//

Ақтау төрінде өткен “Күз лебі” вернисажының берері өзге болды

870 рет қаралды

30 қыркүйек күні Маңғыстауда облыстық және отандық суретшілердің «Күз лебі» атты вернисажы өтті. Вернисаж өңірде алғаш рет «Жеті түс – жеті әлем» атты жобаның аясында Ақтау қалалық суретшілер одағының бастамасымен ұйымдастырылған.

Жалпы вернисаж осыған дейін өткен екі күннен кейінгі қорытынды күн десек болады. 28-29 қыркүйек күндері отандық қылқалам шеберлері Ақтаудағы суретшілер және көркемөнер саласының оқушылары мен студенттері үшін шеберлік сағаттарын өткізген. Біз де осы вернисаждың көңіл-күйін сезініп, көзімізбен көріп, шеберлермен сұхбаттасып қайттық.

Вернисаж «Өнер» галереясында өтіп жатыр, шеберхана табалдырығынан аттаған кезден-ақ бүл жерде шығармашылық салтанат құрғанын сезінесіз. Есіктен кіре бергенде алдыңыздан «Свободный художник творит без договора» деген Ханс Георг Гадамердің қанатты сөздері көзге оттай басылады. Ал кіре беріс бөлмесі құдды бір келушілерге қош келдің айтып тұрғандай. Сол жердегі жылыту құбырларының өзі де заманауи, креатив үлгіде бейнеленген әдеміліктің бір бөлшегі.

Біз келген уақытта вернисаж қонақтары залды аралап жүр, кейбіреуі картиналардың қасына тоқталып, ұстап қарап, өзгесі болса ойға батып тұр. Суретшінің жанында бір топ студенттер, оқушылар жиналған қызығушылықпен ұйып тыңдап, сұрақтарын қойып тұр. Әр жерде жәй ғана сұхбаттасып, суретке түсіріп не өздері суретке түсіп жүргендер бар. Бірақ, барлығы да осы сәттен рахат алып жүрген адамдар. Зал ұядай болса да, сондай жайлы, әрі жарық. Бір картинаны қарап тұрып, көк пен күлгін түстің, қоңыр түстің біз білмейтін, біз елестете алмайтын реңін қалай керемет бейнелеген деген ой туды. Осы ойлардың жетегімен галерея директоры Тынышбек Балтабаевтың шеберханасына бас сұқтық.

Балтабаев Тынышбек Пайызханұлы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Ақтау қалалық суретшілер одағының төрағасы, колледж оқытушысы, көп балалы әке:

 – Бүгінгі вернисаж туралы айтып берсеңіз?

 – «Бұл бастамалар, шеберлік сағаттары Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен басталған «Жеті түс – жеті әлем» жобасының аясында өтіп жатыр. Бастаманы Ақтау қаласының суретшілері ұсынған еді. Үш күндік шараны жоспарлаған кезде бір күн классикалық бағыттағы, екінші күн заманауи бағыттағы шеберлікті көрсетейік деп ойлағанбыз.

Бірінші күні Алматы қаласынан келген Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Орал Таңсықбаев атындағы өнер колледжінде кескіндеме пәнінен ұстаздық ететін, өте шебер мұғалім Әлішер Жүргенов атты суретшімен шеберлік сағаты өтті. Әлішермен бірге Айрақты, Шерқала жерлеріне барып, таза ауада этюд жазып, сурет салдық.

Екінші күні астаналық суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Астанадағы өнер университетінің мұғалімі, абстракциялық перфоманс бағытын дамытып жүрген шебер суретші Бейбіт Әсемқұлмен бірге өтті. Ол заманауи техникада жұмыстанатын суретші және қамшымен сурет салатын өнері бар. Бейбіт шеберлік сағатын теңіз жағасында өткізді.

Бүгінгі вернисаж сол үш күннің қорытындысы. Суретшілердің, қатысушы оқушылар мен студенттердің салған суреттерін көрмеге қойып, еңбектерін насихаттау. Бүгінгі вернисажға 60-тан астам суретшінің еңбегі қойылған, олар жергілікті суретшілер, оның ішінде жас мамандар, үйренушілер, студенттер мен оқушылар да бар. Шеберлік сағатына қатысушылардың барлығын алғыс хат беріп, өз қал-қадірімізше марапаттадық. Бұл да өнерге баулудың тағы бір жолы десек болады. Біз болашақ ұрпақты тәрбиелеудеміз, оларды баулу, қызықтыру, тарту бізге міндет. Бізден кейінгі келетін ұрпақ, біздің – болашағымыз.

– Кейбір картиналарды қарап тұрып, еріксіз «Көк, көлгін, қоңыр түстің де осындай реңдері бар екенін білмеппін, тіпті елестете де алмайды екенмін» деген ойға қалдым … Қалай қол жеткізуге болады?

– Біз Маңғыстауға қаншама суретші шақырдық, олар келген кезде табиғатқа, Шерқала, Айрақты, Бозжыраға шығамыз, сол кезде олар түстен шатысады. Маңғыстаудың өзіне ғана тән, өзіндік қиын түстері бар. Ол түстерді суретшілердің екісінің бірі сезініп, түсіре алмайды. Салуы мүмкін, бірақ сезіне алмайды. Нағыз шеберлердің өздері «бұл жерге бір не екі аптаға келіп, жергілікті жердің колоритін сезіну керек, эксперимент жасау керек, сол кезде ғана туынды шығады» деп мойындайды. Жергілікті болып тумаған соң да, уақыт керек шығар. Алайда, екі-үш суретші болса да Маңғыстаудың мінезін, табиғатын көрсетіп сала алды. Олардың біреуі Қырғыз елінен келген, екіншісі алматылық Әлішер Жүргенов.

– «Өнер» галереясы туралы айтып берсеңіз?

– «Өнер» галереясы 2013 жылы ашылды, сол кезден бері жұмыс жасап келеді. Содан бері қарай түрлі деңгейдегі, оның ішінде халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі конкурстар, симпозиумдар өтті. Оларға кейде әкімдік қолдау көрсетсе, кейде демеушілердің көмегімен өткіздік. Б

асында теңіз жағасында болдық, кейін түрлі жерлерде орналастық, соңғы 3-4 жыл осы жерде жұмыс жасаймыз. Биыл жоба басталғанға дейін жылдың басынан бастап ай сайын «Шеберханадағы бір күн» деген шара өткізіп келдік. Суретшілер келіп, шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибе алмасады. Қаңтардан шілдеге дейін өтті, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елдерінен, Астана, Орал қалаларынан суретшілер келді. Шеберханадағы бір күнге шақырылған суретшілердің шығынын демеушілер көтеріп алды.

– Галерея, шеберхананы ұстаудың, жалпы суретші болудың өз қиындығы бар, соның ішінде қаржылық. Шеберхана қаржыландырыла ма?

– Шеберхананы ұстау оңай емес әрине, материал жағы да өте қымбат. Бірақ, қандай күнде де қарызданып, қауғаланып болса да галереямыздың жұмысын тоқтатпай келеміз. Өзім Маңғыстаудағы өнер колледжінде мұғаліммін, бұл тек табыс көзі емес, сонымен қатар менің сүйікті ісім. 2008 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келемін, олардың барлығы қазір Алматыда, Астанада еңбек етіп жүр, барған жерінде үздіктер қатарында. Мен үшін ол үлкен мәртебе, соған өзім мәз боп жүремін.

– Сіздер мұнаймен сурет салатын еліміздегі жалғыз суретшілердің бірі екенсіздер, бұл техниканы қайдан үйрендіңіз?

– 2015 жылы Маңғыстауға Бакуден мұнаймен сурет салатын суретші келді. Өзіміз арнайы шақыртқан едік. Әлем бойынша мұнаймен сурет салатындар саусақпен санарлық, онға жетер-жетпес суретші. Содан кейін Аймұрат екеуміз ойлана келіп, бізде неге салып көрмеске деген шешімге келдік. Өйткені өзіміз мұнайлы өлкеде тұрамыз, мұнай бар құдайға шүкір. Үш жылдай болды бастағанымызға. Эксперимент ретінде бір жылдай жұмыс жасадық, әлі де эксперимент. Мұнаймен жұмыс жасау қарайған уақытты талап етеді, бояумен салғандай емес сәл қиындау. Мұнай – өте сұйық, жатқызып салу керек, кезең-кезеңмен оның кепкенін күту керек. Қазақстанда алғаш бастаған біз деп айта аламын және әзірге жалғыз біз. Мұнаймен салған суреттер әлі көрмеге шықпады, биыл Астанадағы көрмеге апарамыз алла қаласа.

– Жас буында көркемөнерге қызығушылық бар ма?

– Жастарда сурет өнеріне қызығушылық бар, тек оларды қолдау керек. Әңгіме тек әкімдіктің қолдауында емес, жан-жақты қолдау керек. Талантты балалар, жастар көп, тек қолдау болмаған соң басқа салаға кетіп қалады. Сурет өнері өте қиын, өнермен отбасын асырай алмайсың. Біреу түсінсе, біреу түсіне бермейтін сала. Міндетті түрде тұрақты негізгі табыс көзі болуы керек. Біздің елде өнердің дамуы өте баяу, әрі жай. Маңғыстауда сурет өнерін дамыту үшін Таңатов Аймұрат деген әріптесім екеуміз барымызды салып жүрміз. Көркемөнер, сурет, зергерлік сияқты өнерді жоғары деңгейде дамытқымыз келеді. Осы мақсатта жан-жақтан суретшілерді шақырамыз, тәжірибе алмасамыз, шеберлік сағаттарын өткіземіз.

– Жоба бойынша жақын болашақтағы жоспарларыңыз қандай?

– Жоба аясында қаңтарға қарай шетелдік суретшілерді де шақыру жоспарланған. Олар өз шеберліктерін көрсетеді, суретшілердің көрмелері өтеді. Биыл жыл соңында жоба шеңберінде салынған картиналардың барлығын Астана қаласында көрмеге шығарамыз. Қазіргі уақытта осы бағытта келіссөздер жүргізілуде.

Галерея залындағы оқушылар мен студенттерді артынан ертіп алып, әр картинаның тарихы мен өзі сол картина арқылы көрерменге жеткізгісі келген мәнін баяндап жүрген суретшіні кім десек, Астаналық суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Астанадағы өнер университетінің мұғалімі Бейбіт Әсемқұл екен. Маңғыстаудағы шаралар туралы әсерін білейік деген ниетпен сөзге тарттық.

– Маңғыстаудағы екі-үш күндік шараға арнайы шақыртумен келдім. Басты мақсат өзімнің шығармашылық ізденістеріммен, жұмыстарыммен халықты таныстыру. Жалпы жұмыс жасайтын бағытымның несімен ерекшеленетінін түсіндіру, көрсету, жеткізу.

Кешегі жүзеге асқан жұмыс абстракциялық жұмысн, менің техникамдағы эксперименттердің бірі. Өзім ауылдың баласымын, кейін қалаға көшкеннен кейін үйдегі қамшы өз функциясын тоқтатқандай болды. Неге осы қамшымен сурет салып, эксперимент жасап көрмеске деп ойладым. Кейін жасаған эксперимент ұнады, қызық боп көрінді. Содан бері жалғастырып келемін.

Бұл жұмысқа бірден қарағанда түсініксіз әрине, бірақ мағына іздейтін болсаңыздар меніңше бұл техника бүгінгі уақытты айқындайды. Оның ырғақтығы, оның кенептің бетіне күшпен түскені, із қалдырғаны, бүгінгі күннің арпалысы, тез өтіп жатқаны. Жалпы, біздің әдеттегідей асығып, ұмтылып, жанталасып жатқан өмірдегі небір құбылыстар, өзгерістер, тартыстар, соғыстар, бәрін түс арқылы айқындап, ритмдер арқылы көрсетуге болады. Демек бұл адам өз-өзін қамшылау. Жақсы жаққа қамшылау не өзіне кінә арту, қарапайым халық несиесін жабу үшін де өзін қамшылайды.

Әркім әр жұмысты қалай көреді әр көрерменнің өз меншігінде. Мен «сен тек осыны ғана көру керексің» деп шектей алмаймын. Менің мақсатым істеу, жүзеге асыру. Әрі қарай көрермен өзі толықтырады. Менің ерекшелігім қылқаламмен емес, қамшымен жұмыстануымда және Қазақстан бойынша бұл бағытта менен басқа ешкім жұмыс жасамайды.

– Қамшыны қанша жылдан бері сурет өнеріне пайдаланасыз?

– 2018 жылы жасап көрдім, соның біреуі қазір Әбілхан Қастеев атындағы мұражайда экспозицияда тұр.

– Тағы қандай жұмыстарыңыз ұсынылған бүгін?

– Көрмеге өзіммен бірге «Шексіздік» сериясынан графикалық екі жұмысымды алып келдім. Жалпы шексіздік сериясы бұл әйелдің бейнесі, қазақ әйелінің бүгінгі таңдағы орны, шексіз махаббаты, еліне сіңген еңбегі. Алып та анадан туған деседі, ананың рөлі мен үшін өте маңызды.

Жалпы Қазақстанда патриархалды қоғам болғандықтан, ананың орны өкінішке орай көп айтыла бермейді. Анаға көп кінә тағылады. Мен үшін «Шексіздік» тақырыбы – ананың шексіз әлемі, ананың сәбиді дүниеге әкелуі, ұсақ, адам баласына көрінбейтін таза еңбегі, қазақ әйелінің болмысы. Көрмені анама, туған әпкелеріме, бар қазақ халқының әйелдеріне тағзым ретінде арнадым.

Шексіздік тақырыбы мүнымен шектелген жоқ, графика кескіндемеге, кейін фотоға көшті, сосын кейін үлкен мұрағатқа түсті. Біздің қоғамда ер адам, батыр, ақын-жырау ер азаматтар туралы көп айтылады, әйелдер туралы аз айтамыз. Неге әйелдің образын 9 қабатты үйдің қабырғасына түсірмеске, неге оның болмысын қайта дұрыс талқылап, орнын ашық айтып және оның ерекше жан екенін толыққанды көрсетпеске. Дұрысы әйел адамды ер адамнан бұрын қою керек деп ойлаймын өз басым.

Осы мақсатпен «Шексіздік» тақырыбы жүзеге асты, демек ана, әйел – бұл өмірдің бастауы, өмірдің гүлі, шексіз махаббат, сүйіспеншілік деп түсінемін. Өзім көпбалалы отбасында тәрбиелендім, сегіз баланың арасында өстім, бес әпкем бар. Менің анама, әпкелеріме, қазақ әйелдеріне деген құрметім шексіз. «Үш көзді ана» жұмысы туралы айтсақ, әкенің екі көзі бар шығар, бірақ ананың үш көзі бар екеніне ешкім таласпайтын болар.

Өнердің қай саласын алсаңыз да өнер иесінен белгілі бір құрбандықты талап етеді. Ең бастысы уақыт пен қуатыңызды құрбан етесіз, қандай мықты сурет салсаңыз да табыс базарда ыстық бәліштерді сатқандай тез келе қоймайды. Соның ішінде суретші болу, көркемөнер саласында еңбек ету материалдық жағынан да асқан байлыққа кенелтпейтін өнердің бір түрі. Б

ай болу міндет емес әрине, алайда үнемі жұмыс жасап тұратын шеберхана не галереяның, жалға алған орыны мен суретшінің құрал-жабдықтарын сатып алатын, даму, өсу жолында түрлі шараларды өткізу шығындарын ақтайтын тұрақты қаржы көзі болуы шарт. Одан бөлек отбасыңды асырау, бала-шағаңа лайықты өмір қамтамасыз етуің керек.

Біздің кейіпкерлеріміз осы жүктің барлығын міз бақпай арқалап, отбасына да жағдай жасап жүрген шығармашылық адамдары. Олар үшін өнер арқылы табыс табу, атақты болу не мансап қуудың маңыздылығынан көрі ел үшін болашақ суретшілерді тәрбиелеу, Қазақстандағы сурет өнерін жоғары деңгейде дамытудың маңызы әлдеқайда басым.

Суреттерді түсірген автор

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері