдасып, сұрайтын. Бұл артқа шегіну емес, керісінше қоғамның жанашырлық танытуы.

Айналасында болып жатқан мәселелерге назар салмастан өтіп кетпеу. Ол әрбір отбасының жеке мәселесі, оған араласуға болмайды деп қарамай, керісінше мейірімділік танытып, осындай жерде қолдау көрсеткен дұрыс. Себебі, көп отбасында күйеулері нашақор немесе ішімдікке тәуелді болып, не болмаса ұрып-соғып, әйелдердің күші жетпей жатады. Екі жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң турасында дау болып жатыр. Бірақ, біз зорлық-зомбылыққа бей-жай қарап, өтіп кете алмаймыз.

Ал, қазіргі қолданыстағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң 2009 жылы қабылданған, одан бері он үш жыл өтті. Он үш жылдың ішінде, әрине, біршама өзгерістер енді. Бәрімізге белгілі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бірден бір себебі – әлеуметтік жағдай, жоқшылық. Ал, жәрдемақы, АӘТ сияқты әлеуметтік жоқшылық мәселелерімен әлеуметтік қорғау министрлік жұмыс істейді. Ал, жаңағы заңда әлеуметтік қорғау министрлігі құзырлы орган болып табылмайды. Одан кейін, қазір балалар құқық бұзушылыққа, жаман дүниелерге әуес. Мысалы, мектептерде жоғары сынып оқушылары кіші сыныптың балаларын зорлаған туралы фактілер шығып жатыр. Соларды спортқа баулып, мәдениетін көтеретін – Спорт және мәдениет министрлігі. Бірақ, ол заңда ол министрліктердің құзыреті жазылмаған.

Сонда, заңдарды талқылап отырған заңгерлер осы мәселені көтермейді? Заңда жоқ болған соң, министрліктерден сұрау да жоқ, сол үшін олар профилактикаға қатыспайды. Басынан бастап, аяғына дейін қарайтын болсақ, жалпылама заң  бар, бірақ, ол заңда қорғау нұсқамасы жайында ғана айтылады. Мәселен, ішкілікке ұзақ жылдар бойы салынып жүрген адамға бір жапырақ қағазды ұстатып, «енді ішпеңіз» деп ескерту жасағанның өзінде, ол адам міндетті түрде қорғау нұсқамасын бұзады. Өйткені, оған заң бойынша не жай ғана ескерту, не үш тәулікке дейін қамау береді. Көбіне, ескерту беріледі. Міне, заңның кемшілігі осы.

Отбасында ата-ана өз міндеттерін дұрыс түсініп, жұмыс істеп, балаларының тәрбиесімен айналысса, мемлекет те, полиция да ол отбасыға кірісе алмайды. Ал, қазір күнделікті болып жатқан жағдайда, заң бойынша жай ғана полиция келіп, үш тәулікке жабады да, бірақ ол адам қайтып келіп, отбасына қайтадан күш көрсетеді. Сол себепті, заңға өзгерістер міндетті түрде енгізу керек.

Негізі, 2000 жылы педофилия фактілері бойынша Президенттің нақты тапсырмасымен қылмыстық кодекске талқылаулар мен өзгерістер енген, бірақ, өкінішке қарай, соның өзінде, осының алдын ала алмай отырмыз. Әкімшілік құқықбұзушылық кодекске, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы заңға да талай өзгеріс қажет. Міндеттерін талқылап қарасақ, әкімдіктердің, жергілікті атқарушы органдардың заңдарында отбасы мүшелерінің рухани мәдениетін, сана-сезімін, құқықтық білімін көтеру бойынша ешқандай міндет жоқ. Бұл жерде де заңға өзгеріс керек.

Осыны неге заңгерлер талқыламайды? Мысалы, қазір бір отбасында өгей әкесі балаға үш жылдан бері зорлық көрсетіп отыр, бірақ шешесі әкесін қорғап отыр. Ал, енді осындай отбасында бала қалу керек пе? Біріншіден, бұндай нәрсеге барып отырған адам өз жазасын алуы керек. Ал, екінші адам, «мен де осындай дүние істесем, мен де жауапкершілікке тартылады екенмін» деген оймен қорқып, бас тартуы керек. Бұл шараның жан-жақты әсері де, тиімділігі де көп.

Әлеуметтік әділеттілік керек. Бұл тұста Денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет, әлеуметтік қорғау министрліктерінің барлығы белсенді қатысуға міндетті. Президентіміз атап өткендей, өздерінің жұмыстарының тиімділігін дәлелдейтін белгілі бір көрсеткіштері болуы шарт. Халықтың ықыласына ие болуы үшін, қоғам белсенділерін, ата-ана комитеттерін шақырып, қай ауданда қандай мәселе бар екенін тексеру керек.

Мүмкін дүкендерде ішімдіктің сатылуын тоқтату керек шығар. Қыздармен бөлек жұмыс істеу, ұлдарды тәрбиелеу. Бүгінде, әкелер одағы құрылып, әр жерде ер балалармен жұмыс істеуде. Әртүрлі мемлекеттік емес ұйымдар ашылуда. Мысалы, «Сенімен болашақ» ұйымы қазірде неше түрлі конференциялар өткізіп жатыр. Осы механизмдердің бәрін жинап, халықтың сұранысын қанағаттандыру керек. Одан кейін, әр облыстың менталитеті әртүрлі. Мысалы, СҚО-да бір мәселе көтерілсе, оңтүстік немесе батыстың мәселесі мүлде өзгеше болуы мүмкін.

Сол үшін, осы ерекшеліктерін есепке ала отырып, мемлекеттік органдар тығыз жұмыс істеп, халық арасына көп шығуы керек. Керек болатын болса, ауылдық жерлерге баруы керек, Батыс Қазақстанның, Шығыс Қазақстанның ең шалғайдағы ауылдарына дейін барып, халықпен кездесу керек. Бұл, әрине, қаржыны талап етеді, біз қолымыздан келгенше осы мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз.

Мінбер.кз: Оқырманнан хат: Екі жыл бұрын мектеп оқушысы өгей әкесінен зорлық көріп, босанып қойған. Ішкі істер органдары үйлеріне іздеп барғанда, әкесі өзіне суицид жасап, жауапкершіліктен қашқан көрінеді. Енді қыздың анасы жауапкершілікке тартылуы тиіс пе?

Салтанат Пархатқызы: Қылмыстық немесе әкімшілік істер негізінде, материалдарға сүйеніп барып, шешім айту керек. Егер шешесінің сол жерде бір кінәсі болып, ол куәгер болып жатса, қандай да бір фактілерді жасырған болса, онда сот шешімі бойынша, міндетті түрде, жауапкершілікке тартуы мүмкін. Бірақ, әрбір істің өзінің ньюанстары болады. Оның бәрін егжей-тегжейіне жетіп барып, шешімге келген жөн. Эфирде нақты айту қиын, істің нақты фактілеріне сүйену керек.

Мінбер.кз: Түсінікті. Дегенмен, оқырманның сауалы, шынында, ой салып тұр. Өйткені, бұл қоғамда көп кездесетін жағдай. Аналар балаларын тастап, екінші рет күйеуге шығып жатады. Сондықтан, бұндай аналармен де профилактикалық жұмыстар жүргізу керек пе?

Салтанат Пархатқызы: Бізде отбасы және неке кодексінде бұл жағдай қарастырылған. Егер әке мен шеше балаларының алдындағы тәрбие беру, оқыту, киіндіру, тамақтандыру сияқты міндеттерін атқармаса, оған арнайы әкімшілік кодексте жаза қарастырылған.

Екіншіден, ата-ана қандай да бір зорлық-зомбылыққа баратын болса, қылмыстық кодексте оған да нормалар қарастырылған. Сол себепті, бұл жерде сондай аналармен неке қияр кезден бастап жұмыс істеуіміз керек. Қоғам, мемлекет болып саналы ата-ана моделін құрастыруымыз керек. Бала алдындағы міндет – ең басты міндет. Әсіресе, жасөспірімдерге деген жауапкершілік мықты.

Мінбер.кз: Қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесі бір адамға, бір мемлекеттік органға ғана емес, әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Мысалы, қасыңызда зорлық-зомбылық болып жатса, сіз оны елемей өтіп кетсеңіз, сол адамның өміріне жасалған қиянатпен тең. Қазір, әркім өзімен өзі кеткен заман болды да, ешкім ешкімді тыңдағысы да, біреудің ісіне араласқысы да келмейді. Зорлық-зомбылықты тоқтатуға осы қоғамның көп араласпауы кедергі болып отырған сияқты. Осымен, сөзімізді түйіндеп,эфирімізді аяқтасақ.

Салтанат Пархатқызы: Бұл өте жан-жақты мәселе ғой. Оны қай жағынан алсақ та шешу үшін көп уақыт керек. Сол себепті, біз тұрғындармен, әйелдермен, қыз-келіншектермен, мектеп оқушылармен жеке-жеке байланысқа шығып, заңды түсіндіруге дайынбыз. Зорлық-зомбылық оқиғасы орын алса, «Аманат» партиясының 111 нөміріне, әйелдердің тұрмыстық зомбылыққа ұшыраған жағдайда жүгінетін 150 телефонына және ең алдымен, әрине, полиция органдарына 102-ге жүгіну керек. Біздің Ұлттық комиссияның ресми сайтында телефон нөмірлері жазылған. Сонымен қатар, менің жеке парақшам Facebook-та да, Instagram-да да бар. Біз немқұрайлы қарап, шетте қалмаймыз. Кез-келген адамға көмек беруге дайынбыз. Риза,сізге үлкен рақмет! Бұл-өте күрделі мәселе. Осылай эфирге жиі шығып тұрайық.

Мінбер.кз:  Сізге де көп рақмет! Ісіңізге сәттілік! Бүгінгі эфирге қатысып, құнды ақпарат бердіңіз. Қоғам бейтарап қалмай, бәріміз атсалысып, күш біріктірсек зорлық-зомбылықты мүлдем жойып жібермесек те, азайтуға болады.

Салтанат Пархатқызы: Бір-бірімізге мейірімді болайық!

Эфирді жүргізген Риза Исаева,

Мәтінін дайындаған Назым Дүтбаева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері