/////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-15)

1409 рет қаралды
сурет көрнекілік үшін Дереккөз: https://yandex.kz/images

Өмірде не болмайды. Адам басына күн туғанда не істемейді. Нені қаламайды. Ойнап күлгеніңнің, ойын-сауық құрғаныңның, шалқып жүргеніңнің барлығы да деннің саулығында. Амандықта. Деннің саулығын халқымыз бірінші байлық деп бекер айтпаған ғой.

Ал денің сау болып елің тыныш болмаса, ол – үлкен кесел. Кесел мен аурудың арасы жер мен көктей. Кеселдің кесірі халыққа тиеді. Бұны ойлайтын Ләззатта қазір хал жоқ. Ауру жанына батып, әбден күйзеліп, өмірден күдерін үзіп, жаны қиналған адам құдай тағаладан жанымды тез алсаң деп тілейтін кездері де болады ғой. Ләззаттын басындағы сол күй.

Құдай бетін ары қылсын! Бұл тілекті азапқа тоғытылып жатқан уақытта Ләззат тілемеді, тілей отырып құдайын жазғырмады, Қабаққа тіл тигізбеді дейсіз бе? Тумысында көрмек түгіл, атын естімеген азаптаудың неше түрін көрген Ләззат құрып кеткір қоғамды қарғамады дейсіз бе, тағдырына налымады дейсіз бе? Тағдырдың жазуы деп айтуға ауыз бармайтын аярлық Ләззаттың басынан өтіп жатыр. Елес емес, шын өмір, жаңа өмір. Егер шын жазылса – сабақ, ертең егіліп еске алар – тарих. Ал егер ағат түссе – қасырет. Бейкүнә Ләззат тадырының жазуынсыз қолдан зорлықпен жасалынған осы қорлықтан құтылу үшін құдайдан өлім тілеп жатыр. Күштінің, әлсіздің басына әңгір таяқ ойната беретін ақиқатын әбден мойындаған. Жанымды жаналғыш келіп тез алса дейді. Бұрындары бір естіген әпсана есіне түседі.
Жарық дүниеден жалығып, адам болмайтынына әбден көзі жеткен кезде мына қалқа-қалмақ жұрты төңкеріске дейін қайтеді дейсің ғой. Өздері тәуіп санайтын кәдімгі тірі жан алғыш әзірейіл адамдарын шақыртады екен. Ел аузынан Қарадәмірін дегенді естігені бар. Ұзын қара кісі дейді. Бетінде қап-қара, қап-қара үлкен меңдері бар. Соны жұрт кісі өлтіреді деп айтып жүретін. Қарадәмірін кештетіп келіп, апақ-сапақ уақытта ауру жанды жүресінен шөгеріп отырғызып, өзі арт жағынан келіп омыртқасын күрт еткізіп жалғыз басып опырады екен. Оның шеберлігі сонда, жалғыз рет басады дейді. Жұлынын үзіп жіберетін болса керек. Сонан соң жақын, туыс-туғандары мәйітті сол бүктетілген күйінде көтеріп, адам аяғы жетпес таудың бір қуысына не иен түзге апарып тастайды екен. Мәйітті ит-құс жеп, тез арада тамтығын қалдырмай тауысып кетсе, жақсы адам болғаны, Көк Тәңір алып ұшып кетті деп ырымдайтын көрінеді.

Кешегі көшіп-қонып жүрген киіз турлықтылар тұқымы пұтқа табынатын бұрхан дініне кіргеннен кейінгі заманда қайтыс болған адамды, сөйтіп далаға тастап, аң-құсқа жегізетін Бұлынайда мекендейтін бір халықтың жерлеу дәстүрі бойынша атқаратын болыпты. Әр өлкенің өзінің мәйітті апарып тастайтын белгілі жерін «Алтын өлгий» – «Алтын бесік» деп атайды. Әлгі Тақайдың қорқып, түнде от жанып жатты, сайтан-майтан болды ма деп өкпесін қолына ұстап қашып жүретін жері осы ұранқайлардың «Алтын бесігі» еді.

Жаңа мизам келгеннен бері далаға сүйек тастау тиылған. Қазір сол қураған сүйектер түн баласында, ай жарығы түскенде от боп жанып жатады. Соны білмейтіндер шайтан-майтанға теңейді. Бірақ қорқынышыты. Әсіресе түн баласында. Иен түзде тау ішінде жалғыз келе жатқаныңда тұсыңнан от жанып жатса қалай қорықпайсың. Қорықпау үшін жүрегіңнің түгі болу керек қой. Қорқу қорғаныстың бір түрі. Қорықпаған адам қорғана да білмейді.

Қорқыныш күшті болса қорғаныс та мықты болады. Алайда, кенеттен қатты қорыққаннан адамның жүрек қабы жарылып өліп кетеді. Сондықтан қорқынышты дер кезінде әрекетпен сейілтіп отыру керек екен. Әйтпесе қорыққан адамға әрине қос көрінеді. Ол жай көрінбейді. Әр түрлі бейнеде елестейді. Бірде адам кейпінде, бірде албасты кейпінде келеді. Тау арасында түнде тықырлаған дыбысқа дейін анық естіледі. Тырс ете түскен дыбыс тарс ете түскен мылтық дауысынан да қаты естіледі. Ал мінген атың тағалы болса ше? Онда тас басқан сайын атыңның табаны отқа толып кетеді.
Ләззатқа қарсы алдында қарақшыдай болып қақиып тұрған Қаңқабай Қарадәмірін болып көрінді. «Жаналғыш! Өлтірші».

(Жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі